мәмiле сомасының оннан бiр процентiне дейiнгi не операциялар бойынша алынған табыстың жүз процентiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4-1. Өзара сақтандыру қоғамының мәмілелер мен операцияларды Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісін бұза отырып жүзеге асыруы -
айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерiнiң сақтанушы жағдайын сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарымен салыстырғанда нашарлататын жағдайда мiндеттi сақтандыру шартын жасауы және ол бойынша мiндеттемелердi орындауы, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Сақтандыру ұйымының сақтанушыларды заңдарда белгiленген тәртiппен өзiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн органының, оқшауландырылған құрылымының орналасқан орнының өзгеруi немесе атауының өзгеруi туралы дер кезiнде хабардар етпеуi, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдарда белгiленген сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына тиiсiнше құжаттау, құжаттарды сақтау, лицензиялардың көшiрмесiн орналастыру жөніндегі талаптарды бұзуы, сондай-ақ сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерi мен сақтандыру агентiнiң сақтандыру құжаттамасы бланкiлерiн есепке алудың және сақтаудың, қолма-қол ақшамен жұмыс iстеудiң заңдарда белгiленген ережелерiн бұзуы, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың, сақтандыру брокерiнiң, сондай-ақ оларға қатысушылардың (құрылтайшылардың), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларының уәкiлеттi органға мәлiметтердi дер кезiнде табыс етпеуi немесе дұрыс емес мәлiметтердi табыс етуi, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру брокерiнiң жарияланған күнгi шындыққа сәйкес келмейтiн жарнаманы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлауы немесе жариялауы, -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң бухгалтерлiк есептi бухгалтерлiк есептiң белгiленген стандарттары мен әдiстерiн (принциптерiн) бұза отырып жүргiзуi, -
лауазымды адамға - елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаға тиісінше есепке алынбаған соманың бес проценті мөлшерінде, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының есептілік көрсеткiштерiнiң не пруденциялық нормативтердiң және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердiң сақталуы туралы мәлiметтердiң бұрмалануына әкеп соққан есеп-қисап жасауы, -
лауазымды адамға - елу, заңды тұлғаға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Сақтандыру брокерiнiң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілетсiздiгiнiң өзiне белгiлi болған фактілері туралы уәкiлеттi органға хабарламауы, -
жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Актуарийдiң сақтандыру резервтерiн қалыптастыру жөніндегі заң талаптарын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтамауы жөнiнде өздерi анықтаған фактілері туралы уәкiлеттi органға хабарламауы, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
14. 2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
15. Міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған кезде сақтанушыларға (сақтандырылған адамдарға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін қорға міндетті немесе төтенше жарналарды төлемеу, уақтылы төлемеу не толық көлемде төлемеу,
лауазымды адамға - айлық есептік көрсеткіштің отыздан елуге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға жүзден екі жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
16. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржы есептілігін және өзге де мәліметтерді Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау міндеттілігі туралы талаптарды бұзуы
жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 174-бап өзгертілді
174-бап. Сақтандыру органдарының сақтандыру шарттарын жасасумен және
орындаумен байланысты талаптарды бұзуы
1. Сақтандыру полистерiн немесе сақтандырумен байланысты өзге де құжаттарды, не аударылған құжаттардың есепке алынбаған бланкiлерiн заңсыз өткізудi жүзеге асыру, -
лауазымды адамға - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға екі жүзден бес жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырмау, сол сияқты дер кезiнде жүзеге асырмау немесе сақтандыру туралы жасалған шарттың өзге де талаптарын дұрыс орындамау, -
заңды тұлғаға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Сақтандыру шартын орындау үшiн клиент табыс еткен құжаттарды жоғалту, -
заңды тұлғаға әрбiр жоғалған құжат үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 03.06.03 ж. № 428-II Заңымен 175-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 175-бап өзгертілді
175-бап. Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзу
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген міндетті сақтандыру шартын жасасудан сақтандыру ұйымының жалтаруы, -
лауазымды адамдарға - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға екі жүзден бес жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заң актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сактандыру шартын жасасудан жалтаруы, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің үштен жетіге дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға - елуден жүзге дейінгі мөлшерінде, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - екі жүзден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға бес жүзден мыңға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 175-1-баппен толықтырылды
175-1-бап. Қаржылық ұйымдардың басшы қызметкерлері
лауазымына тағайындау (сайлау) тәртібіне
қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында
белгіленген талаптарды бұзу
Қаржылық ұйымның басшы қызметкері лауазымына тағайындау (сайлау) тәртібіне қойылатын талаптарды қаржылық ұйымның бұзуы -
заңды тұлғаға айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 175-2-баппен толықтырылды
175-2-бап. Қаржылық ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің
ашылғаны және олардың қызметінің тоқтатылғаны
туралы уәкілетті органға уақтылы хабарламау,
сондай-ақ қаржылық ұйымдардың филиалдарын,
өкілдіктерін ашу кезінде Қазақстан Республикасы
заңнамасының талаптарын сақтамау
Қаржылық ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің ашылғаны және олардың қызметінің тоқтатылғаны туралы уәкілетті органға уақтылы хабарламау, сондай-ақ қаржылық ұйымдардың филиалдарын, өкілдіктерін ашу кезінде Қазақстан Республикасының банк заңнамасының, Қазақстан Республикасының сақтандыру мен сақтандыру қызметі және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасының талаптарын сақтамау -
лауазымды тұлғаға - айлық есептік көрсеткіштің қырықтан жетпіске дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаға жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 176-бап өзгертілді
176-бап. Кредиттi заңсыз алу не мақсатсыз пайдалану
1. Жеке кәсiпкердiң немесе ұйымның лауазымды адамының банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға жеке кәсiпкердiң немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйi немесе кепiлге салатын мүлкi туралы немесе кредит, кредит берудiң жеңiлдетiлген шарттарын алу үшiн елеулi маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер табыс етуi арқылы кредит не кредит берудiң жеңiлдетiлген шарттарын алуы, сол сияқты кредит берудi доғаруға, жеңiлдiктердi алып тастауға не бөлiнген кредит мөлшерлерiн шектеуге алып келуi мүмкiн мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке немесе өзге де кредит берушiге хабарламауы, егер бұл әрекеттер iрi залал келтiрмесе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мемлекеттік нысаналы кредиттi не мемлекет кепiлдiгiмен берiлген кредиттi тiкелей арналған мақсатқа пайдаланбау, егер бұл әрекет жеке тұлғаға, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрмесе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 177-бап өзгертілді; 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 177-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
177-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттерге
түсімдерді уақтылы, толық есепке жатқызбау және
республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын,
мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет
кепілгерліктерін, мемлекет активтерін нысанасыз
пайдалану
1. Республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін қаражатты уақтылы, толық есепке жатқызбау, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Бюджет қаражатын алушылардың тиісті банктердегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы шоттарына аударылатын қаражатты уақтылы және толық есепке жатқызбау, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен жетпіске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерліктерін, мемлекет активтерін нысанасыз пайдалану, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 177-1-баппен толықтырылды
177-1-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттер
қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен
кредиттерді, сондай-ақ байланысты гранттарды,
мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет
активтерін негізсіз (құқыққа қайшы) пайдалану
Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, сондай-ақ байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет активтерін негізсіз (құқыққа қайшы) пайдалану, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден үш жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 177-2-баппен толықтырылды
177-2-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын,
байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген
қарыздарды, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану
Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, сондай-ақ байланысты гранттарды, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден үш жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 177-3-баппен толықтырылды
177-3-бап. Бюджеттік есепке алуды жүргізу, есептілікті жасау
мен табыс ету ережелерін бұзу
Бюджеттік есепке алуды жүргізу, есептілікті жасау мен табыс ету ережелерін бұзу, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 177-4-баппен толықтырылды
177-4-бап. Бюджеттік кредиттерді, мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру шарттары мен рәсімдерін бұзу
Бюджеттік кредиттерді, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру шарттары мен рәсімдерін бұзу, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 177-1-баппен толықтырылды; 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 177-1-бап өзгертілді (2008.01.01. бастап қолданысқа енеді) (бұр.ред.қара)
177-5-бап. Шығындарды өтеу ережелерін бұзу
1. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі шығындарды өтеу ережелерін бұзуы, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырма беске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекет, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 178-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
178-бап. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың
Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен
қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзуы
1. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген міндеттерді:
ірі залал келтірмей, бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтару;
бұрмаланған қаржылық есептілік жасау, бухгалтерлік есепте көрсетілуге жататын деректерді жасыру, сол сияқты ірі залал келтірмей, бухгалтерлік құжаттаманы жою;
Абзац 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
жария ұйымның бас бухгалтері лауазымына кәсіби бухгалтердің сертификаты жоқ адамды тағайындау түрінде орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы, -
айлық есептік көрсеткіштің жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, -
айлық есептік көрсеткіштің жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 179-бап жаңа редакцияда
179-бап. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының
бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы
заңнамасын бұзуы
1. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын:
бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтару, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса;
құрылтай құжаттарына сәйкес ұйымның құрылтайшыларына (қатысушыларына), тіркеу орны бойынша мемлекеттік статистика органдарының, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының құзыреттеріне сәйкес оларға көрінеу дұрыс емес қаржылық есептілікті табыс ету, қаржылық есептілікті табыс етуден бас тарту, белгіленген мерзімді бұза отырып табыс ету не оны дәлелсіз себеппен табыс етпеу;
бұрмаланған қаржылық есептілік жасау, бухгалтерлік есепте көрсетілуге жататын деректерді жасыру, сол сияқты бухгалтерлік құжаттаманы жою;
Абзац 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
жария ұйымның бас бухгалтері лауазымына кәсіби бухгалтердің сертификаты жоқ адамды тағайындау түрінде бұзуы, -
шағын кәсіпкерлік субъектісі немесе коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаға - айлық есептік көрсеткіштің жүзге дейінгі мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға - айлық есептік көрсеткіштің екі жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға айлық есептік көрсеткіштің бес жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, -
шағын кәсіпкерлік субъектісі немесе коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаға - айлық есептік көрсеткіштің екі жүзге дейінгі мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға - айлық есептік көрсеткіштің төрт жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға айлық есептік көрсеткіштің бір мыңға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 179-1-баппен толықтырылды
179-1-бап. Бухгалтерлік ақпараттың құпиясын жария ету
Коммерциялық құпия болып табылатын бухгалтерлік ақпаратты оған рұқсаты бар адамдардың ірі зиян келтірмей, жария етуі - айлық есептік көрсеткіштің жүзден жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2007.28.02. № 235-III ҚР Заңымен 179-2-баппен толықтырылды
179-2-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп
пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында
белгіленген аккредиттеу ережелерін бұзу
1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген аккредиттеу ережелерін бұзу, -
заңды тұлғаға ескерту жасауға немесе айлық есептік көрсеткіштің жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы бапта көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет, -
заңды тұлғаға айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден үш жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 179-3- баппен толықтырылды
179-3-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзуы, сондай-ақ пруденциялық нормативтерді немесе басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді орындамауы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын мынадай түрде бұзуы:
бухгалтерлік есепті жүргізуден жалтару, егер бұл іс-әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса;
қаржылық есептіліктегі көрсеткіштердің не пруденциялық нормативтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында айқындалған басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді орындау жөніндегі мәліметтердің бұрмалануына әкеп соққан қаржылық есептілікті жасау -
лауазымды адамдарға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді бірнеше мәрте (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) орындамауы -
заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) 180-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 180-бап өзгертілді (2008.01.01. бастап қолданысқа енеді) (бұр.ред.қара)
180-бап. Валюталық заңнамаға сәйкес талап етілетін валюталық операциялар бойынша есептілікті, ақпарат пен құжаттарды табыс ету тәртібін бұзу;
1. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының валюта заңнамасына сәйкес талап етілетін валюта операциялары бойынша есептілікті уақтылы табыс етпеуі немесе дұрыс емес есептілікті , ақпарат пен құжаттарды табыс етуі, -
жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Валюта операциялары бойынша есептілікті, ақпарат пен құжаттарды табыс етпеу, сондай-ақ осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - жиырмадан сексенге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 181-бап өзгертілді
181-бап. 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен алып тасталды (2008.01.01. бастап қолданысқа енеді) (бұр.ред.қара)
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 182-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен 182-бап жаңа редакцияда (2008.01.01. бастап қолданысқа енеді) (бұр.ред.қара)
182-бап. Валюта операциялары туралы хабарлама куәлікті немесе валюта операцияларын жасауға тіркеу куәлігін алу үшін құжаттарды беру мерзімін бұзу
1. Жеке және заңды тұлғалардың валюталық операциялар туралы хабарлама куәлікті немесе валюталық операциялар жасауға тіркеу куәлігін алу үшін құжаттарды беру мерзімін бұзуы, —
жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік), —
жеке тұлғаларға — айлық есептік көрсеткіштің елуге дейінгі мөлшерінде, дара кәсіпкерлерге — сексенге дейінгі мөлшерінде, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға — жүз жиырмаға дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара); 2007.28.02. № 235-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 183-бап өзгертілді
183-бап. Аудитордың немесе өзге адамның Қазақстан Республикасының
бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының бұзылу
фактiсiн аудит жүргiзуге тапсырыс берушiлерден жасыруы
Аудитордың немесе бухгалтерлік құжаттамаға қол жеткiзе алатын өзге адамның тексеру жүргізу кезінде анықталған Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының бұзылу фактiсiн аудит жүргiзуге тапсырыс берушiден жасыруы, -
"аудитор" біліктілік куәлігінен айыра отырып, айлық есептік көрсеткіштің елуден жүзге дейінгі мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 184-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
184-бап. Аудиторлық ұйымның көрінеу дұрыс емес аудиторлық
есепті жасауы
Аудиторлық ұйымның көрінеу дұрыс емес аудиторлық есепті жасауы, -
аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыра отырып не онсыз аудиторлық ұйымға айлық есептік көрсеткіштің жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 184-1-баппен толықтырылды
184-1-бап. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет
туралы заңнамасын бұзу
1. Аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруы, -
аудиторлық ұйымдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Аудитордың және аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы, -
аудиторларға - айлық есептік көрсеткіштің отыздан елуге дейінгі мөлшерінде, аудиторлық ұйымдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Өздері үшін аудит жүргізу міндетті қаржылық ұйымдарға аудит жүргізу нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы заңнамасын бұзушылық туралы қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға хабарламау және аудиттелетін осы ұйымдарды хабардар етпеу, -
аудиторлық ұйымдарға айлық есептік көрсеткіштің елуден жүз елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.