"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы"
Қазақстан Республикасының 1995 ж. 31 тамыздағы N 2444
Заңы
(2003 ж. 8 мамырға берілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР 2003 ж. 16 мамырдағы N 416-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы редакцияларды қара
I Бөлiм Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң (1 - 59 баптар)
негiздемесi мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 11 баптар)
2-тарау. Банкiлердi құру (12 - 29 баптар)
3-тарау. Банк қызметiн жүзеге асыру (30 - 40 баптар)
4-тарау. Банкiлердiң қызметiн реттеу және (41 - 52 баптар)
депозиторлардың мүддесiн қорғау
5-тарау. Есеп және есеп беру (53 - 56 баптар)
6-тарау. Банктерге және олардың аффилиирлендірілген (57 - 59 баптар)
тұлғаларына аудит
II Бөлiм Банкiлердiң құқықтық мәртебесiн өзгерту (60 - 74-4 баптар)
және қызметiн тоқтату ерекшелiктерiнiң
шарттары
7-тарау. Банктердi ерiктi түрде қайта құру (60 - 61 баптар)
8-тарау. Банкiнi консервациялау (62 - 67 баптар)
9-тарау. Банктердi тарату және ерiксiз қайта құру (68 - 74-4 баптар)
III Бөлiм Қорытынды ережелер (74-5 - 78 баптар)
9-1-тарау. Банк қызметiне байланысты құқық бұзушылық (74-5 - 74-9 баптар)
үшiн жауапкершiлiк
10-тарау. Қорытынды ережелер (75 - 78 баптар)
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен тақырыбы өзгертілдi, кіріспе алып тасталды
I Бөлiм
Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң
негiздемесi мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 1-бап өзгертiлдi
1-бап. Банк, оның мәртебесi және тұрған жерi
1. Банк - осы Заңға сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға.
2. Банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны әділет органдарында (тіркеуші органдарда) (бұдан әрі - әділет органдары) банк ретiнде мемлекеттiк тiркеумен және банк операцияларын жүргiзуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi - Ұлттық Банк) лицензиясы болуымен белгiленедi.
3. Банкiнiң ресми мәртебесi жоқ бiрде-бiр заңды тұлға "банк" деп атала алмайды немесе өзiн банк қызметiмен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.
4. Банк басқармасы тұрған жер (почта бойынша мекен-жайы) банк тұрған жер деп танылады.
ҚР 06.03.97 ж. N 83-1 Заңымен 2-бап өзгертілдi; ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 2-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен 2-бап өзгертілдi
2-бап. Салым (депозит)
Салым (депозит) - бiр тұлға (депозитордың) басқа тұлғаға - банкке (оның iшiнде Ұлттық Банкке) аталған күйiнде қайтарылуға тиiс деген шартпен алғашқы талап ету бойынша немесе белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн толық немесе бөлiп-бөлiп, алдын-ала келiсiлген үстемесiмен немесе ондай үстемесiз, депозиторға тiкелей қайтарылуға не оның тапсыруымен үшiншi бiр тұлғаға берiлуге тиiстiлiгiне қарамастан беретiн ақша.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.01 ж. N 162-II; 25.04.01 ж. N 179-II Заңдарымен 3-бап өзгертілдi
3-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесi
1. Қазақстан Республикасының екi деңгейлi банк жүйесi бар.
2. Ұлттық Банк мемлекеттiң орталық банкi болып табылады және ол банк жүйесiнiң жоғарғы (бiрiншi) деңгейiне жатады.
Ұлттық Банкiнiң мiндеттерi, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесi және өкiлеттiгi "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленедi.
3. Қазақстан Республикасының заң актісімен белгіленген ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, өзге банкiлердiң бәрi банк жүйесiнiң төменгi (екiншi) деңгейiне жатады.
4. алынып тасталды
5. Шетелдер қатысушы банк - акциялардың үштен бiрiнен астамы:
а) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң;
б) акцияларының (қатысушылар салымдарының) елу процентiнен астамы Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не соларға ұқсас Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - заңды тұлғаларының;
в) Қазақстан Республикасының резиденттерi еместердiң не осы баптың 6 (б)-тармағында көрсетiлген заңды тұлғалардың қаражаттарына билiк етушiлер (сенiм бiлдiрiлген адамдар) болып табылатын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң иелiгiнде, меншiгiнде және/немесе басқаруында болатын екiншi деңгейдегi банк.
6. Мемлекетаралық банк - халықаралық шарт (келiсiм) негiзiнде құрылып, жұмыс iстеп тұрған, құрылтайшылары Қазақстан Республикасының Үкiметi (немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк орган) мен сол шартқа (келiсiмге) қол қойған мемлекеттердiң үкiметтерi болып табылатын банк.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 4-бап өзгертілдi
4-бап. Банкiлердiң қызметiн құқықтық реттеу
Банкiлердiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттармен (келiсiмдермен), сондай-ақ өз құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заң құжаттары мен Президентiнiң Заңдары негiзiнде және оларды орындау үшiн шығарылатын Ұлттық Банкiнiң қалыптық құқықтық құжаттарымен реттеледi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 5-бап өзгертілдi
5-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым
Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде осы Заңға көзделген жекелеген банк операцияларын жүргiзуге құқылы, банк болып табылмайтын заңды тұлға.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 6-бап өзгертілдi
6-бап. Уәкiлдiк берiлмеген қызметке тыйым салу
1. Ұлттық Банкiнiң тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр адамның:
а) негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде банк операцияларын атқаруға;
б) негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде банк қызметіне аудитті жүзеге асыруға;
в) өзiнiң атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамалық "банк" сөзiн қолдануға немесе содан туындап, ол банк операцияларын атқаратындай не банк қызметіне аудит жүргiзетiндей әсер қалдыратын сөздi (ұғымды) қолдануға құқығы жоқ. Бұл тыйым Ұлттық Банкiге, банкiлердiң филиалдары мен өкiлдiктерiне, халықаралық қаржы ұйымдарына қолданылмайды.
2. Ұлттық Банкiнiң лицензиясынсыз жүзеге асырылған банк операциялары жарамсыз деп табылады.
ҚР 07.12.96 ж. N 50-1; 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 7-бап өзгертілдi
7-бап. Банкiлер мен мемлекеттiң жауапкершiлiгiн шектеу. Банкiлердiң тәуелсiздiгi
1. Банкiлер мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты мемлекет те олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы баптың 2-тармағында көрсетiлген реттер, сондай-ақ банкiлер мен мемлекет өзiне осындай жауапкершiлiк алған жағдайлар кiрмейдi.
2. Мемлекет өзiнiң мемлекеттiк банкiлердiң жарғылық капиталына салған қаражаттары шегiнде олардың мiндеттемелерi бойынша жауапты болады. Үкiмет жеке шешiммен олардың мiндеттемелерi бойынша өзiне қосымша жауапкершiлiк алып, мемлекеттiк банкiлерге қосымша жауапкершiлiк жүктей алады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделгеннен басқа реттерде мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының кез келген түрде банкiлердiң қызметiне араласуына тыйым салынады.
Банк несие берушiлерiнiң мүдделерiн қорғау және Республиканың банк жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсiм бойынша, қолданылып жүрген банк заңдарының талаптарына сәйкес капиталының терiс мөлшерi бар банктер акционерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, оларға заңдарда белгiленген санкцияларды қолдану арқылы мәжбүрлеп шектеу туралы шешiмдер қабылдауға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 18.12.00 ж. N 128-II Заңдарымен 8-бап өзгертілдi
8-бап. Банктер үшiн тыйым салынған және шектелген қызмет
1. Банктерге банк қызметiне жатпайтын не осы Заңның 30-бабының 4-тармағында көзделмеген кәсiпкерлiк қызмет ретiндегi операциялар мен мәмiлелердi жүзеге асыруға, сондай-ақ осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген реттердi қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуға тыйым салынады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген тыйым салу мына жағдайларда:
а) банктердiң, мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компанияларының, инвестициялық қорлардың, сақтандыру ұйымдарының, лизинг берушi ұйымдардың, сондай-ақ акциялары қор биржасында листингтен өткен заңды тұлғалардың (шығарылған акциялардың жалпы санынан бiр эмитенттiң акциялары он бес процентiнен аспайтын мөлшерде) жарғылық капиталдардағы банктердiң қатысуына;
б) қаржы рыногының инфрақұрылымдық бөлiгi болып табылатын және (немесе) банк қызметiн автоматтандыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталына банктердiң қатысуына;
в) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырушы ұйымдардың жарғылық капиталына банктердiң қатысуына;
г) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына осы ұйымдардың кепiл ретiнде қабылданған акциялары банктердiң оларды iске жаратуына дейiн кепiл туралы келiсiм шарттарына сәйкес банктердiң меншiгiне көшкен реттерде банктердiң қатысуына;
д) алынып тасталды
е) банкроттық рәсiмдерiнде төлем қабiлетi жоқ борышкерлер мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi қызметке қолданылмайды;
е-1) бағалы қағаздары қор биржасында листингтен өткен заңды тұлғалардың облигацияларымен мәмілелерді жүзеге асыру.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделгендей заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысудан басқа банктерге мынадай қызметтер түрiмен шұғылдануға рұқсат етiледi:
а) банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банктер мен ұйымдардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi жүзеге асыруға;
б) кез келген ақпарат тарату түрлерiнде банк қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi арнаулы әдебиеттердi сатуға;
в) өз мүлiктерiн сатуға;
г) заем алушының кепiлге берген мүлiктерiн осы Заңда және қолданылып жүрген өзге де заңдарда белгiленген тәртiппен сатуға;
д) қаржы қызметiне байланысты мәселелер жөнiнде кеңес беру қызметiн көрсетуге;
е) банк қызметiне байланысты мәселелер жөнiнде басқа да тұлғалардың мүддесiн бiлдiруге;
ж) банк-қаржы қызметi саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн көтеру жөнiндегi оқуды ұйымдастыруға.
з) сақтандыру ұйымдары - Қазақстан Республикасының резиденттерi атынан сақтандыру полистерiн өткiзуге (сақтандыру шарттарын жасасуға).
9-бап. Шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
1. Банкiлерге жарнама шығарылған күнi шындыққа сай келмейтiн қызметiн жарнамалауға тыйым салынады.
2. Ұлттық Банк банкiден шындыққа сай келмейтiн жарнамаға өзгерiстер енгiзудi, оны тоқтатуды немесе терiске шығарып жариялауды талап етуге құқылы.
Бұл талап Ұлттық Банк белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда Ұлттық Банк жарнамада баяндалған мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгi туралы ақпарат жариялауға, не оларды мұндай жарнаманы жариялаған банкiнiң есебiнен нақтылауға құқылы.
3. Банк операцияларын жүргiзуге Ұлттық Банкiнiң лицензиясы жоқ заңды тұлғаларға банк операциялары санатына жататын қызметтердi жарнамалауға тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 10-бап өзгертілдi
10-бап. Банкiлер ассоциациялары (одақтары)
1. Өз қызметiн үйлестiру, ортақ мүдделердi қорғау және бiлдiру, бiрлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де ортақ мiндеттердi шешу үшiн банкiлер қолданылып жүрген заңдарға сәйкес банкiлер ассоциациялары мен одақтарын құруға құқылы.
2. Банкiлер ассоциациялары (одақтары) коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
3. Банкiлер ассоциацияларын (одақтарын) банк жүйесiндегi бәсекенi шектеу, сыйақы (мүдде) ставкаларды, несиелер мен өзге де банк қызметтерiн ұсыну шарттарын үйлестiру мақсатында қолдануға болмайды.
ҚР 16.07.99 ж. N 436-1 Заңымен 10-1-баппен толықтырылды
10-1-бап. Банктер қатысатын консорциумдар және басқа да бiрлестiктер
Кредит беруге және өзге мiндеттердi шешуге байланысты бiрлескен жобаларды іске асыру мақсатында банктер бiрлескен қызметi туралы шарт негiзiнде консорциум құруға және басқа консорциумдар, қауымдастықтар жұмысына қатысуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 29.06.98 ж. N 236-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 11-бап өзгертілдi
11-бап. Банкiлердiң еншiлес банкiлерi, филиалдары, өкiлдiктерi және есеп айырысу-касса бөлiмдерi (жинақ кассалары)
1. Банкiлер Қазақстан Республикасының аумағында да, сол сияқты оның шегiнен тыс жерлерде де өзiнiң еншiлес банкiлерiн, филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға құқылы.
Қазақстан Республикасында шетел банктерiнiң филиалдарын ашуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасында шетелдiң қатысуымен банктердiң филиалдарын ашу тәртiбiн Ұлттық Банк белгiлейдi.
2. Еншiлес банк - жарғылық капиталының елу процентiнен астамы еншi берушi банкiге тиесiлi екiншi деңгейдегi банк.
Еншiлес банкiлер дербес заңды тұлғалар болып табылады және осы Заңның 12-28-баптарында белгiленген тәртiппен құрылады.
Еншiлес банктiң басқа еншiлес банк құруға құқығы жоқ.
3. Банкiлердiң филиалдары, өкілдіктері және есеп айырысу-касса бөлімдері (жинақ кассалары) осы Заңның 29-бабында белгiленген тәртiппен құрылады, жабылады.
4. Қазақстан Республикасының резиденттерi емес банкiлердiң өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық Банкiнiң рұқсатымен ашылады.
ҚР 02.03.01 ж. N 162-II Заңымен 11-1 баппен толықтырылды
11-1-бап. Банктердің еншілес ұйымдары
1. Онда банк тура (тікелей) немесе жанама түрде (басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы) дауыс беретін акциялардың елу процентінен астамын иеленетін немесе сонша акциямен (қатысу үлесімен) дауыс беру мүмкіндігі бар немесе олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгеше түрде) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді банктің айқындауға мүмкіндігі болатын заңды тұлға банктің еншілес ұйымы болып табылады.
2. Банк осы Заңның 8-бабында өзіне берілген өкілеттіктерді жүзге асыру мақсатында Ұлттық Банктің рұқсаты болса ғана еншілес ұйым құра алады немесе ұстай алады.
Рұқсат беру тәртібі мен ерекшеліктері Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Рұқсат алуға берілген өтінішке мынадай құжаттарды қоса тіркеу қажет:
1) еншілес ұйымның құрылтай құжаттары, жарғының бекітілгені туралы хаттамалар;
2) еншілес ұйымның басшы қызметкерлері туралы ақпарат;
3) еншілес ұйымның ұйымдық құрылымы;
4) бизнес-жоспармен қоса, еншілес ұйым қызметінің түрі немесе түрлері туралы ақпарат;
5) аудиторлық ұйымның заңды тұлғада өткізілген аудит туралы қорытындысы және аудиторлық ұйым куәландырған қаржылық есеп;
6) Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген рұқсатты беру туралы шешім қабылдауға қажетті өзге де ақпарат немесе құжаттар.
4. Рұқсат беруден бас тартуға мыналар:
рұқсат алуға қажетті құжаттардың берілмеуі;
еншілес ұйымның басшы қызметкерлерінің (немесе басшы қызметкерлер лауазымына тағайындауға немесе сайлауға ұсынылған кандидаттардың) осы Заңның 20-бабы 3-тармағының а) және в) тармақшаларының талаптарына сай келмеуі;
еншілес ұйымдардың болжамды болу нәтижесінде шоғырландырылған негізде пруденциалдық нормативтерді және банктер сақтауға міндетті Ұлттық Банк белгілеген басқа да нормалар мен лимиттерді банктің сақтамауы;
еншілес ұйым қызметінің немесе банк жоспарлаған инвестициялар салдарынан банктің қаржылық жағдайының болжамды нашарлауы және (немесе) банк салымшыларының мүдделеріне нұқсан келтірілуі негіздемелер болып табылады.
5. Ұлттық Банк өтініш берілгеннен кейін үш ай ішінде рұқсат беруге немесе рұқсат беруден бас тартуға міндетті.
Рұқсат беруден бас тартқан жағдайда Ұлттық Банк бас тартудың негіздемелері туралы өтініш иесіне жазбаша хабарлауға міндетті.
6. Банктің еншілес ұйымы құрылтай құжаттарына енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар туралы Ұлттық Банкке хабарлап отыруға міндетті.
7. Ұлттық Банктің рұқсатын алмаған жағдайда банк еншілес ұйымның өзіне тиесілі акцияларын (қатысу үлестерін) үш ай мерзім ішінде осы банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ тұлғаларға беруге не еншілес ұйым қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігінен бас тартып, оны растайтын құжаттарды Ұлттық Банкке табыс етуге міндетті.
2-тарау. Банкiлердi құру
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 12-бап өзгертілдi
12-бап. Банкiлердiң ұйымдық-құқықтық түрi
1. Банктер жабық акционерлiк қоғамдар нысанында құрылады.
2. Банктi ашық акционерлiк қоғам етiп үлгiсiн өзгертуге ол Ұлттық Банкiден банк операцияларын жүргiзуге лицензия алған кезден бастап бiр күнтiзбелiк жыл iшiнде залалға отырмай үздiксiз қызмет iстеген және осы жыл iшiнде Ұлттық Банк белгiлеген пруденциалдық қалыптарды және өзге де мiндеттi нормалар мен лимиттердi сақтаған жағдайда ғана Ұлттық Банк рұқсат еткен жағдайларды қоспағанда жол берiледi.
3. Банкiнiң құрылтайшылары болып табылатын оның акционерлерi ол ашық акционерлiк қоғам болып қайта құрылғаннан кейiн қандай да бiр қосымша артықшылықтарға ие бола алмайды немесе басқа акционерлерге қарағанда қандай да бiр қосымша мiндеттер ала алмайды.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 13-бап жаңа редакцияда
13-бап. Ұлттық Банктiң банк ашуға рұқсат беруi
1. Банк ашуға рұқсат беру тәртiбi мен оған рұқсат беруден бас тарту негiздерi банк заңдарында белгiленедi.
2. Банк ашуға берiлген рұқсаттың банк операцияларын жүргiзуге банкке лицензия беру туралы Ұлттық Банк шешiм қабылдағанға дейiн заңды күшi болады.
Банк ашуға берiлген рұқсатты Ұлттық Банк керi қайтарып ала алады.
3. Банк операцияларын жүргiзуге лицензия берiлген жағдайда немесе банктiң қызметiн тоқтату туралы сот шешiм қабылдаған жағдайда банк ашуға берiлген рұқсатты банк Ұлттық Банкке қайтаруға тиiс.
4. Банк өзiне банк ашуға берiлген рұқсатты ерiктi түрде қайтаруға және заңда белгiленген тәртiппен қайта тiркелуге құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1 Заңдарымен 14-бап өзгертiлдi
14-бап. Банкiнiң құрылтай құжаттары
1. Банк Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында заңды тұлғалар үшiн белгiленген тәртiппен, банк заңдарында белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып құрылады.
2. Банк құру жөнiндегi құрылтай шартында, қолданылып жүрген заңдарда көзделген мәлiметтерден басқа, мiндеттi түрде:
толық атауы мен олардың әрқайсысының тұрған жерiн қоса құрылтайшылар туралы мәлiметтер, сондай-ақ олардың мемлекеттiк тiркеуден өткендiгi жөнiндегi деректер (заңды тұлғалар үшiн), аты-жөнi, азаматтығы, тұрғылықты жерi мен жеке өзiн (жеке адамдар үшiн) куәландыратын құжат деректерi;
акциялардың саны, санаттары мен нақты бағалары туралы мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
3. Банк жарғысында, қолданылып жүрген заңдарда көзделген мәлiметтерден басқа, мiндеттi түрде:
банкiнiң толық және қысқартылған атауы;
банк қорларын (резервтік капиталын) құру түрлерi мен тәртiбi туралы мәлiметтер;
банк органдарының шешiм қабылдау тәртiбi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 15-бап өзгертiлдi
15-бап. Банкiнiң атауы
1. Банк өзiнiң атауы ретiнде өз жарғысында жазылған атауды қолданады.
Бiрде-бiр банкiнiң өзiн кез келген құжаттарда, хабарландыруларда немесе жарнамада өз жарғысында жазылғаннан басқаша атпен атауға құқығы жоқ;
Банктiң атауында мiндеттi түрде "банк" деген сөз немесе одан туындайтын сөз болуы тиiс.
2. Ұлттық Банкiден басқа банкiлердiң бәрiне өзiнiң атауында кез келген тiлде толық және қысқарған түрiнде "ұлттық", "орталық" деген сөздердi қолдануға тыйым салынады.
3. Банктердiң бәрiне өзiнiң атауында кез келген тiлде толық және қысқарған түрiнде "мемлекеттiк" деген сөздi қолдануға тыйым салынады.
4. Бұрын құрылған банкiлердiң, еншiлес банктердi қоспағанда соның iшiнде Қазақстан Республикасының резиденттерi емес банкiлердiң атауымен бiрдей немесе орнын ауыстырған дәрежеде ұқсас таңбаларды атау ретiнде қолдануға жол берiлмейдi.
Еншiлес банктер өзiнiң атауына негiзгi банктердiң атауын пайдалануға мiндеттi.
ҚР 07.12.96 ж. N 50-1; 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 N 282-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II Заңдарымен 16-бап өзгертiлдi
16-бап. Банктiң жарғылық және меншiк капиталы
1. Банктің жарғылық капиталы акцияларды сату не құрылтайшылардың жарналары есебінен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
2. Банкiнiң құрылтайшылары мен акционерлерi сатып алынатын акцияларға ақшамен ғана төлем жасауға құқылы, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда.
3. Банктің құрылтайшылары мен қатысушылары - заңды тұлғалар жарғылық капиталға ақша қосады, банк акцияларын акцияларға орналастырған активтерді және басқа тұлғалардың, инвестициялық және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда, жарғылық капиталдағы қатысу үлесін шегере отырып, құрылтайшылардың (қатысушылардың) өз капиталы шегінде төлейді.
Банктің құрылтайшылары мен қатысушылары - жеке тұлғалар жарғылық капиталға ақша қосуға, салық заңдарының табыстары мен мүлік туралы декларация беру бөлігінде белгіленген талаптарын ескере отырып, банк акцияларын төлеуге құқылы.
4. Банк акцияларын алғашқы сату олардың нақты құнынан төмендетiлмей және барлық құрылтайшылар (акционерлер) үшiн бiрыңғай бағамен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
5. Жаңадан құрылған банкiнiң құрылтай құжаттарында жарияланған жарғылық капиталына оның акционерлерi Әдiлет министрлiгi банкiнi тiркейтiн кезге қарай елу процент мөлшерiнде және тiркеген күннен бастап бiр күнтiзбелiк жыл iшiнде толық төлем жасауға тиiс.
6. алынып тасталды
7. Банктiң өз меншiгiндегi капиталы (бұдан әрi - Банк капиталы) оның мiндеттемелерiнiң сомасы шегерiлген банк активтерiнiң құны, онда активтердiң құны банк активтерiнiң бастапқы құнынан берiлген қарыздар мен басқа да активтер бойынша қажеттi резервтер (провизиялар)сомасын шегеру жолымен есептеледi. Банк капиталын, активтерiнiң құнын, берiлген қарыздар мен басқа да активтер бойынша резервтердiң (провизиялардың) мөлшерiн есептеу әдiстемесiн Ұлттық Банк белгiлейдi.
Банк мiндеттемелерiнiң сомасы оның активтерiнiң құнынан асып кеткен жағдайда банк капиталы терiс болады.
8. Банк капиталының терiс мөлшерi келесi үш күнтiзбелiк ай бойы анықталған жағдайда Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсiм бойынша оның акционерлерiнiң банктiң жарғылық капиталындағы үлестерiн (акцияларын) мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдауға және оларды банк капиталының ұлғаюына, инвестор алған мiндеттемелердi ескере отырып оның қалыпты жұмыс iстеуiне кепiлдiк беретiн шарттармен жаңа инвесторға сатып алынған баға бойынша дереу сатуға құқылы.
Банк акцияларын Ұлттық Банктiң мәжбүрлеп сатып алуы банк акцияларын (акционерлердiң үлесiн) кейiннен жаңа инвесторға сату мақсатында мәжбүрлеп сатып алу туралы ол шешiм қабылдаған күнгi оның нақты капиталының мөлшерiн негiзге ала отырып белгiленетiн баға бойынша жүзеге асырылады. Банктiң сатып алынған акцияларын Ұлттық Банк олар сатып алынған баға бойынша дереу сатады. Банктiң мәжбүрлеп сатып алынған барлық акциялары иелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi жаңа инвесторға көшедi.
Банкке талаптар қойылуы мүмкiн мiндеттемелердi орындау мерзiмi басталған жағдайда, бiрақ ол талаптар банктiң акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдағанға дейiн қойылмаса, жеке және заңды тұлғалардың депозиттерi бойынша талаптарды қоспағанда, мұндай талаптар өтелген болып есептеледi.
Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың және оларды кейiннен инвесторларға мiндеттi түрде сатудың тәртiбiн Ұлттық Банк белгiлейдi.
ҚР Президентiнiң 27.01.96 ж. N 2830 Жарлығымен; ҚР 07.12.96 ж. N 50-1; 11.07.97 ж. N 154-1; 29.06.98 ж. N 236-1; 10.07.98 N 282-1; 16.07.99 ж. N 436-1; 02.03.01 ж. N 162-II; 25.04.01 ж. N 179-II Заңдарымен 17-бап өзгертiлдi