406-бап. Кеден брокерлерінің тізілімі
Уәкілетті орган кеден брокерлерінің тізілімін жүргізеді және оның ай сайын жариялануын, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жариялануын қамтамасыз етеді.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 407-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
407-бап. 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
408-бап. 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
409-бап. Кеден брокерінің өкілдік беруші тұлғадан алынған ақпаратқа қатысы
Кеден брокерінің өкілдік беруші тұлғадан алған ақпараты тек кедендік мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.
Өкілдік беруші тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіруге жол берілмейді.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, өкілдік беруші тұлғаның құпия ақпаратын кеден брокерінің өз мақсаттарында жариялауына, пайдалануына, үшінші тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына беруіне болмайды.
10-Бөлім. Кеден органдарының интеллектуалдық
меншік объектілеріне құқықты қорғауы
52-тарау. Кеден органдарының интеллектуалдық меншік
объектілеріне құқықты қорғауы үшін негіздер
410-бап. Осы бөлімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы бөлімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) контрафактылы тауарлар - құқық иеленушінің Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қорғалатын құқықтары бұзыла отырып құрылған және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілген, интеллектуалдық меншік объектілері бар тауарлар;
2) құқық иеленуші - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес интеллектуалдық меншік объектілерін иеленуге ерекше құқығы бар тұлға;
3) шығаруды тоқтату - таңдап алынған кедендік режимге сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, контрафактылы тауарлар болып табылады деп болжанып отырған тауарларды шығару туралы шешім қабылдану мерзімін кеден органдарының ұзартуы;
4) интеллектуалдық меншік объектілері бар тауарлар тізілімі (бұдан әрі - тізілім) - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қорғалатын интеллектуалдық меншік объектілері бар тауарлардың тізбесі.
411-бап. Кеден органдарының интеллектуалдық меншік объектілеріне құқықты қорғауы
Кеден органдары құқық иеленушінің интеллектуалдық меншік объектілеріне құқығын өз құзыреті шегінде, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорғау жөнінде шаралар қабылдайды.
412-бап. Тізілім жүргізу тәртібі
1. Уәкілетті орган кедендік бақылау мақсатында тізілім жүргізеді және оның жариялануын қамтамасыз етеді.
2. Тізілімді жүргізу және оны кеден органдары мен өтініш берушіге жеткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
413-бап. Интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарды тізілімге енгізу және мұндай тауарды тізілімнен шығару тәртібі
1. Тізілімге енгізуді интеллектуалдық меншік объектілеріне құқық иеленушінің өтініші бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде интеллектуалдық меншік объектісіне өзінің құқығы бұзылды немесе бұзылуы мүмкін деп ойлауға жеткілікті негіздемесі бар құқық иесі немесе құқық иесінің мүддесін білдіретін өзге тұлға (бұдан әрі - өтініш беруші) интеллектуалдық меншік объектісіне құқығын қорғау туралы уәкілетті органға өтініш беруге құқылы.
3. Өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің интеллектуалдық меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы өтініші;
2) өтініш беруші туралы мәлімет;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) интеллектуалдық меншіктің тиісті объектілері туралы, құқық иеленушінің пікірінше оның құқығын қорғауда кеден органдарының жәрдемі қажет болатын мерзім туралы ақпарат; интеллектуалдық меншік объектілері бар тауарлардың сипаттамасы; құқық иеленушінің пікірінше контрафактылы болып табылатын тауарлар туралы, кеден органдарына осындай тауарларды анықтауға мүмкiндiк беретiн толық мәліметтер
4) егер тауарлар контрафактылы емес деп белгіленген жағдайларда декларантқа және өзге тұлғаларға зиянының орнын толтыру, сондай-ақ контрафактылы болып табылады деп болжанған интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты туындауы мүмкін кеден органдарының шығындарын өтеу туралы өтініш берушінің міндеттемесі болуға тиіс.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Өтінішке интеллектуалдық меншік құқығының бар екендігін және кімге тиесілілігін растайтын құжаттар (патент, куәлік, лицензиялық шарт немесе өзге де құжаттар) және құқық иеленушінің өзінің мүддесін білдіретін тұлғаға берген сенімхаты, өтініш берушінің басқа тұлғаға келтірген зияны үшін жауапкершілігін сақтандыру шарты қоса тіркеледі. Бұл орайда сақтандыру сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс.
Өтінiш берумен бiр мезгілде контрафактылы тауардың ерекше белгілерiнiң сипаттамасы табыс етіледi.
Мүмкiндiгiнше интеллектуалдық меншiк объектiсi бар тауардың және контрафактылы тауардың үлгілерi де табыс етіледi.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 5- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілетті орган өтініш түскен күннен бастап күнтізбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмде оны қарайды және тауарды тiзілімге енгізу туралы шешім қабылдайды.
Өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дұрыстығын тексеру мақсатында кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган үшiншi тұлғалардан, сондай-ақ тиiстi мемлекеттік органдардан мәлiмделген мәлiметтердi растайтын құжаттарды сұрап алуға құқылы. Аталған тұлғалар сауалды алған күннен бастан күнтізбелiк он күн ішінде сұратылған құжаттарды табыс етуге мiндетті.
Жеткiлiктi негіздер болған жағдайда кеден iсi мәселелерi жөнiндегі уәкілетті орган өтінiштi қарау мерзімін ұзартуға, бiрақ үш айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
Кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi органның тауарды тiзілімге енгізу туралы шешiмi кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган басшысының бұйрығымен ресiмделедi.
Тауарларды тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім өтініш беруші дұрыс емес мәліметтер берген жағдайда, сондай-ақ тауарлардың контрафактылық белгілерін растау мүмкін болмаған кезде қабылданады.
Өтініш берушіге уәкілетті органның шешімі туралы жазбаша нысанда хабардар етіледі.
6. Өтініште не оған қоса берілген құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда өтініш беруші ол туралы уәкілетті органға күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
7. Интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарлар:
1) өтініш берушінің өтініші бойынша;
2) тізілімге енгізу кезінде толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынылған жағдайда;
3) өтініште көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы белгіленген мерзімде хабарланбаған жағдайда;
4) тиісті интеллектуалдық меншік объектісіне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда;
5) өтініш беруші осы бөлімнің ережелерін сақтамаған жағдайда тізілімнен шығарылуы мүмкін.
8. Уәкілетті орган тауарлардың тізілімнен шығарылғандығы туралы өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
9. Интеллектуалдық меншік объектісіне құқық тоқтатылған жағдайда құқық иеленуші бұл туралы уәкілетті органды үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
414-бап. Құқық қорғау мерзімі
Кеден органдарының құқық иеленуші құқығын қорғау мерзімін уәкілетті орган интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарды тізілімге енгізу туралы шешім қабылдаған кезде, өтініш беруші көрсеткен мерзімді ескере отырып, бірақ көрсетілген тауар тізілімге енгізілген күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімге белгілейді.
Көрсетілген мерзімді уәкілетті орган өтініш берушінің ол туралы өтініші болған жағдайда ұзартады.
Құқық қорғау мерзімі құқық иеленушінің тиісті интеллектуалдық меншік объектісіне құқығының қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
53-тарау. Интеллектуалдық меншік объектілері бар
тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік
бақылау ерекшеліктері
415-бап. Кедендік ресімдеу және кедендік бақылау
Интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау осы тарауда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
416-бап. Интеллектуалдық меншік объектісі бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру
1. Егер тізілімге енгізілген тауарларды кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде кеден органы тауарлардың контрафактылы екендігінің белгілерін тапса, онда мұндай тауарларды шығару тоқтатыла тұрады.
2. Тауарларды шығаруды он жұмыс күніне дейінгі мерзімде тоқтата тұру туралы шешімді кедендік ресімдеуді жүзеге асыратын кеден органының басшысы не оны алмастырушы адам қабылдайды. Өтініш берушінің сұрауы бойынша көрсетілген мерзім ұзартылуы мүмкін, бірақ ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
3. Кеден органы интеллектуалдық меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тоқтата тұру және оның себептері туралы өтініш беруші мен декларантты хабардар етеді, сондай-ақ декларантқа - өтініш берушінің атауы мен мекен-жайын, ал өтініш берушіге декларанттың атауы мен мекен-жайын хабарлайды.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 4- тармақпен толықтырылды
4. Интеллектуалдық меншікке құқықтардың бұзылғандығы туралы талап қою бойынша істі қозғау туралы айғақтар ұсынылған кезде тауарларды шығаруды тоқтата тұрудың осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімі, сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау мерзімі талап қою бойынша шешім заңды күшіне енгізілгенге дейін ұзартылады.
417-бап. Кеден органдарының шығындарын өтеу
Кеден органдарына шығындарын:
1) тауарлар контрафактылы деп танылған жағдайда - декларант;
2) тауарлар контрафактылы болып табылмайды деп танылған жағдайда өтініш беруші өтейді.
418-бап. Ақпараттар беру. Сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу
1. Кеден органы шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлардың контрафактылық белгілері анықталғандығы туралы ақпаратты өтініш берушіге және декларантқа береді.
2. Осы бапқа сәйкес өтініш беруші немесе декларант алған ақпарат құпия болып табылады және, осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, олар мұны жария етпеуге, үшінші тұлғаға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға бермеуге тиіс.
3. Кеден органының рұқсатымен өтініш беруші мен оның өкілдері контрафактылық белгілері бойынша шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кедендік бақылаумен алуға және оларға зерттеулер жүргізуге құқылы.
419-бап. Шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жою
1. Егер шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің қолданылу мерзімі ішінде:
1) кеден органына шығаруды тоқтата тұру туралы шешімді жою туралы өтініш берушіден өтініш түссе;
2) интеллектуалдық меншiк объектiсі осы Кодекстің 413-бабына сәйкес тізілімнен алынып тасталса;
3) егер өтініш беруші интеллектуалдық меншiк объектiсі бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімінде ұсталған тауарларды кеден шекарасы арқылы өткізу фактісіне байланысты интеллектуалдық меншiк құқығын бұзғандығы туралы сот ісі қозғалғаны жөнінде айғақтар ұсынбаса, шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күші жойылуға тиіс.
Аталған жағдайларда тауарлар осы Кодексте белгіленген тәртіппен дереу кедендік ресімделуге және шығарылуға тиіс.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Шығаруды тоқтата тұру туралы шешімді жоюды осындай шешім қабылдаған кеден органының басшысы не оны алмастырушы адам тиісті бұйрықты ресімдей отырып жүзеге асырады.
3. Тауарларды шығару құқық иеленушінің интеллектуалдық меншiк объектiлеріне құқығын қорғау туралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органға өтініш білдіруіне кедергі бола алмайды.
420-бап. Кеден органдары интеллектуалдық меншік құқығын қорғау жөнінде шаралар қолданбайтын интеллектуалдық меншік объектілері
Интеллектуалдық меншiк объектiсі бар және Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы:
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) егер жеке тұлғалар өткізетін немесе халықаралық почта жөнелтiмдерiмен жiберiлетiн тауарлар өндiрiстiк немесе өзге де кәсiпкерлiк қызметке арналмаса;
2) кеден органдары тауарлар транзиті кедендік режиміне сәйкес өткізілетін тауарларға қатысты интеллектуалдық меншік құқығын қорғау жөніндегі шараларды қолданбайды.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 420-1-баппен толықтырылды
420-1-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік құқығын қорғауына
қатысты қосымша ережелер
Кеден органдары сот шешіміне сәйкес жойылуға жататын контрафактылы тауарларды тиісті мемлекеттік органға беруге міндетті.
Контрафактылы тауарды жою жөніндегі сот шешімі шығарылған жағдайда тиісті уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жою жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
11-Бөлім. Кедендік статистика.
Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар
54-тарау. Кедендік статистиканы жүргізу
421-бап. Сыртқы сауданың кедендік статистикасы
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеден органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамсыз ету, бюджетке кедендік төлемдердің және салықтардың түсуін бақылау, валюталық бақылау, Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының жай-күйін, өсу қозғалысын және үрдістерін талдау, оның сауда және төлем баланстары мен тұтастай экономикасын талдау мақсатында тауарлардың кедендік шекара арқылы өткізілуі туралы мәліметтерді жинап, өңдейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік статистиканың деректерін береді және жариялайды.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік статистиканың деректерін халықаралық ұйымдарға береді.
2. Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының кедендік статистикасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңдарына сәйкес жүргізіледі.
3. Сыртқы сауданың кедендік статистикасы Қазақстан Республикасының және оның сыртқы сауда әріптестерінің өзара сауда-саттық деректерін салыстыруды қамтамасыз ететін әдістемеге сәйкес жүргізіледі.
422-бап. Арнаулы кедендік статистика
Кеден органдары осы Кодекстің 19-бабында белгіленетін міндеттердің шешілуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы кедендік статистика жүргізеді.
423-бап. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын құжаттар мен мәліметтер
Статистикалық мақсаттарға арналған құжаттар мен мәліметтер осы Кодекстің кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жүргізу тәртібі туралы ережелеріне сәйкес беріледі.
55-тарау. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар
424-бап. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын қолдану
1. Осы Кодексте көзделген кедендік операциялар ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды, оның ішінде бұлардың ақпаратты берудің электрондық тәсілдеріне негізделгендерін, сондай-ақ осы тарауға сәйкес оларды қамтамасыз ету құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
2. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды енгізу тиісті халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасы ақпараттық қауіпсіздігінің талаптарын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылады.
3. Кеден ісінде:
1) кеден органдары әзірлейтін, шығаратын және сатып алатын;
2) кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі ақпараттық жүйе, ақпараттық технологиялар және оларды қамтамасыз ету құралдары қолданылуы мүмкін.
Бұл орайда кеден органдарына бағдарламалық құралдар беретін тұлғалардың өздерінің бағдарламалық құралдарының көмегімен жасалатын ақпараттық ресурстарды пайдалануға құқығы жоқ.
4. Кеден органдары әзірлейтін, шығаратын немесе сатып алатын ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдары республикалық меншікте болады және тиісті кеден органдарына бекітіледі.
5. Кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын кеден органдарының пайдалануына байланысты қатынастар Қазақстан Республикасы ақпараттық қауіпсіздігінің талаптары қамтамасыз етілген жағдайда ғана туындауы мүмкін және шарттық негізде құрылады.
6. Кеден ісі саласындағы міндеттерді шешуге қатысатын тұлғалардың меншігіндегі кеден ісінде қолданылатын ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар және оларды қамтамасыз ету құралдары уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес келуге және кеден органдары кедендік операциялар жасау кезінде пайдаланатын осыған ұқсас өніммен үйлесімді болуға тиіс. Ақпараттық жүйелердің, ақпараттық технологиялардың және оларды қамтамасыз ету құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді кеден органдары жүзеге асырады. Бұл орайда аталған тексерулерді жүргізуге байланысты шығыстарды төлеу оны жүргізу туралы өтініш білдірген тұлғаға жүктеледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдарын кедендік, фискалдық және болжамдық мақсаттар үшін пайдалану мүмкіндігін, бұл өнімді қолдану тәртібі мен талаптарын уәкілетті орган белгілейді.
425-бап. Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын сертификаттау
Ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіпте сертификаттауға жатады.
426-бап. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары
1. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары кедендік операцияларды жасау кезінде берілетін құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ оларды жасау үшін қажетті құжаттар негізінде түзіледі.
Құрамында кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде жасалатын, өңделетін және жинақталатын деректер базасы бар құжатталған ақпараттың ұйымдастырылған жиынтығы кеден органдарының ақпараттық ресурстары деп түсініледі.
2. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары мемлекеттік меншік болып табылады, кеден органдарының мүлік құрамына енгізіледі және құзыретіне сәйкес солардың иелігінде болады.
3. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жағдайларда берілуі осы Кодексте немесе өздері белгілеген тәртіпте көзделген құжаттар, оның ішінде кедендік декларация оларды құжаттау туралы талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де талаптар сақталған кезде ақпарат алмасудың электрондық тәсілдері арқылы берілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша құжатталған ақпаратты міндетті беру негізінде мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жағдайларына қолданылмайды.
427-бап. Ақпараттық ресурстарды пайдалану
1. Кеден органдарының қарауындағы ақпараттық ресурстар, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес ақпаратты пайдалану шектелген жағдайларды қоспағанда, ашық және жалпыға қолжетімді болып табылады.
2. Кеден органдары пайдалану үшін ашық ақпараттық ресурстардың тізбесін, сондай-ақ оған қолжетімділік дәрежесін жариялауды жүзеге асырады.
2007.11.01. № 218-III ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Кеден органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес ақпаратқа қолжетімділікті шектеу болмаған жағдайда оны алуға сұрау салу негіздемені қажет етпейді.
4. Кеден органдарының қарауындағы ақпараттық ресурстарды пайдалану тәртібі осы Кодекстің нормаларына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді.
428-бап. Ақпаратты, ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау
1. Ақпаратты, ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен міндетті сертификаттауға жататын ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологияларды қамтамасыз ету құралдарымен үйлесетін ақпаратты қорғаудың арнаулы бағдарламалық-техникалық құралдарын енгізу және пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Ақпаратты қорғау құралымен қамтамасыз етілетін ақпаратты қорғау деңгейі ақпараттың санатына сәйкес келуге тиіс. Ақпаратты қорғау деңгейінің белгілі бір санатқа сәйкестігін қарауында ақпараттық ресурстар бар кеден органдары қамтамасыз етеді.
4. Ақпаратты қорғау және ақпаратты қорғау құралдарын пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті орган және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
429-бап. Кеден органдарының халықаралық ақпарат алмасуға қатысуы
Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған тәртіп пен жағдайда шет мемлекеттердің кеден органдарымен, сондай-ақ халықаралық және өзге де ұйымдармен халықаралық ақпарат алмасуға қатысады.
3. Арнайы бөлім
12-Бөлім. Кедендік әкімшілік жүргізу
56-тарау. Кедендік бақылау
430-бап. Кедендік бақылау жүргізу
Кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына;
2) оларды тапсыру осы Кодексте көзделген тауарлар мен көлік құралдары туралы кедендік декларацияға, құжаттар мен мәліметтерге;
3) кеден брокері, кедендік тасымалдаушылар ретіндегі тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ жекелеген кедендік режимдердің шеңберінде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қызметіне қатысты;
4) тауарларды пайдалануға және оларға билік етуге белгіленген шектеулердің сақталуына;
5) кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуге және төлеуге қатысты кедендік бақылау жүргізеді.
431-бап. Кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінген тауарлар мен көлік құралдары Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткен кезден бастап және:
1) осы Кодекстің 14-бабына сәйкес шартты шығаруды қоспағанда, еркін айналыс үшін шығарылғанға;
2) жойылғанға;
3) мемлекеттің пайдасы үшін тауардан бас тартқанға не оларды мемлекеттік меншікке айналдырғанға;
4) тауарларды, көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тысқары жерлерге нақты шығарғанға дейін кедендік бақылауда болады.
2. Қазақстандық тауарлар мен көлік құралдары оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік декларацияны берген немесе тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған өзге де әрекеттер жасаған кезден бастап Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткенге дейін кедендік бақылауда болады.
3. Кеден органдары тұлғалардың қазақстандық тауарлар мен көлік құралдарын не оларды қайта өңдеу өнімдерін осы Кодексте айқындалған тәртіппен кедендік режимдердің талаптарына сәйкес қайта әкелу туралы міндеттемелерін орындауына кедендік бақылауды жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 432-бап өзгертілді; 2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 432-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
432-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын шығарғаннан кейінгі кедендік
бақылау
Кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарын шығарғаннан кейінгі кедендік бақылауды, жеке тексеріп қарауды қоспағанда, осы Кодекстің 441-бабында көзделген нысандарда жүзеге асырады.
433-бап. Кедендік бақылауды жүргізу принципі
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары іріктеу принципін негізге алады және Қазақстан Республикасының кеден заңдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті нысандармен шектеледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік (кедендік) шекарасы арқылы тауарларды және көлік құралдарын өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізу тәртібін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша уәкілетті орган белгілейді.