18) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі - осы Кодекстің 20-бөлімінде белгіленген, тәртіпті қоспағанда, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген салықтарды және бюжетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі;
19) жеке практикамен айналысатын адам - жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20) жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау - салық агентінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғаға республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының басына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 647 еселенген мөлшері шегiнде мүлікті бiр жыл өтеусіз беруі.
Осы тармақшада көзделген тұлғалар санаттарының тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді;
21) жеке тұлғаның жеке мүлкі - жеке тұлғаның меншік құқығындағы немесе ортақ меншіктегі оның үлесі болып табылатын, бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде:
жеке тұлға кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбайтын;
жеке тұлғаның өз бетінше салық салуына жататын кірістерден жеке табыс салығын салу объектісі болып табылмайтын материалдық нысандағы заттары;
22) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт - Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына белгіленген құзыретке сәйкес құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға арналған не жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған шарт.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану құқығын берудің басқа түрлері де жатады.
Бұл ретте осы Кодексте пайдаланылатын «барлауға арналған келісімшарт», «өндіруге арналған келісімшарт», «бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» және «барлауға немесе өндіруге арналған лицензия» деген терминдер «жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт» деген ұғымға сәйкес келеді, «барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» деген термин «бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт» деген ұғымға сәйкес келеді;
23) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар - жер қойнауын геологиялық зерттеуге, пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге қатысты, оның ішінде жерасты суларын, емдік балшықтарды барлауға және өндіруге, жер қойнауын ағынды суларды ағызу үшін барлауға байланысты, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
24) жер қойнауын пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, мұнай операцияларын қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану және (немесе) су пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлғалар;
25) жұмыскер:
жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
мемлекеттік қызметші;
мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, директорлар кеңесінің немесе жоғары басқару органы болып табылмайтын салық төлеушінің өзге де басқару органының мүшесі;
осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің резидентке немесе Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын өзге бейрезидентке персоналды беруіне арналған келісімшарт бойынша жұмыс істеу үшін ұсынылған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
26) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі - филиал, өкілдік;
27) инвестициялық алтын - мынадай шарттарға сәйкес келетін алтын:
алтын монеталар үшін:
мұндай алтын монеталардың нумизматикалық құндылығы болмайды;
алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 900-сынамаға, 900 промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес келеді).
Бұл ретте алтын монета мынадай шарттардың біріне сәйкес болған кезде:
1800 жылға дейін соғылған;
«пруф» (proof) сапасымен бетінің айнадай болып шығуын қамтамасыз ететін технология бойынша соғылған;
шығарылымының таралымы 1 000 данадан аспаған;
оның нарықтық бағасы монета құрамындағы алтын құнының 80 пайызынан асқан жағдайда, оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады.
Монетаның құрамындағы алтынның құны алтын монетаны өткізу күні Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі фиксингін (баға белгіленімін) көрсетілген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады.
Қалған алтын үшін:
мұндай алтын аффинирленген болып табылады (мұндай алтынның тазалығы лигатуралық массаның 1 000 үлесінің 995 мыңдық үлесіне тең немесе одан асады (бұл 995-сынамаға, 995 промиллеге, 99,5 пайызға немесе 23,88 каратқа сәйкес келеді);
мұндай алтын ұлттық немесе халықаралық стандартқа сәйкес келеді, өлшеуіш немесе стандартты құйма және (немесе) тілім түрінде дайындалып, мынадай таңбалау салынады:
стандартты құйма және (немесе) тілім үшін:
сериялық нөмірі (дайындалған жылы қамтылуы мүмкін);
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
егер сериялық нөмірге енгізілмеген болса, дайындалған жылы;
өлшеуіш құйма үшін:
металдың атауы;
дайындаушының тауар белгісі;
алтынның тазалығы (массалық үлесі);
құйманың массасы;
28) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер - инженерлік-консультациялық көрсетілетін қызметтер, зерттеу, жобалау-конструкторлық, есептеу-талдау сипатындағы жұмыстар, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау, өндірісті ұйымдастыру және басқару, өнімдерді өткізу саласында ұсынымдар әзірлеу;
29) интернет-алаң - тауарлармен электрондық сауданы ұйымдастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсететін, Интернетте орналастырылған ақпараттық жүйе;
30) интернет-дүкен - тауарларды өз интернет-ресурсында өткізуге арналған, Интернетте орналастырылған ақпараттық жүйе;
31) исламдық бағалы қағаздар - исламдық жалдау сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттары;
32) кәсіпқой медиатор - «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиатор;
33) кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы - мынадай формула бойынша айқындалған бағам:
R = (R1+ R2+ … + Rn)/n,
мұнда:
R - кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы;
R1, R2…, Rn - кезең ішінде кезеңнің әрбір күні алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған, тиісті валютаны айырбастаудың күн сайынғы нарықтық бағамы;
n - кезеңдегі күнтізбелік күндердің саны;
34) келісімшарттан тыс қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелерінде тікелей көзделмеген кез келген өзге қызметі;
35) келісімшарттық қызмет - жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметі;
36) консультациялық көрсетілетін қызметтер - басқарушылық, экономикалық, қаржылық, инвестициялық мәселелерді, оның ішінде стратегиялық жоспарлау, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру, персоналды басқару мәселелерін шешу мақсатында тұлғаның проблемаларын және (немесе) мүмкіндіктерін айқындауды және (немесе) бағалауды қоса алғанда, түсіндірмелер, ұсынымдар, кеңестер және өзге де нысандағы консультациялар беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
37) тармақшаның қолданысы 2018 ж. 1 шілдеге дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 3-бабының редакциясында қолданылды
37) көмірсутектерді дайындау - көмірсутектерді дайындайтын технологиялық процестердің кешені, оның ішінде жинау, дайындауға жеткізу, ұңғыма сұйықтығының өлшегіш қондырғыларға түсуі, газсыздандыру, сусыздандыру, тұзсыздандыру, тұрақтандыру, демеркаптанизациялау;
38) қайырымдылық көмек - өтеусіз негізде:
демеушілік көмек түрінде;
жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде;
коммерциялық емес ұйымға оның жарғылық қызметін қолдау мақсатында;
әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға, осы ұйымның осы Кодекстің 290-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында;
осы Кодекстің 290-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттарға сай келетін, әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға берілетін мүлік;
39) қатысу үлесі - акционерлік қоғамдар мен пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлескен қызметке, заңды тұлғаның жарғылық капиталына үлестік қатысуы;
40) құпиялылық туралы келісім - геологиялық ақпаратты пайдалануға беруге негіз болған, жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган арасындағы шарт (келісім). Мұндай шартқа (келісімге), оның ішінде ақпаратты иемденіп алу туралы шарт (келісім) жатады;
41) қыздырылатын темекісі бар бұйымдар - темекінің жану процесінсіз электрондық немесе өзге де тәсілмен темекіні қыздыру нәтижесінде түзілген аэрозольді ішке тартуға арналған темекісі бар бұйымдар;
42) маркетингтік көрсетілетін қызметтер - тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер;
43) мемлекет атынан алушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) осы Кодекстің 722-бабында көзделген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салықтық міндеттемені орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 44) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
44) мемлекеттік кіріс органы - өз құзыреті шегінде салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
45) минералды шикізат - жер қойнауының жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бір бөлігі (тау-кен жынысы, кен шикізаты және басқалар);
46) минералды шикізатты бастапқы өңдеу (байыту) - тау-кен өнеркәсібі қызметінің түрі, ол өндірілген жерінде жинауды, бөлшектеуді немесе ұсақтауды, жіктеуді (сұрыптауды), брикеттеуді, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдістермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералды нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалдық-химиялық құрылымын сапалық жағынан өзгертпестен) қамтиды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың арнайы түрлері (жерастын газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, ұсақ тау-кен жынысы бар кен орындарын түйіршіктеу және гидравликалық жолмен игеру) болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкін;
47) мұнай операциялары - көмісутектерді барлау, өндіру, қажетті технологиялық және өндірістік объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жұмыстар;
48) оператор - өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құратын немесе айқындайтын заңды тұлға;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 49) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
49) өндіру - минералды шикізатты бастапқы қайта өңдеу мен уақытша сақтауды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетіне, оның ішінде жерасты суларын ала отырып, сондай-ақ техногендік минералды түзілімдерден шығарып алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені;
50) өткізу - сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және (немесе) беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, лизинг шарты бойынша мүлікті беру, сондай-ақ борышкер кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде, кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру;
51) пайдалы қазбалар - химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіру және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) өзге де мұқтаждарға тікелей немесе өңдеуден кейін пайдалануға мүмкіндік беретін жер қойнауындағы табиғи минералды түзілімдер, көмірсутектер және жерасты сулары, сондай-ақ құрамында пайдалы құрамдастар бар табиғи минералды түзілімдер мен органикалық заттар;
52) роялти - мыналар:
пайдалы қазбаларды өндіру және техногендік түзілімдерді қайта өңдеу процесінде жер қойнауын пайдалану құқығы үшін;
зияткерлік меншік объектісіне мүліктік (айрықша) құқықтарды толығымен немесе ішінара іске асыруды қоспағанда, авторлық құқықтарды, оның ішінде бағдарламалық қамтылымды, сызбаны немесе модельді пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; патенттерді, тауар белгілерін немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін;
өнеркәсіп жабдықтарын, оның ішінде бербоут-чартер немесе димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын теңіз кемелерін және димайз-чартер шарттары бойынша жалға алынатын әуе кемелерін, сондай-ақ сауда немесе ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; «ноу-хауды» пайдаланғаны үшін; кинофильмдерді, бейнефильмдерді, дыбыс жазуды немесе өзге де жазу құралдарын пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төленетін төлем;
53) салық агенті - осы Кодекске сәйкес төлем көзінен ұсталатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет жүктелген дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам, заңды тұлға, оның ішінде оның құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлға;
54) салық режимі - осы Кодексте белгіленген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі барлық салықтық міндеттемені есептеу кезінде салық төлеуші қолданатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасы нормаларының жиынтығы;
55) салықтар - осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;
56) салықтар бойынша аудит қорытындысы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудиттің нәтижелері бойынша жасалған қорытынды;
57) салық төлеуші - салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
58) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты - салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомаларын, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың сомаларын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат;
59) салық төлеушінің электрондық құжаты - белгіленген электрондық форматта берілген, қабылданғаннан және теңтүпнұсқалылығы расталғаннан кейін салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат;
60) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 3-бабының редакциясында қолданылды
60) салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы - Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес алынған, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның салық төлеушіге тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдардың жинағы;
61) салықтық берешек - бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомалары. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұл сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда көрсетілген айыппұлдар сомасы салықтық берешекке қосылмайды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 62) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
62) сыйақы - мыналарға:
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, екінші деңгейдегі банктердің ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін өзге де төлемдерді қоспағанда, кредитпен (қарызбен, микрокредитпен) байланысты;
кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) алынған (берілген) сомасын, ақша аударғаны үшін комиссияларды және қарыз алушы үшін қарыз беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін өзге де төлемдерді қоспағанда, талап ету құқығы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаға берілген кредитпен (қарызбен, микрокредитпен) байланысты;
мыналарды:
мұндай мүлік алынған (берілген) құнды;
қаржы лизингі шартының талаптарына сәйкес коэффициентті (индексті) қолдану кезінде лизингтік төлемдер мөлшерінің өзгеруіне байланысты төлемдерді;
лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, қаржы лизингі шарты бойынша мүлікті беруге байланысты, оның ішінде өзара байланысты тарапқа осындай төлеу шартымен байланысты;
салым (депозит) сомасын, сондай-ақ салымды (депозитті) қабылдап алған тарап үшін салымшы (депозитор), өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, салымдар (депозиттер) бойынша;
сақтандыру сомасының мөлшерін, сақтанушы үшін сақтандырушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шартымен байланысты;
дисконт не купон (дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан алынған сыйлықақы ескеріле отырып), сыйақы төлейтін тұлға үшін оның борыштық бағалы қағаздарын ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылатын тұлғаға төленетін төлем түріндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша;
вексельде көрсетілген соманы, вексель беруші үшін оның вексельдерін ұстаушы, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, вексель бойынша;
репо операциялары бойынша - репоны жабу бағасы мен ашу бағасы арасындағы айырма түріндегі;
исламдық жалдау сертификаттары бойынша барлық төлемдер.
Осы тармақшаның мақсатында банктік шот шарттары бойынша төленетін сыйақылар да сыйақы деп танылады;
63) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
63) тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат - осы Кодексте белгіленген жағдайларда, тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде электрондық нысанда ресімделетін құжат;
64) тауарлар импорты - Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
65) тауарлармен электрондық сауда - бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса;
тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе;
тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік және (немесе) пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен шарттар болса, интернет-дүкен және (немесе) интернет-алаң арқылы ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
66) туроператордың көрсетілетін қызметтері - Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес өздері қалыптастырған туристік өнімді турагенттерге және туристерге өткізу жөніндегі туристік операторлық қызметке (туроператорлық қызметке) лицензиясы бар дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның көрсетілетін қызметтері;
67) тұлға - жеке тұлға және заңды тұлға; жеке тұлға - Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам; заңды тұлға - Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйым (бейрезидент-заңды тұлға). Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған компания, ұйым немесе басқа да корпоративтік құралым осы Кодекстің мақсаттары үшін олар өздері құрылған шет мемлекеттің заңды тұлғасы мәртебесіне ие ме, жоқ па осыған қарамастан дербес заңды тұлғалар ретінде қаралады;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 67-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
67-1) тіркеуші органдар - мәліметтерді тіркеуді және сәйкестендіру нөмірі бар құжаттарды беруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы;
68) уәкілетті заңды тұлға - салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) үшінші тұлғаның осы Кодекске сәйкес билік етілуі шектелген және (немесе) кепілге қойылған мүлкін өткізу саласында, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
69) уәкілетті мемлекеттік органдар - салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреттері шегінде салық органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
70) уәкілетті орган - салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
71) тармақша 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
71) уәкілетті тұлға - осы Кодекстің 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жеке тұлғалар бойынша бар мәліметтерді уәкілетті органға ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлға;
72) ұтыстар - салық төлеушілердің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар бойынша, салымдар мен борыштық бағалы қағаздарға байланысты ұтыс ойындарын қоса алғанда, ұтыс ойындары бойынша алатын заттай және ақшалай түрдегі кірістердің кез келген түрі, сондай-ақ құмар ойында және (немесе) бәс тігуде алынған мүліктік пайда түріндегі кірістер;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 72-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
72-1) үш құрамдасты интеграцияланған жүйе - деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ сауданы басқаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды және тауарлардың есепке алынуын автоматтандыру жүйесімен жарақтандырылған жабдықтан (құрылғыдан) немесе интеграцияланған жүйенің барлық үш құрамдасын алмастыратын бағдарламалық-аппараттық кешеннен тұратын интеграцияланған жүйе.