Акционерлерге дауыс беру қорытындылары туралы хабарлау тәртібі қоғамның жарғысымен белгіленеді.
52-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы
1. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы жиналыс жабылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жасалып, қол қойылуға тиіс.
2. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасында:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) акционерлердің жалпы жиналысының өткізілген күні, уақыты және орны;
3) қоғамның акционерлердің жалпы жиналысындағы ұсынған дауыс беретін акцияларының саны туралы мәліметтер;
4) акционерлердің жалпы жиналысының кворумы;
5) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі;
6) акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беру тәртібі;
7) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
8) акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан адамдардың сөйлеген сөздері;
9) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі дауыс беруге қойылған әрбір мәселе бойынша акционерлердің жалпы дауыс саны;
10) дауысқа қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
11) акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған шешімдер көрсетіледі.
3. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасына:
1) акционерлердің жалпы жиналысының төрағасы (төралқа мүшелері) және хатшысы;
2) қоғамның есеп комиссиясының мүшелері;
3) қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп (халықтық акционерлік қоғамда - бес және одан да көп) процентін иеленетін және акционерлердің жалпы жиналысына қатысқан акционерлер қол қоюға тиіс.
Хаттамаға қол қоюға міндетті адамның қол қоюға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзіне берілген сенімхат негізінде оның өкілі хаттамаға қол қояды.
4. Осы баптың 3-тармағында аталған адамдардың біреуі хаттаманың мазмұнымен келіспеген жағдайда, ол адам бас тарту себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, оған қол қоюдан бас тартуға құқылы, ол хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.
5. Акционерлердің жалпы жиналысының хаттамасы дауыс беру қорытындылары туралы хаттамамен, жалпы жиналысқа қатысу және дауыс беру құқығына берілген сенімхаттармен, сондай-ақ хаттамаға қол қоюмен және хаттамаға қол қоюдан бас тарту себептерінің жазбаша түсініктемелерімен бірге тігіледі. Аталған құжаттар атқарушы органда сақталуға және танысу үшін акционерлерге кез келген уақытта берілуге тиіс. Акционердің талап етуі бойынша оған акционерлердің жалпы жиналысы хаттамасының көшірмесі беріледі.
53-бап. Директорлар кеңесі
1. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, директорлар кеңесі қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
2. Егер осы Заңда және қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, мынадай мәселелер директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады:
1) қоғам қызметінің басым бағыттарын белгілеу;
2) акционерлердің жылдық және кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешім қабылдау;
3) қоғамның акцияларын орналастыру және олардың жарияланған акциялардың саны шегінде орналастырылу бағасы туралы шешім қабылдау;
4) қоғамның орналастырылған акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды сатып алуы туралы шешім қабылдау;
5) қоғамның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекіту;
6) жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу және есепті қаржы жылы үшін төленетін дивидендтерді қоспағанда, бір жай акцияға төленетін дивидендтің мөлшерін айқындау туралы шешімдер қабылдау;
7) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару талаптарын айқындау;
8) атқарушы органның сан құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның басшысын және мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық айлықақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы және сыйлықақы төлеу талаптарын айқындау;
10) ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметі еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
11) бағалаушы мен аудиторлық ұйым көрсеткен қызметтерге төленетін ақының мөлшерін айқындау;
12) қоғамның резервтік капиталын пайдалану тәртібін белгілеу;
13) қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту (бұған қоғам қызметін ұйымдастыру мақсатында атқарушы орган қабылдайтын құжаттар қосылмайды);
14) қоғамның филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олар туралы ережелерді бекіту;
15) қоғамның басқа ұйымдарды құруы және олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
16) қоғамның міндеттемелерін оның өзіндік капиталы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын шамаға көбейту;
17) бұрынғы тіркеушімен шарт бұзылған жағдайда қоғамның тіркеушісін таңдау;
18) қоғам немесе оның қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын қызметі туралы ақпаратты айқындау;
19) ірі мәмілелер және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;
20) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатпайтын өзге де мәселелер.
3. Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді атқарушы органның шешуіне беруге болмайды.
4. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
5. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
54-бап. Директорлар кеңесінің құрамы
1. Жеке адам ғана директорлар кеңесінің мүшесі бола алады.
2. Директорлар кеңесінің мүшелері:
1) акционер - жеке адамдар;
2) директорлар кеңесіне акционерлердің мүдделерін білдіруші өкілдер ретінде сайлауға ұсынылған (ұсыныс берілген) адамдар;
3) басқа адамдар (осы баптың 3-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып) арасынан сайланады.
Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау кумулятивтік дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Акционер өзіне тиесілі акциялар бойынша бір кандидатты жақтап толық дауыс беруге немесе оларды директорлар кеңесінің мүшелігіне бірнеше кандидат арасында бөліп беруге құқылы. Ең көп дауыс санын алған кандидаттар директорлар кеңесіне сайланған болып есептеледі. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне екі немесе одан да көп кандидат тең дауыс санын алса, бұл кандидаттарға қатысты қосымша дауыс беру өткізіледі.
3. Қоғамның акционері емес және акционердің мүдделерін білдіруші өкіл ретінде директорлар кеңесіне сайлауға ұсынылмаған (ұсыныс берілмеген) жеке адам директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлана алады. Мұндай адамдар саны директорлар кеңесі құрамының елу процентінен аспауы керек.
4. Атқарушы органның басшысынан басқа мүшелері директорлар кеңесіне сайлана алмайды. Атқарушы органның басшысы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
5. Директорлар кеңесі мүшелерінің саны кем дегенде үш (халықтық акционерлік қоғамда - кем дегенде бес) адам болуға тиіс.
Халықтық акционерлік қоғамның директорлар кеңесі мүшелерінің кем дегенде отыз проценті тәуелсіз директорлар болуға тиіс.
6. Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заң актілерінде және қоғамның жарғысында белгіленеді.
55-бап. Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімі
1. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қайта сайлануына шек қойылмауы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін акционерлердің жалпы жиналысы белгілейді.
Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі акционерлердің жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін жалпы жиналысын өткізу кезінде аяқталады.
3. Акционерлердің жалпы жиналысы директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
4. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.
5. Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау акционерлердің жалпы жиналысында ұсынылған дауыс беретін акциялардың жалпы санының жай көпшілік даусымен жүзеге асырылады, бұл орайда директорлар кеңесінің осы мүшелерінің өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.
56-бап. Директорлар кеңесінің төрағасы
1. Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады.
Егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесі төрағаны кез келген уақытта қайта сайлауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарын жүргізеді, сондай-ақ қоғам жарғысында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын директорлар кеңесінің шешімі бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады.
57-бап. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру
1. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
1) директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;
2) қоғамның ішкі аудит қызметінің;
3) қоғамға аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
4) ірі акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.
2. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесінің төрағасына директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібі бар тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.
Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда бастамашы аталған талаппен, атқарушы органға жүгінуге құқылы, ол директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.
Директорлар кеңесінің отырысын директорлар кеңесінің төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзге мерзім белгіленбесе, шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап он күннен кешіктірмей шақыруға тиіс.
3. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы жазбаша хабарлама, егер қоғам жарғысында өзге мерзімдер белгіленбесе, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарымен қоса, отырыс өткізілетін күнге дейін үш күннен кешіктірілмей директорлар кеңесінің мүшелеріне және "алтын акция" иесіне жіберілуге тиіс.
Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы хабарламада отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы мәліметтер, сондай-ақ оның күн тәртібі болуға тиіс.
4. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға міндетті.
58-бап. Директорлар кеңесінің отырысы
1. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум қоғамның жарғысында белгіленеді, бірақ ол директорлар кеңесі мүшелері санының жартысынан кем болмауға тиіс.
Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны жарғыда белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау үшін директорлар кеңесі акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері акционерлердің мұндай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.
2. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің бір даусы болады.
Директорлар кеңесінің шешімдері, егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғам жарғысында көзделуі мүмкін.
3. Директорлар кеңесі директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алатын өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
4. Қоғам жарғысында директорлар кеңесінің қарауына енгізілген мәселелер бойынша директорлар кеңесінің сырттай дауыс беру арқылы шешімдер қабылдау мүмкіндігі және осындай шешімдерді қабылдау тәртібі көзделуі мүмкін.
Директорлар кеңесінің сырттай отырысының шешімі жазбаша түрде ресімделуге тиіс және осы шешімді қабылдау үшін директорлар кеңесі мүшелерінің қойған қолдарының саны жеткілікті болғанда жарамды деп танылады.
5. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған отырыста төрағалық еткен адам мен директорлар кеңесінің хатшысы қол қоюға және онда:
1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс берудің қорытындылары;
6) қабылданған шешімдер;
7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.
6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамның мұрағатында сақталады.
Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып, қоғамның мөрі басылып куәландырылған үзінді көшірмесін беруге міндетті.
59-бап. Атқарушы орган
1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.
2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын жеке еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын жеке еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын жеке еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі
Атқарушы органның басшысы:
1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
4) қоғам қызметкерлерін (атқарушы органның мүшелері болып табылатын қызметкерлерді қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Ішкі аудит қызметі
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін мүшелерінің саны кемінде үшеу болатын ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің принциптері
Қоғамның лауазымды адамдары:
1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды.
63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
1. Қоғамның атқарушы органының басшысы мен мүшелері өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) қоғамға келтірілген зиян үшін қоғам алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде лауазымды адамның қоғамға келтірген зиянын не залалын өтеуі туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
6-тарау. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары
64-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғасы
1. Мыналар:
1) қоғамның ірі акционері;
2) қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын жеке адамның жақын туысы (ата-анасы, ерлі-зайыптылар, аға-інісі, апа-сіңлісі, ұлы, қызы), сондай-ақ жекжаты (зайыбының (жұбайының) аға-інісі, апа-сіңлісі, ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып келетін жеке адам;
3) қоғамның немесе қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын заңды тұлғаның лауазымды адамы;
4) қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын жеке адамның бақылауындағы заңды тұлға;
5) өзіне қатысты қоғам ірі акционер болып табылатын немесе мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;
6) өзіне қатысты қоғам еншілес қоғам болып табылатын немесе тәуелді (бақылауындағы) қоғам деп танылатын заңды тұлға;
7) қоғамға қатынасы жөнінен оның еншілес ұйымы болып табылатын немесе тәуелді (бақылауындағы) қоғам деп танылатын заңды тұлға;
8) қоғаммен бірге үшінші тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
9) қоғаммен қолданыстағы шарт арқылы байланысы бар, қоғам қабылдайтын шешімдерді сол шартқа сәйкес айқындауға құқылы заңды тұлға;
10) өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп (халықтық акционерлік қоғамда бес және одан да көп) процентін иеленетін, пайдаланатын және оларға билік ететін тұлға;
11) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын өзге тұлға қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылады.
2. Тиісті қоғам немесе өзге заңды тұлға қабылдайтын шешімді анықтау мүмкіндігі қоғамға немесе өзге заңды тұлғаға бақылау жасау деп танылады.