Жеке табыс салығын төлеу салық агентінің тұрған жері бойынша тиісті бюджеттерге жүргізіледі.
3. Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және төлеуді салық агенті осы Кодекстің 350 және 351-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
4. Салық агенті жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны осы Кодекстің 355-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тапсырады.
353-бап. Төлем көзінен салық салынатын кірісті айқындау
1. Жұмыскердің салық салынатын кірісінің сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жұмыскердің салықтық кезеңге есептелген, төлем көзінен салық салынуға жататын кірістерінің сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, салықтық кезеңдегі кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 677 абзацпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Егер жұмыскердің салықтық кезең үшін есепке жазылған кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспаса, жұмыскердің салық салынатын кірісінің осы баптың 1-тармағында айқындалған сомасы 90 пайызға азайтылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 677 - 682 абзацтар жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мүліктік кірістен басқа, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алған салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
мүліктік кірістен басқа, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден ағымдағы салықтық кезеңде алған, төлем көзінен салық салуға жататын кірістер сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,
алу
міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар түріндегі салықтық шегерімдердің және осы Кодекстің 346-бабы 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларында көрсетілген стандартты шегерімдердің сомасы.
3. Зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан:
салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, жеке табыс салығы бойынша түзету сомасы
алу
осы Кодекстің 345-бабының 1-тармағында және 346-бабы 1-тармағының 2) және (немесе) 3) тармақшаларында көрсетілген тәртіппен және мөлшерлерде салықтық шегерімдер сомасы;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан - салық салуға жататын, зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс мөлшерінде.
4. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша салық салынатын кіріс мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
салық салуға жататын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша кіріс сомасы,
алу
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 694 абзац жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 345-бабының 2-тармағында көрсетілген тәртіппен және мөлшерде салықтық шегерім сомасы.
5. Салық агентінен салық салынатын кірістердің, оның ішінде осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көрсетілмеген кіріс түрлері бойынша мөлшері мынадай тәртіппен айқындалады:
төлем көзінен салық салуға жататын, осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көрсетілмеген, ағымдағы салықтық кезеңде алынған барлық кірістердің сомасы,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, ағымдағы салықтық кезеңде кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 346-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген стандартты шегерім сомасы.
6. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістің шетел валютасындағы сомасы кіріс төленген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледі.
7. Егер осы баптың 1 - 5-тармақтарында көзделген тәртіппен айқындалған сома теріс болып табылса, онда мұндай сома салықтық шегерімдердің асып кетуі деп танылады.
Салықтық шегерімдердің асып кету сомасы осы салықтық кезеңдерде салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін күнтізбелік жыл шегінде кейінгі салықтық кезеңдерге ауыстырылады.
354-бап. Салықтық және есепті кезеңдер
1. Салық агенттері төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу үшін күнтiзбелiк ай салықтық кезең болып табылады.
2. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны жасау үшін күнтiзбелiк тоқсан есепті кезең болып табылады.
355-бап. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация
1. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тұрған жердегі салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей:
салық агенттері, оның ішінде тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері;
әлеуметтік төлем агенттері немесе төлеушілер, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз пайдасына тапсырады.
2. Бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының есептелген сомаларын бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда көрсетеді.
3. Құрылымдық бөлімшелері бар салық агенттері құрылымдық бөлімше орналасқан жердегі салық органына жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияға құрылымдық бөлімше бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны ұсынады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 744 абзацпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттері бірыңғай төлемнің есептелген сомаларын жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияда көрсетеді.
39-тарау. Жеке тұлға дербес есептейтін жеке табыс салығы бойынша есептеу, төлеу және салықтық есептілікті ұсыну тәртібі
356-бап. Жеке тұлға дербес есептейтін жеке табыс салығы бойынша жалпы ережелер
1. Жеке табыс салығын есептеуді және бюджетке төлеуді жеке тұлға:
1) осы Кодекстің 321-бабының 1) - 12) және 17) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша - осындай кірістерді салық агенті болып табылмайтын тұлғадан алған жағдайда;
2) осы Кодекстің 321-бабының 13) - 18) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша дербес жүзеге асырады.
2. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын, шетел валютасымен алынған (алуға жататын) кіріс кіріс алуға жататын күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледi.
357-бап. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау
1. Дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның және резидент-еңбекші көшіп келушінің кірісін қоспағанда, жеке тұлға дербес салық салуға жататын тиісті кірістің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жеке тұлға дербес салық салуға жататын жеке тұлға кірісі,
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген мөлшерде және тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
2. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын дара кәсіпкер кірісінің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
дара кәсіпкердің осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалған салық салынатын кірісі,
алу
тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісі
алу
осы Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген, кірісті түзету сомасы,
алу
осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген мөлшерде және тәртіппен салықтық шегерімдер сомасы.
Дара кәсіпкер кірісінің салық салынатын сомасын тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне азайту, егер осындай қызмет операциялары бойынша пайда болған теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуі ескеріле отырып, тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін кірістер дара кәсіпкердің салықтық кезең үшін жиынтық түрде алған кірісінің кемінде 90 пайызын құраса, жүргізіледі. Бұл шарт сақталмаған кезде дара кәсіпкер осы тармақтың бірінші бөлігі үшінші және төртінші абзацтарының ережелерін қолдануға құқылы емес.
3. Жеке практикамен айналысатын адам кірісінің салық салынатын сомасы осы Кодекстің 365-бабында белгіленген тәртіппен айқындалады.
4. Резидент-еңбекші көшіп келуші кірісінің салық салынатын сомасы осы Кодекстің 360-бабында белгіленген тәртіппен айқындалады.
358-бап. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 768 абзац өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда кейіннен көрсетіле отырып, салықтық кезеңде алынған кірістер бойынша жүргізіледі.
Жеке практикамен айналысатын адамдардың кірістерінен жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда кейін көрсетіле отырып, әр айдың қорытындысы бойынша бір айда алынған кірістер бойынша жүргізіледі.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 770 абзацпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Осы Кодекстің 71-тарауына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсету арқылы жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептейді.
2. Жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаның салық салынатын тиісті кіріс түрінің сомасына осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы есептеледі.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 768-абзац өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер көрсетілген арнаулы салық режимдерінің шеңберінде салық салынатын кірістер боыйнша жеке табыс салығын есептеуді осы Кодекстің 77-тарауына сәйкес жүргізеді.
4. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығын (төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша есептелетін салықтан басқа) есептеуді осы Кодекстің 78-тарауының ережелерін ескере отырып жүргізеді.
5. Жеке табыс салығының бюджетке төлеуге жататын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
жеке табыс салығының осы бапта көзделген тәртіппен есептелген сомасы,
алу
жеке табыс салығының осы Кодекстің 359-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасы,
алу
корпоративтік табыс салығының осы баптың 6-тармағына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын сомасы.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 751 - 764 абзацтар алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
359-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу
1. Резидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден алған кірістерден Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде төленген кіріс салықтарының немесе жеке табыс салығына ұқсас өзге шетелдік салықтың (бұдан әрі осы баптың мақсатында - шетелдік табыс салығы) сомалары осындай шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжат болған кезде жеке табыс салығының мөлшерлемесі шегінде осы Кодекстің 303-бабында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызуға жатады.
2. Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығын төлеу есебіне бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының мынадай формула бойынша есептелген сомасы есепке жатқызуға жатады:
Се = О х Ү х Мт/100 %, мұнда
Се - шетелдік табыс салығының есепке жатқызылуға жататын сомасы;
О - осы Кодекстің 340-бабына сәйкес резидент-жеке тұлғаның жылдық кірісіне енгізілген, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасының оң шамасы немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасының оң шамасы;
Ү - осы Кодекстің 297-бабына сәйкес айқындалатын, бақыланатын шетелдік компанияға резиденттің тікелей немесе жанама, немесе конструктивті қатысу немесе тікелей немесе жанама, немесе конструктивті бақылау коэффициенті;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 772 абзац өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Мт - осы Кодекстің 340-бабы 3-тармағының 1) - 10) тармақшаларында көрсетілген кірістерден табыс салығы, оның ішінде Қазақстан Республикасында төлем көзінен ұстап қалынғаны есепке алынбай, осы Кодекстің 294-бабы 4-тармағының 12) тармақшасына сәйкес есептелген тиімді мөлшерлеме.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 773 абзац жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы тармақтың ережелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің жиынтық пайдасын есептеу кезінде резидент ағымдағы салықтық кезеңде пассив кірістер үлесі бар формуланы пайдаланатын бақыланатын шетелдік компанияға және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесіне қолданылмайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 774, 777 абзацтар алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Егер бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасына немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасына екі және одан көп шет мемлекетте шетелдік табыс салығы салынса, онда тиімді мөлшерлемесі осындай шет мемлекеттерде төленген шетелдік табыс салығының тиімді мөлшерлемелерінен барынша көп шаманы құрайтын шетелдік табыс салығы ғана есепке жатқызуға қабылданады. Осы абзацтың ережелері:
1) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) жанама иеленген немесе жанама бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы (осындай жанама иелену немесе осындай жанама бақылау сол (солар) арқылы жүзеге асырылатын бақыланатын тұлға (тұлғалар) тіркелген) екі және одан көп шет мемлекетте төленген кезде, немесе
2) бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей иеленген немесе тікелей бақылау жасаған және бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығы:
бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесі;
тұрақты мекеме құрған бақыланатын шетелдік компания тіркелген шет мемлекеттерде төленген кезде қолданылады.
Резидент бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті иеленген не резиденттің тікелей және жанама немесе тікелей және конструктивті бақылауы болған жағдайда, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасынан немесе бақыланатын шетелдік компания тұрақты мекемесінің қаржылық пайдасынан шетелдік табыс салығының осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жататын сомасы бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) әрбір тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептеледі. Бұл ретте бақыланатын шетелдік компанияға қатысу үлестерін (дауыс беретін акцияларын) тікелей және жанама иелену немесе тікелей және конструктивті иелену не тікелей және жанама бақылау жасау немесе тікелей және конструктивті бақылау жасау бойынша жеке есептелген осындай шетелдік табыс салығы шамаларының сомасы осы тармаққа сәйкес есепке жатқызылуға жатады.
Осы тармақты қолдану үшін резидентте осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттар болуға тиіс.
360-бап. Резидент-еңбекші көшіп келушінің кірісі
1. Резидент-еңбекші көшіп келушілер салықтық кезең ішінде еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 787 абзац өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алуға (ұзартуға) арналған өтінішінде резидент-еңбекші көшіп келуші көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 4 еселенген мөлшерінде есептеледі.
3. Резидент-еңбекші көшіп келуші жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді еңбекші көшіп келушіге рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
4. Салықтық кезең аяқталғаннан кейін резидент-еңбекші көшіп келушілер жеке табыс салығының сомасын есептеуді кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
5. Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан (қызметтерді көрсетуден) алынған (алуға жататын) кірістердің еңбекші көшіп келушіге рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстар орындалатын (қызметтер көрсетілетін) әрбір айы үшін есептелген, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 14 еселенген мөлшері сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.
6. Резидент-еңбекші көшіп келуші салықтық кезең ішінде бюджетке төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.
7. Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және қайтаруға немесе есепке жатқызуға жатпайды.
8. Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезең қорытындысы декларациясы бойынша жеке табыс салығын төлеуді резидент-еңбекші көшіп келуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.
361-бап. Салықтық кезең
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу үшін күнтізбелік жыл салықтық кезең болып табылады.
2. Жеке тұлға күнтізбелік жыл басталғаннан кейін дара кәсіпкер ретінде тіркелген кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік жыл соңына дейінгі уақыт кезеңі ол үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Дара кәсіпкерді күнтізбелік жылдың соңына дейін дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарған кезде күнтізбелік жыл басталғаннан бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күнге дейінгі уақыт кезеңі ол үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Жеке тұлғаны күнтізбелік жыл басталғаннан кейін дара кәсіпкер ретінде тіркеген және осы жылдың соңына дейін дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарған кезде дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күнге дейінгі уақыт кезеңі ол үшін салықтық кезең болып табылады.
5. Дара кәсіпкер күнтізбелік жыл ішінде кәсіпкерлік қызметін шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимінде және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырған кезде салықтық кезеңге кәсіпкерлік қызметі шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимінде жүзеге асырылған уақыт кезеңі кірмейді.
362-бап. Салықты төлеу мерзімдері
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 812 абзац өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 814 абзац жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер осы Кодекстің 365-бабының 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, салықтық кезеңнің қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеуді салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны:
1) дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам - тұрған жері бойынша;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген жеке тұлға - тұрғылықты (болу) жері бойынша тапсыруы үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей дербес жүзеге асырады.
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 815 абзацпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Бұл ретте осы Кодекстің 71-тарауына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру тәсілдеріне қарай оны тапсыру үшін осы Кодекстің 635-бабында белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жеке табыс салығын төлеуді жүргізеді.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 812-абзац өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер көрсетілген арнаулы салық режимдері шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуді осы Кодекстің 77-тарауына сәйкес жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 805, 806 абзацтармен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Салық төлеуші осы Кодекстің 364-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша бақыланатын шетелдік компанияның және (немесе) бақыланатын шетелдік компанияның тұрақты мекемесінің жиынтық пайдасынан есептелген жеке табыс салығын төлеуді жүзеге асырады.
Осы тармақтың ережелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген бақыланатын шетелдік компаниялардың және (немесе) бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің жиынтық пайдасынан есептелген жеке табыс салығына қолданылмайды.
363-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларация
1. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны мынадай резидент-салық төлеушілер тапсырады:
1) дара кәсіпкерлер;
2) жеке практикамен айналысатын адамдар;
3) мүліктік кіріс алған жеке тұлғалар;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көздерден кірістер алған жеке тұлғалар;
5) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес салық агентіне қатысты емес кірістер алатын үй жұмыскерлері;
6) салық агенттері болып табылмайтын, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiмен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскер кірісін алатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған, халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскер кірісін алатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
8) еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша кірістерді алатын (алуға жататын), Қазақстан Республикасының резидент-еңбекші көшіп келушілері болып табылатын еңбекші көшіп келушілер;
9) «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпқой медиаторларды қоспағанда, салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алатын медиаторлар;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 816, 817 абзацтармен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2022.11.07. № 135-VІІ ҚР Заңымен 829 абзац жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3), 4), 5), 6), 7), 9), 10), 11), 11-1) және 12) тармақшаларының ережелері осы Кодекстің 71-тарауына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлғаларға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 11) және 12) тармақшаларының ережелері осы Кодекстің 71-тарауына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлғаларға қолданылмайды.