Орта мерзiмдi кезеңде бұл мақсатқа қол жеткiзуге мынадай мiндеттердi шешу:
бюджеттік заңнаманы жүйелендiру;
бюджеттік жоспарлауды жетiлдiру;
мемлекеттік шығыстардың тиiмдiлігі мен нәтижелілігін арттыру;
жүргiзiп жатқан әлеуметтiк реформаларды қаржылық қамтамасыз ету, білім берудi, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын және қоғамдық инфрақұрылымды дамыту;
перспективалы бюджеттік жоспарлаудың рөлiн жоғарылату;
көлеңкелi экономиканың үлесiн азайту;
бюджетаралық қатынастардың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану тетiгiн жетiлдiру;
жүргiзiлiп жатқан жинақтар саясатын ескере отырып, республикалық бюджет тапшылығының және үкiметтiк борыштың оңтайлы өлшемдерiн айқындау;
үкiметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыш үлесiн біртiндеп азайту ықпал ететiн болады.
Бұдан басқа, мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының аса маңызды құрамы бола отырып, фискалдық саясат жоспарланып отырған кезеңде инфляцияның орташа жылдық деңгейi бойынша белгiленген дәлiздi ұстап тұруға, төлем балансының тұрақтылығына, тауарлар мен қызметтердi түпкi тұтынуды және капитал жинақтауды өсiруге жәрдемдесетiн болады.
3. Кiрiстер саясаты
2003-2004 жылдардағы салық заңнамасындағы өзгерістер экономикаға салықтық жүктеменi азайтуға, елдiң инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, жаңа техника мен алдыңғы қатарлы технологиялар ағынын және оларды енгізудi көтермелеуге, мемлекет пен салық төлеушiлердiң өзара қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларына, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес салықтық жүктеменi азайту және елдiң экономикалық өсуiн ынталандыру, сондай-ақ белгiлi бір санаттағы азаматтардың кiрiстерiн заңдастыруын ынталандыру және жалақыны ұлғайту мақсатында 2004 жылдан бастап жеке табыс салығының ставкалары азайтылды, әлеуметтiк салық бойынша ставкалардың кемiмелi шәкілі енгiзiлдi, қосылған құн салығының ставкасы азайтылды, арнайы экономикалық аймақтар аумағында салық салудың ерекше режимi белгiлендi, арнайы салық режимдерiн қолдану аясы кеңейтiлдi.
Экономиканы одан әрi тұрақты дамыту, жүргiзiлiп жатқан реформаларды тереңдету, мұнай операцияларына, қаржы лизингiне, резидент еместерге, қаржы құралдарына салық салуды, сондай-ақ салықтық әкiмшілендiру нормаларын жетiлдiру және кәсiпкерлердiң инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында инвестициялық салық преференцияларын беру нысаны кеңейтiлдi, мұнай-химия өндiрiстерi, қосылған құны жоғары тауарлар өндiрiсi үшiн жеңiлдiктер енгiзiлдi.
Негiзгi құралдарды жаңарту және жаңғырту процестерiн жеделдету үшiн салық салу мақсатында елде амортизациялық саясат жетiлдiрiлдi.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру, сондай-ақ инвестициялар көлемiн өсiру және салықтық әкiмшiлендiрудi одан әрi жетiлдiру есебiнен ел экономикасын теңгерімдi дамытуды қамтамасыз ету мақсатында орта мерзiмдi кезеңде салық саясатының негiзгi бағыттары:
шағын кәсiпкерлiк субъектілерi үшін арнаулы салық режимiн қолдану аясын кеңейту және оларды ең алдымен, экономиканың шикiзат емес секторына инвестициялар салуға тарту үшiн шаралар қабылдау;
салық төлеушiлер үшiн қашықтық және ақпараттық сервис әдiстерiнiң көмегiмен салықтық әкiмшiлендiру процестерiн одан әрi жетiлдiру және дамыту;
талдау тәсiлдерi мен әдiстерiн және салықтық есептіліктiң камералдылығын дамыту;
ақпараттық қызметтердi бірiктiру, мемлекеттік органдармен ақпараттық өзара iс-қимылды жетiлдiру және оның тиiмдiлігін арттыру;
қазақстандық экономиканың бәсекеге қабiлеттілiгiн күшейту мақсатында 2008 жылдан бастап салықтық ауыртпалықты заңды тұлғалардың кiрiстерiнен жеке тұлғалардың кiрiстерiне біртiндеп ауыстыру мүмкiндiгiн қарау болады деп ұйғарылып отыр.
Мемлекеттік бюджет кiрiстерi салық заңнамасы, Әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары жобасының маңызды макроэкономикалық көрсеткiштерi мен салық саясатының ел экономикасын одан әрi дамытуға және инвестициялар тартуға бағдарланған бағыттары негізiнде айқындалды.
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң 2006-2008 жылдарға арналған болжамы 6-кестеде келтiрiлген.
6-кесте
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң
2006-2008 жылдарға арналған болжамы
ЖIӨ-ге пайызбен
Атауы | 2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
Кiрiстер | 22,3 | 22,7 | 23,2 |
Салықтық түсiмдер | 21,3 | 21,5 | 22,0 |
Салықтық емес түсiмдер | 0,6 | 0,5 | 0,5 |
Негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер | 0,4 | 0,7 | 0,7 |
Әлемдiк тауар рыноктарындағы қолайлы жағдай, халықтың өмiр сүру деңгейiнiң жақсаруы нәтижесiнде iшкi сұраныстың артуы, инвестициялық климаттың жақсаруы, индустриялық-инновациялық стратегияны iске асыру экономиканы дамытудың жоғары қарқынына және тиiсiнше бюджет кiрiстерi түсiмдерiнiң ұлғаюына негiз болды.
Кiрiстер болжамының есептерiнде жоспардан тыс салықтық және бюджетке төленетiн өзге де мiндеттi төлемдерi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке алынатын мұнай секторы ұйымдарының тiзбесi бойынша салық түсiмдерiнiң есебi бір баррель үшін 19 AҚШ доллары болатын мұнайдың әлемдiк тұрақты бағасы есепке алына отырып жүргiзiлгенi ескерiлдi.
Салықтық түсiмдер болжамында:
Қазақстан Республикасы Салық кодексiнiң ережелерiне енгізiлген, тiркелген активтер бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу тәртібін реттейтiн, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енетiн өзгерістер;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрi - Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы) iске асырудан түсетiн қосымша салықтық түсiмдер;
Мемлекет басшысының 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауына (бұдан әрі - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы) сәйкес мемлекеттік басқару және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерiнiң жалақысын жоғарылатуға байланысты төлем көзiнен ұсталатын жеке табыс салығы мен әлеуметтiк салық бойынша қосымша түсiмдер;
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен "Теңiзшевройл" ЖШС арасындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға сәйкес 2007-2008 жылдары роялтидiң 200 млн. АҚШ доллары мөлшерiнде қайтарылуы ескерiлдi.
Бұдан басқа, салықтық түсiмдер "Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды есепке ала отырып айқындалған әлеуметтiк салық ставкаларының өзгеруiне түзетiлдi.
Залалды қызметiне байланысты салықтық емес түсiмдердiң 2006-2008 жылдарға арналған болжамында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кiрiсiнен түсетiн түсiмдер болжанбайды.
Негiзгi капиталды сатудан түсетiн 2006-2008 жылдарға арналған түсiмдер Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын iске асыру мақсатында тұрғын үй салуды қамтамасыз ету үшiн бұрын республикалық бюджеттен қайтарымды негiзде бөлiнген қаражатты қамтиды.
Мемлекеттік бюджет кірістерінің құрамындағы мұнай және мұнай емес секторлар кәсiпорындарынан түсетiн түсiмдердiң арақатынасы 7-кестеде көрсетiлген.
7-кесте
Мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң құрылымы
мемлекеттік бюджет кiрiстерiне пайызбен
Кәсiпорындардан түсетiн түсiмдер | 2006 жыл | 2007 жыл | 2008 жыл |
Мұнай секторынан | 22,5 | 18,6 | 16,3 |
Мұнай емес сектордан | 77,5 | 81,4 | 83,7 |
Орта мерзiмдi кезеңде мемлекет саясаты мұнай емес секторды дамытуды көтермелеуге бағытталады. Мұнай кiрiстерiне тәуелсіз салықтық базаны дамыту экономиканы әртараптандыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткiзуге ықпал етедi және жүргізiлiп жатқан фискалдық саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етедi.
Өткен жылға қарағанда 2006 жылы мұнай емес сектордан түсетiн түсiмдер 18,2 %-ға, 2007 және 2008 жылдары тиiсiнше 21,8 %-ға және 19,6 %-ға өседi.
Әлемдiк мұнай бағасы елеусіз төмендеген жағдайда мұнай өндiрудiң өсу қарқыны ЖIӨ-нiң өсу қарқынынан төмен болуы есебiнен орта мерзiмдi кезеңде мұнай секторы кәсiпорындарынан түсетiн салықтар мен төлемдер түсiмi азаяды.
Ұлттық қор көлемiнiң болжамы орта мерзiмдi кезеңде:
мұнайдың (Brent қоспасы) әлемдiк бағасының тұрақты есептi әлемдiк бағадан асып түсуi нәтижесiнде шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң жоспардан тыс түсiмдері;
республикалық бюджеттен берiлетiн, шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн салықтар мен басқа да мiндеттi төлемдердiң жоспарлы түсiмдерi көлемiнiң 10%-ы мөлшерiнде есептелген ресми трансферттер;
республикалық меншiктегі, тау-кен өндiру және өңдеу салаларына жататын мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруден, жердi сатудан түсетiн түсiмдер және өзге де түсiмдер есебiнен күтiледi.
Бүгінгі таңда тұтастай қазақстандық экономиканың жай-күйiн белгiлi бір дәрежеде табиғи ресурстар секторындағы ахуал айқындайды. Ұлттық қор табиғи запастардың орны толтырылмайтынына байланысты оларды пайдалануды дұрыс жоспарлау және мемлекеттік шығыстар көлемiнiң табиғи ресурстардың әлемдiк бағаларының күрт ауытқуларына тәуелдiлiгiн азайту мәселелерiн шешедi.
Ұлттық қордың активтерi жыл бойы 1,4 млрд. AҚШ долларына ұлғайып, 2004 жылдың аяғында 5 млрд. АҚШ долларынан асты.
Қолданыстағы заңнама жағдайларында Ұлттық қорға 2006 жылы 125,3 млрд. теңге сомасында немесе ЖIӨ-ге 1,6 %, 2007 жылы 118,5 млрд. теңге (ЖIӨ-ге 1,3 %), 2008 жылы 119,4 млрд. теңге (ЖIӨ-ге 1,2%) түсiмдер болжанып отыр.
Көрсетiлген болжамды түсiмдер жағдайларында Ұлттық қордың жалпы активтерi (инвестициялық кiрiстi есепке алмағанда) 2006 жылы шамамен 932 млрд. теңгенi, 2007 жылы 1 049 млрд. теңгенi, 2008 жылы 1168 млрд. теңгенi құрайды.
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының Yкіметі мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор арасындағы өзара қарым-қатынастар тетiгін жетiлдiру жөнiнде жұмыс жүргiзiп жатыр. Қор жинақтарын одан әрi қалыптастырудың оңтайлы жолдарын және оның активтерiн басқарудың тиiмдi әдiстерiн айқындауға бағытталатын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзiмдi перспективаға арналған тұжырымдамасы әзiрленуде.
4. Шығындар саясаты
2006-2008 жылдары бюджет саясаты жедел әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары мен мiндеттерiн кешендi шешуге және ағымдағы міндеттемелерді бір мезгiлде орындауға негізделетін болады.
Тұтастай алғанда, орта мерзiмдi кезеңде жүргiзілiп жатқан бюджет саясатының жалпы бағыты сақталады және мыналарға:
денсаулық сақтауды реформалауға және дамытуға;
білім берудi дамытуға;
әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдетуге;
индустриялық-инновациялық дамуға;
аграрлық секторды дамытуға;
жаңа тұрғын үй саясатын iске асыруға;
қоршаған орта сапасын тұрақтандыруға;
шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға;
Астана қаласын дамытуға;
көрсетiлетiн мемлекеттік қызметтердiң сапасын арттыруға бағытталатын болады.
Орта мерзiмдi кезеңдегi мемлекеттік бюджет шығыстары 2006 жылы - ЖIӨ-ге 24,2 %, 2007 жылы - 24,5 %, 2008 жылы - 24,3 % болып болжанады.
Инвестициялық саясатты қалыптастыру, оның iшiнде республикалық бюджеттен инвестицияларды жоспарлау, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi кезеңге арналған орта мерзiмдi жоспары шеңберiнде жүзеге асырылады.
Алдағы орта мерзiмдi кезеңде даму бағдарламалары шеңберіндегі шығыстар саясаты мемлекеттік инвестицияларды пайдалану тиiмдiлiгiн, бюджет заңнамасының ережелерiн қатаң сақтауды, мемлекеттік бюджеттен бөлiнетiн қаражаттың әлеуметтiк-экономикалық маңыздылығы мен пайдалану тиiмдiлiгін арттыруға бағытталған.
"Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер" функционалдық тобы бойынша шығыстар 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,4 %-ы, 2007 жылы - 1,5 %-ы және 2008 жылы - 1,3 %-ы деңгейiнде болжанып отыр.
Қазiргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру мақсатында мемлекеттік басқарудың ұйымдық құрылымын оңтайландыру және бірiздендiру, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты әрі оңтайлы қайта бөлу және бекіту, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелi секторға беру арқылы мемлекеттік басқару жүйесiн жетiлдiрудi көздейтiн әкiмшiлiк реформа бойынша жұмыс жүргiзiлуде.
Әкiмшiлiк реформаны толыққанды iске асыру функцияларды төмен тұрған мемлекеттік басқару деңгейiне берумен қатар, тиiстi ақпараттық-әдiснамалық, материалдық қамтамасыз етудi және тиiстi штат санын да берудi, сондай-ақ республикалық меншiктi жергiлiкті мемлекеттік басқару деңгейiне берудi көздейдi.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмдiлігі мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесiн әзiрлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінiң негізгi мiндеттерiнiң бірi болып айқындалды. Соған байланысты мемлекеттік органдар қызметiнiң тиiмділігі мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесiн әзiрлеу жөнiндегі жұмыс жүргiзілiп жатыр, мұнда барлық: жоспарлау, iске асыру, қызмет нәтижелерi кезеңдерiн қамтитын мемлекеттік органның қызметiн толық ұйымдастыру, қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн мемлекеттік орган қызметiн ұйымдастыру, бюджеттік және адами ресурстарды пайдаланудың тиiмдiлігі қамтылады.
Бұл шаралар функцияларды төмен тұрған, халыққа неғұрлым жақын мемлекеттік басқару деңгейiне беру жолымен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету жөнiндегі жауапкершiлiгiн жоғарылатуға, олардың тиiмдiлігін арттыруға, бюрократияны қысқартуға, қол жетiмдiлiктi жоғарылатуға, халықты мемлекеттік қызметтермен толық қамтуға, әлеуметтiк-экономикалық әл-ауқатты жақсартуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және басқаларға ықпал етедi.
Мемлекеттік қызметтiң қазақстандық жүйесi Орталық және Оңтүстiк-Шығыс Еуропа мен ТМД мемлекеттерiнiң кейбір алдыңғы қатарлы елдерi арасында неғұрлым жедел қарқынмен дамуда және мықты институционалдық негiзден бастау алған. Соңғы жылдары басым болып отырған тұрақтандыруға және институционалдық дамуға ден қою мемлекеттік қызметтi одан әрi дамыту үшiн негiз болды.
Мемлекеттік қызметшiлерге жалақы төлеу жүйесiн жетiлдiру мақсатында 2000 жылдан бастап 2004 жылға дейiнгi кезеңде жалақы төлеу жүйесiн реформалаудың екi сатысы жүргiзiлдi:
бірiншi сатыда базалық лауазымдық жалақыға қолданылатын коэффициенттерге негізделген жалақы төлеу жүйесi енгiзiлдi;
екiншi саты - жалақы төлеу жүйесiне жоғарғы, орта және төменгі басқару деңгейлерiн (буындарын) енгізу болды. Бұл шара мемлекеттік қызметшiлердi карьералық жоғарылауға ынталандыруға бағытталған.
Жетiлдiрудiң үшiншi сатысындағы мақсат мемлекеттік қызметшiлердi өнiмдiлiкке және орындалатын жұмыстың сапасына ынталандыруды жоғарылату болып табылады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес 2005 жылғы 1 шiлдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерiнiң және мемлекеттік қызметшiлердiң жалақысы орта есеппен 32 %-ға көтерiледi. 2006 жылдың аяғына дейiн жалақы төлеу жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және 2007 жылдан бастап жалақыны орта есеппен 30 %-ға ұлғайту жоспарланып отыр.
Осыған байланысты мемлекеттің әкiмшiлiк қызметтерiн жетiлдiруге, басқарудың бюрократиялануын азайтуға, мемлекеттік қызметтің біліктілік деңгейiн оңтайландыруға бағытталған шараларды пысықтау талап етiледi.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы № 1471 Жарлығымен бекiтілген, азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік қызмет көрсетулерге жылдам әрi сапалы қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етуге, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңiнен қолдану жолымен мемлекеттік органдардың жұмыс iстеу тиiмділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасында "электрондық үкiмет" қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарлама шеңберiнде "электрондық үкiметтiң" базалық құрамдас бөлiктерi, бұған "электрондық үкiметтiң" порталы мен шлюзі жатады, банк жүйесiмен өзара іс-қимыл жасау үшiн "төлем шлюзі", ұлттық бірiздендiру жүйесi, мемлекеттік органдардың бірыңғай көлiктiк ортасы құрылады.
"Қорғаныс" функционалдық тобы бойынша шығыстар қорғаныс қажеттілiктерiне, төтенше жағдайлардың алдын алуды және оларды жоюды ұйымдастыруға, қорғалатын тұлғалардың қауiпсіздiгiн қамтамасыз етуге және салтанатты рәсiмдердi орындауға арналған шығыстарды қамтиды және 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,2 %-ы, 2007 жылы - 1,4 %-ы және 2008 жылы 1,4 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы № 334 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы қорғаныс мұқтаждарына арналған шығыстарды жоспарлаудың негiзi болып табылады, бұған сәйкес қорғанысқа арналған шығыстардың көлемi кемiнде ЖIӨ-нiң 1 %-ы мөлшерiнде көзделедi, мұнда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн (бұдан әрi - Қарулы Күштер) құру, реформалау кезеңдерi мен әскери-экономикалық қамсыздандырудың негiзгі бағыттары айқындалған.
Қарулы Күштердi жасақтау мен қалыптастырудың келісім-шарттық жүйесiне көшу жолымен армияны кәсiбилендiру болжанып отырған шаралардың негiзгi мiндетi ретiнде қойылады, оның мақсаттары бөлiмдер мен бөлiмшелердiң әскери дайындығын жоғарылату, әскери-оқытылған резервтi дайындау, әскери қызметтiң және тұтастай Қарулы Күштердiң беделiн арттыру болып табылады.
Қарулы Күштердi құру мен дамытудың өткен кезеңдегі тәжiрибесi мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлердi "келісім-шарттағыларға" ауыстыру армия қызметiне оң әсер ететiнiн көрсеттi. Мысалы, Қарулы Күштерде адам шығыны мен қылмыс саны азаяды, моральдық-психологиялық ахуал жақсарады.
Қарулы Күштердi жасақтаудың келісім-шарттық жүйесiне көшудi 2005 жылы солдаттар мен сержант лауазымындағы келісім-шарт қызметiнiң әскери қызметшiлерiнiң сандық құрамын штаттың 65 %-ына дейiн ұлғайту жолымен жүзеге асыру және 2007 жылға дейiн осы пайыздық ара қатынасты тұрақтандыру көзделiп отыр.
Жоспарланып отырған кезеңде Қарулы Күштердiң материалдық-техникалық базасын жақсарту көзделуде. Бұл үшiн қару-жарақ пен әскери техника санын оңтайландыру жөнiнде шаралар қабылдау керек.
Қазақстан Республикасының халқын, экономикалық әлеуетi мен қоршаған ортасын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар әсерiнен тиiмдi қорғауды арттыруға және қамтамасыз етуге, олардың салдарының, оның iшiнде iрi көлемдi жер сiлкiнiстерiнiң, су тасқындарының, селдiң және жер көшкiннiң алдын алу, залалды төмендету мен жою үшiн күштер мен құралдарды дамытуға қол жеткiзу мақсаттарында Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алудың және оларды жоюдың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленуде.
"Қоғамдық тәртiп және қауiпсіздiк" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 2,0 %-ы, 2007 жылы - 2,3 %-ы және 2008 жылы - 2,2 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің өмiрлiк маңызды мүдделерiнiң сыртқы және iшкi қауiптерден қорғалуын қамтамасыз ету үшiн әлемдегi террорлық агрессия жағдайларында мемлекеттің қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiнiң зор маңызы бар.
Жоспарланып отырған орта мерзiмдi кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1355 қаулысымен бекітілген, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуге; қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы өтiнiштер мен хабарламаларды шешу кезiнде заңдылықты сақтауға; қоғамдық қауiпсіздiктiң тиiстi жағдайын қамтамасыз етуге; алдын алу қызметiн жетілдiруге; қылмыстарды мақсатқа сай әлеуметтiк-құқықтық алдын алуды жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестiң 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006-2007 жылдары 6,9 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1376 қаулысымен бекітілген, iс-шаралары түзеу мекемелерiнде ұсталатын сотталғандарды ұстау жағдайларын, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындаудың сапасын жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару жүйесiн одан әрi дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006 жылы 3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Мықты әрi тәуелсіз сот билігі демократияның, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдылығын қамтамасыз етудiң маңызды шарты болып табылады.
Мемлекеттің қалыптасу және даму кезеңiнде сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған шаралар кешенi жүзеге асырылды.
Соттар тәуелсіздігінiң кепiлдiгi қамтамасыз етiлдi. Мемлекет тарихында тұңғыш рет жергiлiктi соттардың барлық судьяларын ел Президентi тұрақты мерзiмге сайлай бастады, кәсiптiк жүйе құрылды, функциялары жалпы құқықтық құзырлы соттарға берілiп, төрелiк соттар таратылды, мамандандырылған ауданаралық әкiмшілiк және экономикалық соттар құрылды.
Сот жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасы Президентiнің 2002 жылғы 20 қыркүйектегi № 949 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған, оның негiзгi мiндеттерiнiң бірi сот төрелігі органдарын жетілдiру, ең алдымен бірiншi деңгейдегi соттардың (аудандық, қалалық соттар) қызметiн жетiлдiру болып табылады.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы объективтіліктi, сондай-ақ сот кесiмдерiнiң уақтылы орындалуын қамтамасыз ететiн сот өндiрiсiн оңайлату, сот жүргiзу шеңберiнде және сот шешiмдерiн атқару кезеңiнде азаматтар құқығына берiлетiн кепiлдiктердi күшейту, сот корпусының тәуелсіздiгін қамтамасыз ету және қылмыстық сот жүргiзу мен сот шешiмдерi шеңберiнде адвокаттардың рөлiн арттыру жөнiндегі iс-шараларды жүргiзу қажеттiгiне баса назар аударды.
Алға қойылған мiндеттердi iске асыру мақсатында сот жүйесiн жетiлдiру және судьялардың мәртебесiн көтеру бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiн әзiрлеу және қабылдау қажет.
Қылмыстық тергеудi жүзеге асырған және iстердi сотта қараған кезде заңдылық қағидаттарын нығайту үшiн Қазақстан Республикасында халық өкiлдерiнiң әдiл сотты жүзеге асыруға қатысуын көздейтiн алқабилер соты институтын енгізу мәселелерi жөніндегі заң жобасы әзiрленуде.
Атқарушы билiк реформасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шеңберiнде, сондай-ақ мемлекеттік органдардың халықпен өзара iс-қимылын оңайлату және олардың арасындағы тiкелей байланыстарды барынша азайту мақсатында Халыққа "жалғыз терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсететiн орталықтар құру және олардың қызметiн қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
"Білiм беру" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 3,8 %-ы, 2007 жылы - 4,4 %-ы және 2008 жылы - 4,4 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Білім беру саласындағы бюджет саясаты әлемдiк білім беру кеңiстiгiне бірiктiрiлген және әлемдiк еңбек рыногындағы бәсекеге қабiлеттi мамандар даярлауды қамтамасыз ететiн білім берудiң ұлттық моделiн қалыптастыруға бағытталады.
Мақсаттарға қол жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде мынадай негiзгі мiндеттердi шешу:
барлық балалардың мектепке дейiнгi білімге тең қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
2008/2009 оқу жылынан бастап 12-жылдық жалпы орта білім беруге көшу;
жоғары буын оқушыларын бейiндi және кәсiптiк бағдарланған оқыту жүйесiн құру;
кәсiптiк және техникалық білім беру саласында біліктi жұмысшы кадрларды даярлаудың жаңа ұстанымдарын қалыптастыру;
жаңа - ортадан кейiнгi кәсiптiк білім беру деңгейiн құру;
академиялық кредиттер жүйесiне негiзделген кәсіптік кадрлар даярлаудың үш деңгейлi - бакалавриат - магистратура - докторантура (Рh.D) жүйесiн қамтамасыз ету;
Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру көзделiп отыр.