Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындардың және акцияларының (үлестерiнiң) бақылау пакетi мемлекетке
тиесiлi ұйымдардың қаржылық қызметтердi сатып алуының кейбір мәселелерi туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 960 Қаулысы
(2011.16.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2023 жылғы 5 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңның 9-бабының 8) тармақшасына сәйкес және шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындардың және акцияларының (үлестерiнiң) бақылау пакеті мемлекетке тиесілi ұйымдардың иелiгiнде бар уақытша бос ақша қалдығын тиiмдi пайдалануы мақсатында Қазақстан Республикасының Yкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2007.27.04. № 341 қаулысымен; ҚР Үкіметінің 2011.16.07. № 813 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн қоспағанда, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындарды мемлекеттік басқару органдары болып табылатын және табиғи монополиялар субъектiлерiн, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамын және пруденциалдық нормативтер мен активтерді диверсификациялау дәрежесіне қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қаржы ұйымдарын қоспағанда, акцияларының (үлестерiнiң) бақылау пакетi мемлекетке тиесiлi ұйымдардың (бұдан әрi - Ұйымдар) акцияларының (үлестерiнiң) бақылау пакеттерiне иелiк ету және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Ұйымдардың иелігiнде бар уақытша бос ақшаны мынадай қаржы құралдарына:
1) Қазақстан Республикасының, оның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарға - оны ұйымдастыру үшiн заңнамаға сәйкес иелігінде бар ақшаны мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастыру құқығы бар ұйымдар үшiн 10 (он) пайызға дейiн;
2) мынадай халықаралық қаржы ұйымдары:
Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi;
Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi;
Азия Даму Банкi;
Ислам Даму Банкi;
Еуропа Инвестициялық Банкi;
Халықаралық қаржы корпорациясы;
Америкааралық Даму Банкi;
Халықаралық Есеп айырысу Банкi;
Африка Даму Банкi.
3) Standard & Poor's шкаласы бойынша BBB немесе Mood's Investors Servise (бұдан әрі - Mood's) шкаласы бойынша Ваа3 кем емес немесе Fitch Ratings шкаласы бойынша BBB төмен емес кредит рейтингі бар елдердiң мемлекеттік бағалы қағаздарына;
4) Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын қор биржасының ең жоғары санаты тiзiмiне енгiзілген қазақстандық эмитенттердiң мемлекеттік емес бағалы қағаздарына;
5) шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының егемен рейтингінен бiр деңгейге кем емес кредит рейтингі бар қазақстандық эмитенттер шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздарға;
6) Standard & Poor's шкаласы бойынша ААА, Mood's шкаласы бойынша Aaal төмен емес немесе Fitch Ratings шкаласы бойынша ААА төмен емес кредит рейтингі бар шетелдік эмитенттердің мемлекеттік емес бағалы қағаздарына;
7) осы тармақтың 1) - 6) тармақшаларында көрсетілген қаржы құралдары базалық активi болып табылатын өтемдi бағалы қағаздарға;
8) шетелдік банктердегі (Standard & Poor's шкаласы бойынша ААА немесе Mood's шкаласы бойынша Аааl төмен емес немесе Fitch Ratings шкаласы бойынша ААА төмен емес кредит рейтингі бар) салымдарға (депозиттерге) және шетелдік банктер (Standard & Poor's шкаласы бойынша ААА немесе Mood's шкаласы бойынша Аааl төмен емес немесе Fitch Ratings шкаласы бойынша ААА төмен емес кредит рейтингі бар) шығарған депозиттік сертификаттарға;
9) уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы болған кезде тазартылған бағалы металдарға;
ҚР Үкіметінің 01.12.04 ж. № 1248 қаулысымен (бұр. ред. қара); 2011.20.05. № 553 Қаулысымен (2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады) (бұр. ред. қара) 10) тармақша өзгертілді
10) екiншi деңгейдегі банктердiң депозиттерiне орналастыруды қамтамасыз етсiн. Ұйымдар заңнамада белгiленген тәртіппен кемiнде 3 (үш) екiншi деңгейдегi банктердегi депозиттерде уақытша бос ақшаны орналастырады. Олардың әрқайсысында депозит сомасы уақытша бос ақша мөлшерiнiң 30 (отыз) пайызынан аспауы тиiс.
Уақытша бос ақша қарыз алушылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 наурыздағы № 225 қаулысымен бекітілген Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасына (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) қатысатын екінші деңгейдегі банктерге орналастырылған жағдайда, екінші деңгейдегі банкті таңдау оның кәсіпорындарды сауықтыруға қатысуының Сауықтыру жөніндегі кеңес ұсынымдарына сәйкес айқындалатын дәрежесін ескере отырып жүзеге асырылады.
5000 (бес мың) айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшердегi уақытша бос ақша екiншi деңгейдегі банктiң бiреуiнде депозитке орналастырылуы мүмкiн.
ҚР Үкіметінің 2008.26.03. № 290 Қаулысымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Уақытша бос ақшаны екінші деңгейдегі банктердің депозиттерінен жоспарланбаған алып қою туралы шешімді Ұйымдарға қатысты тікелей мемлекеттік басқару органы не акциялардың (үлестердің) бақылау пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын орган болып табылатын мемлекеттік органдармен келісім бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне бір мезгілде хабарлай отырып, Ұйымдар қабылдайды.
2. Осы қаулының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар заңнамада белгiленген тәртiппен Ұйымдардың:
1) осы қаулыға сәйкес мынадай қаржылық қызметтердi тарту туралы:
несие капиталы рыногындағы қарыздарды тарту (бұл ретте қарыз тартқан кезде тартудың неғұрлым тиiмдi шарттарын (ең төменгi сыйақы ставкасы, қарыз мерзiмi, қамтамасыз ету шарттары, жеңілдiкті кезеңнiң болуы және басқа шарттар) ұсынатын қарыз берушiге басымдық беріледi);
екiншi деңгейдегі банктерде банктiк шот ашу;
2) Ұйымдардың:
депозиттерге қаражат орналастыру мерзiмi, екiншi деңгейдегi банктер есептейтiн сыйақы мөлшерi туралы ақпаратты және депозиттерге қатысы бар басқа да ақпаратты алу үшiн осы қаулының 1-тармағының 10) тармақшасын;
қарыз мерзiмi, қарыз бойынша сыйақы ставкасы, жеңiлдiктi кезеңнiң болуы, қарызды қамтамасыз ету шарттары және қарыз алуға қатысы бар басқа да шарттар туралы ақпаратты алу үшін осы қаулының 2-тармағын;
екiншi деңгейдегi банктерде шоттар ашу және оларға қызмет көрсету шарттары туралы ақпаратты алу үшiн осы қаулының 3-тармағын орындау үшiн екiншi деңгейдегі банктерге сұратулар жiберу туралы;
3) осы қаулының 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген ақпаратты алғаннан кейiн Ұйымдар заңнамада белгiленген тәртiппен осы қаулының 1-тармағының 10) тармақшасында және 2-тармағында көрсетілген неғұрлым тиiмдi шарттарды ұсынған қаржы қызметтерiн көрсету жөніндегі екiншi деңгейдегі банктердi айқындау туралы шешiмдер қабылдауын қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулының 1-тармағында көрсетiлген мемлекеттік органдар осы қаулыны iске асыру жөнiнде өзге де қажеттi шаралар қабылдасын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | | | | | | | | Д.К. Ахметов |