Уәкілетті орган, салалық уәкілетті органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыруға арналған шығындардың тиімділігін бағалау;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асырудың нысаналы көрсеткіштері мен индикаторларына қол жеткізуді бағалау;
3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асырудан болатын әлеуметтік-экономикалық әсерлерді бағалау;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларын дамыту және жетілдіру міндеттерін айқындау мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламаларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
49-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері авторларының құқықтары
1. Айрықша құқықтары жұмыс берушіге тиесілі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің авторларына сыйақыны жұмыс беруші олар тиісті патентті немесе авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті (қорғау құжатын) алған күнінен бастап бір ай мерзімде төлейді.
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін жасағаны үшін сыйақыны жұмыс беруші, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, кемінде бір орташа айлық жалақы мөлшерінде төлейді.
Айрықша құқықтары жұмыс берушіге тиесілі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін жеке өндірісінде ендірген (пайдаланған) жағдайда ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінің авторына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшеріндегі сыйақы патенттің немесе авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің (қорғау құжаты) қолданылуының бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын төленеді.
2. Лицензиялық шартты немесе айрықша құқықты басқаға беру шартын жасасқан жағдайда авторға сыйақы сыйақының ең жоғары мөлшерін шектеусіз, лицензиялық шарт сомасының (роялтиді қоса алғанда) кемінде отыз пайызын құрайды.
Сыйақы автордың жұмыс берушімен жасасқан шарты негізінде төленеді. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіргені (пайдаланғаны) үшін сыйақы авторға осындай нәтиже пайдаланылған әрбір қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей және лицензиялық шарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде лицензиялық шарт бойынша төлемдер түскеннен кейін үш айдан кешіктірілмей төленеді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген сыйақыларды уақтылы төлемегені үшін жұмыс беруші авторға олардың арасында жасалған шартқа сәйкес мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл төлейді.
4. Егер айрықша құқықтары жұмыс берушіге тиесілі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері бірнеше автордың бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалған болса, онда олардың әрқайсысына кемінде бір орташа айлық жалақы мөлшерінде сыйақы төленеді.
Егер жұмыс беруші мен авторлар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген сыйақылар мен өсімпұлды жұмыс беруші авторларға тең мөлшерде төлейді.
5. Жұмыс беруші мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінің авторы болып табылатын жұмыскер арасындағы еңбек қатынастары тоқтаған жағдайда да осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген сыйақылар мен өсімпұл төлеу сақталады.
6. Егер айрықша құқықтары өзіне (өздеріне) тиесілі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің авторы (авторлары) стартап-компанияның құрылтайшысы (құрылтайшылары) ретінде, оның ішінде өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалармен бірлесіп әрекет етсе, онда оның (олардың) стартап-компанияның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі кемінде он бес пайызды құрауға тиіс.
7. Зияткерлік меншік авторлары мен иелерінің құқықтарын бұзуға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласында шарттар жасауға және оларды орындауға байланысты даулар сот тәртібімен қаралады.
50-бап. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың құқықтары
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру білім беру қызметімен және ғылыми қызметпен қатар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдар қызметінің басым бағыты болып табылады.
2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар өздерінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарға өз бетінше билік етуге;
2) лицензиялық шарт бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін пайдалану құқығын беруге;
3) айрықша құқықтарды басқаға беру шартының негізінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне айрықша құқықты иеліктен шығаруға;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне айрықша құқықты кепілге беруге;
5) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне айрықша құқықтарды жарғылық капиталға жарна ретінде енгізуге;
6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне айрықша құқыққа өзге де тәсілмен билік етуге құқылы.
3. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде құрылатын стартап-компаниялардың құрылтайшылары (қатысушылары) ретінде басқа да жеке және (немесе) заңды тұлғаларды тартуға құқығы бар.
Мұндай жеке және заңды тұлғалардың стартап-компаниялардың жарғылық капиталына салымы олардың қатысу үлесінің кемінде елу пайызы мөлшеріндегі ақшамен не зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықпен, материалдармен, жабдықтармен немесе ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін қажетті өзге де мүлікпен төленуі мүмкін.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі оның негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда алып қоюға немесе пайдалануға жатпайды.
4. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар өздерінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органмен - олардың мүліктерінің меншік иесімен келісусіз ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру нәтижесінде алынған кірістерге өз бетінше билік етуге құқылы.
5. Стартап-компанияның жарғылық капиталына салым ретінде енгізілетін зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде стартап-компаниялардың жарғылық капиталдарындағы өздерінің қатысу үлестеріне билік ете алады.
7. Құрылтайшылары (қатысушылары) мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар болып табылатын стартап-компаниялардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестеріне билік етуден алынған кірістер, сондай-ақ осы мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар алған стартап-компаниялар кірісінің бір бөлігі олардың өз бетінше билік етуіне түседі.
Стартап-компаниялардың қызметінен алынған кірістер зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғауға, автор мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда жәрдем көрсеткен адамдарға сыйақы төлеуге және стартап-компанияның жарғыда көзделген басқа да шығыстарына жұмсалады.
8. Егер жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында өзгеше көзделмесе, авторлар сыйақысының үлесі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар алған стартап-компания кірісі үлесінің отыз пайызынан кем болмауға тиіс.
9. Стартап-компания таратылған кезде мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, мемлекеттік ғылыми ұйымдар жарғылық капиталға салым ретінде енгізген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар осы ұйымдарға беріледі.
Егер жарғылық капиталға салым ретінде зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдалану құқығы енгізілсе, онда тиісті лицензиялық шарт стартап-компания таратылған күннен бастап өз қолданылуын тоқтатады.
51-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері)
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтарының (офистерінің) қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөнінде қызметтер кешенін көрсетуге, оның ішінде коммерцияландыру үшін технологияларды іздестіруге және бағалауға, маркетингтік зерттеулерге, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау саласында көрсетілетін консультациялық қызметтерді ұсынуға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру стратегиясын әзірлеуге, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруға бағытталған.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтарының (офистерінің) жұмыс істеуі ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қаражаты есебінен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға бөлінген гранттық қаржыландыру көлемінің кемінде екі пайызы мөлшерінде қамтамасыз етіледі.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталықтары (офистері) қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мен ғылыми ұйымдар жасасқан зияткерлік меншік объектілеріне арналған лицензиялық шарттар және оларға құқықтарды басқаға беру шарттары сомасының кемінде он пайыз қаражатын оларға жібереді.
9-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
52-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Халықаралық ынтымақтастық тиісті халықаралық шарттардың, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың негізінде, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғылыми және өзге де ұйымдар арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты орнату мен кеңейтуге жәрдемдесетін нысанда жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, шет мемлекеттердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларына қатысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысуымен ғылыми ұйымдар мен ғылыми орталықтар құрылуы мүмкін.
4. Ғылым және техника саласына салынатын шетелдік инвестициялар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық өнімдердің Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге берілуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
53-бап. Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
54-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабының 37) тармақшасын, 8-бабының бірінші бөлігінің 2), 11), 12) және 13) тармақшаларын және екінші бөлігін, 36-бабы 1-тармағының екінші бөлігін, 11-тармағын, 39-бабының 1-тармағының 2) тармақшасын және 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Мыналардың:
1) «Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының;
2) «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2024 жылғы 1 шілде
№ 103-VIII ҚРЗ