"Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖІӨ-нің 0,9 %-ы, 2007 жылы 0,6 %-ы, 2008 жылы 0,7 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк саласындағы негiзгi мақсаттар:
дарынды тұлғалардың өнері мен қызметін дамыту үшін жағдай жасау;
Жiбек жолы трассасының қазақстандық учаскесiн урбандаудың тарихи жүйесiнiң жалпы ұлттық, әлеуметтiк-экономикалар және халықаралық рөлiн қайта өрлету;
қазақстандық және шетелдiк азаматтардың әр алуан туристiк қызметтерге деген қажеттіліктерiн қанағаттандыруға арналған мүмкiндiктердi қамтамасыз ететiн қазiргi заманғы туристік кешен құруға жәрдемдесу;
елдегi дене шынықтыру мен спортты одан әрi дамыту;
әсiресе ауылда халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуы үшiн жағдай жасау; спорттың және ұлттық ойындардың олимпиадалық, ұлттық, техникалық, қолданбалы түрлерiн дамыту;
бұқаралық спорт және жоғары жетiстiктер спорты саласында спорт резервi мен халықаралық сыныптағы спортшыларды дайындауды ғылыми-әдiстемелiк, медициналық-биологиялық және психологиялық қамтамасыз ету жөнiнде зерттеулер жүргiзу;
спорт резервiн және халықаралық сыныптағы спортшыларды даярлау;
Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету;
бірыңғай ақпараттық кеңiстіктi нығайту, теңгерiмдi тілдiк және әлеуметтік бағдарланған жастар саясатын нығайту;
мемлекеттік тiлдi одан әрi дамыту;
этносаралық және конфессияаралық келісімнiң қазақстандық моделiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және оның негізгі өлшемдерiн жетілдiру болып табылады.
Бұл мақсаттар тиiстi бағдарламалық құжаттар шеңберiнде бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру арқылы iске асырылатын болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 27 ақпандағы № 3859 Жарлығымен бекітілген "Жiбек жолы тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркi тiлдес мемлекеттердің мәдени мұраларын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау" атты Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде оның іс-шараларының ауқымдылығын, көп салалы сипатын және капитал сыйымдылығын ескере отырып, республикалық бюджеттен туризм объектілерiнiң тізбесіне енгiзілген және кәдеге жаратуға жатпайтын, республикалық санатта қорғалатын ескерткiштердi қорғау, қалпына келтiру және зерттеу мақсатына жыл сайын бөлінетін қаржы бөлу шегінде қаражат көзделедi. Жыл сайын жергіліктi бюджеттен жергілiктi санатта қорғалатын, туристiк бағыттарға қосылған ескерткiштерге тиiстi қаражат көзделедi.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығымен бекітілген, халықтың зор мәдени мұрасын зерделеудiң біртұтас жүйесін жасауға, ұлтымыздың тарихы үшiн ерекше маңызы бар бірқатар тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз етуге, өрiстетілген көркем, ғылыми, биографиялық серияларды жасауға, әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздiк жетістіктерi базасында гуманитарлық білім берудiң мемлекеттік тілдегi толыққанды қорын құруға бағытталған 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын iске асыру аяқталады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 9 сәуiрдегі № 398 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын таратуды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасында ұлттық сипаттағы, саяси маңызы бар неғұрлым ірі әрі маңызды проблемаларды шешу, соның iшiнде теледидар және радио хабарларын таратудың арнайы дайындалған бағдарламаларын ТМД елдерiне және алыс шетелдерге трансляциялауды ұйымдастыру, қазiргi заманғы технологияларды пайдалану есебiнен жаңа таратқыштарды орнату немесе Қазақстан Республикасының радио және телехабарларын таратудың қолданыстағы желісін жаңғырту жолымен халықтың мемлекеттік теледидар және радио бағдарламалармен барынша көп қамтылуын қамтамасыз ету көзделеді.
Мемлекеттік тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк функцияларын кеңейту және нығайту, орыс тілiнiң жалпы мәдени функцияларын сақтау және этникалық топтардың тiлдерiн дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген Тілдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде тиiсті бюджет қаражаты көзделедi.
2006 жылы:
Этносаралық және конфессияаралық келісімнiң қазақстандық моделiн жетілдiрудiң 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы, оны iске асыру этносаралық және конфессияаралық қатынастарды үйлестiру, қоғамдағы әлеуметтiк шиеленiстi азайту үшiн негiз құруға мүмкiндiк бередi, әлеуметтiк практикаға толеранттық мiнез-құлық нормаларын және экстремизмнiң алдын алу және оған қарсы әрекет ету тетiктерiн енгізудi қамтамасыз етедi, қоғамдағы әлеуметтiк-саяси жағдайлардың өзгеруiне икемдi ден қою үшiн жағдайлар жасайд , сондай-ақ Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін нығайтадыы;
Қоғамдағы және мемлекет құрылымындағы демократиялық бастаулар мен ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға бағытталған Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы;
мәдениетті дамыту және классикалық халық өнерiнiң үздiк дәстүрлерiн сақтау, шығармашылық қайраткерлерін, дарынды музыканттар мен орындаушыларды қолдау, мәдениет саласында жеке меншік секторды дамыту мақсатында Мәдениет саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы әзiрленедi.
Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарған тарихи-мәдени мұраның, тарих пен мәдениетті археологиялық зерттеулердің неғұрлым маңызды объектілері - орта ғасырлық қала орталықтарын қалпына келтіруді көздейтін 2007 - 2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы;
басқару қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету мақсатында Мұрағат ісін және құжаттама жүйелерін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы;
Әзiрленiп жатқан, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт объектiлерi желісін дамытуға, мамандарды даярлауға және саланы біліктi кадрлармен қамтамасыз етуге, саланы ұйымдық, ғылыми-әдiстемелiк және медициналық қамтамасыз етуге, жоғары біліктi және спорт резервiнiң спортшыларын даярлау мәселелерiн шешуге бағытталған Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007 - 2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру көзделiп отыр.
Қазақстанның тартымды туристік объект ретіндегi беделiн қалыптастыру, ұлттық туризм өнiмдерiн қалыптастыру және оның әлемдiк деңгеймен салыстыруға болатын сапасын қамтамасыз ету, саланы мемлекеттік реттеудi қолдау және оның оңтайлы әдiстерiн таңдау негiзiнде туризмдi кешендi дамыту мақсатында 2006 жылы Туризм саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы әзiрленедi.
Рынок сегменттерiнiң бірi ретiнде туризм кластерiн дамытуға ерекше көңiл бөлiнедi.
"Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 0,2%-ы, 2007 жылы 0,2%-ы және 2008 жылы 0,2%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Осы саладағы орта мерзiмдi перспективадағы бюджет саясаты:
Қазақстан Республикасының пайдалы қазбаларының барланған қорларын толықтыруды және олардың тиiмдi пайдаланылуын арттыруды қамтамасыз ететiн минералдық-шикiзат ресурстарын мемлекеттік басқару жүйесiн жетiлдiруге және табиғи капитал - көмiрсутек шикiзатын терең әрi кешендi қайта өңдеудi қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға;
жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге;
Каспий теңізiнiң қазақстандық секторының көмірсутек ресурстарын ұтымды әрi қауiпсіз игеру жолымен елдiң тұрақты экономикалық өсуiн қамтамасыз етуге және Қазақстан халқының сапалы өмiр сүруiн жақсартуға жәрдемдесуге;
мұнай-газ кен орындарының iлеспе газын пайдалану арқылы электр энергиясын өндiру жөніндегі жаңа қуаттарды қолданысқа енгізу жөнiнде iс-шаралар жүргiзуге;
ел өңірлерiнiң табиғи және сұйытылған газбен үздiксіз қамтылуын қамтамасыз етуге;
Қызылорда қаласын газдандыруды қамтамасыз етуге;
елдiң энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткiзу үшін жағдайлар жасауға;
ғылымның, техника мен технологиялардың қазiргi заманғы бағыттарын дамытуға, жоғары технологиялы әзірлемелерді рынокқа жылжытуға және оларды өнеркәсiптiк өндiрiске енгізуге, атом және термоядролық энергетика, атом және мұнай-химия өнеркәсiбi, геология және жер қойнауын пайдалану, ядролық медицина саласындағы жоғары білікті ғылыми және инженер кадрларды даярлауға жәрдемдесуге;
бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының, Қазақстан аумағындағы ядролық зерттеу және жеделдету кешендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Бұл мiндеттер тиiстi бағдарламалардың іс-шараларын қаржыландыру арқылы шешілетін болады.
Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игеру - ұзақ әрі күрделі жасампаз процесс, бұған едәуір табиғи, техникалық, еңбек және зияткерлік ресурстар тартылады. Мұнда теңiз мұнай-газ операцияларын дамытудың саяси және экономикалық жағдайлары, Каспий жағалауы өңіріндегі жұмыстардың ауқымы және олардың елдiң экономикалық өсуiне оң әсерi, сондай-ақ табиғи факторлардың жоғары маңызы назарға алынады.
2006-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы № 1095 Жарлығымен бекітілген Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасында көзделген, соның iшiнде көмiрсутектердi теңiзде өндiрудi жоғарылатуды, жаңа теңiз блоктарын тендерлерге жоспарлы шығаруды, барлық теңiз жобаларының мониторингін, жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін қосымша табиғат қорғау іс-шараларын әзiрлеудi және жүзеге асыруды, қосымша құбыр қуаттарын (экспорттық мақсаттағы емес) салуды қамтитын iс-шаралар мен жұмыстарды iске асырудың екiншi кезеңi басталады.
Бұл ретте теңiз мұнай-газ кешенi үшiн негiзгi отандық тауарлар мен қызметтердiң бәсекеге қабiлеттілігі дамытылады (теңiз операцияларын жүргізу үшiн импорт алмастыру).
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 29 желтоқсандағы № 1449 қаулысымен бекітілген Елдiң минералдық-шикізаттық кешенi ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберiнде мынадай мiндеттердi шешу:
өңiрлiк және геологиялық түсiру жұмыстарын жүргізген кездегі дайындық iс-шаралары;
1:200000 масштабында жер қойнауын жете геологиялық зерттеу;
1:200000 масштабында кендi аудандарды геологиялық-минерагеникалық картаға түсiру;
қатты пайдалы қазбаларды iздеу, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары;
мұнай мен газды iздеу, іздеу-бағалау және iздеу-барлау жұмыстары;
елдi мекендердi сумен жабдықтау үшiн іздеу-барлау жұмыстары;
геотермалдық суларды іздеу-барлау жұмыстары;
минералдық-шикізат базасының және жер қойнауын пайдаланудың мониторингі;
жерасты суларының және қауiпті геологиялық процестердің мониторингі;
геологиялық ақпаратты қалыптастыру;
геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер;
геологиялық зерттеулердi ақпараттық қамтамасыз ету және ғылыми-техникалық қолдау;
мұнай және өздігінен ағып жатқан гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және тоқтатып қою көзделiп отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамытудың" 2004-2008 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасын iске асыру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 20 тамыздағы № 926 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының уран өнеркәсiбiн және атом энергетикасын дамытудың 2002-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес отандық атом энергетикасын жалпы теңгерімді энергетикалық даму саясатының құрамдас бөлiгінiң бірi ретінде дамытуды негiздеу үшін республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын кешендi зерттеулер жүргізiледi.
Қазақстан Республикасының радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған: республика аумағын радиоэкологиялық зерттеу және осы салада кешенді мемлекеттік бағдарлама әзiрлеу жөніндегі; бұрынғы Семей сынақ полигонының қауiпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі; радиоактивті қалдықтарды қайта өңдейтін және көметiн объектілердi салу жөніндегі; Қазақстан Республикасының базалық ядролық зерттеу және жеделдету кешендерiн жаңғырту жөнiндегі, сондай-ақ ядролық жарылыстар мен жер сiлкiністерiнiң тарихи сейсмограммаларының электронды мұрағатын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға тиiстi қаражат көзделетін болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 25 шiлдедегі № 1006 қаулысымен бекітілген Уран өндіретін кәсiпорындарды консервациялаудың және уран кен орындарын өндірудің салдарларын жоюдың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберiнде уран өндiретiн әрекетсіз кәсiпорындарды консервациялауға және уран кен орындарын өндiрудiң салдарларын жоюға тиiстi қаражат көзделеді.
2006 жылы республикалық бюджет есебiнен басымды инвестициялық жобаларды iске асыру: қазақстандық термоядролық Тоқамақ материалтану реакторын (бұдан әрі - ҚТМ) құру, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ауыр иондарды жеделдетуші базасында пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенiн құру, Курчатов қаласында "Ядролық технологиялар орталығы" технопаркін құру, Ядролық медицина және биофизика орталығын құру жалғастырылады.
ҚТМ қондырғысында жүргізілетiн тәжiрибелiк зерттеулердi ғылыми және техникалық қолдау әрi оны пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында тиiстi қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру жалғасатын болады.
Пайдаланылатын және игеруге дайындалатын аз зерттелген әрi шығарып алынуы қиын ресурстық база әлеуетiнiң ұлғаюын, минералдық шикiзатты қолданудың кешендiлігін және кен орындарының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ететiн орташа, кiшi кен және кен емес орындардың техникалық-технологиялық дайындық деңгейiн арттыруды қамтамасыз ету мақсатында тиiсті қолданбалы ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру жалғасады.
Ауыр иондарды жеделдетуші базасындағы пәнаралық ғылыми-зерттеу кешеніндегі зерттеулердің тиiмділігiн арттыру, кешен қондырғыларындағы тәжiрибелердiң пайдаланылу сипаттамалары мен сапасын жақсарту және ғылыми ортаны қалыптастыру әрі физика, химия, биология саласындағы кешендi ғылыми зерттеулердi және ДЦ-60 ауыр иондарды жеделдетушi базасында алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту мақсатында 2006 жылы тиiсті ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру басталады.
Қалпына келтiрілетiн, әлеуеті төмен энергия көздерiн пайдалана отырып тиiмдiлiгi жоғары энергия үнемдеушi жылу сорғы қондырғыларын (бұдан әрi - ЖСҚ) жасау және ЖСҚ пайдалану негiзiнде энергия үнемдеушi жаңа технологиялардың демонстрациялық аймақтарын құру мақсатында тиiстi бағдарламалар iске асырыла бастайды.
"Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары" функционалдық тобы бойынша шығыстарды 2006 жылы ЖIӨ-нiң 1,2%-ы, 2007 жылы 1,2%-ы және 2008 жылы 1,2%-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары саласындағы 2006-2008 жылдарға арналған шығыстардың негiзгi бағыттары:
астықтың ішкі рыногын тұрақтандыру жөніндегi шараларды қабылдау;
отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласын дамыту және машина трактор паркiн жаңарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушілерге сервистiк және техникалық қызмет көрсету жөніндегі құрылым жасау;
ауылда мал шаруашылығы өнімдерін сатып алумен және сатумен айналысатын мамандандырылған дайындау пункттерiн құру;
қолайлы эпизоотиялық және фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету;
элиталық тұқым шаруашылығы мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолдау;
ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң өнiмдiлігін және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу үлесiн арттыру;
iс-шараларды iске асыруға жастарды белсендi түрде тарта отырып, орманды және жануарлар әлемiн сақтау мен молықтыру, жасыл көшеттер отырғызу алаңын ұлғайту, елдi мекендердi көгалдандыру және олардың айналасында жасыл аймақтар құру үшiн жағдайлар жасау;
автомобиль және темір жолдардың бойында көгалдандыру көшелерiн құру;
ауыз судың сапасын және оның қол жетімділігін қамтамасыз ету;
жер қойнауының және қоршаған ортаның тиiстi дәрежеде қорғалуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық жүйесiн құру;
өсiмдiк шаруашылығындағы сақтандыруды қолдау;
ауыл шаруашылығын институционалдық дамыту;
жер реформасын тереңдету, геодезия мен картографияны дамыту негiзiнде жер қатынастарын жетілдiру болады.
Осы функционалдық топ шеңберiндегі бюджет қаражатының едәуiр үлесi аграрлық өндiрiстi қайта өрлетуге және дамытуға, ауылдық инфрақұрылымды құруға және ауылдағы тұрмыс деңгейiн жоғарылатуға бағытталады.
Елдiң азық-түлiк қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астықтың экспорттық әлеуетiн ұлғайту, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердi мемлекеттік қолдау және астық бағасы демпингінiң алдын алу үшін жыл сайын мемлекеттік ресурстарға белгiленген баға бойынша астығы сатып алынады, көктемгі егiс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге аванс беруге мүмкiндiк беретiн фьючерстiк екi деңгейдi астық сатып алу енгiзiлді.
Бұл iшкi астық рыногын тұрақтандыру және реттеу, көктем-жаз кезеңiнде нан және тоқаш-нан өнiмдерi бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушілердiң тұқым материалына, мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының жемге қажеттіліктерiн тұрақты қамтамасыз етуге және мемлекетаралық келісімдердiң орындалуын қамтамасыз етуге арналған кейiнгi интервенциялар үшiн қажет.
Кедейшiлiк пен жұмыссыздықты азайту, халықтың кiрiстерi мен тұрмыс деңгейiнiң өcуi, экономиканың басқа салалары көлемiнiң өсуiн қамтамасыз ету, салық базасын кеңейту және бюджетке түсетiн кiрiстер түсiмiн ұлғайту ауыл шаруашылығын қолдаудың мультипликативтік әсерi болады.
Субсидиялау жолымен ауыл, су шаруашылығын мемлекеттік қолдау көзделiп отыр, мұндағы шаруашылық жүргізудiң қолайсыз әрi тәуекелдi жағдайлары мемлекет көмегiн ақтайды.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын және алдағы уақытта Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (бұдан әрi - ДСҰ) кірудi ескере отырып, заңды тұлғаларды субсидиялау саясаты еңбек өнiмдiлігін жоғарылатуға және отандық өндiрушілердiң бәсекеге қабiлеттілігін арттыруға бағытталған. Келешекте ДСҰ талаптарына сәйкес еңбек өнiмдiлігін және өнiм сапасын арттыруғa жәрдемдесу сияқты субсидиялаудың рұқсат етiлген нысанына көшудi біртіндеп жүзеге асыру қажет.
ДСҰ-ға алдағы кіру отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бәсекеге қабілеттілiгiне ерекше талаптар қояды. Бұдан әрі ауыл шаруашылығы шикiзатын өндiру және қайта өңдеу саласында кластерлiк бастамаларды iске асыру арқылы аграрлық өндiрiсті индустрияландыру iске асырылатын болады.
Азық-түлік қауiпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешеннiң бәсекеге қабiлеттілiгiн арттыру үшiн жағдайлар жасау мақсатында, сондай-ақ ауылдық аумақтарды кешендi дамыту және ауыл тұрғындарын ұлттық стандарттағы өмiр сапасы бар қалыпты өмiрмен қамтамасыз ету үшін "Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегi № 66 Қазақстан Республикасының Заңы бекітілдi.
Аграрлық азық-түлік рыногында бәсекелестікті дамыту және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсаттарына сай келетiн аграрлық индустриялық саясатты iске асыру үшін жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 30 маусымдағы № 654 қаулысымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiп кешенiн тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспары бекiтілдi.
Халықты сапалы ауыз сумен одан әрi қамтамасыз етуге және су ресурстарының тапшылығын қысқартуға бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы № 93 қаулысымен бекітілген 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз cу" салалық бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегi № 1149 Жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.
Тұтастай алғанда, 2002-2005 жылдар кезеңінде сумен жабдықтау объектілерін қаржыландырудың ұлғайғаны байқалады.
2003-2004 жылдары негiзiнен республиканың орман және аңшылық шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін қайта ұйымдастыру, облыс әкiмдiктерiнде орманды және жануарлар әлемiн қорғау жөніндегі құрылымдық бөлiмшелердi құру жөніндегі iс-шаралар аяқталды.
Тұтастай алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңы 940 мың гектарға немесе 40%-ға ұлғайды және 3 млн. 286 мың гектарды құрады.
Тұтастай алғанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңы 2004 жылдан бастап 2005 жыл аралығында 340 мың гектарға ұлғайды және 17 847 мың гектарды немесе Қазақстан Республикасының жалпы аумағының 6,5%-ын құрады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жөніндегі барлық жұмыс Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 10 қарашадағы № 1692 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын 2030 жылға дейiн дамытудың және орналастырудың тұжырымдамасына және 2004 жылы өткен Парламенттiк тыңдаулар ұсынымдарына сәйкес жүргiзіледi.
Қазақстан Республикасы аумақтарының орманды жерлерiн ұлғайту және елдi мекендердi көгалдандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2005 жылғы 25 маусымдағы № 632 қаулысымен бекітiлген Қазақстан Республикасын көгалдандырудың 2005-2007 жылдарға арналған "Жасыл ел" бағдарламасын іске асыру жалғасады.
Қоршаған ортаны қорғау жөнiнде тиiмдi әрi нәтижелi шаралар қабылдау үшiн қолданыстағы тиiстi бағдарламалар шеңберiнде қоршаған ортаның ластану деңгейiн азайту және оның мониторингі жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
Ұзақ мерзiмдi перспектива шеңберiнде экологиялық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету тұрғысындағы тұрақтылықты дамытуға инвестициялау ресурс үнемдейтiн технологияларды енгізуге, жаңартылып отыратын энергетикалық ресурстар (су энергиясы, жел және күн энергиясы) әлеуетiн пайдалануға Қазақстан бекiткен жағдайда Киот хаттамасының тетiктерiн пайдалана отырып, парник газының шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға негiзделедi.
Өзен экожүйесiне түсетiн ауыртпалықты азайту және олардың ластануы мен қоқыстануын болдырмау мақсатында iрi елдi мекендердегi ағынды суларды тазарту жөніндегі iс-шараларға инвестициялар жүзеге асырылады.
Қарағанды облысы Шет ауданындағы шөлейт жерлердi басқару жөнiндегі жобаны iске асыру жалғасады.
Жануарлар дүниесін сақтау және қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 наурыздағы № 267 қаулысымен бекітілген Тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтаудың және қалпына келтірудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады.
"Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi" функционалдық тобы бойынша шығыстар шеңберiнде:
биотехнологиялар, ядролық технологиялар саласындағы технопарктердi құру, Алатау кентiнде Ақпараттық технологиялар паркiн дамыту жөніндегі iс-шаралар;
технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерде тiкелей инвестициялардың көлемiн ұлғайту;
мұнай-газ және кен-металлургия кешенi, жаңа материалдар, биотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғарыштық технологиялар басымды бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзу;
технологиялық процестердi халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру;
экспортқа бағдарланған өндiрiстердi одан әрi дамыту;
жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың жұмысын тұрақтандыру және тұрып қалған кәсiпорындарды iске қосу, өндiрiстердi өнiмнiң түр-түрiн кеңейтуi және шығарылатын өнiм сапасын жақсартуға қайта бағдарлау жөнiндегі жұмыстарды жалғастыру;
жақын және алыс шeт елдермен бірлескен кәсiпорындар құру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
мемлекеттік сатып алу жүргізу кезiнде ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар мен мекемелер сатып алатын өнiмдердiң республикадағы өндiрiсiн ұйымдастыру болады.