58. Жапырақты-майқарағайлы екпелерде бірiншi кезекте кесуге майқарағай ағаштары жатады.
10. Қалба тауларының, Кендi Алтайдың, Оңтүстiк Алтайдың, Сауырдың, Солтүстiк Тянь-Шаньнiң және Жоңғар Алатауының жапырақты ағаш ормандары
59. Топырағы төзiмсiз барлық экспозициялардың еңiстi және тiк қиялы баурайларында алдын ала қайта жаңғырудың орын алуына қарамастан ормандардың байырғы және туынды түрлерiнiң жуандығы 0,6-1,0 қайың екпелерiнде (6-кесте, 5.1-тармақ), сондай-ақ топырағы төзiмдi барлық экспозициялардың қиялы, еңiстi және тік қиялы баурайларында және топырағы төзiмсiз қиялы баурайларында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жақсы (шәкiл бойынша) қайта жаңғыруы орын алған жағдайда орманның туынды түрлерiнiң екпелерiнде (6-кесте, 5.4-тармақ) біртiндеп екi кезектi ағаш кесу жүргiзiледi.
Бірiншi кезекте iрiктеу - қордың 50 процентiне дейiнгi мөлшерi. Екпелердiң жуандығын 0,3-0,5-тен төмендетуге жол берiлмейдi. Қорытынды кезек жақсы (шәкiл бойынша) қайта жаңғыру орын алған жағдайда жүргiзiледi. Қайталану мерзiмi - 10 жыл. Кеспеағаш ауданын 15 гектардан, ал қорытынды кезек кезiнде 30 гектардан астам мөлшерге арттыруға жол берiлмейдi.
60. Алдын ала қайта жаңғыруына қарамастан орманның байырғы түрлерiнiң қайыңдықтарында, ал қылқан жапырақты ағаш тұқымдары қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз дәрежеде (шәкiл бойынша) қайта жаңғыруы орын алған жағдайда орманның туынды түрлерiнiң екпелерiнде жаппай кеспеағаштық кесу топырағы төзiмдi барлық экспозициялардың қиялы, еңiстi және тiк қиялы баурайларында (6-кесте, 5.2-тармақ) және топырағы төзiмсiз қиялы баурайларда (6-кесте, 5.3-тармақ) жүргiзiледi. Кеспеағаштың енi - 100 м. Кеспеағаштың жанасуы - тiкелей, жанасу мерзiмi - 2 жыл, кеспеағаштың көлемi баурайлардың құламалығына қарай 10-15 гектардан аспайды.
Пiсiп-жетiлу жасына жетпеген қылқан жапырақты тұқымдар ағаштарын (құрғап бара жатқан және қу ағаштардан басқа) кесуге жол берiлмейдi.
61. Орманның түрiне және топырақтың төзiмдiлiгiне қарамастан барлық экспозициялардың қиялы, еңiстi және тiк қиялы баурайларында өсетiн көктерек, терек және ағашқа ұқсас тал екпелерiнде жаппай кеспеағаштық кесу жүргiзiледi (6-кесте, 5.6-тармақ). Өскiннiң пайда болуы үшiн ағаш кесудi жүргiзудiң ең жақсы мерзiмi - қазанның екiншi жартысынан сәуiрдiң орта тұсына дейiн. Томарды қиып, оның қабығын сыдыруға жол берiлмейдi.
Пiсiп-жетiлу жасына жеткен қылқан жапырақты ағаштардың бірлі-жарым қоспасы орман шымылдығы астында қылқан жапырақты өскiн болмаған жағдайда кесуге жатпайды. Егер сүрекдiң шымылдығы астында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жақсы (шәкiл бойынша) қайта жаңғыруы орын алса, пiсiп-жетiлу жасына жеткен қылқан жапырақты ағаштар кесу процесiнде кесiлуi мүмкiн. Кеспеағаштың жанасуы - тiкелей, жанасу мерзiмi - 1 жыл. Кеспеағаштың көлемi - 100 м. Кеспеағаштың көлемiн баурайлардың құламалығына қарай 10-15 гектардан астам мөлшерге арттыруға жол берiлмейдi.
62. Барлық экспозициялардың қиялы және еңiстi баурайларындағы тау бұталары жыңғылдарында әр белдеуден кейiн жанасатын енi 40 м кеспеағаштарда жаппай кеспеағаштық кесу жүргiзiледi, кеспеағаштың ауданы 2,5 гектардан аспайды (6-кесте, 5.7-тармақ). Қалдырылған белдеулер өскiн 1 м биiктiкке жеткен соң 2 жылдан кейiн кесiледi.
63. Барлық экспозициялардың қиялы, еңiсті және тік қиялы баурайларындағы мемлекеттік орман қорының «өзендер, көлдер, су қоймалары, арналар және басқа да су объектілерінiң жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерi» санатының өскiндiк тәсiлмен қайта жаңғыратын жайылмалы жапырақты сүрекдіңдерде және бұта жыңғылдарында жаппай кеспеағаштық кесу (6-кесте, 5.8, 5.9-тармақтар) жүргiзiледi. Кеспеағаш енi - 75 метрге дейiн, бұталарда - 40 метр. Жанасуы - тiкелей. Жанасу мерзiмi - 3 жыл, бұталарда - 2 жыл. Кеспеағаш бағыты өзен ағысына көлденең, кесу бағыты - өзен ағысына қарсы. Кеспеағаш ауданы - 2,5 гектарға дейiн.
Келесi кеспеағаштарды кесу кеспеағашта жақсы (шәкiл бойынша) қайта жаңғыру орын алғаннан кейiн немесе өскін кемiнде 1 м биiктiкке жеткеннен кейiн жүзеге асырылады.
1 гектарға дейiнгi және одан кем таксациялық телiмдер кесуге тұтас күйiнде белгіленедi.
11. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуді жүргiзуге қойылатын орман өсiру-экологиялық талаптар
64. Басты мақсатта пайдалану үшiн iрiктеп және біртiндеп ағаш кесудi (соңғы кезектен басқа) жүргiзу үшiн кеспеағаштар бөлу кезiнде пiсiп-жетiлу жасына жетпеген қылқан жапырақты және қатты жапырақты ағаш тұқымдары кесуге белгiленбейдi.
Қайта жаңғырмаған ағашы кесiлген жерлерге жанасатын екпелерде кеспеағаштарды жаппай кесуге бөлуге және біртiндеп кесудiң қорытынды кезегiне «жақсы» деген бағамен табиғи қайта жаңғыру немесе орман дақылдары отырғызу орын алған жағдайда ғана жол берiледi.
65. Жаппай тар кеспеағаштық кесу кезiнде кеспеағаштардағы алаңшаның енi:
1) жазық жерлердегі ормандарда және Қазақтың шағын адырлы ормандарында - сүрекдіңдердiң бір жарым еселік биiктігінен аспайтын мөлшерде;
2) баурайының құламалығы 15 градусқа дейiнгі тау ормандарында - сүрекдiңдердiң екi еселiк биiктiгiнен, ал кеспеағаштарды қиғаш тауларда кесу кезiнде - 100 метрден аспайтын мөлшерде белгiленедi.
66. Орманның табиғи жолмен қайта жаңғыруын есепке ала отырып басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудi жүргізу үшiн белгiленген екпелерде мал жаю сексеуiлдi қоса алғанда, қылқан жапырақты және қатты жапырақты сүрекдіңдерде кесуден бес жыл бұрын тоқтатылады.
67. Кеспеағаштарда сүрек дайындау мен оларды сүйретiп шығаруды топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтiн, ормандардың, су айдындарының және басқа да табиғи объектiлердiң жай-күйiне теріс әсер етпейтiн немесе оны шектейтiн, шаруашылық жағынан бағалы тұқымдардың өскiнi мен жас шыбығын сақтауды қамтамасыз ететiн тәсiлдермен және құралдармен жүргiзу қажет (2-14-қосымша).
Қазақтың шағын адырлы ормандарында құламалығы 10 градустан астам және тау ормандарында 15 градустан астам баурайларда трактормен сүйретiп шығаруға ағаш кесу қалдықтарымен бекітілген сүйретiп шығару соқпақтарымен ғана жол берiледi.
Сүректi сыпталған ағаш түрiнде де, сортименттер түрiнде де сүйретiп шығаруға рұқсат етiледi.
68. Қарсыз кезеңде ағаш кесу процесiнде жерге үлестi қысымы 0,4-0,5 кг/см2-ден аспайтын ағаш дайындау техникасын пайдалану керек.
69. Кесілетін ағаштардың басым көпшiлiгі үшiн ағаштарды бір бағытта құлату әдiсi қолданылады, ол алаңшаларда 45 градустан аспайтын бұрышпен сүйретiп шығару жолына қарай төбесi жағымен жүргізiледi. Ағаштарды жүйесiз құлату мен сүйретіп шығаруға жол берiлмейдi.
Тым ылғалданған саз балшықты және балшықты топырақтарда өсетiн барлық сүрекдіңдерде ағаш кесудi жүргiзуге қысқы кезеңде ғана жол берiледi.
70. Кейiннен табиғи қайта жаңғырту жоспарланып отырған кеспеағаштарда ағаш дайындау процесiнде тұқымдықтардың, тұқымдық топтардың, шоқ ағаштар мен жолақтардың сақталуын қамтамасыз ету қажет:
1) табиғи қайта жаңғыру белгiленген жаппай кесу жүргізiлетiн кеспеағаштарда (тар кеспеағаштық кесудi қоспағанда) жеке дара тұрған желге төзiмдi тұқымдықтар түріндегі тұқым шашқыштар қалдырылады. Қарағайлы тау ормандарында оларды алаң бойынша біркелкi орналасқан 3-5 ағаштан тұратын топтармен 1 гектарға 15-20 дана мөлшерiнде қалдыру керек;
2) қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының тұқымдықтарын қалдырумен бірге майқарағайлы және шыршалы ормандарының тұқымдық құрамын жақсарту және оларды сауықтыру мақсатында 1 гектарға 20-25 ағаш мөлшерiнде қайың тұқым шашқыштары да қалдырылады;
3) таза және қайың араласқан самырсын ағаштарында тұқым шашқыштар 3-5 ағаштан тұратын топтармен кемiнде 25-30 дана, ал самырсын-майқарағай екпелерiнде - 1 гектарға басты тұқымның 30-35 ағашы қалдырады;
4) шым топырақта өсетiн қылқан жапырақты ағаш тұқымдары араласқан жапырақты туынды екпелерде араларындағы қашықтық 100 метрге жуық болатын көлемi 0,1-0,25 га аралас қылқан жапырақты-қайың шоқ ағаштары қалдырылады. Нашар шымдалған топырақтарда шоқ ағаштар мөлшерi 0,3-0,4 гектарға дейiн жеткiзiледi, ал олардың арасындағы қашықтық 150-200 метрге дейiн ұлғайтылады;
5) кеспеағаштарда:
табиғи жолмен жақсы қайта жаңғыратын немесе жасанды жолмен қалпына келтiруге белгiленген;
жапырақты ағаш тұқымдарының;
құмайт, құмды және тасты топырақтардағы қарағайлы ормандардың құрғақ түрлерiнiң, сондай-ақ топырағы тым көп шымданған жас және ылғалды қарағайлы ормандардың тұқым шашқыштары қалдырылмайды;
6) ағаштар топтары бірлі-жарым ағаштар түріндегі тұқым шашқыштарды дiңдеріндегі қабықты жеңiл-желпi қырып (шырайландырып) белгiлеп, бояумен нөмiрлейдi. Тұқымдық гүл өсетiн топырақты шектеу шектесетiн ағаштарда сыртқы жағында қабығында жеңiл сүйкеу және бұрыштағы ағаштарда дiңгегiнiң маңындағы қабығын қыру жолымен жүргізiледi. Тұқымдықтар мен тұқымдық топтардағы ағаштар, сондай-ақ тұқымдық гүл өсетiн тұқымдық ағаштар бояумен белгiленедi.
71. Ағаш кесудi жүргізу кезiнде қолданылып жүрген ормандағы санитарлық ережелер мен ағаш дайындаудағы техника қауiпсiздiгiн сақтау қажет.
72. Кесiлген ағаштарды өрт қаупі бар кезеңде кеспеағаштарда қалдырған жағдайда оларды бұтақтарынан тазарту қажет, ал дайындалған ағаш өнiмiн қатар-қатар немесе текшелеп жинап қою керек. Бұл ретте жазға қалдырылған сүрегi және (немесе) ағаш кесу қалдықтары бар ағаш кесу орындарын көктем кезінде кейіннен кеспеағашта қосымша тазалап, тиiсті өртке қарсы және санитарлық жай-күйге келтiру керек.
73. Басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесудi жүргізу кезiнде сексеуiл тоғайларында дайындаудың сым арқанмен сүйреп тарту тәсiлiн қолдануға тыйым салынады. Сексеуiлдi сындыру қолмен немесе тумервалды пайдалана отырып жүргізіледi, оның жұмыс бөлiгі жер бетiнен 40 см деңгейде орнатылады.
74. Барлық ағаш кесу жұмыстарынан кейiн орман пайдаланушылар өскiндi ағаш кесу қалдықтары мен топырақ үйiндiлерiнен босату жолымен барлық қалған өскiндi түзетiп қоюы, сынған және қатты зақымданған өскiндi ағаш кесу қалдықтарымен бірге кесiп және алып тастауы; ой-шұңқырларды тегiстеу, фашиндер орнату, ағаш кесу қалдықтарын төсеу және нығыздау жолымен топырақ эрозиясының пайда болған ошақтарын жоюы, жоғарғы қоймалар мен тиеу алаңдары орналасқан жерлердi ормандарды молықтыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге жарамды күйге келтiруi қажет.
75. Кеспеағаштағы жоғарғы қоймалар мен тиеу алаңдары орналасқан 10 гектардан кем алаңның кеспеағаш алаңының 4 пайызынан астам, ал 10 гектардан астам алаңның 2 пайызынан астам артып кетуiне жол берiлмейдi.
76. Кеспеағаштарды ағаш кесу қалдықтарынан (бұталардан, бұтақтардан, ұшар басынан) тазарту ағаш кесу қалдықтарын пайдалану, орманның қайта жаңғыру жағдайларын жақсарту, сондай-ақ орман өрттерiнiң шығуының, орман үшiн зиянды жәндiктердiң көбеюiнiң және саңырауқұлақ ауруларының алдын алу және қатерiн жою мақсатында ағаш кесумен бір мезгiлде жүргiзіледi.
77. Ағаш кесу қалдықтары бірiншi кезекте өнеркәсiптiк ұқсату және халыққа сату үшiн пайдаланылады. Бұл жағдайларда олар өрт қауiпсiздiгі шараларын сақтап, ағаш сүйретiп шығаратын соқпақтар бойы мен жолдарда сүрекдiңнiң алаңқайлары мен бос жерлерiне (терезелерде) үйiп қойылады.
78. Ағаш кесу қалдықтарын пайдалану мүмкiндiгi болмаған жағдайда кеспеағашты тазарту мынадай тәсiлдермен жүргізiледi:
1) орманның құрғақ түрлерi мен топырағы әлсiз және тастақ жерлерде өсетін екпелерде ұзындығы 1 метрге дейiнгі ағаш кесу қалдықтарын ұнтақтау және оларды ағашы кесiлген бүкiл алаңға біркелкi етiп шашып тастау жолымен;
2) орманның шөпті-батпақты және шөптi-сфагнумды (жаңа, дымқыл, шикi, ылғалды) түрлерінде оларды енi 2 метрге дейiн жалдарға немесе шiру үшiн қалдыра отырып, диаметрi 3 метрден және биiктiгi 0,5-0,6 метрден аспайтын үйiндiге жинау жолымен. Шiру үшін қылқан жапырақты ормандарда 1 гектарға 200, жапырақты ормандарда - 100 данадан астам мөлшерде үйiндiлер қалдыруға жол берiлмейдi;
3) кейiннен оларды сүйрету барысында нығыздай отырып, ағаш сүйрету жолдарына жинау жолымен;
4) оларды кеспеағаштан тыс жерге алаңқайларға шығару, оларды кейiннен өрт қаупi бар кезеңде қолдан өртей отырып, үйiндiге жинау жолымен;
5) ағаш кесу қалдықтарын үйiндiлерге жинау кезiнде үйiндiлер орман шетiнен 10 м және текшелеп жиналған орман өнiмiнен 5 м жақын орналастырылмайды.
Кеспеағашты тазартудың аталған тәсiлдерi аралас күйiнде қолданылуы мүмкін.
Орман иеленушi ағаш кесу орындарын тазартудың тәсiлдерiн ағаш кесу билетінде көрсетедi.
Қар қалыңдығы 50 сантиметрден асатын қысқы кезеңде ағаш кесудi жүргiзу кезiнде кеспеағашты, ерекшелiк ретiнде, өрт қаупi бар маусым басталғанға дейiн көктемде тазартуға жол берiледi.
Кеспеағашта ағаш кесу қалдықтарын оның көлемiнiң 20 пайыздан астам мөлшерiн қалдыруға жол берiлмейдi.
ҚР Үкіметінің 2013.18.10. № 1102 Қаулысымен 79-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
79. Барлық ағаш кесу жұмыстары аяқталғаннан кейiн кеспеағашты қаз-қалпындағы күйiнде қарап шығу және құжаттарды зерделеу негiзiнде басты тұқымдардың өскiнi мен жас шыбықтарының сақталуын қоса алғанда, ағаш кесудi орындау сапасы және негiзгi орман өсiру талаптарының сақталу деңгейi тексерiледi, сондай-ақ:
1) орман шаруашылығы саласындағы уәкiлетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) айқындайтын тәртiппен ағаш кесу орындарын куәландыру жүргiзiледi және акті жасалады, оған өз бетiмен кесiлген сүректiң көлемi, зақымдалған ағаштардың саны және ағаш кесу кезiнде жол берiлген басқа да бұзушылықтар көрсетiле отырып, бүкiл учаскеде дайындалған сүректің мөлшерi текше метрмен енгiзiледi. Акті учаскеде дайындалған сүректiң мөлшерiн растайтын құжат ретiнде ағаш кесу билетiне қоса тiркеледi;
2) ағаш кесу орындарын куәландыру актiсi жасалғаннан кейiн бір айлық мерзiмде орман мекемесiнiң лауазымды тұлғасы қадағалау және бақылау тәртібiмен акт бойынша орманшылықтан орындалған жұмыстар көлемiнiң кемiнде 20 пайызын қабылдайды.
Орманшылық бойынша ағаш жұмсау кiтаптары мен кеспеағаштар абристерi, қайта есептеу ведомстволары, орман орналастыру материалдарындағы жүргiзiлген ағаш кесулер туралы белгiлер және тұрақты сынақ алаңдары бойынша материалдар тексерiледi;
3) біртiндеп және iрiктеп кесудiң әрбір кезегі аяқтағаннан кейiн кеспеағаштарда құламалығы 15 градусқа дейiнгі баурайларда қатты бүлiнген (дiң сыртының үштен бірiнiң қабығын сыдыру, тамырларының зақымдануы, бүкіл массасының үштен бірiнен астамы мөлшерiнде ұшар басының сынуы) ағаштар санының түбірiнде қалдырылатын ағаштардың жалпы санының 8 пайызынан, ал құламалығы 5 градустан астам баурайларда - 12 пайызынан асып кетуiне жол берiлмейдi.
80. Ағаш дайындау процесінде ағаш сүйретіп шығару жолдарының және тиеу алаңдарының барлық ауданымен бірге алғанда топырақты минералдандырудың жалпы көлемiнiң кеспеағаштың жалпы көлемiнен 20 пайыздан астам мөлшерде асып кетуіне жол берiлмейдi.
81. Ағаш кесуден кейiн орманның табиғи қайта жаңғыруының жай-күйi барлық ағаш дайындау операцияларынан кейiн сақталып қалған өскiн, ағаш кесу орындарын тазартуды және өскiннiң түзетілуiн есепке алу арқылы, ал оның өмiршеңдiгі ағаш кесу орындарын куәландыру кезiнде анықталады. Қайта жаңғыруды бағалау шәкiлдер бойынша айқындалады (2-14-қосымша).
Есептеу нәтижелерi бойынша акт жасалып, онда өскіннің мөлшерi мен сақталу пайызы, оның жай-күйiнiң жалпы сипаттамасы және алаң бойынша орналасуы, ағашы кесiлген жердің қажет тұқымдармен күтілетін қайта жаңғыруын бағалау, ағашы кесiлген жерлердегi орманды молықтыру жөнінде iс-шаралар өткізу қажеттiлiгi мен олардың тәсілдерi көрсетіледi.
82. Дайындау маусымына және ағаш кесу тәсілiне қарай алаңшадағы өскiн мен жас шыбықтың оның ағаш кесуге дейiн есепке алынған мөлшерiнiң 50 пайызынан 80 пайызына дейiн сақталуын қамтамасыз ету қажет (7-кесте).
83. Ағашы кесiлген жерлерде қажеттi тұқымдардың жақсы қайта жаңғыруы орын алған жағдайда оларда орманды молықтыру жөнiнде iс- шаралар жүргiзу қажет болмайды, ал қанағаттанарлық дәрежеде қайта жаңғырған жағдайда табиғи қайта жаңғыруға жәрдемдесу шаралары немесе iшiнара орман дақылдары белгiленедi.
84. Табиғи қайта жаңғырумен қамтамасыз етiлмеген ағашы кесiлген жерлерде орман пайдаланушылар мiндеттi түрде ағаш кесуден кейiн екі жыл iшiнде шаруашылық жағынан бағалы тұқымдардың орман дақылдарын отырғызу жөнiнде жұмыстар жүргiзедi.
85. Орманның табиғи қайта жаңғыруына жәрдемдесу жөнiндегі іс-шаралар өткiзiлген, орман дақылдары отырғызылған немесе табиғи өсiп-өнуге қалдырылған орман құрайтын барлық тұқымдардың жаппай ағаш кесiлген жерлерде, сондай-ақ ағашы кесiлген жердiң сыртқы жағына жанасқан 10 метрлiк белдеулерде өскiннiң көп бөлiгi жануарлардың оның жоғары басын бүлдіруiне мүмкiндiк бермейтін биiктiкке жеткенге дейiн мал жаю мен шөп шабуға жол берiлмейдi.
3-бөлiм
6-тарау. Мемлекеттік орман қорының учаскелерiнде аралық пайдалану үшiн ағаш кесу
86. Мақсаттары мен мiндеттерiне байланысты аралық пайдалану үшiн ағаш кесу мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) орманды күтіп-баптау үшiн кесу;
2) iрiктеп санитарлық кесу;
3) құндылығы аз орман екпелерiн, сондай-ақ қорғаныштық, су қорғау және басқа функцияларынан айырылып бара жатқан екпелердi қайта жаңартуға байланысты кесу;
4) жас шыбықтар арасындағы бірлі-жарым ағаштарды кесу.
12. Орманды күтіп-баптау мақсатында ағаш кесуді жүргізудiң міндеті, түрлері және негiзгi орман өсiру қағидаттары
87. Орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу жоғары дәрежеде пiсiп-жетілген (0,8-1,0) екпелер пайда болған сәттен бастап жүргiзiледi және әдетте басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесу жүргiзуге жол берiлетiн екпелерде басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге дейiн жарты сыныпта аяқталады және басты мақсатта пайдалану үшiн ағаш кесуге жол берiлмейтiн екпелерде өсу кезеңi бойына жүргiзiледi.
88. Орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу Қазақстан Республикасының Орман кодексiнде белгiленген орман пайдалануды шектеу режимдерi ескерiле отырып, мемлекеттік орман қорының барлық санаттарының ормандарында жүргізіледi.
89. Екпелердiң жасына (даму кезеңiне) және тұқымдық құрамына қарай орманды күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң мынадай түрлерi: жарықтандыру, тазарту, сирету және өтпелi ағаш кесу жүргiзiледi.
Ағаш кесудiң жекелеген түрлерiнiң мақсаты мыналар болып табылады:
жарықтандыру - аралас жас шыбықтарда құрамды күтiп-баптау және жиiлiгiн реттеу. Тазарту жасында күтiп-баптаудың осы түрi негiзiнен басты тұқымдардың екпелер құрамына қажеттi мөлшерде қатысуын қамтамасыз етуге тиiс;
тазарту - екпелер құрамы мен пiшiнiн күтiп-баптау, сондай-ақ оның жиiлiгiн реттеу;
сирету - екпелердiң сапасы мен құрылымын жақсарту үшiн дiң мен ұшарбастың пiшiнiн күтiп-баптау;
өтпелi ағаш кесу - таңдаулы ағаштарда өскiндi көбейту, техникалық тұрғыдан пiсiп-жетiлген сүректiң сапасын бір мезгiлде арттыра отырып, оны өсiру мерзiмiн қысқарту және екпелердi басты ағаш кесулерге дайындау мақсатында екпелердi баптап-күту.
90. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу кешiктiріліп немесе тұрақсыз жүргiзiлген, екпелер әртүрлi жастағы екпелер болып, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң жекелеген түрлерiнiң алаңдарын бөлiп алу мүмкiн болмайтын жағдайларда күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудiң барлық түрлерiнiң нысаналы мiндеттерiн белгiлi бір учаскеде бір мезгiлде шешуге немесе оларды кешендi түрде жүргiзуге жол берiледi.
91. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу екпелердiң селекциялық-генетикалық қасиеттерi мен биологиялық орнықтылығын төмендетпей, орманды одан әрi кезең-кезеңмен пайдалану ескерiле отырып жүзеге асырылады.
92. Осы Ереженiң 89-тармағында аталған күтiп-баптау мақсатында ағаш кесу түрлерi оларды қолдану рұқсат етілген екпелерде олардың жасына, құрамына, өнiмдiлiгiне, ұшарбастарының майысуына немесе жуандығына байланысты жүргiзiледi (8-кесте).
93. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесудi жүргiзу кезiнде ағаштарды жiктеу жүргiзiледi, барлық дарақтар шаруашылық және биологиялық белгiлерi бойынша үш санатқа: I - таңдаулылар, II - қосалқылар, III - аластауға тиiстiлер деп бөлiнетiн биотоптар бөлiп алынады:
1) таңдаулыларға - биiктiктеп жақсы өскен, зақымданбаған түзу, толық сүректi және бұтақтарынан жақсы тазартылған діңі бар, терең тамырланған, қылқан жапырақтары (жапырақтары) қалыпты өскен, біркелкi дамыған, жiңiшке бұтақты, жіңішке үшкір ұшарбасы бар басты тұқымның сау ағаштары жатады. Жапырақты екпелерде тұқымдық ағаштарға және шiрiкке төзiмдi ағаштардың нысандарына артықшылық беру керек. Таңдаулы ағаштар негізiнен Крафт бойынша өсудiң I, II және III сыныптарының ағаштарынан және олардың өсу орнының жағдайларына сәйкес келуiн ескере отырып iрiктеп алынады. Күрделi екпелерде мұндай ағаштар бірiншi қабаттан да, екiншi дәрежелi қабаттардан да iрiктеп алынады.
Екпелердiң жекелеген топтарында I санаттағы ағаштар болмаған жағдайда өсiп тұрғандарының салыстырмалы түрде таңдаулылары қалдырылады.
Күтiп-баптау кезiнде таңдаулы ағаштар iшiнен пiсiп-жетілу жасына дейiн қалдырылатын мақсатты ағаштар бөлiп алынады. Бұл ағаштар сирету жасынан бастап бөлiнедi;
2) қосалқыларға - таңдаулы ағаштардың бұтақтарынан тазаруына, олардың дiңдерi мен ұшарбастарының қалыптасуына ықпал ететiн, топырақ қорғау және топырақ жақсарту функцияларын орындайтын негiзiнен шымылдықтың төменгi бөлiгіндегі немесе екiншi қабатты құрайтын ағаштар жатады. Оларға сондай-ақ егер олар алаңқайлар мен орман шетінде орналасқан болса, таңдаулылар санатына енбеген жоғарғы шымылдықтың бірлі-жарым ағаштары, сондай-ақ егер олар басты тұқымның өскiнiне кедергi жасамаса, аласа ағаш нысанындағы бұталар мен ағаштар жатады;
3) аластауға жататын ағаштарға:
кеуiп қалған, дауыл әсерiнен құлаған, қураған, өсуiн тоқтату дәрежесiне дейiн саңырауқұлақ ауруларынан және зиянкестерден зақымданған;
егер бұл ағаштар екпеде пайдалы рөл атқармаса, күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуден кейiн оңала алмаса (тегіс, шар тәрiздi және үрмелi ұшарбасы бар) және оларды кесу үлкен ашық алаңқайлар құрамаса, қисайған, қос тармақты, жоғарғы басы жоқ, iрi-iрi өгей бұтақшалары бар, қатты өсiп, ұшарбасы тым төмен иiлген және қатты сүйiрленген, көп күйзелiс көрген;
iрiктеп алынған таңдаулы және қосалқы ағаштардың өсуiне және ұшарбастарының қалыптасуына бөгет жасайтын (сабалайтын, тартатын, қысатын және тағы да басқалар) ағаштар, егер оларды кесу екпелердiң бүлiнуiне душар етсе, iлеспе тұқымдар мен басты тұқымның өкiлдерi;
егер олар өте қалың шоғырлар құраса, жекелеген қалыпты дамыған және күйзелмеген ағаштар жатады.
Егер олар оқшауланып өссе және кеуiп қалмаған болса, қуыстар мен құс ұялары бар, дiңдерiнiң техникалық қасиеттерi нашар ағаштар кесуге тағайындалмайды.
94. Күтiп-баптау мақсатында ағаш кесуге тартылатын барлық екпелерде учаскелерде таңдаулы және қосалқы (пайдалы) ағаштарды қалдыруға және тиiсiнше осы Ереженiң 93-тармағында келтiрiлген жiктемелер мен нұсқамаларға сәйкес кесуге жататын ағаштарды аластауға мүмкiндiк беретiн күтіп-баптаудың төменгi және жоғарғы әдiстерi бір мезгiлде қолданылады.
95. Таза екпелерде негізiнен екпенiң бағынысты бөлiгінен мөлшерi мен өсу сыныптары әртүрлі ағаштарды шаба отырып, күтіп-баптау мақсатында ағаш кесудiң белсендi төменгi әдiсi қолданылады.
96. Аралас және күрделi екпелерде ағаштар кесу өнiмдiлігі жоғары және өрттерге барынша төзiмдi екпе қалыптастыру үшiн орман шымылдығының барлық бөлiктерiнде жүргiзiледi.
97. Күтіп-баптау мақсатында ағаш кесу үшiн ағаштар iрiктеу оларда бір немесе бірнеше таңдаулы ағаш таңдап алынатын жекелеген биотоптар бойынша жүргiзiледi, ал содан соң оларға қосалқы (пайдалы) ағаштар және аластауға жататын ағаштар белгiленедi.
98. Жарықтандырылған және тазартылған жерлерде ағаштарды кесуге белгі салу бүкiл учаскеде жүргізiлмейдi. Бұл үшiн учаскенiң үйреншiкті жерлерiнде кейіннен мұқият кесуге ұшырайтын және бүкiл ауданда күтiп-баптау жұмысын жүргізу үшiн үлгi ретiнде пайдаланылатын бірнеше сынақ алаңы немесе жолақтық сынама салынады.