2. Акционерлердің жалпы жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде акционер өзіне тиесілі акцияларды сатып алу туралы қоғамға жазбаша өтініш жіберу арқылы талап қоюға құқылы.
Аталған өтініш алынған күннен бастап отыз күн ішінде қоғам акционерден акцияларды осы Заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген бағамен сатып алуға міндетті.
3. Қоғамның өз акционерлері сатып алуға өтініш берген орналастырылған акцияларының саны қоғам сатып алуы мүмкін акциялардың санынан артық болған жағдайда бұл акциялар акционерлерден оларға тиесілі акциялардың санына барабар сатып алынады.
28-бап. Қоғамның орналастырылған акцияларды сатып алуы бойынша шектеулер
1. Қоғам сатып алатын орналастырылған акциялардың саны орналастырылған акциялардың жалпы санының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, ал қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алуға жұмсайтын шығыстары:
1) орналастырылған акцияларды акционердің талап етуі бойынша сатып алған кезде - акционерлердің жалпы жиналысында осы Заңның 27-бабының 1-тармағында аталған шешімдердің бірі қабылданған күнгі жағдай бойынша;
2) орналастырылған акцияларды қоғамның бастамасы бойынша сатып алған кезде - қоғамның орналастырылған акцияларын сатып алу туралы шешім қабылданған күнгі жағдай бойынша оның өз капиталы мөлшерінің он процентінен аспауға тиіс.
2. Қоғам сатып алған акциялар оның акционерлері жалпы жиналысының кворумын анықтаған кезде есепке алынбайды және онда дауыс беруге қатыспайды.
29-бап. Қоғам акцияларына опциондар
1. Қоғам Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес мынадай талаптар сақталған жағдайда, қоғам шығаратын акцияларды сатып алуына опциондар жасасуға құқылы:
1) қоғамның осындай опциондар нысанасы болып табылатын акцияларының саны қоғамның жарияланған және орналастырылған акцияларының саны арасындағы айырмадан аспауға тиіс;
2) халықтық акционерлік қоғамның, қоғамның орналастырылған акцияларының жалпы санының бір және одан да көп проценті болатын мөлшердегі қоғам акциялары нысанасы болып табылатын опциондар жасасуы акционерлердің жалпы жиналысының рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, қоғамға оның өзі орналастырған акцияларды сатып алуға міндеттенетін опциондар жасасуға тыйым салынады.
3. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар опциондар жасаса алмайды.
30-бап. Қоғамның айырбасталатын бағалы қағаздары
1. Қоғам айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға оның жарғысында мұндай шығару мүмкіндігі көзделген жағдайда ғана құқылы.
Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға құқығы жоқ.
2. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырма шегінде жол беріледі.
3. Қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау талаптары мен тәртібі айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару проспектісімен белгіленеді.
31-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу
1. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу құқығын қоғам жарғысының ережелерімен шектеуге немесе алып тастауға болмайды.
Егер кепіл талаптарында өзгеше көзделмесе, акционердің дауыс беруге және өзі кепілге салған акция бойынша дивидендтер алуға құқығы болады.
2. Қоғам өзі орналастырған бағалы қағаздарды:
1) кепілге берілетін бағалы қағаздар толық төленген;
2) қоғамның бағалы қағаздардың қайталама рыногында сатып алған акцияларын қоспағанда, қоғамға кепілге берілетін және оның кепілінде жатқан бағалы қағаздардың жалпы саны қоғамның орналастырылған акцияларының жиырма бес процентінен аспаған;
3) егер қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, кепіл туралы шартты директорлар кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана кепілге қабылдай алады.
3. Егер кепіл талаптарында өзгеше белгіленбесе, қоғам орналастырған және оның кепілінде жатқан акциялар бойынша дауыс беру құқығы акционерге тиесілі болады. Қоғам өзінде кепілде жатқан акцияларымен дауыс беруге құқылы емес.
4. Қоғамның бағалы қағаздарының кепілін тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес белгіленеді.
2003 жылғы 29 қарашадағы N 500-ІІ ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегін қоғамның жарияланған акциялары есебінен өтеу
1. Егер жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегін (бұдан әрі - мерзімі өткен берешек) төлеу мерзімі үш айдан астам өтіп кетсе, Қазақстан Республикасының мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органы (бұдан әрі - мемлекеттік орган) қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеткізу мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес қоғамның жарияланған акцияларына билік етуін шектеу туралы шешім қабылдауға;
2) қоғамның жарияланған акциялары болмаған немесе олар қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда қоғамның мерзімі өткен берешегін қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығартқызып, кейіннен оларды орналастыру арқылы өтеткізу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
2. Қоғамның жарияланған билік етуі шектелген акцияларын және мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастыру Қазақстан Республикасының салық заңдарында билік етуі шектелген мүлікті өткізу үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қоғам қызметін республиканың экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор салаларда жүзеге асыратын жағдайда, мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеу есебіне мемлекет меншігіне оларды мәжбүрлеп алып қою арқылы орналастыруға құқылы.
3. Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын мемлекет меншігіне алып қою оларға мемлекеттік меншік құқығын қоғам акцияларын ұстаушылар тізілімінде тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік меншік құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілеттік берген мемлекеттік органға тіркеледі.
4. Жарияланған акцияларды сот шешімімен мәжбүрлеп шығаруды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
5. Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан түскен ақшаны, қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуді қоспағанда, өзге мақсаттарға пайдалануға тыйым салынады.
Қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан алынған сома мерзімі өткен берешек сомасынан асып түскен жағдайда айырма қоғамның кірісіне жіберіледі.
6. Қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеу үшін қажетті акциялардың орналастырылу бағасы мен санын қоғаммен келісе отырып, мемлекеттік орган белгілейді. Мемлекеттік органның бастамасымен акциялардың орналастырылу бағасын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалаушының да белгілеуі мүмкін.
Акциялардың орналастырылу бағасын бағалаушы белгілеген жағдайда бағалауға байланысты шығындарды қоғам көтереді.
7. Мерзімі өткен берешек қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын орналастырудан түсетін ақша есебінен өтелген жағдайда немесе қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларға мемлекеттің меншік құқығы қоғамның акцияларын ұстаушылар тізіліміне тіркелген кезден бастап қоғамның мерзімі өткен берешегі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес өтелген болып есептеледі.
5-тарау. Қоғамды басқару
33-бап. Қоғамның органдары
1. Мыналар қоғам органдары болып табылады:
1) жоғары орган - акционерлердің жалпы жиналысы (барлық дауыс беретін акциялары бір акционерге тиесілі қоғамда - сол акционер);
2) басқару органы - директорлар кеңесі;
3) атқарушы орган - алқалы орган немесе атауы қоғамның жарғысында белгіленетін атқарушы орган қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлға. Халықтық акционерлік қоғамда атқарушы орган тек алқалы болуға тиіс;
4) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және қоғам жарғысына сәйкес өзге де органдар.
2. Қоғамның жарғысында ішкі аудит қызметін құру көзделуі мүмкін.
Халықтық акционерлік қоғамдарда ішкі аудит қызметінің болуы міндетті болып табылады.
3. Бұрын уәкілетті органның мемлекеттік қызметшісі болған және өзінің қызметтік функциялары бойынша қоғам қызметіне мемлекет тарапынан бақылау мен қадағалау жөнінде өкілеттігі болған жеке адам осындай өкілеттік тоқтатылған күннен бастап бір жыл ішінде, барлық дауыс беретін акциялары мемлекетке тиесілі қоғамның органдарын қоспағанда, осы қоғамның органына сайлана алмайды.
4. Барлық дауыс беретін акциялары бір акционерге тиесілі қоғамда қоғамның жарғысында қоғамды директорлар кеңесін құрмай-ақ басқару мүмкіндігі көзделуі мүмкін.
34-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамды басқару ерекшеліктері
1. Республикалық меншіктегі мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Ұлттық Банкінің шешімі бойынша өзге мемлекеттік органға беруі мүмкін.
2. Коммуналдық меншіктегі мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығы жергілікті атқарушы органның шешімімен өзге мемлекеттік органға берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша акционер ретінде мемлекеттің мүдделерін білдіреді.
Мемлекеттік акциялар пакеттерін иелену мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар акционерлердің жалпы жиналыстарында қабылдауға ұсынылатын шешімдердің жобаларын мемлекеттің қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметімен және (немесе) мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік органмен алдын ала жазбаша түрде келісуді қамтамасыз етуге міндетті мәселелер тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Ұлттық компанияларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі қоғамның директорлар кеңесі атқарушы органның ұсынуымен қоғамның қаржы-шаруашылық қызметінің орташа мерзімді жоспарларын бекітеді.
Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарлары мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін тәртіппен және мерзімдерде табыс етіледі. Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, ұлттық экономиканың негізін құрайтын стратегиялық жағынан маңызды салаларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған акционерлік қоғам ұлттық компания болып табылады. Жекешелендіруге жатпайтын мүлікті ұлттық компанияларға берудің талаптары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның атқарушы органы аталған акцияларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға мемлекеттік акциялар пакетіне дивидендтер мөлшерінің болжамды көрсеткіштерін жоспарланып отырған жылдан алдыңғы жылдың бірінші сәуіріне дейін табыс етуге міндетті.
35-бап. Акционерлердің жалпы жиналысы
1. Акционерлердің жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.
Қоғам акционерлердің жылдық жалпы жиналысын жыл сайын өткізіп отыруға міндетті. Акционерлердің өзге жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
Акционерлердің бірінші жалпы жиналысы жарияланған акциялардың шығарылуы мемлекеттік тіркеуден өткізілгеннен және акцияларды ұстаушылардың тізілімі жасалғаннан кейін шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
2. Акционерлердің жыл сайынғы жалпы жиналысында қоғамның жылдық қаржы есептілігі бекітіледі, өткен қаржы жылындағы қоғамның таза табысын бөлу тәртібі және қоғамның бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшері белгіленеді. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы, шешім қабылдау қоғам акционерлерінің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған, басқа да мәселелерді қарауға құқылы.
3. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейін бес ай ішінде өткізілуге тиіс.
Есепті кезең ішінде қоғамның аудитін аяқтау мүмкін болмаған жағдайда аталған мерзім үш айға дейін ұзартылған болып саналады.
4. Барлық дауыс беретін акциялары жалғыз акционерге тиесілі қоғамда акционерлердің жалпы жиналысы өткізілмейді. Осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді мұндай акционер жеке-дара қабылдайды және бұл шешімдер артықшылықты акциялармен куәландырылған құқыққа нұқсан келтірмейтін және оны шектемейтін жағдайда жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда қоғамның жалғыз акционері немесе қоғамның барлық дауыс беретін акцияларын иеленуші тұлға заңды тұлға болып табылса, осы Заңда және қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді Қазақстан Республикасының заңдарына және заңды тұлғаның жарғысына сәйкес заңды тұлғаның осындай шешімдерді қабылдауға құқығы бар органы, лауазымды адамдары немесе қызметкерлері қабылдайды.
36-бап. Акционерлердің жалпы жиналысының құзыреті
1. Акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мына мәселелер жатқызылады:
1) қоғам жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакциясында бекіту;
2) қоғамды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
3) қоғамның жарияланған акцияларының санын өзгерту туралы шешім қабылдау;
4) есеп комиссиясының сан құрамын және өкілеттік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін белгілеу, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеудің мөлшері мен талаптарын айқындау;
6) қоғамның аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды белгілеу;
7) жылдық қаржы есептілігін бекіту;
8) қоғамның есепті қаржы жылындағы таза табысын бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және жыл қорытындылары бойынша қоғамның бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту;
9) осы Заңның 22-бабының 5-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;
10) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда - он) және одан да көп процентін құрайтын сомадағы активтердің бір немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
11) қоғамның ірі мәмілелер жасасу және жасалуына қоғам мүдделі болатын мәмілелер жасасу туралы шешімдерін бекіту;
12) қоғам міндеттемелерін оның өз капиталы мөлшерінің жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда - он) және одан да көп процентін құрайтын сомаға көбейту туралы шешім қабылдау;
13) акционерлердің жалпы жиналысын шақыру туралы қоғамның акционерлерге хабарлау нысанын белгілеу және мұндай ақпаратты баспасөз басылымында беру туралы шешім қабылдау;
14) қоғам акцияларды Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес сатып алған жағдайда олардың құнын белгілеу әдістемесін бекіту;
15) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін бекіту;
16) акционерлерге қоғам қызметі туралы ақпарат беру тәртібін белгілеу, оның ішінде, егер мұндай тәртіп қоғам жарғысында белгіленбесе, баспасөз басылымын анықтау;
17) "алтын акцияны" енгізу және оның күшін жою;
18) шешім қабылдау осы Заңда және қоғам жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелер.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында аталған мәселелер бойынша акционерлердің жалпы жиналысының шешімдері қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының айқын басым көпшілігімен, ал инвестициялық жекешелендіру қорын қайта құру нәтижесінде құрылған қоғамда - қоғамның жиналыста өкілдік еткен дауыс беретін акцияларының айқын басым көпшілігімен қабылданады.
Егер осы Заңда және қоғам жарғысында өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысының өзге мәселелер бойынша шешімдері қоғамның дауыс беруге қатысушы дауыс беретін акцияларының жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.
Қоғам жарғысында директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімді қабылдау үшін қажетті дауыс санын осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілгеннен артық белгілеуге болмайды.
3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шешім қабылдау акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді басқа органдардың, лауазымды адамдардың және қоғам қызметкерлерінің құзыретіне беруге жол берілмейді.
4. Егер жарғыда өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның ішкі қызметіне жататын мәселелер бойынша қоғамның өзге органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.
37-бап. Акционерлердің жалпы жиналысын шақыру тәртібі
1. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысын директорлар кеңесі шақырады.
2. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы:
1) директорлар кеңесінің;
2) ірі акционердің бастамасы бойынша шақырылады.
Ерікті түрде таратылу процесіндегі қоғам акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын қоғамның тарату комиссиясы шақыруы, әзірлеуі және өткізуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заң актілерінде акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы міндетті түрде шақырылатын жағдайлар көзделуі мүмкін.
3. Акционерлердің жалпы жиналысын әзірлеу мен өткізуді:
1) атқарушы орган;
2) өзімен жасалған шартқа сәйкес қоғамның тіркеушісі;
3) директорлар кеңесі;
4) қоғамның тарату комиссиясы жүзеге асырады.
4. Осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, акционерлердің жалпы жиналысын шақыру, әзірлеу және өткізу жөніндегі шығындарды қоғам көтереді.
5. Қоғамның органдары акционерлердің жылдық жалпы жиналысын шақырудың осы Заңда белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, акционерлердің жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімі негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
Егер қоғам органдары акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізу туралы қоғамның ірі акционерінің талабын орындамаса, қоғам акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы оның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін.
38-бап. Ірі акционердің бастамасы бойынша акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру және өткізу ерекшеліктері
1. Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы талап қоғамның атқарушы органының орналасқан жеріне тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы директорлар кеңесіне қойылады, онда мұндай жиналыстың күн тәртібі болуға тиіс.
2. Директорлар кеңесі аталған талапты алған күннен бастап он күн ішінде шешім қабылдауға және осы талапты қойған тұлғаға акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы хабарлама жіберуге міндетті. Қойылған талапқа сәйкес акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы шақырылған жағдайда директорлар кеңесі жалпы жиналыстың күн тәртібін өз қалауы бойынша кез келген мәселелермен толықтыруға құқылы.
39-бап. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердің тізімі
1. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердің тізімін қоғам акцияларын ұстаушылардың тізіліміндегі деректер негізінде қоғамның тіркеушісі жасайды. Аталған тізімді жасау күні жалпы жиналысты өткізу туралы шешім қабылданған күннен ерте белгіленбеуі керек.