111-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджеттiң көрсеткiштерiн өзгерту.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау:
1) республикалық және жергілікті бюджеттер түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтiн Қазақстан Республикасының заң актілері қабылданған немесе өзгертiлген;
2) республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару барысында бюджет түсiмдерi олардың бекітілген жылдық көлемiнен он проценттен астам сомаға төмендеген жағдайларда мiндеттi түрде жүргiзiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде бекітілген көлемнен артық қосымша шығыстарды бюджеттен жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау кезiнде ғана жол берiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Республикалық бюджеттi нақтылауға бюджеттiң кiрiстерi жөніндегі жылдық жоспар қаржы жылының бiрiншi тоқсанының қорытындылары бойынша кем дегенде отыз процентке немесе бiрiншi жарты жылдығының қорытындылары бойынша алпыс процентке және үш тоқсанының қорытындылары бойынша сексен проценттен астам орындалған жағдайда жол берiледi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Қаржы жылы ішінде тоқсанына бір реттен асырмай жергілікті бюджетті нақтылауға жол беріледі.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттің атқарылуын талдау және бюджеттік бағдарламалардың (ішкі бағдарламалардың) іске асырылу тиімділігін бағалау нәтижелерi негiзiнде тиiстi бюджеттік комиссияның жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жылдық жоспарлы жұмсалымдарды қайта қарау қажеттiгi жөніндегі ұсыныстарын ескере отырып, жеке бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылауға бастамашы болуға құқылы.
6. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылау осы Кодексте көзделген басқа да жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 112-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
112-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау принциптері
Республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау кезiнде мынадай принциптер сақталады:
1) уақтылылық принципi - республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылауды бюджеттік бағдарламаларды тиiмдi iске асыруға мүмкiндiк беретiн мерзiмдерде жүргiзу;
2) негiздiлiк принципi - енгiзiлiп отырған өзгерістер мен толықтырулардың қажеттігін нормативтік құқықтық актiлермен, тиісті есептермен және басқа да құжаттармен растау;
3) теңдестiрiлiмдiктi сақтау принципi - депутаттардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның жобасын немесе мәслихаттың шешiмiн ескере отырып, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде белгiленгеннен аспайтын республикалық және жергілікті бюджеттер тапшылығының көлемiн сақтау үшiн түсiмдердiң қосымша көздерiн не қысқартылатын шығыстарды негiздей және айқындай отырып, кез келген өзгерістер мен толықтырулар енгізуi.
113-бап. Секвестр
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Секвестр - бюджет қаражатының шығыстарын белгілі бір шектерде қысқартуды көздейтін арнайы тетік, ол республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару кезінде бекітілген түсімдер республикалық және жергілікті бюджеттерге толық түспеуі салдарынан, бекітілген бюджеттік бағдарламаларды толық көлемде қаржыландыру мүмкін болмайтын жағдайларда енгізіледі.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiсті қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесi белгiленедi.
3. Бюджеттік бағдарламаларды олардың бекітілген жылдық көлемiнiң он процентiнен кем сомаға секвестрлеу - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша, ал он проценттен астам сомаға секвестрлеу заңның немесе мәслихат шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
4. Бюджеттік бағдарламалар қысқартылған жағдайда олардың басымдығы мен әлеуметтiк бағыттылығы ескерiледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерiс және толықтыру туралы заңның жобасы немесе мәслихаттың шешiмi Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе мәслихатқа енгiзiлген күннен бастап бюджеттi атқару жөніндегі орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган секвестрлеу белгiленген бюджеттік бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) бойынша төлемдердiң жүзеге асырылуын тоқтата тұруға құқылы.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Республикалық және жергілікті бюджеттерді секвестрлеу кезiнде бюджеттік қаражат есебiнен жасалған азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша туындаған қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. Бюджеттерді нақтылау мен түзету процесі
114-бап. Республикалық бюджеттi нақтылау
1. Республикалық бюджеттi нақтылау Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң және (немесе) Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттi нақтылау жөніндегі ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
3. Республикалық бюджеттi нақтылау кезiнде республикалық бюджеттi әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
115-бап. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау
1. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн оның атқарылу барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау жөнiндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау кезiнде облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
4. Облыстық бюджеттi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңға қол қойғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
116-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау
1. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн оны атқару барысында нақтылау осы Кодекске сәйкес тиiстi жергiлiктi атқарушы органның және (немесе) мәслихат депутаттарының ұсыныстары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау жөніндегі ұсыныстарды тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
3. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау кезiнде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн әзiрлеу мен бекіту кезiнде қойылатын, осы Кодексте белгiленген талаптар сақталады.
4. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес облыстық бюджет пен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджетi арасында бөлiнетiн түсiмдер бойынша нақтылау облыстың бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлетті органымен келісім бойынша жүргiзiледi.
5. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiн нақтылау тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттi нақтылауға байланысты жүргiзiлген жағдайда, мәслихаттың тиiстi шешiмi тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы - мәслихаттың шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешiмге қол қойылғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей қабылданады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді)
6. Тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәслихаттың шешімін іске асыру және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның шешімдері мәслихаттың аталған шешімін бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 117-бап жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
117-бап. Бюджеттерді түзету
1. Бюджеттерді түзету - Қазақстан Республикасының Парламентінде немесе мәслихатта нақтыланбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулысына немесе мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бюджет көрсеткіштерін өзгерту.
2. Егер түзету жүргізілгеннен кейін бюджетті нақтылау жүргізілсе, бюджеттік бағдарламаларды бөлуді қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.
3. Республикалық бюджетті түзетуге:
1) орталық мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, олардың функциялары өзгертілген жағдайларда жол беріледі. Бұл ретте түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, беруді білдіреді;
2) осы Кодекстің 40-бабының 6 және 7-тармақтарында, 91-бабы 6-тармағының 1), 1-1 және 2) тармақшаларында көзделген;
3) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісі бойынша бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында Қазақстан Республикасы Yкіметі айқындайтын тәртіппен бөлінген жағдайларда жол беріледі.
4. Жергілікті бюджеттерді түзетуге:
1) төмен тұрған бюджетке қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстық деңгейдегі атқарушы органдардың резервінен қаражат бөлінген;
2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 4-тармақ 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) жоғары тұрған бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың тиісті бюджетті іске асыру туралы актілерін қабылдау жолымен өзгертілген;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған, олардың функциялары өзгертілген жағдайларда жол беріледі. Бұл ретте түзету аталған жағдайларға байланысты тиісті бюджеттік бағдарламаларды тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімімен бекітілген (нақтыланған) осы бюджеттік бағдарламалардың жалпы сомасы шегінде біріктіруді, бөлуді, беруді білдіреді;
3) бюджетте бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісі бойынша бекітілген бюджеттік бағдарлама қаражаты бюджеттік бағдарламалардың түрлі әкімшілері арасында Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен бөлінген;
4) осы Кодекстің 40-бабының 6-тармағында, 91-бабы 6-тармағының 1), 1-1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда жол беріледі.
6-бөлім. Бюджеттік есепке алу және есептілік
21-тарау. Бюджеттік есепке алу туралы жалпы ережелер
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 118-бап өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
118-бап. Негiзгi ережелер
Бюджеттік есепке алу - бюджеттік операциялар туралы ақшалай түрдегi ақпаратты жинаудың, тiркеудiң және қорытындылаудың олардың үздiксiз құжаттық есебiн жүргiзу және мемлекеттік мекемелердің материалдық активтерін есепке алу арқылы реттелген жүйесi.
119-бап. Бюджеттік есепке алуды жүргiзу
1. Бюджеттік есепке алуды жүргiзу тәртібін бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Бюджеттік есепке алу деректерi бюджеттiң атқарылуы жөнiнде есептiлiк жасаудың негiзi болып табылады.
22-тарау. Есептілік туралы жалпы ережелер
120-бап. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiктiң сапалық сипаттамалары
1. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiк:
1) жасалған операциялардың түпнұсқалығын және есепке алуда оларды көрсеткен кезде қателердiң болмауын бiлдiретiн анықтық;
2) Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген барлық талап етiлетiн ақпараттың көрсетiлуiн бiлдiретiн толықтық;
3) осы Кодекстiң және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң есептiлiктi жасау жөніндегі ережелерiнiң сақталуын бiлдiретiн сәйкестiк сияқты сапалық сипаттамаларға сәйкес келуге тиiс.
2. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiкте алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бюджетке түсетiн түсiмдерi ақшалай көрсетiледi.
121-бап. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiктiң түрлерi
Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есептiлiк есептердiң мынадай түрлерiн:
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік мекемелер қалыптастыратын есептерді:
мемлекеттік мекеменiң балансын;
жеке қаржыландыру жоспарларының орындалуы туралы есептi;
тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түскен ақша түсiмдерi мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептi;
демеушiлiк және қайырымдылық көмектен ақшаның түсуi мен жұмсалуы туралы есептi;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қалыптастыратын есептерді:
бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есептi;
бюджеттік бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарының орындалуы туралы есептi;
бюджеттік бағдарламаларды (ішкі бағдарламаларды) іске асыру тиімділігін бағалау туралы есепті;
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның есептерiн:
мемлекеттік және шоғырландырылған бюджеттiң және облыс бюджетiнiң (бекітілген, нақтыланған, түзетiлген) атқарылуы туралы есептi;
осы Кодекстің 49-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне аударылатын Қазақстан Республикасы Yкіметінің шотына аударымдар туралы есепті;
республикалық немесе тиiстi жергiлiктi бюджеттiң (бекітілген, нақтыланған, түзетiлген) атқарылуы туралы есептi;
осы Кодекстің 108-бабына сәйкес бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы талдамалық есептi;
түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарының орындалуы туралы есептi;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң немесе жергiлiктi атқарушы органның талаптары мен мiндеттемелерiнiң жай-күйi туралы есептi;
түсiм сомаларының бюджеттен қайтарылуы не олардың салық берешегiн өтеу есебiне есептелуi туралы есептi;
қолма-қол ақшаның тиісті бақылау шоттарының жай-күйі туралы есепті;
мемлекеттік мекемелер міндеттемелерінің орындалу жай-күйі туралы есепті;
4) Қазақстан Республикасы Yкіметінiң, жергiлiктi атқарушы органның есептерiн:
республикалық немесе тиiстi жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi;
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп жасайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есептi қамтиды.
122-бап. Есептiлiктiң нысандары, кезеңдiлiгi, оны жасаудың және табыс етудiң мерзiмдерi мен тәртібі
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi жасаудың және табыс етудiң тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
2. 2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен алып тасталды (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер есептiлiктi жасау және табыс ету жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алуға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есеп осы Кодекстiң 129 және 130-баптарына сәйкес жасалып, табыс етiледi.
23-тарау. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп
123-бап. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi табыс ету
1. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнгi жағдай бойынша республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi, сондай-ақ осы Кодекстiң 121-бабының 3) тармақшасында көзделген басқа да есептердi Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiне, бюджеттік жоспарлау және iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдарға табыс етедi.
2. Бюджеттi атқару жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 сәуiрiнен кешiктiрмей өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Yкіметіне, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына табыс етедi.
2004.20.12 № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2006.05.07. № 165-III (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 3-тармақ өзгертілді
3. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетiлген республикалық бюджеттi, тiркелген мiндеттемелердi, төленбеген мiндеттемелердi және республикалық бюджеттiң бюджеттік бағдарлама (ішкі бағдарлама) бойынша төленген міндеттемелерін көрсетедi.
4. Өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есепке:
1) түсiндiрме жазба;
2) түсiмдер бойынша атқарылуы туралы, сондай-ақ республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиiмдiлiгін бағалауды қоса алғанда, олардың iске асырылуы туралы талдамалық есеп қоса тiркеледi.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешiктiрмей өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi қосымшаларымен бiрге Қазақстан Республикасының Парламентiне және Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiне табыс етедi.
2007.06.12 № 7-ІV ҚР Заңымен 124-бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
124-бап. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Парламентiнде талқылау және бекіту
1. Қазақстан Республикасының Парламентi өткен қаржы жылы iшiнде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң жылдық есебiн Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiн алғаннан кейiн кезегiмен, алдымен - Мәжілісте, содан соң Сенатта талқылайды.
2. Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi талқылаған кезде Қазақстан Республикасының Парламентi:
Қазақстан Республикасының Yкіметі республикалық бюджеттi атқару туралы уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) баяндамасын;
Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi төрағасының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы баяндамасын;
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталары уәкiлеттiк берген адамдардың республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есеп бойынша қорытындыларымен қоса баяндамаларын тыңдайды.
Республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Парламентiнде талқылаған кезде республикалық бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң республикалық бюджеттік бағдарламаларды iске асыру туралы есептерi тыңдалуы мүмкiн.
3. Есептi қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есеп Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжілісi мен Сенатында талқылағаннан кейiн Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында бекітіледi.
4. Қазақстан Республикасының Парламентi есептi қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы жылдық есептi бекiткен кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, орталық мемлекеттік органдардың республикалық бюджеттiң атқарылу нәтижелерi бойынша тиiстi шаралар қабылдауы қажет екендiгi туралы шешiм шығаруға құқылы.
24-тарау. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы
бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы есеп
125-бап. Облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есептi табыс ету
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттi атқару жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органы ай сайын есептi айдан кейiнгi айдың бiрi күнге жағдай бойынша облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есептi, сондай-ақ осы Кодекстiң 121-бабының 3) тармақшасында көзделген басқа да есептердi әкiмдiкке, мәслихаттың тексеру комиссиясына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органына және iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттi атқару жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органы есептi жылдан кейiнгi жылғы 1 сәуiрден кешiктiрмей өткен қаржы жылындағы облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi әкiмдiкке, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органына және iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
2006.05.07. № 165-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.07. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген жергілікті бюджетті, жергілікті бюджеттің бюджеттік бағдарламасы (ішкі бағдарламасы) бойынша тіркелген, төленбеген және төленген міндеттемелерін көрсетеді.
4. Өткен қаржы жылындағы облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есепке:
1) түсiндiрме жазба;
2) түсiмдер бойынша атқарылуы туралы, сондай-ақ жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалауды қоса алғанда, олардың iске асырылуы туралы талдамалық есеп қоса тiркеледi.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдiгi жыл сайын ағымдағы жылдың 1 мамырынан кешiктiрмей өткен қаржы жылындағы облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi қосымшаларымен қоса облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына табыс етедi.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы ай сайын және жыл қорытындылары бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есептердi бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
126-бап. Облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi қарау және бекіту
1. Мәслихат өткен қаржы жылындағы облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдігінiң жылдық есебiн облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы мәслихаттың тексеру комиссиясының есебiн алғаннан кейiн бiр айдың iшiнде мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарайды.
2. Есептi қараған кезде мәслихат:
облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы әкiмдiк уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) баяндамасын;
облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуын бақылау нәтижелерi туралы мәслихаттың тексеру комиссиясы төрағасының баяндамасын;
облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң атқарылуы туралы есеп бойынша қорытындысымен қоса мәслихат уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) баяндамаларын тыңдайды.