6. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмi) өз өкiлеттiгiн доғарады және банктiң құжаттары мен мүлкiн банктi арнайы басқарушыға (басқару жөнiндегi уәкiлдiк берiлген адамдарға) 10 күн мерзiмнен кешiктiрмей өткiзiп бередi.
7. Банктiң уақытша әкiмшiлігiнен (уақытша әкiмiнен) банктiң құжаттары мен мүлкiн арнайы басқарушының (басқару жөнiндегi уәкiлдiк берiлген адамдардың) қабылдау-өткiзуi актiмен ресiмделедi, ол 4 дана етiп жасалады және оны сот бекiтедi. Сот бекiткен актiнiң бiр данасы Ұлттық Банкке жiберiледi.
8. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмi) мен арнайы басқарушысының (басқару жөнiндегi уәкiлдiк берiлген адамдардың) өз қызметi кезеңi iшiнде осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға және бұрын банк жасасқан келiсiм шарттарды өзгертуге құқығы жоқ.
9. Банктiң уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша әкiмiнiң) құрамына қосылған Ұлттық Банк қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жағдайларын қоспағанда, Ұлттық Банктiң банктердiң мәжбүрлеп қайта ұйымдастырылуы мен таратылуы бойынша шығындарды қаржыландыруына жол берiлмейдi.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. N 2830 Заң күші бар Жарлығымен 49-бап өзгертілді; ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 49-бап жаңа редакцияда
49-бап. Банк ашуға берiлген рұқсатты қайтарып алудың негiздерi мен тәртiбi
1. Банк ашуға берiлген рұқсатты Ұлттық Банк:
а) банк қайта құру немесе тарату арқылы өз қызметiн ерiктi түрде тоқтататыны туралы шешiм қабылдаған;
б) банк қызметiн тоқтату туралы сот шешiм қабылдаған;
в) банк ретiнде тiркелген заңды тұлғаның қызметiнде осы баптың 2-тармағында көзделген жолсыздықтар анықталған жағдайда қайтарып алуға құқылы.
2. Заңды тұлғаға банк ашуға берiлген рұқсатты қайтарып алуды Ұлттық Банк мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша жүргiзедi:
а) заңды тұлғаның банк ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап бiр жыл iшiнде рұқсат беруге негiз болған мәлiметтердiң дұрыс еместiгiн анықтау;
б) заңды тұлғаның банк ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап бiр жыл iшiнде банк операцияларын жүргiзуге лицензия алмауы;
в) заңды тұлғаның банк ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн бiр жыл iшiнде жарияланған жарғылық капиталын төлемеуi;
г) банк ретiнде тiркелген заңды тұлға үшiн банк заңдарында көзделген қызмет шарттарын бұзуы.
3. Банк ашуға берiлген рұқсатты қайтарып алу туралы шешiмдi Ұлттық Банктiң Басқармасы қабылдайды.
4. Банк ашуға берiлген рұқсатты қайтарып алу туралы Ұлттық Банк Басқармасының шешiмi заңды тұлғаның қызметiн қайта тiркеуге немесе тоқтатуға негiз болып табылады.
ҚР 27.09.96 ж. N 37-1; 11.07.97 ж. N 154-1; 29.06.98 ж. N 236-1; 29.03.00 ж. N 42-II Заңдарымен 50-бап өзгертiлдi
50-бап. Банк құпиясы
1. Банк құпиясына банк депозиторлары, клиенттерi мен корреспонденттерi банк шоттарының бар екендiгi, олардың иелерi мен нөмiрлерi туралы, сол есепшоттар мен банкiнiң өз есепшоттарындағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы, банк операциялары туралы (банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарынан басқа), сондай-ақ банкiнiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан клиенттер мүлiктерiнiң бар екендiгi, олардың иелерi, сипаты мен құны туралы мәлiметтер кiредi.
Таратылу процесiндегi банк берген несиелер туралы мәлiметтер банк құпиясына жатпайды.
2. Банкiлер өз депозиторларының, клиенттерi мен корреспонденттерiнiң операциялары мен депозиттерi жөнiндегi құпияға, сондай-ақ банкiлердiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлiктердiң құпиясына кепiлдiк бередi.
3. Өзiнiң қызмет мiндеттерiн жүзеге асыру барысында банк құпиясы болып табылатын мәлiметтер алуға мүмкiндiк алған банкiнiң лауазымды адамдары, қызметкерлерi және өзге адамдар оларды жария еткенi үшiн қылмыстық жауапты болады, бұған осы баптың 4-8-тармақтарында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
4. Банк құпиясы есепшоттың (мүлiктiң) иесiне, есепшот (мүлiк) иесiнiң жеке өзi банкiде болған сәтте берген жазбаша келiсiмi негiзiнде үшiншi адамға, сондай-ақ осы баптың 5-8-тармақтарында көрсетiлген адамдарға осы бапта көзделген негiздер бойынша және шекте ашылуы мүмкiн.
Банктердiң заңды тұлғаларға немесе заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғаларға банк шоттары ашылғаны туралы салық органдарына мiндеттi түрде хабарлауы, сондай-ақ мәжбүрлеу тәртiбiмен таратылатын банк тарату комиссиясының жеке тұлғалардың банк шоттарындағы ақша қалдығы туралы мәлiметтердi салымшыларға ақшасын қайтарумен байланысты шараларды жүзеге асыру үшiн салымдарға (депозиттерге) ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жөнiндегi ұйымға және агент-банктерге беруi банк құпиясын ашу болып табылмайды.
5. Банк шоттардың бар екендiгi және нөмiрлерi туралы анықтамалар банк Басқармасының төрағасы немесе оның орнындағы адам қол қойған жазбаша сауал негiзiнде, есепшоттың иесi банкiнiң қарыз алушысы, кепiлдiк берушiсi, кепiлдеме берушiсi немесе кепiл берушiсi болса, кредит алғанын растайтын құжатты ұсынған жағдайда банкiге берiледi.
6. Заңды тұлғалардың банк шоттарының және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың ағымдағы шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары және ақша қозғалысы туралы анықтамалар мыналарға берiледi:
а) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша;
б) соттарға:
сот ұйғарымы негiзiнде олар жүргiзiлiп жатқан iстер бойынша;
в) прокурорға: тексеру жүргiзу туралы қаулының негiзiнде, өз құзыретi шегiнде, өз қарауындағы материалдар бойынша;
г) клиенттердiң экспорттық және (немесе) импорттық операциялары бойынша кеден органдарына;
д) салық органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша.
д-1) атқарушылық iс жүргiзу органдарына: олардың жүргiзiп жатқан атқару істері бойынша бірінші басшы немесе сот орындаушысы қол қойып, iс жүргiзу органының мөрiмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сауал негiзiнде;
7. Жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен ақша қозғалысы туралы анықтамалар, сондай-ақ оның банктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы қолда бар мәлiметтер мыналарға берiледi:
а) жеке тұлғаның өкiлдерiне:
нотариалды түрде куәландырылған сенiмхат негiзiнде;
б) анықтау және алдын ала тергеу органдарына:
есепшоттарда немесе банкiде сақтаулы жатқан жеке тұлғаның ақшаcы мен өзге де мүлкiне арест салынуы, олар өндiрiп алынуы немесе мүлкiн тәркiлеу қолданылуы мүмкiн болатын реттерде анықтау немесе алдын ала тергеу органының біріншi басшысы немесе тергеушісi қол қойып, мөрiмен куәландырылған және прокурор санкция берген жазбаша сауал негiзiнде, олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша;
в) соттарға:
есепшоттарда немесе банкiде сақтаулы жатқан жеке тұлғаның ақшасы мен өзге де мүлкiне арест салынуы, олар өндiрiп алынуы немесе мүлкiн тәркiлеу қолданылуы мүмкiн болатын реттерде, соттың ұйғарымы, қаулысы, шешімі, үкiмi негiзiнде олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша;
г) прокурорға: тексеру жүргiзу туралы қаулының негiзiнде, өз құзыретi шегiнде, өз қарауындағы материалдар бойынша;
д) алынып тасталды
е) алынып тасталды
7-1. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы анықтамалар клиенттiң банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы оның жеке шотынан алынған көшiрме нысанында беріледi.
8. Жеке тұлғаның банк шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi, олардағы ақшаның қалдығы туралы анықтамалар, сондай-ақ банкiнiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан оның мүлкiнiң бар екендiгi, сипаты мен құны туралы қолда бар мәлiметтер, олардың иесi қайтыс болған жағдайда мыналарға берiледi:
а) мұра өкiмiнде есепшот (мүлiк) иесi деп көрсетiлген адамдарға;
б) соттар мен нотариустарға: соттың ұйғарымы, қаулысы немесе нотариустың өз мөрiн қойып куәландырған жазбаша сауалы негiзiнде олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша. Нотариустың жазбаша сауалына шот иесiнiң қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;
в) шетелдiк консулдық мекемелерге:
олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша.
9. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 29.03.00 ж. N 42-II; 09.08.02 ж. N 346-II Заңдарымен 51-бап өзгертiлдi
51-бап. Банкiде жатқан ақша мен мүлiкке арест салу және олардан өндiрiп алу
1. Заңды және жеке тұлғаның банктегi ақшасына және басқа мүлкiне прокурор санкция берген анықтау және алдын ала тергеу органдарының қаулылары және атқарушылық iс жүргiзу органдарының қаулылары, сондай-ақ соттардың қаулылары, шешiмдерi, үкiмдерi, ұйғарымдары негiзiнде ғана тыйым салынуы мүмкiн. Талап-арыз талаптарын қамтамасыз ету үшiн тыйым салған кезде тыйым салынған ақша сомасы талап-арыз сомасынан, мемлекеттiк баж және соттың шешiмдерiн, үкiмдерiн, ұйғарымдары мен қаулыларын орындауға байланысты шығыстар көлемiнен аспауға тиiс.
3аңды тұлғалардың банк шоттарындағы (корреспонденттiк шоттардан басқа) барлық шығыс операциялары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда, салық және (немесе) кеден органдарының бiрiншi басшысы қол қойып, мөрiмен куәландырылған салық және (немесе) кеден органдарының шешiмдерi бойынша, прокурордың санкция беруiмен тоқтатыла тұруы мүмкiн, ал өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн болады.
2. Заңды тұлға мен жеке тұлғаның банкiде жатқан жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiнен басқа ақшасы мен өзге де мүлкiн тәркiлеу заңды күшiне енген сот шешiмi (үкiмi) негiзiнде ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 29.03.00 ж. N 42-II; 02.03.01 N 162-II Заңдарымен 52-бап өзгертiлдi
52-бап. Салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жүйесi
Банк салымшыларының (депозиторларының) мүдделерiн қорғау мақсатында салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепілдік беруді (оларды сақтандыруды) жүзеге асыратын ұйым құрылады.
Ұлттық Банк салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жөнiндегi ұйымның құқықтық мәртебесiн, оны құру, қызметін реттеу және тоқтату тәртiбiн белгілейдi.
Салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) тәртiбi, сондай-ақ салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жөнiндегi ұйымның банктермен өзара қатынастары Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Банктер салымдарға (депозиттерге) міндетті ұжымдық кепiлдiк беру (оларды сақтандыру) жүйесiне Ұлттық Банк белгiлейтiн мөлшерде және тәртiппен мiндеттi аударымдарды жүзеге асыру жолымен қатысады.
5-тарау. Есеп және есеп беру
53-бап. Банкiнiң қаржы (операция) жылы
Банкiнiң қажы (операция) жылы 1 қаңтарда басталып, 31-желтоқсанда аяқталады. Егер банкiнi тiркеу 1 қаңтардан кейiн жүзеге асырылса, онда бiрiншi қаржы (операция) жылы банк мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен басталып, сол жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 N 162-II Заңдарымен 54-бап өзгертiлдi
54-бап. Банкiлердегi есеп және есеп беру
1. Бухгалтерлік, банктік және шоғырландырылған негізде есеп беруді қоса алғандағы өзге де есептің халықаралық стандарттарға сай келетін тізбесін, нысандарын, табыс етілу мерзімдерін Ұлттық Банк белгілейді.
Банктер өздерi жүргiзетiн операцияларды есепке алуды бекiтiлген бухгалтерлiк есеп стандарттарында белгiленген тәртiпке сәйкес жүзеге асырады.
Банктiң бухгалтерлiк есеп саясатын оның банк директорларының кеңесi (жабық қоғамда мұндай орган болмаған жағдайда акционерлердің жалпы жиналысы) айқындайды.
2. Банкiлер Ұлттық Банкiге оның сұратуы бойынша өздерiнiң қаражаттары, соның iшiнде Қазақстан Республикасы шегiнен тыс жердегi қаражаттары, қабылданған депозиттер мен берiлген несиелердiң мөлшерi, жасалған және жасалып жатқан банк операциялары туралы кез келген ақпаратты және, банк құпиясы болып табылатын мәлiметтердi қоса, өзге де мәлiметтердi беруге мiндеттi.
2-1. Банктер Ұлттық Банк белгілеген тәртіппен банктер ірі қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына тікелей және жанама қатысуы жөнінде Ұлттық Банк сұратқан кез келген ақпаратты беруге міндетті.
3. Ұлттық Банктің қызметкерлері осы баптың 2 және 2-1-тармақтарында белгіленген құқықтарды іске асыру барысында алынған мәліметтерді жария еткені не үшінші тұлғаларға бергені үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген тәртіппен жауапты болады.
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен 54-1-баппен толықтырылды
54-1-бап. Банктің аффилиирлендірілген тұлғаларының есеп беруі
Банктің ірі қатысушысы өзінің қаржылық жағдайы мен қызметі туралы қаржы жылы аяқталғаннан кейін тоқсан күннің ішінде Ұлттық Банкке жыл сайын мәліметтер беруге тиіс.
Банк холдингі Ұлттық Банкке есеп берілген тоқсаннан кейінгі қырық бес күн ішінде тоқсан сайынғы қаржылық есепті, қаржы жылы аяқталғаннан кейін тоқсан күн ішінде аудитор куәландырмаған шоғырландырылған және шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есепті, сондай-ақ:
банк холдингі қызметі түрінің немесе түрлерінің сипаттамасын;
банк холдингі қатысушысы болып табылатын әрбір ұйымның атауын, оның жарғылық капиталындағы қатысу мөлшері мен үлесін, қызметі түрінің немесе түрлерінің сипаттамасын, банк холдингі ірі қатысушы болып табылатын ұйымдардың қаржылық есебін;
банк холдингінің ірі қатысушысы болып табылатын әрбір ұйымның атауын, жарғылық капиталға оның қатысу мөлшері мен үлесін, осы ұйымның қызметі түрінің немесе түрлерінің сипаттамасын және қаржылық есебін қамтитын, бірақ бұлармен шектелмейтін түсіндірме жазбаларды ұсынуға тиіс.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1 Заңдарымен 55-бап өзгертiлдi
55-бап. Банк қызметiнiң негiзгi көрсеткiштерiн жариялау
Банкiлер осы Заңның 19-бабы 4-тармағының талаптарына сай келетiн аудиторлық ұйым (аудитор) есепте берiлген мәлiметтердiң дұрыстығын растағаннан кейiн және банк акционерлерiнiң жылдық жиналысы жылдық балансты және кiрiстер мен шығыстар туралы есептi бекiткеннен кейiн Ұлттық Банк белгiлеген түрлер мен мерзiмдерде жылдық балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті қоса, жылдық есебiн жариялайды.
Банктер тоқсан сайын Ұлттық Банк белгiлеген нысан бойынша және мерзiмде балансын, пайдасы мен шығыны туралы есебiн, олардың аудиторлық мақұлдауынсыз-ақ жариялап отырады.
56-бап. Құжаттарды есепке алу және сақтау
1. Банкiлер бухгалтерлiк есепте және есеп берудi жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың қатаң есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Сақталуға тиiс негiзгi құжаттар тiзбесiн және олардың сақталу мерзiмiн Ұлттық Банк белгiлейдi.
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда
6-тарау. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген
тұлғаларына аудит
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 29.06.98 ж. N 236-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 57-бап өзгертiлдi
57-бап. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген тұлғаларына аудит
1. Бухгалтерлiк есептi және есеп берудi, бастапқы құжаттарды және банк қызметi туралы басқа да ақпарат аудитiн аудиторлық қызмет туралы заңдарға сәйкес аудит жүргiзуге құқылы және осы Заңның 19-бабы 4-тармағының талаптарына сай келетiн аудиторлық ұйым (аудитор) жүргiзе алады.
1-1. Қаржы жылының қорытындылары бойынша аудит жүргізу банктерге, банк холдингтеріне және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдарға міндетті болып табылады, ол туралы есептің көшірмесі мен аудиторлық ұйымның ұсыныстарын осы құжаттарды алған күннен бастап немесе оларды банктерге, банк холдингтеріне және банк (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдарға бергеннен кейін отыз күн ішінде банктер, банк холдингтері және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымдар немесе аудиторлық ұйымдар Ұлттық Банкке табыс етуге тиіс.
Банктің және банк холдингінің шоғырландырылған жылдық қаржылық есебін банктерге аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйым куәландыруға тиіс.
2. Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы аумағында банк аудитін жүргiзуге лицензиялар беруге уәкiлдiгi бар бiрден-бiр лицензиар болып табылады.
3. Банктерге аудит мыналарды анықтау мақсатында жүргiзiледi:
жүргiзiлген банк операцияларының есепте және есеп беруде дер кезiнде, толық және дәлме-дәл көрсетiлуi;
жүргiзiлген банк операцияларының осы Заңға, қолданылып жүрген заңдарға және Ұлттық Банкiнiң қалыптық құқықтық құжаттарына сәйкестiгi;
жүргiзiлген банк операцияларының оларды жүргiзудiң жалпы шарттарына сәйкестiгi, сондай-ақ банк операцияларын жүргiзу тәртiбiнiң банкiнiң iшкi ережелерiне сәйкестiгi.
4. Аудит нәтижелерiн және өз тұжырымдарын аудиторлық ұйым (аудитор) Директорлар кеңесi мен банк Басқармасына табыс етiлетiн есепте баяндайды.
Аудиторлық ұйымның (аудитордың) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық жағдайы туралы қорытындысы жеке құжат түрінде ресімделеді және коммерциялық құпия болмайды.
Аудиторлық ұйымның (аудитордың) есебiн және қорытындысын жасау тәртiбiне қойылатын талаптар Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
5. Аудиторлық ұйым (аудитор) банкiде жүргiзiлген аудит туралы қорытындының көшiрмесiн Ұлттық Банкiге оның талап етуi бойынша табыс етуге мiндеттi.
6. Банк, банк холдингі және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аудиторлық ұйым аудиторлық ұйымның жүргізілген аудит туралы есебінде көрсетілетін банктің немесе банк тобының қаржылық жағдайына әсер ететін жолсыздықтарды банк, банк холдингі және банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйым аталған есепті алған күннен бастап үш ай ішінде жоймаған жағдайда, Ұлттық Банк жолсыздықтар жойылғанға дейін:
банкке қатысты - осы Заңның 47-бабының 2-тармағының ж) тармақшасында көзделген санкцияларды;
банк холдингіне, банк және (немесе) банк холдингі ірі қатысушылары болып табылатын ұйымға қатысты осы Заңның 47-1-бабының 2-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы;
осы есепті алған күннен бастап бір жыл ішінде жолсыздықтарды жоймаған жағдайда Ұлттық Банк:
банкке қатысты - осы Заңның 48-бабының 1-тармағының о) тармақшасы негізінде банктің лицензиясын қайтарып алуға;
банк холдингіне қатысты осы Заңның 47-1-бабының 3-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi
58-бап. Банк қызметiн тексеруге байланысты аудиторлық қызметтi лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға құқылы кез келген заңды немесе жеке тұлға банк қызметiне аудит жүргiзуге лицензия беру туралы өтiнiшпен Ұлттық Банкiге жолдануға құқылы.
2. Өтiнiш берушiге қойылатын талаптарды және банк қызметiне аудит жүргiзуге лицензия беру туралы өтiнiшке қоса тiркелетiн құжаттар тiзбесiн Ұлттық Банк белгiлейдi.
3. Банк қызметiне аудит жүргiзуге құқық беретiн лицензияны Ұлттық Банк өзiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес бередi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 29.06.98 ж. N 236-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 59-бап өзгертiлдi
59-бап. Банк қызметіне аудиторлық ұйымның (аудитордың) аудит жүргізу жөніндегі есебін, қорытындысын жарамсыз деп тану. Банк қызметіне аудит жүргізуге берілген лицензияны қайтарып алу, тоқтата тұру үшін негіздер
1. Егер:
а) аудиторлық ұйым (аудитор) банкiнiң немесе оның құрылтайшысының тiкелей немесе жанама қатысушысы болса;
б) аудитордың не аудиторлық ұйымның басшы немесе тексеру жүргiзушi қызметкерлерiнiң кез келгенiнiң жақын туысы немесе зайыбының (жұбайының) жақын туысы - тексерiлетiн банкiнiң басшы қызметкерi болса;
в) аудиторлық ұйымның (аудитордың) банк алдында ақшалай мiндеттемесi болса, аудиторлық ұйымның (аудитордың) жүргiзiлген тексеру туралы есебi, қорытындысы барлық жағдайда жарамсыз деп танылады;
г) аудиторлық ұйымда (аудиторда) банк қызметiне аудит жүргiзуге Ұлттық Банктiң лицензиясы болмаса;
д) есеп, қорытынды Ұлттық Банк белгiлеген стандарттарға немесе банк қызметiне аудит жүргізудің нәтижелерiн ресiмдеу тәртiбiнiң талаптарына сай келмесе, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарда көзделген өзге де жағдайларда.
2. Банк аудитін жүргiзуге лицензияны Ұлттық Банк мынадай кез келген негiздер бойынша қайтарып алады, тоқтата тұрады:
а) аудиторлық ұйымның (аудитордың) жүргiзiлген тексерулер туралы есептерiн, қорытындыларын Ұлттық Банк екi және одан да көп рет жарамсыз деп таныса;
б) аудит барысында алынған және банкiлiк немесе коммерциялық құпия мәнiн құрайтын мәлiметтердi жария ету немесе үшiншi адамдарға (Ұлттық Банкiден басқа) беру;
в) жүргiзiлген аудиттiң (аудиторлық растаудың) нәтижелерi туралы қорытындының көшiрмесiн Ұлттық Банктiң сұратуы бойынша табыс етпесе;
г) аудиторлық ұйым (аудитор) аудиторлық қызметке қатысты мәселелер бойынша көрiнеу бұрыс қорытындылар (растамалар) берген болса;
д) аудиторлық ұйымда Ұлттық Банкiнiң банк қызметiне аудит жүргiзуге құқық беретiн лицензиясы бар аудитордың болмауы;
е) аудиторлық ұйымның (аудитордың) аудиторлық қызметпен айналысу құқығын жою туралы уәкiлдi органның шешiмi бар болса;
ж) банк қызметiне аудит жүргiзуге құқық беретiн лицензия берiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде оның негiзiнде берiлген мәлiметтердiң күмәндi екенi анықталса.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен II бөлiмнiң атауы толықтырылды
II Бөлiм. Банкiлердiң құқықтық мәртебесiн өзгерту
және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң
шарттары
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 7-тараудың атауы жаңа редакцияда
7-тарау. Банктердi ерiктi түрде қайта құру
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 60-бап өзгертiлдi
60-бап. Банкiлердi ерiктi түрде қайта құрудың жалпы шарттары
1. Банкiлердi ерiктi түрде қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) Ұлттық Банкiнiң рұқсатымен акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Осы банк акционерлерiнiң жалпы жиналысы шешiмiнiң болуы банкiнi ерiктi түрде қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу үшiн Ұлттық Банкiге өтiнiш беруге негiз болып табылады.
3. Банкiнi ерiктi қайта құруға Ұлттық Банкiнiң рұқсатын алу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тiркелуге тиiс:
а) банкiнiң жоғары органының оны қайта құру туралы шешiмi;
б) банкiнi қайта құрудың көзделiп отырған шарттарын, түрлерiн, тәртiбi мен мерзiмдерiн сипаттайтын құжаттар;
в) банкiнiң ол қайта құрылғаннан кейiнгi және (немесе) банкiнi қайта құру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғалардың есеп айырысу балансын қоса, қайта құру салдарының қаржылық болжамы.
4. Банкiнi қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiштi Ұлттық Банк оны қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
5. Қайта құрылатын банк қайта құруды жүргiзуге Ұлттық Банкiден рұқсат алған күннен бастап екi апта iшiнде алдағы болатын өзгерiстер туралы өзiнiң барлық депозиторларын, клиенттерiн, корреспонденттерi мен қарыз алушыларын тiкелей хабардар ету арқылы және кемiнде екi республикалық газетке тиiстi хабарландыру жариялау арқылы хабардар етуге мiндеттi.
6. Қайта құру нәтижесiнде құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу немесе қайта тiркеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 61-бап өзгертiлдi
61-бап. Банкiнi ерiктi түрде қайта құруға рұқсат беруден бас тарту