2. Еңбек демалысына ақы төлеу ол басталғанға дейiн күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
3. Егер басқа нормативтiк құқықтық актiлерде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiнiң актiлерiнде қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн өзгеше көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы кемiнде күнтiзбелiк он сегiз күн болатын жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.
4. Ақы төленетiн жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн өндiрiстердiң, жұмыстардың, кәсiптер мен қызметтердiң тiзбесiне сәйкес ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды және қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерге берiледi.
5. Ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысын берудiң талаптары мен тәртiбi жеке еңбек, ұжымдық шарттармен белгiленедi.
6. Қатарынан екi жыл бойы еңбек демалысын бермеуге тыйым салынады.
61-бап. Жыл сайынғы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс стажын есептеу және жыл сайынғы еңбек демалысын беру тәртiбi
1. Еңбек демалысы күндерiне дәл келетiн мереке күндерiн есептемегенде, жыл сайынғы еңбек демалыстарының ұзақтығы, қолданылып жүрген жұмыс режимдерi мен кестелерiне қарамастан, күнтiзбелiк күндермен есептеледi.
2. Жыл сайынғы еңбек демалысына құқық беретiн еңбектегi жұмыс стажына:
1) жұмыс жылы iшiнде нақты жұмыс iстеген уақыт;
2) жұмыстан заңсыз босату кезiнде амалсыздан бос жүрген уақыт;
3) емделуде болып, еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен расталған уақыт қосылады.
3. Жұмыс берушi қызметкерге жыл сайын еңбек демалысын беруге мiндеттi.
4. Жұмыс iстеген бiрiншi жылы үшiн еңбек демалысы жеке еңбек шарты бойынша бiрiншi жұмыс жылы өткеннен кейiн берiледi.
5. Қызметкердiң қалауы бойынша жыл сайынғы еңбек демалысы бөлiнiп берiлуi мүмкiн.
62-бап. Қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалыстарын берудiң кезектiлiгi
1. Қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалыстарын берудiң кезектiлiгi жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, демалыс кестесiнде, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген тәртiппен белгiленедi.
2. Өндiрiс қажеттерiне байланысты демалыс кестесi өзгерген жағдайда жұмыс берушi еңбек демалысының басталуынан кемiнде екi апта бұрын қызметкерге ол жөнiнде хабарлауға мiндеттi.
63-бап. Жыл сайынғы еңбек демалыстарын ауыстыру немесе ұзарту жағдайлары
1. Жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкер еңбек демалысы кезеңiнде еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде, жүктi болуы мен босануы бойынша демалысы кезiнде толық немесе бiр бөлiгi ауыстырылуы немесе ұзартылуы мүмкiн, бiрақ бұл орайда еңбек демалысы кезiндегi күндерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы төленбейдi.
2. Жыл сайынғы еңбек демалысы (оның бiр бөлiгi) тек қызметкердiң келiсiмiмен немесе оның өтiнiшi бойынша ғана ұзартылуы немесе келесi жұмыс жылына ауыстырылуы мүмкiн. Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісiмi бойынша келесi жылға еңбек демалысына қосылуы немесе қызметкердiң өтiнiшi бойынша басқа уақытта жеке берiлуi мүмкiн.
64-бап. Еңбек демалысынан шақырып алу
Жыл сайынғы еңбек демалысы жұмыс берушiнiң ұсынысы бойынша және қызметкердiң келiсiмiмен үзiлуi мүмкiн (еңбек демалысынан шақырып алу). Еңбек демалысының осыған байланысты пайдаланылмаған бөлiгi тараптар арасындағы уағдаластық бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде берiледi немесе қызметкердiң қалауы бойынша келесi жұмыс жылындағы еңбек демалысына қосылады, не өтемақы төленедi.
65-бап. Жалақы сақталмайтын демалыстар
Тараптардың келiсiмi бойынша қызметкерге оның өтiніші негiзiнде жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
66-бап. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыстар. Бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берiлетiн демалыстар
Әйелдерге жүктiлiгi мен босануы бойынша босанғанға дейiн ұзақтығы жетпiс күнтiзбелiк күнге, босанғаннан кейiн елу алты (ауыр босанған немесе екi немесе одан да көп бала туған жағдайда жетпiс) күнтiзбелiк күнге демалыс берiледi. Есептеу жиынтықтап жүргiзiледi және демалыс әйелдiң ұйымда жұмыс iстеу ұзақтығына қарамастан, жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүктiлiгiне және босануы бойынша осы кезеңге төленген жәрдемақыны босанғанға дейiн нақты пайдаланған күндерiнiң санына қарамастан оған толық берiледi.
Жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелдерге (еркектерге) бала асырап алған күннен бастап, сәбидiң дүниеге келген күнiнен елу алты күнге толғанға дейiнгi кезеңге (ата-анасының бiрiне) демалыс берiлiп, оның ұйымда жұмыс iстеу ұзақтығына қарамастан жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен оған осы кезеңге жәрдемақы төленедi.
67-бап. Бiр жарым жасқа дейiнгi балалары бар аналарға, бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) жалақысы сақталмай берiлетiн қосымша демалыс
Жүктiлiгi мен босануы бойынша демалыстан басқа әйелге оның өтiнiшi бойынша баласы бiр жарым жасқа толғанға дейiн оған күтiм жасау жөнiнде жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс берiледi. Қосымша демалыс уақыты iшiнде оның жұмыс орны (қызметi) сақталады.
Жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелдердiң (еркектердiң) өтiнiшi бойынша сәби бiр жарым жасқа толғанға дейiн оған күтiм жасау үшiн жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс берiлiп, осы кезеңде оның жұмыс орны (қызметi) сақталады.
Бұл демалыстың сәби бiр жарым жасқа толғанға дейiн кез келген уақытта толық немесе бөлiп пайдаланылуы мүмкiн.
68-бап. Пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы үшiн жеке еңбек шартын бұзған кезде төленетiн өтемақы
1. Жеке еңбек шартын бұзу кезiнде, оның қандай негiзде бұзылғанына қарамастан, өзiнiң жыл сайынғы еңбек демалысын алу құқығын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге өтемақы төленедi.
2. Егер жеке еңбек шартын бұзған күнге қарай қызметкер жұмыс жылының бiр бөлiгiнде жұмыс iстесе, өтемақы жұмыс iстеген уақытқа бара-бар төленедi.
3. Жеке еңбек шартын бұзу кезiндегi пайдаланылмаған еңбек демалысы үшiн өтемақы жеке еңбек шарты тоқтатылған күнi төленедi.
69-бап. Оқу демалысы
Бiлiм беру ұйымында оқитын қызметкерлерге емтихандар тапсыру, диплом жобасын (жұмысын) дайындау және қорғау, бiтiрушiлер емтихандарын тапсыру кезеңiнде ақы төленетiн немесе ақы төленбейтiн қосымша демалыс берiлуi мүмкiн.
7-тарау. Жалақы және еңбекті нормалау
70-бап. Жалақы
1. Жұмыс берушi осы Заңға, жеке еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес қызметкердiң еңбегiне ақы төлеуге мiндеттi.
2. Қызметкерлердiң еңбегiне ақы мерзiмдiк, кесiмдi түрде немесе еңбекке ақы төлеудiң өзге де жүйелерi бойынша төленедi. Ақы төлеу еңбектiң жеке және/немесе ұжымдық нәтижелерi үшiн жүргізiлуі мүмкiн.
3. Қызметкердiң жалақысы орындалатын жұмыстың саны мен сапасына, күрделiлiгiне қарай белгiленедi.
Қызметкерлердiң өндiрiс тиiмдiлiгi мен жұмыс сапасын арттыруға материалдық мүдделiлiгiн күшейту үшiн жыл iшiндегi жұмысының қорытындысы бойынша сыйлық, сыйақы беру жүйесi және материалдық көтермелеудiң басқа да нысандары енгiзiлуi мүмкiн.
4. Ұйымдарда еңбекке ақы төлеу жүйесi ұжымдық шарттармен немесе жұмыс берушінің актілерімен белгiленедi.
5. Қызметкерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптары мен жұмыстардың белгiлi бiр түрлерiнiң күрделiлiгi жұмыстар мен жұмысшылар кәсiптерiнiң бiлiктiлiк анықтамалығы, қызметшiлер лауазымдарының бiлiктiлiк анықтамалығы негiзiнде белгiленедi. Аталған анықтамалықтарды әзiрлеу мен қолданудың тәртiбiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. Орындалған жұмыстарды белгiлi бiр күрделi жұмысқа жатқызуды және қызметкерлерге бiлiктiлiк разрядтарын берудi жұмыс берушi жұмыстар мен жұмысшылар кәсiптерiнiң бiлiктiлiк анықтамалығына және қызметшiлер лауазымдарының анықтамалығына сәйкес дербес жүргiзедi.
71-бап. Жалақының мөлшерi
Жалақының мөлшерiн жұмыс берушi дербес белгiлейдi және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнен кем болмауы керек.
72-бап. Қызметтердi қоса атқару (қызмет көрсету аймақтарын кеңейту) және жұмыста уақытша болмаған қызметкердiң мiндеттерiн орындау кезiндегi жалақы
1. Белгiлi бiр ұйымда өзiнiң жеке еңбек шартымен келiсiлген негiзгi жұмысымен қатар өзiнiң негiзгi жұмысынан босатылмастан басқа қызмет немесе уақытша болмаған қызметкердiң мiндетi бойынша қосымша жұмысты орындайтын қызметкерлерге қосымша ақы төленедi.
2. Қызметтердi қоса атқарғаны (қызмет көрсету аймақтарын кеңейткенi) немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкердiң мiндеттерiн орындағаны үшiн қосымша ақылардың мөлшерiн қызметкермен келісiм бойынша жұмыс берушi белгiлейдi.
73-бап. Мерзiмнен тыс жұмыстарға, мереке және демалыс күндерiндегi жұмыстарға ақы төлеу. Түнгi уақыттағы еңбекке ақы төлеу
1. Мерзiмнен тыс жұмысқа ақы бiр жарым есе мөлшерiнен кем төленбейдi.
2. Мереке және демалыс күндерiндегi жұмысқа ақы екi еседен төмен болмайтын мөлшерде төленедi.
3. Мереке және демалыс күндерiндегi жұмыстарға төленетiн өтемақы қызметкердiң тiлегi бойынша қосымша демалыс күнiмен ауыстырылуы мүмкiн.
4. Түнгi уақыттағы жұмыстың әрбiр сағатына ақы бiр жарым есе мөлшерiнен кем төленбейдi.
74-бап. Бос тұрып қалған уақытқа ақы төлеу
1. Жұмыстың бос тұрып қалған уақытына ақы төлеудiң тәртiбi мен талаптары жеке еңбек немесе ұжымдық шарттармен белгiленедi.
2. Қызметкердiң кiнәсiнен бос тұрып қалған уақытқа ақы төленбеуге тиiс.
75-бап. Еңбек нормалары
1. Еңбек нормалары (жұмыс iстеу, уақыт, қызмет көрсету нормалары) еңбек шығынының өлшемi болып табылады және қызметкер үшiн техниканың, технологияның, еңбек өндiрiсiн ұйымдастырудың қол жеткен деңгейiне сәйкес белгiленедi.
2. Еңбек нормаларын енгiзудi, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс берушi жүргiзедi.
Еңбектiң жаңа нормаларының енгiзiлетiнi туралы қызметкерлерге кемiнде бiр ай бұрын хабарланады.
3. Қызметкерлердің жұмыс iстеу нормаларын орындауы үшiн жұмыс берушi қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер үшiн жұмыс iстеу нормалары жеке еңбек шартына сәйкес он сегiз жасқа толмаған адамдарға арналған жұмыс уақытының ұзақтығына бара-бар қысқартылған ересек қызметкерлерге арналған жұмыс iстеу нормаларын негiзге ала отырып белгiленедi.
76-бап. Жалақы төлеу мерзiмдерi
1. Жалақы бiр айда кем дегенде бiр рет төленедi. Жалақыны төлеу күндерi жеке еңбек, ұжымдық шарттарда қарастырылады.
2. Жалақы төлейтiн күн демалыс немесе мереке күндерiне тура келген жағдайда, оны төлеу олардың қарсаңында жүргiзiледi.
3. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақы, ал қызметкермен жеке еңбек шарты бұзылған кезде - оған тиесiлi басқа да төлемдер белгiленген мерзiмдермен салыстырғанда кешiктiрiлген кезде жұмыс берушi қызметкерге берешек пен өсiмақы төлейдi. Өсiмақының мөлшерi жалақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің қайта қаржыландыру ставкасы бойынша белгiленедi және төлем жүргiзiлуге тиiс болған күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептелiп төленген күнмен аяқталады.
4. Жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге тиесiлi барлық сомаларды төлеу соңғы жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
77-бап. Жалақы төленетiн орын
1. Қызметкерлерге жалақы төлеу, егер жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушiнiң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, әдетте, олардың жұмысын орындайтын жерiнде жүргiзiлуге тиiс.
2. Тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде (iссапарда, тапсырысшының ұйымдарында және басқаларында) жұмыс берушiнiң тапсырмасын орындаушы қызметкердiң жалақысын жеткiзудi жұмыс берушi өз есебiнен қамтамасыз етуге тиiс.
78-бап. Қызметкердiң орташа жалақысын есептеу тәртiбi
3ейнетақы төлемдерiн, еңбекке уақытша жарамсыздық, жүктiлiк пен босану жөнiндегi жәрдемақыларды және басқа да төлемдердi есептеу үшiн ұйымдар қызметкерлерiнiң орташа жалақысын есептеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
79-бап. Жалақыдан ұстап қалу
Қызметкердiң жалақысынан ұстап қалу сот шешiмi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда жүргiзiледi.
8-тарау. Қызметкерлерге кепілдіктер беру мен өтемақы төлеу
80-бап. Қызметкердiң мемлекеттiк мiндеттердi орындауы кезiндегi кепiлдiктер
Жұмыс берушi қызметкердi оның жұмыс орнын (қызметiн) сақтай отырып, мемлекеттiк және қоғамдық мiндеттердi орындау уақытына жұмыстан босата алады.
Мерзiмдi әскери қызметiн өтеп қайтқан қызметкердiң нақ сол әскерге шақырылған кәсiпорынға жұмысқа қабылдау кезiнде басым құқығы болады.
81-бап. Жұмыс беруші медициналық тексеруге жiберетiн қызметкерлерге арналған кепiлдiктер
Мерзiмдi медициналық тексеруден өту кезiнде жұмыс берушiнiң есебiнен осындай тексеруден өтуге мiндеттi қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
82-бап. Бiлiктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жiберiлетiн қызметкерге арналған кепiлдiктер
Жұмыс берушi қызметкердi өндiрiстен қол үзiп, бiлiктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жiберген кезде оның жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
83-бап. Қызметтiк iссапарлар кезiндегі өтемақылар
Қызметтiк iссапарларға жiберiлетiн қызметкерлерге:
1) iссапарда болған уақыты үшiн тәулiкақылар;
2) тағайындалған жерге барып-қайту жолы бойынша шығындары;
3) тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындары төленедi.
84-бап. Қызметкердi ұйыммен бiрге басқа жердегi жұмысқа ауыстыру кезiндегі өтемақылар
Қызметкердi ұйыммен бiрге басқа жердегi жұмысқа ауыстыру кезiндегi шығындарды өтеудiң тәртiбi мен мөлшерi тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
85-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар тағайындау
Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар жалпы ауруларға байланысты (жарақат алуға, жүктiлiктi жасанды жолмен бұзуға, карантинге байланысты, туберкулез немесе кәсiптiк ауру себебiнен уақытша басқа жұмысқа ауыстырылған кезде) еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайларында және заңдарда белгiленген басқа да жағдайларда тағайындалады.
86-бап. Жүктiлiк және босану бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар мен бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) әлеуметтiк жәрдемақылар тағайындау
Жүктiлiк және босану бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар, сондай-ақ тiкелей перзентханадан бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) әлеуметтiк жәрдемақылар жүктiлiк пен босану бойынша бүкiл демалысқа немесе бала асырап алған күннен бастап, сәбидiң туған күнiнен елу алты күн өткенге дейiнгi кезең үшiн демалысқа тағайындалады.
87-бап. Қызметкерлерге жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу
1. Қызметкерге жалпы ауруға, еңбекте мертiгуге және кәсiптiк ауруға байланысты, жүктiлiк және босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық жөнiнде әлеуметтiк жәрдемақыларды, сондай-ақ бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) әлеуметтiк жәрдемақыларды жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен төлеуге мiндеттi.
2. Әлеуметтiк жәрдемақыларды төлеу тәртiбi мен олардың мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
Егер еңбекке уақытша жарамсыздық еңбекте мертiгуге немесе кәсiптiк ауруға байланысты болса, әлеуметтiк жәрдемақыны жұмыс берушi еңбекке жарамсыздық орын алған бiрiншi күннен бастап, жұмысқа шыққанға дейiн немесе мүгедектiгi анықталғанға дейiн орташа жалақысының жүз процентi мөлшерiнде төлейдi.
3. Жұмыс берушi өзiнiң әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгендей жауапты болады.
88-бап. Жұмыс берушінiң қаражаты есебiнен оқыту және бiлiктiлiгiн арттыру
1. Жұмыс берушiнiң мүдделерiн көздеп кадрлар даярлау үшiн жұмыс берушiнiң өз қаражаты есебiнен қызметкердi оқытуға немесе оқуға жiберуге құқығы бар.
2. Жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен оқыған, бiлiктілiгiн арттырған немесе қайта даярлаудан өткен қызметкер сол жұмыс берушiде тараптардың жеке еңбек шартында келiскен мерзiмiнде жұмыс iстеуге мiндеттi.
3. Қызметкердiң бастамасы бойынша немесе қызметкердiң кiнәсi салдарынан жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушiге қызметкер өзiн оқытуға байланысты шығындарды жұмыс iстеу мерзiмiнiң жұмыс iстелмеген мерзiмiне бара-бар етiп, толығымен төлейдi.
9-тарау. Жеке еңбек шарты тараптарының
материалдық жауапкершілігі
89-бап. Тараптардың өздерi келтiрген зиянды өтеу жөнiндегi мiндетi
1. Жеке еңбек шартындағы басқа тарапқа зиян келтiрген тарап оны осы Заңға және өзге де заң актiлерiне сәйкес сот шешiмi негiзiнде не ерiктi түрде өтейдi.
2. Жеке еңбек шартында осы шарт тараптарының материалдық жауапкершiлiгi нақтыланады.
90-бап. Қызметкерге жарақаттанудан немесе өзге де денсаулығы зақымдалуынан келтiрiлген зиянды өтеу
1. Егер қызметкер өзiнiң еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқаруына байланысты жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жарақат алса немесе денсаулығына өзге де зақым келiп, соның салдарынан ол еңбек қабiлетiн толық немесе iшiнара жоғалтса, жұмыс берушi қызметкерге сақтандыру өтемi төленбейтiн кезде оған келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiп пен жағдайларда өтеуге мiндеттi.
2. Еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына және ұйымның мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгi сақтандырылуға тиiс.
91-бап. Қызметкерлердiң толық материалдық жауапты жағдайлары
Қызметкерлер:
1) қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасында қызметкерге берiлген мүлiк пен басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегенi үшiн өзiне толық материалдық жауапкершiлiк алу туралы жазбаша шарт жасалған;
2) заңдарға сәйкес қызметкерге еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде жұмыс берушiге келтiрiлген зиян үшiн толық жауапкершiлiк жүктелген;
3) қызметкер мүлiк пен басқа да құндылықтарды бiр жолғы сенiмхатпен немесе басқа да бiр жолғы құжаттар бойынша есеп беруге алған;
4) қызметкер зиянды алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық мас болу жағдайында келтiрген;
5) зиян материалдардың, жартылай фабрикаттардың, бұйымдардың (өнiмдердiң), соның iшiнде оларды дайындау кезiнде, сондай-ақ жұмыс берушi қызметкерге пайдалануға берген құрал-саймандардың, өлшеу аспаптарының, арнаулы киiмдер мен басқа да заттардың жеткiлiксiздiгiнен, қасақана жойылуынан немесе қасақана бүлдiрiлуiнен келтiрiлген;
6) зиян коммерциялық құпияны жариялау салдарынан келтiрiлген;
7) зиян қызметкердің қылмыстық тәртiппен қудаланатын әрекеттердiң белгiсi бар iс-әрекеттерiнен келтiрiлген жағдайларда олардың кiнәсiнен жұмыс берушiге келтiрiлген зиянға толық мөлшерiнде материалдық жағынан жауапты болады.
92-бап. Толық материалдық жауапкершiлiк туралы жазбаша шарттар
1. Толық материалдық жауапкершiлiк туралы жазбаша шарттарды жұмыс берушi он сегiз жасқа толған, өндiрiс процесiнде өзiне берiлген құндылықтарды сақтауға, өңдеуге, сатуға (босатуға), тасымалдауға немесе қолдануға тiкелей байланысты қызметтi атқарушы немесе жұмысты орындаушы қызметкермен жасасуы мүмкiн.
2. Мұндай қызметтер мен жұмыстардың тiзбесi, сондай-ақ толық материалдық жауапкершiлiк туралы үлгi шарт ұжымдық шарттарда бекiтiледi.
10-тарау. Қызметкерлерді көтермелеу және жазалау шаралары
93-бап. Еңбегi үшiн көтермелеу
Жұмыс берушi қызметкерге еңбектегi табыстары үшiн көтермелеудiң әр алуан түрлерiн қолдануға құқылы. Көтермелеудiң түрлерi мен тәртiбi жеке еңбек, ұжымдық шарттармен және жұмыс берушiнiң актiлерiмен белгiленедi.
ҚР 25.09.03 ж. N 484-11 Заңымен 94-бап өзгертілді
94-бап. Тәртiптiк жазалар
1. Еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, яғни қызметкердiң кiнәсiнен оған жүктелген еңбек мiндеттерiнiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн жұмыс берушi тәртiптiк жазалардың мынадай түрлерiн қолдануға:
1) ескерту жасауға;
2) сөгiс беруге;
2-1) қатаң сөгiс беруге;
3) осы Заңның 26-бабының 9)-12) тармақшаларына сәйкес жеке еңбек шартын бұзуға құқылы.
2. Осы Заңда көзделмеген тәртiптiк жазалау шараларын қолдануға жол берiлмейдi.
95-бап. Тәртiптiк жазалар қолдану және оған шағым жасау тәртiбi
1. Тәртiптiк жазаны қолданудан бұрын қызметкерден жазбаша түсiнiктеме талап етiлуге тиiс.
2. Тәртіптiк жаза терiс әрекет байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей қолданылады және оны терiс әрекет жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
3. Әрбiр жолсыздық үшiн бiр ғана тәртiптiк жаза қолданылуы мүмкiн.
4. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық жазаға тартылған қызметкерге қол қойғызылып жарияланады.
5. Тәртiптiк жаза қолданылған жағдайда жұмыс берушi жасалған терiс әрекеттiң ауырлығын, оның жасалу мән-жайларын, қызметкердiң соның алдындағы мiнез-құлқын, еңбекке көзқарасын, сондай-ақ тәртiптiк жазаның жасалған терiс әрекеттiң ауырлығына сәйкестiгiн ескеруге тиiс.
6. Тәртіптiк жазаға еңбек дауларын қарау үшiн белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
ҚР 25.09.03 ж. N 484-11 Заңымен 95-1 баппен толықтырылды
95-1-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн тәртiптiк жаза қолдану мерзiмдерi
1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бiр жыл кешiктiрiп қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан немесе қылмыстық iстi қысқартқан жағдайда, бiрақ адамның әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылуы мүмкін.
96-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi
1. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi оны қолданған күннен бастап алты айдан аспауға тиiс. Егер осы мерзiм ішінде қызметке жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртiптік жазасы жоқ деп есептеледі.
2. Қызметкерге тәртіптiк жаза қолданған жұмыс берушi оны өз бастамасымен, қызметкердiң немесе оның тiкелей басшысының өтінішi бойынша, қызметкерлер мен олардың өкілдерінің өтiнiш жасауы бойынша мерзімінен бұрын алып тастауға құқылы.
11-тарау. Еңбек даулары
97-бап. Еңбек дауларын қарау тәртiбi
Еңбек даулары тараптардың келісімi бойынша немесе сот тәртiбiмен қаралады.
Еңбек дауларын соттарда қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
98-бап. Еңбек дауларын қарайтын органдар және оларды қарау тәртібі
Тараптардың келісімімен еңбек дауларын келiсiм комиссиясы қарауы мүмкін.
99-бап. Келiсiм комиссиясын ұйымдастыру және оның құзыретi
Келiсім комиссиясы тараптардың бірлескен шешiмi бойынша жұмыс берушiлер мен қызметкерлердiң саны тең өкілдерінен тепе-тең негізде құрылады.
Қызметкерлердің өкілдерi келiсiм комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында (конференциясында) сайланады.
Жұмыс берушінiң өкiлдерін ұйым басшысы тағайындайды.
Келiсiм комиссиясын ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жұмыс берушi жүзеге асырады.
Келiсiм комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
100-бап. Еңбек дауын қарау тәртiбi, шешiмнiң қабылдануы мен орындалуы
Келiсiм комиссиясы арыз берушiнiң өтiнiшiн ол берiлген күннен бастап үш күн мерзiмде қарайды. Оны қарау нәтижелерi бойынша келiсiм комиссиясының шешiмi қабылданып, арыз берушiге берiледi. Келiсiм комиссиясының арыз берушiнiң талабын қанағаттандырған шешiмiн қарсы тарап үш күн мерзiмде орындайды.
101-бап. Қызметкерлердi еңбек iстерi бойынша сот шығындарын төлеуден босату
Қызметкерлер еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша сотқа жүгiнген жағдайда олар мемлекет кiрiсiне сот шығындарын (мемлекеттiк баж бен iстiң қаралуына байланысты шығыстарды) төлеуден босатылады.
12-тарау. Осы заңның сақталуын бақылау
102-бап. Еңбек туралы заңдардың сақталуын бақылау
Осы Заңның және еңбек туралы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Ережеге сәйкес еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүзеге асырады.