195-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
Алдын ала тергеу айыптау қорытындысын жасау не қылмыстық iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулы, не қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулы шығарумен аяқталады.
196-бап. Алдын ала тергеу мерзiмi
1. Қылмыстық iстер жөніндегі алдын ала тергеу қылмыстық iс қозғалған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрмей аяқталуға тиiс.
2. Алдын ала тергеу мерзiмiне iс қозғалған күннен бастап iстi айыптау қорытындысымен немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселенi қарау үшiн iстi сотқа беру туралы қаулымен бiрге прокурорға жiберген күнге дейiнгi не iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту туралы қаулы шығарылған күнге дейiнгi уақыт енгiзiледi.
3. Алдын ала тергеу мерзiмiне осы Кодексте көзделген негiздер бойынша алдын ала тергеу тоқтатыла тұрған уақыт, айыпталушы мен оның қорғаушысын қылмыстық iс материалдарымен таныстыру уақыты, сондай-ақ айыпталушының шағымы бойынша талап етiлген қылмыстық iстiң сотта және прокуратурада жатқан уақыты енгiзiлмейдi.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген алдын ала тергеу мерзiмiн тергеушiнiң дәлелдi қаулысы бойынша:
- iстiң күрделiлiгiне байланысты аудандық және оған теңестiрiлген прокурор - үш айға дейiн;
- iстiң аса күрделi болуына байланысты облыс прокуроры және оған теңестiрiлген прокурор мен олардың орынбасарлары - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
5. Алдын ала тергеу мерзiмiн одан әрi ұзартуға тек айрықша жағдайларда iстiң күрделiлiгi ескерiле отырып жол берiледi және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор жүзеге асыра алады.
6. Алдын ала тергеудiң мерзiмiн ұзарту туралы қаулыны тергеушi ауданның, облыстың прокурорына және оларға теңестiрiлген прокурорларға тергеу мерзiмi өтпестен бұрын - бес тәулiктен кешiктiрмей, Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, Бас әскери прокурорға он тәулiктен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi.
7. Iс қосымша тергеу жүргiзу үшiн қайтарылған кезде, сондай-ақ уақытша тоқтатыла тұрған немесе қысқартылған iс қайта қозғалған кезде қосымша тергеудi iс тергеушiге түскен кезден бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде жүргiзiлуi мүмкiн. Мерзiмдi одан әрi ұзарту осы бапта көзделген тәртiппен жалпы негiздерде жүргiзiледi.
8. Қылмыстық заңмен тыйым салынған iс-әрекеттi жасаған адам анықталмаған iс бойынша iс жүргiзу мерзiмдерi қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiмен шектеледi.
197-бап. Прокурордың алдын ала тергеу барысындағы өкiлеттiктерi
1. Қылмыстық iзге түсу мен қылмыстық iстердi тергеу кезiнде заңдылықты қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:
1) оқиға болған жердi қарауға қатысуға, сараптама тағайындауға, сондай-ақ қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешуге қажеттi басқа да iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы;
2) қылмыстық iс қозғайды немесе оны қозғаудан бас тартады, тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы, сондай-ақ жедел-iздестiру қызметiнiң материалдарын қылмыстық iске қосу туралы жазбаша нұсқаулар бередi;
3) өзi қозғаған қылмыстық iстi алдын ала тергеу жүргiзу үшiн бередi;
4) заңдарда көзделген жағдайларда алдын ала тергеу жүргiзетiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерiне санкция бередi;
5) жекелеген тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге қатысады;
6) қылмыстық iзге түсуден иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшiн ұйғарым шығарады;
7) алдын ала тергеу органдарынан келiп түскен қылмыстық iстi сотқа жiбере отырып, iстi мәнiсi бойынша қарау үшiн айыпталушыны сотқа тапсырады;
8) қылмыстық iзге түсу органдарынан тексеру үшiн қылмыстық iстердi, құжаттарды, материалдарды және жасалған қылмыстар туралы, жедел iздестiру қызметi, анықтау мен тергеу барысы туралы өзге де мәлiметтердi алады;
9) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, тiркеу, шешу кезiнде заңның сақталуын тексередi;
10) анықтаушы мен тергеушiнiң, сондай-ақ анықтау органы мен тергеу бөлiмi бастықтарының заңсыз қаулыларының күшiн жояды;
11) тергеу мен анықтау толық болмаған, сондай-ақ тергеу және анықтау барысында заң бұзушылыққа жол берiлгенi анықталған жағдайда қылмыстық iстi қосымша тергеуге жiбередi не оны толық көлемiнде немесе белгiлi бiр адамдарға қатысты қысқартады;
12) қылмыстық iстi анықтау органынан алып, алдын ала тергеу органына бередi; айрықша жағдайларда тергеудiң толық және объективтi болуын қамтамасыз ету мақсатында алдын ала тергеу органының жазбаша өтiнiмi бойынша не өз бастамашылығымен iстi, осы Кодексте белгiленген тергеу ретiне қарамастан, алдын ала тергеудiң бiр органынан екiншi органына бередi;
13) анықтаушы мен тергеушiнiң, анықтау және тергеу органдары басшыларының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарайды;
14) алдын ала тергеу, анықтау iсiн жүргiзуде заң бұзушылықты анықтаған кезде тергеушiнi, анықтаушыны қылмыстық iстi одан әрi тергеуден шеттетедi;
15) осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiпте алдын ала тергеудiң және бұлтартпау шарасы ретiнде қолданылған қамауға алудың мерзiмдерiн ұзартады;
16) бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған адамдарды күзетпен ұстаудың заңдарда белгiленген тәртібі мен шарттарының сақталуын тексередi;
17) заңдарда көзделген өзге өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Прокурордың тергеушiге, тергеу бөлiмiнiң бастығына, анықтау органына, анықтау органының бастығына және анықтаушыға осы Кодексте көзделген тәртiппен берген нұсқаулары мiндеттi болып табылады, бiрақ жоғары тұрған прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Жоғары тұрған прокурорға алынған нұсқауларға шағымдану олардың орындалуын тоқтатпайды.
197-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
198-бап. Алдын ала тергеудi тергеушiлер тобының жүргiзуi
1. Қылмыстық iс бойынша алдын ала тергеу ол күрделi немесе оның көлемi үлкен болған жағдайда тергеушiлер тобына (тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қылмыстық iс қозғау туралы қаулыда көрсетiледi немесе жеке қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлiмiнiң бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеу жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, оның iшiнде топ жетекшiсi - тергеушi көрсетiлуге тиiс. Сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi iстi тергеушiлер тобының тергейтiнi туралы қаулымен таныстырылуға тиiс және оларға тергеу тобының жетекшiсiнен, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiден бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
2. Тергеу тобына алдын ала тергеу жүргiзетiн бiрнеше органның тергеушiлерi енгiзiлуi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, осы органдардың тергеу бөлiмдерi бастықтарының бастамашылығы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Шешiм тергеу бөлiмдерi бастықтарының бiрлескен қаулысымен ресiмделедi, ол осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ерекше жағдайларда тергеудiң толық және объективтi еместiгi фактілері анықталған, iс күрделi және маңызды болған кезде, алдын ала тергеудi жүзеге асырушы бiрнеше органның тергеушiлерi арасынан тергеу тобын құра алады, бұл орайда прокурорды осы топтың жетекшiсi етiп тағайындап, бұл шешiмдi өз қаулысымен ресiмдейдi. Мұндай тергеу тобы жүзеге асыратын тергеудiң заңдылығын қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына жүктеледi.
198-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырулармен.
199-бап. Тергеу тобы жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Тергеу тобының жетекшiсi қылмыстық iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдайды, тергеу тобының жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлердiң iс-әрекеттерiне басшылық жасайды.
2. Iстердi бiрiктiру және бөлу, қылмыстық iстi толығымен немесе оның бiр бөлiгiн тоқтату, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе қайта жаңғырту туралы, сондай-ақ тергеу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiмдердi қозғау, бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алуды, үйде қамап ұстауды қолдану және оларды ұзарту туралы шешiмдердi тергеу тобының жетекшiсi ғана қабылдайды.
3. Айыптау қорытындысын және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселенi қарау үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулыны тергеу тобының жетекшiсi жасайды және оған қол қояды.
4. Тергеу тобының жетекшiсi басқа тергеушiлер жүргiзетiн тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға, тергеу iс-әрекеттерiн жеке өзi жүргiзуге құқылы.
199-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген өзгерiспен.
200-бап. Анықтау органдарының алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi болып табылатын iстер бойынша қызметi
1. Алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi болып табылатын қылмыс белгiлерi болған кезде анықтау органы қылмыстық iс қозғауға және қылмыстың iзiн анықтау мен бекіту жөніндегі кейiнге қалдыруға болмайтын тергеу iс-әрекеттерiн: қарауды, тiнтудi, алуды, куәландыруды, сезiктiлердi ұстау мен олардан жауап алуды, жәбiрленушiлер мен куәлардан жауап алуды жүргiзуге құқылы. Анықтау органы байқалған қылмыс пен қылмыстық iс қозғалғаны туралы прокурорға дереу хабарлайды.
2. Кейiнге қалдыруға болмайтын тергеу iс-әрекеттерiн орындағаннан кейiн, бiрақ iс қозғалған күннен бастап бес тәулiктен кешiктiрмей анықтау органы iстi тергеушiге беруге, бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жазбаша хабарлауға мiндеттi.
3. Iстi тергеушiге бергеннен кейiн анықтау органы ол бойынша тергеу iс-әрекеттерiн және жедел iздестiру шараларын тек тергеушiнiң тапсырмасы бойынша ғана жүргiзе алады. Қылмыс жасаған адамды анықтау мүмкiн болмаған iстi тергеушiге берген жағдайда анықтау органы қылмыс жасаған адамды анықтау үшiн iздестiру шараларын жүргiзуге, тергеушiге нәтижелер туралы хабарлауға мiндеттi.
201-бап. Тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Тергеушi тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға заңдарда белгiленген адамдарды тарта отырып, олардың жеке басын анықтайды, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзудiң тәртібін түсiндiредi.
2. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу iсiн түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде техникалық құралдар қолданылуы және қылмыс iздерi мен заттай дәлелдердi анықтаудың, бекіту мен алудың ғылыми негiзделген әдiстерi қолданылуы мүмкiн.
4. Тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде күш қолдануға, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды қолдануға, сонымен қатар оған қатысушы адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызуға жол берiлмейдi.
5. Тергеушi тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға анықтау органының қызметкерiн тартуға құқылы.
202-бап. Алдын ала тергеу барысында шығарылатын қаулылар
Алдын ала тергеу процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр iс жүргiзу шешiмiн қабылдау кезiнде тергеушi қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, тергеушiнiң аты-жөнi мен лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнiсi мен негiздерi, қаулының осы Кодекстiң қай бабына негiзделiп шығарылатыны көрсетiледi. Қаулыға тергеушi қол қояды.
203-бап. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасы
1. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасы тергеу iс-әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталғаннан кейiн бiрден жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинка жазбасы не компьютер арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс және бейнежазба материалдары iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу iс-әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiн дәл; тергеушiнiң лауазымы мен аты-жөнi; тергеу iс-әрекетiне қатысқан әрбiр адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, ал қажет болған жағдайда оның мекен-жайы көрсетiледi. Хаттамада iс жүргiзу әрекеттерi олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу барысында iс үшiн мәнi бар анықталған жағдайлар, сондай-ақ тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Егер тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс және бейнежазба қолданылса не iздiң көшiрме бедерi мен таңбасы жасалса, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану жағдайлары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған қоса ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi көрсетiлуге тиiс.
5. Танысу үшiн хаттама тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертпе жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертпелер, толықтырулар, түзетулер көрсетiлуге және олар осы адамдардың қол қоюымен куәландырылуға тиiс.
6. Хаттамаға тергеушi, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге қатысқан барлық адамдар қол қояды. Тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 126-бабының сегiзiншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
7. Хаттамаға тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң көшiрме бедерлерi мен таңбалары қоса тiркеледi.
8. Егер тергеу iс-әрекетiн жүргiзу барысында маман зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, онда бұл құжат хаттамаға қоса тiркеледi, ол туралы хаттамаға тиiстi жазу жазылады.
9. Жәбiрленушiнiң, оның өкiлiнiң, куәнiң және олардың жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет деп санауға негiздер болған кезде тергеушi аталған адамдар қатысып отырған тергеу iс-әрекетi хаттамасында олардың жеке басы туралы деректердi жазбауға құқылы. Бұл жағдайда тергеушi жеке басы туралы деректердi құпия сақтау туралы қабылданған шешiмнiң себептерi жазылған, олардың бүркеншiк аттары көрсетiлген және ол қатысқан тергеу iс-әрекетiнiң хаттамаларында ол қолданатын қол қоюдың үлгiлерi келтiрiлген қаулыны шығаруға мiндеттi. Қаулы бұдан әрi қылмыстық iстi тергеген органда сақталатын конвертке салынып, желiмделедi, оның iшіндегілермен тергеушiден басқа прокурор және сот таныса алады.
203-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
204-бап. Қылмыс жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал еткен жағдайларды жою
жөніндегі ұйғарым
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтаған тергеушi тиiстi мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе оларда басқару қызметiн атқаратын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа заң бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қолдану туралы ұйғарым ұсынуға құқылы.
2. Ұйғарым қабылданған шаралар туралы бiр ай мерзiм iшiнде мiндеттi түрде хабарлай отырып қаралуға тиiс.
205-бап. Алдын ала тергеу мен анықтау деректерiн жария етуге жол бермеу
1. Алдын ала тергеу деректерi жария етiлмеуге тиiс. Олар, егер бұл тергеу мүдделерiне қайшы келмесе және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзумен байланысты болмаса, онда тек тергеушiнiң, анықтаушының, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сондай көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Тергеушi қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы аталған адамдардан олардың жауапкершiлiгiн ескерте отырып, қолхат алынады.
25-тарау
АЙЫПТАЛУШЫ РЕТІНДЕ ЖАУАПҚА ТАРТУ
206-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту
1. Қылмыс жасады деп айыптау үшiн негiз беретiн жеткiлiктi дәлелдемелер болған кезде тергеушi адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы дәлелдi қаулы шығарады.
2. Тергеушi айыпталушыға айып тағылған күн туралы хабарлайды және сонымен бiр мезгiлде оған қорғаушыны шақыру не тергеушiден қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтiну құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы мiндеттi болып табылатын iстер бойынша тергеушi, егер қорғаушыны айыпталушының өзi, оның заңды өкiлi не оның тапсырмасы немесе келісімi бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының келуiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады.
207-бап. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы
1. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кiм жасаған; айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның тегi, аты мен әкесiнiң аты, оның туған күнi, айы, жылы және жерi;
2) айыпталушы айыпталып отырған қылмыстың оның жасалған уақыты, орны көрсетiлген сипаттамасы, сондай-ақ осы Кодекстiң 117-бабына сәйкес дәлелденуге тиiстi өзге де жағдайлардың сипаттамасы;
3) аталған қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ).
2. Бiрнеше қылмыс бойынша айыпталған кездегi айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қылмыстық заңның әрбiр бабы (бөлiктер, тармақтар) бойынша айыпталушыға қандай нақты iс-әрекеттер танылатыны көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулыда адамды тергелiп отырған iс бойынша айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы шешiм болуға тиiс.
4. Айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi ол шығарылғаннан кейiн жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi.
208-бап. Айыпталушының келу мiндеттілігi
1. Бостандықта жүрген айыпталушы жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында айыпталушы ретiнде кiм, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күн мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс.
3. Шақыру қағазы айыпталушыдан қолхат алып тапсырылады, ал ол уақытша болмаған жағдайда айыпталушыға беруi үшiн шақыру қағазы кәмелетке толған отбасы мүшесiне тапсырылады немесе тұрғылықты жеріндегі тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орнындағы әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған айыпталушыға шақыру қағазын беруге мiндеттi. Айыпталушы басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде болған және ол тергеу органдарына келуден жалтарған жағдайда, алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететiн телекоммуникация желiлерiнде, ал оның тұрып жатқан жерi белгiлi болған жағдайда айыпталушының тұрып жатқан жерi бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялауға құқылы.
4. Бостандықта жүрген айыпталушы тергеушiнiң шақыртуы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндеттi.
5. Тергеушiнiң шақыртуы бойынша айыпталушының келмей қалуына мыналар дәлелдi себеп деп танылады:
1) айыпталушының келуiне мүмкiндiк бермейтiн ауру;
2) жақын туыстарының қайтыс болуы;
3) дүлей апаттар;
4) шақыру қағазының /хабарламаның/ қолына тимеуi;
5) айыпталушының белгiленген мерзiмде келуiне мүмкiндiк бермейтiн өзге жағдайлар.
6. Айыпталушы белгiленген мерзiмде келмей қалу себептерi туралы тергеушiге хабарлауға мiндеттi.
7. Дәлелсiз себептермен келмей қалған жағдайда айыпталушы айдап әкелiнуi мүмкiн.
8. Күзетпен ұстауда жүрген айыпталушы қамау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
208-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
209-бап. Айып тағу
1. Айып, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болса немесе бұл туралы айыпталушы өтiнiм бiлдiрген болса, қорғаушының көзiнше және адамды айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей тағылады. Айыпталушы немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда айып үш тәулiк өткеннен кейiн де тағылады.
2. Айдап әкелiнген айыпталушыға айып айдап әкелiнген күнi тағылады. Бұл ретте тергеушi айып тағу кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Тергеушi айыпталушының жеке басын анықтағаннан және қорғаушының қорғауды жүргiзу тапсырмасын тексергеннен кейiн айыпталушыға және оның қорғаушысына айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыны хабарлайды.
4. Тергеушi айыпталушыға тағылып отырған айыптың мәнiсiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындау айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыға айып тағудың күнi мен сағатын көрсете отырып айыпталушының, қорғаушының және тергеушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
6. Айыпталушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда, егер ол айып тағылған кезде қатысқан болса, тергеушi және қорғаушы айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда қаулының мәтiнi айыпталушыға жарияланғанын куәландырады.
7. Айыпталушыға оны айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi тапсырылады.
8. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде болған және ол алдын ала тергеу органына келуден жалтарған жағдайда - тергеушi, ал қорғаушы келген жағдайда қорғаушы да, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде болуына және алдын ала тергеу органына келуден жалтаруына байланысты айыпталушыға айыпты жариялау мүмкiн еместiгiн куәландырады.
Егер айыпталушының тұрып жатқан жерi алдын ала тергеу органына белгiлi болса, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулының көшiрмесi оған байланыс құралдары пайдаланыла отырып, соның iшiнде почта арқылы жiберiледi. Қажет болған жағдайда алдын ала тергеу органы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, айыпталушының тұрып жатқан жерi бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететiн телекоммуникация желiлерiнде айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы хабарлама жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
209-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
210-бап. Айып тағуды өзгерту мен толықтыру. Қылмыстық iзге түсудi айып тағу бөлiгiнде қысқарту
1. Егер алдын-ала тергеу кезiнде тағылған айыпты өзгертуге немесе оны толықтыруға негiздер пайда болса, тергеушi осы Кодекстiң 207-бабының талаптарын сақтай отырып, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы жаңа қаулы шығаруға және оны айыпталушыға осы Кодекстiң 208-209-баптарында белгiленген тәртiп бойынша ұсынуға мiндеттi.
2. Егер алдын ала тергеу барысында тағылған айыптың әлде бiр бөлiгi расталмаса, тергеушi өзiнiң қаулысы арқылы осы бөлiк бойынша қылмыстық iзге түсудi қысқартады, қабылданған шешiмнiң көшiрмелерiн тапсыра отырып, бұл туралы айыпталушыға және процестiң басқа да қатысушыларына хабарлайды.
26-тарау
ЖАУАП АЛУ ЖӘНЕ БЕТТЕСТІРУ
211-бап. Жауап алуға шақыру тәртібі
1. Куә, жәбiрленушi, сондай-ақ бостандықта жүрген сезiктi, айыпталушы жауап алуға олардан қолхат ала отырып тапсырылатын хабарлау қағазы арқылы шақыртылады, ал олар болмаған жағдайда кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң, көршiлерiнiң, жергiлiктi атқарушы орган өкiлдерiнiң бiрi арқылы немесе олардың жұмыс немесе оқу орындарының әкiмшiлiгi арқылы тапсырылады. Жауап алынатын адам өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып шақыртылуы мүмкiн.
2. Хабарлау қағазында кiмнiң және кiм ретiнде, кiмге және қандай мекен жай бойынша шақыртылатыны, жауап алуға келетiн уақыт (күнi, сағаты), сондай-ақ дәлелсiз себептермен келмеудiң салдары көрсетiледi.
3. Кәмелетке толмаған адам оның ата-анасы немесе өзге заңды өкiлдерi арқылы шақыртылады.
4. Күзетпен ұстаудағы сезiктi және айыпталушы жауап алуға ол күзетте ұсталып отырған орынның әкiмшiлiгi арқылы шақыртылады.
212-бап. Жауап алудың орны мен уақыты
1. Жауап алу алдын ала тергеу өтетiн жерде жүргiзiледi. Тергеушi қажет деп тапқан жағдайда жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайлардан басқасында күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол берiледi, мұның өзiнде жауап алудың бiр күн iшіндегі жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық дәлелдер болған жағдайда жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
213-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Жауап алудың алдында тергеушi жауап алынатын адамның жеке басын анықтауға тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлетiндiгiне күмән туса, оның қай тiлде жауап бергiсi келетiнi анықталады.