4. Салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға салық төлеушiнiң өзiнiң қатысуы оны өкiл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкiлдiң қатысуы салық төлеушiнi аталған қатынастарға өзiнiң қатысу құқығынан айырмайды.
5. Салық төлеушi өкiлдерiнiң салық заңдарымен реттелетiн қатынастарға сол салық төлеушiнiң қатысуына байланысты жасаған әрекеттерi (әрекетсiздiгi) салық төлеушiнiң әрекеттерi (әрекетсiздiгi) болып танылады.
3-тарау
Салық қызметі органдары. Кеден органдары.
Салық қызметі органдарының басқа мемлекеттік
органдармен өзара іс-қимылы
15-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi мен құрылымы
1. Салық қызметi органдарына салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің толық түсуiн, мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және дер кезiнде аударылуын қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ салық төлеушiлердiң салық мiндеттемелерiн орындауына салық бақылауын жүзеге асыру жөніндегі мiндеттер жүктеледi.
2. Салық қызметi органдары уәкiлеттi мемлекеттік орган мен салық органдарынан тұрады.
3. Салық органдарына аймақаралық салық комитеттерi, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерi, ауданаралық салық комитеттерi, аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша салық комитеттерi жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда бұл аймақтардың аумағында салық комитеттері құрылуы мүмкін.
4. Салық органдары тиiстi жоғары тұрған салық қызметi органына төменнен жоғары қарай тiкелей бағынады және жергiлiктi атқарушы органдарға жатпайды.
5. Уәкiлеттi мемлекеттік орган салық органдарына басшылық жасауды жүзеге асырады.
6. Салық органдарының бiрiншi басшыларын қызметке уәкiлеттi мемлекеттік органның бiрiншi басшысы тағайындайды.
15-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 наурыздағы № 312-ІІ, 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ, 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңдарымен енгiзiлген толықтырулармен.
16-бап. Салық қызметi органдарының құқықтары
1. Салық қызметi органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге және бекітуге;
2) өз құзыретi шегiнде салық мiндеттемелерiнiң туындауы, орындалуы мен тоқтатылуы жөнiнде түсіндiрудi жүзеге асыруға және түсiнiктеме беруге;
3) осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiнің ақша құжаттарына, бухгалтерлiк кiтаптарына, есептерiне, сметаларына, ақшасының бар-жоғына, бағалы қағаздарына, есеп айырысуларына, декларацияларына және салық мiндеттемелерiн орындауға байланысты өзге де құжаттарына Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген талаптарды сақтай отырып, тексеру жүргiзуге;
5) салық төлеушiден уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысандар бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеу мен төлеу (ұстау мен аудару) жөнiнде құжаттар, оларды толтыру жөнiнде түсiндiрмелер, сондай-ақ салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың дұрыс есептелгендiгiн және дер кезiнде төленгендiгiн (ұсталғандығын және аударылғандығын) растайтын құжаттар берудi талап етуге;
6) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен салық тексеруiн жүзеге асыру барысында салықтық құқық бұзушылықтар жасалғанын айғақтайтын құжаттарды салық төлеушiден алып қоюға;
7) орналасқан жерiне қарамастан табыс табу үшiн пайдаланылатын кез келген салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi тексеруге, салық төлеушiнiң мүлiктерiне (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеу жүргiзуге;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн тiзбе бойынша уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен салық төлеушiден электрондық құжаттар түріндегі ақпарат алуға;
9) тексерiлетiн салық төлеушiге - заңды тұлға мен жеке кәсiпкерге салық салуға байланысты мәселелер бойынша коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген талаптарды сақтай отырып, банктерден немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оның банк лоттарының бар-жоғы және олардың нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы мәлiметтер алуға;
осы тармақшада көрсетiлген, әрекетсiз заңды тұлғаға қатысты мәлiметтер уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша мұндай тұлғаларға қатысты салықтық тексеру жүзеге асырылғанына қарамастан сұралады;
10) осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда салық төлеушiнің салық мiндеттемесiн жанама әдiспен айқындауға;
10-1) салық тексерулерiне басқа да мемлекеттік органдардың мамандарын тартуға;
11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соттарға талаптар қоюға;
12) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 49-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап-арыз беруге құқылы.
2. Салық қызметi органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
16-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 483-ІІ, 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ, 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңдарымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
17-бап. Салық қызметi органдарының мiндеттерi
1. Салық қызметi органдары:
1) салық төлеушiнiң құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғауға;
3) салық төлеушiнiң салық мiндеттемелерiн орындауына, Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық есептелуiне және уақтылы төленуiне, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының дер кезiнде ұсталуына және аударылуына салық бақылауын жүзеге асыруға;
4) салық төлеушiлердiң, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердің есебiн, есептелген және төленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есебiн белгiленген тәртiппен жүргiзуге;
5) белгiленген салық есептілігiнiң нысандарын толтыру тәртібін түсiндiруге;
6) салық тексеруiн қатаң нұсқамалар бойынша жүргiзуге;
7) осы Кодекс ережелерiне сәйкес салық құпиясын сақтауға;
8) осы Кодексте көзделген мерзiмдер мен жағдайларда салық төлеушiге салық мiндеттемелерiнiң орындалуы жөнiнде хабарлама тапсыруға;
9) салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша үш күн мерзiмнен кешiктiрмей салық мiндеттемелерiн орындауы жөніндегі бюджетпен есеп айырысуларының жай-күйi туралы оның жеке шотынан көшiрменi беруге;
10) салық төлеушiге берiлетiн, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiнің орындалу фактiсiн растайтын квитанциялар көшiрмесiнiң бес жыл бойы сақталуын қамтамасыз етуге;
11) мемлекет меншiгiне айналған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінiң сақталуын, оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиiстi уәкiлеттi органға толық және уақтылы тапсырылуын, сондай-ақ ол сатылған жағдайда ақшаның бюджетке толық және дер кезiнде түсуiн бақылауды жүзеге асыруға;
12) салық мiндеттемелерiнің орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерiн қолдануға және салық төлеушiден салық берешегiн осы Кодекске сәйкес мәжбүрлеп өндiрiп алуға;
13) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес салық төлеушiге әкiмшiлiк айыппұлдар салуға мiндеттi.
2. Салық тексеруi барысында салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден қасақана жалтару фактілері, сондай-ақ қылмыс белгiлерiн көрсететiн әдейi, жалған банкроттық фактілері анықталған кезде, салық органдары Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн тиiстi құқық қорғау органдарының тергеуiне жататын материалдарды жiбередi.
3. Салық қызметi органдары Қазақстан Республикасының салық заңдарымен көзделген өзге де мiндеттердi орындайды.
17-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 22 маусымдағы № 147-ІІІ Заңымен енгізілген өзгеріс және толықтырумен.
18-бап. Мүдделер қақтығысы
Салық қызметi органдары лауазымды адамдарының жақын туысы (ата-анасы, жұбайы (зайыбы), аға-iнiлерi, апа-қарындастары, балалары) немесе жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, апа-қарындастары, ата-анасы мен балалары) болып табылатын және (немесе) қаржылық жағынан тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар салық төлеушiге қатысты мұндай лауазымды адамның қызметтiк мiндеттерiн жүзеге асыруына тыйым салынады.
19-бап. Кеден органдарының салықтар алу жөніндегі өкiлеттiгi
Кеден органдары, Қазақстан Республикасының кеден шекарасынан тауарлар өткiзiлген кезде, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi алуды жүзеге асырады.
20-бап. Уәкiлеттi органдардың өкiлеттiктерi
Уәкiлеттi органдардың бюджетке төленетiн мiндеттi төлемдердi алу жөніндегі өкiлеттiктерi осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде айқындалады.
21-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлеттiктерi
1. Кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi (бұдан әрi - әкiмдер) салық төлеушi - жеке тұлға төлейтiн мүлiкке, көлiк құралдарына салынатын салықтарды, жер салығын жинауды ұйымдастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған салықтарды жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негiзiнде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған салықтарды жинауды ұйымдастыру кезiнде әкiмдер:
1) есептелген күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органы есептеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомасы туралы хабарламаларды салық төлеушiге тапсыруды;
2) салық төлеушiге - жеке тұлғаға салық сомаларын төлеу фактiсiн растайтын квитанция берудi;
3) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған банктiк күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, салық сомаларын кейiннен бюджет есебiне жатқызу үшiн күн сайын өткізудi қамтамасыз етедi. Егер күн сайынғы ақша түсiмi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, сондай-ақ банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде елдi мекенде ақша өткізу үш банктiк күнде бiр рет жүзеге асырылады;
4) квитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;
5) салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомаларын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен және мерзiмде банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға өткізу туралы есептердi берудi қамтамасыз етедi.
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) немесе аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген тәртiппен бiржолғы талондарды берудi ұйымдастырады және бiржолғы талондарды өткізуден түскен соманың толық жиналуын қамтамасыз етедi.
21-бап Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-ІІІ Заңының редакциясында.
22-бап. Салық қызметi органдарының басқа мемлекеттік органдармен өзара iс-әрекетi
1. Салық қызметi органдары орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдармен өзара iс-әрекет жасайды, бiрлескен бақылау шараларын қолданады, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік органдар салық заңдарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі мiндеттердi орындауда салық қызметi органдарына жәрдемдесуге мiндеттi.
3. Салық қызметi органдары мен кеден органдары өздерiне жүктелген салық бақылауын жүзеге асыру жөніндегі мiндеттердi өзара iс-әрекет жасау арқылы орындайды.
4. Салық қызметi органдары мен жергiлiктi атқарушы органдар салық жинауды жүзеге асыру бойынша бiр-бiрiмен өзара iс-әрекет жасайды.
23-бап. Салық қызметi органдарының лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау
1. Салық қызметi органдарының лауазымды адамдары қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде заңмен қорғалады.
2. Қызметтегi жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметi органдарының лауазымды адамының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген жағдайда, оған республикалық бюджет қаражатынан бес айлық жалақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi, кейiн бұл сома Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiнәлi адамдардан өндiрiп алынады.
3. Қызметтегi жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық қызметi органдарының лауазымды адамының денсаулығына кәсiби қызметiмен одан әрi айналысуына мүмкiндiк бермейтiн ауыр зиян келген жағдайда, оған республикалық бюджет қаражатынан, кiнәлi адамдардан кейiн сомасы өндiрiп алынатын, бес жылдық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық жалақысы мен зейнетақысының мөлшерi арасындағы айырма (өмiр бойы) төленедi.
4. Салық қызметi органдарының лауазымды адамы қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қайтыс болған жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлерiне):
1) қаза тапқан (қайтыс болған) адамның соңғы лауазымы бойынша республикалық бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде және тәртiппен асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақы тағайындалады.
5. Қызметтiк мiндеттерiн орындауына байланысты салық қызметi органдары лауазымды адамдарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян, сондай-ақ салық қызметi органдары лауазымды адамдарының отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиян, осы сома кейiн кiнәлi адамдардан өндiрiп алына отырып, республикалық бюджет қаражатынан толық көлемiнде өтеледi.
2-бөлім
Салық міндеттемесі
4-тарау
Жалпы ережелер
24-бап. Салық мiндеттемесi
1. Салық төлеушiнiң салық заңдарына сәйкес мемлекет алдында туындаған мiндеттемесi салық мiндеттемесi деп танылады, оған сәйкес салық төлеушi салық органына тiркеу есебiне тұруға, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi айқындауға, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi есептеуге, салық есептілігiн жасауға, оны белгiленген мерзiмде табыс етуге, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге мiндеттi.
2. Мемлекет салық қызметi органы арқылы салық төлеушiден - оның салық мiндеттемелерiн толық көлемiнде орындауын талап етуге, ал олар орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсiлдердi және осы Кодексте көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
25-бап. Салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер
Мүлiк пен iс-әрекеттер салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлер болып табылады, олардың болуына байланысты салық төлеушiнің салық мiндеттемесi туындайды.
Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемнiң әрбiр түрi бойынша салық салу объектiсi мен салық салуға байланысты объект осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес айқындалады.
26-бап. Салық базасы
Салық базасы дегенiмiз салық салу объектiсi мен салық салуға байланысты объектiнiң құн, физикалық немесе өзге де сипаттамалары, олардың негiзiнде бюджетке төленуге тиiс салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы айқындалады.
27-бап. Салық ставкасы
1. Салық ставкасы салық базасының өлшем бiрлiгiне салық есептеулерiнің шамасын бiлдiредi.
2. Салық ставкасы салық базасының өлшем бiрлiгiне процентпен немесе абсолюттi сомамен белгiленедi.
28-бап. Салық кезеңi
Осы Кодекстiң ерекше бөлiмiне сәйкес жекелеген салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдерге қатысты белгiленген уақыт кезеңi салық кезеңi деп түсiнiледi, ол аяқталған соң салық базасы айқындалады және бюджетке төленуге тиiс салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасы есептеледi.
5-тарау
Салық міндеттемесін орындау
29-бап. Салық мiндеттемесiн орындау
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, салық төлеушi салық мiндеттемесiн орындауды дербес жүзеге асырады.
2. Салық төлеушi салық мiндеттемесiн орындау үшiн мынадай iс-әрекеттер жасайды:
1) салық органына тiркеу есебiне тұрады;
2) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердiң есебiн жүргiзедi;
3) салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi, салық базалары мен салық ставкаларын негiзге ала отырып, бюджетке төленуге тиiстi салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасын есептейдi;
4) салық есептілігiн жасайды және оны белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде салық қызметi органдарына табыс етедi;
5) салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есептеп шығарылған және есептелген сомаларын, сондай-ақ салық мiндеттемесi орындалмаған жағдайларда, салық өсiмпұлдары мен айыппұлдарын төлейдi.
Салық төлеушi салық мiндеттемесiн осы Кодексте белгiленген тәртіппен және мерзiмдерде орындауы тиiс.
3. Салық төлеушi салық мiндеттемесiн мерзiмiнен бұрын орындауға құқылы.
4. Салық төлеушiнiң қолма-қол ақшасыз төлеу нысанында орындалатын салық мiндеттемесi банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасына төлем тапсырмасы акцептiң алған күннен бастап, ал қолма-қол ақша нысанында - салық төлеушi аталған соманы банкке немесе уәкiлеттi органға төлеген кезден бастап орындалды деп есептеледi.
5. Салық төлеушiнiң салық агентi орындайтын салық төлеу жөніндегі салық мiндеттемесi оны ұстап қалған күннен бастап орындалды деп есептеледi.
6. Салықтар төлеу жөніндегі салық мiндеттемесi осы Кодекстiң 39 және 252-баптарында белгiленген тәртiппен есепке жатқызу жолымен орындалуы мүмкін.
7. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөніндегі салық мiндеттемесi, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдардың қызметiн реттейтiн заң актілерiнде көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерімен және жер қойнауын пайдалануға жасалған келісім-шарттардың ережелерiмен заттай нысанда төлеу немесе шетелдiк валютамен төлеу көзделген жағдайларды қоспағанда, теңгемен орындалады.
29-бап Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
30-бап. Салық мiндеттемесiн орындау кезiнде салық және бюджетке төленетiн басқа да
мiндеттi төлемдердi есептеу ерекшелiктерi
1. Төлем көзiнен ұсталатын салық сомаларын есептеудi салық агентi жүзеге асырады.
2. Осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген жағдайларда салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жекелеген түрлерiнiң сомасын есептеу жөніндегі мiндет салық органына және уәкiлеттi органдарға жүктелуi мүмкiн.
31-бап. Салық қызметi органдарының салық мiндеттемесiн орындау жөніндегі хабарламасы
1. Салық төлеушiнiң салық мiндеттемесiн орындау қажеттiгi туралы салық қызметi органының оған жiберген жазбаша хабары хабарлама деп танылады.
2. Хабарлама түрлерi төменде аталған түрлермен шектеледi және олар салық төлеушiге мынадай мерзiмдерде:
1) салық органы осы Кодекстiң 30-бабының 2-тармағына сәйкес есептеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомасы туралы - есептеп шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
2) салық тексеруi нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен өсiмпұлдардың есептелген сомасы туралы - салық тексеруi актiсiн табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
3) Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен алынып тасталды;
4) мерзiмiнде орындалмаған салық мiндеттемесiнiң орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде қолданылатын шаралар туралы, осы Кодекстiң 45-бабының 1) тармақшасында белгiленген жағдайды қоспағанда, - осы Кодекстiң 47-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғаннан кейiн;
5) салық берешегiн мәжбүрлеп өндiрiп алудың қолданылатын шаралары туралы - мәжбүрлеп өндiрiп алу шаралары қолданыла бастағанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
6) дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндiрiп алу туралы - өндiрiп алуға дейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
7) камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы - салық есептілігiнде бұзушылық анықталған күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
8) салық төлеушiнiң шағымын қарау нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен өсiмпұлдардың есептелген сомалары туралы - шағым бойынша шешiм қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
9) салық заңдарын бұзушылықты жою туралы - оларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей жiберiледi.
3. Хабарламада салық төлеушiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты немесе толық атауы; салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi; хабардар етiлген күн; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда салық мiндеттемесiнiң сомасы; салық мiндеттемесiн орындау туралы талап; хабарлама жiберу үшiн негiздеме; шағымдану тәртібі көрсетiледi.
Хабарламалардың нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
4. Хабарлама салық төлеушiнің (өкiлiнің) жеке өзiне қол қойдырылып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен тапсырылуға тиiс.
4-1. Осы баптың 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген хабарламаны салық төлеушi өзiне хабарлама тапсырылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде орындауға тиiс.
5. Осы бапта көзделген ережелер салық агентiне жiберiлетiн хабарламаға қатысты да қолданылады.
31-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.
32-бап. Салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерi
1. Салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерi осы Кодекспен белгiленедi. Бұл ретте, осы Кодексте белгiленген мерзiмнiң өтуi оның басталуы айқындалған нақты оқиғадан немесе заңды iс-әрекеттен кейiн келесi күнi басталады. Мерзiм осы Кодексте белгiленген кезең аяқталған күнiнiң соңында бiтедi. Егер мерзiмнің соңғы күнi жұмыс күнi болмаса, мерзiм келесi жұмыс күнiнiң соңында аяқталады.
2. Салық органдары салық бақылауы нәтижелерi бойынша салықтар, бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен өсiмпұлдардың есептелген сомалары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңдарын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жiберген жағдайда, салық мiндеттемесi салық төлеушiге хабарлама тапсырылған күннен кейiнгi он бec жұмыс күнi iшiнде орындалуға тиiс.
3. Салық тексеруi нәтижелерi бойынша салық органдарының хабарламасында көрсетiлген салықтар, бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер мен өсiмпұлдар есептелген сомаларымен (төлем көздерiнен ұсталатын акциздердің және салықтардың есептелген сомаларынан басқа) салық төлеушi келiскен жағдайда, салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмi алпыс жұмыс күнiне ұзартылуы мүмкiн. Бұл ретте көрсетiлген сома төлеу мерзiмi ұзартылған әрбiр күнге өсiмпұл есептеле отырып, осы кезеңнiң әрбiр он бес жұмыс күнi сайын тең үлеспен бюджетке төленуге тиiс.
4. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың салық берешегi сомаларын жабу үшiн соттың шешiмiмен жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару жүргiзiлетiн салық берешегі сомаларын төлеу жөніндегі мiндеттемелерiн орындау мерзімдерi жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы сот шешiмi күшiне енген кезден бастап оларды орналастыру (өткізу) аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
32-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 23 қарашадағы № 358-ІІ Заңымен енгiзiлген толықтырулармен; Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 500-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен; Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 11-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістермен.