2003 жылы экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикізаттық бағдарынан ауытқу жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге бағытталған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру басталды. 2003-2005 жылдар кезеңiнде дайындық сипатындағы іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл кезеңде қажетті қосалқы база қалыптасуы және даму институттарының тиімді жұмыс iстеуi жолға қойылуы тиiс.
Құрылған даму институттарының жүйелі жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген даму институттарын капиталдандыру жалғастырылады.
Стратегияны iске асырудың екiншi кезеңi (2006-2010 жылдар) Стратегияның іс-шараларын iске асырудың белсендi кезеңiне айналады деп танылуда, бұл ғылым мен техника жетiстiктерi, сондай-ақ халықаралық деңгейдегi мамандар даярлау негiзiнде қуаттарды құру мәселелерін кешендi шешуге мүмкіндік бередi. Бұл кезеңде негiзiнен ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптастырылады және өнеркәсiптi жаңғырту мен экономика құрылымын әртараптандыруға бағытталған жобалар iске асырыла бастайды.
Отандық және шетелдiк ғылыми әлеуеттi пайдалану негiзiнде бәсекеге қабілетті түпкi өнiм жасауды қамтамасыз ететiн ашық түрдегі инновациялық жүйе қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 25 сәуірдегі № 387 қаулысымен "Қазақстан Республикасының ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыру және дамыту жөніндегі 2005-2015 жылдарға арналған бағдарлама" бекiтілдi.
Бұл бағдарлама шеңберiнде мемлекет венчурлік капиталға сұранысқа да, оның ұсынысына да:
венчурлiк қорларды құруға қатысу;
институционалдық инвесторлар мен қаржы институттарының венчурлiк инвестициялауға қатысуы үшін жағдай жасау;
жеке инвесторлар желісін ("бизнес қамқоршысы") құруға жәрдемдесу;
венчурлiк инвестициялардың өтiмділігін қамтамасыз ету;
ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық әзірлемелер (ҒЗТКӘ) мен инновациялық жобаларды қаржыландыруда жеке капиталмен әрiптестiк;
инновациялық жобаларды iске асыруда инвестицияларды мемлекеттік сақтандыру жүйесін құру;
инновациялық менеджментті, оның iшiнде венчурлік қорлардың менеджмент қызметiн жүзеге асыратын кәсiби басқару институттары (басқарушы компаниялар) болуын дамытуға жәрдемдесу жолымен ықпал ететiн болады.
Сондай-ақ 2006 жылы металлургия кешенiнде, машина жасауда, радио электроникасында және байланыста жоғары технологиялы, импорт алмастыратын және экспортқа бағдарланған өнiм өндiрiсiн ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге тиiстi қаражат бөлу көзделiп отыр.
"Көлiк және коммуникация" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖІӨ-нің 1,7 %-ы, 2007 жылы 1,9%-ы және 2008 жылы 1,7%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Көлiк-коммуникация кешенiн дамытудың негiзгi мақсаты оны тұрақты қарқынды дамыту және экономика мен халық тарапынан көлiк қызметтерiне сұраныс өзгерген кезде жедел ден қоюды қамтамасыз ету және оны толық көлемде қанағаттандыру болып табылады.
Оған қол жеткiзу үшiн мынадай мiндеттердi iске асыру:
көлiк процестерiнiң барынша тиiмдiлiгiне қол жеткiзу және iшкi, транзитті және экспорттық-импорттық бағыттарда түпкi өнiм құнындағы көлiктiк құрамды азайту, Қазақстанның көлiк жүйесiн әлемдiк көлiк жүйесiне бірiктiру;
ұлттық көлiк заңнамасын өңiрлiк және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі халықаралық заңнамамен үйлестіру;
бірыңғай экономикалық кеңiстiктi нығайту және өңiраралық байланыстарды дамыту, сондай-ақ экономикалық даму мен әлеуметтiк тұрақтылыққа кепiлдiк беретiн деңгейде көлiктiк қол жетiмділіктi арттыру;
көлiк әлеуетін дамыту және оны тиiмдi пайдалану;
көлiк процестерiнiң қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету, көлiктегi оқиғалардың санын және ауыртпалығын төмендету;
экологиялық қауiпсіздiктi қамтамасыз eту және энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану;
көлiк секторында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қажет.
2006-2008 жылдарға арналған көлiк және коммуникация саласындағы шығыстардың бағыттары:
автомобиль жолдарын, су көлiгін және ғарыш қызметiн дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды iске асыру;
транзиттi әуе кеңістiгін, оның iшiнде қазақстандық әуежайларды пайдалана отырып кеңейту;
автомобиль жолдарын пайдалануға болатын жағдайда қамтамасыз ету;
радиожиiлiк спектрi және радио-электрондық құралдар мониторингі жүйесiн құру және оны техникалық сүйемелдеу;
мемлекеттік техникалық өзен флотын жақсарту және жаңғырту;
су жолдарының кеме жүретiн жағдайда болуын қамтамасыз ету және шлюздердi ұстау;
әлеуметтiк маңызы бар бағыттарда темір жол жолаушылар тасымалын субсидиялау;
темір жол саласының стандарттарын әзiрлеу;
ауылдағы байланыс операторларының әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөнiндегі залалдарын өтеу;
қалалық телекоммуникация желiлерiнiң абоненттерi болып табылатын, әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телефон үшiн абоненттiк төлем тарифiнiң көтерiлуiн өтеу;
ауылда почта байланысының инфрақұрылымын құру және қайта жаңарту болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 желтоқсандағы № 1227 қаулысымен Қазақстан Республикасының автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Аталған салада қазiргi жол желісін күтiп-ұстау, пайдалану және жолдарды салу, қайта жаңарту арасындағы оңтайлы теңгерiмге қол жеткiзу саясатын жүргізу қажет.
Қазақстанның климат жағдайын ескере отырып, автомобиль жолдарын салу мен ұстаудың халықаралық стандарттарына көшу жөнiнде жұмыстар жүргiзу жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 6 ақпандағы № 145 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының темір жол көлiгін қайта құрылымдаудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру шеңберiнде мемлекет пен қоғам үшiн темір жол көлiгi қызметiнiң оңтайлы жүйесiне қол жеткiзу үшiн жолаушылар көлігін одан әрi дамыту жөніндегі iс-шаралар, оның iшiнде республикалық бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау жалғасады.
Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметiн одан әрi дамыту, оның iшiнде:
байланыс пен хабар таратудың қазақстандық ғарыш жүйесiн дамыту;
"Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенiн құру жалғасады.
Сондай-ақ 2006-2008 жылдары экономиканың және қоғамның қажеттілiгiне сәйкес келетiн және сыртқы рыноктарға шығуды қамтамасыз ететiн коммуникациялардың техникалық жағдайын жақсарту, коммуникациялардың ұтымды желісін қалыптастыру көзделiп отыр.
Тарифтердi қайта теңгерiмдеу қызметкер мен абоненттер санаттары арасындағы кросс-субсидиялауды жоюға және телекоммуникациялық рыноктың әрбір секторында бәсекенiң пайда болуы үшiн экономикалық негiздер құруға бағытталған. Ол тарифтердi мемлекет жалпыға бірдей қол жетімдi қызметтер пакетiне жатқызғандардан басқа барлық қызметтерге қалыпты рентабелділiктi қамтамасыз етуге дейiн жеткiзудi көздейдi.
Тарифтердi кезең-кезеңiмен қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте қалаларда тарифтердi толық қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру және оларды нарықтық негiзделген деңгейге дейiн жеткiзу ұйғарылып отыр, бұл операторларға өз шығындарының орнын толтыруға және пайдалылықтың осы рынок сегментiндегі бәсеке нәтижесiнде белгiленетiн белгiлi деңгейiн алуға мүмкiндiк бередi. Ауылдық жерлердегi қайта теңгерiмдеу тарифтерiнiң төмендеуi болжанып отырған қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерi бойынша жүзеге асырылады. Ауылдағы жеке тұлғалар үшiн абоненттiк төлем қызметтердiң өзiндiк құнын ақтамайтын бұрынғы деңгейде қалады.
"Басқалар функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,5%-ы, 2007 жылы 1,7%-ы және 2008 жылы 1,1%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Шағын кәсiпкерлiк инфрақұрылымын кеңейту маңызды аспектiлердiң бірi болады. "Шағын кәсiпкерлiкті дамыту қоры" акционерлік қоғамының базасында (бұдан әрi - Қор) "үлкен қаржы маркетi" құрылады.
Қорға жарғылық капиталын ұлғайту үшiн, оның iшiнде:
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне одан әрi шағын кредиттер берудi қамтамасыз ету үшiн Қордың жүз пайыз қатысуымен шағын кредит беру ұйымдарын құру үшiн;
олардың жеке инвесторлар мен банктерден кредиттер алған кезде шағын кәсiпкерлiк субъектілерi үшiн кепiлдiк беру жүйесiн құру үшiн;
жобалық кредит берудi қаржылық қолдау үшiн, франчайзинг негiзiнде жобаларды қаржыландыру, бизнес-жобаларды әзiрлеу үшiн, одан кейiн оларды конкурстық негiзде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне берумен олардың бастапқы элементтерiн iске асыру үшiн, оларды одан кейiн қайта құрылымдап және кәсiпкерге бере отырып, дайын бизнесті сатып алу жөніндегі жобаларды қаржыландыру үшiн 2005 жылы республикалық бюджеттен 11 миллиардтан астам теңге бөлiнді.
5. Бюджеттік кредит беру
Бюджеттік кредит беру саясаты экономика саласында шешiмдердi қабылдау рәсiмдерiне қойылатын талаптардан туындайды.
2006-2008 жылдарға арналған бюджеттік кредит берудiң мақсаттары экономика салаларында бәсекелi ортаны қалыптастыру әрi дамыту, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады. Бюджеттік кредит беру мемлекеттік және салалық (секторалдық) даму бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады және олардың уақыттық шеңберлерi болады.
Бюджеттік кредиттер мынадай негiзгi бағыттар бойынша берiледi:
инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыру;
мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
жергiлiктi атқарушы органдарға, оның iшінде жергiлiктi бюджеттердiң кассалық алшақтығын жабуға кредит беру;
қаржы агенттiктерi мәртебесi бар қаржылық даму институттарына кредит ресурстарын беру.
Жүргiзілетiн сыртқы саясатқа қарай бұдан былай қарыз алушылардың санаттары шетелдік мемлекеттермен толықтырылуы мүмкiн.
Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға бюджеттік кредиттер алу нысанында ғана жүзеге асырылатын болады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың кредит саясаты тек мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк даму бағдарламаларын iске асыруға ғана шоғырландырылады. Жергiлiктi бюджеттерден бюджеттік кредит беру қарыз берушi банктер мен қаржы агенттігi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы агенттіктерi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдарына бюджеттік кредит берудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда нақты қаржылық даму ұйымына кредит беруге қаражат көздей отырып, осы орайда бұл қаражатты пайдаланудың мақсаттары мен бағыттарын айқындай отырып, кредит ресурстарын беру жолымен жүзеге асырған орынды.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 2005-2006 жылдары 84 млрд. теңге сомасында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне жеңiлдiктермен кредит беру және жергіліктi атқарушы органдарға тұрғын үй салуға сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша бюджеттік кредит беру, сондай-ақ 2007 жылы 2005 жылы кредитке берілетiн 42 млрд. теңгенi қайта инвестициялау жүзеге асырылатын болады.
Орта мерзiмдi перспективада кредит қаражатын тиiмдi пайдалануға, кредиттердi қайтару жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жоғарылатуға, қарыз алушылардың бюджет алдындағы мерзiмi өткен берешектерiн азайтуға жәрдем ететiн бюджеттік кредит беру рәсiмдерi мен тетiктерiн жетiлдiру жалғасатын болады.
Орта өлшемдi қарыз алу ставкасының болжанып отырған төмендеуiне байланысты түпкiлiкті қарыз алушылар үшiн пайыздық ставкаларды азайту мүмкiндiгi пайда болады, бұл кейiннен сыйақы ставкасын өтеу практикасынан бас тартуға мүмкiндiк бередi.
6. Қаржы активтерiмен жасалатын операциялар
Орта мерзiмдi перспективада мемлекеттік активтердi басқару саласындағы мемлекеттік саясат экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытуды, соның iшiнде мемлекеттік меншiктiң мақсаты әрi тиiмдi пайдаланылуын бақылау жүйесiн қалпына келтiру және күшейту, мемлекеттік меншiктiң құрылымын оңтайландыруды жүзеге асыру жолымен реттеуге бағытталған.
Қаржы активтерiн сатып алу экономиканың стратегиялық салаларына мемлекет тарапынан елдiң экономикалық қауiпсіздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды тиiмдi дамытуға бағытталған тиiстi бақылау орнату құралдарының бірi болып табылады.
Мемлекеттік меншiкке заңды тұлғалардың акцияларын, қатысу үлестерiн сатып алу Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мүлiктi басқару және жекешелендiру тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Жалпы мемлекеттік мiндеттердi орындау мақсатында экономиканың стратегиялық салаларында жұмыс iстейтiн, бірақ меншiк иелерiн тиiмдi басқармайтын кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi, сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік маңызды кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi сатып алу (иелiкке алу) объектiлерi ретiнде танылатын болады.
Халықаралық ұйымдардың бағалы қағаздарын сатып алу қолданыстағы заңдар шеңберiнде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының мүдделерiн халықаралық деңгейде қорғауға бағытталады.
Мемлекеттің қаржы активтерi - акциялардың мемлекеттік пакеттерiн, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың және мемлекеттік меншiктiң өзге де объектілерінiң қатысу үлестерiн сату - тиiсті бағдарламалық құжаттарды iске асыру шеңберiнде белгiлi бір салалар мен нақты кәсiпорындарға қатысты жекешелендiру мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2006.15.05. № 396 қаулысымен 7-тарау өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Бюджетаралық қатынастар
Орта мерзiмдi кезеңдегі бюджетаралық қатынастар саясатының негізгi мақсаты мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерiне бекiтілiп берiлген мемлекеттік қызметтердi толық көрсетуi және өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыруы үшін оларды жеткiлiктi қаржы қаражатымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бюджетаралық қатынастар Бюджет кодексiнде белгiленген қағидаттардан және түсiмдер мен шығыстардың бюджет деңгейлерi арасында бөлiнуiнен бастау алады әрi өзара қатынастардың, ең алдымен, облыс-аудан деңгейіндегі анықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әрбір басқару деңгейiнiң дербестiгiн күшейтуге, сондай-ақ тиiмдi бюджет саясатын жүргiзуге бағытталған.
Бюджет кодексiне сәйкес бюджетаралық қатынастар ресми трансферттер мен бюджеттік кредиттер арқылы, облыстық және аудандық бюджеттер арасында, сондай-ақ кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттелетiн болады.
Ресми трансферттер жалпы сипаттағы ресми трансферттер, ағымдағы мақсатты трансферттер, дамуға мақсатты трансферттер болып бөлiнедi.
Аумақтардың экономикалық дамуының тым күшті саралануы салдарынан кiрiс базасының өңiрлер арасында біркелкi бөлiнбеуiне байланысты халықтың мемлекеттік сектордың қызметтер көрсетуiне тең қол жеткізуiне жету үшiн өңiрлердiң бюджеттік қамтамасыз етiлу деңгейiн теңестіру саясаты жүргiзiледi.
2005 жылдан бастап үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемiн айқындау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi негізiнде жүргiзіледi.
Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың 2005-2007 жылдарға арналған көлемi Қазақстан Республикасының Заңымен, ал облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттері арасында - абсолюттi көрiнiсте облыстық мәслихаттардың шешiмдерiмен бекітілген.
Орта мерзiмдi кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың мөлшерiн бекіту тұрақтылығы жергілiкті атқарушы органдардың салық әлеуетiн ұлғайтуға мүдделілiгiн, жергiлiктi бюджеттердің шығыстарын жоспарлаудың анықтығын қамтамасыз етедi. Жергілiкті атқарушы органдар республикалық бюджет жобасының жасалуын күтпей, жергіліктi бюджет жобасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкiндiк алады.
2007 жылы «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2008 - 2010 жылдарға арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленетін болады.
Бұл үшін жалпы сипаттағы ресми трансферттердің көлемін есептеудің Конституциямен кепілдік берілген, мемлекеттік қызметтерге халықтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету бөлігінде өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге, орта мерзімді кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлар мөлшерін тұрақты бекітуге бағытталған жаңа әдістемесі әзірленетін болады.
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңiнде мақсатты ағымдағы трансферттер бюджетаралық қатынастарды реттеу құралы болады.
Алдағы кезеңде төмен тұрған бюджеттерге қосымша функциялардың шығасыларды тиiстi өтеусіз жүктелуiне жол бермеу қағидаты қатаң сақталады.
Жоғары тұрған органдар жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңiнде жергiлiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюына немесе кiрiстерiнiң азаюына әкеп соғатын нормативтiк құқықтық актілердi қабылдаған жағдайда, төмен тұрған бюджеттердің шығасыларын өтеу мақсаты ағымдағы трансферттердi бөлу жолымен жүргiзіледi.
2005 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласы қызметкерлерiнiң жалақысы орта есеппен 32%-ға, 2007 жылдан бастап 30%-ға көтерiледi, сондай-ақ кәсiптiк орта білім беретiн ұйымдар оқушыларының стипендия мөлшерi екі еседен астам ұлғайтылады.
Жалақы мен стипендияның көтерілуiне байланысты шығасыларды өтеуге республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген.
Ағымдағы нысаналы трансферттер қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік, салалық (секторалдық) немесе өңiрлiк бағдарламаларды орындауға берiлетiн болады.
Нысаналы даму трансферттерi мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламаларды көзделген жергілiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн беріледi.
Бұл ретте төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерiн беру, олардың көлемi өңiрлердің білім беру мен денсаулық сақтаудың басымды мекемелерi желісімен, сумен жабдықтау қызметтерiнiң көрсетiлуiмен қамтамасыз етілу деңгейін теңестіру мiндеттерiмен өзара байланысты болады.
Бюджеттік даму бағдарламаларының орта мерзiмдi кезеңге арналған жергiлiктi деңгейдегі басымды бағыттары білім беру, денсаулық сақтау, ауыз сумен жабдықтау объектілерiн салу және тұрғын үй салу болады.
Нысаналы трансферттердi тек мақсатты бағытына сәйкес пайдалану мүмкiндiгiне байланысты, оларды пайдалану тиiмдiлiгін бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылатын болады.
Алдағы үш жылдық кезеңде билiктi одан әрi орталықсыздандыруға, мемлекеттік басқару жүйесін реттеуге және оның тиiмділігін арттыруға бағытталған атқарушы билiк реформасы жалғасады. "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және Жергiлiктi өзiн өзi басқаруды қолдаудың және дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленедi.
2006 жылдан бастап мәслихаттардың бақылау өкілеттiктерiн кеңейту көзделіп отыр.
Бюджетаралық қатынастар саясаты жүргiзiлген жұмыс нәтижелерiмен үйлестiрiледi.
ҚР Үкіметінің 2006.15.05. № 396 қаулысымен 8-тарау өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышты басқару
Мемлекеттік және мемлекет кепілдiк берген борыш мемлекеттің көптеген мемлекеттік бюджет, инфляция деңгейi, шетелдiк инвестициялар, төлем балансы, ақша-кредит саясаты және валюта жүйесi сияқты құрамдауыштарына ықпал ететiн, оның қаржы жүйесiнiң негiзгі бөлiгі болып табылады.
Елдiң iшкi экономикалық тұрақтылығы және Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы рыноктарындағы ұстанымы мемлекеттік борышты тиімдi басқаруға байланысты. Сыртқы берешек дағдарысы экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік-саяси сипаты бар келеңсіз салдары болуы мүмкін.
2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша үкiметтiк борыш 586,4 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 10,6 %) немесе 4,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Мемлекет кепілдік берген борыш 82,3 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 1,4%) немесе 0,6 млрд.теңге АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Республикасының үкiметтiк және мемлекет кепiлдiк берген борышы 668,7 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 11,4%) немесе 5,1 млрд.теңге АҚШ долларын құрады.
ЖІӨ-ге қатысты үкіметтік борыш 2000 жылдан бастап төмендейді және болжамдар бойынша осы үрдіс сақталатын болады.
Үкіметтік борыштың құрылымындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің ішкі борышының үлесі 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 39,4% (231,1 млрд.теңге немесе 1,8 млрд. АҚШ доллары) құрады, Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы борышының үлесі 60,6% (355,3 млрд. теңге немесе 2,7 млрд. АҚШ доллар) құрады.
Үкіметтік борыштың құрылымындағы сыртқы борыш үлесі де азаю үрдісіне ие.
2005 жылғы 1 қаңтарға үкiметтiк борыштың iшкi құрылымында жалпы көлемнiң (205,5 млрд.теңге немесе 1,6 млрд. АҚШ доллары) 89%-ын мемлекеттік орта мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер (МЕОКАМ), 9% - мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер (МЕККАМИ) құрады.
2005 жылғы 1 қаңтарға үкiметтік борыштың сыртқы құрылымындағы халықаралық қаржы ұйымдарына мiндеттемелер (Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi, Ислам Даму Банкi) үкiметтiк сыртқы борыштың жалпы көлемiнiң 52,6%, шетел мемлекеттерiнiң үкiметтерiне (Сауд Аравиясы, Кувейт, Австрия, Швеция, Корея, Жапония, Германия, БАӘ) - 25,4%, шетелдiк коммерциялық банктерге - 9,2%, капиталдың халықаралық рыноктарына эмиссиялайтын мемлекеттік бағалы қағаздар - 12,8% құрады.
Үкiметтік сыртқы борыштың валюталық құрылымы жеткілiктi дәрежеде әртараптандырылмаған. 2005 жылғы 1 қаңтарға АҚШ долларының үлес салмағы 70,6%-ды құрады, жапон йені - 24,4%, арнайы қарыз алу құқықтары - 2,1%, евро - 1,1%, өзгелерi - 1,8%.
Қазiргі уақытта қалыптасқан АҚШ долларының едәуiр басым болуымен сыртқы борыштың валюталық құрылымы айтарлықтай валюталық тәуекелдерге бейiм. Валюталық тәуекелдерге байланысты шығасыларды азайту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң борыштық портфелiн әртараптандыру қажет.
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша Қазақстан Республикасы қалыпты борыш деңгейiмен бір тұрғынға орташа кiрiс деңгейi бар елдер тобына жатады. Қазақстан Республикасының үкіметтік және мемлекет кепiлдiк берген борышының көрсеткіштерi 1992 жылғы 7 ақпандағы Маастрихск шартында Еуропалық Одақ елдері үшiн белгіленген мемлекеттік борыш жөніндегі макроэкономикалық көрсеткiштер өлшемдерiнен аспайды.
Елдегi экономикалық тұрақтылық пен тартымды инвестициялық ахуал елдiң беделiнде оң тұрғыдан көрiндi.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерi арасында бірiншi болып қазiргі таңда үш озық халықаралық рейтингтік агенттiктердiң инвестициялық сынып рейтингіне ие.
"Moody's Investors Service" халықаралық рейтингтік агенттiктiң барлық рейтингтерi бойынша болжамдар "оң", Standard & Рооr's және Fitch Rating's Ltd. халықаралық рейтингтiк агенттіктер рейтингтерiнiң "тұрақты" деген болжамы бар.
2005 жылдың қаңтарында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның рейтингін көтеру және республиканы 5-тен 4-шi тәуекел тобына ауыстыру туралы шешiм қабылдады.
10-кесте
Көрсеткiштердiң атауы | ЕО елдерi үшiн | Қазақстан |
?кіметтік борыштың ЖIӨ-ге қатынасы, % | 60 | 10,0 |
Сыртқы үкiметтiк борыш көлемiнiң тауарлар мен қызметтер экспортына қатынасы, % | 200 | 12,1 |
Сыртқы үкiметтік және мемлекет кепiлдiк берген борыш көлемiнiң ЖIӨ-ге қатынасы, % | | 7,5 |
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы ?кіметінің мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясаты мынадай екі бағытта iске асырылатын болады:
жүргізіліп жатқан жинақтар саясатын ескере отырып, қалыптасып отырған бюджеттің мұнай емес тапшылығы мөлшерi негiзiнде республикалық бюджет пен үкiметтiк борыш тапшылығының өлшемдерiн айқындау;
үкiметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыш үлесін біртіндеп азайту.
Республикалық бюджет тапшылығы мен үкіметтік борыш параметрлерiн айқындау жүргізіліп жатқан жинақтау саясатын ескере отырып, бюджеттiң қалыптасып отырған мұнайдан тыс тапшылығының мөлшері негiзiнде жүзеге асырылады.
Экономикалық өсу жағдайларында, әсiресе табиғи ресурстардың бір бөлігін қаржы активтеріне айырбастауға ұмтылушы елдер үшін экономиканың "тым қызып кетуiн" болдырмау мақсатында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік борыш мөлшерiн қысқартудың орынды екендігіне әлемдік тәжiрибе куә.
Мысалы, 1995 жыл соңындағы жағдай бойынша Норвегияның мемлекеттік борышы шамамен 43,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Алайда, бюджет профицитiнiң мақсатты бағытталу саясатын жүргiзу нәтижесінде 2000 жылдың аяғында мемлекеттік борыш 30,4 млрд. АҚШ долларға дейiн қысқарды. Бұл ретте, экономиканың "тым қызып кетуiн" болдырмау мақсатында бір мезгiлде мұнай өнiмдерiн сатудан түскен қаражаттың жоспардан тыс түсімдерін Мұнай қорында жинақтау жүргізілді (1990 жылы мұнай бағалары өсуiнiң құбылуына байланысты құрылған болатын, Қорға алғаш түскен түсімдер 1996 жылы шамамен 300 млн. АҚШ долларын құрады. 2002 жылдың соңындағы жағдай бойынша Мұнай қорының активтерi 91,3 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл елдiң мемлекеттік бюджетiнен (2002 жылы шамамен 77 млрд. АҚШ доллары) асып түсті.