4. Базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдар тізбесін салалық уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде уәкілетті орган қалыптастырады және бекітеді.
Соңғы екі жыл ішінде ғылыми зерттеулерді жүргізуге мемлекеттік тапсырма және (немесе) мемлекеттік тапсырыс алмайтын базалық қаржыландыру субъектілері базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесінен шығарылуға тиіс. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша жұмыстарды үшінші тұлға (бірлесіп орындаушылар) ретінде орындай отырып, соңғы бес жыл ішінде үздіксіз базалық қаржыландыруды алатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесінен алып тасталуға жатпайды.
36-бап. Гранттық қаржыландыру
1. Гранттық қаржыландыру ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бөлінеді.
36-баптың 1-тармағының екінші бөлігі 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін гранттық қаржыландыруды жүзеге асырады.
2. Гранттық қаржыландыру ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған шығыстарын қамтиды.
3. Уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган жүзеге асыратын гранттық қаржыландырудың негізгі бағыттары мен көлемдерін Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес ұлттық ғылыми кеңестердің ұсынымдарын ескере отырып бекітеді. Гранттық қаржыландыру көлемдері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссияның қарауына жатады.
4. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары тең шарттармен қатысады. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурс ғылымды қаржыландыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган жариялайды және хабарландыру конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
6. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары гранттық қаржыландыруға қатысуға өтінімдерді конкурс жариялаған уәкілетті органға немесе салалық уәкілетті органға береді.
7. Конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган берілген өтінімдерді тиісті ұлттық ғылыми кеңестің қарауы үшін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына жібереді.
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы өтінімдерді қоспағанда, ұлттық ғылыми кеңестер қарайтын өтінімдер тізбесі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
8. Гранттық қаржыландыру туралы шешімдерді ұлттық ғылыми кеңес шығарады және конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.
9. Гранттық қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыратын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
10. Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы нәтижелерді қоспағанда, гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың нәтижелері конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.
36-баптың 11-тармағы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
11. Ғылыми жобаның мақсаттарын өзгерту құқығынсыз оның тиімді орындалуын және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жобаның ғылыми жетекшісінің қаражатты ғылымды қаржыландыру қағидаларына сәйкес күнтізбелік жылға бекітілген жалпы көлем шеңберіндегі шығын баптары арасында қайта бөлуге құқығы бар.
37-бап. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру
1. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру стратегиялық ғылыми зерттеулер жүргізуге бөлінеді және конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімі бойынша конкурстан тыс рәсімдер арқылы мақұлдануы мүмкін.
2. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған шығыстарын қамтиды.
3. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары, оның ішінде бірлесіп орындаушылар ретінде қатысады.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа қатысу мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар индустриялық-ғылыми технологиялық консорциумдар құруға құқылы.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсты уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган жариялайды және хабарландыру конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға қатысуға өтінімдерді конкурс жариялаған уәкілетті органға немесе салалық уәкілетті органға береді.
Конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган берілген өтінімдерді тиісті ұлттық ғылыми кеңестің қарауы үшін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына жібереді.
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы өтінімдерді қоспағанда, ұлттық ғылыми кеңестер қарайтын өтінімдердің тізбесі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
6. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға өтінімдерді Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға жібереді.
7. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған конкурс жеңімпаздары ұлттық ғылыми кеңестердің шешімі негізінде айқындалады және оларды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.
8. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыратын заңды тұлға жүзеге асырады.
9. Егер консорциумға қатысушылар конкурс нәтижелері бойынша келісімге қол жеткізбесе, онда ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама жөніндегі бас ұйымды уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган айқындайды.
10. Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы нәтижелерді қоспағанда, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының нәтижелері конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
11. Қоғамдық, гуманитарлық ғылымдар, атом энергиясын пайдалану, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қорғаныс ғылымы саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоспағанда, жекеше әріптес тарапынан қоса қаржыландыруды тарту кезінде қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тәртібі ғылымды қаржыландыру қағидаларында белгіленеді.
12. Ғылыми жобаның мақсаттарын өзгерту құқығынсыз оның тиімді орындалуын және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жобаның ғылыми жетекшісінің қаражатты ғылымды қаржыландыру қағидаларына сәйкес күнтізбелік жылға бекітілген жалпы көлем шеңберіндегі шығын баптары арасында қайта бөлуге құқығы бар.
38-бап. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру
1. Іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың уәкілетті орган бекіткен тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдарды және мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру археология, астрономия, астрофизика, атом энергиясы, шығыстану, өнер, тарих, мәдениет, әдебиет, математика және механика, білім беру, саясаттану, дінтану, әлеуметтану, философия, этнология, тіл білімі саласында және уәкілетті орган айқындайтын өзге де салаларда іргелі ғылыми зерттеулер жүргізуге бөлінеді.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың уәкілетті орган бекіткен тізбесіне енгізілген ғылыми ұйымдарды қаржыландыру бес жылдан аспайтын мерзімде іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу үшін ағымдағы, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды қамтиды.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесіне енгізу үшін, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға өтінімдерді мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдар уәкілетті органға жібереді.
Іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға берілген өтінімдерді уәкілетті орган Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына және одан әрі тиісті ұлттық ғылыми кеңестердің қарауына жібереді.
Уәкілетті орган іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға өтінімдерді ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерімен бірге Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға жібереді.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың уәкілетті орган бекіткен тізбесіне енгізілген ғылыми ұйымдар ұлттық ғылыми кеңестерге жыл сайынғы есептерді ұсынады.
39-бап. Ғылымды дамытуды ынталандырудың мемлекеттік шаралары
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ынталандырудың мемлекеттік шараларына мыналар жатады:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру;
39-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері орындайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды иемденуге арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салықтық шегерімдер ұсыну;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық ғылыми цикл жобалары мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру кезінде өнеркәсіп саласындағы қызметтің субъектілерін мемлекеттік қолдау.
39-баптың 2-тармағы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салықтық шегерімдер ұсынылған кезде уәкілетті орган Ұлттық ғылыми кеңестің техникалық тапсырма (шарт) жөніндегі шешімі негізінде адамдарға:
ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы есептің негізінде олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға (сатып алуға) арналған шығыстары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі хабарламаны;
пайдалануға беру актісі бар есептің негізінде олардың ғылыми орталықтар құруға арналған шығыстары бойынша ғылыми орталық құру туралы хабарламаны;
ендіру актісі бар ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін ендіру туралы есептің негізінде олардың ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыруға (сатып алуға) арналған шығыстары бойынша ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөніндегі хабарламаны береді.
Хабарламаларды беру тәртібін, нысаны мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
7-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕЛЕРІН
КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ
40-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру
1. Мемлекет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуды экономикалық тұрғыдан ынталандыруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға, экономиканың басым секторларындағы технологияларды коммерцияландыруды қаржыландыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдік береді.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, оның ішінде өзге де тұлғалармен бірлесіп, қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) болып табылатын ұйымдар құруға рұқсат етіледі.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының зияткерлік меншік объектілеріне берілген мүліктік құқықтарға билік етуін олардың мүліктерінің меншік иесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Ұйым жүзеге асыратын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудан түскен кірістің бір бөлігін ғылыми зерттеу жүргізуді не оны коммерцияландыруды қаржыландыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің эндаумент-қорына бөлуге жол беріледі.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның құрылтайшылары оның құрылғаны туралы тиісті салалық уәкілетті органды мемлекеттік тіркелген кезінен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей хабардар етеді.
5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды енгізуі мүмкін.
6. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретінде енгізілетін зияткерлік меншік объектілеріне құқықты бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
7. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы акцияларды (қатысу үлестерін) басқару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
41-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылар
Мыналар:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері;
2) жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілері;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мен ғылыми ұйымдар;
4) стартап-компаниялар;
5) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері);
6) сервистік компаниялар;
7) технологиялық парктер;
8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға инвестициялауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылар болып табылады.
42-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері
Жеке және заңды тұлғалардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелеріне құқықтарын іске асыру ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері арқылы жүзеге асырылады, олар мыналар болып табылады:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне лицензиялық шартты және (немесе) оларға айрықша құқықтарды басқаға беру шартын жасасу;
2) стартап-компаниялар құру;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін өз өндірісіне ендіру (пайдалану);
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәсілдер.
8-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ НӘТИЖЕЛЕРІН
КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ МЕН ҚОЛДАУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШАРАЛАРЫ
43-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандырудың мемлекеттік шаралары
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушыларға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру шараларына мыналар жатады:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін жасағаны және ендіргені (пайдаланғаны) үшін авторларға сыйақылар төлеу;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттар;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жоғары технологиялық өнім шығаруды және (немесе) жаңа технологиялар ендіруді жүзеге асыратын өндірістер құруға жәрдемдесу;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бағдарламалары;
5) уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары айқындаған өзге де ынталандыру шаралары.
44-бап. Мемлекеттік қолдау нысандары
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын (бұдан әрі - коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламалары) іске асыру мемлекеттік қолдау нысаны болып табылады.
2. Коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын уәкілетті орган, салалық уәкілетті органдар әзірлейді және іске асырады, сондай-ақ оларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар және (немесе) ғылыми-білім беру консорциумдары әзірлеуі және іске асыруы мүмкін.
3. Коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламасын әзірлеуші белгілеген талаптарға сәйкес, коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың, стартап-компаниялардың жұмыскерлері, жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
4. Коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламалары ғылыми-өндірістік байланыстарды дамытуға, өңірлік әлеуметтік-экономикалық дамуға, стартап-компанияларды құруға және дамытуға, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар, стартап-компаниялар жұмыскерлерінің, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы басқа да жеке және заңды тұлғалардың біліктілігін арттыруға бағытталуға тиіс.
5. Коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламалары, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтарын (офистерін) қоспағанда, өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым элементтерінде материалдық-техникалық базаны ұсынуға және пайдалануға байланысты қатынастарға қолданылмайды.
45-бап. Ғылым қоры
1. Мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам нысанындағы заңды тұлға ғылым қоры болып табылады.
2. Ғылым қоры:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері мен коммерцияландыруға өзге де қатысушыларға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттарды береді;
2) бизнес-акселерацияны, технологиялық бизнес-инкубациялауды, технологиялық брокерлікті, әлеуетті инвесторларды іздестіруді, маркетингтік және өзге де іс-шараларды жүргізуді қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушыларға ұйымдастырушылық және құқықтық жәрдем көрсетеді;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандыру үшін ақпараттық ресурстарды, білім беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) гранттық қаражаттың нысаналы пайдаланылуына талдау және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру жөніндегі іс-шараларға бағалау жүргізеді;
5) инновациялар мен жаңа технологиялар нарығына мониторинг жүргізеді;
6) ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру (практикада қолдану) жобалары бойынша заңды тұлғалардың, оның ішінде стартап-компаниялардың жарғылық капиталына ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған жобалардың іске асырылуын қаржылық-экономикалық талдаудың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен олардың үлесін өтеусіз алу арқылы қатысады;
8) венчурлік қаржыландырудың тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыруға қатысады.
46-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттар беру
1. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасында мәлімделген өзге де қатысушыларға ғылымды қаржыландыру қағидаларында бекітілген тәртіппен беріледі.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасын іске асыруға арналған шарт ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектісі мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасында мәлімделген өзге де қатысушы (қатысушылар) және Ғылым қоры арасында оны іске асырудың бүкіл мерзіміне жасалады, бірақ ол бес жылдан аспауға тиіс.
3. Бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушыларға беріледі.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
47-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылардың құқықтары
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылар алған зияткерлік меншік объектілеріне құқық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Автордың қаржыландырылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін жасағаны және ендіргені (пайдаланғаны) үшін сыйақы алуға құқығы бар.
3. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар зияткерлік қызмет нәтижелеріне берілген мүліктік құқықтарға, сондай-ақ құрылған стартап-компаниялардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп құрылған стартап-компаниялар қызметінен алынған кірістерге өз бетінше билік етеді.
4. Жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға басқа да қатысушымен жасалған шарттың негізінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты өз атына тіркеуге құқылы.
48-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мониторингі