Осы тармақтың ережелерi Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, секьюритилендіру туралы заңнамалық актілеріне сәйкес өндiрiп алуға жол берiлмейтiн банк шоттарына қолданылмайды.
2. Салық төлеушінің банк шоттарынан салық берешегі сомасын өндіріп алу, банк берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақшаның көрсетiлген қарыздардың өтелмеген негiзгi борышы мөлшеріндегі сомасын қоспағанда, салық органының инкассолық өкімі негізінде жүргізіледі.
3. Банк салық төлеушінің бір банктік шотынан салық берешегін өндіріп алу туралы салық органының инкассолық өкімін орындаған кезде, банк салық органына салық төлеушінің аталған банкте ашқан басқа банк шоттарына салық органы шығарған инкассолық өкімдерді, егер салық органы мұндай инкассолық өкімдерді сол сомаға, берешектің сол түрі бойынша, сол есепті кезең үшін ұсынса, салық органының инкассолық өкімдердің орындалғандығын растайтын төлем құжатын қоса тіркеп, салық органына орындаусыз қайтарады.
4. Инкассолық өкім Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілермен белгіленген нысан бойынша ұсынылады және онда салық төлеушінің немесе салық агентінің салық берешегi сомаларын өндiрiп алу жүргiзiлетiн банк шоты көрсетiледi.
5. Салық төлеушiнiң теңгемен жүргiзiлетiн банк шоттарында ақша болмаған жағдайда, салық берешегi салық төлеушiнiң шетел валютасымен жүргiзiлетiн банк шоттарынан салық органдары теңгемен ұсынған инкассолық өкiмдерi негiзiнде өндiрiп алынады.
6. Клиентке қойылған талаптардың бәрiн қанағаттандыру үшiн клиенттiң банктегi ақшасы жеткiлiктi болған жағдайда, салық берешегiн өндiрiп алуға инкассалық өкiмдi банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым бiрiншi кезекте және аталған өкiмдi алған күннен кейiнгi бiр операциялық күннен кешiктiрмей, банк шотында бар сомалар шегiнде орындайды.
7. Салық төлеушiнiң банк шотында (шоттарында) ақшасы болмағанда немесе жеткiлiксiз болғанда, клиентке бiрнеше талаптар қойылған жағдайда банк осы шотқа (шоттарға) ақша түсуiне қарай және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектілікпен салық берешегiн өтеу есебiне клиенттiң ақшасын алуды жүргiзедi.
8. Салық органы салық берешегiн өндiрiп алу туралы инкассолық өкiм шығарған салық төлеушiнiң банк шотында ақша болмаған жағдайда, инкассолық өкiмдi орындауға қабылдаған банк заңдарға сәйкес салық төлеушiнің банк шоты жабылған кезде аталған инкассолық өкiмдi салық төлеушiнің банк шотының жабылуы туралы хабарламамен бiрге тиiстi салық органына қайтарады.
50-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы № 127-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріспен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
51-бап. Салық берешегi сомасын қолма-қол ақша есебiнен өндiрiп алу
1. Салық берешегi сомасын қолма-қол ақша есебiнен өндiрiп алу банк шотында ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда жүргiзiледi.
2. Бухгалтерлiк (кассалық) құжаттар бойынша көрсетiлген салық төлеушiнiң қолма-қол ақшасын (соның iшiнде шетелдiк валютамен) салық органының алып қоюы салық берешегi сомасын қолма-қол ақша есебiнен өндiрiп алу деп танылады.
3. Қолма-қол ақшаны алып қою уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен нысан бойынша алып қою туралы актiмен ресiмделедi.
4. Салық төлеушiден алынған қолма-қол ақша алып қойылған күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей, кейiннен бюджетке аударатындай етiп салық төлеушiнiң банк шоттарына есептеу үшiн банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға тапсырылуға тиiс. Банк шоттары болмаған жағдайда, салық төлеушiден алынған қолма-қол ақша өндiрiп алынған күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей бюджет есебiне алынуға тиiс.
51-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен.
52-бап. Салық төлеушiнiң салық берешегi сомасын оның дебиторларының шоттарынан өндiрiп алу
1. Салық төлеушiнiң банк шоттарында ақшасы және қолма-қол ақшасы болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда салық органы жиналып қалған салық берешегi шегiнде салық төлеушiге берешегi бар үшiншi бiр тұлғалардың (бұдан әрi - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшадан өндiрiп алуға құқылы.
1-1. Салық берешегiн мәжбүрлеп өндiрiп алудың қабылданып жатқан шаралары туралы хабарлама алған күннен бастап салық төлеушi он жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлама жiберген салық органына дебиторлық берешек сомаларын көрсете отырып, дебиторлар тiзiмiн табыс етуге мiндеттi.
Дебиторлар тiзiмi осы тармақта көрсетiлген мерзiмде табыс етiлмеген жағдайда салық органы салық төлеушiге салықтық тексеру жүргiзедi.
1-2. Ұсынылған дебиторлар тiзiмiнiң немесе дебиторлық берешек сомасын растайтын салықтық тексеру актiсiнiң негiзiнде салық органы дебиторларға дебиторлық берешек сомасы шегiнде салық төлеушiнiң салық берешегiн өтеу есебiне олардың банк шоттарындағы ақшадан өндiрiп алу туралы хабарлама жiбередi.
Осы бапта көзделген жағдайды қоспағанда, дебитор хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлама жiберушi салық органына хабарлама алған күнге салық төлеушiмен бiрлесiп жасалған өзара есеп айырысудың салыстыру актiсiн табыс етуге мiндеттi.
Дебиторлар өзара есеп айырысудың салыстыру актiсiн осы тармақта көрсетiлген мерзiмде табыс етпеген жағдайда салық органы аталған дебиторларға салықтық тексеру жүргiзедi.
1-3. Дебиторлық берешек сомасын растайтын салықтық тексеру актiсi және дебиторлардың банк шоттарындағы ақшасынан өндiрiп алу туралы хабарлама болған кезде олар өзара есеп айырысулардың салыстыру актiсiн табыс етпейдi.
1-4. Салық төлеушi салық берешегiн өтеген жағдайда дебиторлар тiзiмi мен өзара есеп айырысулардың салыстыру актiсi табыс етiлмейдi.
2. Салық төлеушi мен оның дебиторының арасындағы өзара есеп айырысуды салыстыру актiсiнде мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) салық төлеушi мен оның дебиторының атауы, олардың тiркеу нөмiрлерi;
2) салық төлеушi мен оның дебиторы тiркеу есебiнде тұрған салық органының атауы;
3) салық төлеушi мен оның дебиторының банк шоттарының деректемелерi;
4) дебитордың салық төлеушiге берешек сомасы;
5) салық төлеушi мен оның дебиторының заңды деректемелерi, мөрi және қойылған қолдары;
6) салыстыру актiсiнiң жасалған күнi.
3. Өзара есеп айырысуды салыстыру актiсiнiң немесе дебиторлық берешек сомасын растайтын салықтық тексеру актiсiнiң негiзiнде салық органы салық төлеушiнiң салық берешегi сомасын өндiрiп алу туралы инкассолық өкiмдi дебитордың банк шотына ұсынады.
4. Салық төлеушi дебиторының банкi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымы осы Кодекстiң 50-бабында белгiленген талаптарға сәйкес салық төлеушiнiң салық берешегi сомасын өндiрiп алу туралы салық органы ұсынған инкассолық өкiмдi орындауға мiндеттi.
5. Осы баптың ережелерiне сәйкес өзара есеп айырысуды салыстыру актiсi бола отырып салық органының хабарламасын табыс еткен кезден бастап тоқсан жұмыс күнi iшiнде салық төлеушiнiң пайдасына дебитор төлем жүргiзген жағдайда, салық органы жүргiзiлген төлемдер сомасы шегінде салық төлеушінің салық берешегі сомасын өндіріп алу туралы инкассолық өкімін дебитордың банк шотына ұсынуға құқылы.
52-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен.
53-бап. Салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен салық берешегі есебінен өндіріп алу
1. Салық төлеушінің - заңды тұлғаның және жеке кәсіпкердің банк шоттарында ақшасы, қолма-қол ақшасы және дебиторларының банк шоттарында ақшасы болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайларда салық органдары оның келісімінсіз салық берешегінің сомасы шегінде салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкінен өндіріп алуды жүргізуге құқылы.
2. Салық төлеуші билік ету шектелген мүліктің шектеу алып тасталғанға дейін сақталуын және тиісінше күтіп-ұсталуын қамтамасыз етуге міндетті. Ол орындалмаған жағдайда, салық төлеуші билік ету шектелген мүлікті аукционға дайындау жөніндегі шығындарды өтеуге міндетті және аталған мүлікке қатысты заңсыз әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
53-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
54-бап. Салық төлеушінің билік ету шектелген мүлкін салық берешегі есебіне өткізу тәртібі
Билік ету шектелген мүлікті өткізу мамандандырылған аукционда жүзеге асырылады, оның жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
55-бап. Салық төлеушінің-жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік
қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығару
Осы Кодекстiң 49-бабының 1)-4) тармақшаларында көзделген барлық шаралар қолданылғаннан кейін салық төлеуші-жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғам салық берешегі сомаларын өтемеген жағдайда, уәкілеттi мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен, сотқа жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы талап-арызбен жүгiнуге құқылы.
55-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңының редакциясында.
56-бап. Салық төлеушіні банкрот деп тану
1. Осы Кодекстің 49-бабында көзделген барлық шаралар қолданылғаннан кейін салық берешегі сомасын заңды тұлға, жеке кәсіпкер өтемеген жағдайда, салық органы Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес оны банкрот деп тану жөнінде шаралар қолдануға құқылы.
2. Банкрот деп танылған заңды тұлғаны тарату тәртібі Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
10-тарау
Салық міндеттемесін тоқтатудың негіздері
57-бап. Жеке тұлғаның салық мiндеттемесiн тоқтату
Жеке тұлғаның салық мiндеттемесi:
1) қайтыс болғанда;
2) оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енгенде тоқтатылады.
58-бап. Заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн тоқтату
Заңды тұлғаның салық мiндеттемесi:
1) толық таратылғаннан кейiн;
2) қосылу (қосылған заңды тұлғаға қатысты), бiрiгу, бөлiну және қайта құрылу жолымен толық қайта ұйымдастырылғаннан кейiн тоқтатылады.
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
3-бөлім
Жалпы ережелер
11-тарау
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері
59-бап. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында осы Кодексте белгiленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер қолданылады.
2. Салықтар тiкелей және жанама болып бөлiнедi. Жанама салықтарға қосылған құн салығы мен акциз жатады.
3. Салық және басқа да мiндеттi төлемдердiң сомалары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңдарда белгiленген тәртіппен тиiстi бюджеттердiң кiрiсiне түседi.
59-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
60-бап. Салықтар
1. Корпорациялық табыс салығы.
2. Жеке табыс салығы.
3. Қосылған құн салығы.
4. Акциздер.
4-1. Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығы.
5. Жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдерi.
6. Әлеуметтiк салық.
7. Жер салығы.
8. Көлiк құралдары салығы.
9. Мүлiк салығы.
60-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
61-бап. Алымдар
1. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
2. Жеке кәсiпкерлердi мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
3. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалған мәмiлелердi мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
3-1. Жылжымалы мүлiк кепiлiн мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
4. Радиоэлектрондық құралдарды және жиiлiгi жоғары құрылғыларды мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
5. Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
6. Теңiз, өзен кемелерi мен шағын көлемдi кемелердi мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
6-1. Кеменің немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасын мемлекеттік тіркеу үшiн алым.
7. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
8. Дәрi-дәрмек құралдарын мемлекеттік тiркегенi үшiн алым.
8-1. Туындылар мен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды, туындылар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тiркеу үшiн алым.
9. Автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүру алымы.
9-1. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қойғаны үшiн алым.
10. Аукциондардан алынатын алым.
11. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі № 475-ІІ Заңымен алынып тасталды.
12. Жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алым.
13. Телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат беру үшiн алым.
61-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 22 қазандағы № 601-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ, 2005 жылғы 22 қарашадағы № 90-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі № 156 Заңымен енгізілген толықтырумен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
62-бап. Төлемақылар
1. Жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемақы.
2. Жер бетіндегі көздердiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы.
3. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы.
4. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы.
5. Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы.
7. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы.
7-1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы.
8. Кеме жүретiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төлемақы.
9. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы.
62-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шiлдедегi № 568-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
63-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік баж
64-бап. Кеден төлемдерi
1. Кеден бажы.
2. Кеден алымдары.
3. Алдын ала шешiм қабылдағаны үшiн төлемақы.
4. Алымдар.
64-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi № 475-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
12-тарау
Салық есебінің ережелері және салық есептілігі
65-бап. Салық есебiнiң ережелерi
1. Салық төлеушiлер салық салу объектілерi мен салық салуға байланысты объектiлердi осы Кодексте белгiленген тәртiп пен шарттар бойынша есептеу әдiсiмен айқындайды.
2. Шетел валютасымен жасалатын операция салық салу мақсатында операция (төлем) жасалған күнгi валюта айырбастаудың рыноктық бағамы қолданыла отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгемен қайта есептеледi.
3. Салық мақсаттары үшiн тауар-материалдық қорлар есебi бухгалтерлiк есеп жөніндегі ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
4. Барлық салықтарға қатысты баспа-бас айырбас операциялар осы операцияларды шот-фактуралармен мiндеттi түрде ресiмдей отырып қолданылатын бағалар бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткізу ретiнде қарастырылады.
65-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
66-бап. Есеп құжаттамасын жасау және сақтау
1. Салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi айқындау үшiн, сондай-ақ салық мiндеттемелерiн есептеу үшiн негiз болатын бастапқы құжаттар, бухгалтерлiк есептiң тiркелiмдерi және өзге де құжаттар есеп құжаттамасы болып табылады.
2. Есеп құжаттамасы қағазда және (немесе) электрондық көздерде жасалады және осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, есеп құжаттамасы жасалған кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнен бастап, осындай құжаттама қатысты болатын әрбiр салық түрi немесе басқа да мiндеттi төлем үшiн осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi өткенге дейiн сақталады.
3. Қызметiн жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарға сәйкес жүзеге асыратын салық төлеушiлердің есеп құжаттамасы келісім-шарттың қолданылуы аяқталған кезеңнен кейiнгi салық кезеңi үшiн осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi өткенге дейiн сақталады.
4. Тiркелген активтердiң, соның iшiнде қаржы лизингi бойынша берiлген (алынған) активтердің құнын растайтын есеп құжаттамасы осындай актив бойынша амортизациялық аударымдар есептелетiн соңғы салық кезеңi үшiн осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi өткенге дейiн сақталады. Амортизациялауға жатпайтын тiркелген активтердің құнын растайтын есеп құжаттамасы салық салу мақсатында осындай активтер өткiзiлген салық кезеңi үшiн осы Кодексте белгiленген талап қою мерзiмi өткенге дейiн сақталады.
5. Бастапқы құжаттарды және бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн салық төлеушi мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жасайды.
Шет тiлдерде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде салық органы олардың мемлекеттік тiлге немесе орыс тілiне аударылуын талап етуге құқылы.
6. Есеп құжаттамасы электрондық көздерде жасалған кезде салық төлеушi мониторинг кезiнде және тексеру барысында салық органдарының талап етуi бойынша мұндай құжаттардың қағазға түсiрiлген көшiрмелерiн беруге мiндеттi.
67-бап. Бөлек есеп және оны жүргiзу тәртібі
1. Осы Кодексте салық салудың әртүрлi шарттары көзделген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiлер салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердің бөлек есебiн жүргiзуге мiндеттi.
2. Салық төлеушiлер бөлек есепке алуды осы Кодексте белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, бухгалтерлiк есепке алу деректерi негiзiнде жүргiзедi. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, бөлек есепке алу әрбiр қызмет түрi бойынша жеке жүргiзiледі.
2-1. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушы келісім-шарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша және келісім-шарт шеңберiнен тыс қызмет бойынша салық мiндеттемелерiн есептеу үшiн бөлек есепке алуды жүргiзуге мiндеттi.
3. Белгiлi бiр қызмет түрiне жатқызылған барлық кiрiстер мен шығыстар тиiстi есеп құжаттамасымен расталуға тиiс.
67-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырумен.
68-бап. Салық есептілігi
1. Салық есептілігi дегенiмiз осы Кодекстiң 67-бабының ережелерiн ескере отырып, салық төлеушi, салық агентi салық органдарына табыс ететiн, салық мiндеттемелерiн есептеу туралы ақпараты бар құжаттама.
2. Салық есептілігiне осы тармақта көрсетiлген мынадай құжаттар, сондай-ақ олардың қосымшалары мен қосымша нысандары кiредi:
салықтың әрбiр түрi және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша салық төлеушi жасайтын салық декларациялары, есеп-қисабы;
арнаулы салық режимдерiн қолдануға патент алуға өтiнiштер;
осы Кодекстiң 397 және 531-баптарына сәйкес салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi тiркеу және қайта тiркеу туралы өтiнiштер;
қосылған құн салығын бюджеттен қайтарып алуға өтiнiштер;
қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шарттар нормаларын қолдануға берiлген өтiнiштер;
шот-фактуралар тiзiлiмi;
осы Кодекске сәйкес электрондық мониторингке жататын, салық төлеушiлер табыс ететiн құжаттама.
3. Салық есептілігi - салық төлеушiнiң, салық агентiнiң осы Кодексте белгiленген тәртiпке сәйкес салық органдарына берiлген жазбаша өтiнiшi және (немесе) электрондық құжаты, онда салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер туралы, сондай-ақ салық мiндеттемелерiн есептеу мен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеуге байланысты басқа да деректер туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. Салық декларациясы мен есеп-қисабында көрсетiлуге тиiстi белгiлi бiр деректер болмаған жағдайда, оған уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тиiстi қосымшалар табыс етiлмейдi.
68-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен.
69-бап. Салық есептілігiн жасау мен табыс ету тәртібі
1. Салық есептілігiн салық төлеушi, салық агентi не олардың өкiлдерi осы Кодекске сәйкес уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен және нысандар бойынша дербес жасайды.
Осы Кодексте салық салудың әртүрлi шарттары көзделген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiлер мұндай қызметтiң әрбiр түрi үшiн бөлек салық есептілігiн жасайды.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартта өзгеше көзделмесе, бөлек есеп жүргiзу қажеттілігi көзделген жер қойнауын пайдаланушылар келісім-шарт шеңберiнде жүзеге асырылатын қызмет бойынша және келісім-шарт шеңберiнен тыс қызмет бойынша бөлек салық есептілігiн жасайды.
2. Салық есептілігi қағазда және (немесе) электрондық көздерде мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жасалады. Салық есептілігi электрондық көздерде жасалған кезде салық төлеушi, салық агентi уәкiлеттi мемлекеттік органның талап етуi бойынша осындай құжаттардың қағазға түсiрiлген көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
3. Қағазға түсiрiлген салық есептілігiне салық төлеушi, салық агентi (басшы және бас бухгалтер) қол қоюға, сондай-ақ ол салық төлеушiнiң, салық агентiнiң мөрiмен расталуға тиiс. Салық есептілігi электронды түрде жасалған кезде электрондық құжат салық төлеушiнiң электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуға тиiс. Салық төлеушi - жеке тұлғаның өзi болмаған не ол iс-әрекетке қабiлетсiз болған жағдайда салық есептілігiне оның өкiлi қол қойып, куәландырады.
4. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен алынып тасталды.
5. Салық төлеушi, салық агентi салық есептілігiн жасаған кезде, оның iшiнде мұндай есептіліктi оның өкiлi жасаған жағдайда, салық есептілігiнде көрсетiлген деректердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық салық төлеушіге, салық агентiне жүктеледі.
6. Салық төлеушi, салық агентi салық есептілігiн тиiстi салық органдарына осы Кодексте белгiленген тәртiппен және мерзiмде табыс етедi.
7. Салық төлеушi (заңды тұлға) қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ол туралы салық органына жазбаша хабарлайды.
Салық төлеушiнi (заңды тұлғаны) қосу, бiрiктiру, бөлу жолымен қайта ұйымдастырған немесе таратқан кезде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған әрбiр салық төлеушiге салық кезеңi басталғаннан қайта ұйымдастыру немесе тарату аяқталған күнге дейiн өткізу актiсiнiң, тиiсiнше бөлу немесе тарату балансының негiзiнде бөлек салық есептілігi жасалады.
Осы тармақта көрсетiлген есептілік заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты құжаттық тексерудi жүргiзу туралы өтiнiшпен бір уақытта өткізу актiсiн, бөлу немесе тарату балансын бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тапсырылады.
Заңды тұлғаны бөлiп шығару жолымен қайта ұйымдастыруға байланысты құжаттық тексерудi жүргiзу туралы өтiнiш бөлу балансын бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде тапсырылады.
Осы тармақтың ережелерi қайта құру, сондай-ақ басқа заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
7-1. Жеке кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметтi тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ол туралы салық органына жазбаша хабарлайды.
Кәсiпкерлiк қызметтi тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр ай iшiнде жеке кәсiпкер салық органына салық кезеңi басталғаннан берi кәсiпкерлiк қызмет тоқтатылған күнге дейiн жасалған салық есептілігiн табыс етедi.
Осы тармақта көрсетiлген салық есептілігiмен бiрге жеке кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметтiң тоқтатылуына байланысты құжаттық тексерудi жүргiзу туралы өтiнiш береді.
8. Салық төлеушiлер, салық агенттерi салық есептілігiн өз қалауы бойынша:
1) өзi келу тәртібімен;
2) хабарланатын етiп почта арқылы тапсырыстық хатпен;
3) уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген жағдайларда ақпаратты компьютерлiк өңдеуге болатын электронды түрде табыс етуге құқылы.
9. Құжаттарды салық органы қабылдаған күн немесе есептілік жөнелтілімi электрондық почта арқылы жеткiзiлгендiгi туралы хабарланған күн салық есептілігi салық органына табыс етiлген күн болып табылады.
Почта ұйымына немесе өзге де байланыс ұйымына осы Кодексте белгiленген мерзiмнiң соңғы күнiнде сағат жиырма төртке дейiн тапсырылған салық есептілігi почта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдаған уақыты мен күнi қойылған белгiсi болса, мерзiмiнде табыс етiлген деп саналады.