2006 жылы отандық фармацевтикалық салаға халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі дайындық жұмыстары аяқталады, бұларды енгізудi 2007 жылы бастау жоспарланып отыр.
§ 8. Мәдениеттi, ақпаратты, мұрағат iсiн, туризмдi
және спортты дамыту
Мәдениет, ақпарат, мұрағат iсi және спорт
2006-2008 жылдары мәдениет, ақпарат, мұрағат iсi және спорт саласындағы негiзгi мақсаттар бiрыңғай мәдени-ақпараттық кеңiстіктi нығайту, тарихи-мәдени мұраны, әлеуметтiк мәдени инфрақұрылымды сақтау және дамыту, кәсіптік өнердi және халық шығармашылығын дамыту жағдайларын қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы салауатты өмiр салты қағидаттарын орнықтыру, бұқаралық спорт пен жоғары жетiстiктер спортын одан әрi дамыту арқылы қоғамның рухани әлеуетiн iске асыру болып табылады.
Мыналар:
«Қазақстан - 2030» Стратегиясының, Қазақстан Республикасы Президентінің және Yкіметінiң негiзгі бағдарламалық құжаттарының iске асырылуын ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету;
театр-концерт қызметiн, ұлттық фильмдер өндiрiсiн қолдау және дамыту үшiн жағдайлар жасау;
мәдениетті сақтау және қалпына келтiру, тiл саясатын дамыту үшiн бағдарламалық құралдар мен әдiстердi әзiрлеу және қолдану;
Қазақстанның шетелдегi халықаралық беделiн арттыру;
мұрағат iсi саласында мемлекеттік саясат жүргiзу;
мемлекеттік жастар саясатын iске асыру;
тарих, археология және сәулет ескерткiштерінің, тарихи орталықтардың сақталуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасында үйлесiмдi этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету, қоғамдық прогресс пен азаматтық бейбiтшiлiктi сақтау және олар үшiн жағдайлар жасау;
мәдениет, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану, мұрағат iсi, ақпарат, iшкi саяси тұрақтылық, сондай-ақ дене шынықтыру мен спорт саласындағы нормативтiк-құқықтық базаны одан әрi жетiлдiру;
ұлттық әдебиет пен жазба әдебиеттің көптеген ғасырлар бойғы тәжiрибесiн қорыту, әлемдiк ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиеттің үздiк жетiстiктерi негiзiнде мемлекеттік тiлдeгі толыққанды қор құру;
жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау үшiн қазiргi заманғы базаны, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарының кең желісін құру;
бұқаралық, әсiресе ауылдағы спортты дамыту;
олимпиадалық, ұлттық, техникалық спорт түрлерiн және халықтық ойындарды дамыту;
Қазақстан Республикасының спорт резервi мен ұлттық құрама командаларын халықаралық жарыстарға дайындау;
дене шынықтыру мен жоғары жетiстiктер спортын ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету басым мiндеттер болып табылады.
Қойылған мақсаттарға жету және мiндеттердi шешу үшiн:
бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдастыру-насихаттау iс-шараларын неғұрлым жоғары кәсiби деңгейде жүргiзу;
Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмiрi туралы телерадиокомпаниялар жасайтын бағдарламалардың сапасын жақсарту, мемлекеттік тiлде хабар таратудың жалпы көлемiн ұлғайта отырып, ұлттық телеарналардың тарату желісiн кеңейту;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 398 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында теле-радио хабарларын таратуды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын одан әрi iске асыруды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасында теле-радио хабарларын таратуды дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын әзiрлеу және қабылдау;
Қазақстан Республикасында мұрағат iсi дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын әзiрлеу және қабылдау;
ескерткiштердi қайта жаңарту, тұмшалалау, жөндеу, қалпына келтiру және жаңғырту жолымен тарихи-мәдени мұраның сақталуын және пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүргізу;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығымен бекітілген 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын iске асыруды қамтамасыз ету;
мемлекеттік нышандарды насихаттауды жүргізу;
мұрағат мекемелерiнiң материалдық-техникалық базасын жақсартуға жәрдемдесу, мұрағат iсi саласындағы нормативтiк құқықтық және ғылыми-әдiстемелік базаны жетілдiру;
Шетелде тұратын отандастарды қолдау бағдарламасын iске асыру;
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын одан әрi iске асыруды қамтамасыз ету;
ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерiнiң негiзiнде гуманитарлық білім берудiң қазақ тiліндегі толыққанды қорын жасау, кеңiнен өрiстетілген ғылыми, көркем және ғұмырнамалық сериялар шығару жолымен ұлттық әдебиет пен жазба әдебиеттің көптеген ғасырлар бойғы тәжiрибесiн қорыту;
мәдениет пен өнер саласындағы менеджменттi жетiлдiру, өнер саласына біліктi менеджерлердi тарту;
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын әзiрлеу және қабылдау, сондай-ақ оны iске асыруды қамтамасыз ету;
әсiресе ауылдық жерлерде балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi, жасөспiрiмдер клубтары, дене дайындығының балалар-жасөспiрiмдер клубтары желiлерiн дамыту;
балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi мен ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту;
әрқилы спорт түрлерi бойынша жоспарланған спорттық iс-шараларды өткізу, спортшылардың дайындалуын және спорт ойындары мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қажет.
Туризм
2006-2008 жылдары туристік кешендi дамытудың басты мақсаттары дәйектi даму және экономиканың кiрiс саласына көшу, жоғары рентабельдi туризм индустриясын құру, туристiк қызметтердi жылжыту және сату, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру болып табылады.
Алдағы кезеңде мынадай мiндеттердi шешу:
мемлекеттік және жеке сектордың қазақстандық туристiк өнiмдi әлемдiк туристік қызметтер рыногына жылжыту бойынша одан әрi ынтымақтастығын жалғастыру;
туристiк iс-шаралар жүргізу және оларға қатысу арқылы туристік қызметтер экспортын ұлғайту;
Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытуға бағытталған туризм инфрақұрылымына инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу және мiндеттердi шешу үшін:
туризмдi дамытудың экономикалық және құқықтық тетiктерiн әзiрлеу;
«Туризм және КІТҒ саяхаты» қазақстандық халықаралық туристiк жәрмеңке өткізу;
Қазақстанның халықаралық туристiк көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуы;
туризм саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзiрлеу және қабылдау ұйғарылып отыр.
§ 9. Гендерлiк даму
2006-2008 жылдары гендерлiк дамудың негiзгi мақсаттары әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту және нақты гендерлiк теңдiкке қол жеткізу болып табылады.
Алға қойылған мақсаттарды iске асыруға бағытталған негiзгі мiндеттер:
отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты заңнаманы жетілдiру, елдiң әлеуметтiк-экономикалық саясатына гендерлiк тәсiлдi енгізу;
әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту;
әйелдердiң билiк құрылымдарына тең қол жетiмдiлігiн қамтамасыз ету, олардың шешiмдер қабылдау деңгейiне көтерiлуi үшiн жағдайлар жасау;
қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтiк өмiрiне қатысу үшiн әйелдердiң мүмкiндiктерiн және олардың әлеуетiн арттыру болып табылады.
2005-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлiк теңдiк стратегиясын, «Тұрмыстық зорлық туралы», «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы әрекет ету мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы» заң жобаларын әзiрлеу көзделуде.
Экономикалық белсендi халықтың жұмыспен қамтылуының гендерлiк аспектiсiн үнемi зерттеу жүргізiледi, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайту жөнiнде ұсыныстар әзiрленедi.
Әйелдердiң зорлықтан қорғалуға құқықтарының тұрақты мониторингi көзделiп отыр.
Дағдарыс орталықтарының, сенім телефондарының, зорлық құрбандарына арналған паналар мен үйлер желісін кеңейту ұйғарылып отыр.
Қоғамда және мемлекеттi басқаруда әйелдер мен ерлердiң iс жүзiндегі теңдiгiнің қажеттілiгі туралы қоғамдық санада түсiнік қалыптастыру жөніндегі жұмыстар үнемi жүргiзiлетiн болады.
8. Өндiрiлген капиталды дамыту
§ 1. Инвестициялық саясат
2006-2008 жылдары тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларды экономиканың басым секторларына тартуды ынталандыру, мемлекеттік инвестицияларды пайдалануды оңтайландыру мен оның тиiмдiлігін арттыру және iшкi жинақтарды жұмылдыру саясаты жалғасады.
Осы салада «Маркетингтiк-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ «J.E.Austi№ Associates I№c.» консалтингтiк компаниясымен бiрлесiп жүргізетiн жұмыстар шеңберiнде Қазақстанда кластерлiк бастаманы дамытуды жандандыру көзделуде.
Елдiң инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялық ахуалды жақсарту үшiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Басым өндiрiстердiң инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберiнде мемлекет:
миноритарлық акционерлердiң құқықтарын қорғауды күшейтуге;
кәсiпорындарды тiркеудiң жеңiлдетiлген жүйесiн енгізуге;
қызмет түрлерiн лицензиялаудың ашық жүйесiн құруға;
кәсiпорындардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ISO-9000, ISO-14000) көшуiн жеделдетуге;
Ұлттық инновациялық жүйенi - экономикалық дамуды басқарудың жаңа жүйесiн дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға;
мемлекеттік даму институттарының жұмысын үйлестіру жөніндегі iс-әрекеттi жандандыруға, олардың қызметiнiң ашықтығын арттыруға бағытталған шараларды одан әрi қабылдайтын болады.
Алдағы кезеңде бюджеттік инвестициялардың басымдықтары:
мемлекеттік басқару функцияларын тиiмдi iске асыруды қамтамасыз ету; әлеуметтiк секторды дамыту; базалық инфрақұрылымды дамыту; аграрлық секторды дамытуға жәрдемдесу; Астана қаласын дамыту болып қалады. Сондай-ақ шағын бизнес субъектiлерiне кредит беру мүмкiндiктерiн ұлғайтуға және инновациялық жүйенi дамытуға ықпал ететiн даму институттары қосымша капиталдандырылатын болады.
Тұтастай алғанда, бюджеттік инвестицияларды бөлу бекітілген Мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың 2006-2008 жылдарға арналған тiзбесi шеңберiнде жүзеге асырылады.
Тұрғын үй құрылысын дамыту
2006-2008 жылдары тұрғын үй құрылысын дамытуды iске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы № 1388 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрi - Мемлекеттік бағдарлама) шеңберiнде жүзеге асырылады.
Халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге қол жетiмдiлiгін қамтамасыз ететiн тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешендi шешу Мемлекеттік бағдарламаның негiзгі мақсаты болып табылады.
Мақсатқа жету үшiн мынадай мiндеттердi шешу:
ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да толыққанды теңгерiмдi тұрғын үй құрылысы рыногын құру;
тұрғын үй салуға жеке инвестицияларды тарту және жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру;
құрылыс индустриясының тиiмдi рыногын қалыптастыру;
халықтың қалың бұқарасы үшiн ипотекалық кредит беру мен тұрғын үй құрылысы жинақтарының қолжетiмдiлігін көтеру көзделуде.
Мемлекеттік бағдарламаны iске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
Тұрғын үй салу ұсынысын ынталандыру.
Жалпы сипаттағы жүйелі шаралар:
тұрғын үй құрылысының бiр шаршы метрiнiң құнын төмендету;
жеке тұрғын үй құрылысын дамыту;
жеке капитал инвестицияларын тарту есебiнен тұрғын үй салу;
тиiмдi, экологиялық таза құрылыс материалдарын өндiрудi одан әрi дамыту және жаңа технологияларды енгізу.
Орта тап пен халықтың әлеуметтiк қорғалатын жiгi үшiн тұрғын үй салуды ынталандыруға бағытталған шаралар:
коммуналдық тұрғын үй салу;
мемлекеттік қаражат есебiнен қолжетiмдi тұрғын үй салу.
Төлемге қабiлеттi сұранысты ынталандыру:
ипотекалық кредит беру жүйесiн жетiлдiру;
құрылыс жинақтары жүйесiн дамыту.
Ипотекалық кредиттерге қол жетiмдiлiктi ұлғайту мақсатында мемлекет ипотекалық кредит беру өлшемдерiн өзгерту жөніндегі шараларды қабылдады. Мемлекеттік бағдарламаны iске асыру ипотекалық кредит берудiң мынадай мақсатты шарттарымен жүзеге асырылады:
сыйлықақы ставкасының мөлшерi - 9-10 %;
бастапқы жарна мөлшерi - 10 %;
ипотекалық кредит мерзiмi - 20 жыл.
Тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесiн жаппай iске қосу мақсатында Мемлекеттік бағдарламаның қолданысы кезеңiнде тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесiнiң ықтимал қатысушылары болып табылатын азаматтар үшiн барынша тартымды жағдайлар жасау ұсынылады:
тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiндегі қажеттi қорлану мөлшерiн сатып алынатын тұрғын үй құнының 25 %-ына дейiн төмендету;
қорлану мерзiмiне қарай кредит мерзiмiн 25 жылға дейiн ұлғайту;
мемлекет көтермелейтiн салым сомасының мөлшерiн 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн ұлғайту.
2005 жылы республикалық бюджет қаражаты есебiнен халықтың әлеуметтік қорғалатын жiгi үшiн 1,6 мың пәтердi және ипотекалық кредит беру жүйесi арқылы 11,7 мың пәтердi пайдалануға беру қамтамасыз етiледi.
2004-2005 жылдары коммуналдық тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен 12,7 млрд. теңге бөлiндi.
2005-2006 жылдары коммуналдық тұрғын үйдiң 261,3 мың шаршы метрiн пайдалануға беру көзделіп отыр.
Кредиттiк қаражатты тарту есебiнен 2005-2006 жылдары 1727,6 мың шаршы метр тұрғын үйдi пайдалануға беру көзделуде.
2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 12 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгiзiледi.
§ 2. Индустриялық-инновациялық даму
Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының негiзгi мақсаты дамудың шикiзаттық бағытталуынан ауытқу жолымен экономика салаларын әртараптандыру арқылы елдiң тұрақты дамуына қол жеткізу, ұзақ мерзiмдi жоспарда сервистiк-технологиялық экономикаға көшу үшiн жағдайлар дайындау болып табылады.
Өңдеушi өнеркәсiп пен қызметтер саласында бәсекеге қабiлеттi және экспортқа бағдарланған тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi өндiру мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басты мәнi болып табылады.
Аталған мақсатқа қол жеткізу өңдеушi өнеркәсiптiң қосылған құнын өнiм өндiру көлемдерiн ұлғайту жолымен ғана емес, сондай-ақ адамдар мен өндiрiлген өнiм капиталын пайдалану тиiмдiлiгін арттыру есебiнен ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Бұл өнiм өндiру процесi мен халықтың тұрмыс деңгейiн арттыруға оң әсер етедi. Бұдан басқа, босайтын еңбек ресурстарын, энергия мен материалдарды жаңа өндiрiстер құруға бағыттауға болады.
2006-2008 жылдары индустриялық-инновациялық саясатты iске асыру Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының екiншi кезеңiн (2006-2010 жылдар) iске асыру шеңберiнде жүзеге асырылады. Екiншi кезең Стратегияның iс-шараларын экономиканың барлық салаларында белсендi iске асыру кезеңiне айналады, халықаралық стандарттар бойынша ғылым мен техника жетiстіктерi негiзiнде қуаттарды құру, сондай-ақ қажеттi мамандарды даярлау мәселелерiн кешендi шешуге мүмкiндiк бередi.
Бұл кезеңде ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптастырылады және өнеркәсiптi жаңғыртуға әрi экономиканың құрылымын әртараптандыруға бағытталған көптеген жобалар iске асырыла бастайды.
Бүгінгі күннiң басты стратегиялық мiндетi - экстенсивтiге негiзделмеген, жоғары технологиялы өндiрiске және ұлттық экономикалық жүйенiң жаңа ұйымдық құрылысының бәсекелi артықшылықтарына шығу есебiнен экономиканың өсу сапасына көтерiлу.
Шикiзаттық ресурстар өндiрiсi мен экспортын белсендi дамыту ұлттық экономиканың дағдарыстан шығуына және соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру нәтижесiнде экономикалық инфрақұрылымның жаңа құрамдауыштары: трансұлттық компаниялар, арнайы экономикалық аймақтар, технопарктер желісі, инновациялық орталықтар, ғылыми аймақтар, желiлік кооперация құрылды және дамытылды әрi кластерлер қалыптастырылды.
Орта мерзiмдi кезеңде дамудың кластерлік ұстанымына ерекше көңiл бөлiнетiн болады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес кластерлiк ұстанымдар экономиканың жеті: туризм; құрылыс материалдары; тоқыма өнеркәсiбi; тағам өнеркәсiбi; металлургия; мұнай-газ машина жасау; көлiк-логистикалық қызметтер секторында пайдаланылады.
2005 жылы экономиканың әрбiр басым секторы бойынша Пилоттық кластерлердi дамыту жоспарын әзiрлеу көзделiп отыр. Қабылданған шаралар бұдан кейiнгi жылдары экономиканың осы секторларында кластерлiк ұстанымды кеңiнен енгізу үшiн жағдайлар жасауға мүмкiндiк бердi.
Орта мерзiмдi перспективада мынадай мiндеттер шешіледi:
өңдеушi өнеркәсiптiң негізгi қорларының өнiмділігін арттыру;
жеке секторды бәсекелi артықшылықты жасауға және жетiлдiруге әрi неғұрлым жоғары қосылған құн салығының элементтерiне қарай жылжи отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құн тiзбесiндегі элементтердi игеруге ынталандыратын кәсiпкерлік ахуалды, қоғамдық институттардың құрылымы мен мазмұнын жасау;
ғылымды қажетсiнетiн және жоғары технологиялы экспортқа бағдарланған өндiрiстер құруды ынталандыру;
елдiң экспорт әлеуетiн қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң пайдасына әртараптандыру;
әлемдiк сапа стандарттарына көшу;
әлемдiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қоса отырып, өңiрлiк экономикаға және әлемдiк шаруашылық жүйесiне бiрiгудi ұлғайту.
Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары барлық әлеуетті түрде бәсекеге қабілетті, оның iшiнде экспортқа бағдарланған, шикізаттық емес бағытты экономика салаларында iске асырылатын өндiрiстер болып табылады. Ұзақ мерзiмдi стратегиялық мiндеттердi шешу мақсатындағы ғылымды қажетсiнетiн және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайлар жасауға баса назар аударылатын болады.
Химия өнеркәсiбi
Химия өнеркәсiбiн дамыту үшiн Қазақстанда iрi минералдық шикізат қорлары - фосфориттер, табиғи натрий, калий, бор, фтор, алюминий, кремний тұзы бар.
Республикада минералдық шикiзатты қайта өңдеудi қамтамасыз ету үшiн базалық өнiмдер алумен қатар, жаңа химия өнеркәсiптерiн құрып және қолданыстағы қуаттарды жаңғырта отырып, химия кешенiн қалыптастыру, сондай-ақ жоғары технологиялық қосылған құны жоғары химия өнiмдерiн алумен қатар, қайта өңдеудiң соңғы сатылары бойынша бiрқатар өндiрiстер құру қажет.
Қазiргі уақытта химия өнеркәсiптерi кәсiпорындары: сары фосфор, натрий триполифосфатын, минералдық тыңайтқыштар, хром тұздарын, синтетикалық жуу құралдарын шығарады. Алайда, негiзiнен зауыттар толық қуатпен жұмыс iстемейдi, бұл өткізу рыноктарындағы бұрынғы позицияларды (минералдық тыңайтқыштар, фосфор, жуу құралдары) қалпына келтiру қиындығының куәсi. Бiрқатар өндiрiстердiң технологиялары ескiрген және экологиялық қауiпсiз емес. Мұнай және металлургия салаларын, ауыл шаруашылығын, шағын бизнестi қоса алғанда, республиканың химия және мұнай-химия өнiмдерiне ішкi қажеттіліктерiнiң басым бөлiгi импорт есебiнен қанағаттандырылады.
Химия өнеркәсiбi экономиканың экспортқа бағдарланған жоғары технологиялы, отандық шикiзат ресурстарымен жұмыс iстейтiн және перспективада қосылған құн тiзбегi жөніндегі өндiрiстердi құруды қамтамасыз ететін дербес саласы ретінде қалыптасуы тиiс, бұл сайып келгенде, Қазақстанның экономикалық өсуiн қамтамасыз етедi.
Бұл мiндеттi шешудi меншiктi ресурстық, өндiрiстiк және ғылыми-техникалық әлеует есебiнен ғана емес, сонымен қатар едәуiр дәрежеде жаңа технологиялар трансфертi есебiнен де жүзеге асыру қажет. Химия өнеркәсiбiн дамытуды тiгiнен және көлденең бiрiктiрiлген құрылымдарды қалыптастыру жолымен жүзеге асырған орынды.
Ұлттық немесе әлемдiк iрi химия компанияларының базасына негізделген тiгінен бiрiктiрiлген құрылымдар, олардың құрылымдық құралымдары шикiзат өндiруден, оны кешендi қайта өңдеуден және қосылған құны жоғары өнiмдер өндiруден республикада экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етедi. Қазақстанда тiгiнен бiрiктiрiлген құрылымдарды құруды және дамытуды «Қазфосфат» АҚ «Каустик» АҚ «Ақтал ЛТД» ЖШС және басқа кәсiпорындарының базасында жүзеге асыруға болады.
Тиiсті шикiзат ресурстары болған жағдайда көлденең бiрiктірiлген құрылымдар өндiрiсте iрi компаниялардың химия өнiмдерiн (фосфор, минералдық қышқылдар, сiлтi, аммиак) пайдаланып қана қоймай, технологиялық тiзбек бойынша қосылған құны жоғары өнiм жасай отырып, негiзгi өндiрiстердiң өнеркәсiптiк өнiмдерi мен қалдықтарын кәдеге жаратумен де айналысатын шағын және орта кәсiпорындар базасында пайда болады. Тұтастай алғанда, қойылған мiндетті шешу экспорт құрылымындағы шикiзаттық құрамдауышты айтарлықтай дәрежеде жоғары технологиялы инновациялық өнiмге өзгертуге мүмкiндiк бередi.
Жеңiл өнеркәсiп
Жеңiл өнеркәсiпті отандық шикiзатпен - иiрiм жiппен, матамен, былғары тауарларымен кейiннен қайта жабдықтауды қамтамасыз ететiн тоқыма және былғары өнеркәсiбi салаларын дамыту басым бағыт болып табылады.
Қазiргi уақыттың өзiнде «Қазақстан Даму Банкi» АҚ қаражатына «Жүндi дайындау және қайта өңдеу» («Қазруно» АҚ, Семей қаласы) және «Мақта талшығынан иiрiм жiп өндiру» («Ютекс» ЖШС, Шымкент қаласы) сияқты iрi жобалар iске асырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінiң шикiзат сатып алу үшін пайдаланылған кредитi есебiнен айналым қаражатын толықтыру «Қостанай киiз-байпақ аяқ киiм фабрикасы» ЖШС-на өндiрiс көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк бердi.
Ұлғаю, негізiнен, тiгін және былғары-аяқ киiм кәсiпорындарын, сондай-ақ мақта-мата бұйымдарын өндiру жөніндегі кәсiпорындарды дамыту есебiнен болжанып отыр. 2004 жылы «Русский текстиль» альянсi» ААҚ Оңтүстiк Қазақстан облысында тоқыма фабрикасын салуды бастады.
Құрылтайшылары Elekctron technology developmen Со. Ltd. (Қытай), «Мақтаарал» ААҚ және «Ақ алтын» ААҚ (Қазақстан) болып табылатын «INADA ТЕХТILE.Е» ЖШС БК мақта-жiп иiру фабрикасын салу аяқталып келедi. Тоқыма кластерiн жедел дамыту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында АЭА құрылады.
Ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсiбi
Орман, ағаш өңдеу және жиһаз өндiрiсiн қамтитын технологиялық өзара байланысты өндiрiстердi кешендi қалпына келтiру және дамыту басым бағыт болып табылады.
Сапасы мен бағасы жағынан бәсекелi жиһаздың кең ассортиментiн шығару жиһаз өнеркәсiбiндегі басымдық болып табылады.
Аталған мiндеттердi iске асырудың негiзгі жолдары:
импорт алмастыратын өнiмдер шығаруды ұлғайту;
қосылған құны жоғары кәсiпорындар құру;
нормативтік құқықтық базаны жетілдiру жолымен отандық кәсiпорындар үшiн бәсекелi ортаны жақсарту;
жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру болады.
Машина жасау
2005 жылы Қазақстан Республикасының машина жасау кешенiн дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған салалық бағдарламасын қабылдау жоспарланып отыр.
Бұл кезеңде өндiрiстің негiзгi өсу факторлары:
мұнай-газ өндiрушi компаниялар сұранысының артуы есебiнен мұнай өндiрiсiнiң және мұнайды қайта өңдеу жабдықтарын және оған қосалқы бөлшектерiн өндiрудi өсiру;
аграрлық сектор кәсiпорындарында ауыл шаруашылығы техникасына сұраныстың өсуi;
электр-техникалық (трансформаторлар, конденсаторлар, аккумуляторлар және т.б.) машина жасау кәсiпорындарының өндiрiс көлемiн өсiруi;
тау-кен-металлургиялық кәсiпорындардан машиналар мен жабдықтар өндiрiсiне тапсырыстардың өсуi;
ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушілерге ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және қалпына келтiру жөніндегі қызметтер көрсету есебiне отандық машина жасау кәсiпорындарының сервистік әлеуетiн кеңейту;
ауыл шаруашылығы техникасы рыногының нақты қажеттіліктерiне бағдарланған машина жасау кәсiпорындарында ауыл шаруашылығы техникасының жаңа түрлерiн игеруге тапсырыстарды ұлғайту;
«Агромашхолдинг» ААҚ-тың АМЗ-МАН қозғалтқыштары өндірiсiн құруы есебiнен дизельдi қозғалтқыштарды өткізудi ұлғайту;
«Азия Авто» ААҚ зауытында «Нива» және «SKODA» автомобильдерiн шығару;
металлургиялық кәсiпорындардан жабдықтар мен материалдарға тапсырыстардың өсуi;
Алматы қаласында («LG Электроникс») компаниясының өнiмдерiн өндiру көлемiн өсiру;