Қалдықтарды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1256 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 11 шілдедегі № 594 Қаулысымен күші жойылды
«Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясының хатшылығын Қалдықтарды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру ережесінің 3-тармағында айтылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары құзыретті органдар және бөлінген орталық ретінде бекітілгендігі туралы хабардар етсін.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 23 желтоксандағы
№ 1256 қаулысымен
Бекітілген
Қалдықтарды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру
ережесі
1. Осы Ереже «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі Заңына, Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына (Базель, 1989 жылғы 22 наурыз) және Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды мемлекеттік реттеудің бірыңғай тәртібі туралы ережеге (Кеден одағы туралы келісімге қатысушы мемлекеттерге әкелінетін тауарларға қатысты техникалық, медициналық, фармацевтикалық, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық және экологиялық стандарттарды, нормаларды, ережелерді және талаптарды қолданудың бірыңғай тәртібі туралы хаттамаға № 6 қосымша, Мәскеу қаласы, 1999 жылғы 28 қаңтар) сәйкес әзірленген.
2. Осы Ереже қалдықтарды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырудың тәртібін белгілейді.
3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
қалдықтарды халықаралық тасымалдау (бұдан әрі - тасымалдау) - мұндай тасымалдау бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын ең кемінде екі мемлекетке қатысты болуы шартымен қалдықтарды бір мемлекеттің ұлттық заңды құзырындағы ауданнан басқа мемлекеттің ұлттық заңды құзырындағы ауданға немесе аудан арқылы, не қандай да бір мемлекеттің ұлттық заңды құзырына жатпайтын ауданға немесе аудан арқылы тасымалдау;
қалдықтар - шығарып тасталатын, шығарып тастауға арналған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып тастауға жататын, радиоактивтіден басқа, бұйымдар немесе заттар;
құзыретті органдар - шекаралық, көліктік және кедендік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары;
бөлінген орталық - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;
осы Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
4. Тасымалдау объектісі болып табылатын қалдықтар халықаралық талаптарға сәйкес буып-түйіледі, таңбаланады және тасымалданады.
5. Қалдықтарды болжанып отырған тасымалдау туралы Қазақстан Республикасы бөлінген орталық арқылы мүдделі мемлекеттердің құзыретті органдарын жазбаша түрде хабардар етеді.
6. Бөлінген орталық қалдықтарды тасымалдауға байланысты ақпараттың алынуы және ұсынылуы үшін жауап береді.
7. Қалдықтарды тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған қолданыстағы халықаралық шарттарға сәйкес қалдықтардың қауіптілігін жіктеу қолданылады.
8. Қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті мемлекеттік лицензиялауға жатады.
9. Қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалатын жүк жөнелтуші (жүк алушы) мен тасымалдаушының арасындағы шарттың негізінде жүзеге асырылады.
10. Қалдықтарды тасымалдауға қалдықтар паспорты, арнайы жабдықталған және арнайы белгілермен жарақталған көлік құралдары болған кезде рұқсат етіледі.
11. Қазақстан Республикасында қалдықтарды тасымалдау кезінде олардың әкелінуін (әкетілуін) бақылауды құзыретті органдар қамтамасыз етеді.
12. Қалдықтарды тасымалдағаннан кейін көлік тазалануы және қажет болған кезде зарарсыздандырылуы тиіс.
13. Жүру жолында қалдықтар Қазақстан Республикасының заңамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген нысан бойынша көлік жүкқұжаттарымен қоса алып жүріледі.
14. Тасымалдаушы қалдықтарды тасымалдау бағытының жоспары мен кестесін қалыптастырады және оларды белгіленген тәртіппен көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
15. Қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық кесімдеріне сәйкес жасалған сақтандыру шартымен өтеледі.
16. Қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүк жөнелтуші немесе тасымалдаушы жүру жолында авариялық жағдайлар болуы мүмкін жағдайда осы жүкке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша авариялық карточканы әзірлейді.
17. Қалдықтарды тасымалдауға байланысты авария немесе қауіп-қатер туындаған жағдайда тасымалдаушы бұл туралы мүдделі мемлекеттердің құзыретті органдарын дереу хабардар етеді.
18. Қалдықтарды тиеу-түсіру жұмыстарын бақылауды тасымалдаушы не жүкпен бірге жүретін жүк жөнелтушінің (жүк алушының) өкілі жүзеге асырады.
19. Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде жүктің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттардың талаптары орындалады.
20. Қалдықтармен жұмыс істеуге алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтан өткен адамдар жіберіледі.
21. Қалдықтармен жұмыс істейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен, емдеу-алдын алу құралдарымен қамтамасыз етіледі.