3. Жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің құқықтарын кредиторға кепілге беруі және осы құқықтардың құнын есепке алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің пайдалануға берілген объектілері бойынша инвестициялық шығындарды өтеу мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарында көзделген сомалар мен мерзімдер шегінде толық көлемде жүзеге асырылады.»;
4) мынадай мазмұндағы 51-1-баппен толықтырылсын:
«51-1-бап. Жекеше әріптесті ауыстыру
1. Жекеше әріптес кредитор алдындағы және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, мемлекеттік әріптеспен және кредитормен келісу бойынша жекеше әріптесті ауыстыруға жол беріледі, ол жекеше әріптесті ауыстыру мақсатында мемлекеттік әріптестің конкурс өткізуі арқылы жүзеге асырылады.
2. Жекеше әріптес ауыстырылған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша құқықтар мен міндеттер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптесті ауыстыру туралы келісім жасалған кезден бастап жаңа жекеше әріптеске беріледі.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптесті ауыстыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.».
16. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 13 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 21-III, 135-құжат; 2016 ж., № 8-II, 67-құжат):
1) 1-баптың 2-тармағының 54) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«54) 62-баптың 5-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5-1. Білім беру грантының немесе мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауды қаржыландыру әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Білім беру тапсырысының негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлауды қаржыландыру әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.»;»;
2) 2-бапта:
3-тармақтың бірінші абзацындағы «2020» деген цифрлар «2021» деген цифрлармен ауыстырылсын;
4-тармақтың бірінші абзацындағы «2020» деген цифрлар «2021» деген цифрлармен ауыстырылсын.
17. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 8-I, 67-құжат):
1-баптың 11-тармағы 10) тармақшасының тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары береді.».
18. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 12, 86-құжат; № 23, 119-құжат; 2017 ж., № 12, 36-құжат; № 13, 45-құжат; № 14, 53-құжат; № 21, 98-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат):
27-бапта:
10-тармақта:
үшінші бөлік 5) тармақшадағы «активтеріне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.» деген сөздер «активтеріне;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.»;
мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың үшінші бөлігі 6) тармақшасының ережесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптар бойынша ақшаны алып қоюға қолданылмайды.»;
11-тармақтың екінші бөлігі «банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға,» деген сөздерден кейін «инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға,» деген сөздермен толықтырылсын.
19. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2017 ж., № 20, 96-құжат):
1-баптың 5-тармағы 2) тармақшасының алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігін аудару нормативін жергілікті атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты белгілейді.».
2-бап.
1. Осы Заң:
1) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағы 18) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарын, 19) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 34) тармақшасының он үшінші және он төртінші абзацтарын;
2) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағының 1) тармақшасын, 2) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарын;
3) 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағы 28) тармақшасының төртінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабының 9-тармағы 5) тармақшасының отыз жетінші абзацының қолданысы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«14-3) экстернат және сырттай оқу нысандарында оқытуға жол берілмейтін жоғары білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының тізбесін бекітеді;».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы шілденің 4-і.
№ 171-VI