1:200000 масштабында кендi аудандарды геологиялық-минерагеникалық картаға түсiру;
мұнай мен газды iздеу, iздеу-бағалау және iздеу-барлау жұмыстары;
елдi мекендердi сумен жабдықтау үшiн іздеу-барлау жұмыстары;
геотермалдық суларды іздеу-барлау жұмыстары;
минералдық-шикізат базасының және жер қойнауын пайдаланудың мониторингi;
жерасты суларының және қауiптi геологиялық процестердің мониторингі;
геологиялық ақпаратты қалыптастыру;
геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер;
геологиялық зерттеулерді ақпараттық қамтамасыз ету және ғылыми-техникалық қолдау;
мұнай және өздiгiнен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және тоқтатып қою көзделіп отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамытудың" 2004-2008 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасын iске асыру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 20 тамыздағы № 926 қаулысымен бекiтілген Қазақстан Республикасының уран өнеркәсiбiн және атом энергетикасын дамытудың 2002-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес отандық атом энергетикасын жалпы теңгерiмдi энергетикалық даму саясатының құрамдас бөлiгiнiң бірi ретiнде дамытуды негiздеу үшiн республикалық бюджет есебiнен қаржыландырылатын кешендi зерттеулер жүргізiледi.
Қазақстан Республикасының радиациялық қауiпсіздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған: республика аумағын радиоэкологиялық зерттеу және осы салада кешендi мемлекеттік бағдарлама әзiрлеу жөніндегі; бұрынғы Семей сынақ полигонының қауiпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі; радиоактивтi қалдықтарды қайта өңдейтiн және көметiн объектiлердi салу жөніндегі; Қазақстан Республикасының базалық ядролық зерттеу және жеделдету кешендерiн жаңғырту жөніндегі, сондай-ақ ядролық жарылыстар мен жер сiлкiнiстерiнiң тарихи сейсмограммаларының электронды мұрағатын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға тиiстi қаражат көзделетін болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 25 шiлдедегi № 1006 қаулысымен бекітілген Уран өндiретiн кәсiпорындарды консервациялаудың және уран кен орындарын өндiрудiң салдарларын жоюдың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберiнде уран өндiретiн әрекетсіз кәсiпорындарды консервациялауға және уран кен орындарын өндiрудiң салдарларын жоюға тиiстi қаражат көзделедi.
2006 жылы республикалық бюджет есебiнен басымды инвестициялық жобаларды iске асыру: қазақстандық термоядролық Тоқамақ материалтану реакторын (бұдан әрi - ҚТМ) құру, Л.H.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде ауыр иондарды жеделдетушi базасында пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенiн құру, Курчатов қаласында "Ядролық технологиялар орталығы" технопаркiн құру, Ядролық медицина және биофизика орталығын құру жалғастырылады.
ҚТМ қондырғысында жүргiзiлетiн тәжiрибелiк зерттеулерді ғылыми және техникалық қолдау әрі оны пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында тиiстi қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру жалғасатын болады.
Пайдаланылатын және игеруге дайындалатын аз зерттелген әрi шығарып алынуы қиын ресурстық база әлеуетiнiң ұлғаюын, минералдық шикiзатты қолданудың кешендiлігін және кен орындарының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететiн орташа, кiшi кен және кен емес орындардың техникалық-технологиялық дайындық деңгейін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында тиiстi қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру жалғасады.
Радиоактивтi материалдар айналымын бақылау жүйесiн жетiлдiру мақсатында 2006 жылы "Қазақстан Республикасында радиоактивтi және ядролық материалдарды таратпау режимiн қамтамасыз ету" салалық бағдарламасын iске асыру жоспарланып отыр.
Ауыр иондарды жеделдетушi базасындағы пәнаралық ғылыми-зерттеу кешеніндегі зерттеулердің тиiмдiлігін арттыру, кешен қондырғыларындағы тәжiрибелердiң пайдаланылу сипаттамалары мен сапасын жақсарту және ғылыми ортаны қалыптастыру әрi физика, химия, биология саласындағы кешендi ғылыми зерттеулердi және ДЦ-60 ауыр иондарды жеделдетушi базасында алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту мақсатында 2006 жылы тиiстi ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру басталады.
Қалпына келтiрiлетiн, әлеуетi төмен энергия көздерiн пайдалана отырып тиiмдiлігі жоғары энергия үнемдеуші жылу сорғы қондырғыларын (ЖСҚ) жасау және ЖСҚ пайдалану негiзiнде энергия үнемдеуші жаңа технологиялардың демонстрациялық аймақтарын құру мақсатында тиiстi бағдарламалар iске асырыла бастайды.
Ілгерiлеген технологиялар мен ғылымды қажетсiнетiн жаңа өндiрiстер үшiн теориялық және практикалық база құру үшiн Қазақстанның атом өнеркәсiбiнде 2006 жылы Қазақстанның атом өнеркәсiбiн ғылыми-техникалық қамтамасыз ету бағдарламасын iске асыру жоспарланып отыр.
"Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нің 1,4 %-ы, 2007 жылы 1,3 %-ы және 2008 жылы 1,2 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары саласындағы 2006-2008 жылдарға арналған шығыстардың негізгi бағыттары:
астықтың iшкi рыногын тұрақтандыру жөніндегі шараларды қабылдау;
отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласын дамыту және машина трактор паркін жаңарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге сервистік және техникалық қызмет көрсету жөніндегі құрылым жасау;
ауылда мал шаруашылығы өнiмдерiн сатып алумен және сатумен айналысатын мамандандырылған пункттер құру;
қолайлы эпизоотиялық және фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету;
элиталық тұқым шаруашылығы мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолдау;
ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң өнiмдiлiгiн және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу үлесiн арттыру;
іс-шараларды iске асыруға жастарды белсендi түрде тарта отырып, орманды және жануарлар әлемiн сақтау мен қалпына келтiру, жасыл көшеттер отырғызу алаңын ұлғайту, елдi мекендердi көгалдандыру және олардың айналасында жасыл аймақтар құру үшiн жағдайлар жасау;
автомобиль және темір жолдардың бойында көгалдандыру көшеттерiн құру;
ауыз судың сапасын және оның қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету;
жер қойнауының және қоршаған ортаның тиiстi дәрежеде қорғалуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық жүйесiн құру;
өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды қолдау;
ауыл шаруашылығын институционалдық дамыту;
жер реформасын тереңдету, геодезия мен картографияны дамыту негiзiнде жер қатынастарын жетiлдiру болады.
Осы функционалдық топ шеңберiндегі бюджет қаражатының едәуiр үлесi аграрлық өндiрiстi қайта өрлетуге және дамытуға, ауылдық инфрақұрылымды құруға және ауылдағы тұрмыс деңгейiн жоғарылатуға бағытталады.
Елдiң азық-түлiк қауiпсіздiгін қамтамасыз ету, астықтың экспорттық әлеуетiн ұлғайту, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердi мемлекеттік қолдау және астық бағасы демпингiнiң алдын алу үшiн жыл сайын мемлекеттік ресурстарға белгіленген баға бойынша астық сатып алынады, көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын жүргiзуге аванс беруге мүмкiндiк беретiн фьючерстiк екi деңгейлi астық сатып алу енгiзiлдi.
Бұл iшкi астық рыногын тұрақтандыру және реттеу, көктем-жаз кезеңiнде нан және тоқаш-нан өнiмдерi бағасының негiзсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң тұқым материалына, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының жемге қажеттіліктерiн тұрақты қамтамасыз етуге және мемлекетаралық келісімдердiң орындалуын қамтамасыз етуге арналған кейiнгi интервенциялар үшiн қажет.
Кедейшiлiк пен жұмыссыздықты азайту, халықтың кiрiстерi мен тұрмыс деңгейiнiң өсуi, экономиканың басқа салалары көлемiнiң өсуiн қамтамасыз ету, салық базасын кеңейту және бюджетке түсетiн кiрiстер түсiмiн ұлғайту ауыл шаруашылығын қолдаудың мультипликативтiк әсерi болады.
Субсидиялау жолымен ауыл, су шаруашылығын мемлекеттік қолдау көзделiп отыр, мұндағы шаруашылық жүргізудiң қолайсыз әрi тәуекелдi жағдайлары мемлекет көмегiн ақтайды.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын және алдағы уақытта Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (бұдан әрi - ДСҰ) кірудi ескере отырып, заңды тұлғаларды субсидиялау саясаты еңбек өнiмдiлiгiн жоғарылатуға және отандық өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттілігiн арттыруға бағытталған. Келешекте ДСҰ талаптарына сәйкес еңбек өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруға жәрдемдесу сияқты субсидиялаудың рұқсат етiлген нысанына көшудi біртiндеп жүзеге асыру қажет.
ДСҰ-ға алдағы кіру отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бәсекеге қабiлеттілігіне ерекше талаптар қояды. Бұдан әрi ауыл шаруашылығы шикiзатын өндiру және қайта өңдеу саласында кластерлiк бастамаларды iске асыру арқылы аграрлық өндiрiстi индустрияландыру iске асырылатын болады.
Азық-түлiк қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету және агроөнеркәсiптiк кешеннiң бәсекеге қабiлеттілігiн арттыру үшiн жағдайлар жасау мақсатында, сондай-ақ ауылдық аумақтарды кешендi дамыту және ауыл тұрғындарын ұлттық стандарттағы өмiр сапасы бар қалыпты өмiрмен қамтамасыз ету үшiн 2006 жылы "Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау ұйғарылып отыр.
Халықты сапалы ауыз сумен одан әрi қамтамасыз етуге және су ресурстарының тапшылығын қысқартуға бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы № 93 қаулысымен бекітілген 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" салалық бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 1149 Жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.
Тұтастай алғанда, 2002-2005 жылдар кезеңiнде сумен жабдықтау объектілерін қаржыландырудың ұлғайғаны байқалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 14 мамырдағы № 542 қаулысымен бекітілген 2004-2006 жылдарға арналған "Қазақстан ормандары" бағдарламасына сәйкес орман мекемелерiнің ағаш отырғызуы толық дерлiк көлемде орындалды.
2003-2004 жылдары негiзiнен республиканың орман және аңшылық шаруашылығы саласындағы басқару жүйесiн қайта ұйымдастыру, облыс әкiмдiктерiнде орманды және жануарлар әлемiн қорғау жөніндегі құрылымдық бөлiмшелердi құру жөніндегі iс-шаралар аяқталды.
Тұтастай алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңы 940 мың гектарға немесе 40%-ға ұлғайды және 3 млн. 286 мың гектарды құрады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жөніндегі барлық жұмыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 қарашадағы № 1692 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын 2030 жылға дейiн дамытудың және орналастырудың тұжырымдамасына және 2004 жылы өткен Парламенттiк тыңдаулар ұсынымдарына сәйкес жүргізiледi.
Қазақстан Республикасы аумақтарының орманды жерлерiн ұлғайту және елдi мекендердi көгалдандыру мақсатында Қазақстан Республикасын көгалдандырудың 2005-2007 жылдарға арналған "Жасыл ел" бағдарламасы iске асырылады.
Қоршаған ортаны қорғау жөнiнде тиiмдi әрi нәтижелi шаралар қабылдау үшiн қолданыстағы тиiстi бағдарламалар шеңберiнде қоршаған ортаның ластану деңгейiн азайту және оның мониторингі жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
Ұзақ мерзiмдi перспектива шеңберiнде экологиялық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету тұрғысындағы тұрақтылықты дамытуға инвестициялау ресурс үнемдейтiн технологияларды енгізуге, жаңартылып отыратын энергетикалық ресурстар (су энергиясы, жел және күн энергиясы) әлеуетiн пайдалануға Қазақстан бекiткен жағдайда Киот хаттамасының тетiктерiн пайдалана отырып, парник газының шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға негiзделедi.
Өзен экожүйесiне түсетiн ауыртпалықты азайту және олардың ластануы мен қоқыстануын болдырмау мақсатында iрi елдi мекендердегі ағынды суларды тазарту жөніндегі iс-шараларға инвестициялар жүзеге асырылады.
Қарағанды облысы Шет ауданындағы шөлейт жерлердi басқару жөніндегі жобаны iске асыру жалғасады.
"Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi" функционалдық тобы бойынша шығыстар шеңберiнде:
биотехнологиялар, ядролық технологиялар саласындағы технопарктердi құру, Алатау кентiнде Ақпараттық технологиялар паркiн дамыту жөніндегі iс-шаралар;
технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерде тiкелей инвестициялардың көлемiн ұлғайту;
мұнай-газ және кен-металлургия кешенi, жаңа материалдар, биотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғарыштық технологиялар басымды бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзу;
технологиялық процестердi халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру;
экспортқа бағдарланған өндiрiстердi одан әрi дамыту;
жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың жұмысын тұрақтандыру және тұрып қалған кәсiпорындарды iске қосу, өндiрiстердi өнiмнiң түр-түрiн кеңейтуге және шығарылатын өнiм сапасын жақсартуға қайта бағдарлау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
жақын және алыс шет елдермен бірлескен кәсiпорындар құру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
мемлекеттік сатып алу жүргiзу кезiнде ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар мен мекемелер сатып алатын өнiмдердiң республикадағы өндiрiсiн ұйымдастыру болады.
2003 жылы экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикiзаттық бағдарынан ауытқу жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге бағытталған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын iске асыру басталды. 2003-2005 жылдар кезеңiнде дайындық сипатындағы iс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл кезеңде қажеттi қосалқы база қалыптасуы және даму институттарының тиiмдi жұмыс iстеуi жолға қойылуы тиiс.
Құрылған даму институттарының жүйелi жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген даму институттарын капиталдандыру жалғастырылады.
Стратегияны iске асырудың екiншi кезеңi (2006-2010 жылдар) Стратегияның iс-шараларын iске асырудың белсендi кезеңiне айналады деп танылуда, бұл ғылым мен техника жетiстiктерi, сондай-ақ халықаралық деңгейдегi мамандар даярлау негiзiнде қуаттарды құру мәселелерiн кешендi шешуге мүмкiндiк бередi. Бұл кезеңде негiзiнен ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптастырылады және өнеркәсiптi жаңғырту мен экономика құрылымын әртараптандыруға бағытталған жобалар iске асырыла бастайды.
Отандық және шетелдiк ғылыми әлеуеттi пайдалану негiзiнде бәсекеге қабiлеттi түпкi өнiм жасауды қамтамасыз ететiн ашық түрдегi инновациялық жүйе қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2005 жылғы 25 сәуірдегі № 387 қаулысымен "Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесiн қалыптастыру және дамыту жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарлама" бекітілдi.
Бұл бағдарлама шеңберiнде мемлекет венчурлік капиталға сұранысқа да, оның ұсынысына да:
венчурлiк қорларды құруға қатысу;
институционалдық инвесторлар мен қаржы институттарының венчурлiк инвестициялауға қатысуы үшiн жағдай жасау;
жеке инвесторлар желісін ("бизнес қамқоршысы") құруға жәрдемдесу;
венчурлiк инвестициялардың өтiмділігін қамтамасыз ету;
ҒЗТКӘ және инновациялық жобаларды қаржыландыруда жеке капиталмен әрiптестік;
инновациялық жобаларды iске асыруда инвестицияларды мемлекеттік сақтандыру жүйесiн құру;
инновациялық менеджментті, оның iшiнде венчурлiк қорлардың менеджмент қызметiн жүзеге асыратын кәсiби басқару институттары (басқарушы компаниялар) болуын дамытуға жәрдемдесу жолымен ықпал ететiн болады.
Сондай-ақ 2006 жылы металлургия кешенiнде, машина жасауда, радио электроникасында және байланыста жоғары технологиялы, импорт алмастыратын және экспортқа бағдарланған өнiм өндiрiсiн ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге тиiстi қаражат бөлу көзделіп отыр.
"Транспорт және коммуникация" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,3 %-ы, 2007 жылы 1,3 %-ы және 2008 жылы 1,6 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Көлiк-коммуникация кешенiн дамытудың негізгі мақсаты оны тұрақты қарқынды дамыту және экономика мен халық тарапынан көлiк қызметтерiне сұраныс өзгерген кезде жедел ден қоюды қамтамасыз ету және оны толық көлемде қанағаттандыру болып табылады.
Оған қол жеткiзу үшiн мынадай мiндеттердi iске асыру:
көлiк процестерiнiң барынша тиiмділігiне қол жеткiзу және iшкi, транзиттi және экспорттық-импорттық бағыттарда түпкi өнiм құнындағы көлiктiк құрамды азайту, Қазақстанның көлiк жүйесiн әлемдiк көлiк жүйесiне бірiктiру;
ұлттық көлiк заңнамасын өңiрлiк және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі халықаралық заңнамамен үйлестiру;
бірыңғай экономикалық кеңiстiктi нығайту және өңiраралық байланыстарды дамыту, сондай-ақ экономикалық даму мен әлеуметтiк тұрақтылыққа кепілдiк беретiн деңгейде көлiктiк қол жетiмдiлiктi арттыру;
көлiк әлеуетiн дамыту және оны тиiмдi пайдалану;
көлiк процестерiнiң қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету, көлiктегi оқиғалардың санын және ауыртпалығын төмендету;
экологиялық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану;
көлiк секторында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қажет.
2006-2008 жылдарға арналған көлiк және коммуникация саласындағы шығыстардың бағыттары:
автомобиль жолдарын, су көлiгiн және ғарыш қызметiн дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды iске асыру;
транзиттi әуе кеңiстігін, оның iшiнде қазақстандық әуежайларды пайдалана отырып кеңейту;
автомобиль жолдарын пайдалануға болатын жағдайда қамтамасыз ету;
радиожиiлiк спектрi және радио-электрондық құралдар мониторингі жүйесiн құру және оны техникалық сүйемелдеу;
мемлекеттік техникалық өзен флотын жақсарту және жаңғырту;
су жолдарының кеме жүретін жағдайда болуын қамтамасыз ету және шлюздердi ұстау;
әлеуметтік маңызы бар бағыттарда темір жол жолаушылар тасымалын субсидиялау;
темір жол саласының стандарттарын әзiрлеу;
ауылдағы байланыс операторларының әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөніндегі залалдарын өтеу;
қалалық телекоммуникация желiлерiнiң абоненттерi болып табылатын, әлеуметтiк қорғалатын азаматтарға телефон үшiн абоненттiк төлем тарифiнiң көтерiлуiн өтеу;
ауылда почта байланысының инфрақұрылымын құру және қайта жаңарту болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 5 қыркүйектегi № 903 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспарына сәйкес 2006-2008 жылдарға арналған жол саласын дамыту бағдарламасы әзiрленуде.
Аталған салада қазiргi жол желісін күтiп-ұстау, пайдалану және жолдарды салу, қайта жаңарту арасындағы оңтайлы теңгерiмге қол жеткiзу саясатын жүргізу қажет.
Қазақстанның климат жағдайын ескере отырып, автомобиль жолдарын салу мен ұстаудың халықаралық стандарттарына көшу жөнiнде жұмыстар жүргiзу жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2004 жылғы 6 қаңтардағы № 145 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының темір жол көлiгiн қайта құрылымдаудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру шеңберiнде мемлекет пен қоғам үшiн темір жол көлігі қызметiнiң оңтайлы жүйесiне қол жеткiзу үшiн жолаушылар көлігін одан әрi дамыту жөніндегі іс-шаралар, оның iшiнде республикалық бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау жалғасады.
Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметiн одан әрі дамыту, оның iшiнде:
байланыс пен хабар таратудың қазақстандық ғарыш жүйесiн дамыту;
"Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенiн құру жалғасады.
Сондай-ақ 2006-2008 жылдары экономиканың және қоғамның қажеттілігiне сәйкес келетiн және сыртқы рыноктарға шығуды қамтамасыз ететiн коммуникациялардың техникалық жағдайын жақсарту, коммуникациялардың ұтымды желісін қалыптастыру көзделiп отыр.
Тарифтердi қайта теңгерімдеу қызметтер мен абоненттер санаттары арасындағы кросс-субсидиялауды жоюға және телекоммуникациялық рыноктың әрбір секторында бәсекенiң пайда болуы үшiн экономикалық негiздер құруға бағытталған. Ол тарифтердi мемлекет жалпыға бірдей қол жетiмдi қызметтер пакетiне жатқызғандардан басқа барлық қызметтерге қалыпты рентабелдiлiктi қамтамасыз етуге дейiн жеткiзудi көздейдi.
Тарифтердi кезең-кезеңiмен қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте қалаларда тарифтердi толық қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру және оларды нарықтық негізделген деңгейге дейiн жеткiзу ұйғарылып отыр, бұл операторларға өз шығындарының орнын толтыруға және пайдалылықтың осы рынок сегментіндегі бәсеке нәтижесiнде белгiленетiн белгiлi деңгейiн алуға мүмкiндiк бередi. Ауылдық жерлердегi қайта теңгерiмдеу тарифтерiнiң төмендеуi болжанып отырған қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерi бойынша жүзеге асырылады. Ауылдағы жеке тұлғалар үшiн абоненттiк төлем қызметтердiң өзiндiк құнын ақтамайтын бұрынғы деңгейде қалады.
"Басқалар" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,5 %-ы, 2007 жылы 1,2 %-ы және 2008 жылы 1,0 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын кеңейту маңызды аспектiлердің бірi болады. "Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының базасында (бұдан әрi - Қор) "үлкен қаржы маркетi" құрылады.
Қорға жарғылық капиталын ұлғайту үшiн, оның iшiнде:
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне одан әрi шағын кредиттер берудi қамтамасыз ету үшiн Қордың жүз пайыз қатысуымен шағын кредит беру ұйымдарын құру үшiн;
олардың жеке инвесторлар мен банктерден кредиттер алған кезде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн кепiлдiк беру жүйесiн құру үшiн;
жобалық кредит берудi қаржылық қолдау үшiн, франчайзинг негiзiнде жобаларды қаржыландыру, бизнес-жобаларды әзiрлеу үшiн, одан кейiн оларды конкурстық негiзде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне берумен олардың бастапқы элементтерiн iске асыру үшiн, оларды одан кейiн қайта құрылымдап және кәсiпкерге бере отырып, дайын бизнестi сатып алу жөніндегі жобаларды қаржыландыру үшiн 11 миллиардтан астам теңге бөлiндi.
5. Бюджеттік кредит беру
Бюджеттік кредит беру саясаты экономика саласында шешiмдердi қабылдау рәсiмдерiне қойылатын талаптардан туындайды.
2006-2008 жылдарға арналған бюджеттік кредит берудiң мақсаттары экономика салаларында бәсекелi ортаны қалыптастыру әрi дамыту, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады. Бюджеттік кредит беру мемлекеттік және салалық (секторалдық) даму бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады және олардың уақыттық шеңберлерi болады.
Бюджеттік кредиттер мынадай негізгi бағыттар бойынша берiледi:
инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыру;
мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
жергіліктi атқарушы органдарға, оның iшiнде жергiлiктi бюджеттердiң кассалық алшақтығын жабуға кредит беру;
қаржы агенттiктерi мәртебесi бар қаржылық даму институттарына кредит ресурстарын беру.
Жүргiзiлетiн сыртқы саясатқа қарай бұдан былай қарыз алушылардың санаттары шетелдiк мемлекеттермен толықтырылуы мүмкiн.
Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға бюджеттік кредиттер алу нысанында ғана жүзеге асырылатын болады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың кредит саясаты тек мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк даму бағдарламаларын iске асыруға ғана шоғырландырылады. Жергiлiктi бюджеттерден бюджеттік кредит беру қарыз берушi банктер мен қаржы агенттiгi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы агенттiктерi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдарына бюджеттік кредит берудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда нақты қаржылық даму ұйымына кредит беруге қаражат көздей отырып, осы орайда бұл қаражатты пайдаланудың мақсаттары мен бағыттарын айқындай отырып, кредит ресурстарын беру жолымен жүзеге асырған орынды.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 2005-2006 жылдары 84 млрд. теңге сомасында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне жеңiлдiктермен кредит беру және жергілiктi атқарушы органдарға тұрғын үй салуға сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша бюджеттік кредит беру, сондай-ақ 2007 жылы 2005 жылы кредитке берiлетiн 42 млрд. теңгенi қайта инвестициялау жүзеге асырылатын болады.
Орта мерзiмдi перспективада кредит қаражатын тиiмді пайдалануға, кредиттердi қайтару жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жоғарылатуға, қарыз алушылардың бюджет алдындағы мерзiмi өткен берешектерiн азайтуға жәрдем ететiн бюджеттік кредит беру рәсiмдерi мен тетiктерiн жетiлдiру жалғасатын болады.