«Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік 2007 жылғы 16 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысын қараңыз
2. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.
3. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жыл 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулысымен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4 қаулысымен, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 2000 жылғы 16 маусымдағы № 6/2 қаулысымен, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000 жылғы 20 желтоқсан № 21/2 қаулысымен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабының 1-тармағын және 26-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
4. Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
27-бап
1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
3. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
28-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.
2. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 12.03.99 ж. № 3/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
29-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.
3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдарда ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.
30-бап
1. Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Орта білім алу мiндеттi.
2. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары білім алуға құқығы бар.
3. Жекеменшiк оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек.
31-бап
1. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.
2. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
32-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн.
33-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.
2. Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 4-тармақ өзгертілді
4. Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.
34-бап
1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Әркiм Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
35-бап
Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.
36-бап
1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
37-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.
38-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
39-бап
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысымен, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жыл 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулысымен, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сңуірдегі № 480-V Заңымен берілген түсініктемені қараңыз
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.
III БӨЛIМ
ПРЕЗИДЕНТ
40-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттік билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттік билiктiң барлық тармағының келісіп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
ҚР 07.10.98 ж № 284-1 Заңымен 41-бап өзгертілді
41-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 17.09. № 142-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 19 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзiмге сайлайды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 9/2 қаулысын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысын қараңыз
3. Республика Президентінің кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2011 ж. 02.02. № 403-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
4. алынып тасталды
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 2-тармақ өзгертілді; 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңының 2-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасы Конституциясының лауазымды адамдарға өкілеттіктер берудің жаңа тәртібін белгілейтін нормалары, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімінің өтуіне немесе өкілеттігінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі»
2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.
3. Республика Президентінің өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2019 жылғы 15 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
4. Алынып тасталды
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара); 2022 ж. 17.09. № 142-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 19 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Бiр адам бір реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
43-бап
1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 44-бап өзгертілді
44-бап
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 3 нормативтік қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда; 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10) Республикалық референдум өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды;
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды; 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 10-1) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Сотқа өтініш жолдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, біліктілік сыныптарын бередi;
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 30 маусымдағы № 10/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгізудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
«Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығын қараңыз
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентінің Әкiмшiлiгiн құрады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.
2. 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актілері тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
47-бап
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Сот қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезіндегі iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжіліс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Соттың қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжіліс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
«Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысын қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 48-бап жаңа редакцияда
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжілісiнiң Төрағасына көшедi; Мәжіліс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.