Бюджет жүйесі туралы Қазақстан Республикасының
1999 ж. 1 сәуірдегі N 357-І
Заңы
(ҚР 16.07.99 ж. N 440-1; 26.07.99 ж. N 463-1; 04.11.99 ж. N 472-1;
22.11.99 ж. N 485-1; 29.11.99 ж. N 487-1; 15.12.00 ж. N 123-II;
15.01.01 ж. N 140-II; 03.05.01 ж. N 182-II; 06.12.01 ж. N 261-II;
31.10.02 ж. N 351-II; 20.06.03 ж. N 441-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР 29.12.03 ж. N 512-11 Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Заңның бұрынғы редакциясын қара
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 2 баптар)
2-тарау. Бюджет жүйесі (3 - 13 баптар)
3-тарау. Бюджеттің әзірленуі, қаралуы және (14 - 18 баптар)
бекітілуі
4-тарау. Кредит беру және қарыз алу (19 - 23 баптар)
5-тарау. Бюджеттің атқарылуы (24 - 29 баптар)
6-тарау. Бюджеттердің атқарылуын бақылау (30 бап)
7-тарау. Бюджет заңының бұзылғаны үшін (31 бап)
жауапкершілік
Осы Заң әртүрлі деңгейдегі бюджеттерді қалыптастыру процесінде қалыптасатын қаржы қатынастарын реттейді, республикалық және жергілікті бюджеттердің әзірлену, қаралу, бекітілу, атқарылу және бақылану тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 26.07.99 ж. N 463-1; 15.01.01 ж. N 140-II; 03.05.01 ж. N 182-II; 06.12.01 ж. N 261-II; 31.10.02 ж. N 351-II Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - жергілікті бюджеттік бағдарламаларды қаржылық жағынан негіздеуге және іске асыруға жауапты жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар;
республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - республикалық бюджеттік бағдарламаларды қаржылық жағынан негіздеуге және іске асыруға жауапты орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдар;
бюджет - мемлекеттің заңмен немесе жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітілетін, мемлекеттің өз міндеттерін қамтамасыз етуіне арналған және салықтар, алымдар, басқа да міндетті төлемдер, капиталмен жүргізілетін операциялардан алынатын кірістер, салыққа жатпайтын және заң актілерінде көзделген өзге де түсімдер есебінен құрылатын орталықтандырылған ақша қоры (қалыптастыру көздерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындап, Қазақстан Республикасының Президенті құратын қорлардан басқа, бұл қорлар қызметінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасының Парламентіне хабарланады);
бюджеттік заңдар - Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларынан, осы Заңнан, тиісті жылға арналған Республикалық бюджет туралы Заңнан, тиісті жылға арналған жергілікті бюджет туралы маслихаттардың шешімдерінен және бюджеттік рәсімдер мәселелері бойынша өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады;
бюджеттік өтінім - бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгілеген құрамда және нысандар бойынша бюджетті әзірлеу кезінде бюджеттік бағдарламаны негіздеу және оны қаржыландыру сомасын айқындау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ұсынатын құжаттардың жиынтығы;
бюджеттік алу - заң актісімен белгіленген сомалар шегінде облыстық бюджеттер мен Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен республикалық бюджетке берілетін ресми трансферттер немесе мәслихаттардың шешімдерімен белгіленген сомалар шегінде аудандар мен қалалардың бюджеттерінен облыстық бюджетке берілетін ресми трансферттер;
бюджеттік сыныптама - функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджетке түсетін түсімдер мен бюджеттен жұмсалатын шығыстарды топтастыру;
облыс бюджеті - облыстық, қалалық және аудандық бюджеттердің олардың арасындағы өзара өтеу операциялары есептелмеген жиынтығы;
бюджеттік бағдарлама және кіші бағдарлама - мемлекеттік басқару функцияларын және мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бюджеттен қаржыландырылатын іс-шаралар кешені;
бюджеттік рәсім - мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың бюджеттің әзірленуі, қаралуы, бекітілуі, атқарылуы, оның атқарылуын бақылау және бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту жөніндегі заңдармен регламенттелген қызметі;
кредиттерді қайтару - бұрын бюджеттен берілген кредиттер бойынша негізгі борышты қайтару сомасы;
уақытша бос бюджеттік ақшалар - ағымды жылғы бюджеттің атқарылуы барысында бюджеттердің ағымдағы шоттарында қалған қаражат қалдықтары;
мемлекеттік бюджет - республикалық және жергілікті бюджеттердің олардың арасындағы өзара өтеу операциялары есептелмеген жиынтығы;
бюджет тапшылығы - шығыстар көлемінің бюджетке түсетін түсімдердің жалпы сомасынан асып түсуі. Бекітілетін республикалық бюджет тапшылығының мөлшері ұлттық валютамен және ішкі жалпы өнімге қатысты процентпен, ал облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің тапшылығы ұлттық валютамен көрсетіледі;
жергiлiктi атқарушы органның борышы - жергiлiктi атқарушы органның алынған және өтелмеген заемдарының, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi органның шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органның борышына жатқызылған белгiлi бiр күнге борыш мiндеттемелерiнiң сомасы;
бюджет кірістері - салықтардан, алымдар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден алынатын түсімдердің, салыққа жатпайтын және өзге де түсімдердің, сондай-ақ бюджетке қайтарылмайтын негізде келіп түсетін капиталмен жасалатын операциялардан түсетін кірістердің көлемі;
бiрыңғай қазынашылық шот - аударым операцияларын орталықтандырылған түрде жүзеге асыру және олардың күнделiктi есебiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде ашылатын шот;
жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы - жергілікті атқарушы органдардың заем туралы шарт (келісім) немесе мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясы нысанындағы заемдарды тарту, алу, орналастыру, оларға қызмет ету және оларды өтеу процесі;
жергілікті атқарушы органның заемы - жергілікті атқарушы органдардың заем алушы болып әрекет ететін заем;
бюджет шығындары - бюджеттен қайтарымсыз негізде бөлінетін қаражат;
инвестициялық жоба - белгіленген тәртіппен ресімделген құжаттарға сәйкес белгілі бір мерзімде жүзеге асырылатын және материалдық объектілерді жасау немесе жетілдіру жолымен мемлекеттің активтерін көбейтуге бағытталған іс-шаралар кешені;
бюджеттің атқарылуы - бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындау;
бюджет профицитін пайдалану - бюджет қаражатының қалдықтарын, бюджет шығыстарынан түсімдердің артығын, мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден, борышты басқару мақсатында негізгі борышты өтеуге, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуға және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қалыптастыруға арнап, ұйымдастырылған бағалы қағаздарды қарызға алудан және сатудан тартылған ақшаны жұмсау процесі. Бюджет профицитін пайдалану көлемі негізгі борышты өтеу және ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу көлемінің тартылған ақшамен бюджет қаражаты қалдықтарының көлемінен асып түсуімен өлшенеді;
кассалық алшақтық - қаржы жылының iшiнде шығыстар, негiзгi борыш сомасын өтеу көлемiнiң қаржы жылының бас кезiнде бюджетке түсiмдер, заемдар, бюджет қаражатының қалдықтары көлемiнен асып кетуi;
кредиттер - белгіленген тәртіппен бюджеттен заңды және жеке тұлғаларға, төменгі бюджеттерге қайтарымды және ақылы негізде бөлінетін қаражаттар. Төменгі бюджеттерді кредиттеу, республикалық бюджет туралы заңмен немесе облыстық мәслихаттың тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы шешімімен көзделген жағдайларда, нөлдік ставка бойынша жүзеге асырылуы мүмкін;
мемлекеттік мекеменің кредиторлық берешегі - қабылданған міндеттемелердің белгіленген мерзімде төленбеген сомасы;
жергілікті бюджеттер (әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттері) облыстық бюджеттер, қалалардың (аудандық маңызы бар қалалардан басқа), қалалардағы аудандарды қоспағандағы, аудандардың бюджеттері;
жергiлiктi бюджеттiк бағдарлама - тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiң құрамында жергiлiктi өкiлдi орган бекiтетiн жергілікті мемлекеттік басқару міндеттерін орындауға және жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты iске асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарлама;
жергілікті уәкілетті орган - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің қаржыларын басқаруға әкім уәкілеттік берген атқарушы орган;
бюджет қаражатының қалдықтары - қаржы жылының басындағы бос қалдықтардың және бюджет қаражатының ағымдағы жылдың 15 наурызындағы жағдай бойынша есепті кезеңнің ішінде пайда болған қалдықтарының сомасы;
кірістерді бөлу нормативі - әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасында кірістерді бөлудің проценттік арақатынасы;
ресми трансферттер - гранттарды қоспағанда, бюджетке түсетін өтеусіз және қайтарымсыз түсімдер немесе бюджет шығындары;
шикiзат секторының ұйымдары - тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн заңды тұлғалар, олардан бюджетке төленетiн төлемдердiң бiр бөлiгi осы Заңда айқындалатын тәртiппен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына аударылады;
бюджеттік бағдарламаның паспорты - Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган бекітетін, бюджеттік бағдарламаның мақсаттарын, күтіліп отырған нәтижелерін, жауапты атқарушыларын, орындалу мерзімдерін, ұлттық валютадағы құнын, қаржыландыру көздерін және басқа да сипаттамаларын айқындайтын құжат;
бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландыру жоспары мемлекеттік мекеменің міндеттемелерін қабылдаудың, экономикалық сыныптама бөлігінде оларды орындау үшін төлемдерді жүзеге асырудың айлар бойынша кестесі;
өтеу - үкіметтік борышты және жергілікті атқарушы органдардың борышын қайтару сомасы;
бюджетке түсетін түсімдер - бюджет кірістерінің, ресми трансферттердің (бюджет шығындарынан басқа) және кредиттерді қайтарудың жиынтығы;
үкiметтiк борыш - алынған және өтелмеген үкiмет заемдарының, сондай-ақ заң актiлерiмен үкiмет борышына жатқызылған белгiлi бiр күнге борыш мiндеттемелерiнiң сомасы;
үкіметтік заем - Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы заем алушы болып әрекет ететін заем;
қабылданған міндеттеме - мемлекеттік мекеменің төлемдер бойынша бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде тіркелген міндеттемесі;
бюджет профициті - бюджет түсімдері жалпы сомасының шығыстар көлемінен асып түсуі. Республикалық бюджеттің бекітілетін профицитінің мөлшері - ұлттық валютамен және жалпы ішкі өнімге шаққанда процент есебімен; ал облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің профициті ұлттық валютамен көрсетіледі;
рұқсат - бюджет қаражатының көлемін айқындайтын құжат, мемлекеттік мекемелер соның шегінде төлемдер бойынша міндеттемелер қабылдайды;
бюджет шығыстары - бюджеттің шығындары мен кредиттерінің жиынтығы;
республикалық бюджет - Қазақстан Республикасының заңымен бекітілетін, түсімдер мен бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) есебінен қалыптастырылатын және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заң актілері жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін республикалық бюджет бағдарламаларын қаржыландыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры;
республикалық бюджеттiк бағдарлама - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң құрамында Қазақстан Республикасының Парламентi бекiтетiн мемлекеттік басқару міндеттерін орындауға және республикалық деңгейде мемлекеттік саясатты iске асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарлама;
қаржы жылының басындағы бюджет қаражатының бос қалдықтары - есепті кезеңде инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қажетті соманы шегере отырып ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өткен қаржы жылында бюджетке түскен ақшаны пайдаланбаудың салдарынан пайда болған өткен қаржы жылының қорытындылары бойынша бюджеттер қаражатының қалдықтары;
қаржыландырудың жиынтық жоспары - бюджет бөліктерінің кезеңдер бойынша теңдестірілген қаржылық жоспары;
секвестр - бюджеттің атқарылуы кезінде бюджет тапшылығының белгіленген деңгейінен артып кететін не кіріс көздерінен түсетін түсімдер қысқартылатын, соның салдарынан бюджетте көзделген бюджеттік бағдарламаларды толық көлемінде қаржыландыру мүмкін болмайтын жағдайларда енгізілетін қаражаттың белгіленген шекте жұмсалуына тыйым салуын көздейтін арнаулы механизм;
субвенциялар - жоғары тұрған бюджеттердің төменгі бюджеттерге заң актілерімен немесе мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген сомалар шегінде беретін ресми трансферттері;
субсидиялар - заң актілерімен белгіленген мақсаттар үшін коммерциялық ұйымдарға бюджеттен бөлінетін тегін және қайтарымсыз төлемдер;
есепті кезең - жаңа қаржы жылына енбейтін кезең, бұл кезең ішінде өткен қаржы жылында бекітілген қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген инвестициялық жобаларға арналған бюджет шығыстары бойынша, сондай-ақ ресми трансферттерді бюджеттерге есептеу бойынша қорытынды операциялар жүргізіледі. Алдағы жылдың бюджеті үшін есепті кезең ағымдағы жылдың 15 наурызында аяқталды;
бекітілген бюджет - Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті жергілікті өкілді органдар бекіткен, тиісті қаржы жылына арналған бюджет;
нақтыланған бюджет - Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті жергілікті өкілді органдар бюджеттің атқарылуы барысында енгізілген өзгерістерді ескере отырып бекіткен, ағымдағы қаржы жылына арналған бюджет;
бюджет тапшылығын қаржыландыру - борышты басқару мақсатында негізгі борышты өтеу, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу, бюджет тапшылығын жабу және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қалыптастыру үшін осы ақшаны, сондай-ақ бюджет қаражатының қалдықтарын пайдалану мақсатымен мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды қарызға алу және сату жолымен ақша тарту процесі. Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі тартылған ақша көлемінің және бюджет қаражаты қалдықтарының негізгі борышты өтеуден және ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алудан асып түсуімен өлшенеді;
қаржы жылы - күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталатын тұрақты бюджеттік-есепке алу кезеңі. Қаржы жылы есепті кезеңді қамтымайды;
функционалдық топ - белгілі бір функционалдық міндеттерді орындау мақсатына бағытталған бюджеттен жұмсалатын төлемдер тобы;
мақсатты инвестициялық трансферттер - инвестициялық жобаларды іске асыру үшін заң актілерімен немесе мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген сомалар шегінде жоғары тұрған бюджеттер төмендегілеріне беретін ресми трансферттер;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынатын нысаналы трансферттер - Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын мақсаттарға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан тиiстi бюджетке түсетiн ақша түсiмдерi, олардың көлемдерi тиiстi бюджеттерде бекiтiледi.
ҚР 15.01.01 ж. N 140-II Заңымен 2-бап жаңа редакцияда
2-бап. Бюджеттi әзiрлеудiң негiзi
Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспары және жергiлiктi өкiлдi органдар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауына сәйкес бекiтетiн тиiстi кезеңге арналған аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламалары алдағы қаржы жылына арналған бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу және мемлекеттiк бюджеттiң болжамды көрсеткiштерiн ұзақ мерзiмдi жоспарлау үшiн негiз болып табылады.
2-тарау. Бюджет жүйесі
ҚР 15.01.01 ж. N 140-II Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Бюджет жүйесі
1. Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі экономикалық қатынастарға және тиісті құқықтық нормаларға негізделген әртүрлі деңгейдегі бюджеттерді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасында жиынтығында мемлекеттік бюджетті құрайтын республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттер дербес жұмыс істейді.
Бюджет жүйесінің жұмыс істеуі бюджеттердің әртүрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделген және оларды әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.
3. Қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер - мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.
4. Барлық деңгейдегі бюджеттерді әзірлеу, бекіту және олардың атқарылуын есепке алу ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
ҚР 15.01.01 ж. N 140-II; 03.05.01 ж. N 182-II; 31.10.02 ж. N 351-II Заңдарымен 4-бап өзгертілді
4-бап. Бюджет жүйесінің принциптері
1. Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі барлық бюджеттердің бірлігі, толықтығы, нақтылығы, жариялылығы және дербестігі принциптеріне негізделеді.
2. Бюджеттердің бірлігі бірыңғай құқықтық негізбен, бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекітетін бірыңғай бюджеттік сыныптаманы пайдаланумен, бюджеттің бір деңгейінен басқа деңгейіне беріліп отыратын мемлекеттік қаржы статистикасы нысанының бірлігімен, бюджет рәсімінің принцтерімен, ақша жүйесінің бірлігімен қамтамасыз етіледі. Ол бюджеттердің түсімдерін қайта бөлу арқылы өзара іс-қимыл жасауға негізделген.
3. Бюджеттердің толымдылығы Қазақстан Республикасының салық және бюджет заңдарында белгіленетін барлық түсімдердің, соның ішінде мемлекеттiк акциялар пакетi бар акционерлiк қоғамдардан және республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардан алынатын түсiмдердiң толық тiзбесiнiң және шығыстардың бюджеттерде міндетті және толық көрсетілуімен қамтамасыз етіледі.
4. Бюджеттердің нақтылығына Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауына сәйкес оларды Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы индикативтік жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының өлшемдеріне сәйкес келтіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының тұрақтандырушылық функциясын iске асыру арқылы қол жеткізіледі.
5. Бюджеттердің жариялылығы бекiтiлген бюджеттер мен олардың атқарылуы туралы есептердің жариялануы арқылы қамтамасыз етіледі.
6. Бюджеттердің дербестігі әртүрлі деңгейдегі бюджеттердің арасында кірістерді бөлудің тұрақты нормативтерін орнықтыру және бюджет қаражатының жұмсалу бағыттарын белгілеу құқығы арқылы қамтамасыз етіледі.
ҚР 26.07.99 ж. N 463-1; 04.11.99 ж. N 472-1; 15.01.01 ж. N 140-II; 06.12.01 ж. N 261-II; 31.10.02 ж. N 351-II Заңдарымен 5-бап өзгертілді
5-бап. Бюджеттік жоспарлау бірлігі
Бюджеттік жоспарлау бірлігі:
1) республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалардың тізбесін қалыптастыруға;
1-1) осы Заңмен және басқа да заң актілерiмен кiрiстердi республикалық және жергілiктi бюджеттер арасында бөлу нормативтерiн, облыстық өкiлдi органдардың шешiмдерiмен кiрiстердi облыстық бюджет пен аудандар (қалалар) бюджеттерiнiң арасында бөлудің тұрақты нормативтерiн белгілеуге;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берiлетiн субвенциялардың және облыстық бюджеттерден, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiнен республикалық бюджетке берiлетiн бюджеттiк алулардың ұзақ мерзiмдi мөлшерлерiн, облыстық өкiлдi органдардың шешiмдерiмен - облыстық бюджеттен аудандардың (қалалардың) бюджеттерiне берiлетiн субвенциялардың және аудандардың (қалалардың) бюджеттерiнен облыстық бюджетке берiлетiн бюджеттiк алулардың ұзақ мерзiмдi мөлшерлерiн белгiлеуге;
3) бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісе отырып, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне түсетін түсімдер сомасын анықтауға;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жергілікті атқарушы органдар тартатын заемдар жөніндегі сыйақының (мүдденің) шекті мөлшерін белгілеуге негізделеді.
ҚР 06.12.01 ж. N 261-II Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Бюджеттің құрылымы
Бюджеттің құрылымы мыналардан тұрады:
1) түсімдер:
кірістер,
алынған ресми трансферттер,
кредиттерді қайтару;
2) шығыстар:
шығындар,
кредиттер;
3) бюджет тапшылығы (профициті);
4) бюджет тапшылығын (профицитін пайдалану) қаржыландыру.
ҚР 15.01.01 ж. N 140-II Заңымен 6-1-баппен толықтырылды; ҚР 31.10.02 ж. N 351-II Заңымен 6-1-бап өзгертілді
6-1-бап. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджетке түсетiн түсiмдердiң және бюджеттен жұмсалатын шығыстардың топтастырылуын белгілейтiн нормативтiк құқықтық акт болып табылады.
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама:
кiрiстер сыныптамасынан;
шығыстардың функционалдық сыныптамасынан;
шығыстардың экономикалық сыныптамасынан тұрады.
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманы бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi.
ҚР 06.12.01 ж. N 261-II Заңымен 6-2-баппен толықтырылды
6-2-бап. Бюджеттік бағдарламалар
1. Бюджеттік бағдарламалар:
1) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар;
2) бюджеттік даму бағдарламалары болып бөлінеді.
2. Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар заң актілеріне сәйкес мемлекеттік басқару міндеттерін орындауға бағытталған, тұрақты сипаты бар немесе бір жолғы іс-шараларды өткізуді көздейтін бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
Бюджеттік даму бағдарламалары адам ресурстарын дамытуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және институционалдық дамуына бағытталған бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
ҚР 06.12.01 ж. N 261-II Заңымен 6-3-баппен толықтырылды; ҚР 31.10.02 ж. N 351-II Заңымен 6-3-бап өзгертілді
6-3-бап. Инвестициялық жобалар
1. Республикалық маңызы бар және орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар іске асыратын инвестициялық жобалар республикалық инвестициялық жобалар болып табылады. Республикалық инвестициялық жобалар шығынды және қайтарымды негіздерде республикалық бюджеттен қаржыландырылады.