Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы № 141 Қаулысы
(2013.18.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегi Орман кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу ережесi бекітілсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының жазық жерлерiндегі ормандарда және қазақтың шағын адырлы ормандарында басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудiң ережелерiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 13 қаңтардағы № 48 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасының таулы ормандарында басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу ережелерiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 6 қаңтардағы № 22 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 1, 6-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 14 ақпандағы
№ 141 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу
ЕРЕЖЕСI
1-бөлiм. Жалпы ережелер
1-тарау. Негiзгi ережелер
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесу ережесi (бұдан әрi - Ереже) ағаш кесу түрлерiне байланысты Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қорының шегінде жүзеге асырылатын ағаш кесу тәртібін, мерзiмiн және тәсiлдерiн айқындайды және барлық орман иеленушiлер мен орман пайдаланушылар үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Ереже жазық жерлердегi ормандарға, Қазақтың шағын адырлы ормандарына және Қазақстанның тау ормандарына қатысты әзiрлендi.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ағаш кесудiң (бұдан әрi - ағаш кесу) негізгі мiндеттерi:
1) орманды үздiксiз және қорын сарқып алмай пайдалану мен орман алаптарын ұтымды пайдалану;
2) ормандардың төзiмдiлігі мен өнiмдiлiгiн, олардың табиғат қорғаушылық рөлiн арттыру;
3) орман ортасын сақтау және ағашы кесiлген жерлерде ормандарды шаруашылық жағынан құнды тұқымдылармен жаңғырту;
4) пiсiп-жетiлу жасына жеткен және оларды жаңғыртуды қажет ететiн екпелердi уақтылы алмастыру;
5) орман ресурстары есебiнен сүрекке деген қажеттiлiктердi қамтамасыз ету болып табылады.
4. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде сүрек дайындау ағаш кесудiң:
1) пiсiп-жетiлген және қураған сүрекдiңдерде жүргізiлетін басты мақсатта пайдалану;
2) аралық пайдалану (орманды күтiп-баптау мақсатында кесу, iрiктеп санитарлық мақсатта кесу және құндылығы аз орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су қорғау және басқа да функцияларынан айырыла бастаған екпелердi қайта жаңғыртуға байланысты кесу, балауса талдар iшіндегі бірлі-жарым ағаштарды кесу);
3) өзге де кесу (жаппай санитарлық кесу; су тораптарын, өткiзгiш құбырларды, жолдарды салуға байланысты; орман соқпақтарын тарту, өртке қарсы жыралар қазу; өтiмдi қоқысты жинау кезiнде орман алаңдарын тазарту; өзге де мақсаттарда кесу) түрлерiн жүргiзу тәртібімен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1102 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Осы Ережеде мынадай негiзгi терминдер мен айқындамалар пайдаланылады:
1) жоғарғы қойма - кеспеағашта немесе оған тiкелей жақын маңда орналасқан, дайындалған сүрек кеспеағаштан тасып әкелiнетiн сыпталған ағаштарға немесе сортименттерге арналған тиеу алаңы;
2) ағашты сүйретiп шығару жолы - кесiлген ағаштарды, сыпталған ағаштарды немесе бөрене сортименттерiн сүйретiп шығару жүзеге асырылатын, өскiндердiң, топырақтың және түбірiнде қалған ағаштардың сақталуын қамтамасыз ететiн кеспеағашта арнайы дайындалған ең қысқа жол;
3) екiншi дәрежелi ағаш тұқымы - басты ағаш тұқымымен салыстырғанда шаруашылық және экономикалық жағынан құндылығы төмен ағаш тұқымы;
4) iрiктеп кесу - басты мақсатқа пайдалану үшiн кесу, онда пiсiп-жетiлу жасына жеткен, белгiлi бір мөлшердегi, сападағы немесе жай-күйдегi ағаштардың бір бөлiгi дүркiн-дүркiн кесiлiп отырады;
5) өртең - өртенiп кеткен немесе өрттен едәуiр бүлiнген өсiмдiктер учаскесi (орманды қоса алғанда);
6) басты ағаш тұқымы - белгiлi бір өсiмдiк және экономикалық жағдайларда орман шаруашылығын жүргiзу мақсаттарына неғұрлым толық сай келетiн ағаш тұқымы;
7) тау ормандары - тау жүйелерi және жергiлiктi жердiң салыстырмалы биiктiгi 100 метрден астам мөлшерде ауытқып тұратын және тау жоталарының етегiнен шыңдарына дейінгі беткейiнiң орташа көлбеулiгi 5 градустан асатын жекелеген алқаптар шегiнде, сондай-ақ жергiлiктi жердiң көлбеулiгi көлемiне қарамастан таулы үстiрттер мен қырқаларда орналасқан ормандар;
8) мөлдек - көрсеткiш тетiктермен және мөлдек бағандарымен табиғи күйде шектелген ағаш кесудi ұтымды ұйымдастыруға арналған кеспеағаш бөлiгі;
9) біртiндеп ұзақ мерзiмдi кесу - пiсiп-жетiлу жасына жетпеген ағаштардың жуандығы кемiнде 0,4 болатын әртүрлi жастағы сүрекдiңдерде жүргiзiлетiн басты мақсатқа пайдалану үшін кесу;
10) ерiктi-iрiктеп кесу - басты мақсатта пайдалану үшiн кесу, онда бірiншi кезекте сүректi уақтылы пайдалану және орманның қорғаныштық қасиеттерiн сақтау үшiн ұзақ тұрған, қураған, өсуi шабан пiсiп-жетiлген ағаштар кесiледi;
11) табиғи түлеу - табиғи жолмен орманның жаңа ұрпағының пайда болу процесі;
12) ағаштың табиғи құлауы - сүрекдiңнiң жасы ұлғаюымен немесе басқа себептермен табиғи сиреуi нәтижесiнде ағаштардың құлауы, олардың екпелерде жойылуы;
13) кесу қарқыны - iрiктеп және біртiндеп кесудiң және күтiп-баптау мақсатында кесудiң кезектi кезеңiн жүргiзу кезiнде таңдап алынатын сүрекдiң қорының немесе ағаштар санының үлесi (пайызбен);
14) интрааймақ ормандары - дербес аймақ құрмайтын, тек бір немесе бірнеше аймақтар ормандарының құрамына енгiзiлген ормандар;
15) кеспеағаштың ықтырмалы жанасуы - кезектi кеспеағаш оның екі немесе үш еселi енiне тең орман жолағы арқылы орналасатын кеспеағаштардың жанасуы;
16) сүрек жасының класы - сүрекдiңдердiң жас құрылымын тұқымына қарай сипаттау үшiн қолданылатын жас аралығы;
17) бонитет - орман өнiмдiлiгiнiң көрсеткiшi. Өсiп-өну жағдайларына байланысты болады және басты тұқым ағаштарының орташа биiктiгi мен орташа жасы бойынша айқындалады;
18) орман шаруашылығы ауданы - орман шаруашылығын жүргiзудiң орман өсiру-техникалық тәсілдерi бірдей және табиғи-экономикалық жағдайлары салыстырмалы түрде бір тектi аумақ бөлiгi;
19) жас шыбық - сүрекдiңнiң өскiн пайда болғаннан бастап сырықталға дейiнгi алғашқы жас кезеңi;
20) кесу бағыты - әрбір келесi кеспеағаш алдыңғыға қатысты орналасатын бағыт;
21) екпе - ағаш және оған ілеспе басқа орман өсiмдiктерiнен (сүрекдiң, аласа ағаштар, өскін және топырақтың тiрi жамылғысы) тұратын белгiлi бір шекарадағы біртектi орман учаскесi;
22) вегативтiк (бұтақшалы) екпе - вегативтік текті ағаштардан (томардан, тамыр атпаларынан және сұлатпа сабақтардан шыққан бұтақшалар) қалыптасқан екпе;
23) түбірлі екпе - өсiп тұрған жерiнiң тиiстi жағдайларында табиғи жолмен қалыптасқан екпе;
24) бір жастағы екпе - ағаштар жасындағы айырма екі жас класына дейiнгi бір жас ұрпағының екпесi;
25) туынды екпе - адам қызметiнiң немесе кәдiмгi табиғи процестер нәтижесiнде түбірлік орында қалыптасқан екпе;
26) қарапайым екпе - ағаштар бір қабатты құрайтын екпе;
27) әртүрлi жастағы екпе - сүрекдiң жас айырмасы екі және одан көп жас класындағы әртүрлі жастағы ұрпақтардың ағаштарынан тұратын екпе;
28) тұқымдық екпе - тұқымдық тектi ағаштардан құралған екпе;
29) күрделi екпе - ағаштары екі және одан да көп қабат құрайтын екпе;
30) аралас екпе - екi және одан да көп ағаш тұқымынан тұратын екпе;
31) кеспеағаштың тiкелей жанасуы - кезектi кеспеағаш оның алдындағы кеспеағашпен қатар орналастырылатын кеспеағаштардың өзара орналасуы;
32) таза екпе - бір ағаш тұқымынан тұратын немесе басқа ағаш тұқымдарының жалқы қоспасы бар екпе;
33) жайылма ормандар - уақытша су басып қалатын өзендi жазықтарда өсетiн ормандар;
34) сүрекдiңнiң жуандығы - нақты және қалыпты (стандартты кестелер бойынша 1,0 оңтайлы жуандығымен) екпе ағаштары қималарының аудандары сомаларының арақатынасымен айқындалатын салыстырмалы көрсеткiш. Жас шыбықтарда ағаш шымылдығының жабылу дәрежесi бойынша айқындалады;
35) алаңша - сүйретiп шығаратын кеспеағаш соқпағы арқылы ағаштар, сыпталған ағаштар немесе сортименттер көлiк құралдарымен сүйретiп әкетілетiн кеспеағаштың немесе мөлдектiң бір бөлiгі;
36) біртiндеп кесу - пiсiп-жетiлген сүрекдiң бір немесе екi жас класы кезiнде бірнеше кезекпен кесiлетiн басты мақсатта пайдалану үшiн кесу;
37) орманның алдын ала түлеуi - сүрекдiң шымылдығының астындағы табиғи түлеу (кесу жүргізiлгенге дейiн);
38) басым ағаш тұқымы - телiм құрамында оның қорының үлкен бөлiгiн құрайтын немесе оның ауданының көп бөлігін алып жатқан ағаш тұқымы;
39) кеспеағаштардың жанасуы - басты мақсатта пайдалану үшiн кесу кезiнде орман орамында немесе пiсiп-жетілген орман учаскесiнде кеспеағаштарды орналастыру тәртібі (тiкелей, аттамалы, ықтырмалық);
40) соқпақ - орман орамдарының шекарасын белгiлеу үшiн тартылған ағаштардан тазартылған ормандағы белдеулер;
41) iлеспе ағаш тұқымы - басты тұқым дiңiнiң өсiп-өнуiн тездетуге және пiшiнiнiң жақсаруына ықпал ететiн ағаш тұқымы немесе бұта;
42) пiсiп-жетiлген сүрекдiң - белгіленген кесу жасына жеткен сүрекдiң;
43) жаппай кесу - басты мақсатта пайдалану үшiн кесу, мұнда кеспеағаштағы бүкiл сүрекдiң бір кезекте кесiледi;
44) кеспеағаштың жанасу мерзiмi - кезектi кеспеағашты кесу бірiншiсiне қатысты белгіленетiн уақыт аралығы;
45) орманның түрi - біртектi орман өсiру жағдайларымен, азды-көпті ортақ құрамымен және орман қауымдастығының өзге де ортақ құрамдас бөлiктерiмен, шығу тегінiң бірлігімен, ұқсас даму тарихымен, ортақ орман өсiру сипатымен бірiккен сүрекдiңдерi немесе екпелерi бар учаскелердiң жиынтығы;
46) тоғайлы ормандар - шөлейт аймақта өсетiн жайылма ормандар;
47) кеспеағашты тарлап кесу - басты мақсатта пайдалану үшін кесу, мұнда ағашы кесiлген жерлердi кейiннен орман шетiнен тұқымдануы есебiнен табиғи жолмен қалпына келтiру мақсатында кеспеағаштың енi шектеледi;
48) кеспеағаштың аттамалы жанасуы - кеспеағаштың жанасуы, мұнда кезектi кеспеағаш орман белдеуi арқылы кеспеағаштың енiне тең енмен орналастырылады;
49) сыпталған ағаш - бұталары мен бұтақтарынан тазартылған кесiлген ағаштың діңі;
50) қабат - екпенiң тік құрылымының (қабаттылығының) элементi. Екпеде әдетте бір немесе екi (одан көбi сирек) қабат бөлiнiп тұрады;
51) түбір - ағашты құлатқаннан кейін оның топырақ бетінде қалған тамырға таяу биіктігі 10 см аспайтын (ағаштар диаметрі 30 см аспайтын кезде) немесе кесу диаметрінің 1/3 (ағаштар диаметрі 30 см асып түсетін кезде) бөлігі.
2-тарау. Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде ағаш
кесуге дайындалу тәртібі және оны жүзеге асыру шарттары
6. Мемлекеттік орман қорының учаскелерiнде ағаш кесу баурайдың құламасы мен экспозицияларын ескере отырып жүзеге асырылады.
Құламасы бойынша тау баурайлары былай бөлiнедi:
Шығыс Қазақстан облысының тау ормандары | Алматы, Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыста- рының тау ормандары | Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарының Қазақтың шағын адырлы ормандары |
10о дейiн қиялы Еңiс - 11-20о Құламалы - 21-30о Аса қиялы: - 31ожәне одан жоғары | 10о дейiн қиялы Еңiс - 11о-20о Құламалы: оңтүстiк экспозициялар - 21о-30о солтүстiк экспозициялар - 21о-35о Аса қиялы: оңтүстiк экспозициялар - 31о және одан жоғары солтүстiк экспозициялар - 36о және одан жоғары | 10о дейiн қиялы Еңiс - 11-20о Құламалы - 21-30о Аса қиялы: - 31ожәне одан жоғары |
Солтүстiк экспозициялардың баурайларына солтүстiк, солтүстiк-батыс, солтүстiк-шығыс және шығыс; оңтүстiк экспозициялардың баурайларына - оңтүстiк, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс және батыс баурайлар жатады.
Баурайлардың құламалығы, егер баурайдың жекелеген учаскелерi құламалығы бойынша 5 градустан аспайтын болса, телiмнiң төменгі шекарасынан жоғарғысына дейiн анықталады. Құламадағы 5 градустан асатын және ағаш кесу тәсiлдерiн өзгертуге әкеп соқтыратын ұзындығы 200 метрден астам жекелеген бөлiктерiнiң айырмашылығы болған жағдайда, олардың әрқайсысы үшiн өз құламасы айқындалады.
7. Эрозияға қарсы төзiмдiлiк дәрежесi бойынша тау баурайларының топырағы қуаттылығы 70 сантиметрге дейiн - төзiмсiз және қуаттылығы 70 сантиметрден асатын төзiмдi болып екiге бөлiнедi.
8. Ағаш кесудiң жыл сайынғы ықтимал көлемi және оны жоспарлау кейiнгi өзгерістер ескерiле отырып, орман орналастыру материалдары бойынша айқындалады.
9. Орман учаскелерiн қаз-қалпында кесуге алдын ала iрiктеудi орманшы немесе оның тапсырмасы бойынша орманшының көмекшiсi жүргiзедi. Жекелеген учаскелердiң таксациялық сипаттама мен планшеттер деректерiне сәйкес келмеуi анықталған жағдайда тиiстi түзетулер енгізіледi (актілер жасала отырып) немесе олар кесуден алынып тасталады.
ҚР Үкіметінің 2012.07.03. № 305 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.18.10. № 1102 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 10-тармақ жаңа редакцияда
10. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаштарды бөліп беру мен мөлшерлеу және ағаштарды таңбалау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 желтоқсандағы № 1512 қаулысымен бекiтілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде кеспеағаштарды бөліп беру мен мөлшерлеу қағидаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 852 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орман қорында таңбалар қолдану қағидаларына сәйкес жүргізiледi.
11. Дайындау жұмыстары жүргізiлгенге және оны қаз-қалпында бөлгенге дейiн әрбір кеспеағашқа технологиялық карта жасалады, онда ағаш кесу және сүректi, сүйретiп тасу, ағашы кесiлген жерлердi кесу қалдықтарынан тазарту тәсiлдерi, орманды молықтыру әдiсi; ағаш тасу жолдарын, оны сүйретіп шығаратын қиғаш және соқпақ жолдарды, тиеу алаңдарын орналастыру схемасы, қоймалар, механизмдер тұрақтары және жұмысшыларға қызмет көрсету объектiлерi орналасқан орындар; кесуге жатпайтын өскiндер мен жас шыбықтар сақталуға тиiс алаңдар, күзет аймақтарына алынған ағаштар, құмырсқа илеулері; топырақты эрозиядан қорғау және сүрекдіңнің қалған бөлiгiн сақтау жөніндегі талаптар көрсетiледi.
12. Технологиялық карталарды қарауында мемлекеттік орман қоры бар орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелерi немесе ұйымдар (бұдан әрi - орман мекемелерi) жасайды, оның директоры - бас орманшы (бұдан әрi - бас орманшы) бекiтедi.
Егер орман пайдаланушыға мемлекеттік орман қорының орманшылық мөлшеріндегі учаскелерi сүрек дайындау үшiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға бекітіп берiлген жағдайда орман пайдаланушыға бекітіп берiлген кеспеағаштың технологиялық карталарын орман пайдаланушының мамандары әзiрлейдi және ағаш кесу билетiн беретiн орман мекемесiнiң бас орманшысына бекітуге ұсынады. Егер технологиялық картада Ағаш кесу ережесiнен ауытқушылыққа жол берiлсе, онда орман мекемесiнiң нұсқауы бойынша оған өзгерістер енгізiледi.
13. Кеспеағашты игеру бекітілген технологиялық карталарға қатаң сәйкестiкте жүргiзiледi және мiндеттi түрде ағаш кесу билетiне қоса тiркеледi.
14. Кеспеағаш жұмыстары басталғанға дейiн технологиялық картаға сәйкес қаз-қалпында кеспеағашты алаңшаларға бөлу, тиеу алаңдарын, қоймаларды, магистралдық және алаңшалық сүйретiп шығару жолдарын, сүйрету қондырғыларының арқандарына арналған жолдарды шектеу, қауіпті ағаштарды жинау және басқа да жұмыстар жүргiзiледi.
Жер бедерi тегiс болған жағдайда алаңшалар түзу сызықты нысаналармен бөлiнедi. Ағын сулармен және төбешiктермен қатты бүлiнген учаскелердегі алаңшалардың шекарасы олар үшiн белгіленген енi сақталып, қисық сызықты болуы мүмкiн.
15. Жазық жерлердегі кеспеағаштар жел қатты соғатын жаққа ұзын жағымен көлденең тартылады.
16. Тау жағдайында орманның ағаш кесiлетiн учаскелерi жергiлiктi жер бедерi ескерiле отырып бөлiнедi. Кесуге белгiленген учаскелердi шектейтін сызықтар мүмкiндiгінше табиғи шекаралармен (cу бөлiктерiмен, жолдармен, жыралармен және басқалар) ұштастырылады.
Жер бедерi ойлы-қырлы болған және кеспеағашты көлденең тарту мүмкiндiгi болмаған жағдайларда оларды су арналарына қатарлас бөледi.
Кеспеағашты қарама-қарсы баурайларға бір мезгiлде бұруға рұқсат етiледi.
17. Технологиялық карта кеспеағаштарды алаңшаларға шектеудi және жазықта енi 3-5 метрлiк және таулы жерлерде 5-7 метрлiк ағаш сүйрету жолдарын (технологиялық дәлiздер) тартуды көздейдi. Оларды табиғи кедергілерден айналып өтудi ескере отырып (шығыңқы тастар, батпақты учаскелер, өскiндер шоғыры және сол сияқтылар) орналастырады. Соқпаққа шыға берiсте ағаш сүйрету жолдары енi жазықта - 7 метрге дейiн және таулы жағдайларда 9 метрге дейiн айналып өтетiндей мөлшерде болуы тиiс. Олардың бұрылыстарындағы тосқауыл ағаштарды механикалық зақымданудан арнайы қаптамалармен немесе дәнекерленген айырлармен қорғау керек.
Таулы ормандарда, құламалығы 25о астам баурайларда бульдозердiң көмегiмен тракторға арналған ағашты сүйретіп шығарудың ирелең жолын тарту тәсiлi тиiмдi болады.
18. Технологиялық дәлiздер ретiнде табиғи сүрекдiңдерде бірiншi кезекте бар жолдар, сүрекдiң соқпақтары, соқпақтар және ағаштар арасындағы ашық жерлер пайдаланылады. Ағаш кесу учаскесiнде олар жергіліктi болған жағдайда технологиялық дәлiздер кесiлмейдi.
19. Кесiлген ағаштарды мен дайындалған сортименттердi жинау орындары және сүрек тиеу бекеттерi мүмкiндiгiнше жолдар мен орамдық соқпақтарда, алаңқайларда, ашық жерлерде және орман көмкермеген басқа да жерлерде орналасады.
Ағаш сүйрету жолдары мен тиеу алаңдарын ерекше қорғалатын учаскелер шегiнде және су арналарының бойымен орналастыруға тыйым салынады.
20. Ағаш сүйрету жолдары мен тиеу бекеттерiнiң технологиялық желiсi ағашты кесудiң басқа да түрлерi мен әдiстерiн және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу кезiнде олардың қайталап пайдаланылуы ескеріле отырып ұйымдастырылады.
21. Ағаш кесу бойынша дайындық жұмыстарын тексерудi мемлекеттік орман күзетiнiң қызметкерлерi әрбір орманшылық пен орман иелiгі бойынша қаз-қалпында кесу басталғанға дейiн жүргізедi.
Тексеру процесiнде алаңы, сүрекдiңнiң жасы, құрамы және ағаш кесудiң түрi бойынша учаскенiң бекітілген жоспарға сәйкес келуi анықталады. Учаскелердi шектеу бойынша қаз-қалпындағы жұмыстардың сапасы (қажет болған жерлерде нысаналарды кесу мен тазалаудың мұқияттылығы, бұрыштарда тиiстi жазбалары бар бағаналардың болуы және т.б.), таксациялық жұмыстардың орындалу дұрыстығы: ағаштардың сапалық санаттарға бөлiнуi, биiктiк разрядтардың белгiленуi және сортименттік кестелердiң таңдалуы, ағаштардың қайта есептелуi, кеспеағаштың материалдық және ақшалай бағалануы анықталады.
2-бөлiм. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу
3-тарау. Жалпы ережелер
22. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу мемлекеттік орман қорының «егiстiк және топырақ қорғайтын ормандар» санатының пiсiп-жетілген және қураған сүрекдiңдерiнде және мемлекеттік орман қорының «өзендер, көлдер, су қоймалары, арналар және басқа да су объектiлерi жағалауларындағы тыйым салынған орман белдеулерi» санатының бұтақшалану жолымен қалпына келетiн жайылма жапырақты сүрекдiңдерде жүргiзіледi.
Мемлекеттік орман қорының санатына, өсiп тұрған жерiнiң жағдайларына, ағаш тұқымдарының биологиялық ерекшелiктерiне, екпелердiң жас құрылымына, пiсiп-жетiлуiне, баурайлардың құламасы мен экспозицияларына, топырақтың эрозияға қарсы төзiмдiлігіне, басты тұқымдар өскiндерiнiң болуына және олардың жай-күйiне қарай осы Ережеге сәйкес басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесiлетiн жекелеген екпелерде мақсаты бойынша шектеулер белгiленедi.
23. Осы Ереженiң 22-тармағында көрсетілген мемлекеттік орман қоры санаттарында басты мақсатта ағаш кесу белгiленбейтiн мынадай ерекше қорғаныштық учаскелер (бұдан әрi - ЕҚУ) бөлiп алынады:
1) далалық, шөл және басқа да ормансыз (ағашсыз) кеңiстiктермен шекарасы бойынша енi 100 м, ал аралдағы қарағайлы және сексеуiлдi ормандарда - 200 м орман шетi, ормансыз кеңiстiктер арасында орналасқан 100 гектарға дейiнгi орман учаскелерi (шоқ ағашты ормандар ЕҚУ-ға жатпайды);
2) орманды дала және дала аймақтарының құм адырларының төбесiндегі ормандардың өте құрғақ түрлерiнiң, ормандардың ылғалды түрлерiнiң (жайылмадан басқа) учаскелерiн қоса алғанда, жыралар мен сайларда, сумен тез шайылатын және топырағын жел оңай ұшырып әкететiн жерлер шегінде өсетiн орман учаскелерi, сондай-ақ осы учаскелердiң периметрi бойынша енi 100 м жолақтар;
3) санаторийлер, демалыс үйлерi, пансионаттар, мектеп және альпинистiк лагерьлер, туристік базалар мен басқа да емдеу және сауықтыру мекемелерi, сондай-ақ емдеу және сауықтыру мақсаттарында пайдаланылатын немесе перспективалық маңызы бар минералды су көздерi төңiрегіндегi, егер жасыл аймақтардың орман саябағы бөлiктерi бөлiнбесе, селолық елдi мекендер мен қала үлгісіндегі кенттер; көкорайлы өңiрлер, құдықтар және сумен жабдықтау үшін қызмет ететiн су ұңғылары төңiрегіндегі және құмды шөл далалардағы мал суаттары төңiрегіндегі 1 км радиустағы орман учаскелерi;
4) шөл далалардағы газ және мұнай құбырларының қос қапталындағы ені 500 метрлiк қорғаныштық орман белдеулерi;
5) саңырау құр ойнағы төңiрегіндегі радиусы 300 метрлiк орман учаскелерi, құндыз мекендеген өзендердің екi жағалауындағы жапырақты жайылма ормандарында енi 50 метрлік белдеулер;
6) ғылыми және тарихи құндылығы бар көне және эндемикалық тұқымдар бар орман учаскелерi, сондай-ақ арнайы орман шаруашылығы мақсатын орындайтын орман учаскелерi (орман тұқымы, жаңғақ жемiсi, бал беретiн, эталонды және артықшылығы бар екпелер, артықшылығы бар ағаштар төңiрегiндегі радиусы 50 метрлiк күзетiлетiн аймақтар, генетикалық резерваттар, өздерiнiң төңiрегiнде 50 метрге дейiн күзет аймағы бар тұрақты сынақ алқаптары және басқалар);
7) құламалы жарғабақтар, шөгіндiлер, көшкін топырақты жерлер бойындағы енi 100 метрлiк орман белдеулерi, сондай-ақ кемiнде үштен бірi тау жынысының үстiне қарай көтерiлетiн құзды-жартасты жердегі алаңда өсетiн орман учаскелерi, осы учаскелердiң периметрi бойынша енi 100 метрлiк орман белдеулерi;
8) жазық жерлердегi ормандар мен Қазақтың шағын адырлы ормандарындағы өздерiнiң экспозицияларына қарамастан құламалығы 30 градус және одан да жоғары баурайлардағы орман учаскелерi;
9) Қалба тауларында, Кенді Алтайда, Оңтүстiк Алтайда және Сауырда құламалығы 3 градус және одан да жоғары баурайларда өсетiн орман учаскелерi. Солтүстiк Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауында құламалығы 31 градус және одан жоғары оңтүстік беткейлердегі, құламалығы 36 градус және одан жоғары солтүстiк баурайлардағы орман учаскелерi;
10) қайта реттелген карьерлер мен үйiндiлердегі ормандар;
11) туристiк бағыттардың жолдары мен соқпақтардан әрбір жағына қарай енi 250 метрлік орман белдеулерi;
12) су айырығы жоталарын құрайтын құламалығы 20 градустан асатын баурайлардағы көлемi 2,5 мың гектардан астам су қоймасының шекарасы бойынша су айырықтарының жоталар мен желiлерiн бойлай орналасқан енi 200 метрлiк орман белдеулерi;
13) ормансыз кеңiстiктерi бар жоғарғы шекараны бойлай орналасқан енi 200 метрлiк таулы жердегі орман белдеулерi;
14) қар көшкiндерiнiң тұрақты арналарын бойлай енi 150 метрлiк және сел тасқындарының арналарын бойлай орналасқан енi 300 метрлік орман белдеулерi.
24. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу, сондай-ақ құнды, сирек кездесетін, эндемикалық және құрып бара жатқан ағаш тұқымдары (самырсын қарағай, шарын шағаны, сағақты емен, грек жаңғағы, арша, Семенов үйеңкiсi, тораңғыл, ақ сексеуiл, таудаған, шеркес, қайыңтоз, ақ қараған, тiкенекағаш, қандағаш, шетен, жиде, алма ағашы, алмұрт, өрік, пiсте, тұт, миндаль, шие) және талдарды, жыңғылды және сары қарағанды қоспағанда, Қызыл кiтапқа енгізiлген басқа да тұқымдар, барлық бұталар басым екпелерде белгiленбейдi.
25. Екпелер өзге де бірдей жағдайларда басты мақсатта пайдалану үшiн кесуге мынадай ретпен белгіленедi:
1) өзiнiң жай-күйiне қарай кесудi қажет ететiн пiсiп-жетiлген және қураған орман учаскелерi, толық кесiлмеген ағаштар және өткен жылдардың пайдаланылмаған кеспеағаштары, шайыры ағып таусылған екпелер;
2) шымылдығындағы басты тұқым қанағаттанарлық дәрежеде түлеген (жуандығы 0,3 - 0,4) шiрiген және жiңiшке аласа екпелер;