Үш құрамдасты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарды, оны орнату және қолдану тәртібін уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау саласындағы орталық мемлекеттік органмен, байланыс саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша белгілейді;
73) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 3-бабының редакциясында қолданылды
73) электрондық салық төлеуші - Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеуші;
74) электрондық сигареттер - электрондық технологиялардың көмегімен құрамында никотин бар сұйықтықты (картридждердегі, резервуарлардағы және электрондық сигареттерде пайдалануға арналған басқа да контейнерлердегі) қыздыратын және ішке тартуға арналған аэрозольді түзетін темекісіз бұйымдар;
75) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі - уәкілетті органның электрондық нысанда жазып берілген шот-фактураларды қабылдауды, өңдеуді, тіркеуді, беруді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйесі.
2. Осы Кодекстің мақсатында:
1) бір тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа тұлғаның үлестес тұлғасы болып танылатын;
2) бір тұлға басқа тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын;
3) шартпен байланысты тұлғалар, оған сәйкес олардың біреуі басқасының қабылдайтын шешімін айқындауға құқылы болатын;
4) заңды тұлға басқа заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе лауазымды адамының бақылауында болатын;
5) бір заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы немесе лауазымды адамы басқа заңды тұлғаның ірі акционері, ірі қатысушысы не лауазымды адамы болып табылатын;
6) заңды тұлға басқа заңды тұлғамен бірлесіп, үшінші тұлғаның бақылауында болатын;
7) тұлға өзінің үлестес тұлғаларымен бірлесіп, заңды тұлғаның не осы тармақтың 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғалардың қатысу үлестерінің 10 және одан да көп пайызын иеленетін, пайдаланатын, оған билік ететін;
8) акционерлік қоғамның тәуелсіз директорын қоспағанда, жеке тұлға осы тармақтың 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамы болып табылатын;
9) жеке тұлға заңды тұлғаның ірі қатысушысының не лауазымды адамының жақын туысы не жекжаты (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, әпке-сiңлiлері (іні-қарындастары), ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып табылатын талаптардың біреуіне не бірнешеуіне сәйкес келетін өзара қатынасы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар өзара байланысты тараптар деп танылады.
Осы тармақтың мақсатында, акционерлік қоғамдарды қоспағанда, заңды тұлғаның мүлкіндегі үлесі 10 және одан да көп пайызды құрайтын қатысушы ірі қатысушы деп түсініледі.
Заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі заңды тұлғаны бақылау деп түсініледі.
3. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының басқа арнайы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағынасында пайдаланылады.
4. Осы Кодексте пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да заңнамасы салаларындағы ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының сол салаларында пайдаланылатын мағыналарында қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Осы Кодексте көзделмеген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі міндет ешкімге жүктелуге тиіс емес.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарының арасында қайшылықтар болған кезде салық салу мақсатында осы Кодекстің нормалары қолданылады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, салықтық қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстан Республикасының салықтық емес заңнамасына қосуға тыйым салынады.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, аталған шарттың қағидалары қолданылады.
3-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 4-бабының редакциясында қолданылды
3-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданыста болады және осы Кодексте салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеушілер ретінде, сондай-ақ салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді алу және әкімшілендіру жөніндегі тиісті салықтық және өзге де рәсімдерге қатысушылар ретінде айқындалған барлық жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Жаңа салықты және (немесе) бюджетке төленетін төлемді белгілеу, мөлшерлемені арттыру, салық салу объектісін және (немесе) салық базасын өзгерту, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайту, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша шегерімнің немесе жеңілдіктің күшін жою немесе оларды азайту бөлігінде осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Қазақстан Республикасының заңдары ағымдағы жылғы 1 шілдеден кешіктірілмей жылына бір реттен артық емес қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізілуі мүмкін.
3. Осы Кодекске салықтық әкімшілендіру, салықтық есептілікті белгілеу ерекшеліктері, салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын жақсарту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар жылына бір реттен көп, бірақ ағымдағы жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірілмей қабылдануы мүмкін.
4. Осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар құқықтық реттеудің дербес нысанасын қамтитын заңдардың мәтіндеріне қосылмайды.
5. Қазақстан Республикасы заңдарының салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрін белгілейтін, мөлшерлемені арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын ережелерінің кері күші болмайды.
4-бап. Салық салу қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы осы Кодексте белгіленген салық салу қағидаттарына негізделеді.
Салық салу қағидаттарына салық салудың міндеттілігі, айқындылығы, салық салудың әділдігі, салық төлеушінің адалдығы, салық жүйесінің біртұтастығы және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы қағидаттары жатады.
Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелері салық салу қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы ережелерінің салық салу қағидаттарына қайшы келуі анықталған кезде, мұндай ережелер қолдануға жатпайды, егер қайшылықтар тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау кезінде анықталса, соңғысы қайта қарауға жатады.
5-бап. Салық салудың міндеттілігі қағидаты
Салық төлеуші - Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес толық көлемде және белгіленген мерзімдерде салықтық міндеттемені орындауға, салық агенті салықтарды есептеуге, ұстап қалуға және аударуға міндетті.
6-бап. Салық салудың айқындылығы қағидаты
Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетін төлемдері айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салықтық міндеттемесінің, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндетінің туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.
7-бап. Салық салудың әділдігі қағидаты
1. Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады.
2. Жеке-дара сипаттағы салықтық жеңілдіктерді беруге тыйым салынады.
3. Ешкімге де сол бір кезең үшін сол бір салық салу объектісі бойынша салықтың сол бір түрімен, бюджетке төленетін төлемнің сол бір түрімен қайтадан салық салуға болмайды.
8-бап. Салық төлеушілердің адалдығы қағидаты
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені орындау жөніндегі әрекеттерді (әрекетсіздікті) жүзеге асырудағы адалдығы көзделеді.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық пайда (салықтық үнемдеу) алу және салықтық төлемдерді азайту мақсатында өзінің заңсыз әрекеттерінен пайда табуына жол берілмейді.
3. Егер салық төлеуші (салық агенті) салық органының алдын ала алынған жазбаша жеке-дара түсіндірмесіне сәйкес орындаған салықтық міндеттеме кейіннен кері қайтарып алынса, қате деп танылса немесе жаңа, мағынасы жағынан өзге түсіндіру жіберілсе, онда айыппұлдар мен өсімпұл салық төлеушінің есебіне жазылмай, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде салықтық міндеттеме түзетілуге (түзеуге) жатады.
4. Салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Републикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Републикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
5. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде Қазақстан Републикасының салық заңнамасының барлық айқын емес тұстары мен реттелмеген мәселелері салық төлеушінің (салық агентінің) пайдасына түсіндіріледі.
9-бап. Салық жүйесінің біртұтастығы қағидаты
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады.
10-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы қағидаты
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде ресми жариялануға жатады.
11-бап. Салық саясаты
Мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау негізінде қамтамасыз ету мақсатында жаңа салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу және қолданыстағыларының күшін жою, мөлшерлемелерді, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық базаны өзгерту жөніндегі шаралардың жиынтығы салық саясаты болып табылады.
11-баптың екінші бөлігі 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Салық саясаты жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіпке сәйкес салықтық жеңілдіктерді қолданудың тиімділігін талдауды жүзеге асырады.
12-бап. Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңес
1. Салықтық міндеттемелерді орындау барысында туындауы мүмкін түсініксіздіктерді, дәлсіздіктер мен қайшылықтарды жою, сондай-ақ салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтарудың ықтимал схемаларының жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңесті құруға құқылы.
2. Консультациялық кеңес және оның құрамы туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДА ӨКІЛДІК ЕТУ
13-бап. Салық төлеушінің құқықтары мен міндеттері
1. Салық төлеуші:
1) салық органдарынан қолданылып жүрген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын қолдану жөнінде түсіндірмелер алуға;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі немесе осы Кодекстің 16-бабына сәйкес заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты жасасуға;
4) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;
5) салық органында салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық нысанда салықтық есептілік пен өтінішті ұсыну үшін қажетті бағдарламалық қамтылымды тегін алуға;
6) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
7) ұсынылуы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлері, авиациялық отын, биоотын және мазут өндірісін және айналымын реттейтін заңнамасында көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге қатысы жоқ ақпарат пен құжаттарды ұсынбауға құқылы.
2. Салық төлеуші жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша салықтық міндеттемелерінің бар-жоғы туралы ақпарат беру мақсаттары үшін өзінің телефон нөмірлері және электрондық поштасының мекенжайлары туралы мәліметтерді салық органына ұсынуға құқылы.
3. Салық төлеуші:
1) салықтық міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) салық органдарының талап етуі бойынша салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты және осындай шарт жасалған жағдайда, салықтар бойынша аудит қорытындысын ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлері, авиациялық отын, биоотын және мазут өндірісін және айналымын реттейтін заңнамасында көзделген ақпарат пен құжаттарды ұсынуға;
4) бақылау-касса машиналарын қолданған кезде қойылатын талаптарды сақтауға;
5) ауыспалы есептерді, қолма-қол ақшаны есепке алу кітаптары мен тауар чектерін, сондай-ақ жою, қайтару чектерін және жою мен қайтару операциялары жүргізілген бақылау-касса машиналарының чектерін басып шығарылған немесе толығымен толтырылған күнінен бастап бес жыл бойы сақтауға міндетті.
4. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді орындайды.
14-бап. Салық агентінің құқықтары мен міндеттері
Салық агентінің, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеуші сияқты құқықтары болады және ол сондай міндеттерді орындайды.
15-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау
1. Салық төлеушіге (салық агентіне) оның құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына кепілдік беріледі.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Салық органдарының, олардың лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің салық төлеушілерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделмеген міндеттерді орындауын талап етуіне тыйым салынады.
16-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы қатысуға құқылы.
Осы тармақтың ережесі:
1) осы Кодекстің 85-бабының 4-тармағына сәйкес салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілігі;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш ұсынылған жағдайда қолданылмайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады.
3. Салық төлеуші (салық агенті) салық органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға өзге де қатысушылармен қарым-қатынастарда өз мүдделерін білдіруге уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі болып танылады.
Салық төлеуші (салық агенті) - жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің уәкілетті өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген, нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі.
Салық төлеуші (салық агенті) - заңды тұлғаның не оның құрылымдық бөлімшесінің уәкілетті өкілі құрылтай құжаттары және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкілінің болуы құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілінің салық төлеушінің (салық агентінің) атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.
6. Жеке тұлғаның заңды өкілінің осы жеке тұлғаның атынан жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) жеке тұлғаның заңды өкілінің әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.
17-бап. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) негізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде салықтық қатынастарға оператор арқылы қатысу
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға оператор арқылы қатысуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастардағы оператордың өкілеттіктері осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде өнімді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) сәйкес айқындалады.
3. Осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салықтық міндеттемелерді орындаған кезде оператор осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, сондай-ақ оған осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген салықтық әкімшілендіру тәртібі қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуына байланысты осы жер қойнауын пайдаланушылардың атынан және (немесе) тапсырмасы бойынша жасалған оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) осындай жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
3-тарау. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ УӘКІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
18-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
1. Салық органдары мемлекеттік кіріс органдары болып табылады және мынадай міндеттерді орындайды:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру, оның дамуын және салық төлеушілер үшін электрондық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Салық органдарының жүйесі уәкілетті органнан және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерінен, сондай-ақ ауданаралық аумақтық бөлімшелерінен тұрады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда, осы аймақтардың аумақтарында уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.
Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары бар.
3. Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
4. Салық органдарының нышаны болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
19-бап. Салық органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Салық органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлеуге және бекітуге;
2) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, оның ішінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпарат алмасуға;
3) екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік құпияны құрайтын мәліметтер қамтылған бағдарламалық қамтылымының және (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығын қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) осындай бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда, салықтық тексеру барысында салық төлеушіден (салық агентінен) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылған бухгалтерлік және салықтық есептерді автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын беруді талап етуге құқылы.
Екінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 5-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде белгіленген ерекшелік салық органдарының кірістер мен шығыстарға қатысты деңгейлес мониторингті жүзеге асыру және салықтық тексеру жүргізу барысында қойылатын талаптарына қолданылмайды;
4) салық төлеушіден (салық агентінен):
салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын, әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығын растайтын құжаттарды ұсынуды;
салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсініктерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның ішінде резидент-салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңдарында міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген болса, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті талап етуге;