2. Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес, табиғи өсiп шығатын ормандарды сыртқы қолайсыз әсерлерден қорғау үшiн басқа меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың жер учаскелерi арасында орналасқан мемлекеттік орман қоры учаскелерiнiң шекарасын бойлай енi жиырма метр болатын күзет аймақтары белгiленедi.
Күзет аймағы шегiнде мемлекеттік орман қоры учаскесiнiң жай-күйiне керi әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады.
86-бап. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелер жердi қолайсыз табиғи құбылыстар мен антропогендiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен өсiрiлген агроорман-мелиорациялық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
Бюджет қаражаты есебінен отырғызылған агроорманмелиорациялық екпелер өсіп тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынады немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға беріледі және Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалық актісіне сәйкес жекеше орман қоры жерлеріне ауыстырылуы мүмкін.
3. Агроорман-мелиорациялық екпелердiң қорғаныштық функцияларын сақтау мақсатымен орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесуге, сондай-ақ өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
87-бап. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi күзету, қорғау және пайдалану ерекшелiктерi
1. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулерде орналасқан қорғаныштық екпелер осы объектiлердi қолайсыз табиғи құбылыстардан қорғауға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға, шудың әсерiн азайтуға арналған.
2. Темір жолдарға, автомобиль жолдарына, каналдарға, магистральдық құбырларға және басқа да желiлiк құрылыстарға бөлiп берiлген белдеулердегi қорғаныштық екпелердi, оларды өсiру жобаларына сәйкес орманды күтiп-баптау мақсатында кесуге, санитарлық мақсатта кесуге, бағалылығы төмен екпелердi, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа да функцияларын жоғалта бастаған екпелердi қайта жаңғыртумен байланысты кесуге және өзге де мақсаттарда кесуге жол берiледi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған қорғаныштық екпелердi күзетудi, қорғауды және пайдалануды, осы Кодекске сәйкес, жер пайдаланушылар өздерi орналасқан жерлерде жүзеге асырады.
7-бөлім. Орман қорын пайдалану
15-тарау. Орман пайдалану түрлері және орман
пайдалану жөніндегі қызметті лицензиялау
88-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану түрлері
1. Мемлекеттік орман қорында орман пайдаланудың:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр, ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы сүрек ресурстарын (қабықтар, бұтақтар, түбiрлер, тамырлар, жапырақтар, бүршiктер) дайындау;
4) жанама орман пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, бау-бақша шаруашылығы және өзгеде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, дәрiлiк шөптер мен техникалық шикiзаттар, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман жамылғысы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау мен жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн пайдалану;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаты үшін пайдалану;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану түрлерi жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану орман ресурстарын алып қойып, сондай-ақ оларды алмай да жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскесi орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрлерiн жүзеге асыру үшiн бiр немесе бiрнеше орман пайдаланушыға берiлуi мүмкiн.
4. Орман пайдаланудың белгiлi бiр түрлерiн жүзеге асырған кезде орман ресурстары мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiн пайдалану ерекшелiктерi осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң актілерімен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара) 89-бап өзгертілді
89-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану
жөніндегі қызметтi лицензиялау
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызмет жұмыстар лицензиялануға жатады.
16-тарау. Орман пайдалануды жүзеге асыру
90-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындаудың мынадай түрлерi:
1) толысқан және қураған сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн, басты мақсатта пайдалану үшiн;
2) аралық мақсатта пайдалану үшiн (орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу, iрiктеп санитарлық мақсатта ағаш кесу және құндылығы төмен орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су сақтау және басқа қасиеттерiн жоғалтқан екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты ағаш кесу, жас шыбықтарды жекелеп кесу);
3) өзге де мақсатта пайдалану үшiн (жаппай санитарлық мақсатта ағаш кесу, су тораптарының, құбырлардың, жолдардың құрылысына байланысты, орман соқпақтарын тарту, өртке қарсы жыралар жасау кезiнде орман алаңдарын тазарту, өтiмдi үйiндiлердi жинау, өзге де мақсаттар үшiн ағаш кесу) ағаш кесу тәртібімен жүзеге асырылады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 91-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
91-бап. Аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу және өзгедей мақсатта
ағаш кесу кезiнде мемлекеттік орман иеленушiнiң жергiлiктi
халықтың ағашқа деген қажетiн қамтамасыз етуi
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жергiлiктi халықтың ағашқа деген мұқтажы олардан өтiнiм болған кезде, аралық пайдалану мақсатында ағаш кесу және өзгедей мақсатта ағаш кесу кезiнде жергiлiктi халықтың қатысуымен дайындалған сүректi мемлекеттік орман иеленушiнiң өткізуi есебiнен жүзеге асырылады.
Жергiлiктi халықты отындық ағашпен қамтамасыз ету олардан өтiнiм болған кезде, өтеусiз негiзде мемлекеттік орман иеленушi айқындайтын кеспеағаш аймағынан тыс жерлердегi қоқымдарды жинау есебiнен де жүзеге асырылуы мүмкiн.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 1-тармағында аталған өтiнiмдер аралық пайдалану мақсатында және өзге де мақсатта ағаш кесуге, сондай-ақ кеспеағаш аймағынан тыс жерлердегi қоқымдарды жинауға бiр ай қалғанда тиiстi орман иесiне берiледi.
92-бап. Мемлекеттік орман қорының жекелеген санаттарында орман пайдалануды шектеу
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік орман қорының "мемлекеттік өңірлік табиғи қорықтар ормандары", "табиғаттың мемлекеттік орман ескерткiштерi", "орманның гендiк резерваттарын қоса алғандағы ғылыми маңызы бар орман учаскелерi", "аса құнды орман алаптары" санаттарында, сондай-ақ қорық режиміндегі мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтар аймақтарында, мемлекеттік өңірлік табиғи резерваттардың қорық орталығы аймақтарында орман пайдалануды шектеудiң қорық режимi белгiленедi.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік орман қорының рекреациялық пайдалану аймақтарындағы, әкiмшiлiк-өндiрiстiк мақсаттағы, келушiлер мен туристерге қызмет көрсетуге арналған шағын аймақтардағы "мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар ормандары" және "мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтар ормандары" санаттарында; мемлекеттік орман қорының бұзылған ландшафтарды қалпына келтiру аймағындағы "мемлекеттік табиғи резерваттар ормандары" санатында; мемлекеттік орман қорының тапсырыс режимi аймағындағы "мемлекеттік қорық аймақтары ормандары" санатында; мемлекеттік орман қорының "жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары", "орман-жемiс екпелерi", "aca биiк тау ормандары", "мемлекеттік қорғаныштық орман белдеулерi", "эрозияға қарсы ормандар", "өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерi" және "халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдарының, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулеріндегі қорғаныштық екпелер", "халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орман белдеулерi" санаттарында орман пайдалануды шектеудiң тапсырыстық режимi белгiленедi.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттік орман қорының шектеулi шаруашылық қызметi аймақтарындағы "мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар ормандары" және "мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтар ормандары" санаттарында; мемлекеттік орман қорының шектеулi шаруашылық қызметi аймағындағы "мемлекеттік қорық аймақтары ормандары" санаттарында шектеулi шаруашылық қызмет режимi белгiленедi.
93-бап. Мемлекеттік орман қорының жекелеген санаттағы
ормандарында және таудағы ормандарда ағаш кесу ерекшелiктерi
1. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мемлекеттік орман қорының "егiс-топырақ қорғау ормандары" санатының толысқан және қураған сүрекдiңдерiнде; мемлекеттік орман қорының "өзендер, көлдер, су қоймалары мен басқа да су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерi" санатының су жайылған жерлердегi өскiндерiнен жаңарып шығатын жапырақты сүрекдіңдерiнде жүргізіледі.
Мемлекеттік орман қорының басқа санаттарындағы сүрекдiңдерде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге тыйым салынады.
2. Басқа мақсатта ағаш кесуге, сондай-ақ құндылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа да экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелердiң құрылымын қайта жаңғыртуға байланысты мемлекеттік орман қорының осы Кодекстiң 44-бабы 2-тармағының 1) - 6) тармақшаларында аталған санаттағы ормандарында ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, тек уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша жүргiзiледi.
Мемлекеттік орман қорының "халықаралық және республикалық жалпы маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдарының, каналдардың, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулеріндегі қорғаныштық екпелерi"; "халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темір жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орман белдеулерi" санаттарында, сондай-ақ мемлекеттік табиғи резерваттардың орнықты даму аймақтары аумағындағы сүрекдiңдерде аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге және олардың жүргiзiлу ережелерiне сәйкес өзге де мақсаттарда ағаш кесуге жол берiледi.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттік табиғи қорықтар ормандарында, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың, мемлекеттік өңірлік табиғи саябақтардың және мемлекеттік қорық аймақтарының қорық режимi аймақтарында, мемлекеттік табиғи резерваттардың қорық орталығы аймақтарында, мемлекеттік орман табиғат ескерткiштерiнде және орманның гендiк резерваттарында орман қорғау iс-шараларын жүзеге асыру үшiн қажеттi санитарлық және өзге мақсаттарда ағаш кесуге ғана жол берiледi.
Аталған мақсаттарда ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде уәкiлеттi органның рұқсатымен жүргiзiледi.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі таудағы ормандарда осы ормандардың қорғаныштық, эрозияға қарсы және су реттеушiлiк маңызы ескерiле отырып, басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәсiлдерi қолданылады.
94-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу кезiнде сүрек дайындау көлемi
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу тәртібімен сүрек дайындау есептi кеспеағаш шегiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде аралық мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу кезiнде сүрек дайындау көлемi орман орналастыру материалдары бойынша, орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң, санитарлық мақсатта ағаш кесудiң, құндылығы төмен және қорғаныш функциясы жоғала бастаған екпелердiң құрылымын қайта жаңғыртуға байланысты ағаш кесудiң белгiленген нормаларын негiзге ала отырып анықталады және оны уәкiлеттi орган бекiтедi.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде өзге мақсаттарда ағаш кесу кезiнде сүрек дайындау көлемi құрылыс объектiлерiне арнап орман алаңдарын тазарту, орман соқпақтарын тарту және басқа да орман шаруашылығы iс-шараларын орындау жөніндегі жұмыстар көлемiмен анықталады және оны уәкiлеттi орган бекiтедi.
95-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі кеспеағаш қоры
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі кеспеағаш қоры басты мақсатта пайдалану үшiн сүрек дайындауға арналған толысқан босалқы сүрекдіңдерден құралады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі кеспеағаш қорының мөлшерi қылқан жапырақты, қатты жапырақты және жұмсақ жапырақты тұқымдар бойынша деректер бөлiп көрсетiле отырып, мемлекеттік орман қорының санаттары бойынша жыл сайын бөлек белгiленедi және уәкiлеттi орган бекiтедi.
96-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде шайыр және ағаш шырындарын дайындау
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде шайыр және ағаш шырындарын дайындау толысқан және қураған сүрекдiңдерде жүзеге асырылады, олар сөл алудың белгiленген мерзiмi аяқталғаннан кейiн басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге арналады.
Толысқан және қураған сүрекдiңдер жеткiлiксiз болған кезде, сөл алу мерзiмiнiң аяқталуына қарай кесу жасына жететiн толысуға таяу сүрекдiңдерден сөл алуға жол берiледi.
Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген жоспарларынсыз аталған сүрекдiңдердi сөл алу үшiн беруге және осы сүрекдiңдерден сөл алуға тыйым салынады.
2. Екпелердiң санитарлық жай-күйi күрт нашарлаған немесе өрттен зақымданған жағдайда ғана олар сөл алудан мерзiмiнен бұрын босатылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде шайыр және ағаш шырындарын дайындау ережесін, сондай-ақ сүрекдiңдерден сөл алынуы мүмкiн аймақтарды уәкiлеттi орган бекiтедi.
97-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде қосалқы сүрек ресурстарын дайындау
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде өнеркәсiптiк өңдеу және тұрғын халықтың қажетін қанағаттандыру үшін қосалқы сүрек ресурстарын дайындау орманға зиян келтiрiлмей жүзеге асырылуға тиіс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу жұмыстарын жүргiзу тәртібімен кесiлген ағаштардан ғана қабық және бұтақ дайындауға болады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде қураған және құлаған ағаштардан қабық дайындау мемлекеттік орман қорының бүкiл аумағында жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде сыпыртқыларды, сыпырғыларды және басқа да сол сияқты заттарды өру, сондай-ақ әзiрлеу үшiн бұтақтарды ағаш кесу ережелерiмен айқындалған тәртiппен өсiп тұрған ағаштардан дайындауға жол берiледi.
98-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жанама орман пайдалануды жүзеге асыру талаптары
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жабайы жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрiлiк өсiмдiктер және техникалық шикiзат дайындау мен жинау марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарталар орналастыру, бау-бақша шаруашылықтары, өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру орманға зиян келтiрiлмей, Қазақстан Республикасында Орманды жанама пайдаланудың уәкiлеттi орган бекiткен ережелерiнде айқындалған тәртiппен жүзеге асырылуға тиiс.
99-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде шөп шабу және мал жаю
1. Мемлекеттік орман қорының шөп шабуға және мал жаюға болатын учаскелерiн орман орналастыру жобаларына немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларына сәйкес мемлекеттік орман иеленушiлер белгiлейдi.
2. Мемлекеттік орман қорына кiретiн жайылымдарда бақташысыз мал жаюға шалғай, жолы қиын және халық аз қоныстанған аудандарда ерекше жағдайларда жол берiледi. Мұндай аудандардың тiзбесiн облыстық атқарушы органның ұсынуы бойынша облыстық өкiлдi орган бекiтедi.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ешкi жаюға арнайы бөлiнiп қоршалған учаскелерде ғана жол берiледi.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде шөп шабу және мал жаю ережелерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
100-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетiне пайдалану
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн пайдалану орманға зиян келтiрiлмей жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қорының аңшылық шаруашылығының қажетi үшiн берiлген учаскелерiнде орман пайдалану және орман шаруашылығы iс-шаралары жабайы жануарлардың мекен етуiне қолайлы орта сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиiс.
3. Ормандардағы жабайы жануарлар саны экожүйенiң тұрақтылығын қамтамасыз ететiн шекте реттеледi.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелерi аңшылық шаруашылығының қажеттерi үшiн жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға осы Кодексте белгiленген тәртiппен ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шарты негiзiнде берiледi.
5. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде жануарлар дүниесiн, соның iшiнде аңшылық шаруашылығының қажеттерi үшiн пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
101-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарына пайдалану
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге мемлекеттік орман иеленушiлер мемлекеттік орман қоры учаскелерiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларға ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға - шарт талаптарымен, ал қысқа мерзiмдi орман пайдалануға рұқсаттама құжаттары негiзiнде бередi.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
102-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшін пайдалану
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерi мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғаларға ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға - шарт талаптарымен, ал қысқа мерзiмдi орман пайдалануға рұқсаттама құжаттары негiзiнде берiледi.
2. Орман пайдаланушылар өздерiне берiлген мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман ортасы мен табиғи ландшафтар қорғалған, ормандардағы өрт қауiпсiздiгi ережелерi мен санитарлық ережелер сақталған жағдайда абаттандыру және халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жөніндегі iс-шараларды жүргiзеді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристiк және спорттағы мақсаттар үшiн пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
103-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман биоқауымдастықтарының гендiк қорын пайдалану
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман биоқауымдастықтарының гендiк қоры мемлекеттік меншiк объектiлерiне жатады және республикалық меншiкте болады, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң гендiк резерваттарын, артықшылығы бар екпелер мен ағаштарды, басқа да селекциялық-гендiк объектiлердi қамтитын шектеулi пайдалану режиміндегі жеке аймақтар түрiнде аумағы жағынан бөлiнедi.
Аталған аймақтарды уәкiлеттi органның және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Орман флорасы мен фаунасының гендiк қорының өсiп-өну материалын басқа мемлекеттермен алмасу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
8-бөлім. Орман қорын күзетудің, қорғаудың,
пайдаланудың, ормандарды молықтыру мен
орман өсірудің экономикалық тетігі
17-тарау. Орман қорын күзетудің, қорғаудың, пайдаланудың,
ормандарды молықтыру мен орман өсірудің экономикалық
принциптері мен әдістері. Мемлекеттік орман қорын
пайдалану төлемақысы
104-бап. Орман қорын күзетудiң, қорғаудың, пайдаланудың, ормандарды молықтыру мен орман өсiрудiң экономикалық принциптерi мен әдiстерi
Орман қорын күзетудiң, қорғаудың, пайдаланудың, ормандарды молықтыру мен орман өсiрудiң экономикалық принциптерi мен әдiстерi:
1) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ормандарды күзету, қорғау, молықтыру мен орман өсiру жөніндегі iс-шараларды жоспарлау;
2) мемлекеттік орман қорында Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормалар мен нормативтерге сәйкес орман шаруашылығын жүргiзудi қаржыландыру;
3) орман ресурстарын және ормандардың пайдалы қасиеттерiн ақылы түрде пайдалану;
4) ерекше қорғалатын орман аумақтарын ақылы түрде пайдалану;
5) Қазақстан Республикасының аумағында орманды өңiрлердi ұлғайтуды ынталандыру;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік орман иеленушiлердiң және орман пайдаланушылардың жауапкершiлiгiн сақтандыру болып табылады.
2008.10.12 № 101-IV ҚР Заңымен тақырыб редакцияда жазылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
105-бап. Мемлекеттік орман қорынан орман пайдаланғаны үшін төлемақы
1. Мемлекеттік орман қорын пайдалану ақылы түрде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану төлемақысы орман пайдаланудың Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген жекелеген түрлерi үшiн алынады.
2008.10.12 № 101-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану төлемақысы ормандардың пайдалы қасиеттерi, орман ресурстарының сапасы, жалпы пайдаланылатын жолдардан кеспе ағаштар аймағының қашықтығы, жер бедері және ағаш кесу түрлері ескерiле отырып белгiленедi.
2008.10.12 № 101-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдалану төлемақысының ставкалары, оны есептеу және оның сомаларын төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
Бұл ретте, төлем ставкалары орман пайдалану түрлеріне және олардың өзгеше ерекшеліктеріне байланысты белгіленеді, олар ауданы бойынша - гектармен (га), көлемі бойынша - тығыздық текше метрімен (м3) немесе қаланған текше метрмен (қал. м3), саны бойынша - түйірлеп, салмағы бойынша - килограммен (кг), центнермен (ц), тоннамен (т) жас (табиғи өсу) күйімен өлшенеді.
106-бап. Қазақстан Республикасы аумағының орманды өңiрлерiн ұлғайтуды экономикалық ынталандыру
Қазақстан Республикасы аумағының орманды өңiрлерiн ұлғайтуды экономикалық ынталандыру:
1) Қазақстан Республикасының жер туралы заң актiсiне сәйкес, босалқы жерлерден, ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамсыз өзге де жер санаттарынан орман қорына жер беру;
2) Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес, орман өсiрудi ынталандыру және арнайы мақсаттағы плантациялар, агроорман-мелиорациялық және өзге де қорғаныштық екпелер жасау;
3) республика экономикасының сүрек ресурстарына мұқтажын қамтамасыз ету мақсатында өнiмi жоғары плантациялық екпелер отырғызуға ынталандыру;
4) селекциялық-гендiк негiздегi тұқым қуалау сапасы жақсартылған орман тұқымдарын және отырғызылатын материалдарды өндiру мен қолдануды ынталандыру;
5) орман шаруашылығына инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау жолымен жүзеге асырылады.
107-бап. Мемлекеттік орман иеленушiлер мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман пайдаланушылардың жауапкершiлiгiн сақтандыру
1. Мемлекеттік орман иеленушiлер мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман пайдаланушылардың жауапкершiлiгiн сақтандыру мемлекеттік орман қорына, сондай-ақ үшiншi адамдардың өмiрiне, денсаулығы мен мүлкiне зиян келуi салдарынан шарттан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк тәуекелi басталған кезде олардың мүлiктiк мүдделерiн қорғауға бағытталған.
2. Мемлекеттік орман иеленушiлер мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман пайдаланушылардың жауапкершiлiгiн ерiктi сақтандыру олардың ерiк бiлдiруiмен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орман иеленушiлер мен мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман пайдаланушылардың жауапкершiлiгiн ерiктi сақтандырудың түрлерi, талаптары және тәртібі сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы шарттармен айқындалады.