227-бап. Тексерудiң, куәландырудың, эксгумацияның хаттамасы
1. Тексеру, куәландыру, эксгумация жүргiзу туралы тергеушi осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасайды.
2. Хаттамада тергеушiнiң барлық iс-әрекетi, сондай-ақ тексеру, куәландыру, эксгумация кезiнде анықталғандардың барлығы аталған тергеу iс-әрекеттерi жүргiзiлген ретпен және тексеру, куәландыру, эксгумация кезiнде анықталғандар қандай күйiнде байқалса, сол күйiнде сипатталады. Хаттамада тексеру, куәландыру, эксгумация кезiнде алынған барлық объектiлер көрсетіліп сипатталады.
3. Бұған қоса хаттамада: тексеру, куәландыру, эксгумация қай уақытта, ауа райы және жарықтың түсуi қандай болғанда жүргiзiлгенi; қандай техникалық құралдар қолданылып қандай нәтижелер алынғаны, аталған тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге кiмдер тартылғаны және олардың қалай қатысқаны; қандай объектiлер және қандай мөрмен бекітілгенi; тексеруден кейiн мәйiт немесе iс үшiн маңызы бар заттар қайда жiберiлгенi көрсетiлуi тиiс.
28-тарау
ТАНУ
228-бап. Тану үшiн көрсету
1. Бұрын байқалған адаммен немесе объектiмен ұқсастықты немесе айырманы анықтау мақсатында тергеушi тану үшiн куәға, жәбiрленушiге, сезiктiге немесе айыпталушыға адамды немесе затты көрсете алады. Тану үшiн мәйiт те көрсетiлуi мүмкiн.
2. Тануға қатыстырылатын адамдардан тиiстi адамды немесе затты қандай жағдайда байқағаны туралы, қандай белгiлерiне және ерекшелiктерiне қарай тани алатыны туралы алдын ала жауап алынады.
229-бап. Тану үшiн көрсету тәртібі
1. Танылуға тиiс адам тануға қатыстырылатын адамға жынысы бiр, сыртқы пiшiнi мен киiмiнде айтарлықтай айырма жоқ басқа адамдармен бiрге көрсетiледi. Тану үшiн көрсетiлетiн адамдардың жалпы саны кемiнде үш адам болуы керек. Бұл ереже мәйiттi тануға қолданылмайды.
2. Тергеу iс-әрекетiне арасында танылуға тиiс адам орналасқан өзге адамдардың қатысуы тек олар ерiктi түрде келiскен кезде және тануға қатыстырылған адам олармен бұрын таныс болмаған жағдайда мүмкiн болады.
3. Әдетте, мәйiт жеке көрсетiледi. Апаттар туралы iстер бойынша және құрбан болғандардың саны айтарлықтай болған басқа да iстер бойынша мәйiт тану үшiн жалпы қаза болғандармен бiрге көрсетiлуi мүмкiн. Қажет болған жағдайларда тергеушiнiң нұсқауы бойынша танушы адамға мәйiттi көрсетпес бұрын маман мәйiттi гримдейдi. Тергеушiнiң мәйiттi оның жатқан жерiнде сақталуын қамтамасыз ету туралы нұсқауы тану үшiн ұсынуға қажеттi уақыт кезеңiнде орындалуға мiндеттi.
4. Егер танитын адам куә немесе жәбiрленушi болса, оған танудың алдында айғақ беруден бас тартқаны үшiн, көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, оған сондай-ақ өзiне, ерiне (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiге - тәубе үстiнде өзiне iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
5. Тану жүргiзудiң алдында тергеушi танылуға тиiс адамға өзге адамдардың арасында кез келген орынды таңдап алуын ұсынады, бұл хаттамада көрсетiледi.
6. Адамды көрсету мүмкiн болмаған кезде тану оның фотосуретi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, ол бет әлпетi танылуға тиiс адаммен мүмкiндiгiнше ұқсас, кемiнде үш адамның фотосуретiмен бiрге көрсетiледi, тану сонымен бiрге дыбыс және бейнежазба бойынша да жүргiзiледi.
7. Зат кемiнде үш бiртектес затпен бiрге көрсетiледi. Ұқсас объектiлердi iрiктеп алу мүмкiн болмаған немесе қиын болғанда затты тану үшiн көрсету жалғыз дана бойынша жүргiзiледi.
8. Танушы адамға өзi ол туралы айғақ берген адамды немесе затты көрсету ұсынылады. Жетекшi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
9. Егер танушы адам оған көрсетiлген адамдардың немесе заттардың бiрiн көрсетсе, оған бұл адамды немесе затты қандай белгiлерi немесе ерекшелiктерi бойынша танығанын түсiндiру ұсынылады.
10. Тану үшiн көрсету куәгерлердiң көзiнше жүргiзiледi.
11. Танушының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ дауыс, сөйлеу, жүрiс ерекшелiктерi бойынша тану кезiнде адамды тану үшiн көрсету танылуға тиiс адам танитын адамды көрмейтiндей жағдайда жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда куәгерлер тануға тартылған адаммен бiр жерде тұрады. Тануға тартылған адам мен куәгерлерге тану үшiн көрсетiлген адамдарды жеткiлiктi көрiп байқау мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
12. Тануға көрсетiлген адамды сол белгiлерi бойынша танушының қайталап тануы жүргiзiлмейдi.
13. Тану үшiн көрсету туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасалады. Хаттамада танудың шарттары, барысы, нәтижелерi көрсетiледi және танушы адамның түсiнiктемелерi мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Егер тану үшiн адамды көрсету танылуға тиiс адам танушы адамды көрмейтiндей жағдайда жүргiзiлсе, бұл да хаттамада көрсетiледi.
29-тарау
ТІНТУ ЖӘНЕ АЛУ
230-бап. Тiнту
1. Тiнту iс үшiн маңызы бар заттарды немесе құжаттарды табу және алу мақсатында жүргiзiледi.
2. Тiнту жүргiзуге аталған заттардың немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында, не нақты адамда болуы мүмкiн деп болжауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.
3. Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамдарды немесе мәйiттердi табу үшiн де жүргiзiлуi мүмкiн.
231-бап. Алу
Алу iс үшiн маңызы бар белгiлi бiр заттар мен құжаттардың қайда және кiмде екенi анық болғанда, оларды алып қою мақсатымен жүргiзiледi.
232-бап. Тiнту мен алуды жүргiзу тәртібі
1. Тiнту мен алуды тергеушi дәлелдi қаулы бойынша жүргiзедi. Тiнту жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға прокурор немесе оның орынбасары санкция беруге тиiс.
2. Тұрғын үйде онда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 222-бабының он екiншi және он үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi бойынша жүргiзiледi.
3. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және алып қоюға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту прокурордың санкциясынсыз, бiрақ жүргiзiлген тiнту туралы кейiн жиырма төрт сағат iшiнде оған хабарлау арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн. Аталған хабарламаны алғаннан кейiн прокурор жүргiзiлген тiнтудiң заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Жүргiзiлген тiнтудiң заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда бұл әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiлмейдi.
4. Тiнту мен алу куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi.
5. Тұрғын үйлердегi, ұйымдардың үй-жайларындағы тiнту немесе алу осы Кодекстiң 222-бабының он төртiншi және он бесiншi бөлiктерiнде аталған адамдардың қатысуымен жүргiзiледi.
6. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайларда, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұрып жатқан үй-жайларда тiнту мен алу осы Кодекстiң 222-бабының он алтыншы бөлiгiнде белгiленген талаптарды сақтай отырып жүргiзiледi.
7. Тiнту немесе алу жүргiзу басталар алдында тергеушi оларды жүргiзу туралы қаулыны көрсетуге мiндеттi.
8. Тiнтуге кiрiскенде тергеушi iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын заттар мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын заттар мен құжаттардың жасырылғанына күмәндануға негiздер болмаса, тергеушi одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.
9. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк құлыптарын және басқа заттарды қажетсiз бүлдiруге жол берiлмеуге тиiс.
10. Алу кезiнде тергеушi алынуға жататын заттар мен құжаттарды берудi ұсынады, ал бұдан бас тартылған жағдайда алу мәжбүрлi түрде жүргiзiледi.
11. Тергеушi сол үй-жайда тұрып жатқан адамның немесе басқа адамдардың жеке өмiрiнiң тiнту мен алу кезiнде анықталған мән-жайларының жария етiлмеуiне шаралар қолдануға мiндеттi.
12. Тергеушi тiнту немесе алу жүргiзiлiп жатқан үй-жайда немесе орында тұрған адамдарға және осы үй-жайға немесе орынға келген адамдарға тiнту немесе алу аяқталғанға дейiн ол жерден кетуге, сондай-ақ бiр-бiрiмен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.
13. Тiнту мен алу жүргiзiлген кезде тергеушi iске қатысы болуы мүмкiн заттар мен құжаттарды алумен шектелуге тиiс. Айналымға салуға тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатыстылығына қарамастан алынуға тиiс.
14. Алынатын заттар мен құжаттар куәгерлерге және қатысып отырған басқа да адамдарға көрсетiледi, буып-түйiледi және тiнту немесе алу жүргiзiлген жерде мөрмен бекітіледi және куәгерлер мен бұған қатысып отырған басқа адамдардың қол қоюымен куәландырылады.
15. Тiнту жүргiзген кезде қажет болған жағдайда фотосуретке, киноға түсiру және бейнежазба жүргiзiледi.
233-бап. Жеке адамды тiнту
1. Осы Кодекстiң 230-бабында көзделген негiздер болған кезде және 232-бабының талаптарын сақтай отырып, тергеушi тiнтiлетiн адамның денесiнен, оның киiмiнен және бойындағы заттардан заттар мен құжаттарды табу және алу мақсатында жеке адамды тiнтуге құқылы.
2. Жеке адамды тiнтудi тiнту жүргiзiлетiн адаммен жынысы бiр адам және сол жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.
3. Жеке тiнту арнайы қаулы шығармай және прокурордың санкциясынсыз, мынадай жағдайларда, егер:
1) үй-жайдағы немесе тiнту жүргiзiлiп жатқан өзге орындағы адам iс үшiн маңызы болуы мүмкiн құжаттарды немесе заттарды өз бойында жасырып отыр деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болса;
2) ол адам ұсталса немесе күзетпен қамауға алынса жүргiзiледi. Бұл жағдайда жеке адамды тiнту куәгерлер жоқ болса да жүргiзiледi.
234-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы
1. Тiнту немесе алу жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 203-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып хаттама жасайды.
2. Хаттамада заттар немесе құжаттар қай жерде және қандай жағдайда табылғаны, олардың ерiктi түрде берiлгенi немесе мәжбүрлеп алынғаны көрсетiлуге тиiс. Барлық алынған заттар хаттамада саны, мөлшерi, салмағы, өзiндiк белгiлерi және мүмкiндiгiнше бағасы дәл көрсетiле отырып жазылуға тиiс.
3. Егер тiнту немесе алу жүргiзген кезде алынуға жататын заттарды немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттерi жасалған болса, бұл хаттамада қолданған шаралар көрсетiле отырып жазылуға тиiс.
4. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның кәмелетке толған отбасы мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымның немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне олардан қолхат алынып тапсырылады. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алынып тапсырылады.
30-тарау
ХАТ-ХАБАРДЫ ТҰТҚЫНДАУ. ХАБАРЛАМАЛАРДЫ ЖОЛДАН ҰСТАУ.
СӨЙЛЕСУЛЕРДІ ТЫҢДАУ МЕН ЖАЗУ
235-бап. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындау, оларды тексеру мен алу
1. Хаттар, жеделхаттар, радиограммалар, бандерольдер, посылкалар мен басқа да почта-телеграф жөнелтілімдерi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi, құжаттар мен заттарды қамтуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi негiз болған кезде олар тұтқындалуы мүмкiн.
2. Тергеушi почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындау туралы прокурор санкция беретiн қаулы шығарады. Қаулыда почта-телеграф жөнелтілімдерiн ұстап қалу мiндетi жүктелетiн байланыс мекемесiнiң атауы, почта-телеграф жөнелтілімдерi ұстауға жататын адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың мекен-жайы, тұтқындалып отырған почта-телеграф жөнелтілімiнiң түрi, ол тұтқындалатын мерзiм көрсетiледi.
3. Почта-телеграф хат-хабарын тұтқындау туралы қаулы тиiстi байланыс мекемесiнiң басшысына жiберiледi, ол почта-телеграф жөнелтілімдерiн ұстап қалып, бұл туралы дереу тергеушiге хабарлауға мiндеттi.
4. Ұсталған почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексерудi, алуды және көшiрмесiн түсiрудi тергеушi куәгерлердiң қатысуымен байланыс мекемесiнде жүргiзедi. Қажет болған жағдайларда почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексеру мен алуға қатысуға тергеушi тиiстi маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыртуға құқылы. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексерудiң әрбiр жағдайында хаттама жасалады, онда кiм және қандай почта-телеграф жөнелтілімдерiн тексергенi, көшiрмесiн алғаны және алушыға жiбергенi немесе тергеушi белгiлеген мерзiмге ұстағаны көрсетiледi.
5. Почта-телеграф жөнелтілімдерiн тұтқындаудың күшiн бұл шараға қажеттілік жойылған кезде тергеушi немесе прокурор, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталғаннан кейiн кешiктiрмей жояды.
236-бап. Хабарды жол-жөнекей ұстау
1. Техникалық, оның iшiнде компьютерлiк байланыс арналары арқылы берiлетiн хабарларды жолдан ұстау және компьютерлiк жүйелерден тергелiп отырған iске қатысты ақпаратты алу тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысының негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырып отырған органға орындауға жiберiледi.
3. Жол-жөнекей ұстап алу нәтижесiнде алынған хабарлар мен компьютерлiк ақпаратты маман тиiстi ақпарат ұстаушыда бекiтедi және тергеушiге бередi.
237-бап. Сөйлесулердi тыңдау мен жазу
1. Сезiктiнiң, айыпталушының және қылмыс туралы, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы iстер жөнiнде мәлiметтердi бiлуi мүмкiн басқа да адамдардың бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiн жасырын тыңдау мен жазу, сондай-ақ телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiн тыңдау мен жазу тыңдау нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мәлiметтер алынады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде прокурор санкция берген тергеушi қаулысының негiзiнде жүргiзiле алады.
2. Күш қолдану, қорқытып алу және басқа қылмыстық әрекеттердi жәбiрленушiге, куәға немесе олардың отбасы мүшелерiне қолдану қаупi болған кезде тергеушiнiң прокурор санкция берген қаулысы бойынша олардың келісімiмен, бейне және дыбыс жазу техникаларын немесе басқа да арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгiмелесулерiнiң жасырын тыңдалуы және жазылуы, сондай-ақ олардың телефондары немесе басқа сөйлесу құрылғылары арқылы сөйлескен сөздерiнiң тыңдалуы және жазылуы мүмкiн.
3. Тергеушi сөйлескен сөздердi, әңгiмелесулердi тыңдау мен оларды жазуды қажет деп таныған соң дәлелдi қаулы шығарады, онда: қылмыстық iс және осы тергеу iс-әрекетi жүргiзiлуге тиiс негiздер, сөйлескен сөздерi тыңдалатын және жазылатын адамдардың аты-жөнi және ол қандай уақыт аралығында жүргiзiлетiнi; сөйлескен сөздердi, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуды техникалық тұрғыдан жүзеге асыру тапсырылған орган көрсетiледi. Аталған қаулы прокурорға ұсынылады және ол санкция берген жағдайда тергеушi оны орындау үшiн тиiстi органға жiбередi.
4. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда сөйлескен сөздердi, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу тергеушiнiң қаулысы бойынша прокурордың санкциясынсыз, оған кейiннен жиырма төрт сағат iшiнде әңгiмелесулердi тыңдалғаны, жазылғаны туралы хабар жiбере отырып, жүргiзiледi. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор осы тергеулiк iс-әрекеттiң заңға сәйкестiгiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Сөйлескен сөздi, әңгiмелесудi тыңдаудың, жазудың заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда аталған iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
5. Сөйлескен сөздердi, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазу алты айдан аспайтын мерзiмге белгiленуi мүмкiн. Олар бұл шараларға қажеттілік жойылған кезде, бiрақ кез келген жағдайда тергеу аяқталған соң кешiктiрмей тергеушiнiң қаулысы арқылы тоқтатылады.
6. Тергеушi ол қаулыда белгiленген бүкiл мерзiмнiң iшiнде кез келген уақытта техникалық тыңдауды жүзеге асырып отырған органнан тексеру және тыңдау үшiн фонограмманы талап етуге құқылы. Фонограмма тергеушiге мөрмен бекітілген түрiнде, тыңдаудың негiзi, сөйлескен сөздi, әңгiмелесудi жазудың басталған және аяқталған уақыты, пайдаланылған құралдардың қажеттi техникалық сипаттамалары мен жазудың сапасы көрсетiлген iлеспе хатпен бiрге тапсырылады.
7. Фонограмманы тексеру мен тыңдауды тергеушi куәгерлердiң және қажет болған жағдайда маманның қатысуымен жүргiзедi, бұл туралы хаттама жасалады, онда сөйлесу фонограммасының iске қатысы бар бөлiгi сөзбе-сөз жазылып, сөйлесiп отырғандардың сөздерiнiң естiлу сапасына сипаттама берiлуге тиiс. Сөйлескен сөздердi, әңгiмелесулердi тыңдау мен жазуға қатысушы адамдарға өздерiне белгiлi болған мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауапкершiлiгi туралы ескертiледi. Фонограмма хаттамаға қоса берiледi, бұл ретте оның iске қатысы жоқ бөлiгi үкiм заңды күшiне енген соң немесе қылмыстық iс тоқтатылғаннан кейiн жойылады.
237-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II Заңымен енгiзiлген өзгерiс және толықтырулармен.
31-тарау
АЙFАҚТАРДЫ ОҚИFА БОЛFАН ЖЕРДЕ ТЕКСЕРУ МЕН НАҚТЫЛАУ.
ТЕРГЕУ ЭКСПЕРИМЕНТІ
238-бап. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сезiктiнiң, айыпталушының тергелетiн оқиғамен байланысты жерде берген айғақтарын тексеру мен нақтылау:
- айғақтардың растығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;
- тексерiлетiн iс-әрекет болған бағытты және орынды анықтау;
- жаңа нақтылы деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.
2. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттелiп отырған оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын оқиға болған жерде жаңғыртуы; iс үшiн маңызы бар заттарды, құжаттарды, iздердi тауып, көрсетуi; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп көрсетуi; зерттелiп отырған оқиғада қандай заттардың қандай рөл атқарғанын көрсетуi; оқиға болған орынның өзгеруiне назар аудартуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетекшi сұрақтар қоюға жол берiлмейдi.
3. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындау куәгерлердiң қатысуымен, қажет болған жағдайда маманның қатысуымен жүргiзiледi.
4. Оқиға болған жерде бiрнеше адамның айғақтарын бiр уақытта тексеру мен нақтылауға жол берiлмейдi.
5. Айғақтарды тексеру мен нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн бағыт пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар айтылғаннан кейiн және iс-қимылдарды бейнелеп көрсеткеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ iске қатысушы өзге адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.
6. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлел ретiнде маңызы болуы мүмкiн заттар мен құжаттар алынып, буып-түйiледi және олар мөрмен бекітіледi; оларды алу фактiсi хаттамада көрсетiледi.
7. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде қажет болған жағдайда өлшеу, суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба жасау, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде дыбыс және бейнежазба құралдарын пайдалану осы Кодекстiң 219-бабында баяндалған ережелер бойынша жүргiзiледi.
8. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен айқындаудың жағдайы, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi бейнеленедi.
239-бап. Тергеу экспериментi
1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелiп отырған оқиғаның белгiлi бiр әрекеттерiн, жай-жапсарын, мән-жайларын қайта жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, әлде бiр фактiлердi қабылдау, жекелеген әрекеттердiң жасалу, әлде бiр оқиғаның болу ықтималдығы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.
2. Тергеу экспериментi куәгерлердiң мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi. Қажет болған жағдайда тергеу экспериментiне өздерiнiң келісімi бойынша сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар қатыстырылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртібі түсiндiрiледi.
3. Тергеу экспериментiн жүргiзуге оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп келтiрiлмегенде, олардың ары мен намысына нұқсан келтiрiлмегенде, оларға материалдық зиян болмағанда жол берiледi.
4. Тергеу экспериментi қайта жаңғыртылып отырған оқиғалар немесе әрекеттер болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледi.
5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.
6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарты, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар көрсетiледi: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайда жүргiзiлдi; оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту нақты неден көрiндi; қандай әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлдi, оны кiм және қанша рет жасады; қандай нәтижелер алынды.
32-тарау
СОТ САРАПТАМАСЫ
240-бап. Сараптаманы тағайындау
Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеу нәтижесiнде iс үшiн маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкiн жағдайда тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімiнiң болуы қылмыстық iстi жүргiзушi адамды тиiстi жағдайларда сарапшы тағайындау қажеттілігiнен босатпайды.
241-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн, денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
2) iс үшiн маңызды болып, бiрақ жасы туралы құжаттар болмағанда немесе күмән туғызғанда сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
3) ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзуде өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туғанда сезiктiнiң, айыпталушының психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн;
3-1) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы түріндегі жаза көзделген қылмысты жасаған айыпталушының психикалық жай-күйiн;
4) iс үшiн маңызы бар жағдайларды дұрыс қабылдау және олар бойынша айғақтар беру қабiлетiне күмән туған жағдайда жәбiрленушiнiң, куәнiң психикалық немесе тәнiнiң жай-күйiн анықтау қажет болғанда;
5) iстiң өзге мән-жайы басқа дәлелдермен дәл анықталмайтын болса, сараптаманы тағайындау мен жүргiзу мiндеттi болады.
241-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
242-бап. Сараптама тағайындау тәртібі
1. Сараптама тағайындау қажет деп таныған тергеушi бұл туралы қаулы шығарады, онда сараптама тағайындаудың негiздерi; сараптамаға жiберiлген объектiлер, олардың қай жерде және қашан, қандай жағдайда табылғаны және алынғаны; сарапшының қарауына ұсынылған өзге материалдар; iсте қамтылған, сарапшының қорытындысы негiзделуi мүмкiн мәлiметтер; сарапшының алдына қойылған мәселелер; сот сараптамасы органының атауы немесе сараптама тапсырылған адамның тегi көрсетiлуге тиiс. Тергеушiнiң сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жiберiлген және өз құзыретiне жататын органдардың немесе адамдардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Қылмыстық iстi қозғау туралы шешiмдi сараптама жүргiзбейiнше қабылдау мүмкiн болмайтын жағдайда ол қылмыстық iс қозғалғанға дейiн тағайындалуы мүмкiн.
3. Iсте тексерiс, тексеру актілерінiң, ведомстволық инспекция қорытындыларының, сондай-ақ мамандар iс жүргiзу әрекеттерi барысында жүргiзген зерттеулердiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттардың болуы дәл сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
4. Сараптама iс жүргiзуге қатысатын, өздерiнiң немесе берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын адамдардың бастамашылығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Өзiнiң немесе берiлетiн құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын iс жүргiзуге қатысушы тергеушiге өз пiкiрiнше сарапшының қорытындысы берiлуге тиiс мәселелердi жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектiлерiн көрсетедi, сондай-ақ сарапшы ретiнде шақыруға болатын адамды (адамдарды) атайды. Бұл ретте шешуге ұсынылған мәселелер қылмыстық iске жатпайтын немесе сарапшының құзыретiне кiрмейтiн жағдайлардан басқасында тергеушiнiң сараптама тағайындаудан бас тартуға құқығы жоқ.
5. Бастамашылығы бойынша сараптама тағайындалып отырған iс жүргiзуге қатысушы сараптамалық зерттеу объектiсi ретiнде заттарды, құжаттарды ұсына алады. Тергеушi дәлелдi қаулысы арқылы оларды мұндай объектiлердiң қатарына жатқызбауға құқылы.