(а) шығарылған сақтандыру келісімшарттары бойынша сақтандырушының есеп саясатын сәйкес бағаланған міндеттеме; және
(b) (і) сақтандыру келісімшарттары бойынша сатыла алынған құқықтардың және қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің әділ құны және (іі) (а) тармағында жазылған сома арасындағы айырманы білдіретін материалдық емес актив. Осы активтің кейінгі өзгерісі оған байланысты сақтандыру міндеттемесін бағалауға сәйкес келуі тиіс.
32 Сақтындыру келісімшарттарының портфелін сатып алған сақтандырушы 31-тармақта жазылған, кеңейтілген көріністі пайдаланады.
33 31 және 32-тармақтарда жазылған материалдық емес активтер 36 Активтердің құнсыздануы ХҚЕС (IАS) және 38 Материалдық емес активтер ХҚЕС-тарын (IАS) қолдану аясынан алып тасталады. Дегенмен 36 ХҚЕС (IАS) және 38 ХҚЕС (IАS) клиенттердің тізіміне және бизнесті біріктіру немесе портфельді өткізу күніндегі сақтандыру келісімшарттары және келісімшарттық сақтандыру міндеттемелері бойынша құқықтардың бір бөлігі болып табылатын болашақ келісімшарттарға қатысты күтулерді көрсететін клиенттермен қатынастарға қолданылады.
Қалауы бойынша қатысу мүмкіндігі
Қалауы бойынша сақтандыру келісімшарттарына қатысу құқығы
34 Кейбір сақтандыру келісімшарттарында қалауы бойынша қатысу құқығы және кепілдік берілген төлемдердің элементтері бар. Осындай келісімшарттың эмитенті:
(а) кепілдік берілген төлемдердің элементін қалауы бойынша қатысу құқығынан бөлек таниды, бірақ міндетті емес. Егер эмитент оларды бөлек танымаса, онда ол барлық келісімшартты міндеттеме ретінде жіктеуі тиіс. Егер эмитент оларды бөлек жіктесе, онда ол кепілдік берілген төлемдердің элементін міндеттеме ретінде жіктеуі тиіс;
(b) егер ол қалауы бойынша қатысу құқығын кепілдік берілген төлемдердің элементінен бөлек таныса, онда ол осындай құқықты міндеттеме ретінде не меншікті капиталдың жекелеген компоненті ретінде жіктеуі тиіс. Осы ХҚЕС (IFRS) эмитент осындай құқық міндеттеме немесе капитал болып табылатынын не табылмайтынын айқындауы тиіс екенін белгілемейді. Эмитент осындай қалауы бойынша қатысу құқығын міндеттемелердің және меншікті капиталдың компоненттеріне бөледі және осындай бөлуге қатысты жүйелі есеп саясатын пайдалануы тиіс. Эмитент осы қалауы бойынша қатысу құқығын міндеттеме де және сол сияқты меншікті капитал да болып табылмайтын аралық санат ретінде жіктемеуі тиіс;
(c) алынған барлық сыйлықақыларды меншікті капиталдың компонентіне жатпайтын бөлігін бөлмей, түсім ретінде таниды. Кепілдік берілген төлемдер элементінің және қалауы бойынша қатысу құқығының бір бөлігінің туындаған, міндеттеме ретінде жіктелген өзгерісі пайдада немесе залалыда көрсетілуі тиіс. Егер қалауы бойынша қатысу құқығының бір бөлігі немесе барлығы меншікті капиталда жіктелсе, онда пайданың немесе залалдың бір бөлігі осы мүмкіндікке жатқызылады (осылайша, оның бір бөлігі ретінде азшылық үлесіне жатқызылады). Эмитент пайданың немесе залалдың қалауы бойынша қатысу құқығының құқығын меншікті капитал компонентіне жатқызылатын бір бөлігін шығыс немесе кіріс ретінде емес, пайданы немесе залалды бөлу ретінде тануы тиіс (1 Қаржы есептілігін ұсыну ХҚЕС (IАS) қараңыз);
(d) егер келісімшартта 9 ХҚЕС (IFRS) қолдану аясына кіретін орнықтырылған туынды құрал бар болса, 9 ХҚЕС (IFRS) осы орнықтырылған туынды құралға қолдану қажет;
(e) 14-20 және 34 (а)(d)-тармақтарда жазылмаған барлық аспектілер үшін, егер ол осы есеп саясатын 21-30-тармақтарға сәйкес келетін тәсілмен өзгертпесе, қолда бар есеп саясатын осындай келісімшарттарға қатысты пайдалануын жалғастыруы тиіс.
Қалауы бойынша қаржы құралдарына қатысу құқығы
35 34-тармақтың талаптары сондай-ақ қалауы бойынша қатысу құқығы бар қаржы құралдарына қолданылады. Сонымен бірге:
(а) егер эмитент қалауы бойынша қатысу құқығын міндеттеме ретінде жіктесе, онда ол 15-19-тармақтарда жазылған міндеттемелердің барлық келісімшартқа (яғни, кепілдік берілген төлемдердің элементіне де және қалауы бойынша қатысу құқығын да) баламалығын тексеруі тиіс. Эмитенттен 9 ХҚЕС-ын (IFRS) кепілдік берілген төлемдердің элементіне қолдану нәтижесінде туындауы мүмкін соманы айқындау талап етілмейді;
(b) егер эмитент осындай құқықтың бір бөлігін немесе толық меншікті капиталдың жеке компоненті ретінде жіктесе, онда барлық келісімшартқа қатысты танылған міндеттеме 9 ХҚЕС-ында (IFRS) кепілдік берілген төлемдердің элементіне қолдану нәтижесінде туындауы мүмкін сомадан аз болмауы тиіс. Осы сома келісімшарттан бас тарту мүмкіндігінің ішкі құнын кіргізуі тиіс, бірақ егер 9-тармаққа сәйкес осындай мүмкіндік әділ құны бойынша бағалаудан босатылса, оны уақытша құнға кіргізу талап етілмейді. Эмитенттен 9 ХҚЕС-ында (IFRS) кепілдік берілген төлемдердің элементіне қолдану нәтижесінде туындауы мүмкін соманы ашып көрсету және осы соманы бөлек ұсыну талап етілмейді. Сонымен бірге, егер танылған жиынтық міндеттеме одан анық көп болса, эмитенттен осындай соманы айқындау талап етілмейді:
(c) осы келісімшарттар қаржы құралдары болып табылса да, эмитент осындай келісімшарттар бойынша сыйақыларды түсім ретінде тануды және міндеттеменің қаржылық жағдай есебі құнының туындаған ұлғаюын шығыс ретінде тануды жалғастырады;
(d) мұндай келісімшарттар, қаржы құралдарын білдіретініне қарамастан, 7 ХҚЕС-ының (IFRS) 20 (b)-тармағын қолданатын эмитент қалауы бойынша қатысу құқығы бар келісімшартқа пайдалар мен залалдар туралы есепте танылған жиынтық пайыздық шығыстарды ашып көрсетуге тиіс, бірақ пайыздың тиімді міндеттемесі әдісі бойынша осындай пайыздық шығыстардың есебін жүргізуге міндетті емес.
Ақпаратты ашып көрсету
Танылған сомаларды түсіндіру
36 Сақтандырушы оның қаржылық есептілігіндегі соманы бірегейлендіретін және түсіндіретін, сақтандыру келісімшарттарына байланысты туындайтын ақпаратты ашып көрсетуі тиіс.
37 Сақтандырушы 36-тармаққа сәйкес мыналарды ашып көрсетуі тиіс:
(а) сақтандыру келісімшарттарына және оларға байланысты активтерге, міндеттемелерге, кірістерге және шығыстарға қатысты өзінің есеп саясатын;
(b) сақтандыру келісімшарттарына сәйкес туындаған, танылған активтерді, міндеттемелерді, кірістерді және шығыстарды (және егер ол ақша қаражатының қозғалысы туралы өзінің есебіне ұсыну үшін тікелей әдісі қолданса, онда ақша қаражатының ағындарын). Сонымен қатар, егер сақтандырушы цедент болып табылса, онда ол мыналарды ашып көрсетуі тиіс:
(і) пайдада немесе залалда танылған, қайта сақтандыруды сатып алудан кірістер мен шығындар; және
(іі) егер цедент қайта сақтандыруды сатып алуға байланысты туындаған пайдалар мен залалдарды кейінге қалдырса және амортизацияласа, онда кезеңдегі амортизацияны және кезеңнің басындағы және соңындағы амортизацияланбаған сомаларды.
(с) танылған, (b) тармағында жазылған сомаларды өзгерісіне көп әсер ететін жорамалдарды айқындау үшін пайдаланылатын тәсілді. Егер нақты жүзеге асырылатын болса, сақтандырушы осындай жорамалдар бойынша сандық ақпаратты ашып көрсетуді ұсынуы тиіс;
(d) қаржылық есептілікке елеулі әсер етуін әрбір өзгерістің ықпалын жеке ұсына отырып, сақтандыруға байланысты активтерді және сақтандыру міндеттемелерін бағалау кезінде пайдаланылатын жорамалдардағы өзгерістердің әсерін;
(e) қайта сақтандыруға байланысты сақтандыру міндеттемелеріндегі, активтердегі өзгерістерді және бар болған кезде сатып алу үшін бөлінген тиісті шығындарды салыстырып тексеру.
Сақтандыру келісімшарттарына байланысты туындайтын тәуекелдіктердің сипаты мен дәрежесі
38 Сақтандырушы пайдаланушыларға сақтандыру келісімшартына байланысты туындаған тәуекелдіктердің сипаты мен дәрежесін бағалауға көмектесетін ақпаратты ашып көрсетуі тиіс.
39 Сақтандырушы 38-тармаққа сәйкес мыналарды ашып көрсетуі тиіс:
(а) сақтандыру келісімшарттары бойынша туындаған тәуекелдіктерді басқару жөніндегі мақсатын және осындай тәуекелдіктерді азайту жөніндегі саясатын;
(b) [жойылған]
(c) мынадай ақпаратты қоса алғанда, сақтандыру тәуекелдігі туралы ақпарат (қайта сақтандыру нәтижесінде ол азайғанға дейін және кейін):
(і) сақтандыру тәуекелдігіне сезімталдылығы туралы (39-тармаққа қараңыз);
(іі) концентрацияны басшылық анықтайтынын жолдар және әрбір концентрацияны бірегейлендіретін жалпы сипаттаманы сақтандыру тәуекелдігінің концентрациялары туралы (мысалы, сақтандыру оқиғасының, географиялық ауданның немесе валютаның);
(ііі) өткен есеп айырысу бағаларымен салыстырғандағы нақты шағымдар (яғни, шағымдарды шешу барысы). Шағымдарды шешу барысы туралы ақпаратты ашып көрсету шағымдар бойынша төлемдердің көлеміне және уақыт бойынша бөлуге қатысты әлі де айқындалмаушылық бар ең ерте маңызды шағымдар туындаған сәттен басталатын кезеңді қамтиды, бірақ он жылдан асатын кезеңді қамтуды талап етпейді. Сақтандырушыдан шағымдар бойынша төлемдердің көлеміне және уақыт бойынша бөлуге қатысты айқындалмаушылықты шешу әдетте бір жыл ішінде болатын шағымдар туралы ақпаратты ашып көрсету талап етілмейді;
(d) егер сақтандыру келісімшарттары 7 ХҚЕС (IFRS) қолдану аясына кіретін болса, пайыздық тәуекелдік және кредиттік тәуекелдік туралы 7 ХҚЕС-ының (IFRS) 31-42-тармақтарына сәйкес талап етілетін ақпаратты. Алайда:
(i) сақтандырушы, егер осының орнына ол сақтандыру бойынша міндеттемелерді танудан туындайтын ақша қаражаттарының таза ағынын болжанатын мерзімдері туралы ақпаратты ашса, 7 ХҚЕС-ының (IFRS) 39(а)-тармағы талап ететін өтеу мерзімдерінің талдауын ұсынуға міндетті емес;
(ii) егер сақтандырушы нарықтық жағдайларға байланыстың сезімталдылығының баламалы әдісін, мысалы, орнатылған құн негізіндегі әдісті пайдаланса, ол мұндай сезімталдылық талдауының нәтижелерін 7 ХҚЕС-ының (IFRS) 40(а)-тармағының талаптарын орындау үшін пайдалана алады. Мұндай сақтандырушы 7 ХҚЕС-ының (IFRS) 41-тармағында талап етілетін ашуларды жүргізуге міндетті;
(е) егер сақтандырушыдан орнықтырылған туынды құралдарды әділ құны бойынша бағалау талап етілмесе және ол бағаламаса, негізінен сақтандыру келісімшартында бар орнықтырылған туынды құралдарға қатысты пайыздық тәуекелдікке немесе нарықтық тәуекелдікке ұшыраушылық туралы ақпаратты.
39А 39(с)(і)-тармағын орындау үшін сақтандыру не (а), не (b) ашып көрсетуге тиіс:
(a) пайдаға немесе залалға және капиталға ықпалды көрсететін сезімталдылықты талдау, егер есепті күнге тиісті тәуекелдіктің ауыспалы құрамында қисынды өзгерістер болса; сезімталдылықты талдау кезінде пайдаланылған әдістер мен жорамалдар; сондай-ақ алдыңғы кезеңмен салыстырғанда әдістер мен жорамалдарда пайдаланылған кез келген өзгерістер. Алайда, егер сақтандырушы нарықтық жағдайларға байланысты сезімталдылықтың баламалы әдісін пайдаланса, мысалы, орнатылған құн негізіндегі талдау негізінде қолданса, ол бұл талапты осындай сезімталдылықты баламалы талдауды ұсыну және 7 ХҚЕС-тың (IFRS) 41-тармағында талап етілетін ашуларды орындай алады;
(b) сезімталдылыққа қатысты сапалы сипаттағы ақпарат, сондай-ақ сақтандырушының болашақ ақша қаражаттарының ағындарының белгісіздігінің көлеміне, мерзімдеріне және дәрежесіне елеулі ықпал ететін сақтандыру келісімшарттарының талаптары мен ережелері туралы ақпарат.
Күшіне ену күні және өтпелі кезең
40 ХҚЕС (IFRS) қолданып отырған ұйымның осы Стандарт бірінші қолданған жағдайына да және сол сияқты ұйым ХҚЕС-ты (IFRS) бірінші рет (ХҚЕС-ты (IFRS) бірінші рет қолданған ұйым) қолданған жағдайда да өтпелі кезеңнің 41-45-тармақтардағы талаптары қолданылады.
41 Ұйым осы Стандарт 2005 жылғы 1 қаңтардан немесе осы күннен кейін басталатын жылдық кезеңдер үшін қолдануы тиіс. Мерзімінен бұрын қолдануды құптауға болады. Егер ұйым осы Стандарт 2005 жылғы 1 қаңтардан басталатын кезең үшін қолданса, оның осы фактіні ашып көрсеткені жөн.
41А 2005 жылдың тамызында жарияланған Қаржылық кепілдік келісімшарттары (39 ХҚЕС (IAS) пен 4 ХҚЕС (IFRS) түзетулер) 4(d), B18(g) және B19(f) тармақтарына өзгерістер енгізеді. Ұйым аталған түзетулерді 2006 жылғы 1 қаңтардан басталатын және осы күннен кейінгі жылдық кезеңдерге қатысты қолдануға міндетті. Мерзімінен бұрын қолдану құпталады. Егер ұйым аталған түзетулерді неғұрлым ерте кезеңдерге қолданатын болса, ол бұл фактіні ашып көрсетуге және 39 ХҚЕС (IAS) және 32 ХҚЕС (IAS)[3] тиісті түзетулермен бірге қолдануға міндетті.
41В 1 ХҚЕС (IAS) (2007 жылғы редакция) бойынша ХҚЕС-тарында (IFRS) қолданылған терминологияға түзету енгізілді. Сонымен бірге 30 тармаққа түзетулер енгізілді. Ұйым осы түзетулерді жылдық кезеңдер үшін 2009 жылдың 1 қаңтарынан немесе осы күннен кейін бастап қолдануы тиіс. Егер ұйым 1 (2007 жылғы редакция) ХҚЕС-ын (IAS) ертерек мерзімде қолданса, осы түзетулер сол ертерек мерзім ішінде қолданылуы тиіс.
41С [жойылған]
41D 2010 жылы қазанда шығарылған 9 ХҚЕС (IFRS) 3, 4(d), 7, 8, 12, 34(d), 35, 45 және В18-В20 және А Қосымшасына тармақтарына өзгерістер енгізді және 41С -тармағын жойды. Ұйым 2010 жылдың қазан айында шыққан 9 ХҚЕСты (IFRS) пайдаланғанда, сол өзгерістерді қолдануы тиіс.
41Е 2011 жылы мамырында шығарылған 13 ХҚЕС (IFRS) Әділ құнның анықтамасындағы А Қосымшасына өзгерістер енгізді. Ұйым 13 ХҚЕС (IFRS) пайдаланғанда сол өзгерісті қолдануы тиіс.
Ақпаратты ашып көрсету
42 Ұйымнан осы Стандарт ашып көрсету жөніндегі талаптарды 2005 жылғы 1 қаңтарда басталатын жылдық кезеңдерге қатысты салыстырмалы ақпаратқа қолдануды, 37(а) және (b) тармақтарда талап етілетін есеп саясатын және танылған активтерді, міндеттемелерді кірістер мен шығыстарды ашып көрсетуді қоспағанда, талап етілмейді (ал егер ол ақша қаражатының қозғалысы туралы есебін ұсыну үшін тікелей әдісті қолданса, онда ақша қаражатының ағындарын да).
43 Егер 10-35-тармақтардың нақты талабын 2005 жылғы 1 қаңтарда басталатын жылдық кезеңдерге қатысты салыстырмалы ақпаратқа қолдануға іс жүзінде мүмкін болмаса, онда ұйым осы фактіні ашып көрсетуі тиіс. Осындай салыстырмалы ақпаратқа қатысты міндеттемелердің (15-19-тармақтар) баламалығын тексеруді қолдану кейде іс жүзінде мүмкін емес, бірақ 10-35-тармақтардың басқа талаптарын осындай салыстырмалы ақпаратқа қолдану іс жүзінде мүмкін еместігі екіталай. 8 ХҚЕС (IАS) «іс жүзінде мүмкін емес» терминінің мәнін түсіндіреді.
44 39(с)(ііі) тармағын қолдану кезінде ұйымнан ол осы Стандартты қолданған бірінші қаржы жылының соңына дейін кем дегенде бес жыл неғұрлым ерте кезеңдегі шағымдарды шешу барысы туралы ақпаратты ашып көрсету талап етілмейді. Сонымен қатар, егер ұйым осы Стандартты қолданған кезде ұйымның осы Стандартқа сәйкес салыстырмалы ақпаратты ұсынатын тым ерте кезең басталғанға дейін орын алған шағымдарды шешу барысы туралы ақпарат дайындауына іс жүзінде мүмкін болмаса, онда ұйым осы фактіні ашып көрсетуі тиіс.
Қаржы активтерін қайта сыныптау
45 9 ХҚЕС (IFRS) 4.4.1- тармағының шартына қарамастан сақтандырушы өзінің есеп саясатын сақтандыру міндеттемелеріне қатысты өзгертсе, онда «пайда немесе залал арқылы әділ құн бойынша» ретінде есепке алынатын кейбір немесе барлық қаржылық активтерді қайта жіктеуге рұқсат етіледі, бірақ талап етілмейді. Егер сақтандырушы өзінің есеп саясатын осы Стандартты алғашқы қолданған кезде өзгертсе және саясатының 22-тармақта рұқсат етілген өзгерісін жасаса, осы қайта жіктеуге рұқсат етіледі. Бұл қайта жіктеу есеп саясатының өзгерісі болып табылады және оған 8 ХҚЕС (IAS) стандарты қолданылады.
А Қосымшасы
Терминдердің анықтамасы
Бұл қосымша осы Стандарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
цедент | Қайта сақтандыру келісімшарты бойынша полис ұстаушы |
салым компоненті | Келісімшарттың 9 ХҚЕС (IFRS) сәйкес туынды құрал ретінде есепке алынбайтын және, егер бөлек құрал болса, 9 ХҚЕС (IFRS) қолдану аясына кірмейтін компоненті. |
тікелей сақтандыру келісімшарты | Қайта сақтандыру келісімшарты болып табылмайтын сақтандыру келісімшарты |
қалауы бойынша қатысу мүмкіндігі | Кепілдік берілген төлемдерге қосымша ретінде мынадай қосымша пайдаларды алуға келісімшартта негізделген құқық: (а) келісімшарт бойынша жалпы пайдалардың едәуір бөлігін құрауы ықтимал; (b) сомасы немесе уақыты келісімшартқа сәйкес бөлу эмитенттің қалауына байланысты болатын; және (с) келісімшартқа сәйкес негізделетіндер: (і) келісімшарттардың белгілі бір тобын немесе келісімшарттың белгілі бір түрін орындауға; (іі) эмитенттің иелігіндегі активтердің белгілі бір тобынан іске асырылған және/немесе іске асырылмаған инвестициялық кірістерге; немесе (ііі) келісімшартты шығарған ұйымның, қордың немесе басқа ұйымның пайдасына немесе залалдарына. |
әділ құн | Жақсы хабардар, осындай мәмілені жасауға ниетті тәуелсіз тараптар арасында мәмілелер жасау кезінде міндеттеме айырбасталатын немесе орындалатын сома. |
қаржылық кепілдік келісімшарты | Эмитентті ұстаушы нақты дебитордың борыш құралдарының бастапқы немесе өзгертілген келісімшарттары бойынша дер кезінде төлем жүргізбеуі нәтижесінде шеккен шығындарын нақты төлеуге міндеттейтін келісімшарт. |
қаржы тәуекелі | Пайыздық мөлшерлеме, қаржы құралының бағасы, тауардың бағасы, шетел валютасының айырбас бағамы, бағалардың немесе мөлшерлемелердің индексі, кредит рейтингі немесе кредит тәуекелдігі немесе кредит индексі немесе қаржылық емес айнымалы болған жағдайда оның келісімшарт бойынша тарапқа жатпау келісімшартымен басқа айнымалы сияқты бір немесе бірнеше факторлардағы ықтимал өзгерістердің тәуекелі. |
кепілдік берілген төлемдер | Белгілі бір полис ұстаушыдағы немесе инвестордағы төлемдер немесе өзге пайдалардың келісімшарт бойынша эмитенттің қалауы бойынша сөзсіз құқығы бар. |
кепілдік берілген төлемдердің элементі | Келісімшартта көзделген, қалауы бойынша қатысу мүмкіндігі бар кепілдік берілген төлемдер жасау міндеттемесі. |
сақтандыруға активі | Сақтандырушының сақтандыру келісімшарты бойынша таза құқықтары. |
сақтандыру келісімшарты | Егер туындауы белгісіз (сақтандырылған оқиға) келісілген болашақ оқиға полис ұстаушыға жағымсыз әсер еткен жағдайда полис ұстаушыға өтемақы ұсына отырып, бір тарап (сақтандырушы) басқа тараптан (полис ұстаушыдан) біршама сақтандыру тәуекелдігін қабылдайтын келісімшарт (В қосымшасында осы анықтама бойынша нұсқау берілген). |
сақтандыру міндеттемесі | Сақтандырушының сақтандыру келісімшарты бойынша таза міндеттемелері |
сақтандыру тәуекелі | Қаржылық тәуекелінен айырмашылығы бар, келісімшартты ұстаушыдан эмитентке өтетін тәуекелдік. |
сақтандырылған оқиға | Туындауы айқындалмаған, сақтандыру келісімшартын өтейтін және сақтандыру тәуекелдігін тудыратын болашақ оқиға. |
сақтандырушы | Сақтандыру келісімшарты бойынша, егер сақтандырылатын оқиға болса, полис ұстаушыға өтем ұсынатын міндеттемені көтеретін тарап. |
міндеттемелердің баламалығын тексеру | Ақша қаражатының болашақ ағындарын талдау негізінде сақтандыру міндеттемесінің қаржылық жағдай есебі құнын ұлғайту (немесе сату және материалдық емес активтер үшін бөлінген тиісті шығындардың қаржылық жағдай есебі құнын азайту) қажетті ме әлде жоқ па екенін бағалау. |
полис ұстаушы | Сақтандыру келісімшарты бойынша, егер сақтандырылған оқиға болса, өтемақы алуға құқығы бар тарап. |
қайта сақтандыруға байланысты активтер | Цеденттің қайта сақтандыру келісімшарты бойынша таза құқықтары. |
қайта сақтандыру келісімшарты | Басқа сақтандырушыдан (цеденттен) цедент шығарған бір немесе бірнеше келісімшарт бойынша шығындардың өтемін алу үшін сақтандырушы (қайта сақтандырушы) шығарған сақтандыру келісімшарты |
қайта сақтандырушы | Егер сақтандыру оқиғасы болса, қайта сақтандыру келісімшарты бойынша цедентке өтем ұсыну міндеттемесін көтеретін тарап. |
бөлу | Егер бөлек келісімшарттармен берілсе, келісімшарттың құрамдарын есепке алу. |
В Қосымшасы
Сақтандыру келісімшартының анықтамасы
Бұл қосымша осы Стандарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
В1 Осы қосымшада А қосымшасынан сақтандыру келісімшартын айқындау жөніндегі нұсқау бар. Ол мынадай мәселелерді қозғайды:
(а) «туындауы белгісіз болашақ оқиға» (В2-В4-тармақтар);
(b) заттай нысандағы төлемдер (В5-В7-тармақтар);
(с) сақтандыру тәуекелдігі және басқа да тәуекелдіктер (В8-В17-тармақтар);
(d) сақтандыру келісімшарттарының мысалдары (В18-В21-тармақтар);
(e) елеулі сақтандыру тәуекелдігі (В22-В28-тармақтар); және
(f) сақтандыру тәуекелдігінің деңгейін өзгерту (В29-В30-тармақтар).
Туындауы белгісіз болашақ оқиғалар
В2 Белгісіздік (немесе тәуекелдік) сақтандыру келісімшартының мәні болып табылады. Тиісінше, кем дегенде мыналардың бірі сақтандыру келісімшартын қолдану басталарда белгісіз болуы тиіс:
(а) сақтандырылған оқиға болуы мүмкін бе;
(b) ол болатын уақыты; немесе
(с) егер ол болса, сақтандырушы қандай соманы төлеуі тиіс.
В3 Кейбір сақтандыру келісімшарттарында келісімшартты қолдану мерзімі ішінде зиянды анықтау, тіпті осы зиян сақтандыру келісімшартын қолдану басталғанға дейін болған оқиға нәтижесінде анықталса да, сақтандырылған оқиға болып табылады. Басқа сақтандыру келісімшарттарында келісімшартты қолдану мерзімі ішінде болған оқиға, тіпті туындаған зиян сақтандыру келісімшартын қолдану аяқталғаннан кейін анықталса да, сақтандырылған оқиға болып табылады.
В4 Кейбір сақтандыру келісімшарттары болған, бірақ біреудің қаржылық жағдайы әлі де белгісіз болып қалып отырған оқиғаны қамтиды. Тікелей сақтандырушының полистер ұстаушылар ұсынған шағымдарды шешудің жағымсыз барысына байланысты шығындары өтелетін қайта сақтандыру келісімшарты осының мысалы бола алады. Осындай шағымдар бойынша шығындардың түпкілікті сомасын анықтау аталған келісімшарттар бойынша сақтандырылған оқиға болып табылады.
Заттай нысандағы төлемдер
В5 Кейбір сақтандыру келісімшарттары бойынша заттай нысандағы төлемдерді жүзеге асыру талап немесе рұқсат етілуі мүмкін. Сақтандырушы ұрланған затты айырбастауды тікелей ұсынған, бірақ оның құнын полис ұстаушыға өтемейтін жағдай осының мысалы бола алады. Сақтандырушы келісімшарттармен өтелетін медициналық қызмет көрсетулерді ұсыну үшін өзінің ауруханалары мен медициналық қызметкерлерін пайдаланатын жағдай осының басқа мысалы болады.