КЖС - кірістердің жиынтық сомасы;
7) мынадай формула бойынша айқындалатын азайту сомасы:
А = ҚП × (К(7)/КЖС), мұнда:
А - азайту сомасы;
ҚП - бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасының оң шамасы;
К(7) - егер бір бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасы осындай кірісті қамтитын болса, бір бақыланатын шетелдік компания осы Кодекстің 645-бабы 9-тармағының 7) немесе 8) тармақшасының шарттарына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасы резидентінің құрылтайшысы болып табылатын басқа бақыланатын шетелдік компанияға өткізуден алған құн өсімінен түсетін кіріс;
КЖС - кірістердің жиынтық сомасы;
8) егер бақыланатын шетелдік компанияның салық салынғанға дейінгі қаржылық пайдасы осындай кірістерді қамтитын болса, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, осы Кодекстің 645-бабы 9-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларына сәйкес төлем көзінен корпоративтік табыс салығын салуға жатпайтын сыйақылар түріндегі және (немесе) құн өсімінен түсетін және (немесе) роялти түріндегі кірістер;
9) егер салық салынғанға дейінгі қаржылық пайда осындай дивидендтерді қамтитын болса, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған, бұрын Қазақстан Республикасында төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынған дивидендтердің сомасы;
10) шоғырландырылған топтың біртұтас ұйымдық құрылымына кіретін бақыланатын шетелдік компания шетелдік компаниядан алған дивидендтердің сомасы.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 414 - 416 абзацтармен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 420 абзац өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Бұл ретте бір бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасы Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, бұрын Қазақстан Республикасында төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынған және (немесе) осы Кодекстің 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына сәйкес төлем көзінен корпоративтік табыс салығын салуға жатпаған дивидендтерді қамтуға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген бақыланатын шетелдік компанияға және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесіне қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігін қолдану үшін резидент-жеке тұлғада осы Кодекстің 297-бабының 10-тармағында көрсетілген растайтын құжаттар болуға тиіс.
4. Резидент-жеке тұлға осы Кодекстің 298-бабында айқындалған тәртіппен бақыланатын шетелдік компанияға қатысу (бақылау жасау) туралы өтініш ұсынуға міндетті.
Ескертпе.
Осы бапта пайдаланылатын ұғымдар осы Кодекстің 294-бабында айқындалады.
3-параграф. Кірісті түзету
341-бап. Кірісті түзету
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен мынадай кіріс түрлерi алып тасталады (бұдан әрі - кірісті түзету):
1) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
2) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген банктердегі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы өздерінің салымдары (депозиттері) бойынша төленетiн сыйақылар;
3) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар;
4) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттiк облигациялар бойынша сыйақылар;
5) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
6) агенттiк облигацияларды өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетін кірістер;
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 435 абзац жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміндегі осындай дивидендтер мен сыйақылар;
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 436 абзацпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің ережесі күнтізбелік жылда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес биржада сауда-саттық жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге қолданылады;
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 436 және 439 абзацтар жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) мыналарды:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын таза кірісті немесе оның бір бөлігін;
резидент-заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірісті немесе оның бір бөлігін;
резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде және осындай эмитент-заңды тұлға акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алған кезде мүлікті бөлуден түсетін кірісті бөлу кезінде күнтізбелік жыл ішінде резидент-заңды тұлғадан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшері шегінде алынған дивидендтер.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 440 және 448 абзацтар алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 449 абзацпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8-1) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
9) әскери қызмет міндеттерін орындауына байланысты әскери қызметшінің, қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерінің, құқық қорғау органдары қызметкерінің (кеден органдарының қызметкерін қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің кірістері;
10) әскери, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киімді киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда, құқық қорғау органдарында (кеден органдарын қоспағанда), мемлекеттік фельдъегерлік қызметте қызметтік міндеттерін орындауына байланысты алатын төлемдердің барлық түрі;
11) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және мұндай ұтыстарды есепке жазу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшері шегiнде бір лотерея бойынша ұтыс;
12) республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген және мұндай төлем күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінде бюджет және (немесе) гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын, қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiптік оқытуға байланысты төлемдер;
13) «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлемдер.
Осы тармақшаның ережелері жеке тұлға мыналарды ұсынған кезде қолданылады:
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте кірісті түзетуді қолдану үшін өтініш;
растайтын құжаттардың көшірмелері;
14) жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын әрбір тұлғаның жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 282 еселенген мөлшері шегіндегі бір жылғы кірісі.
Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға жеке қосалқы шаруашылықтан алған мынадай ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден түсетін кіріс жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кіріс деп танылады:
тірі сауынды табын ірі қара мал;
тірі ірі қара мал;
тірі жылқы және өзге жылқы тұқымдас жануарлар;
тірі түйе және түйе тектілер;
тірі қой мен ешкі;
тірі шошқа;
тірі үй құстары;
тауықтың шағылмаған жаңа жұмыртқасы;
ірі қара малдың, шошқаның, қойдың, ешкінің, жылқының және жылқы тұқымдас жануарлардың жас немесе тоңазытылған еті;
сауынды табын ірі қара малдың шикі сүті;
үй құстарының жас немесе тоңазытылған еті;
картоп;
сәбіз;
қырыққабат;
баялды;
қызанақ;
қияр;
сарымсақ;
пияз;
қант қызылшасы;
алма;
алмұрт;
айва;
өрік;
шие;
шабдалы;
қара өрік;
ірі қара малдың, жылқы тұқымдас жануарлардың, қойдың, ешкінің түтілген жүні, терілері, иленбеген былғарысы.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында өнім түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақшаның ережелерін бір ғана салық агенті - агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым, ауыл шаруашылығы кооперативі және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлға агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымға, ауыл шаруашылығы кооперативіне және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға мынадай құжаттарды:
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 480 абзац алып тасталды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
жергілікті атқарушы органның жеке қосалқы шаруашылықта пайдаланылатын:
алаңы көрсетіле отырып, жер учаскесінің;
саны көрсетіле отырып, үй жануарларының;
саны көрсетіле отырып, үй құстарының бар екендігі туралы растауын;
салық салуға жататын кірістерге түзету қолдануға арналған өтінішті ұсынған жеке тұлғаға қатысты қолданады.
Бұл ретте құжаттар салық агентіне осындай түзету қолданылған күнтізбелік жылда кемінде бір рет ұсынылады;
15) акцияларды, резидент-заңды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумға қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер. Осы тармақша бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде қолданылады:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеуші осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленеді;
осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға немесе осындай консорциумға қатысу үлесін өткізетін осындай консорциум қатысушысы жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға активтерінің құнында немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциум қатысушылары активтерінің жалпы құнында осындай өткізу күніне 50 пайыздан аз болады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлға немесе консорциум активтерінің құнындағы жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады;
16) өткізу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу кезінде құн өсiмiнен түсетiн кірістер;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен төленетін (еңбекке ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа) мынадай:
инфляция деңгейі ескеріле отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алушының зейнетақы төлемдеріне құқық алу кезіне бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма түріндегі;
өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген кезде - мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, асырауындағы адамдарға, мұрагерлері мен оларды алуға құқығы бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлердегі;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдарға - көтермелеу түріндегі;
дүлей зілзалаға немесе басқа да төтенше мән-жайларға байланысты залалдардың орнын толтыру түріндегі;
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 507 абзацпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген мүліктік зиянды өтеу түріндегі;
еңбек шартының қолданылуы тоқтатылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде - өтемақы төлемдері түріндегі;
халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері үшін универсиада жүлдегерлері мен қатысушыларына және Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде - көтермелеу түріндегі;
зейнеткерлік жасқа толған, отставкадағы судьяларға - өмір бойғы ай сайынғы қамтылым түріндегі;
Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын мемлекеттік сыйлықақылар, мемлекеттік стипендиялар түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлердегі төлемдер;
18) күнтізбелік жыл iшiнде салық агенті жүргізген әрбiр төлем түрi бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 94 еселенген мөлшері шегiндегі:
жеке тұлға медициналық көрсетілетін қызметтерді (косметологиялықтан басқа) алғанын және оларға төленген нақты шығыстарын, немесе ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарты және ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының төленгенін растайтын құжат болған кезде жұмыс берушінің ауырған жағдайдан ерікті сақтандыру шарттары бойынша жұмыскердің пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге арналған шығыстарын растайтын құжаттарды берген кезде - жеке тұлғаның медициналық көрсетілетін қызметтерге (косметологиялықтан басқа) шығыстарын жабу үшiн;
жұмыскер баланың (балалардың) тууы туралы куәліктің (куәліктердің) көшірмесін берген кезде - баласы туылған кезде жұмыскерге материалдық көмек көрсету түріндегі;
қайтыс болуы туралы анықтама немесе қайтыс болуы туралы куәлік болған кезде - жерлеуге арналған төлемдер.
Кіріске түзету қолдану туралы өтініш негізінде және растайтын құжаттар болған кезде көрсетілген кірістер салық салудан босатылады;
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 515 абзацпен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
Осы тармақшаның ережелері осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларға қолданылмайды;
19) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық жұмыскерлердiң ресми кірістері;
20) кірісі салық салуға жататын шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiндегі шетелдiктердің ресми кірістері;
21) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызмет істейтін жеке тұлғалардың бюджет қаражаты есебiнен төленетiн шетел валютасындағы ресми кірістері;
22) жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерi және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақысы);
24) «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін білім беру жинақтау салымдары бойынша мемлекеттiң сыйлықақылары;
25) осы Кодекстің 288-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жұмсалған, оқытуға жіберілген шығыстар;
26) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдер;
27) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және кірісті есепке жазу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшері шегінде - Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілігі мен босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасы шегеріле отырып, жұмыс берушінің жүктілік пен босану бойынша демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлердің демалысына ақы төлеуге арналған шығыстары түріндегі кірістер.
Егер жұмыс берушінің осы тармақшада көрсетілген шығыстары еңбек және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде көзделсе, осы тармақшаның ережелері қолданылады;
28) мемлекеттiк стипендиялар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерлерде ұйымдар бiлiм беру ұйымдарында білім алатын адамдарға төлейтiн стипендиялар;
29) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын, білім беру ұйымдары осындай ұйымдардағы білім алушыларға төлейтін Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы стипендиялары мен Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиялары;
30) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын, білім беру ұйымдары осындай ұйымдардағы білім алушыларға төлейтін мемлекеттік атаулы стипендиялар;
31) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурс жеңімпаздарын оқытуды және олардың тағылымдамалардан өтуін ұйымдастыруға байланысты шығыстарды төлеуге арналған төлемдер;
32) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде төленетін, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын адамдарға жол жүру шығыстарының өтемақылары;
33) жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, жеке тұлға басқа жеке тұлғадан өтеусіз негізде, оның ішінде сыйға алу немесе мұраға қалдыру түрінде алған мүлік.
Осы тармақшаның ережелері:
дара кәсіпкер алған және кәсіпкерлік мақсаттарда пайдалануға арналған мүлікке;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары төлейтін зейнетақы жинақтарына қолданылмайды;
34) қайырымдылық және демеушілік көмек түрiнде алынған мүлiктiң құны;
35) он алты жасқа толмаған балаларға арналған балалар лагерьлеріне жолдамалардың құны;
36) осы Кодекстiң 329-бабында көзделген кірістерді қоспағанда, шарттың қолданылу кезеңiнде басталған сақтандыру жағдайына байланысты, кез келген сақтандыру түрi кезiнде төленетiн сақтандыру төлемдерi;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 530 абзац жаңа редакцияда, 531, 532 абзацтар алып тасталды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37) жеке тұлға өзінің пайдасына және (немесе) жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) пайдасына және (немесе) жұмыс беруші жұмыскердің пайдасына сақтандыру сыйлықақыларын төлеген жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 533 абзацпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
37-1) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымдары төлейтін сатып алу сомалары;
38) сенімгерлік басқару құрылтайшысының сенімгерлік басқарудан түсетін, резидент-жеке тұлғадан, оның ішінде сенімгерлік басқарушы болып табылатын дара кәсіпкерден алған таза кірісі;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 534 абзац жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
39) шоғырландырылған топтың біртұтас ұйымдық құрылымына кіретін бақыланатын шетелдік компанияның және (немесе) шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан (немесе оның бір бөлігінен) бөлінген, бұрын осы Кодекстің 340-бабына сәйкес жеке табыс салығы салынған дивидендтер;
40) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша кіріс;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 545 абзац жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемақылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу үшін бюджет қаражатынан субсидиялар;
42) моральдық зиянды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жеке тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянға өтем;
43) жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бөлігінде жұмыс беруші жасасқан жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттары және аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдері;
44) материалдық нұқсанды өтеудің сот шешімі бойынша тағайындалатын, сондай-ақ сот шығыстарының сомалары;
45) гуманитарлық көмек түрінде алынған мүліктің құны;
46) жұмыс беруші өз жұмыскерлерін міндетті сақтандыру шарттары бойынша төлейтін сақтандыру сыйлықақылары;
47) гранттар қаражаты есебінен төлемдер (еңбекке ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа);
48) түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаға осындай сынықтар мен қалдықтарды өткізуден түсетін кіріс - осындай кіріс сомасының 85 пайызы мөлшеріндегі кіріс.
Осы тармақшада көзделген кірісті айқындау кезінде осы Кодекстің 37-тарауында көрсетілген салықтық шегерімдер қолданылмайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 545, 546 абзацтар алып тасталды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 50) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
50) осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғалар жұмыскерлерінің кірістері;
51) 2020 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді, 2020 ж. 1 қазанға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 554 - 561 абзацтармен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
52) осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағында айқындалған коммерциялық емес ұйымның жарғылық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру шеңберінде осындай ұйыммен еңбек қатынастарында тұрмайтын және (немесе) қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау туралы шарт шеңберінен тыс жеке тұлғаның жол жүруіне, тұруына және тамақтануына арналған шығыстары түрінде алынған жеке тұлғаның кірістері;
53) резидент-жеке тұлға үш жыл және одан да көп мерзімге жасалған жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша күнтізбелік жыл ішінде төлеген, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 320 еселенген мөлшері шегіндегі сақтандыру сыйлықақылары (егер шартта сақтандыру сыйлықақыларын бөліп төлеу көзделген жағдайда - сақтандыру жарналары).
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін кірісті түзету сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарнасын) төлеу күні тура келетін салықтық кезеңде қолданылады және мыналар осындай түзетуді қолдану үшін растайтын құжаттар болып табылады: