2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 51-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
51-бап. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн тоқтату
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi мынадай жағдайларда:
1) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн алынған (сатып алынған) ретте;
2) кондоминиум объектiсiн басқарудың басқа нысанына көшу туралы үй-жайлар иелерiнiң қабылдаған шешiмi бойынша;
3) өрт, жер сiлкiнiсi немесе өзге де зiлзалалар салдарынан үйдiң елу проценттен астамы зақымдалған (қираған) жағдайда тұрғын жайдың зақымдалған (қираған) бөлiгiн қалпына келтiрмеу жөнiнде үй-жайлар иелерiнiң қабылданған шешiмi бойынша;
4) кондоминиумды тоқтатқан ретте тоқтатылуы мүмкiн.
2. Кооперативтi тоқтатқан ретте оның борыштарды өтегеннен кейiн қалған мүлкi, егер меншiк иелерiнiң арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, кооператив мүшелерiнiң арасында олардың ортақ мүлiктегi үлестерiне мөлшерлi бөлiнедi.
3. Кооперативтiң тоқтатылуы оның құрылуы сияқты тiркеледi.
8-тарау. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс
Кооперативтерi
52-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiн
құру
1. Азаматтар тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне кіруге құқылы.
2. Тұрғын үй кооперативтерi пәтерлерi немесе өзге де тұрғын үй-жайлары кооператив мүшелерiне берiлетiн тұрғын үйдi сатып алу үшiн құрылады.
3. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi тұрғын үй салып, оны кейiннен кооператив мүшелерiнiң тұруына тұрғын үй-жайлар ретiнде пайдалану үшiн құрылады.
Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейiн тұрғын үй-құрылыс кооперативi тұрғын үй кооперативiнiң мәртебесiн алады.
4. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiн басқару, егер осы тараудың және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң нормаларына қайшы келмесе, үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативiн басқару үшiн осы Заңмен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
53-бап. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс
кооперативтерiне мүше болу шарттары
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң саны кәмелетке толған үш азаматтан кем болмауы керек.
2. Меншiктi тұрғын үйiнiң болуы, егер аталған кооперативтiң Жарғысында өзгеше көзделмесе, тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiне кіруге кедергi болмайды.
3. Егер кооператив Жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi пайдалануға құқылы үй-жайлардың (пәтерлердiң) санына, сондай-ақ олардың мөлшерiне шек қойылмайды.
4. Пайдалануына кооперативтiк пәтер (тұрғын үй-жай) алған тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiнiң мүшелерi сол елдi мекенде орналасқан, мемлекеттік тұрғын үй қорының құрамына енетiн тұрғын үйден шығарылуға тиiс.
54-бап. Кооператив мүшесiне тұрғын үй-жай беру
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшелерiнiң арасында тұрғын үй-жайларды бөлу енгiзiлген немесе енгiзiлетiн пай жарналарының сомасына сәйкес кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмiмен жүргiзiледi.
Пай жарналарының мөлшерi кооператив мүшесiне берiлетiн үй-жайдың (пәтердiң) пайдалы алаңының жалпы үй алаңына қатынасымен анықталатын үлесiне сәйкес белгiленедi.
2. Кооперативтiң жалпы құрылтай жиналысының шешiмiмен пай жарналарын төлеу (пай қорларын құру) мерзiмдерi белгiленедi. Бастапқы жарна пай жарнасының кемiнде үштен бiрiн құрауға тиiс.
55-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiн
қаржылай (несиелей) қолдау
1. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерi заңдармен белгiленген тәртiппен мемлекеттен, меншiктiң мемлекеттік емес нысанына негiзделген заңды тұлғалардан, азаматтардан ақшалай қарыздар және өзге де материалдық көмек алуына болады.
2. Тұрғын үй және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiнiң де жалпы негiздерде несиелер алуына болады.
56-бап. Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң Жарғысы
1. Тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерi кооператив мүшелерiнiң жалпы құрылтай жиналысында қабылданған Жарғы негiзiнде жұмыс iстейдi.
Жиналысқа кооператив мүшелiгiне кiретiн адамдардың немесе олар сенім бiлдiрген адамдардың кемiнде үштен екiсi қатысуға тиiс.
Жарғы жалпы құрылтай жиналысына қатысушылардың үштен екi көпшiлiк даусымен қабылдануы мүмкiн.
2. Кооператив Жарғысында:
1) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 41 және 108-баптарында белгiленген мәлiметтер;
2) кіру жарналары мен өзге де жарналардың мөлшерi;
3) тұрғын үй-жайларды жалға берудiң немесе оны тұрғын үй емес мақсатта пайдаланудың тәртібі;
4) тұрғын үй-жайларға уақытша тұрғындарды тұрғызу шарттары;
5) жиналған пайды бөлген ретте тұрғын үй-жайларды пайдалану тәртібі;
6) кооператив мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн басқа адамдарға берудiң тәртібі мен шарттары;
7) үйдегi тұрғын үй-жайларды пайдаланудың өзге де шарттары көзделуге тиiс.
57-бап. Кооперативтi және оған тиесiлi жылжымайтын
мүлiктi тiркеу
1. Тұрғын үй және тұрғын-үй-құрылыс кооперативтерi заңды тұлғаларды тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
2. Тiркелген кезiнен бастап кооператив заңды тұлға құқығын алады.
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Меншiк құқығымен кооперативке тиесiлi жылжымайтын мүлiк, соның iшiнде тұрғын үй Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
Бұл орайда кооперативтiң әрбiр мүшесiне пайдалануға берiлетiн әрбiр пәтер (тұрғын үй-жай) және тұрғын үйдегi адам тұрмайтын үй-жай тiркеледi.
58-бап. Кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң құқықтары
1. Тұрғын үй немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативi мүшесiнiң отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Егер жиналған пайға төлемдер ерлi-зайыптылар бiрлесiп өмiр сүрген кезеңде төленсе, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше белгiленбеген болса, жиналған пайдың бiр бөлiгiне кооператив мүшесi зайыбының (жұбайының) құқығы танылуы мүмкiн.
3. Қайтыс болған кооператив мүшесi мұрагерiнiң пай жинауға құқығы танылуы мүмкiн.
4. Жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi пайдаланылып отырған үй-жай жөнiнде нақ кооператив мүшесi сияқты құқықтар мен мiндеттердi пайдаланады.
Кооператив мүшесi отбасының басқа мүшелерi кооператив мүшесiнiң үй-жайында тұрақты тұру (пайдалану) құқығын пайдаланады.
59-бап. Кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiне мүшелiк:
1) кооперативтен ерiктi түрде шыққан;
2) табиғи зiлзала, өрт, авариялық күйге ұшырау немесе басқа да төтенше жағдайлар салдарынан үй-жай (пәтер) одан әрi пайдалануға жарамсыз болған;
3) кооператив мүшесi қайтыс болған;
4) кооперативтен шығарылған жағдайларда тоқтатылады.
60-бап. Кооперативтен шығудың салдары
1. Кооператив мүшесi оның құрамынан шыққан кезде пай жарнасының толық сомасын өзi төлегенге дейiн пәтерде тұратын жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшесi кооперативке кіруге басым құқыққа ие болады.
2. Кооперативтен шыққан оның мүшесi жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшесiнiң келісімiмен кооператив мүшесiнiң құқықтары мен мiндеттерiн беруге өзi тiлек бiлдiретiн басқа адамды көрсете алады.
Мұндай адам кооперативке кіруге басым құқық алады.
3. Өзге жағдайларда басым құқық пәтерде тұруға қалған отбасының басқа мүшелерiне ауысып, олардың бiреуi отбасының жалпы келісімi бойынша кооперативке кiредi. Келісімге қол жетпеген кезде мәселе кооперативтiң жалпы жиналысында шешiледi.
61-бап. Кооперативтен шығару
Тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнiң мүшесi:
1) үй-жайды, сондай-ақ кооперативтiң басқа да мүлкiн үнемi бұзған немесе бүлдiрген;
2) егер жатақхана ережелерiн үнемi бұзуы басқалардың онымен бiр пәтерде (тұрғын үйде) тұруына немесе үйдiң адам тұрмайтын бөлмесiн пайдалануына мүмкiндiк бермеген, ал ескерту және қоғамдық ықпал ету шаралары нәтижесiз болған жағдайларда;
3) кооператив Жарғысында көзделген басқа да жағдайларда кооперативтен сот тәртібімен шығарылуы мүмкiн.
62-бап. Кооперативтен шығару салдары
1. Осы Заңның 61-бабының 1) және 2) тармақшалары бойынша тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативiнен шығарылған кезде кооперативтiң бұрынғы мүшесi кооперативтiк пәтерден басқа үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
2. Көрсетiлген негiздер бойынша кооперативтен шығаруды қоспағанда, кооперативтiң бұрынғы мүшесiнiң отбасы мүшелерi және үй-жайды пайдаланушы басқа адамдар, сондай-ақ жатақхана ережелерiн бұзуға, тұрғын үйдi (үй-жайды) не кооперативтiң басқа да мүлкiн бұзуға (бүлдiруге) кiнәлi адамдар басқа үй-жай берiлместен шығарылуы керек.
Кооперативтен шығарылған отбасының қалған мүшелерi олардың бiреуi кооператив мүшесiне айналған жағдайда үй-жайда тұру (пайдалану) құқығын сақтап қалады. Бұл орайда жиналған пайдың бiр бөлiгiне құқығы болатын отбасы мүшелерi кооперативке кіруде басым құқықты пайдаланады.
3. Егер мүлiктердi қиратуға (бүлдiруге) немесе жатақхана ережелерiн бұзуға кооператив мүшесiнiң отбасы мүшелерi ғана кiнәлi болса, тек кiнәлi адамдар ғана басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
4. Кооператив Жарғысында кооперативтен шығарудың қосымша негiздерi белгiленген жағдайда да онда шығарылудың тиiстi салдары көрсетiлуге тиiстi.
63-бап. Кооператив мүшесiнiң пәтер (үй-жай) үшiн пай
жарнасының толық сомасын төлеуi
1. Пай жарнасының толық сомасын төлеу кооператив мүшесiнiң кооперативтiк пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығын алуына негiз болады.
2. Пәтер (үй-жай) иесi оны жылжымайтын мүлiктi тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен тiркеуге мiндеттi.
3. Кооператив мүшелерiнiң меншiк құқығына жататын кооперативтiк тұрғын үйде бiр немесе одан да көп пәтер (үй-жай) болған кезде тұтас алғанда бүкiл үйге меншiк кондоминиум белгiлерiн алады.
4. Өз пәтерiне (үй-жайына) меншiк құқығын алған тұрғын үй кооперативiнiң мүшесi кооператив мүшесiнiң барлық қалған құқықтары мен мiндеттерiн сақтап қалады.
5. Бұрынғы кооперативтiк пәтердiң (үй-жайдың) иесi кооперативтен шыққан кезде оның пәтер (үй-жай) шегiнен тысқары кооператив мүлкiн пайдалану құқығы, сондай-ақ мұндай мүлiктi ұстау және оның меншiк құқығын қозғамайтын кооперативтi басқару органдарының шешiмдерiн орындау жөніндегі барлық мiндеттерi сақталып қалады.
64-бап. Босаған тұрғын үйдi басқа адамға беру
1. Тұрғын үй кооперативi мүшесiнiң кооператив құрамынан шығуына немесе кооперативтен шығарылуына байланысты босаған тұрғын үй осы Заңның 60 және 62-баптарына сәйкес кооперативке кіру құқығы бар адамдар болмаған орайда кооператив жалпы жиналысының шешiмi бойынша кооператив мүшелiгiне жаңадан қабылданған адамға берiледi.
Кіру кезiнде тұрғын үй жағдайларын жақсартуды қалайтын сол кооперативтiң мүшелерi басымдықты пайдаланады.
2. Кооперативтiң шығып кеткен немесе шығарылған мүшесiнiң орнына кооперативке қабылданған адам өзi кооперативке қабылдауға дейiнгi бұрынғы пайшының кооператив алдындағы мiндеттемелерiне жауап бередi.
65-бап. Пай жарнасын қайтару
1. Кооператив мүшелiгiнен шығып кеткен не шығарылған адамға үш айлық мерзiмнен кешiктiрмей кооператив алдындағы ақшалай мiндеттемелерi шегерiле отырып, өзi төлеген пай жарнасы қайтарылып берiледi.
2. Пай жарналары қайтарылған барлық жағдайларда осы тарауда көзделген қайтарылатын сома инфляцияны ескере отырып белгiленедi.
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 66-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
66-бап. Тұрғын үй кооперативiнiң үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң
кооперативi болып қайта құрылуы
1. Егер тұрғын үй кооперативiнiң барлық мүшелерi кооперативтiк пәтерлерге (үй-жайларға) меншiк құқығын алса, мұндай кооператив үй-жайлар (пәтерлер) иелерiнiң кооперативi не кондоминиум объектiсiн басқару жөніндегі меншiк иелерiнiң өзге де бiрлестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Жылумен, сумен, энергиямен, газбен жабдықтаудың және канализацияның бiрыңғай жүйесi болатын тұрғын үйде кондоминиум объектiсiн басқаратын екi және одан да көп кооператив құруға болмайды.
3. Тұрғын үй кооперативтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативтерiнiң қызметiне, егер осы Заңға қайшы келмесе, кооперация туралы заңдар қолданылады.
4 БӨЛIМ
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 9-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе
жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 67-бап толықтырылды
67-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру шарттары
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй оған мұқтаж, осы елдi мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзiмiне қарамастан) және халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына берiледi.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметшiлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және сайланбалы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдарға берiледi. Оларға берiлетiн тұрғын үй, жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді қоспағанда, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiледi.
3. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй өздерiнiң жалғыз тұрғын үйi ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша ипотека нысанасы болған және оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңдарына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтарына берiледi.
68-бап. Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын
топтарына жататын азаматтар
Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын топтарына:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдар;
2) I және II топтағы мүгедектер (өздерi жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда);
3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
4) заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
5) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма үш жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;
2007.06.07 № 276-ІІI ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
7) оралмандар;
8) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
9) көп балалы отбасылар;
10) мемлекеттік немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртібін қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
11) толық емес отбасылар жатады.
69-бап. Азаматтарды тұрғын үйге мұқтаж деп тану
Азаматтар егер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығымен өздерiнiң тұрғын үйi болмаса;
2) осы елдi мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан, сондай-ақ меншiктiң мемлекеттік емес нысанына негiзделген заңды тұлғаларға тиесiлi үйлерде, соның iшiнде тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативтерiнiң үйлерiнде өздерiнiң тұрақты пайдаланатын үйлерi болмаса;
3) отбасы тұрып жатқан тұрғын үй нормативтiк санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе;
4) оқшауланбаған, шектес тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
5) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып (заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген аурулардың тiзiмi бойынша), бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
70-бап. Азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу құқығы
Ерлi-зайыптылардың әрқайсысында некеге тұрғанға дейiн осындай тұрғын үйi болған жағдайларды қоспағанда, азамат (зайыбымен және кәмелетке толмаған балаларымен бiрге) осы елдi мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiр тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға құқылы.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 10-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы
орган жалдаған тұрғын үй беру тәртібі
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 71-бап өзгертілді
71-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу тұрғылықты жерi бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарында жүзеге асырылады.
Осы Заңның 67-бабында аталған азаматтар есепке қойылады.
2. Есепке алу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi мен нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi. Азаматтардың қандай да болсын қосымша құжаттар беруiн талап етуге тыйым салынады.
3. Азаматтардың өздерiн және өздерiнiң отбасы мүшелерiн мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге мұқтаждар есебiне қою туралы арыздары тұрғылықты жерi бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органда бiр ай iшiнде қаралады.
Арыз берушiлерге қабылданған шешiм туралы аталған мерзiм аяқталғанға дейiн жазбаша түрде хабарланады.
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 72-бап толықтырылды; 2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.08.06. № 163-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді беру үшiн есепке қоюдан бас тарту негiздерi
Егер азаматтың соңғы бес жылдың ішінде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:
1) тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;
2) оның Қазақстан Республикасының белгілі бір елді мекенінде орналасуына қарамастан, өзіне меншік құқығымен тиесілі, тұру үшін жарамды тұрғын үйді, жергілікті атқарушы орган тұрғын үйді осы Заңның 98-1-бабына сәйкес сатып алғаннан басқа жағдайларда, иелігінен шығаруы;
3) тұрғын үйдің өз кінәсінен бұзылуы немесе бүлінуі;
4) тұрған кезінде оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуіне мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйінен кетуі;
5) жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру үшін есепке қоюдан бас тартылады.
2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге мұқтаждар есебінен шығару негіздерi
1. Азаматтар:
1) егер мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуі үшін негіздер жойылса;
2) басқа елді мекенге тұрақты тұру үшін кетсе;
3) азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуіне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтін мәліметтер берсе не есепке алу туралы мәселені шешу кезінде лауазымды адамдар заңсыз әрекет жасаса;
4) жер учаскесін алса және өзінің тұрғын үйін салуды аяқтаса немесе тұрғын үй сатып алса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебінен шығарылуы мүмкін.
2. Есепте тұрған азамат тұрақты тұруға басқа жаққа қоныс аударған не ол қайтыс болған жағдайда, егер бұл орайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаж деп тану үшін негіздер жойылмаса, отбасының онымен бірге есепке тұрған өзге мүшелерінің кезегі сақталады.
3. Мүдделі адамдарға есептен шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін он күн мерзім ішінде есептен шығарудың негіздері көрсетіліп жазбаша түрде хабарланады.
4. Азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебіне ол үшін негіздер болмаса да қойылып, тәртіп бұзушылық байқалған, бірақ кейіннен мұндай негіздер пайда болған (отбасы мүшелері санының көбеюі, отбасының жиынтық табысының кемуі және сол сияқтылар) жағдайларда ол негіздер пайда болған күннен бастап мұқтаж деп танылады және оның кезегі соған сәйкес ауыстырылады.
09.07.04 ж. № 587-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру кезегi
1. Мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, осы Заңның 98-1-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебінің тізімін былайша дара (бөлек) жүргізеді:
1) әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз азаматтар;
2) мемлекеттік қызметшілер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер.
Дара (бөлек) тізім бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй бөлуді, егер осы Заңда немесе басқа да заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, дара (бөлек) тізімдердің санына қарай ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
3. Аталған тізімге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға бұл тізімге енгізілген басқалар алдында ешкімнің де басымдық құқығы болмайды.