25-бап. Жеке еңбек шартын тоқтату мен бұзу негiздерi
1. Жеке еңбек шарты:
1) мерзiмiнің бiтуi бойынша;
2) тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтатылуы мүмкiн.
2. Жеке еңбек шарты:
1) тараптардың келiсiмi бойынша;
2) тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша;
3) заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша бұзылуы мүмкiн.
3. Тараптар жасасқан жеке еңбек шарты тараптардың келiсiмi бойынша бұзылуы мүмкiн. Қызметкер мен жұмыс берушiнiң жазбаша келiсуi жеке еңбек шартын тараптардың келiсiмi бойынша бұзудың негiзi болып табылады.
4. Жеке еңбек шарты тараптардың бiрiнiң бастамасымен, егер бұл тарап екiншi тарапқа жеке еңбек шартында келiсiлген мерзiмде жазбаша ескертсе, бұзылуы мүмкiн. Бiр тараптың екiншi тарапқа ескерту мерзiмi жеке еңбек шарты бұзылған кезге дейiн бiр айдан кем болмауы керек.
5. Жеке еңбек шартын бұзу және тоқтату жұмыс берушiнiң бұйрығымен ресiмделедi.
ҚР 06.12.01 ж. N 260-11 Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Жеке еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың негiздерi
Жеке еңбек шарты:
1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушiнiң (жеке адамның) қызметi тоқтаған;
2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқартылған;
3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi iшiнде қызметкердiң жеткiлiктi бiлiктiлiгiнiң болмауы не белгiлi бiр жұмысты жалғастыруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкессiздiгi аңғарылған;
4) жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ заңдарда сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленбесе, жұмысқа екi айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Аурулар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Еңбек қабiлетiн еңбекте мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) еңбек қабiлетi қалпына келгенге немесе мүгедектiк анықталғанға дейiн сақталады;
5) қызметкер ұйыммен бiрге басқа жерге ауысудан бас тартқан;
6) осы Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстырудан қызметкер бас тартқан;
7) еңбек жағдайларындағы өзгерiске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
8) егер қызметкер тәртiптiк жаза алған болса, ол еңбек мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз қайталап орындамаған;
9) қызметкер еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкiн.
Қызметкердiң еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзуына: бiр жұмыс күнiнде дәлелдi себептерсiз жұмыста үш сағат бойы болмауы; жұмысқа алкогольдiк немесе нашақорлық масаң күйде немесе өзге де түрдегi уыттық улану жағдайында келуi; жұмыс күнi iшiнде алкогольдік, нашақорлық масаңдық немесе өзге де жағынан улану жағдайын туғызатын заттарды пайдалану; қызметкердiң еңбек қорғау немесе өрт қауiпсiздiгi не көліктегі жүру қауіпсіздігі ережелерiн бұзып, оның жарақат алу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соғуы немесе әкеп соғу мүмкiндiгi; жұмыс орны бойынша соттың заңды күшiне енген үкiмiмен немесе қаулысымен белгiленген мүлiктi (соның iшiнде ұсақ заттарды) ұрлауы жатады;
10) егер iс-әрекетi оған жұмыс берушi тарапынан сенiмiнiң жоғалуына негiз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тiкелей қызмет ететiн қызметкер кiнәлi iс-әрекет жасаған;
11) бiлiм беру саласында тәрбиешiлiк мiндеттi атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастыруға сыйымсыз моральға жат қылық жасаған;
12) жеке еңбек шартына сәйкес өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк, қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария еткен;
13) осы Заңның 21-бабына және осы баптың 5) тармақшасына сәйкес басқа жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тартқан;
14) Бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешiмiмен жұмысына қайта алынған жағдайда жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзылуы мүмкiн.
27-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасымен жеке еңбек шартын бұзу мүмкiндiгiн шектеу
1. 26-баптың 1) және 2) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жұмыс берушi жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жеке еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемiнде бiр ай бұрын жазбаша түрде ескертуге мiндеттi.
2. Осы Заңның 26-бабының 1) және 2) тармақшаларында және 30-бабының 1) тармақшасында көзделген негiздер бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушi қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлейдi.
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердiң басқа да жағдайлары мен мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
28-бап. Жеке еңбек шартын қызметкердiң бастамасы бойынша бұзудың негiздерi
1. Қызметкер жеке еңбек шартын жұмыс берушiге бұл туралы бiр ай бұрын жазбаша түрде ескертiп тоқтатуға құқылы.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шарты ескерту мерзiмi бiткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
3. Жұмысты жалғастыруды жоққа шығаратын немесе едәуiр қиындататын мән-жайлар (денсаулық жағдайы, зейнеткерлiк жас, басқа жерге көшу, жалақыны мерзiмiнде төлемеу және өзге де жағдайлар) болған кезде жеке еңбек шартын бұзу қызметкердiң өтiнiшiнде көрсетiлген мерзiмде жүргiзiледi.
29-бап. Жұмысқа қайта алу
Жеке еңбек шарты заңсыз негiзде бұзылған не басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған жағдайда еңбек дауын қарайтын орган қызметкердi бұрынғы жұмысына қайта алғызуға тиiс.
Жеке еңбек шартының заңсыз бұзылуына байланысты бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан жұмыссыз жүрген барлық уақыты, бiрақ үш айдан аспайтын уақыт үшiн орташа табысы төленедi.
30-бап. Жеке еңбек шартын тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтату
Жеке еңбек шарты тараптардың еркiне байланысты емес мынадай мән-жайлар бойынша:
1) қызметкердi әскери қызметке шақырған кезде құжатын көрсеткенде үш күн мерзiмде;
2) қызметкер жазаға тартылған сот үкiмi заңды күшiне енген жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкiндiгi болмағанда;
3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкердi қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда;
4) сот қызметкердi әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi, соның салдарынан қызметкердiң бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкiндiгi жоқ деп таныған жағдайда тоқтатылуға тиiс.
Соттың үкiмi, шешiмi заңды күшiне енген күн немесе қайтыс болған күн осы баптың 2)-4) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылған күнi болып табылады.
31-бап. Жұмыстан шеттету
1. Нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жағдайларда уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша жұмыс берушi қызметкердi өз құзыретi шегiнде сол органдар жасаған қаулылар мен шешiмдер негiзiнде жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
2. Жұмыс берушi заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) алкогольдiк, нашақорлық масаңдық немесе өзге де түрдегi улану жағдайында жұмысқа келген;
2) еңбек қорғау ережелерi бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жеке басын қорғаудың жұмыс берушi берген керектi құралдарын пайдаланбаған;
4) егер ол заңдарға сәйкес мiндеттi болса, медициналық тексеруден өтпеген қызметкердi жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
3. Жұмыстан шеттету кезеңiне жалақы сақталмайды.
4. Қызметкердi жұмыстан шеттету оған негiз болған себептер анықталғанға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылуы мүмкін.
3-тарау. Ұжымдық шарт
32-бап. Ұжымдық шарт жасасу туралы шешiм қабылдау құқығы
1. Бiр немесе бiрнеше жұмыс берушiлер (олардың өкiлдерi) және бiр немесе бiрнеше кәсiптiк одақтар не кәсiптiк одақтардың мүшесi емес, өз ұйымын құрған қызметкерлер ұжымдық шарттар жасасу мақсатымен келiссөздер жүргiзе алады.
2. Жұмыс берушi ұжымдық шарттар жасасатын тараптардың барлық өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзедi.
3. Ұжымдық шарттың күшi ұжымдық шартқа атынан қол қойылған қызметкерлерге қолданылады.
4. Келiссөздер жүргiзiлетiн уақытқа келiссөздер жөнiнде екiжақты комиссия құрылады, оған екi жақтан да тең мөлшерде өкiлдер енедi.
33-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны және құрылымы
1. Ұжымдық шарттың мазмұнын келiссөздер жөнiндегi екiжақты комиссияда тараптар белгiлейдi.
2. Ұжымдық шарт:
оның қолданылу мерзiмi туралы;
орындалуын бақылау тәртiбi туралы;
шарт талаптарының орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк туралы;
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi туралы ережелердi қамтиды.
3. Ұжымдық шарттардың ережелерi қызметкерлердiң құқығын шектемеуi, еңбек жағдайларын нашарлатпауы және заңдарда белгiленген кепiлдiктердi бұзбауы керек.
34-бап. Ұжымдық шартты әзiрлеу және жасасу тәртiбi
1. Ұжымдық шарттың жобасын дайындау мен оны комиссияның қарауына енгiзуге тараптардың кез келгенi бастамашы болуы мүмкiн.
Жобаны ұйымның қызметкерлерi мiндеттi түрде талқылауға тиiс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердiң өздерi анықтайды.
Жобаны комиссия келiп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықтайды.
2. Тараптардың келiсiмiне қол жеткiзiлген жағдайда ұжымдық шарт кемiнде екi дана етiп жасалады және оларға тараптардың өкiлдерi қол қояды.
35-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзiмдерi мен аясы
1. Ұжымдық шарт тараптар белгiлейтiн мерзiмге жасалады.
2. Егер ұжымдық шарттың ережелерiнде өзгеше көзделмесе, ол қол қойылған кезден бастап күшiне енедi және тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болады.
3. Ұжымдық шарт ұйымды басқару органының құрылымы, құрамы өзгерген жағдайда күшiнде қалады және қолданыла бередi.
4. Ұжымдық шарт ұйымды қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) кезеңiнде өз күшiн сақтап қалады. Кейiннен ұжымдық шарт тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
5. Ұйымның меншiк иесi ауысқан жағдайда ұжымдық шарттың қолданылуы үш ай бойы сақталады. Осы кезеңде тараптар жаңа ұжымдық шарт жасасу немесе қолданылып жүрген шарттың сақталуы, өзгертiлуi және толықтырылуы туралы келiссөздер бастауға құқылы.
6. Ұйым таратылған және ол банкрот деп жарияланған жағдайда тарату немесе банкроттық туралы тиiстi шешiм қабылданған кезден бастап ұжымдық шарттың қолданылуы тоқтатылады.
7. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде оған өзгерiстер мен толықтырулар тараптардың өзара келiсуi бойынша ұжымдық шартта белгiленген тәртiппен ғана жүргiзiледi.
8. Тараптардың өкiлдерi қызметкерлердi ұжымдық шартпен таныстырып, оларға орындалу барысы туралы хабарлап отыруға мiндеттi.
4-тарау. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбек
қатынастарын реттеу
36-бап. Маусымдық қызметкерлер
1. Табиғи және климат жағдайларына байланысты бүкiл күнтiзбелiк жылда емес, алты айдан аспайтын белгiлi бiр кезең (маусым) iшiнде жұмыс атқаратын қызметкерлер маусымдық қызметкерлер болып танылады.
2. Маусымдық қызметкерлерге осы Заңның күшi олардың жеке еңбек шарттарымен реттелмейтiн және маусымдық жұмыс сипатына қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
37-бап. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шартын жасасу
Маусымдық қызметкерлердi жұмысқа қабылдау кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатымен сынақ белгiленбейдi.
38-бап. Маусымдық жұмысқа жасалған жеке еңбек шартын бұзудың негiздерi
1. Маусымдық жұмыстармен айналысатын тараптың екiншi тарапты бұл туралы бiр апта бұрын ескертiп, жеке еңбек шартын өз қалауы бойынша мерзiмiнен бұрын бұзуға құқығы бар.
2. Маусымдық қызметкерлермен жеке еңбек шарты жұмыс берушiнiң бастамасымен (осы Заңда көзделген басқа негiздердi қоспағанда), сондай-ақ:
1) жұмыс берушiдегi жұмысты өндiрiстiк сипаттағы себептер бойынша екi аптадан астам мерзiмге тоқтатқан;
2) дәлелдi себепсiз бiр жұмыс күнi iшiнде жұмыс орнында болмаған және еңбекке уақытша жарамсыздығы себептi бiр ай бойы жұмыста үздiксiз болмаған жағдайларда да бұзылуы мүмкiн.
39-бап. Yй қызметкерлерi
1. Жұмыс берушi - жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыс iстеуге (қызмет көрсетуге) жеке еңбек шартын жасасқан қызметкерлер үй қызметкерлерi деп танылады.
2. Жұмыс берушi - жеке тұлғалар мен осы жұмыс берушiлерде үй шаруашылығында жұмыс iстейтiн қызметкерлер арасында жұмысты (көрсетiлетiн қызметтердi) орындауға байланысты туындайтын өзара қатынастар жеке еңбек шартымен ресiмделедi.
3. Үйде iстейтiн қызметкерлермен жасалған жеке еңбек шарты тараптардың бiрiнiң бастамасымен кез келген уақытта бұзылуы мүмкiн.
4. Үй қызметкерлерiне осы Заңның күшi олардың жеке еңбек шарттарымен реттелмейтiн және үй қызметкерлерi еңбегiнiң сипатына қайшы келмейтiн бөлігiнде қолданылады.
40-бап. Үйде жұмыс iстейтiн қызметкерлер
1. Жұмыс берушiмен өзiнiң материалдарымен және өзiндегi немесе жұмыс берушi бөлетiн не жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен тетiктерiн пайдалана отырып, жұмысты үйiнде өз еңбегiмен орындау туралы жеке еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс iстейтiн қызметкерлер деп саналады.
2. Үйде жұмыс iстейтiн қызметкерлерге осы Заңның күшi олардың жеке еңбек шарттарымен реттелмейтiн және үйде iстейтiн қызметкерлер еңбегiнiң сипатына қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
41-бап. Вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн адамдардың еңбегі
Вахталық әдiс қызметкерлердiң тұрақты тұрғылықты жерiне күн сайын оралуын қамтамасыз ету мүмкiн болмайтын, олардың тұрақты тұратын жерiнен тыс жерде еңбек процесiн жүзеге асыруының айрықша нысаны болып табылады.
Жұмыс берушi вахталық әдiспен жұмыс iстеуге тартылатын қызметкерлердi жұмыс жүргiзу объектiсiнде болған кезеңiнде олардың тiршiлiгiн қамтамасыз етуге арналған тұрғын үймен, жұмыс орнына апару мен қайтаруды қамтамасыз етедi, сондай-ақ жұмыстарды орындау мен ауысым арасында демалу үшiн жағдайлар жасайды.
42-бап. Вахтаның ұзақтығы
Объектiдегi жұмысты орындау мен вахталық поселкедегi ауысым арасындағы демалыс кезеңi күнтiзбелiк он бес күннен аспауы керек.
Жұмыс берушi жекелеген объектілерде вахтаның ұзақтығын ерекше жағдайларда ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiмен келiсiм бойынша отыз күнтiзбелiк күнге дейiн белгiлей алады.
43-бап. Вахталық әдiспен жұмыс кезiндегi жұмыс уақытының есебi
Жұмыстың вахталық әдiсi кезiнде ай, тоқсан немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бiрақ бiр жылдан аспайтын кезең iшiндегi жұмыс уақытының жиынтық есебi белгiленедi.
Есептiк кезең бүкiл жұмыс уақытын, ұйымның орналасқан жерiнен немесе жиналатын жерден жұмыс iстейтiн жерге дейiнгi жолдағы және керi қайту жолындағы уақытты, сондай-ақ белгiлi бiр күнтiзбелiк уақыт бөлiгiне тиесiлi демалыс уақытын қамтиды. Бұл орайда есептiк кезеңi iшiндегi жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Заңда белгiленген нормадан аспауға тиiс.
44-бап. Қызметкерлердiң өзге де санаттары
Қызметкерлердiң өзге санаттарының еңбек қатынастарын реттеу осы Заңға және қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын айқындайтын өзге де заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Жұмыс уақыты
45-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы
1. Қызметкер жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындауға мiндеттi уақыт жұмыс уақыты болып есептеледi.
2. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиiс.
3. Жеке еңбек шарттарында тараптардың келiсiмi бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы азырақ көзделуi мүмкiн.
46-бап. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшiн жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн - аптасына 24 сағаттан; он алтыдан он сегiз жасқа дейiн - аптасына 36 сағаттан аспайтын;
2) ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда iстейтiн қызметкерлер үшiн - аптасына 36 сағаттан аспайтын болып белгiленедi.
2. Жұмыс iстеу жұмыс уақытының ұзақтығын қысқартуға құқық беретiн өндiрiстердiң, цехтардың, кәсiптер мен қызметтердiң тiзiмiн, сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) ауыр (өте ауыр), қауiптi (өте қауiптi) жұмыстардың тiзбесiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
47-бап. Бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасы және күнделiктi жұмыстың ұзақтығы
Қызметкерлер үшiн екi демалыс күнi бар бес күндiк жұмыс аптасы белгiленедi. Бес күндiк жұмыс аптасы кезiнде күнделiктi жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыс берушiнiң актiсiмен немесе жұмыстың ерекшелiгiн, еңбек ұжымының пiкiрiн ескерiп және жұмыс аптасының белгiленген ұзақтығын сақтай отырып, жұмыс берушi бекiтетiн ауысым кестесiмен белгiленедi.
Өндiрiсiнiң сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндiк жұмыс аптасын енгiзу орынсыз ұйымдарда бiр күндiк демалысы бар алты күндiк жұмыс аптасы белгiленедi. Алты күндiк жұмыс аптасы кезiнде күнделiктi жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 7 сағаттан аспауға, апталық норма 36 сағат болғанда - 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда - 4 сағаттан аспауға тиiс.
Бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасын еңбек немесе ұжымдық шарттардың талаптарымен жұмыс берушi белгiлейдi.
48-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. 22 сағаттан бастап таңғы сағат 6-ға дейiнгi уақыт түнгi уақыт болып есептеледi.
2. Жүктi әйелдердi түнгi уақытта жұмыс iстеуге тартуға олардың келiсiмiмен ғана жол берiледi.
3. Түнгi уақытта жұмыс iстеуге он сегiз жасқа толмаған адамдар мен түнгi уақытта жұмыс iстеуге тыйым салатын медициналық қорытындысы болған жағдайда өзге де адамдар жiберiлмейдi.
49-бап. Мерзiмнен тыс жұмыстарды шектеу
1. Осы Заңның 45-бабында белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығынан тыс жұмыстар мерзiмнен тыс жұмыстар деп есептеледi.
2. Мерзiмнен тыс жұмыстарға тартуға, осы Заңның 51-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.
3. Мерзiмнен тыс жұмыстарға он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер жiберiлмейдi.
50-бап. Мерзiмнен тыс жұмыстардың шектi мөлшерi
Әрбiр қызметкер үшiн мерзiмнен тыс жұмыстар бiр күнтiзбелiк күн iшiнде екi сағаттан (ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауiптi жұмыстарда - бiр сағаттан) аспауға тиiс.
Еңбек жағдайлары өте зиянды және өте қауiптi кезде мерзімнен тыс жұмыстарға тыйым салынады.
51-бап. Қызметкерлердiң келiсiмiнсiз мерзiмнен тыс жұмыстарға жол берiлетiн ерекше жағдайлар
Қызметкердiң келiсiмiнсiз мерзiмнен тыс жұмыстарға ерекше жағдайларда ғана:
1) елдiң қорғанысы үшiн, сондай-ақ төтенше жағдайларды немесе дүлей апаттарды, өндiрiстiк аварияларды болғызбау немесе олардың зардаптарын дереу жою үшiн қажеттi жұмыстарды жүргiзу кезiнде;
2) сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, жылыту, жарық беру, канализация, көлiк, байланыс жөнiндегi қоғамдық қажеттi жұмыстарды жүргiзу кезiнде - олардың дұрыс жұмыс iстеуiн бұзатын кездейсоқ немесе күтпеген жағдайларды жою үшiн;
3) егер жұмыс үзiлiстi көтермейтiн болса, ауыстырушы қызметкер келмей қалған кезде осы Заңның 50-бабында көзделген сағаттар санынан аспайтын уақытқа жұмысты жалғастыру үшiн жол берiледi.
52-бап. Жұмыс уақытының есебi
1. Жұмыс берушi қызметкердiң сол жұмыс берушiде нақты жұмыс iстеген жұмыс уақытының есебiн жүзеге асыруға тиiс.
2. Өндiрiс (жұмыс) жағдайлары бойынша қызметкерлердiң белгiлi бiр санаты үшiн белгiленген апта сайынғы жұмыс уақытының сақталуы мүмкiн емес, үздiксiз жұмыс iстейтiн ұйымдарда, жекелеген өндiрiстерде, цехтарда, учаскелерде, бөлiмшелерде және кейбiр жұмыс түрлерiнде есептi кезең iшінде жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына осы Заңда белгiленген қалыпты жұмыс сағаттары мерзiмiнен аспауға тиiстi жағдайда жұмыс уақытының жиынтық есебiн жүргiзуге жол берiледi.
3. Жиынтық есеп жағдайында жұмыс уақытының күн сайынғы немесе апта сайынғы ұзақтығы жұмыс күнi немесе жұмыс аптасы сағаттарының нормасынан артық немесе кем болуы мүмкiн.
4. Есептi кезең ішiндегі жұмыс уақыты сағаттарының жиынтығы осы кезеңдегі сағаттардың нормасына тең болмауы мүмкiн.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебін жасаған кезде қызметкерлердiң осы санаты үшiн белгіленген орташа жұмыс күнi мен жұмыс аптасының ұзақтығы сақталуға тиісті шектегі кезең есепті кезең болып танылады.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебiн қолдану тәртібі жұмыс берушiнiң актілерiмен айқындалады және ұжымдық шартпен белгіленедi.
6-тарау. Демалыс уақыты
53-бап. Демалуға және тамақтануға арналған үзiлiс
1. Күнделiктi жұмыс (ауысым) ішінде қызметкерге демалу және тамақтану үшін жинақтап алғанда ұзақтығы бiр сағаттан кем болмайтын үзіліс берілуге тиiс. Бұл үзілiс жұмыс уақытына енгізілмейдi және қызметкер оны өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Yзiлiс беру уақыты мен оның ұзақтығы жұмыс берушiнің актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленедi.
3. Өндірiс жағдайлары бойынша үзiлiс беру мүмкін емес жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерге жұмыс уақытында демалу мен тамақтану мүмкiндігiн қамтамасыз етуге міндеттi. Мұндай жұмыстардың тiзбесi, демалу және тамақтану тәртібi мен орны жұмыс берушiнiң актілерінде белгiленедi.
54-бап. Арнаулы үзілістер
Жылдың суық мезгілiнде ашық далада, жылу берілмейтін жабық үй-жайларда жұмыс iстейтін, жүк тиеу-түсіру жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге жылыну және демалу үшін арнаулы үзілістер беріледi. Арнаулы үзілістер жұмыс уақытына қосылады.
55-бап. Күн сайынғы демалыстың ұзақтығы
Жұмыстың бiтуi мен оның келесі күнде (ауысымда) басталуы арасындағы қызметкердің күн сайынғы демалысының ұзақтығы 12 сағаттан кем болмауға тиіс.
56-бап. Демалыс күндерi
1. Қызметкерлерге демалыс күндерi (апта сайынғы үзіліссіз демалыс уақыты) берiледi.
2. Бес күндік жұмыс аптасы жағдайында қызметкерлерге аптасына - екі, ал алты күндiк жұмыс аптасында бiр демалыс күнi беріледi.
3. Жалпы демалыс күнi жексенбi болып есептеледі. Бес күндік жұмыс аптасы кезiнде екiнші демалыс күні жұмыс берушiнiң актiсімен немесе жұмыс кестесімен белгiленедi. Екi демалыс күні де, әдетте қатарынан беріледі.
4. Мерекелiк күндер жұмыс күндеріне сәйкес келген жағдайда және жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерiн басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
5. Осы Заңның 59-бабында көздеген жағдайларды қоспағанда, қызметкердi демалыс күндерінде жұмысқа тартуға оның келiсімімен ғана жол беріледi.
57-бап. Yзiлiссiз жұмыс iстейтiн ұйымдардағы демалыс күндерi
Өндiрiстiк-техникалық жағдайлары бойынша немесе халыққа үнемi үзілiссiз тұрақты қызмет көрсету қажет болуы себептi демалыс күндерi жұмысты тоқтату мүмкiн болмайтын ұйымдарда, сондай-ақ үзілiссiз өндiрiс жүргізілетін ұйымдарда жұмыс берушiнің актісiмен бекiтiлген ауысым кестесiне сәйкес, қызметкерлердің әрбiр тобына демалыс күндерi аптаның әртүрлi күндерінде кезекпен беріліп отырады.
58-бап. Мереке күндеріндегі жұмыс
Өндiрiстiк-техникалық жағдайлары бойынша немесе халыққа үзiлiссіз тұрақты қызмет көрсету қажет болуы себептi демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкiн болмайтын ұйымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында белгiлеген мереке күндерi жұмыс жүргізілмейді.
59-бап. Демалыс күндерiнде жұмысқа тарту
Демалыс күндерiнде жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды немесе дүлей апатты, өндiрiстiк аварияны болғызбау не олардың зардаптарын дереу жою үшiн;
2) жазатайым оқиғаларды, мүлiктiң жойылуын немесе бүлiнуiн болғызбау және оны тергеу үшiн;
3) тұтас алғанда ұйымның немесе оның жеке бөлiмшелерiнiң одан әрi қалыпты жұмыс iстеуi тез орындалуына байланысты болатын шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшiн жол берiледi.
60-бап. Ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысы
1. Жеке еңбек шарты бойынша жұмыс iстеушiлерге жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақтала отырып, ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысына кепiлдiк берiледi.