Жалға алушының (қосымша жалға алушының) өзгеруі тұрғын үйді жалдау шартын қайта ресімдеуге әкеп соғады.
96-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйдi айырбастау
Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi айырбастаудың тәртібі осы Заңның 98, 99, 100, 101, 110-баптарында белгiленген тұрғын үйлердiң құқықтық режимдерiмен айқындалады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы айырбастауды ресiмдеу үшiн уақытша болмағандарды қоса алғанда, өзiмен бiрге тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң келісімiн алуға тиiс.
05.07.04 ж. № 568-II (бұр. ред. қара); 2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара); 2009.08.06. № 163-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 12-тараудың тақырыбы өзгертілді
12-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйлерге, немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге,
тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға,
коммуналдық қызметтерге және қалалық телекоммуникация
желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі
байланыс қызметтеріне ақы төлеу
16.11.99 ж. № 477-1; 05.07.04 ж. № 568-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.07.07 № 182-III (бұр.ред.қара); 2009.08.06. № 163-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 97-бап өзгертілді
97-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстағаны, коммуналдық қызметтер және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтері үшiн ақы төлеу
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлерде тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн ақы төлеудiң мөлшерiн, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы (коммуналдық тұрғын үй қорындағы үйлерде) немесе мемлекеттік кәсiпорынның әкiмшiлiгi (мемлекеттік кәсiпорындардың тұрғын үй қорындағы үйлерде) белгiлейдi.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылды
1-1. Азаматтардың жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлейтін ақысының мөлшерін осы жергілікті атқарушы орган белгілейді.
1-2. Жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорындағы немесе жалға берілген тұрғын үйлердегі тұрғын үйді пайдаланғаны үшін азаматтардың белгілі бір санатының шығыстарын бюджет қаражаты есебінен төлеуге құқылы.
Жеке тұрғын үй қорындағы және жалға берілген тұрғын үйлердегі тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының шығыстары жергілікті бюджетке жүктелетін азаматтар санатын жергілікті өкілді орган белгілейді.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Меншiктiң барлық нысандарындағы тұрғын үйлерде коммуналдық қызмет үшiн ақы Қазақстан Республикасы Үкіметі белгiлеген тәртiппен бекітілген тарифтер бойынша алынады.
Мемлекет аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға жұмсалатын жарналар төлемін;
тұрғын жайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның қалалық желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлемін;
жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөнінде шаралар қабылдайды.
Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, күрделі жөндеуге ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сай, бюджет қаражаты есебінен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, күрделі жөндеуге жұмсалатын коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті өкілді органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй көмегін көрсетудің ережелері негізінде тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.
3. Тұрғын үй және коммуналдық қызметтер үшiн ортақ шығыстарды ортақ тұрғын үйде (бiр пәтерде) тұратын бiрнеше жалдаушы немесе меншiк иелерi арасында бөлiсу тәртібі тараптардың келісімiмен, ал келісімге қол жетпеген жағдайда сот тәртібімен анықталады.
4. Тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
13-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй
берудiң және оны пайдаланудың ерекшелiктерi
ҚР 07.06.99 ж. № 391-I Заңымен 98-бап өзгертілді
98-бап. Әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз
азаматтардың пайдалануына берiлген мемлекеттік
тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға берiлетiн тұрғын үйдi жалдаушының тұрғын үй иесiнiң келісімiмен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiруiне болады.
Мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды жекешелендіру ерекшеліктері осы Заңның 13-бабына сәйкес белгіленеді.
2. Осы бапта аталған азаматтарға берiлген, сондай-ақ әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға берiлген тұрғын үйдi жергiлiктi атқару органының келісімiмен басқа тұрғын үйге ауыстыруға болады.
Бұл орайда ауыстыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатуға әкеп соқпауға тиiс, өйткенi бұл жағдайда ол осы Заңның 69-бабына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж адам болып шығады.
3. Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын және кейiннен мемлекеттік немесе әскери қызметке, бюджеттік ұйымдарға жұмысқа тұрған немесе мемлекеттік сайланбалы қызмет атқарған азаматқа пайдалануға берiлген тұрғын үй оның және отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң тiлек бiлдiруi бойынша қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлуi мүмкiн.
09.07.04 ж. № 587-II ҚР Заңымен 98-1-баппен толықтырылды
98-1-бап. Жергiлiктi атқарушы орган сатып алған тұрғын үйдiң құқықтық режимi
1. Ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша оған талап ету құқығын беру нәтижесiнде кепiл ұстаушы ретiнде әрекет ететiн жергiлiктi атқарушы орган жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынған ұзақ мерзiмдi жеңiлдiктi тұрғын үй кредитi бойынша сатып алынған, кепiл берушiнiң - Қазақстан Республикасы азаматының ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мiндеттеменi орындауға қабiлетi болмаған жағдайда, кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша келісімнiң басқаға беру туралы шарттарына сәйкес тұрғын үйдi сатып алуға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған тұрғын үй коммуналдық меншiкке өтедi және кепiл берушiге берiледi, ол оны кепiл ұстаушының ипотекалық талап ету құқығын беру құны бойынша жекешелендiруге құқылы.
99-бап. Әскери қалашықтарда, шекара заставаларында
және өзге де жабық объектiлерде берiлетiн тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мен оларды пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Осы бапта аталған қызметтiк тұрғын үй сол әскери қалашықтың, шекара заставаларының немесе өзге жабық объектiлердiң шегiнде нақ сондай тұрғын үйге ауыстырылуы мүмкiн.
Мұндай тұрғын үйлер ауыстыру әскери қызметшi (маман) басқа әскери қалашыққа (шекара заставасына, жабық объектiге) қызмет (жұмыс) iстеу үшiн көшiрiлген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн.
100-бап. Мемлекеттік кәсiпорындардың тұрғын үй қорынан
берiлетiн тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Мемлекеттік кәсiпорындар өз қызметкерлерiне мемлекеттік кәсiпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге құқылы. Мұндай тұрғын үй, егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, басқа адамдарға да берiлуi мүмкiн.
Аталған тұрғын үйлердi берудiң және оларды пайдаланудың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Осы бапта аталған азаматтарға берiлген тұрғын үй мемлекеттік кәсiпорын әкiмшiлiгiнiң келісімiмен мемлекеттік кәсiпорынның тұрғын үй қорындағы басқа тұрғын үйге ауыстырылуы мүмкiн.
Мемлекеттік кәсiпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге және керiсiнше ауыстыруға кәсiпорын әкiмшiлiгi мен жергiлiктi атқару органдарының келісімi болған жағдайда жол берiледi.
101-бап. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген
тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi пайдалану жөніндегі қатынасқа осы Заңның 93 және 95-баптарының ережелерi қолданылмайды, бұған адамдарды еңбек қатынасын тоқтатуына байланысты үйден шығаруға жол берiлмейтiн реттер қосылмайды.
2. Мемлекеттік қызметшiлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік ұйымдарда (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қосқанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары осы баптың 5-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi меншiк иелерiнiң келісімiмен заңдарда белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiре алады.
3. Сол елдi мекенде қызмет атқарған кезеңде қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген әскери қызметшiлер он жыл әскери қызмет стажынан кейiн, ал еңбек сiңiрген жылдары, науқастануы немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен босаған кезде қызмет мерзiмiне қарамастан оны (әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде орналасқан тұрғын үй-жайлардан басқасын) жекешелендiруге құқылы.
Мұндай тұрғын үйдi, оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында орналасуы себептi жекешелендiру мүмкiн болмаған реттерде, жекешелендiру құқығы басқа жерден тиiсiнше тұрғын үй сатып алу (салу) үшiн оның құнын төлеу арқылы өтеледi.
Аталған негiздер бойынша әскери қызметтен босатылған және күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшiлердiң тұрғын жайды тегiн жекешелендiруге құқығы бар.
Осы тармақта көрсетiлген жеңiлдiктер бiр рет қана қолданылады.
4. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген азамат қайтыс болған жағдайда, егер оның осы тұрғын үйге құқығы болып, бiрақ оны жүзеге асырмаса, тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелерiне ауысады.
5. Мемлекеттік қызметте немесе бюджеттік ұйымдарда еңбек қызметiн тоқтатқан (соған байланысты қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген) мемлекеттік қызметшiлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерi өзi тұратын тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы пайда болған кезге дейiн өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен сол үйден шығарылады, бұған қызметтен мына негiздер бойынша:
1) ұйымның (кәсiпорынның) таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi қызмет iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнет демалысына шығуына байланысты босатылған реттер кiрмейдi.
Қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкерлердiң отбасылары да тұрғын үйден шығарылмайды.
6. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы пайда болған кезге дейiн әскери қызметтен босатылған әскери қызметшiлер өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен сол үйден шығарылуға тиiс, бұған әскери қызметшiнiң еңбек сiңiрген жылдары, ауруы бойынша жұмыстан шығарылған немесе штат (адам саны) қысқартылған жағдайлар қосылмайды.
7. Егер олар өздерi тұратын тұрғын үйдi жекешелендiруге құқығы бар болса, бiрақ бұл құқығын жүзеге асырмаса, осы бапта көрсетiлген адамдарды үйден шығаруға жол берiлмейдi.
8. Жұмысына (қызметiне) байланысты тұрғын үй берiлген асыраушысынан айрылған отбасылар өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйден тек қолданылып жүрген нормаларға сәйкес тұру үшiн жарамды басқа тұрғын үй-жай беру арқылы ғана шығарылуы мүмкiн.
9. Бұл бапта аталған адамдарды шығаруға осы Заңның 14-тарауында көзделген басқа негiздер бойынша да жол берiледi.
10. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлерде тұратын адамдар қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берген мемлекеттік органның келісімiмен тұрғын үйдi басқасына айырбастауға құқылы.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 14-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйлердi және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған
тұрғын үйді пайдалану құқығын тоқтату және
олардан шығару
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 102-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
102-бап. Жалдаушының мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді немесе жеке
тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді
жалдау (қосымша жалдау) шартын бұзуы
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа реадкцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдаушы (қосымша жалдаушы) кез келген уақытта (кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен) жалдау (қосымша жалдау) шартын бұзуға құқылы.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жалдаушы (қосымша жалдаушы) мен отбасы мүшелері тұрақты тұру үшін басқа жаққа көшіп кеткен жағдайда тұрғын үйді жалдау шарты олар кеткен күннен бастап бұзылды деп есептеледі.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 103-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
103-бап. Жалға берушінің талап етуі бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді немесе жеке
тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау)
шартын бұзу және жалдаушыны (қосымша жалдаушыны) тұрғын үйден шығару
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты жалға берушінің талап етуімен осы Заңда белгіленген негіздер бойынша ғана бұзылуы мүмкін.
2. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерден және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерден шығаруға жалдау (қосымша жалдау) шарты бұзылған реттерде, сондай-ақ осы Заңда көзделген басқа негіздер бойынша жол беріледі.
3. Мемлекеттік тұрғын үй және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй қорынан басқа жарамды тұрғын үй берместен ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларды шығаруға жол берілмейді.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 104-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
104-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа
тұрғын үй беру арқылы шығару
1. Азаматтар осы Заңның 101-бабының 5 және 6-тармақтарында, 107-бабында, 108-бабының 1-тармағында, 111 және 114-баптарында көзделгенiнен басқа реттерде мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйден және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден тұрмысқа жайлы басқа тұрғын үй берiлiп шығарылады.
2. Осы Заңның 91-бабының 1-тармағында, 101-бабының 8-тармағында және 103-бабының 3-тармағында көрсетiлген реттерде тұру үшiн жарамды басқа тұрғын үй-жай берiледi.
3. Үйден шығару туралы талап етушi заңды тұлға басқа тұрғын үй берiлуiн қамтамасыз етедi.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 105-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
105-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй
қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден тұрмысқа жайлы
басқа тұрғын үй беру арқылы үйден шығару негiздерi
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мына реттерде:
1) егер тұрғын үй орналасқан тұрғын үй (тұрғын жай) жер учаскесiнiң мемлекет мұқтажы үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты бұзылуға жататын болса;
2) егер тұрғын үй (тұрғын жай) онда одан әрi тұруға жарамсыз болғандықтан тұрғын үй емес жай ретiнде қайта жабдықтауға жататын болса;
3) егер тұрғын үйге құлау (бұзылу) қаупi төнсе;
4) тұрғын үйдi күрделi жөндеудiң нәтижесiнде тұру жағдайы айтарлықтай өзгерсе (осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтары);
5) тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты осы Заңның 108-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты бұзылуы, ал жалдаушы (қосымша жалдаушы) тұрмысқа жайлы басқа тұрғын үй беріліп шығарылуы мүмкін.
2. Босатылған үйдiң орнына берiлетiн тұрмысқа жайлы тұрғын үй осы Заңның 75 және 76-баптарының, 106-бабындағы 2, 3, 4-тармақтардың талаптары мен ережелерiне сай келуге тиiс.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 106-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
106-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерден шығарылуына
байланысты азаматтарға берiлетiн тұрғын үй
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерден шығарылуына байланысты азаматтарға берiлетiн басқа тұрғын үй осы Заңның 75 және 76-баптарының талаптарына сай келуге және шығарылған адамдар тұрған бұрынғы тұрғын үйдiң көлемiнен кем болмауға тиiс.
2. Егер жалдаушы (қосымша жалдаушы) бұрын бiр бөлмеден артық алаңда тұрған болса, оған сонша бөлмелер санынан тұратын жеке тұрғын үй берiлуге тиiс.
3. Егер жалдаушыда (қосымша жалдаушыда) артық алаң болса, тұрғын үй осы Заңның 75-бабындағы 1-тармақта көзделген нормаларға сәйкес берiледi, ал қосымша алаңға құқығы бар жалдаушыға (қосымша жалдаушыға) немесе онымен бiрге тұратын адамға - қосымша алаңға құқығы ескерiле отырып берiледi.
4. Бұзылатын үйде кемiнде он бес жыл тұратын азаматтарға олардың қалауы бойынша басқа жайлы тұрғын үй бұзылған құрылыстың орнына немесе соған жақын жерден салынған тұрғын үйлерден берiледi. Бұл азаматтар осындай тұрғын үй берiлгенге дейiн осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес келетiн уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
5. Тұру үшiн жарамды тұрғын үй сол елдi мекеннiң шегiнде болуға, санитариялық және техникалық талаптарға сай келуге тиiс.
Көшiп-қону азаматтың тұрғын үй жағдайының, осы Заңның 69-бабында көрсетiлгенiндей, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаждыққа әкелiп соқтырмауға тиiс. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) осы Заңның 105-бабындағы 1-тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетiлген жағдайларда көшiп-қонуға байланысты шығындарын жалға берушi өтеуге тиiс.
6. Осы Заңның 105-бабында көзделген негiздер бойынша азаматтарды шығаруға байланысты даулар сот тәртібімен шешiледi.
Осы Заңның 108-бабындағы 2-тармақта көзделген жағдайдан басқа реттерде, жалға алушыны шығару туралы сот шешiмiнде шығарылған адамға берiлетiн тұрғын үй, осы тұрғын үй орналасқан мекен-жай көрсетiле отырып жүргiзiлуге тиiс.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 107-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
107-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден басқа тұрғын
үй берiлмей шығару негiздерi
Жалдаушыны, (қосымша жалдаушыны) оның отбасы мүшелерiн немесе онымен бiрге тұратын басқа адамдарды басқа тұрғын үй бермей шығаруға, егер:
1) олар тұрғын үйдi үнемi қиратса немесе бүлдiрсе;
2) олар тұрған үйдi осы Заңның 4-бабының талаптарын бұза отырып пайдаланса;
3) олар жатақхана ережелерiн үнемi бұзу арқылы басқалардың өздерiмен бiр бөлмеде немесе бiр тұрғын үйдi тұруына мүмкiндiк бермейтiн болса;
4) олар дәлелдi себептерсiз тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн ақы төлеуден қатарынан алты ай бойы жалтарса;
5) адамдар ата-аналық құқығынан айырылған болса және олардың ата-аналық құқықтарынан айырылуына байланысты балаларымен бiрге тұруы мүмкiн емес деп танылса;
6) адам тұрғын үйге өз бетiмен басып кiрiп алса;
7) тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты осы Заңның 108-бабындағы 1-тармақта көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп танылса;
8) олар меншiк құқығымен орналасқан жерiне қарамастан өзге тұрғын үйдi сатып алған болса;
9) Осы Заңның 111 (101-баптың 1), 2), 3)-тармақшаларында, сондай-ақ 5-тармақтың екiншi бөлiгiнде, 7, 8-тармақтарында көзделген реттердi қоспағанда) және 114-баптарында көзделген негiздер пайда болса, басқа тұрғын үй берiлместен шығаруға жол берiледi.
2006.07.07 № 182-III ҚР Заңымен 108-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
108-бап. Тұрғын үйді жалға алу (қосымша жалға алу)
шартын жарамсыз деп танудың салдары
1. Шарт жасасып, тұрғын үй алған адамдардың қасақана заңсыз әрекеттерінің салдарынан тұрғын үйді жалға алу (қосымша жалға алу) шарты жарамсыз деп танылған жағдайда олар басқа тұрғын үй берілместен шығарылуға тиіс.
2. Егер тұрғын үйді жалға алу (қосымша жалға алу) шарты осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа негіздер бойынша жарамсыз деп танылса, шартта аталған азаматтар өздерінің бұрын тұрып келген тұрғын үйі немесе басқа жайлы тұрғын үй беріп шығарылуға тиіс. Басқа тұрғын үй беру міндеті шартты жарамсыз деп тануға әрекеті негіз болған заңды тұлғаға жүктеледі. Бұл жағдайда соттың шешімінде берілетін тұрғын үйдің мекен-жайы көрсетілмеуі мүмкін.
3. Жалдау (қосымша жалдау) шартын жасасу кезінде заңсыз әрекетке жол берген лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.
15-тарау. Қызметтiк тұрғын үйлердi және мемлекеттік
тұрғын үй қорының жатақханаларындағы тұрғын
бөлмелердi пайдалану
2004.20.12 № 13-III Заңымен 109-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
109-бап. Қызметтiк тұрғын үйлер
1. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы қызметтiк тұрғын үйлер жалдау шарты бойынша өздерiнiң еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиiстi азаматтарды тұрғызуға арналады.