2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамаға белгi қойылады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iс бойынша өзiне белгiлi мән-жайларды айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылау мен толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетектеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтау қиын өзге мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе оның келісімiмен хаттамаға қоса тiркелуi мүмкiн құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы.
6. Жауап алу барысында тергеушi жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсете алады, ал еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн қылмыстық iс материалдарындағы айғақтарды жария ете алады, дыбыс және бейнежазбаларды немесе кино түсiру материалдарын тыңдатып, көрсете алады.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу оның белгiлерiн түсiнетiн және онымен белгiлер арқылы сөйлесе алатын адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болғанда одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Тергелетiн iстiң мән-жайлары бойынша бұрын берiлген айғақтарды нақтылау немесе толықтыру қажеттілігi пайда болған жағдайда қайтадан (қосымша) жауап алу жүргiзiлуi мүмкiн.
214-бап. Куә мен жәбiрленушiден жауап алу
1. Бiр iс бойынша шақырылған куәлардан, жәбiрленушiлерден басқа куәлардан және жәбiрленушiлерден бөлек жауап алынады. Тергеушi бiр iс бойынша шақырылған куәлар, жәбiрленушiлер жауап алу басталғанға дейiн өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
2. Жауап алу алдында тергеушi куәнiң, жәбiрленушiнiң айыпталушыға немесе сезiктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақ беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiгi туралы ескертедi. Бұл ретте тергеушi куәгерге, жәбiрленушiге өзiнiң, ерiнiң (зайыбының), жақын туыстарының, қылмыс жасағанын ашатын, сондай-ақ дiни қызметшiге тәубе үстiнде оған iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқығы бар екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куә, жәбiрленушi көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi.
3. Басқа жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алудың ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн, ал тергеушiнiң қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшiн педагог шақыртылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алу кезiнде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейiнгi куәлар мен жәбiрленушiлерге айғақ беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн жауапкершiлiк туралы ескертiлмейдi. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге iс жүргiзудегi құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiлген кезде оларға тек шындықты ғана айтудың қажет екенi атап көрсетiледi. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге өздерiнiң немесе жақын туыстарының қылмыс жасағанын ашатын айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жауап алуға қатысушы адамдарға хаттамаға енгiзiлуге тиiстi жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы ескертпелер беру, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Тергеушi сұрақ қоюды қабылдамауға құқылы, бiрақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиiс.
216-бап. Сезiктiден жауап алу
1. Сезiктiден жауап алу ол ұсталған кезден бастап жиырма төрт сағат iшiнде осы Кодекстiң 134-бабында көзделген тәртiппен немесе оған бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулы жарияланған кезден бастап жүргiзiледi.
2. Егер сезiктi ұсталған немесе күзетпен қамауға алынған болса, ол өз айғақтарын қорғаушының қатысуымен баяндауға құқылы. Қорғаушының қатысуын тез арада қамтамасыз ету мүмкiн болмаған жағдайда тергеушi оның қатысуын сезiктi ұсталғаннан немесе ол күзетпен қамауға алынғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жауап алу басталар алдында тергеушi сезiктiге сезiк келтiрудiң мәнiсiн хабарлайды, сондай-ақ оған айғақ беруден бас тарту құқығын қоса, құқықтарын түсiндiредi.
4. Жауап алу сезiктiге күмән туралы және өзiнiң пiкiрiнше iс үшiн маңызы бар басқа барлық мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
5. Қалған жағдайларда сезiктiден жауап алу осы Кодексте айыпталушыдан жауап алу үшiн көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
216-бап Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңымен енгiзiлген толықтырумен.
217-бап. Айыпталушыдан жауап алу
1. Айыпталушыдан жауап алуды тергеушi айып тағылғаннан кейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, ал айыпталушы келуден жалтарған жағдайда немесе оған iздеу салынған жағдайда ол айдап әкелiнгеннен немесе ұсталғаннан кейiн дереу жүргiзедi.
2. Жауап алу басталар алдында тергеушi айыпталушыға оның айғақ беруден бас тарту құқығын түсiндiредi және айыпталушының айтқандары оның өзiне қарсы пайдаланылуы мүмкiн екенiн хабарлайды. Айыпталушы айғақ беруден бас тартқан жағдайда одан жауап алу хаттамасында бұл туралы белгi қойылады.
3. Бiр iс бойынша шақырылған айыпталушылардан жеке-жеке жауап алынады, бұл орайда тергеушi олар өзара сөйлеспейтiндей шаралар қолданады.
4. Осы Кодекстiң 71-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi болады.
5. Жауап алудың басында тергеушi оған тағылған айыптың мәнiсiн түсiндiре отырып, ол тағылған айып бойынша өзiнiң толық немесе iшiнара кiнәлi екенiн мойындайтынын не өз кiнәсiн терiске шығаратынын анықтайды. Егер айыпталушы жауап бермесе, онда ол өзiнiң кiнәлi екенiн мойындамады деп есептеледi.
6. Айыпталушының тағылған айыпқа көзқарасын анықтағаннан кейiн оған тергеушi тағылған айып пен iс үшiн маңызы болуы мүмкiн басқа жағдайлар бойынша айғақтар берудi ұсынады.
7. Қалған жағдайда айыпталушыдан жауап алу осы Кодекстiң 213-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
218-бап. Жауап алу хаттамасы
1. Жауап алудың барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 203-бабының талаптарын сақтай отырып жасалған хаттамада көрсетiледi. Айғақтар бiрiншi жақтан және мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Ондағы сұрақтар мен жауаптар жауап алу кезіндегі ретi бойынша жазылады. Хаттамада жауап алуға қатысқан адамдардың тергеушi қабылдамаған сұрақтары да немесе жауап алынып отырған адам жауап беруден бас тартқан сұрақтар да, оларды қабылдамаудың немесе олардан бас тартудың себептерi көрсетiле отырып, көрiнiс табуға тиiс.
2. Бiрiншi жауап алу хаттамасында жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректер, соның iшiнде: тегi, аты, әкесiнiң аты, туған уақыты мен жерi, азаматтығы, ұлты, білімi, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, жұмысының түрi немесе лауазымы, тұратын жерi, сондай-ақ iстiң мән-жайы бойынша қажет болатын басқа мәлiметтер көрсетiледi. Сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу хаттамасында бұрын сотталғаны немесе сотталмағаны туралы көрсетiледi. Бұдан кейiнгi жауап алуларда жауап алынып отырған адамның жеке басы туралы деректердi, егер олар өзгермеген болса, оның аты-жөнiн көрсетумен шектеуге болады.
3. Заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсету, хаттамаларды жариялау және тергеу iс-әрекеттерiнiң дыбыс және бейнежазбаларын, киноға түсiрiлуiн, сондай-ақ осыған байланысты жауап алынушы берген айғақтарды көрсету мiндеттi түрде хаттамада жазылуға тиiс.
4. Жауап алынып отырған адам тергеу iс-әрекетi барысында схемалар, сызбалар, суреттер, диаграммалар жасай алады, олар хаттамаға қоса тiгiлiп, хаттамада ол туралы белгi қойылады.
5. Еркiн баяндаудан кейiн жауап алынып отырған адам айғақтарын өз қолымен жазуға құқылы. Жауап алынатын адам өз қолымен жазып, оған қол қойғаннан кейiн тергеушi толықтыратын және нақтылайтын сұрақтар қоя алады.
6. Жауап алу аяқталғаннан кейiн хаттама оқып шығу үшiн жауап алынып отырған адамға ұсынылады не оның өтiнiшi бойынша дауыстап оқылады. Жауап алынып отырған адамның хаттамаға толықтыру мен нақтылау енгізу туралы талабы мiндеттi түрде орындалуға тиiс.
7. Айғақтармен таныстыру фактiсi және олардың дұрыс жазылғанын жауап алынып отырған адам хаттаманың соңында өз қолын қою арқылы куәландырады. Жауап алынып отырған адам сонымен қатар хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды. Жауап алынып отырған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда тергеушi бас тарту себептерiн анықтайды, оларды хаттамаға енгiзедi және хаттаманы өзi қол қойып куәландырады.
8. Егер жауап алынып отырған адам тән кемiстiгiне немесе өзге себептерге байланысты хаттамаға өзi қол қоя алмайтын болса, оның өтiнiшi бойынша хаттамаға қорғаушы, жауап алынып отырған адам сенетiн өкiл немесе өзге адам қол қояды, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Егер жауап алуға аудармашы қатысса, онда ол да хаттаманың әрбiр бетiне және тұтас хаттамаға қол қояды. Ол жауап алынатын адамның өз қолымен жазған айғақтарының аудармасына да қол қояды.
10. Хаттамада жауап алуға қатысқан барлық адам көрсетiледi. Олардың әрқайсысы хаттамаға қол қоюға тиiс.
219-бап. Жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазбаны қолдану
1. Тергеушiнiң шешiмi бойынша, сондай-ақ айыпталушының, сезiктiнiң, куәнiң немесе жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша жауап алу кезiнде дыбыс және бейне жазба қолданылуы мүмкiн.
2. Тергеушi дыбыс және бейне жазба туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы жауап алынатын адамға жауап алу басталғанға дейiн хабарлайды.
3. Дыбыс және бейне жазба жауап алудың барысын толығымен бейнелеуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн дыбыс және бейне жазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.
4. Жауап алу аяқталғаннан кейiн дыбыс және бейне жазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып, көрсетiледi. Жауап алынып отырған адамның дыбыс және бейне жазбаға толықтыру ретіндегі айғақтары да дыбыс және бейне жазбаға толықтыру ретіндегі айғақтары да дыбыс жазу мен бейне жазуға енгiзiледi. Дыбыс және бейнежазба жауап алынатын адамның бұл жазбалардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.
5. Дыбыс және бейне жазба қолданылған жауап алу барысында алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы сондай-ақ дыбыс және бейне жазба қолданылғаны және ол туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; техникалық құралдар, дыбыс және бейне жазба шарттары мен оны тоқтата тұру фактілері, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның дыбыс және бейне жазбаны қолдану жөніндегі мәлiмдемесiн; дыбыс жазбасының жауап алынып отырған адамға тыңдатылғаны туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және тергеушiнiң хаттама мен дыбыс және бейне жазбаның қолданылуы жөніндегі мәлiмдемесiн қамтуға тиiс. Дыбыс жазба мен бейне жазба iспен бiрге сақталады және алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн олар мөрмен бекітіледi.
6. Айғақтардың дыбыс және бейне жазбасы басқа тергеу iс-әрекетiн жүргiзу кезiнде тыңдатылып, көрсетiлген жағдайда тергеушi бұл туралы тиiстi тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасында көрсетуге мiндеттi.
220-бап. Беттестiру
1. Егер бұрын жауап алынған екi адамның көрсетпелерiнде елеулi қайшылықтар болса, тергеушi осы қайшылықтардың себебiн анықтау үшiн оларды беттестiредi.
2. Беттестiруге осы Кодексте көзделген жағдайларда қорғаушы, педагог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.
3. Беттестiрудiң басында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге айғақ беруден бас тартқаны, айғақ беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақ бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ оларға өзiне, ерiне (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiлерге, - тәубе үстiнде өздерiне iшкi сырын сенiп ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
4. Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң жайы туралы айғақ беру кезек бойынша ұсынылады. Мұнан соң тергеушi сұрақ қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар тергеушiнiң рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақ қоя алады.
5. Беттестiру кезiнде тергеушi iске қоса тiгiлген заттай дәлелдер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
6. Беттестiруге қатысқандардың алдыңғы жауап алулардағы айғақтарын жария етуге олар беттестiруде айғақ бергеннен кейiн және ол айғақтар хаттамаға енгiзiлгеннен кейiн рұқсат берiледi.
7. Беттестiрудiң барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 203-бабында көзделген ережелер бойынша жасалатын хаттамада көрсетiледi.
8. Тергеушi беттестiруге қатысушы адамдарды хаттаманың мазмұнымен таныстырады. Жауап алынған адамдар хаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгізудi талап етуге құқылы. Беттестiру хаттамасына тергеушi және жауап алынған адамдар қол қояды. Әрбiр жауап алынған адам өз айғақтарына және хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды.
27-тарау
ТЕКСЕРУ, ЭКСГУМАЦИЯ ЖӘНЕ КУӘЛАНДЫРУ
221-бап. Тексеру
1. Қылмыс iзiн, өзге материалдық объектiлердi анықтау, сондай-ақ iс үшiн маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеушi, ал ол жоқ болған жағдайда анықтаушы немесе қылмыс туралы арыз немесе хабар түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жердi, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзi тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды тексередi. Тексерудi жүзеге асыратын адамның нұсқаулары сол тергеу iс-әрекетiне қатысушылардың барлығы үшiн мiндеттi.
2. Қылмыстық iстi қозғау туралы шешiм шығару тексерудi жүргiзбейiнше мүмкiн болмайтын жағдайларда ол қылмыстық iс қозғалғанға дейiн жүргiзiлуi мүмкiн.
222-бап. Тексеру жүргiзудiң жалпы ережелерi
1. Тексеру бұған қажеттілік пайда болған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi.
2. Қылмысты ашу үшiн тергеу талап етiлетiн қылмыс туралы арыз немесе хабар алғаннан кейiн тергеушi оқиға болған жерге дереу келiп, тексеру жүргiзуге тиiс.
3. Тергеушi уақытында келе алмайтын жағдайда тексерудi анықтаушы немесе арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкерi жүргiзедi.
4. Анықтау органының қызметкерлерi тексеру жүргiзген кезде жәрдемдесуге және тергеушiнiң тапсырмасы бойынша оқиға болған жердi күзету, көрген адамдарды анықтау, қылмыс жасаған адамдарды анықтау және ұстау, зардап шеккендердi көшiру, қаза болғандарды тасымалдау, жалғасып жатқан қылмыстылардың жолын кесу және олардың қайталануының алдын алу, оқиғаның өзге зардаптарын жою жөніндегі қажеттi шараларды жүргiзуге мiндеттi.
5. Тексеру куәлердi қатыстыра отырып жүргiзiледi. Айрықша жағдайларда (баруы қиын жерлерде, тиiстi қатынас құралдары болмағанда немесе басқа объективтi себептерге байланысты азаматтарды куә ретiнде тарту мүмкiн болмаған кезде, сондай-ақ тексерудi жүргiзу адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiрумен байланысты болса) тексеру куәлердi қатыстырмай, бiрақ бұл ретте, әдетте, оның барысы мен нәтижелерiн бекітудiң техникалық құралдарын қолдану арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
6. Қажет болған жағдайда тексеру сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргiзiледi.
7. Байқалған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi тексеру тергеу iс-әрекетi жүргiзiлетiн жерде өтедi. Егер тексеруге ұзақ уақыт қажет болса немесе қылмыс анықталған жерде тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, буып-түйiлiп, мөрмен бекiтіліп және бүлiнбеген күйде тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс.
8. Тексеру кезiнде анықталғанның және алынғанның бәрi куәгерлерге, басқа да тексеруге қатысушыларға көрсетiлуi тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
9. Iске қатысы бар объектiлер ғана алынуға жатады. Алынған объектiлер буып-түйiледi, мөрмен бекітіледi және тергеушi мен куәгерлердiң қол қоюы арқылы расталады.
10. Тексеруге қатысушы адамдар тергеушiнiң назарын өз пiкiрiнше iстiң мән-жайын анықтауға ықпал ететiн жәйттiң бәрiне аударуға құқылы.
11. Қажет болған жағдайларда тексерiлетiн объектiлерге өлшеу жүргiзiлiп, олардың жоспарлары мен схемалары жасалады, сондай-ақ суретке түсiру және өзге құралдармен бейнелеу жүргiзiледi, бұл туралы хаттамада белгi қойылып, оған аталған материалдар қоса тiгiледi.
12. Тұрғын үйдi тексеру тек онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келісімiмен немесе прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiледi. Егер онда тұратын адамдар кәмелетке толмағандар болса немесе психикалық немесе өзге ауыр науқастан зардап шегетiнi белгiлi болса немесе тексеруге қарсы болса, тергеушi прокурордың санкциясы алынуға тиiс мәжбүрлеп тексеру туралы қаулы шығарады. Прокурор санкция беруден бас тартқан жағдайда тексеру жүргiзiлмейдi.
13. Егер оқиға тұрғын үйде болса және оны тексерудi кейiнге қалдыруға болмаса, онда тұрғын үйдi тексеру тергеушiнiң қаулысы бойынша жүргiзiлуi мүмкiн, бiрақ кейiн оның заңды екенiн тексеру үшiн жүргiзiлген тексеру туралы бiр тәулiк мерзiмде прокурорға хабарланады. Аталған хабарды алғаннан кейiн прокурор тексерудiң заңды екенiн тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Тексерудiң заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда бұл iс-әрекет iс бойынша дәлел ретiнде жiберiле алмайды.
14. Тұрғын үйдi тексеру кезiнде онда тұратын кәмелетке толған адамның болуы қамтамасыз етiлуге тиiс. Оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның өкiлдерi шақырылады.
15. Ұйымның үй-жайлары мен аумағындағы тексеру олардың әкiмшiлiк өкiлдерiнiң көзiнше жүргiзiледi.
16. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды тексеру тек дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оның орнындағы адамның өтiнiшi бойынша немесе олардың келісімiмен және олардың көзiнше жүргiзiледi. Дипломатиялық өкiлдiң келісімiне Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы сұрау салынады. Тексеру жүргiзiлген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
17. Егер әлде бiр себептер бойынша бiрiншi тексеруде объектiнiң бөлiктерi зерттелмеген болса, оларды қосымша тексеру жүргiзiлуi мүмкiн.
18. Бiр объектiнi қайталап тексеру:
1) бастапқы тексерудiң жағдайы объектiнi тиiмдi тану үшiн қолайсыз болған жағдайда;
2) бастапқы тексеруден кейiн жаңа мәлiметтер алынуы мүмкiн болған жағдайда;
3) бастапқы тексеру сапасыз жүргiзiлген жағдайда жүргiзiледi.
223-бап. Заттай дәлелдердi тексеру және сақтау
1. Оқиға болған жердi тексеру кезiнде жердi немесе үй-жайды тiнту, шығарып алу, тергеу экспериментi немесе басқа тергеу iс-әрекетi кезiнде алынған не тергеушiнiң талап етуi бойынша ұйымдар және азаматтар берген заттар осы Кодекстiң 222-бабының ережелерi бойынша тексеруге жатады. Аталған заттар тексергеннен кейiн осы Кодекстiң 121-бабының ережелерiне сәйкес заттай дәлелдер деп танылуы мүмкiн.
2. Затты тергеушi заттай дәлел ретiнде тану және оны iске қосып тiркеу туралы қаулы шығарады. Осы қаулыда заттай дәлелдi iспен бiрге қалдыру немесе оны иесiне немесе өзге адамдар мен ұйымдарға сақтауға өткізу туралы мәселе шешiлуге тиiс.
3. Егер заттар ауқымды болуына немесе өзге де себептерге байланысты қылмыстық iспен бiрге сақтауға келмесе, олар фотосурет немесе бейнежазба құралдарымен түсiрiп алынуға, мүмкiндiгiнше мөрмен бекітілуге және тергеушi көрсеткен орында сақталуға тиiс. Iске заттай дәлелдiң үлгiсi қоса тiркелуi мүмкiн. Заттай дәлелдiң жатқан жерi туралы iсте тиiстi анықтама болуы тиiс.
4. Тез бұзылатын заттай дәлелдер, егер олар иесiне қайтарылмайтындай болса тиiстi ұйымдарға мақсатына сай пайдалануға не алынған сомаларды қылмыстық iстi жүргiзушi органның депозитiне енгiзе отырып сатуға өткiзiледi. Сақталуы айтарлықтай материалдық шығын жұмсауды қажет ететiн заттай дәлелдемелер, егер иесiне қайтарылып берiлуi мүмкiн болмаса оның келісімiмен алынған соманы қылмыстық процестi жүргiзушi органның депозитiне сала отырып, заңдарда белгiленген тәртiппен сатылады. Негiздер болған жағдайда пайдаланылған немесе сатылған заттай дәлелдемелер сол секiлдi және сондай сападағы заттармен қайтарылып берiледi немесе иесiне олардың құны төленедi.
5. Анықтау органы iстi тергеушiге берген кезде немесе ол бiр анықтау органынан екiншi анықтау органына, не бiр тергеушiден екiншiсiне берiлген ретте, сонымен қатар iс прокурорға және сотқа жiберiлгенде заттай дәлелдер осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда белгiленген тәртiпке сәйкес бiрге жөнелтiледi. Заттай дәлелдер буып-түйiлген және мөрмен бекітілген күйiнде оларды даралайтын белгiлерi көрсетiлген тiзiмдеумен бiрге берiледi.
6. Қылмыстық iс тергеу сатысында тоқтатылған кезде заттай дәлелдер туралы мәселе осы Кодекстiң 121-бабы үшiншi бөлiгiнiң ережелерi бойынша шешiледi.
223-бап Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II, 2001 жылғы 11 шiлдедегi № 238-II Заңдарымен енгiзiлген өзгерістермен.
224-бап. Адам мәйiтiн тексеру
1. Адам мәйiтiн ол табылған жерде сыртынан тексеру тексерудiң жалпы ережелерiн сақтай отырып және сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң, ал оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда - өзге дәрiгердiң мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi. Мәйiттi тексеру үшiн басқа да мамандар тартылуы мүмкiн.
2. Мәйiттi қосымша немесе қайталап тексерген жағдайда сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң қатысуы мiндеттi.
3. Танылмаған мәйiт мiндеттi түрде фотосуретке түсiрiлуге және дактилоскопия жасалуға тиiс.
4. Мәйiттi сырттай тексеру кейiн сот-медицина сараптамасының жүргiзiлуiн алмастырмайды және жоққа шығармайды.
5. Мәйiттi тексеру барысында азаматтардың қайтыс болған адамды тану туралы мәлiмдемелерi сол тергеу iс-әрекетiнiң хаттамасына енгiзiлiп, кейiннен мәлiмдеушiден куә ретiнде жауап алынады, бұл мәйiттi басқа адамдардың тануы үшiн көрсетудi жоққа шығармайды.
225-бап. Эксгумация
1. Адамның мәйiтiн жерленген жерiнен қазып алу (эксгумация) егер мыналар:
1) мәйiттi тексеру, оның iшiнде қосымша немесе қайталап тексеру;
2) тану үшiн көрсету;
3) сараптама жүргiзу талап етiлгенде жүргiзiледi.
2. Эксгумация тергеушiнiң прокурор санкция берген дәлелдi қаулысы бойынша жүргiзiледi.
3. Эксгумация туралы қаулы жерленген жердiң әкiмшiлiгi және қайтыс болған адамның туыстары үшiн мiндеттi болып табылады.
4. Эксгумация сот медицинасы саласындағы маманның мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi.
5. Мәйiттi тану мен тексеру, сараптамалық зерттеу үшiн үлгiлер алу эксгумация жасалатын орында жүргiзiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда тергеу iс-әрекетiн жүргiзуден алынған деректер және олардың ретi мәйiт эксгумациясының жалпы хаттамасына енгiзiледi.
6. Егер осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген тергеу iс-әрекеттерi басқа жерде жүргiзiлсе, бұл туралы жеке хаттама жасалады.
7. Эксгумациядан кейiн мәйiт өзге зерттеулердi жүргiзу үшiн медицина мекемесiне жеткiзiлуi мүмкiн.
8. Мәйiттi эксгумациялаудан және кейiнгi iс жүргiзу әрекеттерiнен соң жерлеудi мәйiттi эксгумациялау туралы қаулы шығарған адамның немесе органның қатысуымен жерлеу орны әкiмшiлiгi жүргiзедi.
9. Анықтау органдары тергеушiге эксгумация жүргiзуге жәрдемдесуге мiндеттi.
226-бап. Куәландыру
1. Адам денесіндегі ерекше белгiлердi, қылмыс iздерiн, денсаулығына келтiрiлген зиянның белгiлерiн анықтау, мас болу жағдайын немесе iс үшiн маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгiлердi анықтау үшiн, егер бұл үшiн сараптама жүргiзу талап етiлмесе, сезiктiге, айыпталушыға, жәбiрленушiге және куәға куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Куәландыру жүргiзу туралы тергеушi сезiктi, айыпталушы үшiн мiндеттi болып табылатын қаулы шығарады. Жәбiрленушiнiң, куәнiң мәжбүрлеп куәландырылуы прокурордың санкциясы бойынша жүргiзiледi.
3. Куәландыруды тергеушi дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен, ал олар қатыса алмаған жағдайда куәлердiң қатысуымен жүргiзедi. Бұл тергеу iс-әрекетi куәландырылатын адамды шешiндiрудi қажет еткен жағдайларда куәландыру сол жынысты куәлердiң қатысуымен жүргiзiледi.
4. Егер куәландыруда адамның денесi жалаңаштандырылатын болса, онда тергеушi жынысы басқа адамды куәландыру кезiнде қатыспайды. Бұл жағдайда куәландыруды сот медицинасы саласындағы маман немесе куәлердiң қатысуымен дәрiгер жүргiзедi.