1. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу үшін халықаралық пошта жөнелтілімдерін кеден органдарына тағайындалған пошта байланысы операторы көрсетеді.
Жазбаша хат-хабарлардың жекелеген түрлері (аэрограммалар, пошталық карточкалар, зағиптарға арналған хаттар мен жөнелтілімдер) көрсетілген пошта жөнелтілімдерінде тыйым салулар мен шектеулер белгіленген тауарлардың бар екеніне жеткілікті негіздер болған кезде кеден органына оның талап етуі бойынша көрсетіледі.
2. Халықаралық пошта алмасу орнына (мекемесіне) бүлінген түрде, салмағы өзгеріп, ішіндегісі бұзылып, қажетті ілеспе құжаттары салынбай және (немесе) құжаттарсыз келіп түскен халықаралық пошта жөнелтілімдері Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған, тағайындалған пошта байланысы операторы ресімдеген құжат қоса беріліп, кеден органдарына көрсетіледі.
3. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік жете тексеру актісін ресімдеу, егер оны кеден органдары кедендік операцияларды жасау және (немесе) кедендік бақылауды жүргізу кезінде пайдаланса, жүргізіледі. Егер кедендік жете тексеру актісі жасалмаса, кеден органының лауазымды адамдары кедендік жете тексеру нәтижелері туралы мәліметтерді халықаралық пошта жөнелтілімдерімен бірге жүретін, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттарда көрсетеді.
402-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кеден органдары мен басқа да мемлекеттік органдары арасындағы өзара іс-қимыл
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының бақылауына жататын тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары Қазақстан Республикасының басқа да бақылаушы мемлекеттік органдарының әрекеттерін жалпы үйлестіруді және бірлескен актімен айқындалатын тәртіппен бір мезгілде бірлескен бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз етеді.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кеден органдары мен басқа да мемлекеттік органдары ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, кедендік және мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге де түрлерін жүргізу үшін қажетті құжаттармен және (немесе) ақпаратпен (мәліметтермен) алмасады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) жүргізілуін жеделдету мақсатында кедендік жете тексеру Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының қатысуымен жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте кедендік жете тексеру актісі жасалады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың және (немесе) көлік құралдарының иондаушы сәуле шығару деңгейін тексеру және халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оны табиғи ортамен салыстыру радиациялық бақылау болып табылады.
Радиациялық бақылауды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тауарлар мен көлік құралдарын өзге де өткізу орындарда орналасқан кеден органдары радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, автоматты түрде не қолмен тексеру режимінде жүргізеді.
Радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Кеден органдары өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауға жататын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілген кезде көрсетілген тауарларға кедендік бақылауды жүзеге асырады.
Кеден органдары өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауға жататын тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілуінің алдын алады және жолын кеседі.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.05.01. № 408-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында жүзеге асырылады және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағын Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылмайтын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларын қоздырушылардың әкелінуі мен таралуынан қорғауға бағытталады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары жүзеге асырады.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.05.01. № 408-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында жүзеге асырылады және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағын Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылмайтын басқа мемлекеттерден карантинді объектілердің әкелінуінен немесе өздігінен енуінен қорғауға бағытталады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті орган ведомствосының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
8. Адамдар мен тауарларды (жүктерді) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адамның денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдердің әкелінуіне жол бермеу мақсатында жүргізілетін тауарлардың (жүктердің) санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін және адамдардың денсаулық жағдайын бақылау санитариялық-карантиндік бақылау болып табылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды кеден органдарының лауазымды адамдары уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын басқа мемлекеттерден инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адамның денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдердің әкелінуінің нақты қатері туындаған жағдайда, кеден органдары санитариялық-карантиндік бақылауды жүргізу мақсатында уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы аумақтық органдарды тартады.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль, теңіз өткізу пункттерінде және тауарларды өзге де өткізу орындарында кеден органдарына жүктелген көліктік бақылау жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль, теңіз өткізу пункттерінде және тауарларды өзге де өткізу орындарында кеден органдарына жүктелген көліктік бақылауды кеден органдарының лауазымды адамдары уәкілетті орган мен көлік саласындағы уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
403-бап. Кеден органдарының Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы
1. Кеден органдары өз функцияларын Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарымен бірлескен актілерде айқындалатын тәртіппен немесе Қазақстан Республикасының көрсетілген мемлекеттік органдарымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден органдарының қызметіне араласуға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау мақсатында кеден органдары:
1) өз құзыреті шегінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қозғалысы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат береді;
3) кеден органдары анықтаған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарын бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат береді.
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау, ақпарат алмасу, оның ішінде электрондық нысанда алмасу мақсатында уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзара іс-қимыл жасау тәртібі, сондай-ақ осындай ақпарат алмасу шеңберіндегі мәліметтердің тізбесі бірлескен актіде айқындалады.
404-бап. Кедендік бақылау аймақтары
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындары, меншікті тауарларды сақтау қоймаларының, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының, еркін қоймалардың аумақтары, бажсыз сауда дүкендерінің аумақтары және осы Кодексте белгіленген өзге де орындар кедендік бақылау аймақтары болып табылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде, көліктік-логистикалық орталықтарда, сондай-ақ кедендік декларациялау және өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсаттары үшін кеден органдары кедендік бақылау аймақтарын құрады.
Өзге орындарда кедендік бақылау аймақтары, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды уақытша сақтау, тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операцияларды жасау, тауарларды кедендік қарап-тексеру және (немесе) жете тексеру нысанында кедендік бақылауды жүргізу үшін құрылады.
2. Кедендік бақылау аймақтарын құрмай:
1) көшпелі кедендік тексеру барысында не осы Кодекстің 18-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік бақылау аймақтарынан тыс көлік құралдарын тоқтатқан кезде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілетін тауарлар анықталған кезде жүзеге асырылатын кедендік қарап-тексеру;
2) үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру барысында және (немесе) көшпелі кедендік тексеру барысында не осы Кодекстің 18-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік бақылау аймақтарынан тыс көлік құралдарын тоқтатқан кезде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілетін тауарлар анықталған кезде жүзеге асырылатын кедендік жете тексеру жүргізілуі мүмкін.
3. Кедендік бақылау аймақтары, егер олар кедендік бақылауға жататын тауарларды оларда ұдайы орналастыруға арналған болса - тұрақты немесе оларды тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылау жүргізу, жүк және өзге де операциялар жасау уақытына құрған жағдайда уақытша болуы мүмкін.
4. Тұрақты кедендік бақылау аймақтары аумақтық кеден органының немесе кеденнің басшысының (оны алмастыратын адамның) осы баптың 1-тармағында көзделген орындарда кедендік бақылау аймақтарын белгілеу туралы бұйрығының негізінде құрылады және жұмыс істеуін тоқтатады.
Уақытша кедендік бақылау аймақтарын құру (оның ішінде мүдделі тұлғаның өтініші бойынша), олардың жұмыс істеуін тоқтату тәртібін, оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ уақытша кедендік бақылау аймағының құқықтық режимін уәкілетті орган бекітеді.
5. Тұрақты кедендік бақылау аймақтарының шекаралары шартты сызықпен шектеледі және:
1) кедендік рәсімдерді жүргізу орындарында - өлшемдері: биіктігі - 50 сантиметр, ені - 100 сантиметр болатын белгілермен белгіленеді. Белгінің көк түсті тақтасына биіктігі 10 сантиметр және ені 3,7 сантиметр ақ түсті әріптермен, үш жолға, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) «Кедендік бақылау аймағы» деген жазба жазылады;
2) суда - жарық шағылыстырғыш бояудың көмегімен орындалған «Кедендік бақылау аймағы» деген жазбасы бар қызыл түсті қалтқылармен белгіленеді.
6. Тұрақты кедендік бақылау аймақтарына жіберу:
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) кедендік бақылау аймақтарында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тиісті бақылаушы органдарының лауазымды адамдары үшін қызметтік куәлікті не сәйкестендіру картасын көрсеткен кезде, тұрақты рұқсат қағазы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары үшін қаулы;
3) лауазымдық міндеттерін орындау лауазымды адамдардың кедендік бақылау аймағында тікелей болуымен байланысты ұйымдардың аталған адамдары үшін рұқсат қағазы негізінде жүзеге асырылады.
Тұрақты рұқсат қағаздары тиісті бақылаушы органдардың, ұйымдардың жазбаша өтініші негізінде күнтізбелік бір жыл мерзімге беріледі және оған аумақтық кеден органының немесе кеденнің басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды. Рұқсат қағаздарын арнайы журналда тіркеуді көрсетілген рұқсат қағазын берген кеден органы жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдардың лауазымды адамдары кедендік бақылау аймағында қысқа уақыт болуымен тікелей байланысты өздеріне жүктелген функцияларды орындау мақсатында аталған адамдарға берілетін уақытша рұқсат қағазы негізінде жүзеге асырылады.
Уақытша рұқсат қағаздары адамның кедендік бақылау аймағында уақытша болу мерзіміне оның жазбаша өтініші негізінде беріледі.
7. Тұрақты және уақытша рұқсат қағаздарының, тұрақты және уақытша рұқсат қағаздарын тіркеу журналының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Уақытша кедендік бақылау аймақтарына жіберу мына адамдарға:
қызметтік куәлікті не сәйкестендіру картасын көрсеткен кезде, кедендік бақылау аймақтарында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тиісті бақылаушы органдарының лауазымды адамдарына;
Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарына;
лауазымдық міндеттерін орындау лауазымды адамдардың кедендік бақылау аймағында тікелей болуымен байланысты ұйымдардың аталған адамдарына;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдардың лауазымды адамдарының кедендік бақылау аймағында қысқа уақыт болуымен тікелей байланысты өздеріне жүктелген функцияларды орындау мақсатында аталған адамдарға жазбаша өтініштері негізінде кедендік бақылау аймағына уақытша болу мерзіміне уақытша рұқсат қағазын беру жолымен жүзеге асырылады.
9. Рұқсат қағаздарын ресімдемей, тұрақты кедендік бақылау аймағына жіберу:
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қызметтік куәлікті не сәйкестендіру картасын көрсеткен кезде, кедендік бақылау аймағында өздеріне жүктелген функцияларды өз жұмыс уақыты кезеңінде орындайтын кеден органдарының лауазымды адамдарына;
2) кедендік бақылау аймағындағы тауарлар мен көлік құралдарына өкілдік ететін адамдарға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін жеке тұлғаларға қатысты жүзеге асырылады.
Кеден органының лауазымды адамдарының өз жұмыс уақытынан тыс кезде кеден органы басшысының рұқсатынсыз кедендік бақылау аймағында болуына жол берілмейді.
10. Тұрақты кедендік бақылау аймақтарының шекарасы арқылы және оның шегінде тауарлар мен көлік құралдарының өтуіне кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
11. Өндірістік және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ режимдік объектілердің кедендік бақылау аймақтарында болуына, аталған қызмет уақытша сақтау орнының немесе қоймасының, еркін қойманың, кеден қоймасының және бажсыз сауда дүкенінің мақсатына сәйкес келген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейді.
405-бап. Кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды сақтау
1. Мыналар:
1) кедендік құжаттар;
2) осы Кодекстің 179-бабында көрсетілген құжаттар;
3) кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолданумен байланысты тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
4) кедендік операцияларды жасау кезінде жасалған құжаттар;
5) мәлімделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарын растайтын құжаттар кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті, сақтауға жататын құжаттар болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды тұлғалар және кеден органдары, олардың кедендік декларацияны беру кезінде ұсынылғанына немесе ұсынылмағанына қарамастан, осы Кодекстің 34-бабының 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап есептелетін, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері өткенге дейін сақтауға тиіс.
3. Кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кеден ісі саласында қызметтер көрсетумен байланысты қызметіне қатысты кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды кедендік операциялар жасалған жыл өткеннен кейін, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері ішінде сақтауға тиіс.
406-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босатуы
1. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босатуы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2. Кедендік жете тексеруге мынадай адамдардың:
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының және олармен бірге жүретін олардың отбасы мүшелерінің;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің мүшелері қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ресми сапармен келетін шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттердің үкімет басшыларының, шет мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің;
4) өкілеттіктері өтіп кеткен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер президенттерінің және олармен бірге жүретін олардың отбасы мүшелерінің;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) егер Армения Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Армения Республикасы Премьер-министрі Әкімшілігінің Басшысы, Армения Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Армения Республикасы Ұлттық жиналысының депутаттары, Армения Республикасы Кассациялық Сотының Төрағасы, Армения Республикасының Бас прокуроры, Армения Республикасы Орталық банкінің Төрағасы, Армения Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы, Армения Республикасы Премьер-министрі Күзет қызметінің бастығы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
6) егер Беларусь Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Беларусь Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Беларусь Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Мемлекеттік хатшысы, Беларусь Республикасының Мемлекеттік бақылау комитетінің басшысы, Беларусь Республикасының Бас прокуроры, Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің Басқарма Төрағасы, Беларусь Республикасы Президентінің Іс басқарушысы, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің мүшелері, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдері палатасының депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан (бұр.ред.қара), 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді (бұр.ред.қара))
7) егер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) егер Қырғыз Республикасы Президенті Аппаратының Басшысы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты Конституциялық палатасының Төрағасы, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаттары, Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің Хатшысы, Қырғыз Республикасының Бас прокуроры, Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы Президенті мен Үкіметінің Іс басқарушысы, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Төрағасының орынбасары - 9 қызметтің бастығы қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың;
9) егер Ресей Федерациясы Конституциялық Сотының Төрағасы, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің мүшелері, Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің директоры, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаттары қызметтік міндеттерін немесе депутаттық өкілеттіктерін орындауға байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтсе, аталған адамдардың жеке багажы жатпайды.
3. Кедендік жете тексеруден:
1) шетелдік әскери корабльдер (кемелер), жауынгерлік әуе кемелері және өздігінен жүретін әскери техника;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарының арнайы өтініштеріне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін әскери мүлік босатылады.
47-тарау. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ НЫСАНДАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
407-бап. Кедендік бақылау нысандары
Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың мынадай нысандарын қолданады:
түсініктемелер алу;
кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру;
кедендік қарап-тексеру;
кедендік жете тексеру;
жеке кедендік жете тексеру;
үй-жайларды және аумақтарды кедендік қарап-тексеру;
кедендік тексеру.
408-бап. Түсініктемелер алу
1. Түсініктемелер алу кеден органдары лауазымды адамдарының тасымалдаушылардан, декларанттардан және мұндай мәліметтері бар өзге де тұлғалардан кедендік бақылау жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді алуын білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Түсініктемелер кедендік құжатты жасау арқылы ресімделеді, оның нысанын Комиссия айқындайды.
3. Түсініктемелер алу үшін осы баптың 1-тармағында көзделген адамдарды шақыру қажет болған кезде кеден органы шақырылатын адамдарға табыс етілетін немесе жіберілетін хабарламаны ресімдейді.
409-бап. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру
1. Кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру мыналарды:
1) кедендік декларацияны;
2) кеден органдары жасайтын құжаттарды қоспағанда, өзге де кедендік құжаттарды;
3) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды;