33-бап. Салық берешегiн өтеу тәртібі
Салық берешегiн өтеу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) есептеп қосылған өсiмпұлдар;
2) бересi сомасы;
3) айыппұлдар сомасы.
33-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңының редакциясында.
34-бап. Таратылатын заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн орындауы
1. Таратылатын заңды тұлғаның салық берешегi аталған заңды тұлғаның ақшасы, соның iшiнде оның мүлкiн сатудан алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген кезектілік тәртібімен өтеледi. Бұл ретте таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiнiң салық берешегi де өтеледi. Тарату кезеңiнде туындайтын салық мiндеттемесi туындауына орай, Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мерзiмде және тәртiппен орындалады.
2. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкi салық берешегiн толық сөйлемде өтеу үшiн жеткiлiксiз болса, салық берешегiнiң қалған бөлiгiн Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейдi.
3. Егер таратылатын заңды тұлғада салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомалары бар болса, онда көрсетiлген сомалар осы Кодекстiң 39-бабында белгiленген тәртiппен таратылатын заңды тұлғаның салық берешегiн өтеу есебiне есептеуге жатқызылады.
Таратылатын заңды тұлғада салық берешегi болмаған жағдайда, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасы осы заңды тұлғаға қайтарылуға тиiс.
35-бап. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде салық мiндеттемесiн орындау
1. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн орындау оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледi.
2. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқорын (құқық мирасқорларын), сондай-ақ құқық мирасқорларының салық берешегiн өтеуге қатысу үлесiн белгiлеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу жөніндегі оның салық мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерiн өзгертуге негiз болып табылмайды.
4. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылғанға дейiн артық төлеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерiнiң сомасын салық органы қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық берешегін өтеу есебiне есептеуге жатқызады.
5. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегi болмаған жағдайда, осы заңды тұлғаның артық төлеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасы оның құқық мирасқорына қайтарылуы тиiс.
36-бап. Қайтыс болған жеке тұлғаның салық берешегiн өтеу
1. Қайтыс болған жеке тұлғаның ол қайтыс болған күнiнде жиналып қалған салық берешегiн оның мұрагерi (мұрагерлерi) мұраға қалдырылған мүлік құны шегiнде және мұраны алған күнгі ондағы үлесiне барабар өтейдi.
2. Жеке тұлғаның мұрагерi болмаған жағдайда, ол қайтыс болған күнiнде жиналып қалған салық берешегi өтелдi деп есептеледi.
37-бап. Сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жеке тұлғаның салық мiндеттемесiн орындау
1. Жеке тұлғаны сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда, мұндай жеке тұлғаға қатысты салық мiндеттемесi шешiм шығарылған күннен бастап тоқтатыла тұрады.
2. Сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жеке тұлғаның салық берешегiн хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн басқаруға қорғаншы орган уәкiлеттiк берген адам өтейдi.
3. Егер белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкi салық берешегiн өтеу үшiн жеткiлiксiз болса, онда хабар-ошарсыз кеткен адамның салық берешегiнiң өтелмеген бөлiгiн салық органы мүлiктің жеткiлiксiздiгi туралы сот шешiмi негiзiнде есептен шығарады.
4. Сот адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнің күшiн жойған жағдайда, салық мiндеттемесi бойынша белгiленген талап қою мерзiмiне қарамастан, бұрын салық органы есептен шығарған салық берешегiнiң күшi қайта басталады.
38-бап. Салық мiндеттемесi бойынша талап қою мерзiмi
1. Салық қызметi органы, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, салық кезеңi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеуге немесе олардың есептелген сомасын қайта қарауға құқылы.
1-1. Қызметiн жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартқа сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушiлер бойынша салық қызметi органы жер қойнауын пайдалануға келісім-шарттың қолданылу мерзімi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде үстеме пайдаға салынатын салық, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер сомасын есептеуге немесе олардың есептелген сомасын қайта қарауға құқылы, оларды есептеу әдiстемесiнде мынадай көрсеткiштердiң бiрi: рентабельдiлiктiң iшкi нормасы (РIН) немесе пайданың iшкi нормасы немесе R-фактор (табыс көрсеткiшi) қолданылады.
1-2. Салық төлеушi осы баптың 1-тармағында белгiленген талап қою мерзiмi күнтiзбелiк бiр жылдан аз уақытта бiтетiн кезең үшiн қосымша салық есептілігiн табыс еткен жағдайда, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомаларын есептеп қосу және (немесе) олардың есептеп қосылған сомаларын қайта қарау бөлiгiнде көрсетiлген талап қою мерзiмi бiр күнтiзбелiк жылға ұзартылады.
2. Салық төлеушi салық кезеңi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде және (немесе) осы баптың 1-1-тармағында аталған салықтар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде салықтың артық төленген сомасын есепке жатқызуды немесе салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
38-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен.
6-тарау
Салық міндеттемесін орындау бойынша бюджетпен есеп айырысу кезінде салық
және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің артық
төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару
39-бап. Салық мiндеттемесiн орындау бойынша бюджетпен есеп айырысу кезiнде
салық төлеушiнiң артық төлеген салық сомаларын есепке жатқызу
1. Өткен салық кезеңдеріндегі салықтың осы түрi бойынша мiндеттемелер ескерiле отырып, салық кезеңiнде бюджетке төленген және есептелген салық сомалары арасындағы айырма артық төленген салық сомасы болып танылады.
Осы Кодекстiң 198-1-бабына сәйкес резидент емес салық төлеушiге қайтарылуға тиiс төленген салық сомасы да артық төленген салық сомасы болып танылады.
2. Бюджетке артық төленген салық сомасы салық берешегiн өтеу есебiне:
1) салық төлеушiнiң өтiнiшiнсiз салықтың осы түрi бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне;
2) салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша өтiнiш берiлген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде мынадай тәртiппен:
салықтың басқа түрлерi бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне;
салықтың басқа түрлерi бойынша бересiнi өтеу есебiне;
салықтың осы және басқа да түрлерi бойынша алдағы төлемдер есебiне мiндеттi есепке жатқызылуы тиiс.
2-1. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарларды өткiзген кезде кеден органдары алатын салықтардың бюджетке артық төленген сомасы салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша, салықтардың артық төленген сомаларының бар екендiгi туралы кеден органының растамасымен қоса, өтiнiш берiлген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде осы бапта белгiленген тәртiппен салық берешегiн жабу есебiне есептеуге жатады.
3. Артық төленген салық сомасын есепке жатқызуды, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, осы бапта белгiленген тәртiппен бюджетке салық төлейтiн жердегi салық органы жүргiзедi.
3-1. Осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда, есепке алу мерзiмi бұзылған әр күн үшiн, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерiнде өсiмпұл есептеледi.
4. Бюджетке артық төленген салық сомасы басқа салық төлеушiнiң салық мiндеттемесi бойынша берешегiн өтеу есебiне есепке жатқызылмауға тиiс.
39-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен;Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
40-бап. Салық мiндеттемесiн орындаған кезде салық және бюджетке төленетiн басқа да
мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомаларын қайтару
1. Салықтың артық төленген сомасы осы Кодекстiң 39-бабында көзделген есепке жатқызуларды жүргiзгеннен кейiн салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, салықтың артық төленген сомасын қайтару салық төлейтiн жер бойынша қайтару туралы өтiнiш берiлген күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.
2-1. Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан тауарларды өткiзген кезде кеден органдары алатын салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомаларын қайтару, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомаларының бар екендiгі туралы кеден органының растамасымен қоса, қайтару туралы өтiнiш берiлген күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде төленген жерi бойынша жүргiзiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерiнде, қайтару мерзiмiнiң әрбiр бұзылған күнi үшiн өсiмпұл есептеледi.
4. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, бюджетке төленген басқа мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасын қайтару осы бапқа сәйкес жүргiзiледi.
40-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
7-тарау
Салықтарды төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мерзімдерінің өзгертілуі
41-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiнiң
өзгертiлу ұғымы және оның жалпы шарттары
1. Салықтарды (төлем көзiнен ұсталатын салықтар мен акциздерден басқа) төлеудiң осы Кодекспен белгiленген мерзiмiн салық төлеушiнiң негiзделген өтiнiшi негiзiнде, неғұрлым кеш мерзiмге, бiрақ күнтiзбелiк жылдың он айынан асырмай ауыстыру салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту деп танылады.
2. Өзгертiлген мерзiм бойынша салық мiндеттемесiн орындау құқығы басқаға берiлуге тиiс емес.
3. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту, осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушiнi осы Кодекстiң 46-бабына сәйкес салықтар сомаларын дер кезiнде төлемегенi үшiн өсiмпұл төлеуден босатпайды.
4. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту, осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушiнің мүлкiн кепiлге алу немесе банк кепiлдiгi арқылы жүргiзiледi.
5. Салық төлеушiнiң мүлкiн кепiлге алу және банк кепiлдiгi арқылы салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
42-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмiн өзгерту
туралы шешiм қабылдауға уәкiлеттi орган
1. Республикалық бюджетке келiп түсетiн, сондай-ақ республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасында бөлiнетiн салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмдi уәкiлеттi мемлекеттік орган , осы Кодекстiң 249-бабында белгiленген жағдайларды қоспағанда, қабылдайды.
2. Жергiлiктi бюджетке толық көлемiнде келiп түсетiн салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмдi салық төлеушiнi тiркеу есебiне алу орны бойынша салық органы жергiлiктi атқарушы органмен келiсе отырып қабылдайды.
42-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
43-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту
туралы шешiмдердің қолданылуын тоқтату
1. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмнiң қолданылуы онда белгiленген қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн тоқтатылады.
2. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмнiң қолданылуы салық төлеушi салықтардың бүкiл сомасын шешiмде белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн төлеген жағдайда немесе салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау шарттарын бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
44-бап. Салық төлеушiнiң кепiлге салынған мүлкiнен өндiрiп алу және оны өткізу тәртібі
1. Кепiлмен (банк кепiлдiгiмен) қамтамасыз етiлген салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгертудiң шарттары орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, салық қызметi органдары салық төлеушiнің кепiлге салынған мүлкiн өндiрiп алуға не банк кепiлдiгiнiң орындалуын талап етуге құқылы.
2. Салық төлеушiнiң кепiлге салған мүлкiн өткізу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес жүргiзiледi.
8-тарау
Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері
45-бап. Мерзiмiнде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету тәсілдерi
Салық төлеушiнiң белгiленген мерзiмде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындау:
1) төленбеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасына өсiмпұл есептеу;
2) банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) салық төлеушiнің салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етуiн шектеу тәсiлдерімен қамтамасыз етілуi мүмкiн.
Мерзiмiнде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз етудiң осы баптың 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген тәсiлдерi салық төлеушiге осы Кодекстiң 31-бабында белгiленген мерзiмдерде хабарлама жiберген кезде қолданылады.
45-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
46-бап. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң мерзiмiнде
төленбеген сомасына өсiмпұл
1. Мерзiмi өткен салық мiндеттемесiнiң сомасына есептелетiн осы баптың 3-тармағында белгiленген мөлшер өсiмпұл болып танылады.
2. Өсiмпұл сомасы салық берешегiн өтеу бойынша салық мiндеттемесiн мәжбүрлеп орындату шараларын, сондай-ақ салық заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылықтың өзге де шараларын қолдануға қарамастан есептеледi және төленедi.
3. Өсiмпұл салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер төлеу мерзiмi күнiнен кейiнгi күннен бастап, өткен әрбiр күн үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландыру ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерiнде бюджетке төлеген күндi қоса алғанда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн есептеледi.
4. Салық және басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсiмпұлдардың, айыппұлдардың сомаларын банк шоттарының есебiнен шығару кезектілігiн сақтамағаны үшiн, сондай-ақ салық төлеушiлердiң банк шоттары есебiнен шығарылған және банктердiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кассаларының салық және басқа да мiндеттi төлемдердi, өсiмпұлдарды, айыппұлдарды төлеу шотына қабылданған қолма-қол ақшаны бюджетке аударуды (есептеудi) кешiктiргенi үшiн банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға өсiмпұл есептеледi.
5. Салық төлеушiнi банкрот деп таныған сот шешiмi қабылданғанда не оған қатысты мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылданғанда, не оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым қабылданғанда, осындай шешiм немесе ұйғарым күшiне енген күннен бастап, жиналған бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
6. Бересiнің жиналып қалуының бiрден бiр себебi қызмет көрсететiн банктің таратылуы болып табылған жағдайда, мәжбүрлеп таратылған банктердiң кредит берушiлерiне бересi сомаларын дер кезiнде өтемегенi үшiн өсiмпұл банктi мәжбүрлеп тарату туралы шешiм күшiне енген кезден бастап есептелмейдi.
7. Бересiнi өтеу үшiн сот шешiмiмен жарияланған акциялар мәжбүрлеп шығарылғанда, жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы сот шешiмi күшiне енгiзiлген кезден бастап оларды орналастыру аяқталғанға дейiн бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
8. Жеке тұлға хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы сот шешiмi күшiне енген кезден бастап, оның күшi жойылғанға дейiн бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
9. Салықтың артық төленген сомасы расталған жағдайда, осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағында белгiленген есепке алуды жүргiзу мерзiмi бұзылған ретте салық төлеушiнiң артық төленген салық сомасын есепке алуды жүргiзуге берген өтiнiшiнде көрсетiлген артық төленген салық сомасына барабар бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
Аталған ереже осы Кодекспен белгiленген жағдайларға қолданылмайды.
46-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
47-бап. Салық төлеушiнiң банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
1. Заңды тұлғаның және жеке кәсiпкердiң банк шоттары (корреспонденциялық шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен:
1) салық төлеушi салық есептілігiн тапсыру мерзiмi аяқталғаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде оны табыс етпеген;
2) белгiленген төлеу мерзiмi күнiнен бастап отыз жұмыс күнi өткеннен кейiн салық берешегiн өтемеген;
3) салық қызметi органының лауазымды адамдарының, осы Кодексте белгiленген салық тексеруiн жүргiзу тәртібін бұзған жағдайлардан басқа реттерде, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi салық тексеруiне, қарауына жол бермеген жағдайларда жүргiзiледi.
Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық берешегiн өтеу жөніндегі операциялардан басқа, салық төлеушiнiң барлық шығыс операцияларына қолданылады.
2. Салық төлеушiнің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімі уәкiлеттi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесе отырып белгiлеген нысан бойынша шығарылады және банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшiне енедi.
3. Салық төлеушiнiң банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сөзсiз орындауға тиiс.
4. Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себебi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.
Салық төлеушiнiң банк шоты жабылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк тиiстi салық органына салық төлеушiнiң банк шотының жабылғаны туралы хабарламамен бiрге шот бойынша шығыс операцияларының тоқтатыла тұратыны туралы өкiмдi қайтарады.
5. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен өсiмпұлдардың салық тексеруi нәтижесi бойынша есептелген сомасы туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру жүргiзiлмейдi.
47-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
48-бап. Салық төлеушiнiң салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етуiн шектеу туралы шешiм шығару
1. Салық төлеушiнiң банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде салық берешегi өтелмеген жағдайда, салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етудi шектеу жүргiзiледi.
Мүлiкке иелiктi шектеу туралы шешiм уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша шығарылады.
Жылжымайтын мүлiкке құқықтардың ауыртпалығын тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Салық төлеушiнiң мүлкiне билiк етуiн шектеу туралы шешiм меншiк құқығындағы немесе шаруашылық жүргiзу құқығындағы (мүлiктi шаруашылық жүргiзуге беру туралы шартта оны иелiктен айыруға тыйым салу көзделген жағдайлардан басқа реттерде) мүлiкке қатысты шығарылады.
Салық төлеушiнiң қаржы лизингiне және (немесе) кепiлге берiлген мүлкiне билiк етудi шектеу туралы шешiм шығарылған кезде салық органы осы мүлiкке қатысты шешiм шығарылған кезден бастап оның күшi жойылғанға дейiн салық органдарына - шарттың қолданылуы аяқталғанға дейiн осы мүлiктi алып қоюға, ал салық төлеушiге шарттың талаптарын өзгертуге (шарттың қолданылу мерзiмiн ұзартуға, қосалқы лизингке және (немесе) қайта кепiлге беруге) тыйым салынады.
3. Мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмдi салық органы салық төлеушiнiң жеке шотында бар салық берешегi сомасы туралы деректердiң негiзiнде қабылдайды.
4. Мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмнiң негiзiнде салық төлеушiге мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету шарттарын бұзғаны үшiн жауаптылық туралы ескертiле отырып, салық берешегi сомасына мүлiк тiзiмдемесiнiң актiсiн жасау жүргiзiледi.
Билiк ету шектелген мүлiк тiзiмдемесi салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есебi деректерiнiң негiзiнде айқындалатын оның бағасы көрсетiле отырып немесе Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы заң актiсiне сәйкес жүргiзiлетiн тәуелсiз бағалау негізiнде жүргiзiледi және уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысанда және тәртiппен екi дана етiп жасалатын актiмен ресiмделедi.
Тiзiмдеме актiсiн жасау кезiнде салық төлеушi мұндай мүлiкке меншiк құқығын және (немесе) шаруашылық жүргiзу құқығын растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
Салық органы мүлiкке билiк етудi шектеу кезiнде қатысқан салық төлеушiге мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмдi және мүлiк тiзiмдемесi актiсiнiң бiр данасын тапсыруға мiндеттi.
5. Салық төлеушi салық берешегi сомаларын өтегеннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органы мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешімнің күшін жояды.
48-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен.
9-тарау
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары
49-бап. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары
Салық тексеруі актісі бойынша хабарламаға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы. Мәжбүрлеп өндiрiп алу шаралары қолданыла бастағанға дейiн салық төлеушiге осы Кодекстiң 31-бабына сәйкес хабарлама жiберiледi. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен:
1) банк шоттарындағы ақшасының есебінен;
2) қолма-қол ақшасының есебінен;
3) дебиторларының шоттарынан;
4) билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен;
5) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару арқылы жүргiзiледi.
49-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2003 жылғы 16 мамырдағы № 416-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
50-бап. Салық берешегін банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу
1. Салық төлеушi декларациялар және (немесе) есеп айырысулар бойынша, сондай-ақ салық тексерулерi нәтижелерi бойынша есептеген салық берешегi сомалары төленбеген немесе толық төленбеген жағдайда, салық органы салық берешегiнiң сомасын салық төлеушiнің және (немесе) дербес салық төлеушi болып табылмайтын оның құрылымдық бөлiмшелерінің банк шоттарынан олардың келісімiнсiз мәжбүрлеу тәртібімен өндiрiп алуға құқылы.