Өрт қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының
1996 жылғы 22 қарашадағы № 48-1 Заңы
( 09.12.98 ж. № 307-1; 16.07.99 ж. № 437-1; 29.11.99
ж. № 488-1; 05.05.00 ж. № 48-II; 09.08.02 ж. № 346-II;
02.07.03 ж. № 454-II;29.12.03 ж. № 511-I; 2004.20.12. № 13-III
ҚР Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 31 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2-тарау. Мемлекеттік өкімет органдарының өрт (5 - 8 баптар)
қауіпсіздігі саласындағы өкілеттігі
3-тарау. Қазақстан Республикасындағы өртке (9 - 13 баптар)
қарсы қызмет органдары
4-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету (14 - 23 баптар)
5-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы (24 - 25 баптар)
құқықтар мен міндеттер
6-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы заңдарды (26 - 28 баптар)
бұзғаны үшін жауапкершілік
7-тарау. Қорытынды ережелер (29 - 31 баптар)
ҚР 29.12.03 ж. № 511-I Заңымен өзгерістер енгізілді
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiктi, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік қызметтiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
Осы Заң мемлекеттік органдардың, меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы аумағында өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарын реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
өрт қауiпсiздiгi - адамдардың, мүлiктiң, меншiктiң, қоғам мен мемлекеттiң өрттен қорғалу жай-күйi;
өрт - адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне зиян, материалдық залал келтiретiн бақылаусыз жану;
мемлекеттік өрт қадағалауы - өрт қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын бақылау және олардың бұзылуына жол бермеу мақсатында Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының лауазымды адамдары жүзеге асыратын қадағалау қызметiнiң арнаулы түрi;
өрт қауiпсiздiгiнiң талаптары - өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген әлеуметтiк және (немесе) техникалық сипаттағы арнаулы шарттар;
өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын бұзу - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі стандарттарды, нормаларды, ережелер мен нұсқауларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау;
өртке қарсы шаралар режимi - өрт қауiпсiздiгi талаптарының бұзылуына жол берiлмеуiн және өрттiң сөндiрiлуiн қамтамасыз ететiн азаматтардың мiнез-құлық ережелерi, өндiрiстiк және шаруашылық қызметiн ұйымдастыру тәртібі, құрылыстарды, ғимараттарды, үй-жайларды (аумақтарды), өндiрiстiк және арнаулы жабдықтарды күтiп ұстау шарттары;
өрт қауiпсiздiгi шаралары - өрт қауiпсiздiгi талаптарын орындау жөніндегі iс-әрекет;
өртке қарсы қызмет - белгiленген тәртiппен құрылған басқару органдарының, күштер мен құралдардың, соның iшiнде өрттiң алдын алу мен оны сөндiрудi ұйымдастыруға, олармен байланысты бiрiншi кезектегi авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге арналған өртке қарсы құрылымдардың жиынтығы;
өрттi сөндiруге байланысты бiрiншi кезектегi авариялық-құтқару жұмыстары - адамдарды, мүлiктi, меншiктi құтқару мен басқа жерге көшiру, өрт кезiнде зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiнгi алғашқы көмек көрсету жөніндегі жауынгерлiк iс-әрекеттерi;
өрт сөндiру-техникалық өнiмi - өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған арнаулы техникалық, ғылыми-техникалық және санаткерлiк өнiмi, соның iшiнде өрт сөндiру техникасы мен жабдығы, өрт сөндiру құралдары, от сөндiретiн және оттан қорғайтын заттар, арнаулы байланыс және басқару құралдары, электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен деректер базалары, сондай-ақ өрттiң алдын алу мен сөндiрудiң өзге де құралдары;
қоныстану аумағы - елдi мекен аумағының тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық және өнеркәсiптiк объектiлердi орналастыруға арналған бөлiгi;
өртке қарсы ерiктi құралымдар - азаматтардың елдi мекендерде және ұйымдарда өрттiң алдын алу мен оны сөндiрудi ұйымдастыруға қатысу нысаны;
ерiктi өрт сөндiрушi - өрттiң алдын алу және (немесе) сөндiру жөніндегі қызметке ерiктi негiзде (жеке еңбек шартын жасаспай) тiкелей қатысатын азамат.
2-бап. Қазақстан Республикасының өрт
қауiпсiздiгi саласындағы заңдары
Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi мәселелерiн реттейтiн басқа да заңдық және өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
3-бап. Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
негiзгi принциптерi
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi:
- Өрт қауiпсiздiгi саласында адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiктi, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау;
- ұйымдар мен азаматтардың қызметіндегі қатер деңгейiн алдын-ала анықтау, өрт қауiпсiздiгi саласында сақтандыру шараларына оқытып-үйрету және алдын алу шараларын жүзеге асыру;
- өрт сөндiру, бiрiншi кезектегi авариялық-құтқару және басқа қажеттi жұмыстарды жүргiзу мiндеттiлiгi, медициналық көмек көрсету, азаматтарды және зардап шеккен қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау, өрт салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген зиянның орнын толтыру болып табылады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 4-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
4-бап. Қазақстан Республикасындағы өрт
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi
Қазақстан Республикасындағы өрт қауiпсiздiгi жүйесi - өрттi және одан келетiн залалды болдырмауға бағытталған экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралардың, сондай-ақ өртке қарсы қызмет күштерi мен техникалық құралдарының жиынтығы.
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн және бақылайтын орталық және жергiлiктi атқарушы органдарды, өртке қарсы қызметтiң, салалық өртке қарсы қызметтiң органдарын, өрттен қорғау-техникалық ғылыми-зерттеу мекемелерiн, өрттен қорғау-техникалық оқу орындарын, өрт сөндiру-техникалық өнiм өндiру кәсiпорындарын қамтиды.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 2-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
2-тарау. Мемлекеттік өкімет органдарының өрт
қауіпсіздігі саласындағы өкілеттігі
16.07.99 ж. № 437-1; 05.05.00 ж. № 48-II; 29.12.03 ж. № 511-I (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 5-бап өзгертілді
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң өрт
қауiпсiздiгi саласындағы өкiлеттiгi
Қазақстан Республикасы Үкіметі өрт қауiпсiздiгi саласында:
- бiрiңғай мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзiрлейдi;
- өрт қауiпсiздiгi саласындағы салалық бағдарламаларды бекiтедi;
- мемлекеттік органдар қызметiне басшылық жасайды, олардың Қазақстан Республикасы заңдарын, Президентi мен Үкіметінiң актілерін орындауын бақылайды;
- өрт қауiпсiздiгi саласында ақпарат беру, білімдi насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету тәртібін белгiлейдi;
- мемлекеттік өрт қадағалауын ұйымдастырады, оның қызметiнiң және өрттер мен олардың зардаптарын мемлекеттік есепке алудың тәртібін белгiлейдi;
бюджет қаражаты есебiнен қамтылатын өртке қарсы қызметтiң штат саны лимитiн белгiлейдi;
қоныстану аумақтарының және өртке қарсы қызмет өрттен қорғайтын мемлекеттік меншiктегi аса маңызды объектiлердiң тiзбесiн белгiлейдi;
- Қазақстан Республикасы аумағында өрттерден сақтандыру мен оларды жою жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және шетелдiк ұйымдар мен азаматтардың қызмет тәртібін белгiлейдi;
- өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруі туралы ережені бекітеді.
09.12.98 ж. № 307-1; 16.07.99 ж. № 437-1; 05.05.00 ж. № 48-II; 29.12.03 ж. № 511-I (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 6-бап өзгертілді; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi
органның өкiлеттiктерi
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган өрт қауiпсiздiгi саласындағы атқарушы, бақылау және қадағалау функцияларын, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады және оның аумақтық органдары, ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерi болады.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган:
1) бiрыңғай мемлекеттік саясатты жүргiзедi, салааралық үйлестiру мен мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) нормативтердi, стандарттар мен ережелердi бекiтедi және келiседi, өрт қауiпсiздiгi саласындағы мемлекеттік есепке алуды жүргiзедi;
3) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік өрт қадағалауын жүзеге асырады;
4) өрт қауiпсiздiгi саласындағы зерттеу қызметiн, білімдi насихаттауды, азаматтар мен мамандарды оқытып-үйретудi ұйымдастырады;
5) өрт қауiпсiздiгi саласындағы лицензиялау мен сертификаттауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады;
6) өз өкiлеттiктерi шегiнде өрттер бойынша анықтауды жүзеге асырады;
7) меншiк нысанына қарамастан өртке қарсы қызметтердiң жұмысын үйлестiредi;
8) Өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруi туралы ереженi әзiрлейдi;
9) өз құзыретi шегiнде өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдарды қызметке қабылдауды, қызмет бабында ауыстыруды, қызметтен босатуды, арнаулы атақтар беру мәселелерiн шешудi жүзеге асырады.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7-бап. Орталық мемлекеттік органдардың өрт қауiпсiздiгi
саласындағы өкiлеттiктерi
Орталық мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде:
1) өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтердi, стандарттар мен ережелердi әзiрлеп, келiседi, мемлекеттік есепке алуды жүргiзедi және оның деректерiн өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органға бередi;
2) салалық өрттен қорғау-техникалық комиссияларын құрады;
3) мемлекеттік органдардағы өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйiн бақылауды қамтамасыз етедi, өрттiң алдын алу жөніндегі iс-шараларды жүргiзедi.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8-бап. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың,
аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi
атқарушы органдарының өрт қауiпсiздiгi саласындағы
өкiлеттiктерi
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарының өрт қауiпсiздiгi саласындағы өкiлеттiктерiне мыналар жатады:
1) тұрғын халықты және ұйымдарды өрт қaуiпсiздiгi саласындағы шаралар туралы хабардар ету;
2) өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар мен қызметкерлердiң әлеуметтiк қорғалуын өз құзыретi шегiнде қамтамасыз ету, азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге келтiрiлген зиянды өтеу.
3-тарау. Қазақстан Республикасындағы өртке
қарсы қызмет органдары
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 9-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
9-бап. Қазақстан Республикасындағы өртке қарсы
қызметтiң негiзгi мiндеттерi
Өртке қарсы қызметтiң негiзгi мiндеттерi:
- өрттерден сақтандыруды ұйымдастыру;
- өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйiн қадағалауды қамтамасыз ету;
- өрттердi сөндiру.
Өртке қарсы қызметке қоғамдық өрттен қорғау бiрлестiгi жәрдемдеседi.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Өртке қарсы қызмет органдары
Өртке қарсы қызмет органдары қоныстану аумақтарында орналасқан ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мемлекеттік меншiктегi аса маңызды объектiлердi өрттен қорғауға арналған, осы аумақтарда және аса маңызды объектiлерде мемлекеттік өрт сөндiрудi қадағалауды жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының дипломатиялық консулдық мекемелерiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдердегi өкiлдiктерiнде өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Қоныстану аумақтарында, мемлекеттік меншiктегi аса маңызды объектiлерде өрт сөндiрудi облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерi жүзеге асырады.
Басқа объектiлерде өрт сөндiрудi меншiк нысанына қарамастан салалық өртке қарсы қызметтер немесе ерiктi өртке қарсы құралымдар жүзеге асырады.
Өртке қарсы қызмет органдары бiрыңғай дербес жедел қызмет ретiнде Қазақстан Республикасындағы өртке қарсы қызметтiң негiзгi түрi болып табылады.
Өртке қарсы қызмет органдарының құрамына:
1) өртке қарсы қызмет органдары:
өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган;
облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аумақтық өртке қарсы қызмет органдары;
2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерi, өрт сөндiру-техникалық оқу орындары кiредi.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның, облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аумақтық өртке қарсы қызмет органдарының, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерiнiң және өрт сөндiру-техникалық оқу орындарының тулары болады. Өртке қарсы қызмет органдары туларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 9-2-баппен толықтырылды
9-2-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның,
аумақтық өртке қарсы қызмет органдарының
өкiлеттiктерi
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның, аумақтық өртке қарсы қызмет органдарының өкiлеттiктерiне мыналар жатады:
1) мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ұйымдарда өрт қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
2) барлық мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтар, ұйымдар мiндеттi түрде орындауға тиiс өрт қауiпсiздiгi нормалары мен ережелерiн және өрт қауiпсiздiгi мәселелерiн реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен бекіту;
3) жеке және заңды тұлғаларға өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты жұмыстар жүргiзуге және қызмет көрсетулерге лицензиялар беру;
4) өрттер және өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу туралы iстер бойынша анықтауды жүзеге асыру;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iс жүргiзудiң жүзеге асырылуын бақылау;
6) өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен ғимараттарды, құрылыстар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды салуға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, қайта жаңартуға, қалпына келтiруге, күрделi жөндеуге) арналған жобалардың мемлекеттік сараптамасын жүргiзуге қатысу;
7) нормалары мен ережелерi белгiленбеген объектiлердi салуға арналған өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлейтiн стандарттардың, нормалардың және ережелердiң жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен келiсу;
8) өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң жұмылдыру дайындығы және оларды жұмылдыру, бейбiт уақытта және соғыс жағдайы кезеңiнде төтенше жағдайлар туындаған кезде олардың жұмысының орнықтылығын арттыру жөніндегі шараларды әзiрлеу, мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерiнiң жұмылдыруға ұдайы дайын болуын қамтамасыз ету;
9) ұйымдарда, кәсiпорындарда және тұрғын үйлерде өрт қауiпсiздiгi мәселелерi жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
10) азаматтарға, кәсiпорын басшыларына анықталған тәртiп бұзушылықтарды жою және өрттi болдырмау жөніндегі iс-шараларды жүргiзу туралы ұйғарымдар беру;
11) заңда белгiленген құзырет шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi жүзеге асыру;
12) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерiнiң ведомстволық бағыныстылығына қарамастан елдi мекендерде және объектiлерде өртке қарсы күресуге дайындығын бақылау;
13) жер учаскелерiн таңдау және ұйымдарды, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу;
14) халықтың өртке қарсы ерiктi құралымдарының өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмысына жәрдемдесу;
15) өрт қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерiн бұзған кезде, сондай-ақ ұйымдарды, объектiнi, құрылыстарды, ғимараттарды салу, қайта жаңарту, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт қауiпсiздiгi талаптары орындалмаған кезде ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұруды, ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн, жылыту приборларын пайдалануға және субъектiлердiң өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуiне тыйым салуды сот жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға мiндеттi түрде жазбаша хабарлай отырып, өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның және облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аумақтық өртке қарсы қызмет органдарының өтiнiшi бойынша жүргiзедi.
Субъектiнiң жұмысына iшiнара немесе толық тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы талап-арызды өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аумақтық өртке қарсы қызмет органдары Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiбередi.
Айрықша жағдайларда, адамдардың өмiрi мен денсаулығына айқын қатер төндiретiн, өртке қарсы нормалар мен ережелер бұзылған кезде жиырма төрт сағат iшiнде прокурорға мiндеттi түрде жазбаша хабарлай отырып, субъектiнiң қызметiне үш күннен аспайтын мерзiмге тыйым салуға немесе тоқтата тұруға көрсетiлген мерзiм iшiнде мiндеттi түрде сотқа талап-арыз ұсыну арқылы жол берiледi. Бұл ретте өрт қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi органның және облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аумақтық өртке қарсы қызмет органдарының жұмысына тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы актiсi сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады.
Хабарлама алғаннан кейiн прокурор жасалған iс-әрекеттiң заңдылығын тексередi және олар заңсыз жүргiзiлген жағдайда өз қаулысымен тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың күшiн жояды немесе оларды алып тастайды.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 9-3-баппен толықтырылды
9-3-бап. Облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы,
астанадағы) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерi
Облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) мемлекеттік өрт сөндiру мекемелерi:
1) меншiк нысанына қарамастан елдi мекендердiң қоныстану аумақтарында және объектiлерде өрт сөндiрудi;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мемлекеттік меншiктегi аса маңызды объектiлердi өрттен қорғау жөніндегі қызметтi;
3) өрт сөндiруге өртке қарсы қызметтердiң күштерi мен құралдарын, көлiк және басқа да материалдық-техникалық құралдарды тартуды;
4) өрттi сөндiру мен жою жұмыстарын жүргiзу кезеңiнде цехтар және объектiлер жұмысын тоқтата тұруды жүзеге асырады, қажет болғанда адамдарды, материалдық құндылықтарды қауiптi аймақтан көшiруге өкiмдер бередi;
5) өрт кезiнде азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында олардың жекелеген учаскелерге, аумақтарға, ғимараттың үй-жайларына кiруiн шектеудi немесе уақытша тыйым салуды;
6) өрт кезiнде азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды құтқаруға, оттың өршуiн болдырмауға және өрттi жоюға бағытталған шараларды қолдану үшiн азаматтардың ұйымдарға, тұрғын үйлерге және өзге де үй-жайларға, оларға тиесiлi жер учаскелерiне, дипломатиялық иммунитетi бар шет мемлекеттердiң және халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерiнен басқа аумақтар мен үй-жайларға бөгетсiз кiрудi;
7) адамдарды құтқару және өрттi сөндiру үшiн қажет болған жағдайларда жабық есiктер мен терезелердi, сондай-ақ қоршау конструкцияларын ашуды;
8) адамдарды құтқару үшiн және мәжбүрлiк қажеттiлiк жағдайда өрттi сөндiру мен жою кезiнде ұйымдардың байланыс құралдарын, мүлкiн және өзге де материалдық құралдарын, көлiктi олардың меншiк нысанына қарамастан, нұқсан келтiрiлген жағдайда иелерiне шығынды өтей отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен пайдалануды жүзеге асырады.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 9-4-баппен толықтырылды
9-4-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы оқу орындары
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы оқу орындары өртке қарсы қызмет қызметкерлерiне білім беру және олардың біліктiлiгiн арттыру саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын мамандықтар бойынша жоғары кәсiптiк білімi бар мамандарды даярлау мақсатында құрылады.
Өрт қауiпсiздiгi саласындағы оқу орындарының басты мiндеттерi:
1) өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң кәсiби өсуi мен жетiлуiне жағдай жасау;
2) өртке қарсы қызмет органдары үшiн мамандар даярлау;
3) мамандар даярлау бейiнiне сәйкес қызметтi жетiлдiрудiң өзектi проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзу, алынған зерттеу нәтижелерiн оқу процесiне және практикаға енгізу болып табылады.
ҚР 09.12.98 ж. № 307-1; 29.11.99 ж. № 488-1; 05.05.00 ж. № 48-II; 09.08.02 ж. № 346-II; 02.07.03 ж. № 454-II;29.12.03 ж. № 511-I (бұр. ред. қара) Заңдарымен 10-бап толықтырылды және өзгертілді
10-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
29.12.03 ж. № 511-I ҚР Заңымен 10-1 баппен толықтырылды; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 10-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-1-бап. Өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы
Белгiленген тәртiппен арнаулы атақтар, белгiленген үлгiдегi қызмет куәлiктерi мен жетондар берiлген, өртке қарсы қызмет органдарында қызметте тұрған адамдар өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi болып табылады.
Өртке қарсы қызмет органдарының арнаулы атақтар берiлген қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн белгiленген медициналық, санаторий-курорттық және зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі қолданылады.
Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерiне осы Заңға және өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерi үшiн белгiленген өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмейтiн деңгейде қолданылады.
Өртке қарсы қызмет органдарының жұмысшылары мен қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және еңбек туралы заңдарымен реттеледi.
ҚР 29.12.03 ж. № 511-I Заңымен 10-2 баппен толықтырылды; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 10-2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)