82. Мемлекеттік мекеменiң азаматтық-құқықтық мәмілелерiн және бюджеттің мiндеттемелерiн тiркеу заңнамада белгiленген тәртіппен оларды жасасқаннан кейiн жүргізіледi. Аумақтық қазынашылық органдарында тiркелмеген бюджеттік қаражаттар есебiнен мемлекеттік мекемемен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу жүргізiлмейдi.
83. Мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелерін және бюджеттің мiндеттемелерiн тiркегенге дейінгі аумақтық қазынашылық органы мемлекеттік мекеме берген 27-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушілердi немесе бюджет қаражаттарын алушыны енгізуге өтiнiм негiзiнде берушілердiң анықтамалығына бюджет қаражаттарын алушыны - Қазақстан Республикасының резидентiн енгізудi жүргiзедi.
Берушiнi енгізуге өтiнiмнiң берiлген деректемелерi сәйкес келмеген кезде мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына мынадай растайтын құжаттарды бередi:
заңды тұлғалар үшін:
заңды тұлғаны тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
салық төлеушi куәлігінiң көшiрмесi;
есеп айырысу шотының бар екенi туралы банктiң анықтамасы;
жеке тұлғалар үшін:
жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi;
шотының бар екенi туралы банктің анықтамасы.
84. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушiнi немесе бюджет қаражаттарын алушыны берушілердiң анықтамалығына енгiзгенге дейiн мемлекеттік мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн және бюджеттiң мiндеттемелерiн тiркеу жүргізiлмейдi.
Берушілер мен бюджет қаражаттарын алушылардың анықтамалығын қалыптастыру бюджеттен төлемдердi қайтаруды жүзеге асырған кезде салық органдары ұсынған төлем құжатының негiзiнде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мекеме берушiнi (бюджет қаражаттарын алушыны) енгізуге өтiнiм толтырудың дұрыстығын қамтамасыз етедi.
85. Мемлекеттік мекеменiң азаматтық-құқықтық мәмілелерiн тiркеу жасалған шарт негізінде жүргiзiледi. Жүз айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын сомаға азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу шарт не берiлген тауарға (орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге) шот-фактура негiзiнде жүргізіледi.
86. Аумақтық қазынашылық органы мемлекеттік мекеме берген құжаттарды тексергеннен кейiн мемлекеттік мекеме мiндеттемелердi тiркеуге берген өтiнiм немесе төлеуге берiлген шот негiзiнде мiндеттемелердi тiркеуге өтiнiмдi енгiзедi. Осы Ережеде келтiрiлген талаптар сақталмаған кезiнде мемлекеттік мекеме жасасқан азаматтық құқықтық мәмілелер тiркеуге жатпайды.
10-тарау. Азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеуге
мемлекеттік мекемелер беретiн құжаттардың тiзбесi
87. Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушілермен немесе бюджет қаражаттарын алушылармен жасасқан шарттың екi түпнұсқа данасын қосып бере отырып, 28-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мiндеттемелердi тiркеуге өтiнiм (бұдан әрi - өтiнім) және шарттың көшiрмесiнiң бiр данасын (аумақтық қазынашылық органына) бередi.
88. Шот-фактура негiзiнде жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомаға азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу үшiн берілген тауарға (орындалған жұмыстарға, көрсетiлген қызметтерге) шот-фактураның түпнұсқасы мен көшiрмесi қоса беріледi.
89. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) бiр көзден мемлекеттік сатып алу тәсiлi кезiнде, егер осындай келiсу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес талап етілген жағдайда, мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілеттi органның сатып алу тәсілiне келiсу туралы тиiсті жазбаша растауын ұсынады.
90. Объектілер мен кешендердi салуға шартты тiркеу кезiнде мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына Қазақстан Республикасының аумағының шегiндегі объектілер мен кешендердiң құрылысын қоспағанда, жобалау құжаттамасының (жобалау-сметалық) және құрылыстың сметалық құнына және жиынтық сметалық есеп айырысуға қатысты олардың бекітілгенін растайтын құжаттарды мемлекеттік сараптаудың оң қорытындысын беру қажет.
91. Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына мынадай шығыстардың түрлерi бойынша бюджет мiндеттемелерiн тiркеу үшiн төлеуге шот бередi:
мемлекеттік мекеме мен жеке тұлға - өтеусiз негiзде бюджет қаражаттарын алушы арасындағы еңбек қатынасы негiзiнде жүзеге асырылатын мемлекеттік мекеменiң шығыстары;
бюджеттерге берілетiн ресми трансферттер және төмен тұрған бюджеттерге берілетін бюджеттік кредиттер;
сыйақылар төлеу мен iшкi және сыртқы борыштың негізгі сомасын өтеу;
елдiң iшіндегі күрделi трансферттер, шет елдерге күрделi трансферттер, қаржылық активтер сатып алу, ел шегiнде қаржылық активтер сатып алу;
ерекше және өзге де ағымдағы шығындарды төлеу;
аппараттарды және сыртқы саяси және халықаралық қызметті қамтамасыз ету үшiн мемлекеттік органдардың өкілдерiн ұстауға және материалдық-техникалық жарақтандыруға Қазақстан Республикасы шегiнде валюта қаражаттарын ауыстыру және оны аудару;
жеке тұлғаларға тамақтану немесе заттай мүлiк, нысанды және арнаулы киім-кешек, темекi өнiмдерiнiң құны шегінде ақшалай жәрдемақылар төлеу.
92. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң (жергiлiктi атқарушы органдар) шешiмдеріне сәйкес мемлекеттік мекеме шарт жасасқан немесе мiндеттемелердi қабылдаған жағдайда, мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органдарына Қазақстан Республикасы Үкiметінiң (жергiлiктi атқарушы органдардың) тиісті шешімдерiнiң көшірмесiн бередi.
11-тарау. Мемлекеттік мекемелер жасасқан азаматтық-құқықтық
мәмілелердi тiркеу кезiнде қойылатын талаптар
93. Жасалған шарттарды тiркеудi талап ететiн шығыстардың экономикалық сыныптамасы бойынша шығыстардың тізбесiн бюджетте атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейдi.
94. Мiндеттемелердi тiркеу негізінде жүргiзілетiн төлеуге берiлген шоттың сомасы шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиiстi кодтары бойынша жыл басынан бастап тiркелген бюджет мiндеттемелерiнiң сомасын шегере отырып, мемлекеттік мекемеге берiлген рұқсаттардың сомасынан асып кетпеуi қажет.
95. Аумақтық қазынашылық органына тiркеуге берiлген азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң сомасы шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиiсті кодтары бойынша жыл басынан бастап тiркелген азаматтық-құқықтық мәмілелердiң сомасын шегере отырып, мемлекеттік мекемеге берiлген рұқсаттардың сомасынан асып кетпеуi қажет.
96. Мерзiмi бiр қаржы жылынан аспайтын азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеу мемлекеттік мекемелерге берiлген рұқсаттар шегінде жүзеге асырылады және мынадай жағдайларда болады:
Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен үкiметтiк сыртқы қарыз бойынша шарттың шеңберiнде мемлекеттік мекеменiң шарт жасасуына;
құрылыста ұзақ мерзiмдi мердiгер жұмыстарға және оларға iлеспе тауарлар мен (немесе) қызметтерге мемлекеттік мекеменiң шарт, сондай-ақ дайындалу технологиялық мерзiмi бiр жылдан аспайтын тауарларды сатып алу туралы шарт жасасуына;
мемлекеттік сатып алу мәнi болып табылмайтын тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатып алу жөніндегі халықаралық қаржылық институттар мен халықаралық рейтингтiк агенттiктермен құқықтық қатынастардың пайда болуы.
Қалған жағдайларда, азаматтық-құқықтық мәмілелердi мемлекеттік мекемелер ағымдағы қаржы жылының соңына дейiнгі мерзiмде жасасады.
97. Орындалу мерзiмi бiр қаржы жылынан асып кететiн шартта тиісті қаржы жылы бойынша сома бөлiнген шарттың жалпы сомасы көрсетіледi. Шарттың қолданылу мерзiмi бюджеттік бағдарламаның бекiтілген паспортына сәйкес бюджеттік бағдарламаның кiшi бағдарламасының iс-шараларын iске асыру мерзiмiне сәйкес келуi қажет. Кейiнгi жылдарда азаматтық-құқықтық мәмілелердi қайта тiркеу шарт немесе тиiстi қаржы жылына берiлген рұқсаттар шегiнде оған қосымша келісім негiзiнде жүргiзіледi. Халықаралық қаржылық институттар, халықаралық рейтингтік агенттіктер белгілеген нысан бойынша растаушы құжат негiзiнде Халықаралық қаржылық институттар мен халықаралық рейтингтік агенттiктермен болатын шарттарды қайта тiркеуге болады.
98. Шарттың сомасы, есептердiң тәртібі мен мерзiмi немесе тараптардың деректемелерi өзгерген жасалған шартқа қосымша келісім тiркеуге жатады. Есептердiң тәртібі мен мерзiмiнiң өзгеруi бойынша қосымша келісімдi тiркеу кезiнде мiндеттемелердi тiркеу туралы хабарламаны (тапсырысты) өзгерту жүргiзiлмейдi. Шарт сомасының өзгеруi бойынша қосымша келісімдердi тiркеу мынадай:
сапасы, көлемдерi өзгермеуi шарты және берушiнiң таңдауы үшін негізгi болып табылатын басқа да шарттар кезiнде бағаның кемiтiлуi бөлiнiсiнде шарттың сомасы кемiген;
табиғи немесе мемлекеттік монополия субъектілерiмен, үлесi осындай рынокта жүз пайызға тең анықталған тауар рыногінде басым (монополиялық) жағдаймен айналысатын немесе бір көзден балама болмаған кезде жасасқан берушілермен шарттың сомасы өзгерген;
мемлекеттік сатып алу мәнi болып табылмайтын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алуға шарттың сомасы өзгерген;
шарттың жалпы сомасы өзгермеген бір жылдан артық мерзiмге жасалған шарттың ағымдағы қаржы жылында сомасы өзгерген жағдайларда берiлген рұқсаттардың қалдығы шегiнде болады.
99. Бiр жылдан артық мерзiмге жасалған шарттың жалпы сомасының өзгеруi бойынша қосымша келісімдi тiркеу осы Ереженiң 98-тармағында санамаланған жағдайларда мүмкін болады. Шарт тараптарының өзгеруi тараптардың қайта ұйымдастырылуына және мемлекеттік мекеменiң функцияларын басқа мемлекеттік мекемеге беруге байланысты жүзеге асырылады.
100. Шарттардың сомасы өзгерген кезде мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына тiркеуге негiзгі шартқа қосымша келісім мен бұрын орындалған міндеттемелерді ескере отырып шарттың жаңа сомасына өтiнiм бередi.
101. Шарттың бұзылған жағдайда, мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық комитетiне шартты бұзу туралы келісім немесе шарттың бұзылуы туралы хабарлама және есептемелердi салыстыру актiсiн ұсынады. Берушiнiң мемлекеттік мекеме алдында берешегі болған кезде шартты бұзуды тiркеуге болмайды.
102. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушілермен немесе бюджет қаражаттарын алушылармен мемлекеттік мекеме жасасқан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) төлеу үшiн мынадай шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерi үшiн ағымдағы қаржы жылына шарттың сомасының 50 пайызынан аспайтын мөлшерде аванстық (алдын ала) төлем жасалады:
131 "Тамақ өнiмдерiн сатып алу",
132 "Дәрi-дәрмектер және өзге де медициналық мақсаттағы құралдар",
134 "Зат түріндегі мүліктік заттарды және басқа нысандық және арнайы киім-кешектерді сатып алу, тiгу және жөндеу",
135 "Ерекше жабдықтар мен материалдар сатып алу",
139 "Өзге де тауарлар сатып алу",
149 "Өзге де қызметтер мен тауарлар" - ауылдағы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен шарт жасасқан кезде,
411 "Активтер сатып алу",
412 "Ғимараттар мен құрылыстар сатып алу".
103. 145 "Жылытқаны үшiн ақы төлеу" шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерi бойынша аванстық (алдын ала) төлемге ағымдағы қаржы жылына жасалған шарттың сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерде отын сатып алу бөлігінде ғана рұқсат етіледi. Осы Ереженiң 102-тармағында көрсетілген тiзбеге енбейтiн шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерi бойынша аванстық (алдын ала) төлемге ағымдағы қаржы жылына жасалған шарттың сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерде рұқсат етiледi. 147 "Үй-жайды жалдауға ақы төлеу", 141 "Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу" және 144 "Электр энергиясына ақы төлеу" шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерi үшін аванстық (алдын ала) төлемге рұқсат берiлмейдi.
ҚР Үкіметінiң 2005.28.06. № 639 қаулысымен 103-1 тармағымен толықтырылды
103-1. Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру үшін астықты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезiнде Мемлекеттік астық ресурстарын басқару агентіне ақша қаражатын аудару Қазақстан Республикасы Үкiметінiң жыл сайынғы шешiмiмен анықталатын астықты көктемгi-жазғы қаржыландыруға және күзгі сатып алуға арналған сома мөлшеріндегі бiржолғы төлемдермен жүзеге асырылады.
104. Аванстық (алдын ада) төлем кезiнде жеткiзiлген тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) одан әрі ақы төлеу кезiнде оның өтеу тәртібін шартта көрсету қажет.
Аванстық (алдын ала) төлемдi өтеу ағымдағы қаржы жылына қабылданған мiндеттемелердің сомасынан жүргiзіледi.
105. Бюджеттік кредит беру жөнiндегі азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және жергiлiктi атқарушы органдардың тiзiлiмдерiне енгізілген мемлекеттік талаптардың тiзiлiмiне оларды енгізгеннен кейiн жүргізіледi.
106. Республикалық бюджет қаражаты есебiнен бюджеттік кредит беру шарттары Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмдерiмен, жергілікті бюджеттер қаражаттарының есебiнен - жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерiмен анықталады.
107. Шетел берушілерiмен тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) жеткізуге шетел валютасында шарттар жасасуды тiркеуге Қазақстан Республикасында талап етілген көлемде және сапада осы тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатып алу мүмкiндiгi болмаған кезде рұқсат етiледi. Шетел валютасында төлем жүргiзу мемлекеттік мекеменiң сыртқы экономикалық қызметiне байланысты және бюджеттік бағдарламаның паспортында сипатталған iс-шараларға сәйкес жүзеге асырылады.
108. Шетел валютасында азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу үшiн мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органына тиiсті деректемелердi көрсете отырып, шарттың түпнұсқасын бередi. Шетел валютасында тауарлардың импорты бойынша азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу үшін мемлекеттік мекеме бюджеттi атқару жөнiндегі орталық уәкілетті органның кедендiк бақылау бойынша тиiстi бөлiмшесi ресiмдеген мәміленiң паспортын ұсынады. Курстық бағамға байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу сомасынан талап етiлген төлеу сомасының асып түсуiне мiндеттемелердi тiркеуге қосымша өтінiмдi мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық органға бергеннен кейiн ҚР ББС шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиiстi кодтары бойынша берiлген рұқсат қалдығының шегінде мүмкiндiк берiледi.
12-тарау. Азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеу кезiнде мемлекеттік мекемелер ұсынатын құжаттарға қойылатын талаптар
109. Мемлекеттік мекеме жасасқан шартқа бiріншi басшы немесе оған уәкiлеттік берілген тұлға қол қоюы және тараптардың мөртабандарымен расталуы қажет. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезiнде шарт мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына сәйкес келуi қажет.
Шарт әрбiр тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушi немесе бюджет қаражаттарын алушы бойынша жасалады. Егер тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) беруші немесе бюджет қаражаттарын алушыға ақы төлеу шығыстар сыныптамасының бiр бюджеттік бағдарламасының, кiшi бағдарламасының әртүрлi ерекшелiктерi бойынша жүргiзiлген жағдайда, шығыстардың бюджеттік сыныптамасының әрбiр коды бойынша мiндеттемелердi тiркеуге өтiнiм бере отырып, бiр шарт жасауға болады. Шартта шығыстардың бюджеттік сыныптамасының әрбiр коды бойынша сома бөлiнген жалпы сома болуы қажет.
Республикалық бюджет қаражаты есебiнен бюджеттік кредит беру туралы шарт (келісім) жасасуды Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жергілiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен бюджеттік кредиттердi беру туралы шарттар (келісімдер) жасасуды жергiлiктi атқарушы органның - әкiмнiң атынан немесе уәкілеттік берiлген тұлға жүзеге асырады.
110. Шартта мынадай ақпарат:
заңды тұлғалар үшiн тараптардың толық атауы және шартқа қол қоюға уәкілеттiк берiлген тұлға туралы мәлiмет; жеке тұлғалар үшiн тегі, аты, әкесiнiң аты, жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерi;
тараптардың мекен-жайы, салық төлеушiнiң тiркелген нөмiрi (Қазақстан Республикасының резиденттерi үшiн);
тараптардың банктiк деректемелерi: берушiнiң дербес сәйкестендiру кодын, ұлттық валютада есеп айырысу үшiн қызмет көрсететiн банктiң атауы мен бiрегейлеу коды. Шетел валютасында есеп айырысу үшін банк-корреспондентте қызмет көрсететiн банктiң деректемелерi мiндетті түрде көрсетiледi;
бюджеттік бағдарламаның, кiшi бағдарлама мен ерекшелiктiң атауы;
шарттың мәнi;
жұмыстарды, қызметтердi орындау және тауарларды жеткізу мерзiмi;
тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) ақы төлеу мерзiмi;
шарттың талаптарын орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны үшiн тараптардың жауапкершілігі болуы қажет.
Жоғарыда санамаланған талаптар ескерiлмеген, сондай-ақ қолмен жазылған шартты аумақтық қазынашылық органына тiркеуге беруге болмайды.
Шарт аумақтық қазынашылық органдарында тiркелген сәттен бастап күшіне енедi.
111. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) беруге арналған шарттар осы Ереженiң 110-тармағында көрсетiлген мәлiметтерге қосымша мыналарды:
берiлетін тауарлардың (орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) көлемiн, бiрлiк үшiн бағаны, шарттың жалпы құнын;
тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) жеткізушілердiң немесе бюджет қаражатын алушылардың шарт бойынша өз мiндеттемелерiн орындауы туралы куәландыратын құжаттарды көрсете отырып берiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) қабылдау-тапсыру тәртібін;
тауарларды беру (жұмыстарды орындау, қызметтердi көрсету) мерзiмi мен көлемiн тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушi немесе бюджет қаражатын алушы мiндеттемелердiң орындалу бiркелкiлiгіне қойылатын талаптарды қамтамасыз етуi және айлар бойынша құндық тұрғыда тиiстi бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша мемлекеттік мекемелердiң төлемдерiмен қаржыландырудың жеке жоспарында көрсетiлген сомаға сәйкес болуы тиiс;
тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) бергенi үшiн төлемдердi жасаудың тәртібін қамтуы тиiс.
112. Мемлекеттік мекемелер алушыларға қызмет көрсету жөніндегі әрбiр Банк/Агентпен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен Агенттiк келісім жасайды және қол қоюға құқығы бар лауазымды тұлғалардың қолының үлгісi мен мөрдiң бедерi бар құжатты оған ұсынады.
Агенттiк келісім мыналарды қамтуы тиiс:
тараптардың толық атауы және мекен-жайы;
бюджеттік бағдарламаның атауы;
агенттiк келісім жасаудың мәнi;
агенттік қызметiнiң, олар орындайтын жұмыстар мен қызметтердiң құрамы және мазмұны;
агент орындайтын жұмыстар мен қызметтердiң құны;
жұмыстар мен қызметтердi орындау мерзiмi;
төлемдердi және жобаны қаржыландыру жөніндегі есептердi iске асырудың, бюджеттік кредитті берудiң және қаражатты бюджетке қайтарудың (қайталама қаржыландыру жағдайында) тәртібі мен әдiстерi;
бюджет қаражаттарын агенттiң шотына аударудың кестесi;
агенттің бюджет қаражаттарының пайдаланылуын растайтын құжаттардың тiзбесi, беру тәртібі және мерзiмi;
қаржылық агенттің қызметтерiн төлеу көздерi және тәртібі:
агенттік келісім тараптарының өзара мiндеттемелерi;
агенттiк келісімiнiң шарттарын орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн тараптардың жауапкершiлігі;
13-тарау. Мiндеттемелердi тiркеуге арналған өтiнiмдердi
ресiмдеу және ұсыну, мiндеттемелердi тiркеу туралы
хабарлама (тапсырыс) беру
113. Өтiнiм тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) әрбiр берушіге немесе бюджет қаражаттарын алушыға және бiр немесе одан артық тауарлар (жұмыстар, қызметтер) атаулары үшін ҚР ББС әрбiр коды бойынша жеке-жеке ұсынылады.
114. Өтінiмге мемлекеттік мекеменің бiрiнші басшысы немесе уәкiлеттік берiлген тұлға, бас бухгалтер қол қояды және мөрмен куәландырылады. Басшы немесе уәкілеттік берілген тұлға, бас бухгалтер өтiнімнің дұрыс ресiмделуi үшiн жауап бередi. Өтiнiмге басшы немесе уәкілеттік берiлген тұлға (және/немесе) бас бухгалтер болмаған жағдайда, бұйрыққа сәйкес олардың мiндеттерiн орындаушы тұлғалар қол қояды.
115. Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткен қарыз шартының аясында тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатып алуға арналған азаматтық-құқықтық мәмілелердi тiркеген кезде мемлекеттік мекеме бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мiндеттемелердi тiркеуге арналған өтінімді аумақтық қазынашылық органына ұсынады.
116. Мемлекеттік мекеме өтiнiмдерге рет нөмiрiн бередi және "Күнi" бағанын толтырады. "№ мемлекеттік мекеме" тор көзiнде мемлекеттік мекеменiң коды көрсетiледi. "Мемлекеттік мекеменiң атауы" бағанында мемлекеттік мекеменiң толық атауы көрсетiледi.
"Бюджеттің түрі" бағанында мыналардың есебiнен шығыстар жасалатын бюджет:
01 - республикалық бюджет,
02 - облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерi,
03 - аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет көрсетiледi.
"Қаржыландыру көзi" бағанында:
1 - бюджет есебiнен шығыстар үшін,
2 - үкiметтік сыртқы қарыздар есебiнен шығыстар үшін шығыстардың түрлерi көрсетіледi.
"Шығыстарды сипаттау" бағанында ҚР ББС экономикалық сыныптамасы бойынша шығыстардың ерекшелiгiне сәйкес келетiн шығыстардың түрлері, тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатып алу әдiстерi көрсетіледi. Осы тор көзде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) мемлекеттік сатып алу кезiнде конкурсты өткізу қорытындылары хаттамасының немесе бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиiстi бөлiмшесiнiң бір көзден сатып алуға хаты-келісімінің (растама) нөмiрi және күнi көрсетіледi. Мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасы Үкіметінiң (жергiлiктi атқарушы органдардың) шешiмдерiне сәйкес шарт жасасқан жағдайда, осы тор көзде Қазақстан Республикасының Үкіметі (жергіліктi атқарушы органдар) шешiмiнiң нөмiрi және күні, тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушінің немесе бюджет қаражатын алушының ДСК көрсетіледi.
"Бюджеттік сыныптама коды" бағанында дәйекті түрде бюджеттік бағдарламаның, бюджеттік бағдарламаның, кiшi бағдарламаның әкімшісінің кодтары, шығыстардың ерекшелiктерi көрсетіледi. "Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) атауы" бағанында жасасқан шартқа сәйкес берілетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) атауы толтырылады. Бюджет сыныптамасының кодтары және тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) атауы жасасқан шарттардың мазмұнына сәйкес келуi тиiс.
"Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушінің (бюджет қаражатын алушының атауы және мекен-жайы, беруші (бюджет қаражатын алушы) банкінің атауы және БСК" бағанында беруші (бюджет қаражатын алушы) коды, атауы, заңды мекен-жайы, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi және оның банктік деректемесі (ағымдағы шотының жеке сәйкестендiрiлген коды, қызмет көрсететін банктiң атауы және банктік сәйкестендiрілген коды) көрсетiледi.
"Саны", "Баға" және "Сома" бағанында тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тобының мөлшерi бiрлiк үшiн бағасы және ұлттық валютадағы жалпы құны көрсетіледi. Жұмыстардың және қызметтердiң бiрыңғай өлшеуiштерi болмаған жағдайда "Саны" бағанында 1 (бiрлiк) көрсетуге рұқсат етіледi. "Сома" бағанының "Барлығы" жолында шарттың жалпы сомасы ұлттық валютада жазбаша көрсетiледi. Өтінімнiң жалпы сомасы жасалған шартта көрсетiлген ҚР ББС әрбiр кодының сомасына сәйкес келуi тиiс.
Шетелдiк валютадағы азаматтық-құқықтық мәмілені тiркеу кезiнде өтiнiмнiң жалпы сомасы нарықтық бағамы бойынша тiркеу күнiне есептелген ұлттық валютада келтiрiледi.
Өтінiмнiң "Төлем кестесi" бөлiмiнің "Құжат - негiздеме" бағанында құжаттың атауы көрсетiледi, оның негiзiнде төлем жүргiзіледi. Осындай құжаттар мемлекеттік мекеменiң және тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) берушiсi немесе бюджет қаражатын, мемлекеттік сатып хаттамасын алушының арасындағы шарт болуы мүмкiн.
Өтінімнiң "Төлем кестесi" бөлiмiнiң "Төлем күнi" және "Сома" бағандарында тиiсiнше жоспарланатын төлем күні мен сомасы көрсетiледi. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) беру туралы шарттың талаптарына сәйкес аванстық (алдын ала) төлемдi өтеудi ескере отырып, аванстық (алдын ала) төлемнiң мөлшерi және жеткiзiлетiн тауарлардың (орындалатын жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердің) төлем сомасы көрсетіледi. "Сома" бағанындағы жолдардың жалпы сомасы өтiнiмнiң жалпы сомасына сәйкес келуi тиiс.
Өтінiмнiң "Төлем кестесi" бөлiмiнiң "% Өтінiмдер" бағанында шартқа сәйкес айлар бойынша бөлiнген аванстық (алдын ала) өтінiмнiң процентi және төлем сомасы көрсетіледі.
117. Мiндеттемелердi тiркеу туралы Хабарлама (Тапсырыс) (бұдан әрi - Хабарлама (Тапсырыс)) мемлекеттік мекеме құжаттарды берген күннен бастап үш жұмыс күнiнiң iшiнде қазынашылықтың аумақтық органы бекiткен өтiнiмнiң негiзiнде қалыптастырылады.
118. Хабарлама (Тапсырыс) мемлекеттік мекеменің тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) берушісімен жасаған азаматтық-құқықтық мәмілесін тiркелуiн растайтын құжат болып табылады.
119. Мемлекеттік мекеменiң тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) берушісімен немесе үш миллион теңгеге дейiн сомаға бюджет қаражатын алушымен жасаған азаматтық-құқықтық мәмiлесiн тiркеу кезiнде 32, 33-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша Хабарлама (Тапсырыс) қалыптастырылады, жауапты орындаушының қолымен және мөртаңбасымен расталады, қазынашылықтың аумақтық органының бiрiншi басшысы немесе оған уәкілетті тұлға қол қояды, мөрмен растайды. Жауапты орындаушының мөрiмен расталған Шарттың түпнұсқасының екі данасын қоса бере отырып 32-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Хабарлама (Тапсырыс) мемлекеттік мекемеге беріледі, жауапты орындаушының мөрiмен расталған шарттың көшiрмесiн қоса бере отырып 33-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Хабарлама (Тапсырыс) қазынашылықтың аумақтық органында қалады.