7) мемлекеттік орман қоры аумағында өздерi мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк, спорттық және басқа да iс-шаралар мен жұмыстарды өткiзетiн жерлерде уәкiлеттi орган әзiрлеген және Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi жөніндегі орталық атқарушы органы бекiткен нормаларға сәйкес өрт сөндiретiн құралдары болуына;
8) ағашы кесiлетiн жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудiң белгiленген мерзiмi аяқталған соң кесiлмеген және дайындалған ағаш сүректерiн қалдырмауға;
9) кеспеағаш аймағын кесiлген ағаштардың қалдықтарынан сүрек дайындаумен бiр мезгiлде тазартуға;
10) мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшiн бөлiнген учаскелерiнде заңсыз ағаш кесуге және Қазақстан Республикасының орман заңдарын, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану туралы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарын өзге де бұзушылықтарға жол бермеуге;
11) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жұмыс аяқталғаннан кейiн оларды мемлекеттік орман иеленушiлерге тапсыруға;
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
12) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде басты пайдалану мақсатында ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесiлген алаңының екi еселенген мөлшерiнен астам алаңына орманды молықтыруды жүзеге асыруға;
13) ағашы кесiлген жерлерде және өздерiнiң қызметi салдарынан өскiндер жойылған, ағаш пен бұта өсiмдiктерi құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебiнен жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орман шаруашылығы шеккен шығындар мен шығасыны өтеуге;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орманды пайдаланудың төлемақысын уақтылы енгізуге;
16) ормандардың санитариялық жай-күйiн қамтамасыз ету мен жақсарту жөніндегі ережелердi (бұдан әрi - ормандардағы санитарлық ережелер) сақтауға;
17) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану кезiнде мемлекеттік орман қоры учаскелерiн орман зиянкестерi мен ауруларынан қорғау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруға;
18) мемлекеттік орман иеленушiлердi мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшiн өздерiне бөлiнiп берiлген учаскелерiнде орман зиянкестерi мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
19) өзге орман пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
20) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға және оның аумақтық органдарына, облыстық атқарушы органдар мен мемлекеттік статистика органдарына орман қорының мемлекеттік есебiн, мемлекеттік орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингiн жүргiзу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерiн анықтау үшiн қажеттi ақпаратты берiп тұруға;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 20-1-тармақшамен толықтырылды
20-1) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру кезінде экологиялық рұқсат алуға;
21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
39-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтата тұру мен шектеу негiздерi
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы Қазақстан Республикасы орман заңдарының, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, молайту мен пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының талаптарын бұзған;
2) орман пайдаланушы ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының, ағаш кесу билетiнiң, орман билетiнiң талаптарын орындамаған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) мемлекеттік орман қорының орман пайдалану жүзеге асырылатын учаскелерiнде орман ресурстарының жай-күйiнiң нашарлауына әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың басталуы нәтижесiнде олардың қоры азайған;
2) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар өткiзiлетiн жағдайларда, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болатын кезеңде шектелуi мүмкiн.
3. Егер орман пайдалану құқығының шектелуiн не тоқтатыла тұруын тудырған мән-жайлар немесе жағдайлар жойылса, орман пайдалану құқығы толық көлемiнде қалпына келтiрiледi.
4. Орман пайдаланушы өзiнiң орман пайдалану құқығын шектеу туралы немесе тоқтата тұру туралы шешiммен келiспеген жағдайда, оның бұл шешiмге сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.
5. Орман пайдалану құқығын шектеу немесе тоқтата тұру орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзге де жауапкершiлiктен босатпайды.
40-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) орман пайдаланушы орман пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан;
2) орман пайдалану мерзiмi өткен;
3) орман пайдаланушы заңды тұлға таратылған;
4) орман пайдаланушы орман пайдаланудың белгiленген ережелерiн немесе ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында, ағаш кесу билетiнде, орман билетiнде көзделген талаптарды үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған;
5) мемлекеттік орман қорында орман пайдалануды жүзеге асыруға кедергi келтiретiн өзгерістерге әкеп соқтырған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар басталғанда;
6) орман пайдалану төлемақысын енгізудiң белгiленген мерзiмiн үнемi (екi және одан да көп рет) бұзған немесе орман пайдаланудың төлемақысын белгiленген мерзiмнен кейiнгi үш ай iшiнде енгiзбеген;
7) мемлекеттік орман қоры жерi мемлекет қажеттiктерi үшiн алып қойылған, мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды шектеудiң неғұрлым қатал режимi белгiленген жағдайларда тоқтатылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату орман пайдаланушыларды Қазақстан Республикасының орман заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк және өзгедей жауапкершiлiктен босатпайды.
41-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын тоқтату тәртібі
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы:
1) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының бұзылуы;
2) орман пайдаланушының жазбаша өтiнiшi;
3) ағаш кесу билетi, орман билетi қолданылуының уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тоқтатылуы;
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
4) лицензиядан айыру (орман пайдалану жөніндегі қызметтiң лицензияланатын түрi жүзеге асырылған жағдайда) негiзiнде тоқтатылады.
42-бап. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуы
1. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болу тәртібі мен шарттары мемлекеттік орман қорының санатымен, аумақтың абаттану деңгейiмен және орман пайдаланудың түрiмен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы жеке ережелермен айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың рұқсаттама құжаттарынсыз демалысын өткізу, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттық iс-шараларға қатысу, жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын өз қажетi үшiн жинау мақсатында мемлекеттік орман қоры аумағында тегiн болуға құқығы бар.
3. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағынан жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты, өзге де орман ресурстарын жинауына өз қажетi үшiн облыстық атқарушы органның ұсынуы бойынша облыстық өкiлдi органның шешiмiмен бекітілген нормалар шегiнде рұқсат етiледi.
4. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына және жабайы өскен жемiстердi, жаңғақты, саңырауқұлақтарды, жидектердi, дәрiлiк шикiзатты және өзге де орман ресурстарын жинауына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықтың денсаулығын қорғау, өрт қауiпсiздiгi, жаңғақ кәсiпшiлiгi, орман-жемiс, орман тұқым және аңшылық шаруашылықтарын жүргiзу мүддесiне орай шектеу қойылуы мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жабайы өсiмдiктер мен саңырауқұлақ түрлерiн, сондай-ақ құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктер мен құрамында есiрткi заттар бар табиғи шикiзат жинау мен дайындауға тыйым салынады.
6. Жеке тұлғалар өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға, ағаштар мен бұталарды сындырмауға және кеспеуге, орман ағаштарының зақымдануына, ормандардың ластануына, құмырсқа илеулерiнiң, құс ұяларының бұзылуына жол бермеуге, жабайы өскен тағамдық орман ресурстарын, дәрiлiк шикiзатты олардың молықтырылуына нұқсан келмейтiн мерзiмде және тәсiлдермен жинауға мiндеттi.
7. Жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында аң аулау және балық аулау мақсатында болуы осы Кодекспен регламенттеледi.
4-бөлім. Орман шаруашылығын ұйымдастыру
7-тарау. Орман шаруашылығын ұйымдастыру негіздері
43-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын ұйымдастыру:
1) орман орналастыру iсiн жүргiзудi;
2) мемлекеттік орман қорын санаттарға бөлудi;
3) мемлекеттік орман қорын алқаптар түрлерi бойынша бөлудi;
4) кесу жасын белгiлеудi;
5) кесу жүйесi мен орман ресурстарын молықтыру жүйесiн белгiлеудi;
6) орман пайдалану нормаларын белгiлеудi;
7) ормандарды күзету мен қорғау жөнiнде шаралар белгiлеудi;
8) орман селекциясы мен орман тұқым шаруашылығын жүргізуді;
9) ормандарды зерттеу, есепке алу, күзету, қорғау, молықтыру, орман өcipу, орман пайдалануды реттеу және Қазақстан Республикасының орман заңдарының сақталуына бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өзге де құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық iс-шараларды қамтиды.
2. Мемлекеттік орман қорын тиiмдi күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттік орман иелiктерi аумағы орманшылықтарға, орман шеберi учаскелерiне және орман қарау аймағына бөлiнедi.
44-бап. Мемлекеттік орман қорының санаттары және орман пайдалануды шектеу режимi
1. Қазақстан Республикасындағы барлық орман су күзету, егiс-топырақ қорғау, гендiк, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және өзге де пайдалы функцияларды атқаратын қорғаныштық орман болып табылады.
2. Ормандардың атқаратын функцияларының басымдықтарына қарай мемлекеттік орман қоры:
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) ерекше қорғалатын орман аумақтары, оның iшiнде:
мемлекеттік табиғи қорықтар ормандары;
мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттік табиғи резерваттар ормандары;
мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтар ормандары;
мемлекеттік қорық аймақтары ормандары;
табиғаттың мемлекеттік орман ескерткiштерi;
орманның гендiк резерваттарын қоса, ғылыми маңызы бар орман учаскелерi;
аса құнды орман алаптары;
жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары;
орман-жемiс екпелерi;
аса биiк тау ормандары;
2) мемлекеттік қорғаныштық орман белдеулерi;
3) қала ормандары мен орманды саябақтар;
4) елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтары;
5) эрозияға қарсы ормандар;
6) өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi;
7) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары, каналдар, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулеріндегі қорғаныштық екпелер;
8) халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулер;
9) егiс-топырақ қорғаныштық ормандар санаттарына бөлiнедi.
3. Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орманды белдеулерге жұмыс iстеп тұрған және салынып жатқан темір жолдарға бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, темір жол төсемiнен екi жаққа қарай бес жүз метр шегіндегі орман және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнген белдеулерге iргелес жатқан, жолдың ортасынан екi жаққа қарай екi жүз елу метр шегіндегі орман жатады.
4. Мемлекеттік орман қоры санаттарында орман пайдалануды шектеудiң мынадай режимдерi белгiленедi:
1) қорық режимi - осы Кодексте айтылған жағдайларды қоспағанда, орман пайдаланудың барлық түрлерiне, оның iшiнде ағаштарды кесуге тыйым салынады;
2) тапсырыс режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға, шөп шабу мен мал жаюға тыйым салынады;
3) шектеулi шаруашылық қызметiнiң режимi - басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге (ағаш кесудiң өзге де түрлерi осы Кодексте айтылған жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн), шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы сүрек ресурстарын дайындауға тыйым салынады.
45-бап. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ ерекше қорғаныштық учаскелердi бөлу
1. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе ол шектелетiн ерекше қорғаныштық учаскелерге бөлiнуi мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман орналастыру материалдары және (немесе) арнайы зерттеулер негiзiнде оның экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық маңызына қарай жүргiзiледi.
2. Мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызуды, сондай-ақ бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүргiзедi.
3. Мемлекеттік орман қорында, осы Кодекстiң 44-бабы 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетiлген санаттарды қоспағанда, орман пайдаланудың шектеулi режимiмен ерекше қорғаныштық учаскелер бөлiнуi мүмкiн.
Ерекше қорғаныштық учаскелер басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiне сәйкес орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер кезiнде бөлiнедi.
46-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде кесу жасын белгiлеу
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде кесу жасы ормандардың маңызы мен өнiмдiлiгi, олардың атқаратын функциялары, ағаш және бұта тұқымдастарының биологиялық ерекшелiктерi, сондай-ақ сүректiң мақсатты пайдаланылуы негiзге алына отырып айқындалады.
2. Кесу жасын негiздеу орман орналастыру кезiнде немесе ғылыми зерттеулер нәтижелерi бойынша жүргiзiледi.
3. Кесу жасын бекiтудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
47-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептi кеспеағаш аймағы
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептi кеспе ағаш аймағы басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртібімен сүрек дайындаудың орман орналастыру кезiнде орманды үздiксiз және сарқылмайтындай етiп пайдалану принципi негiзге алына отырып, әрбiр мемлекеттік орман иелiгi бойынша тексеру кезеңiне белгiленетiн жыл сайынғы нормасы.
Республиканың бүкiл аумағы және оның жекелеген облысының аумағы үшiн есептi кеспеағаш аймағы жекелеген мемлекеттік орман иелiктерiнiң есептi кеспеағаш аймағының жиынтығы ретiнде айқындалады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі есептi кеспеағаш аймағын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган бекiтедi және ол орман орналастыру жұмыстары аяқталған жылдан кейiнгi жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ресурстары сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берiлген жағдайда, есептi кеспеағаш аймағы осы учаскелер үшiн, қажетiне қарай уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен белгiленуi мүмкiн.
4. Мемлекеттік орман қорының шекарасы мен жай-күйi, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасы, мемлекеттік орман қорының қорғаныштық санаты өзгерген кезде есептi кеспеағаш аймағына өзгерістер енгiзiледi.
Мемлекеттік орман қоры учаскесiнде өзгертiлген есептi кеспеағаш аймағын бекiтудi мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi орган жүргiзедi.
48-бап. Мемлекеттік орман қоры алқаптарының түрлерi
Мемлекеттік орман қорының құрамы:
1) орман алқаптарына (орманды алқаптар; орманның жинақталмаған ағаштары; арнайы мақсаттағы плантациялар, орман питомниктерi, сондай-ақ ағаш өспеген алқаптар - ағашы кесiлген, өртең, алаңқай, селдiр ормандар);
2) ағаш өспеген алқаптарға (ауыл шаруашылығы алқаптары, жолдар, орманның шаршы соқпақтары, өртке қарсы жыртылған жерлер, усадьбалар, сулар, батпақтар, мұздақтар, құмайт жерлер және мемлекеттік орман қоры құрамындағы басқа да алқаптар) бөлiнедi.
49-бап. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттік орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру
1. Орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда пайдалану үшiн мемлекеттік орман қорындағы орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыруды орман орналастыру немесе арнайы зерттеулер материалдары негiзiнде аумақтық орган жүргiзедi.
Алаңқай жерлер топырақ зерттеу және орман орналастыру материалдары бойынша орман өсiруге жарамсыз деп танылған жағдайларда ағаш өспеген алқаптарға айналдырылуы мүмкiн.
2. Аумақтық органның орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты мақсаттарда орманды алқаптарды ағаш өспеген алқаптарға айналдыру туралы шешiмiнде учаскенiң орналасқан жерi, оның көлемi, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды жүзеге асырудың мақсаты мен мерзiмi, атқаруға рұқсат етiлген жұмыстардың тiзбесi, ағаш өспеген алқапқа айналдыру мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi осы учаскенi жаңғырту жөніндегі iс-шаралар көрсетiледi.
50-бап. Мемлекеттік орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру
Мемлекеттік орман қорындағы ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыруды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттік орман иеленушi жүргiзедi.
51-бап. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыру және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қою
1. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстыруды және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қоюды Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет қажетiне алып қойған кезде, ағаш өспеген алқапқа айналдыруды және (немесе) алып қоюды өз мүддесi үшiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы мен шығындардың орнын толтырады.
3. Мемлекеттік орман қоры жерiн орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттар үшiн басқа санаттардағы жерге ауыстырған және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерiн мемлекет қажетi үшiн алып қойған кезде осы жерлердегi екпелердi сақтау немесе кесу туралы және кесiлген жағдайда алынатын сүректі пайдалану туралы мәселе бiр мезгiлде шешiледi.
52-бап. Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту
Жекеше орман қоры жерiнiң мақсатты пайдаланылуын өзгерту Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес жүргiзiледi.
53-бап. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындарды келiсу
1. Ормандардың жай-күйi мен молықтырылуына әсер ететiн объектiлер салынатын орындар мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мiндеттi түрде жүргiзiле отырып, уәкiлеттi органмен келісіледi.
2. Кәсiпорындарды, ғимараттарды және басқа объектiлердi орналастырған, жобалаған, салған және пайдалануға берген кезде, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне әсер ететiн жаңа технологиялық процестердi енгiзген кезде ормандарды ақаба судың, өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық шығарындылардың, қалдықтардың және төгiндiлердiң жағымсыз әсерiнен сақтауды қамтамасыз ететiн iс-шаралар көзделiп, жүзеге асырылуға тиiс.
3. Ормандардың жай-күйiне зиянды әсердi болдырмайтын құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген кәсiпорындарды, цехтарды, көлiк жолдары мен басқа да объектiлердi пайдалануға беруге тыйым салынады.
54-бап. Мемлекеттік орман қорында орман шаруашылығын жүргiзуге және орман пайдалануға байланысты емес жұмыстарды жүргiзу
1. Мемлекеттік орман қорында құрылыс жұмыстарын жүргiзу, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру, коммуникациялар тарту және орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға байланысты емес өзге де жұмыстарды орындау, егер бұл үшiн мемлекеттік орман қорының жерiн басқа санаттарға ауыстыру және (немесе) оларды алып қою қажет болмаса, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi органның келісімi бойынша облыстық атқарушы органның шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық атқарушы органның шешiмiнде жүргiзiлетiн жұмыстардың атауы, оларды орындаудың мерзiмдерi мен шарттары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар көрсетiледi.
5-бөлім. Орман орналастыру, орман қорының
мемлекеттік есебі, мемлекеттік орман
кадастры және мемлекеттік орман мониторингі
8-тарау. Орман орналастыру
55-бап. Орман орналастыру
1. Орман орналастыру орман шаруашылығын жүргiзудiң тиiмдiлiгiн арттыруға, орман шаруашылығында бiрыңғай ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыруға, орман қорының ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
Орман орналастыру кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттік орман қорының шекарасын және мемлекеттік орман иелiктерiнiң шаруашылық iшiнде ұйымдастырылуын анықтау;
2) топографиялық-геодезиялық жұмыстарды орындау мен мемлекеттік орман қорын арнайы картаға түсiру;
3) ормандардың тұқымдық және жас құрамын, олардың жай-күйін анықтай отырып, орман қорын түгендеу, сондай-ақ орман ресурстарының сапалық және сандық сипаттамаларын анықтау;
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) мемлекеттік табиғат-қорық қоры объектiлерiн, орманның аса сирек кездесетiн өсiмдiктерiн және ерекше қорғаныштық учаскелердi анықтау;
5) басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу, өзгедей мақсатта ағаш кесу, ормандарды молықтыру мен орман өсiру, суландыру, күзету мен қорғау жөніндегі iс-шараларды және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу үшiн мемлекеттік орман қоры учаскелерiн анықтау, сондай-ақ оларды жүргiзудiң тәртібі мен тәсiлдерiн анықтау;
6) мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызуды негiздеу, мемлекеттік орман қорын бiр санаттан екiншi санатқа ауыстыру, ағаш өспеген алқаптарды орманды алқаптарға айналдыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры учаскелерiн алқаптар түрiне жатқызу және оларды негiздеу;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде есептi кеспеағаштарды, аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мөлшерiн, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жасын анықтау;
8) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман тұқым шаруашылығы, ормандарды күзету мен қорғау жөніндегі iс-шаралардың, басқа да орман шаруашылығы iс-шараларының көлемiн анықтау;
9) жанама орман пайдалану мен қосалқы сүрек ресурстарын дайындау, мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажеттерi үшiн, мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану мөлшерiн анықтау;
10) орманды биологиялық зерттеулер;
11) орман орналастыру жобаларын жүзеге асыруды авторлық қадағалау;
12) орман шаруашылығын жүргiзудiң негiзгi ережелерiн әзiрлеу және облыстар бойынша орман орналастырудың жиынтық жобаларын жасау;
13) өзге де орман орналастыру жұмыстары жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде мемлекеттік орман қорының шекарасын белгiлеуге, ормандарды түгендеуге және орман шаруашылығын жүргiзудi жоспарлауға байланысты орман орналастыру мемлекеттiң монополиясына жатады.
3. Орман орналастыру материалдары мемлекеттік орман қоры жерiнiң шекарасын белгiлейтiн және нақтылайтын кезде, жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қолданылады.
56-бап. Орман орналастыруды жүргізу жүйесі
1. Орман орналастыру уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бiрыңғай жүйе бойынша орындалады.
2. Мемлекеттік орман қоры аумағына орман орналастыруды уәкiлеттi органның құзырындағы мемлекеттік орман орналастыру ұйымдары жүргiзедi.
3. Орман орналастыруды жүргiзбей және осы Кодексте белгiленген тәртiппен бекітілген орман орналастыру құжаттамасынсыз мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен орман пайдалануға тыйым салынады.
57-бап. Мемлекеттік орман иелiктерiнiң орман орналастыру жобалары
1. Мемлекеттік орман қорында орман орналастыру кезiнде орман орналастыру жобалары жасалады, оларда өткен тексеру кезеңi iшiнде орман шаруашылығын жүргiзу мен мемлекеттік орман қорын пайдалануға кешендi баға берiледi, орман шаруашылығын ұйымдастыру мен жүргiзудiң келесi тексеру кезеңiне арналған негiзгi ережелерi әзiрленедi.