Жоспарланып отырған орта мерзiмдi кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1355 қаулысымен бекітілген, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн тиiмдi қорғауды қамтамасыз етуi; қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы өтiнiштер мен хабарламаларды шешу кезiнде заңдылықты сақтауға; қоғамдық қауіпсіздіктің тиiстi жағдайын қамтамасыз етуге; алдын алу қызметiн жетiлдiруге; қылмыстарды мақсатқа сай әлеуметтiк-құқықтық алдын алуды жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006-2007 жылдары 5,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1376 қаулысымен бекітілген, іс-шаралары түзеу мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды ұстау жағдайларын, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындаудың сапасын жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру жалғасады.
Бұл бағдарламаны iске асыруға 2006 жылы 2,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Мықты әрі тәуелсіз сот билiгi демократияның, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдылығын қамтамасыз етудiң маңызды шарты болып табылады.
Мемлекеттің қалыптасу және даму кезеңiнде сот жүйесiнiң тиiмділігiн арттыруға бағытталған шаралар кешенi жүзеге асырылды.
Соттар тәуелсіздігінiң кепілдiгi қамтамасыз етiлдi. Мемлекет тарихында тұңғыш рет жергiлiктi соттардың барлық судьяларын ел Президентi тұрақты мерзiмге сайлай бастады, кәсіптік жүйе құрылды, функциялары жалпы құқықтық құзырлы соттарғa берілiп, төрелік соттар таратылды, мамандандырылған ауданаралық әкiмшiлiк және экономикалық соттар құрылды.
Сот жүйесін дамытудың негiзгi бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегi № 949 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған, оның негiзгi мiндеттерiнiң бірi сот төрелiгі органдарын жетiлдiру, ең алдымен бірiншi деңгейдегi соттардың (аудандық, қалалық соттар) қызметiн жетiлдiру болып табылады.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы объективтiктi, сондай-ақ сот кесімдерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз ететiн сот өндiрiсiн оңайлату, сот жүргізу шеңберiнде және сот шешiмдерiн атқару кезеңiнде азаматтар құқығына берілетiн кепiлдiктердi күшейту, сот корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстық сот жүргiзу мен сот шешiмдерi шеңберiнде адвокаттардың рөлін арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргiзу қажеттігiне баса назар аударды.
Алға қойылған міндеттерді iске асыру мақсатында сот жүйесiн жетілдiру және судьялардың мәртебесiн көтеру бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiн әзiрлеу және қабылдау қажет.
Қылмыстық тергеудi жүзеге асырған және iстердi сотта қараған кезде заңдылық қағидаттарын нығайту үшiн Қазақстан Республикасында халық өкiлдерiнiң әділ сотты жүзеге асыруға қатысуын көздейтiн алқабилер соты институтын енгізу мәселелерi жөніндегі заң жобасы әзiрленуде.
Атқарушы билiк реформасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шеңберiнде, сондай-ақ мемлекеттік органдардың халықпен өзара iс-қимылын оңайлату және олардың арасындағы тiкелей байланыстарды барынша азайту мақсатында Халыққа "жалғыз терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсететiн орталықтар құру және олардың қызметін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
"Білім беру" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 3,7%-ы, 2007 жылы - 3,8%-ы және 2008 жылы - 3,8%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Білім беру саласындағы бюджет саясаты әлемдiк білім беру кеңiстiгiне бірiктiрiлген және әлемдiк еңбек рыногындағы бәсекеге қабiлеттi мамандар даярлауды қамтамасыз ететiн білім берудiң ұлттық моделiн қалыптастыруға бағытталады.
Мақсаттарға қол жеткiзу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде мынадай негізгі мiндеттердi шешу:
барлық балалардың мектепке дейiнгі білімге тең қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
жоғары буын оқушыларын бейiндi және кәсiптiк бағдарланған оқыту жүйесiн құру;
кәсiптiк және техникалық білім беру саласында біліктi жұмысшы кадрларды даярлаудың жаңа ұстанымдарын қалыптастыру;
жаңа - ортадан кейiнгi кәсiптiк білім беру деңгейiн құру;
академиялық кредиттер жүйесiне негізделген кәсiптiк кадрлар даярлаудың үш деңгейлi - бакалавриат - магистратура - докторантура (Ph.D) жүйесiн қамтамасыз ету;
Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру көзделiп отыр.
Алға қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн:
мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары желісін кеңейту;
балалардың 30%-ын мектепке дейiнгi ұйымдармен қамту есебiнен атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтамасыз етілген отбасыларды білім беруде қолдау жүйесiн құру;
мемлекеттік жалпыға мiндетті жалпы орта білім берудiң ұлттық білім беру мақсаттарының жүйесiн белгiлейтiн, бітірушiлердiң базалық құзыретi түрiндегі нәтижеге бағдарланған жаңа стандартын әзiрлеу;
жалпы орта білім беру жүйесіне сараланған ұстанымдарды айқындау және кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарында оқуды жалғастыру үшін жағдай жасау;
ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды енгізу;
білім беру сапасын iшкi және сыртқы бағалауды енгізу, оқушылардың оқу жетiстiктерiнiң деңгейiн айқындайтын стандартталған бағалау құралдарын жетiлдiру;
жұмыс берушілер мен білім беру жүйесі арасында әлеуметтік әріптестікті дамыту;
кәсіби даярлық сапасын, техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандықтары бойынша біліктілікті беру мен растауды тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу;
білім беру бағдарламаларын әртараптандыру және олардың икемділігi, жоғары оқу орындарын қайта құрылымдау және академиялық еркiндiктердi кеңейту негізінде кәсiптік жоғары білім беру сапасын жоғарылату;
жаңа магистрлік бағдарламалар бойынша кадрлар даярлау;
ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық таныту және студенттердiң өздiгiнен білім алу деңгейiн жоғарылату мақсатында кәсiптiк орта және жоғары білім беру жүйесiне кредиттік технологияны енгізу;
еңбек нарығының талаптарына сәйкестік» және «жоғары оқу орны мен мамандық мәртебесіне байланысты гранттың құнын сараландыру» қағидаттарының негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру;
білім беруге мемлекеттік-жеке меншік кредит беру жүйесін жетілдіру;
жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамыту;
техникалық білім беруді дамыту бойынша күш-жігерді шоғырландыра отырып, жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру;
Астана қаласында халықаралық деңгейдегі беделді университет құру;
ауыл мектептерiн дамыту, шағын жинақталған мектеп балалары үшiн бейінді мектеп-интернаттар салу және ашу;
республикалық бюджет есебiнен 2008 жылдың аяғына дейiн 176 жалпы білім беретiн мектеп салу;
арнаулы түзеу білім беру ұйымдары желісін және мүмкiндiгi шектеулi балалардың кәсiптiкке дейiнгi және кәсiптiк даярлыққа қол жеткiзуiн өрiстету;
мүмкiндiгi шектеулі адамдарды бірiктірiлген оқытуды мемлекеттік қолдау жөніндегі, бұрын оқытылмайды деп есептелген балаларды оқытуды ұйымдастыру жөніндегі шараларды әзiрлеу;
Алматы және Қарағанды қалаларында көзi нашар көретiн балалар үшiн әрқайсысының жобалық қуаты 250 орын мектеп-интернаттар салу;
оқу процесiн ұйымдастырудың қашықтық және өзге де инновациялық нысандарын енгізудi кеңейту ұйғарылып отыр.
Мемлекет басшысының мұғалім мамандығының беделiн қамтамасыз ету туралы тапсырмасын iске асыру үшiн 2005-2006 оқу жылында педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 5000 бірлiкке ұлғайтылды.
2006 жылдан бастап кез келген шетелдегі тағлымдаманы қоса алғанда, жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргiзуге арналған грант мәртебесi бар жыл сайынғы мемлекеттік "Үздiк оқытушы" стипендиясы енгізілді.
Көрсетiлген мақсаттарға 2006-2008 жылдары шамамен 1,3 млрд. теңге бөлу ұйғарылып отыр.
Сондай-ақ "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы арқылы студенттердiң кредиттерiне мемлекеттік кепілдiк беру жүйесін iске асыру мақсатында таяу арадағы 4 жыл iшiнде шамамен 1,4 млрд. теңге бөлiнетiн болады.
2007 жылы "Білiм туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясына педагог қызметкердiң мәртебесi туралы норманы қосу ұйғарылып отыр.
Техникалық білім берудi дамыту үшiн жыл сайын техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту көзделуде. 2005-2006 оқу жылында техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты тағы да 700 бірлiкке ұлғайту көзделiп отыр.
Білiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiнiң жұмыс iстеуi мақсатында Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық орталығы, Ұлттық аккредиттеу орталығы, Республикалық білiктілікті растау және беру орталығы, "Мектепке дейiнгi балалық" республикалық орталығы, "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығы құрылды.
"Болашақ" бағдарламасын институционалдық қолдау үшін Халықаралық бағдарламалар орталығы құрылды. Аталған бағдарлама шеңберiнде әлемнiң озық жоғары оқу орындарында оқу үшiн жыл сайын үздiк үш мың студентке республикалық бюджеттен қаражат бөлiнетін болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 25 маусымдағы № 632 қаулысымен бекітілген "Жасыл ел" бағдарламасының шеңберiнде жастар арасында жұмыссыздық деңгейiн азайту мақсатында ормандарды молықтыру, республика аумақтарын көгалдандыру мен абаттандыру жөніндегі iс-шараларға оқушылар мен студенттер, сондай-ақ жұмыс iстемейтін жастар тартылатын болады. Сондай-ақ жазғы демалыс кезiнде тұрғын үй салу жөніндегі іс-шараларға студенттердің қатысуы үшін құрылыс жасақтары ұйымдастырылатын болады.
Білім берудi басқаруды одан әрі демократияландыру негізiнде ұлттық білім беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң нормативтік құқықтық базасын жетiлдiру ұйғарылып отыр.
Экономиканың әр түрлі секторларында басқарушы кадрлар даярлаудың осы заманғы моделін құру мақсатында:
жоғары білікті басқарушы кадрлар даярлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өрістету;
Мемлекеттік басқару академиясы базасында халықаралық стандарттарға жауап беретін ұлттық басқару мектебін құру болжанып отыр.
"Денсаулық сақтау" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 2,5%-ы, 2007 жылы - 2,5%-ы, 2008 жылы - 2,8%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегi № 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру шеңберiнде денсаулық сақтау саласында 2006-2008 жылдары:
сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмекпен (БМСК) қамтамасыз ету, оның iшiнде:
халықтың жекелеген санаттарын кейіннен серпінді байқау және сауықтыру жұмысын жүргiзе отырып, жыл сайын алдын ала медициналық тексеруді кезең-кезеңiмен енгізу, бұған 2006 жылы - 4,5 млрд. теңге, 2007 жылы - 4,7 млрд. теңге, 2008 жылы - 6,0 млрд. теңге бөлу талап етiледi;
материалдық-техникалық жарақтандыру 2006-2008 жылдары шамамен 40,5 млрд. теңгенi, соның iшiнде ауылдық жерлердегi денсаулық сақтау объектілерi үшiн 7,8 млрд. теңгенi құрайды. Бұл ретте БМСК ұйымдарының материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейi біртiндеп медициналық жабдықпен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және санитарлық автокөлiкпен жарақтандырудың ең төменгі нормативiне дейiн жеткiзiледi.
2006 жылдан бастап неғұрлым көп таралған ауру түрлеріне шалдыққан үлкендердi амбулаториялық деңгейде жеңiлдiктi дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету көзделiп отыр, бұл үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ауру түрлерiнiң тиiстi тiзбесiн бекiтедi. 2006-2008 жылдары барлығы шамамен 5,8 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр;
ана мен бала денсаулығын нығайту, оның iшiнде:
2006-2008 жылдары жекелеген ауру түрлері бойынша бес жасқа дейiнгi балаларды амбулаторлық деңгейде дәрілiк заттармен, сондай-ақ жүктi әйелдердi құрамында темір және йод бар препараттармен тегiн қамтамасыз ету жалғасады, бұған тиiсiнше шамамен 1,6 және 3,0 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр;
2006-2008 жылдары диспансерлік есепте тұрған балалар мен жасөспiрiмдердi амбулаториялық емдеу кезiнде тегiн дәрілік заттармен қамтамасыз етуге шамамен 3,4 млрд. теңге бөлу жоспарлануда.
Жоғарыда көрсетiлген бағыттарды iске асыру үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ауру түрлерiнiң тиiстi тiзбелерiн бекiтедi.
Балалар және бала туу ұйымдарының жарақтандырылуы медициналық жабдықпен жарақтандырудың ең төменгi нормативiне дейiн жеткiзiледi, бұл ретте 2006-2008 жылдары қажетті қаражат сомасы шамамен 8,0 млрд. теңгенi құрайды;
ел халқының қауiпсіз, тиiмдi және сапалы дәрілік құралдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету сияқты басым іс-шараларды iске асыру жалғасады.
Бұдан басқа, денсаулық сақтаудың жекелеген бағыттары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 30 маусымдағы № 905 қаулысымен бекітілген "Салауатты өмiр салты" кешендi бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 13 тамыздағы № 850 қаулысымен бекiтілген Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы күресті күшейтудің 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасы iске асырылуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді кезеңге арналған міндеттерді шешу үшін мына міндеттерді шешу қажет:
қаржылық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, медициналық қызметтерге қол жетімділікті және оның сапасын арттыру, медициналық көмекті халықаралық стандарттарға жақындастыру;
медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және олар көрсететін қызметтердің сапасын жақсартуды ынталандыру үшін денсаулық сақтау саласында сараланған жалақы төлеуді енгізу;
жаңа республикалық медициналық орталықтардың құрылысын аяқтау, озық халықаралық менеджменттің тәжірибесін және осы заманғы технологияларды енгізу;
туберкулезбен және АҚТҚ/ЖҚТБ-мен ауру, балалардың өлім-жітімі мен өмір сүру ұзақтығы сияқты көрсеткіштерді жақсарту үшін халық арасында алдын алу жұмысын күшейту және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
2006 жылдан бастап Астана қаласында медициналық кластер құру шеңберінде жаңа медициналық орталықтарды басқаруға шетелдік көшбасшы клиникалар мен госпитальдар тартылатын болады.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2006 жылғы 24 сәуірдегі № 317 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасын іске асыру басталады.
Сондай-ақ 2006 жыл ішінде салада медициналық қызметтер көрсетудің халықаралық стандарттарына кезең-кезеңімен өтуге бағытталған заңнамалық және әкімшілік реформалар пакетін іске асыру жөніндегі жұмысты аяқтау шеңберінде мынадай: «Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын қорғау туралы», "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңнамалық актілер қаралады және қабылданады.
2007 жылы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс әзірленеді.
Тұтастай алғанда, денсаулық сақтау саласындағы бюджет саясаты халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыруға, оның артықшылықтары туралы хабардар болуын жоғарылатуға, мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейiнде денсаулықты, аурулардың алдын алу жүйесін нығайтуға, азаматтардың сапалы медициналық және дәрілік көмекке қол жетiмділігін арттыру жолымен халық денсаулығын жақсартуға, еркiн медициналық сақтандыруды дамытуды ынталандыруға бағытталады.
"Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 5,1%-ы, 2007 жылы - 5,0%-ы, 2008 жылы - 4,7%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Елде сақталып отырған экономикалық өсу Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықты әлеуметтiк қорғауды дамытуға арналған шығыстарды ұлғайту жолымен саясаттың әлеуметтік бағдарлануын жалғастыруға мүмкiндiк бередi.
2005 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшерi 6200 теңгенi құрады, ал 2005 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жасына жеткен адамдарға жұмыс өтіліне, жалақысына және зейнетақы мөлшерiне қарамастан 3000 теңге мөлшерiнде қосымша ай сайынғы базалық зейнетақы төлемi енгiзіледi, оның мөлшерi кейiннен кезең-кезеңiмен ұлғайтылады. Осылайша, базалық зейнетақы төлемiн ескергенде зейнетақы мөлшерi 9200 теңгенi, ал орташа зейнетақы мөлшерi 12 мыңнан астам теңгенi құрайды. 2005 жылы базалық зейнетақы төлемiн енгізуге қосымша 28,8 миллиардтан астам теңге бөлiнедi.
Сондай-ақ 2005 жылы:
мүгедектiгi бойынша төленетiн мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақылардың қолданыстағы мөлшерi көтерiлдi. Көрсетiлген мақсаттарға қосымша шамамен 13,1 млрд. теңге жiберiлдi;
Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына төленетiн арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерi 15 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн ұлғайтылды және 30 мың теңге мөлшерiнде біржолғы материалдық көмек көрсетілдi. Көрсетiлген iс-шараларды жүргізуге 7,0 млрд. теңгеден астам сома бөлiндi.
2006-2008 жылдары әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк көмек саласындағы бюджет саясатының негізгі мақсаттары әлеуметтiк қамсыздандырудың қаржылық орнықты, әлеуметтік әдiл үш деңгейлi жүйесiн құру, атаулы әлеуметтік көмектi күшейту болып табылады.
Көрсетiлген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2004 жылғы 30 қарашадағы № 1241 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында әлеуметтiк реформаларды одан әрі тереңдетудiң 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын (бұдан әрi - Әлеуметтiк реформаларды тереңдету бағдарламасы) iске асыру жалғасады, мұнда әлеуметтiк қамсыздандырудың үш деңгейлi жүйесін енгізу көзделедi.
2006 жылы:
ана мен баланы қорғау мақсатында төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, сондай-ақ "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгiлерiмен немесе бірiншi және екiншi дәрежелi "Ана даңқы" атағымен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерi 4000 теңгеге дейiн ұлғайтылады. Бұған 2005 жылғы нақтыланған базаға қосымша 2006 жылы - 7,6 млрд. теңге, 2007 жылы - 8,6 млрд. теңге, 2008 жылы - 9,6 млрд. теңге талап етiледi;
aз қамтылған отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына жәрдемақылар енгізіледі. Бұл мақсатқа арналған шығыстар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге көзделген қаражат есебiнен жүзеге асырылады;
барлық санаттағы мүгедектер мен жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттік арнаулы жәрдемақыларды алушыларға төленетiн мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері тағы да 1000 теңгеге ұлғайтылады. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған 249 мың отбасыға 300 теңгеден 1000 теңгеге дейiнгі сомада қосымша қолдау көрсетiледi. Бұл мақсаттарға 2005 жылғы нақтыланған базаға қосымша 2006 жылы 8,5 млрд. теңге, 2007 жылы - 14,3 млрд. теңге, 2008 жылы - 18,8 млрд. теңге бөлiнедi.
2006 жылғы 1 шілдеден бастап бір жасқа дейiнгi бала күтiмiне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар енгiзіледi, бұл ретте бала санына қарай жәрдемақы мөлшерiнiң прогрессивтiк шәкілi болады. Бұл мақсаттарға 2006 жылы 6,3 млрд. теңге, 2007 жылы 14,3 млрд. теңге, 2008 жылы 16,0 млрд. теңге қосымша бөлу жоспарланып отыр.
Халықаралық стандарттарға жақындау мақсатында 2006 жылдан бастап ең төменгi күнкөрiс деңгейi базалық көрсеткiш ретiнде алынады, оның негiзiнде әлеуметтік төлемдердiң мөлшерлерi қайта қаралады. Осыған байланысты, ең төменгi күнкөрiс деңгейiн айқындау әдiстемесi өзгертіледi, оның негiзi тұрмыстық игілiктер мен қызметтердiң ең төменгi әлеуметтiк қажетті деңгейiн көрсететін тұтыну бюджеті болмақ.
2007 жылдан бастап еңбекке уақытша жарамсыздық жөнiндегі жәрдемақылардың көлемi ұлғайтылады, бұған 2 миллиардтан астам теңге жiберіледi.
Әлеуметтiк реформаларды тереңдету iс-шараларын iске асыруға және халықты әлеуметтiк қолдау жөніндегі қосымша шараларды қаржыландыруға 2004 жылғы деңгейге шаққанда 2006-2007 жылдары мемлекеттік бюджеттен шамамен барлығы 272,7 млрд. теңге қосымша бөлiнедi.
2007 жылдан бастап уақытша еңбекке жарамсыздық жөніндегі жәрдемақы мөлшерi ұлғайтылады, оған 2 млрд. теңгеден астам жiберiледi.
Елге қоныс аударушылардың ағынын одан әрi көтермелеу, демографиялық ахуалды жақсарту және Қазақстан Республикасының халық санының өсуiн қамтамасыз ету мақсатында 2006-2008 жылдары көші-қон квотасы бойынша келген оралмандар отбасыларын көшiрудi ұйымдастыруға, әлеуметтiк қорғауға және тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджет қаражаты бөлiнедi. 2006-2007 жылдары оралмандардың көші-қон квотасы жыл сайын 15000 отбасын құрайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға 2,4 есе, соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 1,2 есе, Ұлы Отан соғысы кезеңінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне 1,6 есе, қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 есе, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне, ерлеріне 2,7 есе, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ тылда кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) адамдарға 2,0 есе, 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апат зардабын жоюға қатысушылар қатарындағы адамдарға 4,0 есе ұлғайтылады, бұл 2006 жылы қосымша 0,8 млрд.теңге бөлуді талап етті.
Әлеуетті құрылымдардың зейнеткерлеріне зейнетақы мөлшерін бір жолғы саралай арттыру жүргізілді. Бұл мақсаттарға 2006 жылы 2,5 млрд. теңге, 2007 жылы 5,9 млрд. теңге, 2008 жылы 8,5 млрд. теңге қосымша бөлу жоспарланып отыр.
Зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу «айдан айға» қағидаты бойынша жүзеге асырылады, бұған қосымша 31,5 млрд. теңге талап етіледі.
"Tұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" функционалдық тобы бойынша бюджет шығыстарын 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,2%-ы, 2007 жылы - 1,9%-ы және 2008 жылы - 1,6%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Қазiргi уақытта тұрғын үй қоры түгелдей дерлік жеке сектордың иелігінде, мұнда бәсекелестiк жағдайлары жасалған және қызметтердің iс жүзінде пайдаланылған көлемiне ақы төлеуге көшу жүзеге асырылуда. Сонымен қатар оны пайдалану және ұстау мәселесi проблемалы болып отыр, ескiрген және авариялы тұрғын үй көлемi өсуде.
Қолдағы тұрғын үй қорын тиiстi деңгейде пайдалану мен ұстауды, онда тұрудың қауiпсіз әрi ыңғайлы жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы әзiрлендi. Бұл бағдарлама шеңберiнде, атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық салада қызмет көрсетудегi бәсекенi дамыту үшiн құқықтық жағдайлар жасау мақсатында заңнамалық база әзірленедi, тұрғын үй қорын күрделi жөндеудi жүзегe асыру үшiн қолданыстағы тұрғын үй қорының жай-күйiн қолдауды және жаңартуды қаржыландыру жүйесi жасалады, пайдаланылатын тұрғын үй қорының жай-күйiн тиiстi бақылау қамтамасыз етiледi.
Халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге нақты қол жеткiзуiн қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын шешу қажет.
Осыған байланысты, арзан тұрғын үй ұсыну және тұрғын үйге қол жетімдiлiкті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үйлерде қауiпсіз әрi сапалы тұруы үшiн жағдайлар жасау негізгi мiндеттер болып табылады.
Халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешендi шешу мақсатында Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен арзан коммерциялық және коммуналдық тұрғын үй салу, сондай-ақ Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiндегі салымдар бойынша сыйақылар төлеу жүзеге асырылады.