Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын
2030 жылға дейін дамытудың және орналастырудың тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 қарашадағы № 1692 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010.10.09. № 924 Қаулысымен күші жойылды
Биологиялық әркелкілікті және табиғи экологиялық жүйені сақтап қалу және қайта қалпына келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын 2030 жылға дейін дамытудың және орналастырудың тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
?кіметінің
2000 жылғы 10 қарашадағы
№ 1692 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи
аумақтарын 2030 жылға дейін дамытудың және орналастырудың
тұжырымдамасы
1. Жалпы ережелер
Қазiргi биология ғылымы экологиялық тепе-теңдiктiң ғаламдық бұзылуы биосфераның құрамдас бөлiгi болып табылатын қоршаған орта үшiн қатерлi жағдайларға бұлтартпай әкеп соғатынын анықтады.
Биологиялық әркелкiлiктi сақтап қалу және биологиялық ресурстарды ұтымды пайдалану үшiн жауапкершiлiктi ескере отырып, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi 1994 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысымен Биологиялық әркелкiлiк туралы конвенцияны (Рио-де-Жанейро, 1992) мақұлдады.
Осы Конвенция анықтағанындай, Қазақстан Республикасының биологиялық бүкiл әркелкiлiгiн сақтаудың басты мiндетi - микроорганизмдердi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн, сондай-ақ, табиғи экологиялық жүйелердi шаруашылық және басқа да қызметтердiң әсерiнен жоғалтуға жол бермей, сақтап қалу болып табылады.
Әлем жұртшылығы эндемикалық, сирек және құрып бара жатқан түрлер мен бiрегей, эталондық учаскелердi және бүкiл табиғи табиғат жүйелерiн сақтаудың неғұрлым тиiмдi шарасы ретiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру деп таныды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрi - ЕҚТА) болуы қоршаған ортаны қайта қалпына келтiрудiң кепiлi және көзi болып табылады.
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығында шаруашылық тетiктерiнiң қазiргi өзгерiстерiне байланысты, жер қорын пайдаланудың жағдайлары мен нысандары түбегейлi өзгердi. Бiр жағынан, жер иелену мен жер пайдалануды сараландыру процесі белсенді түрде жүруде, ұсақ шаруа және фермер қожалықтары құрылып, ауыл шаруашылығы кәсiпорындары ұсақталуда. Екiншi жағынан, жылдан жылға техногендiк әсерлердiң артуына және табиғи ресурстарды қырсыз пайдалануға байланысты жер қорының, табиғи ортадағы өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң сапалық жағдайы нашарлауда.
Осындай жағдайларда «Қазақстан - 2030» Стратегиясының, Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңдары негiзiнде ЕҚТА-ны, одан әрi дамытудың стратегиясын айқындау, басқарудың жаңа тәсiлдерi мен модельдерiн iздестiру қажеттiгi туындады.
2. Тұжырымдаманың мақсаты
Осы Тұжырымдаманың мақсаты республика аумақтарындағы табиғи экологиялық жүйелердi сақтау мен қалпына келтiруге, экологиялық тепе-теңдiктi сақтауға және табиғи кешендер мен олардың компоненттерiнiң дамуының заңдылықтарын анықтауға бағытталған, ЕҚТА желiсiн одан әрi дамыту және 2030 жылға дейiнгi кезеңде орналастыру болып табылады.
3. Тұжырымдаманың басты мiндеттерi
Осы Тұжырымдаманың басты мiндеттерi:
табиғи экожүйелердiң, эталондық және бiрегей табиғат кешендерiнiң және табиғи мұраға қалған басқа да объектілердiң бiртұтастығын сақтау;
бұзылған табиғи кешендер мен объектiлердi қалпына келтiру;
ЕҚТА-ны мақсатты пайдалану жағдайында табиғи кешендердi сақтаудың ғылыми әдiстерiн жасау және iске енгізу;
ЕҚТА желiсiн ұйымдастыру;
ЕҚТА саласында мемлекеттік реттеудi жүзеге асыру;
табиғат жағдайында реттелетiн туризм және демалыс үшін жағдай жасау, ЕҚТА-ның түрiн, оның функционалдық аймақтарын, әлеуметтiк-экономикалық факторлар мен жергілiктi халықтың мүдделерiн ескере отырып, туризм мен рекреацияны одан әрi дамыту;
халық арасында экологиялық ағартуды ұйымдастыру болып табылады.
4. ЕҚТА-ның қазiргi желiсiн бағалау
ЕҚТА-ның желiсi аймақтың табиғи физикалық-географиялық құрылымы мен шаруашылық қызметтің қилы түрiмен өзара iс-қимыл жасауын ескере отырып ұйымдастырылған, функционалдық жағынан бiрiн бiрi толықтыратын аумақтық жағынан үйлескен қорғалатын аумақтар болып табылады. ЕҚТА-ның желiсiн дамытудың мақсаты - ортаның және биологиялық әркелкілiктiң жай-күйiн сақтау мен жақсарту негізінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.
ЕҚТА-ның қазiргi желiсiн бағалау ЕҚТА-ны дамыту бойынша басымдықтарды, бағдарламалар мен iс-шаралар жоспарларын әзiрлеу үшiн негiз болады. Талдау физикалық-географикалық, климаттық, ботаникалық-географиялық аудандастырулар бойынша және географиялық-аймақтық негiзде тәуелсiз жүргiзiлуi мүмкін.
Баға берілетін неғұрлым жалпы көрсеткіштерге мыналар жатады: ЕҚТА-ның жалпы саны және олардың әрбiр түр бойынша бөлінуi; ерекше қорғалатын аумақ қамтитын көлемiнiң пайызы; қорғалатын аумақтың орташа геометриялық көлемi; қорғалатын аумақтардың арасындағы орташа қашықтық. Осы жалпы көрсеткiштер аймақтың физикалық-географиялық және әлеуметтiк-экономикалық қасиеттерiне сәйкес өзгередi және жүйенiң эволюциялық жай-күйiнiң деңгейін бағалауға мүмкiндiк бередi.
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мақсаттары, қорғау режимдерi және пайдалану ерекшелiктерiне байланысты ерекше қорғалатын табиғи аумақтың 13 түрi бөлiп көрсетілген: мемлекеттік табиғи қорықтар, биосфералық қорықтарды қоса алғанда, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи парктер, мемлекеттік табиғат ескерткiштерi, мемлекеттік қорық аймақтары, мемлекеттік табиғи қаумалдар, мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық парктер, ерекше қорғалатын табиғат аумақтар ормандары, ерекше мемлекеттік маңызы бар немесе ерекше ғылыми құндылығы бар су айдындары, халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер, экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де құндылығы бар жер қойнауының учаскелерi және ЕҚТА-ның өзге де түрлерi.
Қазiргi уақытта Қазақстанда 9 мемлекеттік табиғи қорық, 6 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 3 мемлекеттік зоологиялық парк, 7 мемлекеттік ботаникалық бақ құрылған және жұмыс iстеуде, Рамсар Конвенциясының тiзiмiне енгiзiлген 3 халықаралық маңызы бар сулы-сазды жерлер, 150 ерекше мемлекеттік маңызы бар су айдыны анықталды.
ЕҚТА-ның барлық түрлерiнiң арасында, биологиялық әркелкiлiктi сақтауда жетекшi рольдi мемлекеттік табиғи қорықтар (бұдан әрi - қорықтар) мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктерi (бұдан әрi - ұлттық парктер) атқарады.
Табиғи аймақтар бойынша
қорықтар мен ұлттық парктердің орналасуы
1. Қорықтар:
__________________________________________________________________________
р/с! Қорық !Құр. ! Көлемі,! Әкімшілік !Қорғалатын!Табиғи
№ ! атауы !ылған!мың га ! облысы !ландшафтар!аймақтар
! !жылы ! ! ! !
--------------------------------------------------------------------------
1 Ақсу- 1926 85,6 Оңтүстік Таулы Таулы
Жабағылы Қазақстан орманды
2 Алматы 1960 71,7 Алматы Таулы Таулы
орманды
3 Барсакелмес 1939 30,0 Қызылорда Шөл Шөл
4 Батыс Алтай 1992 56,1 Шығыс Таулы Таулы
Қазақстан орманды
5 Қорғалжын 1968 252,3 Ақмола Сулы- Дала
сазды
6 Марқакөл 1976 75,0 Шығыс Таулы Таулы
Қазақстан орманды,
көл
7 Наурызым 1931 87,7 Қостанай Көл, дала Дала
орман
8 Үстірт 1984 223,3 Маңғыстау Шөл Шөл
9 Алакөл 1998 12,5 Алматы Сулы- Шөлейт
сазды
Жиыны 894,2
___________________________________________________________________________
2. Ұлттық парктер:
___________________________________________________________________________
р/с! !Құр. !Аумағы, ! Әкімшілік !Қорғалатын !Табиғи
№ ! Атауы !ылған!мың га ! облысы !ландшафтар !аймақтар
! !жылы ! ! ! !
___________________________________________________________________________
1 Баянауыл 1985 50,7 Павлодар Қыратты (көл Дала
қарағайлы
орман)
2 Іле-Алатауы 1996 165,4 Алматы Таулы (шырша Таулы
орманды, биік
таулы)
3 "Көкшетау" 1996 135,8 Ақмола Орманды дала Орманды
(қарағайлы дала
орман, көл,
дала)
4 "Алтын Емел" 1996 209,6 Алматы Шөл (тасты, Шөл
құмдауытты)
5 Қарқаралы 1998 90,3 Қарағанды Дала (көл, Дала
қарағайлы
орман, дала)
6 "Бурабай" 2000 84,1 Ақмола Орманды дала Орманды
(көл, дала
қарағайлы
орман, дала)
Жиыны 724,9
___________________________________________________________________________
Қорықтардың жалпы көлемі 894,2 мың гектар, ал ұлттық парктердікі - 724,9 мың гектар құрайды, олар Қазақстан Республикасының жалпы аумағының небәрi 0,59 пайызын ғана құрайды.
ЕҚТА-ның құрылымы аумақтардың шаруашылық игеру дәрежесiмен және аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуымен анықталады. Шаруашылық қызмет қарқынды жүргiзілетiн аудандарда ЕҚТА-ның меншiктi үлесi шағын болады, ал халқы сирек және шаруашылық қызметтiң қарқыны төмен аудандарда ондай ЕҚТА мүлдем болмауы мүмкiн.
Қазiргi ЕҚТА-ны дамуы бүкiл елiмiз және оның нақты аймақтарындағы табиғатты пайдалану мен биологиялық әркелкiлiктi сақтау функцияларының қатынасы және өзара iс-қимылымен, физикалық-географиялық жағдайларымен, табиғаты антропогендiк өзгерту деңгейiмен, әлеуметтiк-экономикалық қатынастармен, ағымдағы басымдықтарымен анықталатын iшiнара өз бетiмен ұйымдастырылатын жүйе ретiнде қараған орынды.
Қазақстанда мекендейтiн сүт қоректiлерiнiң 178 түрi iшiнде, 9 қорықта 140 (78,6 %) түрi қорғалады, оның iшiнде Қызыл кітапқа 22 түрi енгiзілген немесе осы кiтаптағы сүт қоректілерiнiң 61,1 % құрайды. Алтай, орталық қазақстан, қаратау және қызылқұм арқарларының мекен ететiн жерлерiне ЕҚТА қажет. Шөлдегi сүт қоректілерге - жайран, құлан, сабаншы, қарақалға да қорғалатын аумақтар жеткiлiксiз. Ақбөкен де жеткiлiксiз қорғалады, осы бағалы айыр тұяқтылардың төлдейтiн жерлерiнде бiрде бiр қорғалатын аумақ жоқ. Қорықтарда сүт қоректiлерiнiң 37 түрi (21,1 %) мүлде кездеспейдi, оның iшiнде 12 түрi Қызыл кiтапқа енгiзiлген. Олардың iшiнде Жайық өзенiнiң жазығында мекендейтiн сусар, орман күзенi, европа құндызы, Едiл-Жайық құмдарында мекендейтiн алып көртышқан, Батыс Тянь-Шаньдағы эндем - Мензбир суыры жатады. Бiрден бiр теңiз сүт қоректiсi - Каспий итбалығы, тек Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгіндегі қорықтық аймақта iшiнара қорғалады, себебi, аймақтың заңды тұлға мәртебесi жоқ.
Қорықтарда құстардың 346 түрi ұялайды, ол республикада ұялайтын барлық құстардың 87,4 % құрайды. Олардың iшiнде 39 түрi сирек және жойылу қаупi төнiп тұрған түрлерге жатады, бұл 76,5 %-ын құрайды. Бiрақ, олардың ішiнде тек кейбіреулерi ғана тиiстi қорғаумен қамтамасыз етiлген. Олар - бүркіт, жапалақ 9 қорықтың iшіндегі 6 қорықта ұялайды, сондай-ақ қоқиқаз өзінің Евразияның ең солтүстiгiндегі жалғыз колониясы Қорғалжын қорығында қорғалады. Бұйра бiрқазан, қалбағай, қарабай, дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, орақ тұмсық, қарабауыр бұлдырық және тағы басқа қызыл кітаптағы құстар үшін де қорғалатын аумақтар көлемі өте аз құрылған.
Қорықтарда бауырымен жорғалаушылардың 31 түрі кездеседі (Қазақстан герпетофаунасының 63,2 %-ы).
Оларда қызыл кітаптағы 10 рептилияның тек 3 түрi кездеседi: Ақсу-Жабағылы қорығында - қызылжолақ қарашұбар жылан мен сары жылан және Үстiрт қорығында - төртжолақты қарашұбар жылан.
Қазақстан Республикасы қорықтарының су айдындарында кездесетін 104 балық түрiнiң 23 (22,1 %) ғана мекендейдi, мұның өзі гидроценоздарды қорғайтын қорықтардың жеткiлiксiздiгiмен түсiндiрiледi.
Сөйтiп, дала аймағының шөлейттi дала кiшi аймағында ерекше қорғалатын режим жоқ. Оңтүстiк (шамалы жылы) шөлдерде үзiктi түрде, тек Yстiрт қорығында көрiнедi, бiрақ сораңдар және басқа сирек өсiмдiктердiң ежелгi түрлерi, сирек және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерiне қорықтар жасалмаған. Таулы аудандарда - Оңтүстiк Алтай, Сауыр-Тарбағатай, Қаратаудың өте сирек және бiрегей эндемик түрлерiне бай қыраттары. Кетпен, Күңгей және Жоңғар Алатауы, Ертіс, Ырғыз өзендерiнiң жағалаулары және Жайық пен Іле өзендерінің жағалаулары мен атыраулары да қорғауға алынбаған.
5. ЕҚТА желiсiн дамыту
ЕҚТА желiсiн дамыту ландшафтық экологияның теориялық ережелерi арқылы iске асырылады: 1) түйiнi (ядросы) мен дәлiздер туралы; 2) түйiндер арасындағы аумақтық өзара қарым-қатынастар туралы; 3) қорғанатын аумақтардың шекаралары және олардың қоршаған орта объектiлерiнiң ағымдарына әсерi мен өзара iс-қимылы туралы.
Басты ереже ретiнде ландшафты тану мен физикалық географияның мынадай көрсеткiштерi қолданылады: 1) табиғи-аумақтық жүйенің иерархиялық ұйымдастырылуы; 2) компоненттердiң арасындағы байланыстар мен қатынастар табиғаттың аумақтық құрылымын және шаруашылық қызметтiң барлық түрiн қалыптастырудың негiзi ретiнде; 3) ландшафтық ұстын - бүкiл аймақтың құрылымы мен қызметiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ететiн негiз.
Желiнi дамыту, сондай-ақ биологиялық әркелкiлiк теориясының мынадай негiзгi ережелерiне сүйенедi: 1) биологиялық әркелкілiк әр түрiн - экологиялық және таксономиялық әркелкiлiгiн, оның ішінде экологиялық әркелкiлiктiң ландшафтық, экожүйелiк, әртүрлiлiк, таралу деңгейiн бiлу; 2) әркелкiлiктiң деңгейлерi арасындағы байланыс; 3) биологиялық әркелкiлiктiң қоршаған ортаға тәуелдiлiгi; 4) биологиялық әркелкiлiк туралы түсінік - экономикалық даму мен ұлттық игiлiктiң ресурстық әлеуетi ретінде.
Бiр-бiрiн толықтыратын, жоғарыда аталған негiзгi ережелер осы тұжырымдаманың мақсаттарын орындау үшiн ЕҚТА-ны дамыту мен орналастыру жөніндегі жасалатын бағдарламалардың бағыты мен сипатын анықтайды. Осы бағдарламаларда ЕҚТА жүйесiнiң қазiргi жағдайына баға берiледi, олардың дәйектi дамуының жолдары негiзделедi, жобаланатын ЕҚТА мен оларды орналастырудың тiзбесi айқындалады, сондай-ақ қаржы, адам және техникалық ресурстары есептеледі.
Республикалық маңызы бар ЕҚТА желiсiн дамыту салалық (секторлық) бағдарлама әзірлеу арқылы жүргiзіледi.
Жергілiктi маңызы бар ЕҚТА-ны ұйымдастыру салалық бағдарламаларды толықтыратын аймақтық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады.
Өте сирек кездесетін және салыстыруға құнды мәліметтер беретін табиғи экологиялық жүйелер мемлекеттік табиғи-қорықтық қорының ықтимал объектiлерi болып табылады.
Шаруашылық қызмет нәтижесiнде қайта құрылып, бұзылған табиғи кешендер мен объектiлердiң де маңызы аз емес. Осындай аумақтарға қызығушылық, қазiргi уақытта олардың өзiндiк қайта қалпына келуi процесiнiң табиғи жолы жеткiлiктi түрде зерттелмеуiнен.
ЕҚТА-ды орналастыру негiзгi ценоз құрайтын түрлердiң өздерiнiң кең ауқымды экологиялық қолайлы алқабында, әрi олардың экологиялық шекаралары шегіндегі - салыстырмалы бiркелкi жазықтар, күрделi тау бедерлерi және түрлердiң таралып орналасуындағы тарихи жолдарының аудандары мен биологиялық әркелкілік орталығында болуы сияқты шарттардың орындалуын талап етедi. Барлық осындай жағдайлар ЕҚТА-ға жүктелген әртүрлi функцияларды iске асырудың тиiмдiлiгiн анықтайды.
Табиғи аумақтарды бағалау бойынша соңғы жылдары жүргiзiлген кешендi зерттеулер нәтижесiнде, барлық табиғат аймақтарында ЕҚТА-ны ұйымдастыру ұсынылады. Олардың шамамен алғандағы көлемi 10100 мың гектарға жуық.
Табиғат аймақтары бойынша ЕҚТА-ны орналастыру
___________________________________________________________________________
ЕҚТА түрі ! Табиғат аймағы ! Көлемі, мың га