2. Қатысушының толық серiктестiк мүлкіндегі үлесiнен ақы өндiрiп алу оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады және осы Кодекстiң 70 және 71-баптарында көзделген салдарға әкелiп соқтырады.
70-бап. Қатысушылардың толық серiктестiктiң борыштары бойынша жауапкершiлiгi
1. Егер толық серiктестiк таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшiн нақтылы мүлкi жетпейтiн болса, серiктестiк үшiн жетiспейтiн бөлiгi жөнiнен оған қатысушылар ортақ жауапкершiлiктi өздерiнiң заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алынатын барлық мүлкiмен өз мойнына алады. Толық серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктiң борышы бойынша егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өз кiргеннен кейiн немесе кiргенге дейiн пайда болғанына қарамастан жауап бередi.
2. Серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнен астам бөлiгіндегі толық серiктестiктiң борыштарын өтеген қатысушы өзiнiң алдында серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне тең үлестiк жауапкершiлiктi мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиiстi бөлiгiнде керi талап қоюға құқылы.
3. Толық серiктестiктен өз қалауымен шыққан немесе серiктестiктен соттың шешiмi бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке кiруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiктен өздерi шыққан кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша серiктестiктiң өздерi серiктестiктен шыққан жыл iшіндегі серiктестiк қызметi туралы есеп бекітілген күннен бастап екi жыл бойы жауап бередi.
4. Өз үлесiн бiр қатысушыға немесе үшiншi жаққа беру арқылы, серiктестiк мүлкіндегі өз үлесiнен несие берушi (несие берушiлер) ақы өндiрiп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серiктестiкке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
5. Толық серiктестiк тоқтатылғаннан кейiн қатысушылар серiктестiк тоқтатылған күннен бастап екi жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейiн пайда болған серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапты болады.
6. Толық серiктестiктiң осы бапта көзделген мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жауапкершiлiк тәртібін өзгертетiн қатысушылардың келісімi жарамсыз болып табылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 71-бап өзгертiлдi
71-бап. Толық серiктестiктi тарату
1. Толық серiктестiк осы Кодекстiң 49-бабында аталған негiздерден басқа серiктестiкте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай iшiнде серiктестiктi қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.
2. Толық серiктестiкке қатысушылардың қайсы бiреуi шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бiрi хабар-ошарсыз кеттi, әрекет қабiлеттiгi жоқ немесе әрекет қабiлеттiгi шектеулi, не банкрот деп танылған немесе несие берушi бiр қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесiне сәйкес келетiн мүлкiнен ақы өндiрiп алған реттерде, егер ол серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келiсетiн болса, серiктестiк өз қызметiн жалғастыра бередi.
3. Егер қатысушылардың бiрi осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша серiктестiктен шығып кетсе, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейедi.
3. Сенім (коммандиттiк) серiктестiгi
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 72-бап өзгертiлдi
72-бап. Сенім серiктестiгi туралы ережелер
1. Серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бiр немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серiктестiктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бiр немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серiктестiктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серiктестiк сенім серiктестiгi деп танылады.
2. Сенім серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серiктестiк мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серiктестiктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бiр ғана сенім серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенім серiктестiгіндегі толық серiктес толық серiктестiктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенім серiктестiгiне осы Кодекстiң сенім серiктестiктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi
73-бап. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы
1. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2. Сенім серiктестiгi салымшысының:
1) серiктестiк таза табысының жарғылық капиталдағы өзiне тиесiлi үлесiн құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша алуға;
2) серiктестiктiң қаржылық есеппен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн заң құжаттарында және серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша басқа салымшыға немесе үшiншi жаққа беруге құқығы бар. Салымшының өз үлесiн басқа бiреуге түгелдей беруi оның серiктестiкке қатысуын тоқтатады;
4) заң актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серiктестiктен шығуға.
3. Егер салымшы сенім серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксiз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серiктестiк мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 74-бап өзгертiлдi
74-бап. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы
1. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенім серiктестiгi мүлкіндегі үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенім серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
3. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенім серiктестiгiн таратуға негiз болады.
75-бап. Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенім серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртібін олар толық серiктестiк туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенім серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серiктестiгi салымшыларының серiктестiк iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.
76-бап. Сенім серiктестiгiнiң тоқтатылуы
1. Сенім серiктестiгi оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серiктестер сенім серiктестiгiн таратудың орнына оны толық серiктестiк етiп қайта құруға құқылы. Сенім серiктестiгi толық серiктестiктi тарату үшiн көзделген негiздер бойынша да таратылады.
2. Салымшылар сенім серiктестiгi таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiнгi қалған серiктестiк мүлкiнен салымдарды алуға толық серiктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенім серiктестiгiнiң бұдан кейiнгi қалған мүлкi толық серiктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе олардың серiктестiк мүлкiне қосқан үлесiне қарай бөлiнедi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I ; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 16.07.99 ж. № 436-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 77-бап өзгертiлдi
77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актілерінде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
5.алынып тасталды
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 78-бап өзгертiлдi
78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы
1. Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
2. алынып тасталды
11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 79-бап өзгертiлдi
79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару
1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртібі осы Кодекске, заң актілеріне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) атқарушы органның мүшелерін (мүшесін) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекіту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекіту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекіту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 ; 2007.07.08 № 321-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 80-бап өзгертiлдi
80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы , осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында не заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар , осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға артықшылық берiлген құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiк қатысушыларының келісімiмен өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға артықшылық берiлген құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлес (оның бiр бөлiгi) сатып алуға артықшылық берiлген құқық бұзыла отырып сатылған кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келісімiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келісім беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актілерінде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 22.04.98 ж. № 221-1 Заңына сәйкес 81-бап жаңа редакцияда
81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары
Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгізуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiң қатысушысы заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн серiктестiктiң қатысушымен келісімiнде белгiленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келісімге қол жетпеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестiң бағасын сот белгiлейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 83-бап өзгертiлдi
83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
5. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 22.04.98 ж. № 221-1 Заңдарымен 84-бап өзгертiлдi
84-бап. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бiрi банкрот болған жағдайда оның серiктестiк мiндеттемелерi жөніндегі жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
III. Акционерлік қоғам
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 13.10.03 ж. № 486-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 85-бап өзгертiлдi
85-бап. Акционерлік қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады. Акционерлік қоғамның акционерлерi осы заң актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлерi аталған қорлардың мiндеттемелерi бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ортақтасып жауап бередi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлік қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлік қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 86-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 87-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
87-бап. Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары
1. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарында осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады.
2. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттік тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады.
3. Акционерлік қоғамның жарғысын бекіту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 88-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ); ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 88-бап өзгертiлдi
88-бап. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi және оны қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ оны ұлғайту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 89-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 90-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 91-бап өзгертiлдi
91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру
1. Акционерлік қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актілерінде белгiленедi.
2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес айқындалады.
3. Акционерлік қоғам қамтамасыз етілген облигациялар және қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы.Акционерлік қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртібі бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртібі акционерлік қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiмен заң актілерінде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi
5. Акционерлік қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:
1) өз капиталының терiс мөлшерi кезiнде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшерi дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде терiс болса;
2) егер ол Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сәйкес келсе не аталған белгiлер қоғамда дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде пайда болса дивидендтер төлеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заң актілерімен акционерлік қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.
6. Акционерлік қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 92-бап өзгертiлдi
92-бап. Акционерлік қоғамды басқару
1. Акционерлік қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актілерімен белгiленедi.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлік қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.
4. Акционерлік қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлік қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген жағдайларда, бiр акционерi бар акционерлік қоғамда қоғамның жарғысымен директорлар кеңесiн құрмай-ақ акционерлік қоғамды басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
5. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлік қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлік қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады.
6. Акционерлік қоғамда заң актілеріне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.