7. Демпингке қарсы шара осы бапқа сәйкес жүргізілген қайта тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қолданылатын демпингке қарсы шараны айналып өту анықталған жағдайда, демпингтік импорттың нысанасы болып табылған тауардың экспорттаушы үшінші елден Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортталатын құрамдас бөліктеріне және (немесе) туындыларына, сондай-ақ демпингтік импорттың нысанасы болып табылған тауарға және (немесе) басқа экспорттаушы үшінші елден Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына импортталатын оның құрамдас бөліктеріне және (немесе) туындыларына қолданылуы мүмкін. Осы тармақта көрсетілген демпингке қарсы шараны енгізу туралы шешім күшіне енген күннен бастап алдын ала демпингке қарсы баждарды алу үшін белгіленген тәртіппен төленген демпингке қарсы баж сомалары осы Заңның 6-бабына сәйкес есепке жазуға және бөлуге жатады.
4-тарау. ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
22-бап. Өтемақы шарасын қолданудың жалпы қағидаттары
Өтемақы шарасы, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына өндіру, экспорттау немесе тасымалдау кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал келтіретіндігі, осындай залалды келтіру қатерін тудыратындығы немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылатыны анықталса, осындай импортталатын тауарға қолданылуы мүмкін.
23-бап. Субсидиялар
Субсидияларға:
1) субсидиялаушы орган жүзеге асыратын, субсидия алушыға қосымша артықшылықтар беретін және экспорттаушы үшінші елдің аумағы шегінде көрсетілетін қаржылық жәрдемдесу, оның ішінде мынадай:
ақшаны (оның ішінде дотация, қарыз және акцияларды сатып алу түрінде) тікелей аудару немесе ақшаны (оның ішінде қарыздар бойынша кепілдеме түріндегі) аудару бойынша міндеттемелер;
экспортталатын тауарды ішкі тұтынуға арналған ұқсас тауардан алынатын салықтардан немесе баждардан босату жағдайларын қоспағанда не осындай салықтарды немесе баждарды нақты төленген сомалардан аспайтын мөлшерде азайту немесе қайтаруды қоспағанда, экспорттаушы үшінші елдің кірісіне түсуге тиіс болатын (оның ішінде салықтық кредиттерді ұсыну жолымен) қаражатты есептен шығару не қаражатты алып қоюдан толық немесе ішінара бас тарту;
жалпы инфрақұрылымды, яғни нақты өндірушімен және (немесе) экспорттаушымен байланысты емес инфрақұрылымды қолдау мен дамытуға арналған тауарларды не көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, тауарларды не көрсетілетін қызметтерді жеңілдікпен немесе өтеусіз ұсыну;
тауарларды жеңілдікпен сатып алу нысанында;
2) субсидия алушыға қосымша артықшылықтар беретін, экспорттаушы үшінші елден тауар экспортын ұлғайту немесе осы үшінші елге ұқсас тауар импортын қысқарту болып табылатын тікелей немесе жанама нәтиже кірістерді немесе бағаларды қолдаудың кез келген нысаны жатады.
24-бап. Экспорттаушы үшінші елдің субсидиясын ерекше субсидияға жатқызу қағидаттары
1. Егер экспорттаушы үшінші елдің субсидиялаушы органы немесе заңнамасы субсидияны пайдалануға тек жекелеген ұйымдарға рұқсат беретін болса, экспорттаушы үшінші елдің субсидиясы ерекше болып табылады, оларға экспорттаушы үшінші елдің нақты өндірушісі және (немесе) экспорттаушысы, не экономикасының нақты саласы, не экспорттаушы үшінші елдің өндірушілер және (немесе) экспорттаушылар тобы (одағы, бірлестігі) не экономикасының салалары жатады.
Егер субсидияны пайдалануға рұқсат берілген жекелеген ұйымдардың саны субсидиялаушы органның юрисдикциясындағы белгілі бір географиялық өңірінде орналасқан ұйымдармен шектелсе, осы субсидия ерекше болып табылады.
2. Егер экспорттаушы үшінші елдің заңнамасы немесе субсидиялаушы орган субсидияны алуға сөзсіз құқық пен оның мөлшерін (оның ішінде өнім өндірумен айналысатын жұмыскерлер санына немесе өнім шығару көлеміне байланысты) айқындайтын жалпы объективті өлшемшарттарды не шарттарды белгілесе және ол қатаң сақталса, субсидия ерекше болып табылмайды.
3. Кез келген жағдайда экспорттаушы үшінші елдің субсидиясы, егер мұндай субсидияны ұсынуға:
1) субсидияны пайдалануға рұқсат берілген жекелеген ұйымдар санының шектелуімен;
2) жекелеген ұйымдардың субсидияны артықшылықпен пайдалануымен;
3) жекелеген ұйымдарға субсидияның пропорционалды емес үлкен сомасын ұсынумен;
4) субсидиялаушы органның жекелеген ұйымдарға субсидияны ұсынудың жеңілдік (преференциялық) тәсілін таңдап алуымен қолдау білдірілсе, ол ерекше субсидия болып табылады.
4. Экспорттаушы үшінші елдің кез келген субсидиясы, егер:
1) экспорттаушы үшінші елдің заңнамасына сәйкес субсидия не жалғыз шарты немесе бірнеше шарттың біреуі ретінде тауар экспортымен байланысты болса, ол ерекше субсидия болып табылады. Субсидия, егер оны беру экспорттаушы үшінші елдің заңнамасына сәйкес тауар экспортымен байланысты болмаса, іс жүзінде тауардың болған немесе болашақта мүмкін болатын экспортымен не экспорттан түсетін түсіммен байланысты болса, нақты тауар экспортымен байланысты болып есептеледі. Экспорттаушы кәсіпорындарға субсидия беру фактісі осы тармақ мағынасындағы тауар экспортына байланысты субсидия беруді білдірмейді;
2) субсидия экспорттаушы үшінші елдің заңнамасына сәйкес не импорттық тауарлардың орнына экспорттаушы үшінші елде өндірілетін тауарларды пайдаланудың жалғыз шарты немесе бірнеше шартының біреуі ретінде нақты байланысқан болса, ол ерекше субсидия болып табылады.
25-бап. Ерекше субсидияның мөлшерін айқындау қағидаттары
1. Ерекше субсидия мөлшері мұндай субсидия алушы алатын пайданың мөлшері негізінде айқындалады.
2. Ерекше субсидия алушы алатын пайданың мөлшері мына қағидаттар негізінде айқындалады:
1) субсидиялаушы органның ұйымның жарғылық капиталына қатысуы, егер мұндай қатысу экспорттаушы үшінші елдің аумағындағы қалыпты инвестициялық практикаға (тәуекел капиталын ұсынуды қоса алғанда) сай келмейтін қатысу ретінде бағалануы мүмкін болмаса, пайданы беру ретінде қарастырылмайды;
2) егер кредит алушы ұйым мемлекеттік кредит үшін төлейтін сома мен осы ұйым экспорттаушы үшінші елдің кредиттік нарығында алуы мүмкін салыстырмалы коммерциялық кредит үшін төлейтін соманың арасында айырма жоқ болса, субсидиялаушы орган берген кредит пайданы беру ретінде қарастырылмайды, олай болмаған жағдайда, осы сомалардың арасындағы айырма пайда болып саналады;
3) егер кепілдікті алушы ұйым субсидиялаушы орган кепілдендірген кредит үшін төлейтін сома мен осы ұйым салыстырмалы коммерциялық кредит үшін мемлекеттік кепілдіксіз төлеуі мүмкін соманың арасында айырма жоқ болса, субсидиялаушы органның кредитті кепілдендіруі пайданы беру ретінде қарастырылмайды, олай болмаған жағдайда, комиссиялық айырмада осы сомалардың арасындағы түзетуі бар айырма пайда болып саналады;
4) егер тек тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер барабар сыйақыдан кем берілсе не сатып алу кемінде барабар сыйақыдан асырып жүзеге асырылмаса, субсидиялаушы органның тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді беруі не тауарларды сатып алуы пайда беру ретінде қарастырылмайды. Сыйақының баламалылығы тауардың бағасын, сапасын, қолжетімділігін, өтімділігін, тасымалдануын және оны сатып алудың немесе сатудың басқа да шарттарын қоса алғанда, осы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экспорттаушы үшінші елдің нарығында сатып алу мен сатудың сол кездегі нарықтық жағдайларына сүйене отырып айқындалады.
26-бап. Субсидияланатын импорт салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалды, осындай залалды келтіру қатерін немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуын анықтау
1. Субсидияланатын импорт салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залал, осындай залалды келтіру қатері немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуы субсидияланатын импорт көлемін және осындай импорттың мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауар бағаларына және мүше мемлекеттердегі ұқсас тауар өндірушілерге әсерін талдау нәтижелері негізінде анықталады.
2. Субсидияланатын импорт салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың, осындай залалды келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының болуын айқындау мақсатында мәліметтер талданатын тергеп-тексеру кезеңін тергеп-тексеруді жүргізетін орган белгілейді.
3. Субсидияланатын импорт көлемін талдау кезінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру объектісі болып табылатын (абсолютті көрсеткіштерде не мүше мемлекеттердегі ұқсас тауарды өндіруге немесе тұтынуға қатысты) тауардың субсидияланатын импортының едәуір ұлғаюының болғанын не болмағанын айқындайды.
4. Егер бір уақытта жүргізілген тергеп-тексерулердің нысанасы қандай да бір тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бір экспорттаушы үшінші елден көп елден субсидияланатын импорты болып табылған жағдайда, тергеп-тексеруді жүргізетін орган, мұндай импорттың жиынтық әсер етуін, егер:
1) осы тауарға әрбір экспорттаушы үшінші елдегі субсидияның мөлшері оның құнының бір пайызынан астамын құрайтынын, ал әрбір экспорттаушы үшінші елден субсидияланатын импорт көлемі осы Заңның 35-бабының 4-тармағына сәйкес болмашы болып табылмайтынын;
2) импорттық тауарлар арасындағы бәсекелестік шарттарын және импорттық тауар мен мүше мемлекеттерде шығарылған ұқсас тауар арасындағы бәсекелестік шарттарын ескере отырып, субсидияланатын импорттың мәні болып табылатын тауар импортының жиынтық әсер етуін бағалауға болатынын анықтаған жағдайда ғана бағалай алады.
5. Мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауар бағасына субсидияланатын импорттың әсер етуін талдау кезінде тергеп-тексеруді жүргізетін орган:
1) субсидияланатын импорттың мәні болып табылатын тауар бағалары мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауардың бағаларынан айтарлықтай төмен болғандығын не болмағандығын;
2) субсидияланатын импорт мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауар бағаларының айтарлықтай төмендеуіне алып келгендігін не алып келмегендігін;
3) субсидияланатын импорт, мұндай импорт болмаған жағдайда орын алуы мүмкін мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауар бағаларының айтарлықтай өсуіне кедергі келтіргендігін не келтірмегендігін анықтайды.
6. Субсидияланатын импорттың мүше мемлекеттердiң экономика саласына келтiретiн әсер етуiн талдау мүше мемлекеттер экономика саласының жай-күйіне қатысы бар барлық экономикалық факторларды, оның iшiнде:
1) болған немесе жақын арада болуы мүмкiн өндiрiстiң, тауардың сатылуының, мүше мемлекеттер нарығындағы тауар үлесiнің, пайданың, өнiмдiлiктiң, тартылған инвестициялардан немесе өндiрiстiк қуаттарды пайдаланудан түсетiн кiрiстердiң қысқартылуын;
2) мүше мемлекеттер нарығындағы тауар бағаларына әсер ететiн факторларды;
3) болған немесе жақын арада болуы мүмкін ақша ағыны қозғалысына, тауар қорларына, жұмыспен қамту деңгейiне, жалақыға, өндiрiстiң өсу қарқынына және инвестициялар тарту мүмкiндiгiне терiс әсер етуiн қоса алғанда, бағалаудан тұрады.
7. Субсидияланатын импорттың мүше мемлекеттердің экономика саласына әсер етуі, егер қолда бар деректер өндірістік процесс, ұқсас тауарды өндірушілердің оны сатуы және пайда сияқты өлшемшарттар негізінде ұқсас тауар өндірісін бөліп көрсетуге мүмкіндік берсе, мүше мемлекеттердегі ұқсас тауар өндірісіне қатысты бағаланады.
Егер қолда бар деректер ұқсас тауар өндірісін бөліп көрсетуге мүмкіндік бермеген жағдайда, субсидияланатын импорттың мүше мемлекеттердің экономика саласына әсер етуі ұқсас тауарды қамтитын және ол туралы қажетті деректері бар тауарлардың анағұрлым шағын тобын немесе номенклатурасын өндіруге қатысты бағаланады.
8. Субсидияланатын импорттың салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал келтіру қатері анықталған кезде, тергеп-тексеруді жүргізетін орган қолда бар барлық факторларды, оның ішінде мыналарды:
1) субсидияның немесе субсидиялардың сипатын, мөлшерін және олардың саудаға ықтимал әсер етуін;
2) субсидияланатын импорттың одан әрі ұлғаюының нақты мүмкіндігі туралы куәландыратын мұндай импорттың өсу қарқынын;
3) басқа экспорттық нарықтардың осы тауардың кез келген қосымша экспортын қабылдау мүмкіндігін ескере отырып, осы тауардың субсидияланатын импортын ұлғайтудың нақты мүмкіндігі туралы куәландыратын, субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауарды экспорттаушыда жеткілікті экспорттық мүмкіндіктердің болуын немесе оларды ұлғайтудың айқын бұлтартпастығын;
4) егер мұндай бағалар деңгейі мүше мемлекеттер нарығындағы ұқсас тауардың бағасын төмендетуге немесе оның өсуін тежеуге және субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауарға сұраныстың одан әрі өсуіне алып келетін болса, субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауар бағасының деңгейін;
5) экспорттаушыдағы субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауар қорын есепке алады.
9. Мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің болуы туралы шешім, егер осы баптың 9-тармағында көрсетілген факторларды талдау нәтижелері бойынша тергеп-тексеру барысында тергеп-тексеруді жүргізетін орган өтемақы шараларын қолданбаған жағдайда субсидияланатын импорттың жалғастырылуының және мүше мемлекеттердің экономика саласына мұндай импорттан материалдық залал келтірілетіндігінің бұлтартпастығы туралы қорытындыға келген жағдайда қабылданады.
10. Субсидияланатын импорт пен мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілетін материалдық залал, осындай залалды келтіру қатері немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуы арасындағы себеп-салдарлық байланыстың болуы туралы түйін іске қатысы бар және тергеп-тексеруді жүргізетін органның иелігіндегі барлық дәлелдемелер мен мәліметтерді талдауға негізделуге тиіс.
11. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган субсидияланатын импорттан өзге, салдарынан дәл сол кезеңде мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал келтірілетін, осындай залалды келтіру қатері төнетін немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататын басқа да белгілі факторларды талдайды.
Осы факторлардың салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына субсидияланатын импорттың салдарынан мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалға жатқызылмауға тиіс.
27-бап. Алдын ала өтемақы бажын енгізу
1. Егер тергеп-тексеру аяқталғанға дейін тергеп-тексеруді жүргізетін орган алған ақпарат субсидияланатын импорттың және осы импортқа байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалдың болуы туралы куәландырған жағдайда, Комиссия тергеп-тексеру жүргізу кезеңінде мүше мемлекеттердің экономика саласына субсидияланатын импорт келтіретін залалды болғызбау мақсатында төрт айға дейінгі мерзімге алдын ала өтемақы бажын енгізу арқылы өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылдайды.
2. Комиссия алдын ала өтемақы бажын енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізетін органның алдын ала қорытындысы негізінде алдын ала өтемақы бажын енгізу туралы дайындалған ұсынысты Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі.
3. Алдын ала өтемақы бажы тергеп-тексеру басталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен ерте енгізілмеуге тиіс.
4. Алдын ала өтемақы бажы субсидияланатын және экспортталатын тауардың бірлігіне есептелген экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының алдын ала есептелген шамасына тең мөлшерде енгізіледі.
5. Егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тергеп-тексеруді жүргізетін орган өтемақы шарасын енгізу үшін негіздер жоқ екендігін анықтаған не осы Заңның 42-бабына сәйкес өтемақы шарасын қолданбау туралы шешім қабылданған жағдайда, алдын ала өтемақы бажының сомалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлеушіге қайтарылуға жатады.
6. Егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық залал келтіру қатерінің немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құрудың едәуір баяулатылуының болуы негізінде өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылданған жағдайда, алдын ала өтемақы бажының сомалары осы Заңның 6-бабына сәйкес төлеушіге қайтарылуға жатады.
7. Егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың немесе оны келтіру қатерінің болуы негізінде (алдын ала өтемақы бажын енгізбеу мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген материалдық залалдың болуын айқындауға алып келген жағдайда) өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылданған жағдайда, алдын ала өтемақы бажының сомалары өтемақы бажын қолдану туралы шешім күшіне енген күннен бастап осы баптың 8 және 9-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, осы Заңның 6-бабына сәйкес есепке жазуға және бөлуге жатады.
8. Егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша алдын ала өтемақы бажының мөлшерлемесіне қарағанда, өтемақы бажының неғұрлым төмен мөлшерлемесін енгізу орынды деп танылған жағдайда, өтемақы бажының белгіленген мөлшерлемесі бойынша есептелген өтемақы бажы сомасына сәйкес келетін алдын ала өтемақы бажының сомалары осы Заңның 6-бабына сәйкес есепке жазуға және бөлуге жатады.
Өтемақы бажының белгіленген мөлшерлемесі бойынша есептелген өтемақы бажы сомасынан асатын алдын ала өтемақы бажының сомалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлеушіге қайтарылуға жатады.
9. Егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша алдын ала өтемақы бажының мөлшерлемесіне қарағанда өтемақы бажының неғұрлым жоғары мөлшерлемесін енгізу орынды деп танылған жағдайда, өтемақы бажы мен алдын ала өтемақы бажының сомалары арасындағы айырма алынбайды.
10. Тергеп-тексеру бір мезгілде жалғастырылған кезде, алдын ала өтемақы бажы қолданылады.
11. Алдын ала өтемақы бажын енгізу туралы шешім, әдетте, тергеп-тексеру басталған күннен бастап жеті айдан кешіктірілмей қабылданады.
28-бап. Субсидиялаушы үшінші елдің немесе тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушының ерікті міндеттемелер қабылдауы
1. Комиссия тергеп-тексеруді жүргiзетiн орган алған мынадай ерiктi мiндеттемелердiң бiрiн (жазбаша нысанда) мақұлдау туралы шешiм қабылдаған кезде, тергеп-тексеру өтемақы бажын енгiзбей-ақ тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы мүмкiн:
1) экспорттаушы үшiншi ел субсидиялаудың күшін жоюға немесе қысқартуға немесе субсидиялау салдарларын жою мақсатында тиiстi шаралар қолдануға келiседi;
2) тергеп-тексеру объектiсi болып табылатын тауарды экспорттаушы мұндай тауарға өзi белгiлеген бағаны қайта қарауға келiседi (мүше мемлекеттердегi тұлғалар экспорттаушымен байланысты болғанда, осы тұлғалардың экспорттаушының бағаларды қайта қарауы туралы мiндеттемелерiн қолдауын қамтамасыз етедi), осылайша экспорттаушы қабылдаған мiндеттемелердi талдау нәтижесiнде тергеп-тексеруді жүргiзетiн орган осындай ерiктi мiндеттемелердi қабылдау мүше мемлекеттердiң экономика саласына келтірілген залалды жояды деген қорытындыға келедi.
Осындай міндеттемелерге сәйкес тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауар бағасының көтерілуі экспорттаушы үшінші елдің субсидияланатын және экспортталатын тауар бірлігіне қатысты есептелген ерекше субсидия мөлшерінен аспауға тиіс.
Тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауар бағасын көтеру, егер мұндай көтеру мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалды жою үшін жеткілікті болып табылса, экспорттаушы үшінші елдің субсидияланатын және экспортталатын тауар бірлігіне есептелген ерекше субсидия мөлшеріне қарағанда аз болуы мүмкін.
2. Комиссия ерікті міндеттемелерді мақұлдау туралы шешім қабылдағанға дейін уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізетін органның осы баптың 1-тармағында көрсетілген ерікті міндеттемелерді мақұлдау туралы дайындаған ұсынысын Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі.
3. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган субсидияланатын импорт пен онымен байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалдың болуы туралы алдын ала қорытындыға келмейінше Комиссия ерікті міндеттемелерді мақұлдау туралы шешімді қабылдамайды.
Экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органының осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген міндеттемелерді экспорттаушылардың қабылдауына келісімі алынғанға дейін Комиссия тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушының ерікті міндеттемелерін мақұлдау туралы шешімді қабылдамайды.
4. Комиссия ерікті міндеттемелерді, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды нақты немесе әлеуетті экспорттаушылардың көп болуына байланысты немесе өзге де себептер бойынша оларды мақұлдауға болмайтындығы туралы қорытындыға келсе, мақұлдау туралы шешім қабылдамайды.
Тергеп-тексеруді жүргізетін орган мүмкіндігінше экспорттаушыларға олардың ерікті міндеттемелерін мақұлдауға болмайды деп есептелген себептерді хабарлайды және оларға осыған байланысты түсініктемелерін беруге мүмкіндік жасайды.
5. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган ерікті міндеттемелерді қабылдаған экспорттаушының әрқайсысына және экспорттаушы үшінші елдің уәкілетті органына оны мүдделі тұлғаларға беруге мүмкіндік алу үшін олардың құпия емес нұсқасын ұсыну туралы сұрау салу жібереді.
6. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган экспорттаушы үшінші елге немесе тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды экспорттаушыға ерікті міндеттемелерді қабылдауды ұсына алады, бірақ оны қабылдауды талап ете алмайды.
7. Комиссия ерікті міндеттемелерді мақұлдау туралы шешім қабылдаған жағдайда, өтемақылық тергеп-тексеру экспорттаушы үшінші елдің өтініші немесе тергеп-тексеруді жүргізетін органның шешімі бойынша жалғастырылуы мүмкін.
Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру нәтижелері бойынша субсидияланатын импорттың немесе осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына залал келтірілмегені туралы қорытындыға келген жағдайда, ерікті міндеттемелерді қабылдаған экспорттаушы үшінші ел немесе экспорттаушылар, көрсетілген қорытынды айтарлықтай дәрежеде мұндай міндеттемелердің бар екендігінің нәтижелері болып табылатын жағдайды қоспағанда, мұндай міндеттемелерден босатылады. Егер жасалған қорытынды айтарлықтай дәрежеде ерікті міндеттемелердің бар екендігінің нәтижесі болып табылатын жағдайда, Комиссия мұндай міндеттемелер қажетті уақыт кезеңі ішінде, осы Заңның 30-бабы 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, күшінде қалуға тиіс екендігі туралы шешім қабылдауы мүмкін.
8. Егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган тергеп-тексеру нәтижелері бойынша субсидияланатын импорттың және осыған байланысты мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалдың бар екендігі туралы қорытындыға келген жағдайда, қабылданған ерікті міндеттемелер олардың шарттарына және осы Заңның ережелеріне сәйкес қолданылуын жалғастырады.
9. Тергеп-тексеруді жүргізетін орган Комиссия ерікті міндеттемелерін мақұлдаған экспорттаушы үшінші елден немесе экспорттаушыдан міндеттемелердің орындалуына қатысты мәліметтерді, сондай-ақ осы мәліметтерді тексеруге келісімін сұратуға құқылы.
Тергеп-тексеруді жүргізетін орган белгілеген мерзімде сұратылған мәліметтерді ұсынбау, сондай-ақ осы мәліметтерді тексеруге келісім бермеу экспорттаушы үшінші елдің немесе экспорттаушының қабылдаған ерікті міндеттемелерді бұзуы болып есептеледі.
10. Экспорттаушы үшінші ел немесе экспорттаушы ерікті міндеттемелерді бұзған немесе мұндай міндеттемелерді кері қайтарып алған жағдайларда, Комиссия алдын ала өтемақы бажын (егер тексеру әлі аяқталмаса) немесе өтемақы бажын енгізу (егер тексерудің түпкілікті нәтижелері оны енгізу үшін негіздердің бар екенін куәландырса) жолымен өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Экспорттаушы үшінші елге немесе экспорттаушыға, өздері қабылдаған ерікті міндеттемелерді бұзған жағдайда, осы бұзушылыққа байланысты түсініктемелер беру мүмкіндігі жасалады.
11. Комиссияның ерікті міндеттемелерді мақұлдау туралы шешімінде осы баптың 10-тармағына сәйкес енгізілуі мүмкін алдын ала өтемақы бажының немесе өтемақы бажының мөлшерлемесі айқындалуға тиіс.
29-бап. Өтемақы бажын енгізу және қолдану
1. Егер экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы кері қайтарылып алынған болса, Комиссия өтемақы бажын енгізу туралы шешім қабылдамайды.
2. Комиссия өтемақы бажын қолдану туралы шешім қабылдағанға дейін уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізетін органның өтемақы бажын енгізу туралы дайындаған ұсынысын Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі.
3. Өтемақы бажын енгізу туралы шешім ерекше субсидия беретін экспорттаушы үшінші елге консультациялар өткізу ұсынылып, бұл ел олардан бас тартқан немесе мұндай консультациялар өткізу барысында өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегеннен кейін қабылданады.
4. Өтемақы бажы барлық экспорттаушылар беретін тауарға қатысты (ерікті міндеттемелерін Комиссия мақұлдаған экспорттаушылар беретін тауарды қоспағанда) қолданылады және мүше мемлекеттердің экономика саласына залал келтіретін субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылады.
Жекелеген экспорттаушылар беретін тауарларға қатысты Комиссия өтемақы бажы мөлшерлемесінің жеке мөлшерін белгілеуі мүмкін.
5. Өтемақы бажының мөлшерлемесі субсидияланатын және эскпортталатын тауар бірлігіне есептелген экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер субсидиялар түрлі субсидиялау бағдарламаларына сәйкес берілетін жағдайда, олардың жиынтық мөлшері ескеріледі.
Өтемақы бажының мөлшерлемесі, егер мұндай мөлшерлеме мүше мемлекеттердің экономика саласына келтірілген залалды жою үшін жеткілікті болып табылса, экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының мөлшерінен кем болуы мүмкін.
6. Өтемақы бажының мөлшерлемесін айқындаған кезде өтемақы бажын енгізу мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне әсер етуі мүмкін олардың тұтынушыларының тергеп-тексеруді жүргізіп жатқан органға жазбаша түрде келіп түскен пікірлері ескеріледі.