электрондық ақша жүйесі операторының қызметтерін көрсететін ұйымдарды;
лизинг қызметін жүзеге асыратын еншілес ұйымдарды;
төлем карточкаларымен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды қоса алғанда, банктік қызмет бойынша есеп айырысуға қатысушылардың арасында ақпараттық, телекоммуникациялық және технологиялық өзара іс-қимылдарды қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін ұйымдарды;
электронды цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электронды цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дәйекті болуын растау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды;
осы Заңның 10-бабында аталған заңды тұлғаларды;
кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе осы ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктердің меншігіне өткен кезде заңды тұлғаларды;
қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржалары мен орталық депозитарийді;
осы Заңның 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымдарды;
кредиттік бюроларды;
жасанды интеллект, блокчейн және басқа да инновациялық технологиялар пайдаланыла отырып, қаржылық және (немесе) төлем қызметтерін көрсету мүмкіндігін беру бойынша қызметтер көрсететін ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін);
Интернет арқылы ақпараттық жүйе пайдаланыла отырып, қаржы ұйымдары немесе эмитенттер мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар арасында қаржылық қызметтер көрсету жөнінде мәмілелер жасау мүмкіндігін беру бойынша қызметтер көрсететін ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін);
қаржы ұйымдарының қызметінде, оның ішінде олардың қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеуді, өткізуді, қолдап отыруды жүзеге асыратын ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін);
ислам банкі осы Заңның 4-1-тарауында көзделген банк қызметін жүзеге асырғанда - өзге де заңды тұлғаларды;
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 2) тармақша өзгертілдi
2) банк холдингтері:
қаржы ұйымдарын;
екінші деңгейдегі банктердің күмәнді және үмітсіз талаптарын оларды басқару және (немесе) одан кейін өткізу, қайта құрылымдау және (немесе) секьюритилендіру үшін сатып алатын Қазақстан Республикасының резиденттерін-ұйымдарды;
бағалы қағаздарды банк холдингінің кепілдігімен шығару және орналастыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының резиденттері емес-арнайы ұйымдарды;
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендiру мәмілелері үшін құрылған еншілес арнайы қаржы компанияларын;
банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау, лизингтік қызметті жүзеге асыру айрықша қызметі болып табылатын ұйымдарды;
төлем карточкаларымен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды қоса алғанда, банктік қызмет бойынша есеп айырысуға қатысушылар арасында ақпараттық, телекоммуникациялық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін ұйымдарды;
банктер, сақтандыру ұйымдары, зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мәртебесі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденті - заңды тұлғаларды;
осы Заңның 61-4-бабының 8-тармағында көрсетілген ұйымдарды;
жасанды интеллект, блокчейн және басқа да инновациялық технологиялар пайдаланыла отырып, қаржылық және (немесе) төлем қызметтерін көрсету мүмкіндігін беру бойынша қызметтер көрсететін ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін);
Интернет арқылы ақпараттық жүйе пайдаланыла отырып, қаржы ұйымдары немесе эмитенттер мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар арасында қаржылық қызметтер көрсету жөнінде мәмілелер жасау мүмкіндігін беру бойынша қызметтер көрсететін ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін);
қаржы ұйымдарының қызметінде, оның ішінде олардың қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеуді, өткізуді, қолдап отыруды жүзеге асыратын ұйымдарды (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін) құру, сондай-ақ акцияларына немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестеріне ие болу жағдайларына қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) тармақшасының он сегізінші, он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтарында және 2) тармақшасының оныншы, он бірінші және он екінші абзацтарында белгіленген талаптар уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім болған кезде банктер мен банк холдингтерінің Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымдарын құру, сондай-ақ олардың акцияларын немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестеріне ие болу жағдайларына қолданылады.
Банктің еншілес ұйымдары, осы Заңның 11-2-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келетін заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін ғана сатып алуға құқылы. Банктің еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандырушыға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның және деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның акцияларын да сатып алуға құқылы.
Банк холдингінің еншілес ұйымдары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келетін заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін ғана сатып алуға құқылы. Банк холдингінің еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандырушыға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның акцияларын және деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның акцияларын да сатып алуға құқылы. Бұл талап:
Қазақстан Республикасының резиденті-еншілес банктерге;
көрсетілген заңды тұлғалардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін тікелей иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылдайтын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасы резиденті банкінің акцияларын иелену (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылдайтын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігінің болуы) арқылы банк холдингі бас ұйымы болып табылатын заңды тұлғаларға;
мынадай талаптардың бірін орындаған кезде:
банк холдингінде тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығын білдіретін олар шыққан елдің қаржы қадағалау органының жазбаша растауы болған;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент еместерінің еншілес ұйымдары болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін не акцияларын банктің сатып алуы бір заңды тұлғаға банктің меншікті капиталының он пайызынан аспауға тиіс. Бұл шектеу банктің жарғылық капиталға қатысу үлестерін не көрсетілген заңды тұлғалардың акцияларын иеленуіне, оның ішінде оларды құру жағдайларына да қолданылады.
Банктің осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған мөлшерден аспауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген шектеу басқа банкке бақылау жасауды:
осы Заңға сәйкес оған қатысты қайта құрылымдау жүргізілгенге;
осы Заңның 61-4-бабында көзделген операцияны жүзеге асырғанға байланысты иемденген банктерге қолданылмайды.
5-тармақ 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Банктің қаржы ұйымдарының, сондай-ақ банктер, сақтандыру ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мәртебесі бар Қазақстан Республикасының резиденті емес-заңды тұлғалардың орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің он немесе одан көп пайызы мөлшерінде сатып алуына және иеленуіне банк уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін өз капиталының ең төменгі жеткіліктілігіне қойылатын қосымша талаптарды банк орындаған жағдайда жол беріледі. Бұл талап банк көрсетілген заңды тұлғаларды құрған жағдайларға да қолданылады.
6. Банк конгломераты, банк немесе банк холдингі бас ұйымының банктің не банк холдингінің еншілес ұйымдарына, банк не банк холдингі капиталына қомақты қатысатын ұйымдарға тиесілі акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиынтық үлесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын лимиттерден аспауға тиіс.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктің меншігіне өткен жағдайларда, банктер осы ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алған кезде банктің осындай заңды тұлғаларға қатысуы банктің меншікті капиталының он пайызынан аспауға тиіс.
Акцияларды немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізу мерзімі мынадай:
банк кепіл ретінде қабылдаған осы ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін банктің осы Заңның 11-2-бабында айқындалған шарттармен құрылған (сатып алынған) еншілес ұйымына беру;
осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың кепіл ретінде қабылданған акцияларының немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестерінің банк меншігіне өту жағдайларын қоспағанда, он екі айдан аспауға тиіс.
Осы тармақта белгіленген шектеулер, банктің осы Заңның 11-2-бабында айқындалған жағдайларда құрылған (сатып алынған) еншілес ұйымын қоспағанда, банктердің еншілес ұйымдарына қолданылады.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды; 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 7-1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-1. Банк банк жəне микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу арқылы мынадай мүлікті:
бұрын банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылған, оған өндіріп алуды қолдану нəтижесінде банктің меншігіне өткен кепіл мүлкін;
банктің банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін алуы нəтижесінде банктің меншігіне түскен мүлікті өткізуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талап осы баптың 9-тармағының 14) тармақшасына сəйкес банк сатып алу шартымен жалға берген тұрғынжайға қолданылмайды.
Банк:
өткізу мерзімі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып айқындалатын жер учаскесін;
осы баптың 9-тармағының 14) тармақшасына сəйкес банк сатып алу шартынсыз жалға берген, өткізу мерзімі жалдау мерзіміне мөлшерлес ұзартылатын тұрғынжайды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікті банктің меншігіне өткен күнінен бастап үш жыл ішінде өткізуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші, екінші жəне үшінші бөліктерінде белгіленген талаптар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жəне бас банктің күмəнді жəне үмітсіз активтерін иеленетін банктердің еншілес ұйымдарына қолданылады.
Осы тармақтың талаптары осы баптың 7-тармағында көзделген заңды тұлғалардың акциялары немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестері банктердің меншігіне өткен жағдайларға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлік сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда уəкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітілген банк жəне микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу қағидаларына сəйкес тікелей атаулы сату арқылы өткізілуі мүмкін.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілдi (бұр.ред.қара)
8. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген тыйым салу:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларын;
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін облигацияларды;
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған, банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын арнайы қаржы компаниясының банк немесе банк холдингі мен арнайы қаржы компаниясы арасындағы секьюритилендіру мәмілесін жүзеге асыру шеңберінде шығарылған облигацияларын;
банктің немесе банк холдингінің меншікті облигацияларын және банк немесе банк холдингі міндеттемелеріне кепілдік берген осы банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары шығарған облигацияларды меншікке сатып алу жағдайларына қолданылмайды. Мұндай облигациялармен мәмілелер жасасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Осы бапта белгіленген шектеулер ұйымның бұдан бұрын шығарылған облигациялары бойынша міндеттемелері осы ұйымның қайта құрылымданатын міндеттемелерінің тізбесіне енгізілген жағдайда банктің, банк холдингінің бұдан бұрын сатып алған облигацияларының орнына қайта құрылымдау процесіндегі ұйымдардың облигацияларын сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
9. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметтен басқа банктер мынадай қызмет түрлерімен:
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілдi (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды немесе қаржы ұйымдарының қызметінде пайдаланылатын өзге де бағдарламалық қамтылымды әзірлеумен, өткізумен және қолдап отырумен;
2) ақпарат жеткізгіштің кез келген түрінде банк қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi арнайы әдебиеттi өткізумен;
3) өз мүлкін өткізумен;
4) төлем карточкалары мен чек кітапшаларын шығарумен, өткізумен және таратумен;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) банкаралық клирингті жүзеге асырумен;
6) электронды ақшаны шығару, өткізу, сатып алу және өтеу, сондай-ақ электрондық ақшамен операциялар жасау жөніндегі ақпаратты жинау және өңдеу бойынша қызмет көрсетумен;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілдi (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) қарыз алушылар кепiлге қойған мүліктi жəне банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемі түрінде алынған мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен өткізумен;
8) қаржылық қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетумен;
9) банк қызметiне байланысты мәселелер бойынша басқа тұлғалардың мүдделерiн бiлдiрумен не облигация ұстаушылардың өкілі ретінде;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) төлемді қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асыруға болатын кезде, банк жүйелері, бағдарламалары, инфрақұрылымы пайдаланыла отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алу және оларға қашықтан ақы төлеу мүмкіндігін қоса алғанда, қызмет көрсету сервисін ұсыну арқылы төлеуші мен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді беруші арасында делдалдық көрсетілетін қызметтерді жүзеге асырумен;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 9-2) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
9-2) орталық депозитарийде депоненттің атына ашылған депонент шотын (шоттарын) басқару жөніндегі қызметтерді көрсетумен;
10) банктік және қаржылық қызмет саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi оқуды ұйымдастырумен;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
11) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның лицензиясы болған кезде электронды цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электронды цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру жөніндегі, сондай-ақ көрсетілетін банктік қызметтерін пайдаланатын өз клиенттеріне қатысты тіркеу куәлігінің дәйекті екенін растау жөніндегі қызметпен;
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
12) банк пен Қазақстан Республикасының резиденттері сақтандыру ұйымдарының арасында олардың атынан сақтандыру шарттарын жасасуға шарт болған кезде Қазақстан Республикасының резиденттері сақтандыру ұйымдарының атынан сақтандыру шарттарын жасасумен;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) мүліктік жалдау (жалға беру) шартына сәйкес еншілес ұйымдарға өз мүлкін жалға берумен;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды; 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14) банктің меншігіне өткен тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға беру) шарты негізінде, оның ішінде сатып алу шартымен жалға берумен айналысуға құқылы.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес халықтың əлеуметтік жағынан осал топтарына жататын, ипотекалық тұрғын үй қарызы (ипотекалық қарыз) шарты бойынша міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты өндіріп алуды қолдану не ипотекалық тұрғын үй қарызы (ипотекалық қарыз) шарты бойынша кепіл ретінде болған тұрғынжай түрінде бас тарту төлемін беруі нəтижесінде тұрғынжайы банктің меншігіне өткен жеке тұлғалар ғана осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген тұрғынжайды жалға алушылар ретінде бола алады;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды; 2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру жəне секьюритилендіру туралы заңнамасына сəйкес синдикатталған қаржыландыруға қатысуға жəне (немесе) банк-агенттің жəне (немесе) кепілді басқарушының функцияларын орындауға құқылы.
10. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қызметтен басқа, банк холдингтері мынадай қызмет түрлерiмен:
1) банк холдингімен ерекше қатынасы жоқ тұлғадан өз мұқтажы үшін иеленген мүлікті сатып алумен;
2) қаржылық қызметпен байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсетумен;
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) өз мүлкін сатумен айналысуға құқылы.
11. Банктер мен банк холдингтеріне «алтын акция» шығаруға тыйым салынады.
12. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, банктер қайталама нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен және мемлекеттік емес бағалы қағаздармен, сондай-ақ туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелерді тек қана бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасайды.
13. Осы баптың талаптары:
1) ислам банктерінің банк холдингтеріне;
2) көрсетілген банктің акцияларын тікелей иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасының резиденті банк холдингінің акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін иелену (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігінің болуы) арқылы банктің акцияларын жанама иеленетін (дауыс беру, шешімді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) банк холдингтеріне;
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілдi (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) мынадай талаптардың бірін орындаған кезде:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға шыққан елдің қаржылық қадағалау органының көрсетілген Қазақстан Республикасының резиденттері емес-тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болған;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
4) қаржы ұйымдары болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденттері - банк холдингтеріне;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен біріктіру нысанында қайта ұйымдастыруды не осы Заңның 61-4-бабында көзделген операцияны жүргізген кезде, басқа банктің акцияларын не ұстаушысы басқа банк болып табылатын өзге де бағалы қағаздарды не басқа банкке тиесілі заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін сатып алуымен байланысты банктерге қолданылмайды.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
14. Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына осы Заңның 30-бабының 2-1-тармағында және 52-5-бабының 4-тармағында көзделген банк қызметіне жатпайтын кәсіпкерлік қызмет, сондай-ақ осы баптың 10-тармағының 2) тармақшасында көзделген қызмет ретінде операциялар мен мәмілелерді жүзеге асыруға тыйым салынады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 8-1-баппен толықтырылды
8-1-бап. Мәмілелер жасасу кезінде банктерге қойылатын шектеулер
1. Банк:
банк конгломератына қатысушылар болып табылатын тұлғаларға берілетін банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін;
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін талаптарға мөлшері мен түрі сәйкес келетін, қамтылымы бар банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін;
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын, қаржылық жағдайының тұрақсыздық белгілері жоқ тұлғаларға берілетін банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін қоспағанда, осы Заңның 40-бабына сәйкес айқындалатын, өзімен ерекше байланыста болатын тұлғаларға банктік қарыздар мен банк кепілдіктерін беруге құқылы емес.
2. Банк мынадай талаптардың біріне сәйкес келмейтін заңды тұлғаға (Қазақстан Республикасының резидентіне және резиденті емеске):
1) заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлесінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының елу пайызынан астамына иелік ететін не осы заңды тұлғаның акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамымен дауыс беру мүмкіндігі бар немесе осындай тұлғаға бақылауды жүзеге асыратын жеке тұлға туралы ақпарат болса;
2) жиынтығында заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) акцияларының елу пайызынан астамына иелік ететін не осы заңды тұлғаның акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамымен дауыс беру мүмкіндігі бар жеке тұлғалар туралы ақпарат болса;