4. Кедендік бақылаудағы, оның ішінде шартты түрде шығарылған тауарлардың бар екендігін растау мақсатында жүргізілетін үй-жайлар мен аумақтарды тексеру уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, бос қоймаларда, арнаулы экономикалық аймақтарда, бажсыз сауда дүкенінің үй-жайларында, сондай-ақ осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдердің немесе кедендік режимдердің шарттарына сәйкес тауарлар болуы тиіс тұлғаларға жүргізіледі. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру тауарлардың жоғалғаны, оларды иеліктен айырғандығы не оларға осы Кодексте белгіленген талаптар мен шарттарды бұза отырып өзге де тәсілмен билік етілуі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеру үшін, сондай-ақ іріктеп тексеру негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген тұлғалардың үй-жайлары мен аумақтарын тексеруді кеден органдары осындай үй-жайларда немесе аумақтарда Қазақстан Республикасының кедендік аумағына осы Кодексте көзделген тәртіпті бұза отырып әкелінген тауарлардың бар екендігі туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеріп шығу үшін жүргізеді. Тексеру нәтижелері жөнінде уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша акт жасалады, оның екінші данасы тексеру жүргізілген тұлғаға беріледі.
6. Үй-жайлар мен аумақтардың осы Кодекстің 89 104, 130, 145, 246-баптарында белгіленген бағалау талаптары мен шарттарына сәйкестігін анықтау үшін тексеруді де кеден органдары жүзеге асырады. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша қорытынды жасалады.
58-тарау. Кедендік сараптама
453-бап. Кедендік сараптама тағайындау
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кедендік сараптаманың мақсаты Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың сапалық құрамын анықтау үшін, олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес дұрыс жіктелуі, сондай-ақ құжаттардың және бірдейлендіру құралдарының түпнұсқалығын тексеру үшін зерттеу жүргізу болып табылады.
2. Кеден органдары:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүзеге асырған;
2) алдын ала шешім қабылдаған;
3) кеден ісі саласында құқық бұзушылықтар анықталған жағдайларда кеден органдары лауазымды адамдарының тауардың сапалық құрамын айқындауы мүмкін болмаған кезде кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тауарлар, кедендік және өзге де құжаттардағы тауарлар туралы мәліметтер, бiрдейлендiру құралдары кедендік сараптамалардың объектілері болып табылады.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Кедендік сараптаманы кедендік зертханалардың мамандары жүргізеді.
Кедендік сараптаманы жүргізу үшін:
1) кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау сатысында немесе алдын ала шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштері бойынша - кедендік сараптамаға жолдама;
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша - кедендік сараптама тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым негіз болып табылады.
Жолдамада, қаулыда не ұйғарымда:
1) кедендік сараптама жүргізу үшін негіздеме;
2) кедендік сараптама жүргізілуге тиіс кеден зертханасының атауы;
3) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
4) сарапшының қарауына берілетін материалдар көрсетіледі.
2007.26.07. № 312-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамы декларантты кедендік сараптама тағайындау туралы жолдамамен, қаулымен не ұйғарыммен таныстыруға, осы Кодекстің 375, 376-баптарында көзделген құқықтар мен міндеттерді түсіндіруге міндетті. Жолдамаға, қаулыға не ұйғарымға танысқандығы туралы белгі соғылады және декларант қол қояды.
454-бап. Кедендік сараптама жүргізу тәртібі
1. Кедендік сараптама кеден зертханасының үй-жайында да, егер бұл зерттеу сипаты бойынша қажет болса не зерттеу объектісін сараптауға жеткізу мүмкін болмауына байланысты, одан тысқары жерлерде де өткізіледі. Сарапшы кеден зертханасы басшысының жазбаша өкімі бойынша ғана кедендік сараптаманы жүргізуге кіріседі.
2. Кедендік сараптаманың нәтижесі бойынша сарапшының қорытындысы беріледі.
3. Кедендік сараптаманы кеден зертханаларында жүргізу тәртібін және қорытынды нысанын уәкілетті орган бекітеді.
455-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшы:
1) егер қойылған мәселелер өзінің құзыретіне жатпаса, сараптама жүргізуден бас тартуға;
2) өзінің құзыретіне кірмейтін сұрақтарға жауап беруден бас тартуға;
3) кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша материалдар табыс ету туралы өтініш беруге құқылы.
2. Сарапшы:
1) кедендік сараптамаға қатысты материалдармен танысуға;
2) сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кедендік сараптама мәселелері бойынша консультациялар беруге;
3) бұл тұрғыда мәселе қойылмаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы ой-пікірін қорытындыға енгізуге;
4) кедендік сараптамаға ұсынылған тауарлардың сынамалары мен үлгілеріне зерттеу жүргізуге және зерттеулердің нәтижелерін толық, жан-жақты және объективті бағалау негізінде қорытынды беруге;
5) іс жүргізуінде немесе қарауында кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар туралы іс бар тұлғаның шақыруы бойынша өзі берген қорытындыны түсіндіру немесе толықтыру үшін келуге;
6) кедендік сараптама нәтижесінде алынған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
3. Өзінің міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
456-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшы қорытындыны жазбаша нысанда өзінің атынан береді.
2. Сарапшының қорытындысында өзі жүргізген зерттеулер және қойылған сұрақтарға негізді жауаптары жазылады.
3. Күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда кеден зертханасы басшысының шешімі бойынша комиссиялық сараптама жүргізіледі, ол бір мамандықтағы бірнеше сарапшыға тапсырылады. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған кезде олардың әрқайсысы немесе бір бөлігі жеке қорытынды беруге құқылы.
4. Кедендік сараптамаларды өз құзыреттерінің шегінде әр түрлі мамандықтағы сарапшылар жүргізу қажет болған жағдайда, кешенді сараптама тағайындалады. Әр сарапшы қорытындының өзі кедендік сараптама жүргізген бөлігіне қол қояды.
5. Табыс етілген материалдар бойынша қорытынды беру мүмкін болмаған кезде сарапшы кеден сараптамасын тағайындаған кеден органына бұл туралы, бас тарту дәлелін көрсете отырып, жазбаша хабарлайды.
457-бап. Қосымша және қайталап жүргізілетін кедендік сараптама
1. Қосымша кедендік сараптама жаңадан ашылған жағдайлар бойынша тағайындалады. Қосымша кедендік сараптама жүргізу бастапқы сараптаманы орындаған сарапшыға немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
2. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама алдыңғы қорытындыға декларант шағымданған жағдайларда сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптаманы тағайындау кезінде жолдамада немесе қаулыда алдыңғы сараптама нәтижелерімен келіспеу себебі көрсетілуге тиіс.
3. Қайталап жүргізілетін кедендік сараптама бойынша іс жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
458-бап. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу
1. Кеден органдары кеден зертханаларында сараптама жүргізу мақсатында тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға құқылы.
2. Сынамалар мен үлгілер оларды іріктеп алу нормаларын көздейтін нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде алынады. Кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша акт жасалады.
3. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысады. Декларант кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кезінде жәрдем көрсетуге, оның ішінде сынамалар мен үлгілер іріктеп алу үшін қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жүзеге асыруға міндетті.
Тауарлар берілгеннен кейін күнтізбелік он күннен соң декларант келмеген жағдайда, сондай-ақ кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар кезінде кеден органдары декларант жоқ кезде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы акт жасай отырып, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырылады.
4. Сынамалар мен үлгілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жойылуға немесе кәдеге жаратылуға жататын жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптама аяқталған соң сынамалар мен үлгілер декларантқа қайтарылады.
59-тарау. Кеден ісі саласындағы сыртқы
экономикалық және өзге де қызметке
қатысушыларды тексеру
459-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді
1. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру - сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңдарының орындалуын кеден органдары жүзеге асыратын тексеру. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру осы баптың 3-тармағында көзделген негiздемелер бойынша түрлерге бөлінедi және жүргiзiледi.
2. Қажет болған жағдайда кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеруді кеден органдары басқа да мемлекеттік органдарды тарта отырып жүргізуі мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 3- тармақпен толықтырылды
3. Кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтi тексеру мынадай түрлерге бөлінедi:
1) жоспарлы тексеру - кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке нақты қатысушыны алдын ала жоспарланған тексеру. Жоспарлы тексеру:
сыртқы экономикалық қызметке қатысушыны осы Кодекстiң 470-бабына сәйкес ең төменгi деңгейдегі тәуекел санатына жатқызу мәртебесін беру және бекіту;
шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және оларға билiк ету жөніндегі шектеулер мен шарттарды сақтау;
кеден режимдерінiң шарттары мен талаптарын сақтау;
Қазақстан Республикасының валюталық заңдарын сақтау;
кеден iсi мәселелерi жөнiндегі уәкілетті орган берген лицензиялардың талаптарын сақтау;
мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының ресми өтiнiштерi;
тәуекелден сақтандыруға арналған алдын алу шараларын қолдану негiздемелерi бойынша тағайындалады;
2) жоспардан тыс тексеру - мынадай:
мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары берген Қазақстан Республикасының кеден заңдары талаптарының бұзылуын куәландыратын, сондай-ақ кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілеттi органның және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының деректер базалары мен банктерiндегі ақпараттарды талдау нәтижелерi бойынша мәлiметтер алу;
шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесiнде алынған мәліметтердi тексеру;
Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайлар негіздемелерi бойынша тағайындалатын тексеру;
3) рейдтiк тексеру - Қазақстан Республикасының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдары кеден органдарымен бiрлесiп жүзеге асыратын тексеру;
4) үстеме тексеру - кеден органдары тексеру жүргiзген кезде тексерiлетiн субъект берген мәлiметтерінің дұрыстығын растау мақсатында үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда, үшiншi тұлғаларға қатысты жүргізілетiн тексеру;
5) құжаттық тексеру - ұйғарым ресiмдеудi талап етпейтін және тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар берген жүктің кедендік декларацияларындағы, тауарға ілеспе және өзге де құжаттардағы мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде тікелей кеден органдары жүзеге асыратын тексеру. Құжаттық тексеру тiкелей кеден органы орналасқан жер бойынша жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 459-1- баппен толықтырылды
459-1-бап. Кеден iсі саласындағы сыртқы экономикалық және
өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізудiң
кезеңділігі
1. Кеден органдары кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргiзуді мынадай кезеңділікпен:
1) жоспарлы тексерудi - кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтің нақты қатысушысына қатысты жылына бiр реттен жиi емес;
2) рейдтiк тексерудi - Қазақстан Республикасының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдары белгiлеген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырады.
2. Шектеу мына жағдайларда көзделмейдi:
1) жоспардан тыс тексерулер жүргiзу кезінде - аталған тексерулер Қазақстан Республикасының кеден заңдары талаптарының бұзылғандығын куәландыратын, мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары берген мәлiметтер алынған кезде, сондай-ақ кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкілетті органның және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының деректер базалары мен банктеріндегі ақпаратты талдау нәтижелерi бойынша; шет мемлекеттердiң салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәлiметтердi тексеру үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайларда тағайындалады;
2) үстеме тексерулер жүргізу кезiнде - аталған тексерулер тексерілетін субъект пен үшiншi тұлғаның өзара байланысының жекелеген мәселелерiн қозғайды;
3) құжаттық тексерулер жүргізу кезiнде - кеден органдары аталған тексерулердi кеден органының қарауында жатқан, кедендік ресiмдеу мақсаттары үшiн берiлген кедендiк декларациялар мен құжаттарды қайталап тексеру арқылы жүзеге асырады.
3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын, кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтің қатысушыларын тексерудің кезеңділігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
460-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу үшін нұсқама
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру уәкілетті орган немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері не кеден берген нұсқама ұсыныла отырып жүргізіледі.
2. Нұсқамаға кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қол қоюға тиіс, ол елтаңбалық мөрмен расталған, уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес арнаулы журналда тіркелген болуға тиіс.
3. Нұсқама Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес прокуратура органдарында тіркелуге тиіс.
4. Кеден органының нұсқамасында мынадай деректемелер:
1) нұсқаманың кеден органында тіркелген күні мен нөмірі;
2) нұсқаманы енгізген кеден органының атауы;
3) сыртқы экономикалық және өзге де қызметтерге қатысушының толық атауы;
4) салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) тексерудің мақсаты;
6) кеден органы тексеруші адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты;
7) тексеру жүргізудің мерзімі;
8) тексерілетін кезең болуға тиіс.
5. Бір нұсқаманың негізінде кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге қызметке қатысушыға бір ғана тексеру жүргізілуі мүмкін.
6. Осы Кодекстің 462-бабының 2-тармағында көзделген тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда, алдыңғы нұсқаманың нөмірі мен тіркелген күні көрсетілген қосымша нұсқама ресімделеді.
461-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізудің басталуы
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыға міндетті түрде қызмет куәлігін көрсете отырып, нұсқаманы тапсырған кез тексерудің басталғаны болып есептеледі.
2. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресімделген нұсқаманы алудан бас тартуы тексеруді тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
3. Тексеруді жүзеге асыру кезеңінде кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
462-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу мерзімдері
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізудің нұсқамада көрсетілетін мерзімі нұсқаманы тапсырған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
2. Тексеруді жүзеге асыратын кеден органы қызметінің аймағы шегінен тысқары жерде құрылымдық бөлімшелері бар кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру кезінде тексеру жүргізу мерзімі алпыс жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.
3. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу мерзімі кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға кеден органының құжаттар беру туралы талаптарын тапсырған және оларға сұратылған құжаттарды берген кездің арасындағы уақыт кезеңдерінде, сондай-ақ кеден органының сұратуы бойынша мәліметтер мен құжаттар алу кезінде тоқтатыла тұрады.
463-бап. Кеден органы лауазымды адамдарын кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу үшін аумаққа немесе үй-жайға жіберу
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы осы Кодекстің 452-бабына сәйкес кеден органының лауазымды адамдарын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайлардан басқа) жіберуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Тексеру жүргізуші кеден органының лауазымды адамдарын көрсетілген аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайлардан басқа) жіберуді қамтамасыз етуден бас тартылған жағдайда хаттама жасалады.
3. Хаттамаға екі куәгердің қатысуымен тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамы және кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы қол қояды. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы көрсетілген хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда бас тартудың себептері туралы жазбаша түсінік беруге міндетті.
4. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының, егер:
1) нұсқама табыс етілмеген не белгіленген тәртіппен ресімделмеген;
2) нұсқамада көрсетілген тексеру мерзімдері басталмаған немесе өтіп кеткен;
3) кеден органдарының осы лауазымды адамдары нұсқамада көрсетілмеген;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеруге жататын аумаққа немесе үй-жайға жіберу үшін арнаулы рұқсат қажет болса, ал лауазымды адамдардың аумаққа немесе үй-жайға кіруге мұндай рұқсаттары болмаған;
5) сұратылған құжаттаманың тексерілетін кезеңге қатысы болмаған жағдайларда кеден органының лауазымды адамдарына тексеру жүргізу үшін аумаққа немесе үй-жайға жіберуден бас тартуға не оларға құжаттарды бермеуге құқығы бар.
464-бап. Кеден органы лауазымды адамдарының кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу кезіндегі өкілеттігі
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға тексеру жүргізу кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) тауарлар мен көлік құралдарының болуын тексеруге және оларға кедендік қарауды жүзеге асыруға;
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысты құжаттарды, оның ішінде бухгалтерлік құжаттаманы тексеруге;
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) тұлғалардан кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметті жүзеге асыруға қатысты құжаттар, оның ішінде бухгалтерлік құжаттамалар, анықтамалар, жазбаша және ауызша түсініктер алуға;
4) тауарлар мен көлік құралдары бар үй-жайларды мөрлеуге;
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 5-тармақша өзгертілді (бұр. ред . қара)
5) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысты және кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтардың жасалғаны туралы куәландыратын құжаттарды алып қоюға құқылы. Алып қою кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыға алып қойылатын құжаттардың көшiрмелерін түсiріп алу мүмкiндiгі берiлгеннен кейiн жүргізіледi.
2. Алынған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қайтарылады.
3. Аталған шараларды қолданбау кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды жасыруға әкеп соғуы мүмкін ерекше жағдайларда мөрлеу және алып қою жүзеге асырылады.
465-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексерудің аяқталуы
1. Тексеру аяқталғаннан кейін кеден органының лауазымды адамдары:
1) тексерудің жүргізілген орнын, акт жасау күнін;
2) тексеру жүргізген кеден органы лауазымды адамдарының лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын;
3) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының тегін, атын, әкесінің атын не толық атауын;
4) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының орналасқан жерін, банк деректемелерін;
5) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының кедендік және қаржылық есептілік жүргізуге, кеден органдары өндіріп алатын кедендік төлемдердің және салықтардың төленуіне жауапты басшысы мен лауазымды адамдарының тегін, атын, әкесінің атын;
6) алдыңғы тексеру мен бұрын анықталған Қазақстан Республикасының кеден заңдарын бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтерді;
7) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы тексеру үшін тапсырған құжаттар туралы мәліметтерді;
8) кеден ісі саласында анықталған құқық бұзушылықтарды Қазақстан Республикасы заң актілерінің тиісті нормаларына сілтеме жасай отырып, егжей-тегжейлі сипатталуын;
9) кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыны тексерудің нәтижелерін көрсетіп тексеру актісін жасайды.
2. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыға тексеру актісін тапсырған күн тексеру мерзімінің аяқталған күні болып есептеледі.
3. Егер тексеру аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының кеден заңдарын бұзу анықталмаған жағдайда, тексеру актісінде тиісті жазба жүргізіледі.
4. Тексеру актісіне тексеру барысында алынған құжаттардың көшірмелері, есептер және басқа да материалдар қоса тіркеледі.
5. Тексеру актісі тексеру жүргізген кеден органы лауазымды адамының қолы қойылып үш дана етіп жасалады.
6. Тексеру актісі тексеру актілерін тіркеудің арнаулы журналында тіркеледі, ол нөмірленген, байлап-қайымдалған және кеден органының мөрімен бекітілген болуға тиіс.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред . қара)
7. Тексеру актiсiнiң бiр данасы кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыға қол қою арқылы немесе тексеру актiсiн алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен берiледi.
8. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы тексерудің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушының басшысы немесе уәкілетті лауазымды адамы тексеру актісіне тиісті жазба жасайды.
466-бап. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру нәтижелері бойынша шешім
1. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларды тексеру аяқталғаннан кейін тексеру актісінде көрсетілген нәтижелердің негізінде кеден органы осы Кодекстің 350-бабында көзделген нысанда кедендік төлемдердің, салықтардың және өсімпұлдардың есептелген сомалары туралы хабарлама шығарады.
2. Хабарлама осы Кодекстің 350-бабында көзделген тәртіпке сәйкес кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыға жіберіледі.
3. Кедендік төлемдердің, салықтардың және өсімпұлдардың есептелген сомалары туралы хабарлама алған кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы оны осы Кодекстің 350-бабында белгіленген мерзімде орындауға міндетті.
4. Кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушы осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде тексерудің нәтижелеріне шағымдануға құқылы.
467-бап. Кеден ісі саласындағы аудит
Кеден ісі саласындағы аудит Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.