5) ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізеді;
6) ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді;
7) ғылыми журналдар шығарады;
8) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысады;
9) ғылымды танымал етуге қатысады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары мыналар болып табылады:
1) жоғары орган - қамқоршылық кеңес (бұдан әрі - кеңес);
2) өкілді орган - Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің жалпы жиналысы (бұдан әрі - жиналыс);
3) консультативтік-кеңесші орган - төралқа (бұдан әрі - төралқа);
4) атқарушы орган - басқарма (бұдан әрі - басқарма).
Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары, олардың құрылымы, құзыреті, басқару органдарын қалыптастыру тәртібі, олардың мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, олардың шешімдер қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен Ұлттық ғылым академиясының жарғысында (бұдан әрі - жарғы) белгіленеді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын адам кеңес төрағасы болып табылады.
Кеңестің айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының стратегиясы мен даму жоспарын бекіту, Ұлттық ғылым академиясының оларды іске асыру барысы туралы есептерін қарау;
2) ғылым және ғылыми-технологиялық саясат саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жәрдемдесу;
3) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
4) Ұлттық ғылым академиясының қызметін жүзеге асыру, Ұлттық ғылым академиясының басқару органдары қабылдаған шешімдерді орындау мәселелері жөніндегі ақпаратты қарау, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының қамқоршылық кеңесінің отырыстарында (жиналыстарында) мәселелерді қараудың қорытындылары бойынша Ұлттық ғылым академиясының өзге де басқару органдарына арналған ұсынымдарды тұжырымдау;
5) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты қарау, осындай ақпаратты қараудың қорытындылары бойынша ұсынымдарды тұжырымдау.
Кеңес Қазақстан Республикасының заңнамасында, кеңес туралы жарғы мен ережеде белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
6. Кеңес мүшелерінің саны бес адамнан кем болмауға тиіс. Атқарушы органның мүшелері кеңеске сайлана алмайды.
7. Кеңес отырысы жылына кемінде бір рет өткізіледі. Кезектен тыс отырыс басқарманың шешімі бойынша не кеңес мүшелерінің кемінде жиырма пайызының талап етуі бойынша өткізіледі.
8. Кеңес мүшелері алдағы отырыс туралы кемінде үш күн бұрын хабардар етілуге тиіс.
9. Отырысқа қатысып отырған кеңес мүшелерінің кемінде жиырма пайызының талап етуі бойынша шешім қабылдау жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі.
10. Кеңес отырысын - төраға, ол болмаған кезде кеңес мүшелерінің бірі жүргізеді.
11. Кеңестің шешімі кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Кеңестің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады.
12. Жиналыс Ұлттық ғылым академиясының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
13. Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы жиналыс төрағасы болып табылады.
Жиналыстың құрамына уәкілетті орган айқындайтын Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес сайланған Ұлттық ғылым академиясының академиктері кіреді.
Жиналыстың сандық құрамы мен өкілеттік мерзімдері жарғыда белгіленеді.
14. Жиналыстың айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) өтпелі төралқа мүшелерін қоспағанда, Ұлттық ғылым академиясының академиктерін, Ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшелерін сайлау;
2) құрметті атақтар мен наградалар беру;
3) Ұлттық ғылым академиясының стратегиясы мен даму жоспары жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау;
4) Ұлттық ғылым академиясының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет жобаларына қатысуы жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
5) Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметі нәтижелерін, Ұлттық ғылым академиясының құрылымдық бөлімшелері басшылары мен жекелеген ғалымдардың баяндамаларын тыңдау және талқылау;
6) Ұлттық ғылым академиясы қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау.
Жиналыс Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
15. Жиналысты төраға жарғыда белгіленген мерзімдерде шақырады.
16. Жиналыс отырысына жиналыс мүшелерінің көпшілігі қатысқан кезде ол құқықтық күші бар деп танылады.
17. Жиналыс төрағасының құқықтары мен міндеттері жарғыда белгіленеді.
18. Жиналыс мүшелерінің немесе оның төрағасының әрекеттеріне жиналыс отырысында шағым жасалуы мүмкін.
Жиналыс ұсынымдарын төралқа мен басқарма қарауға міндетті болып табылады.
19. Жиналыстың қызметін төралқа қамтамасыз етеді.
Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы төралқа төрағасы болып табылады.
Төралқа жиналыс отырысында кемінде үш жыл мерзімге сайланады және қызметін жиналыс атынан жүзеге асырады.
Өтпелі төралқаны қоспағанда, төралқа жиналыстың шешімімен құрылады.
20. Төралқаның айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау рәсімдерін ұйымдастыру;
2) кеңес, жиналыс қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету;
3) Ұлттық ғылым академиясының академигі бағдарламасының орындалуына мониторингті жүзеге асыру;
4) Ұлттық ғылым академиясы басылымдарының (журналдарының, монографияларының) жоспарын қарау және бекіту;
5) Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің төсбелгілерін, ғылыми сыйлықтар, құрметті атақтар, наградалар (медальдар) және куәліктер бекітуге ұсынымдарды тұжырымдау;
6) ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманың орындалуын үйлестіру.
Төралқа Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
21. Төралқа құрамына сайланған адамдар қатарынан екі реттен артық қайта сайлана алмайды.
Төралқа отырыстары тоқсанына кемінде бір рет шақырылады.
Отырыс кеңестің, жиналыстың бастамасы бойынша не талап етуі бойынша шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап үш күннен кешіктірілмей шақырылуы мүмкін.
Төралқа отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды және оның шешімдерінің орындалуын басқарма қамтамасыз етеді.
22. Ұлттық ғылым академиясының ағымдағы қызметіне басшылықты басқарма жүзеге асырады. Ұлттық ғылым академиясының бірінші басшысы басқарма төрағасы болып табылады.
Басқарма кеңес, жиналыс және төралқа шешімдерінің негізінде және оларды орындау үшін әрекет етеді және оларға есеп береді.
23. Басқарманың сандық құрамы мен өкілеттік мерзімі жарғыда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
Басқарма отырысын төраға жарғыда белгіленген мерзімдерде шақырады.
24. Басқарма отырысына басқарма мүшелерінің көпшілігі қатысқан кезде ол құқықтық күші бар деп танылады.
25. Басқарма төрағасының құқықтары мен міндеттері жарғыда белгіленеді.
26. Басқарманың айрықша құзыретіне мыналар жатады:
1) Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық құрылымы мен штат санын әзірлеу және кеңестің бекітуіне ұсыну;
2) Ұлттық ғылым академиясының даму жоспарын және оның орындалуы туралы есептерді әзірлеу және кеңестің бекітуіне ұсыну;
3) кеңестің, жиналыстың, төралқа шешімдерінің орындалуын ұйымдастыру;
4) Ұлттық ғылым академиясының ғылыми жетістіктері және қызметінің өзге де нәтижелері туралы басқарма есебін бекіту;
5) Ұлттық ғылым академиясының филиалдары мен өкілдіктерін құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және олардың қызметі туралы ережелерді бекіту.
Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында және жарғыда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыра алады.
27. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Ұлттық ғылым академиясының академигіне Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мөлшерде және тәртіппен өмір бойғы ай сайынғы стипендия белгіленеді.
28. Ұлттық ғылым академиясының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
16-бап. Технологиялардың әзірлік деңгейі
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, оның нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұсынған ғылыми зерттеулер кезеңінің әзірлену мен аяқталу дәрежесін бағалау технологиялардың әзірлік деңгейі болып табылады.
2. Ғылыми зерттеулер кезеңінің пысықталу мен аяқталу дәрежесін бағалау ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу барысында технологиялардың әзірлік деңгейін айқындау әдістемесіне сәйкес жүргізіледі.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің қолда бар материалдық, техникалық және кадрлық ресурстарының жай-күйін бағалау ұйымдарға аккредиттеу жүргізу барысында олардың технологиялық әзірлік деңгейін айқындау әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
17-бап. Ғылыми-техникалық кеңестер
1. Реттелетін салалардағы салалық уәкілетті органдардың, ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жанынан ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағыттары жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында ғылыми-техникалық кеңестер құрылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды салалық уәкілетті органдар жанындағы ғылыми-техникалық кеңестер қарайды.
5-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
18-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқару
Стратегиялық, сараптамалық және әкімшілік функциялардың бөлінуін сақтай отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық ғылыми жүйені дамыту және оның жұмыс істеуі мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқаруды:
1) Қазақстан Республикасының Президенті;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
3) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңес;
5) апелляциялық комиссия;
6) ұлттық ғылыми кеңестер;
7) уәкілетті орган;
8) салалық уәкілетті органдар;
9) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
19-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқару қағидаттары
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті басқару мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің басымдығы;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ашықтығы, объективтілігі және теңдігі;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға сараптама жасаудың объективтілігі мен тәуелсіздігі;
4) ғылыми зерттеулердің экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігі;
5) ғылымды, білім беру мен өндірісті интеграциялау;
6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандыру;
7) технологиялар трансфері.
20-бап. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия
1. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылым академиясының басшылары, жетекші ғалымдар, білімнің әртүрлі салаларының сарапшылары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және республикалық ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатарынан қалыптастырылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
3. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер мен басымдықтарды қалыптастыру;
2) ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындау;
3) ғылым бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы басым ғылыми зерттеулерді айқындау;
4) ұлттық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын қарау;
5) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қалыптастырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қоспағанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметке бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көлемдерін айқындау және ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша бөлу, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыру көлемдерін айқындау;
6) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін ғылыми-техникалық тапсырмаларды айқындау;
7) іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін айқындау.
21-бап. Апелляциялық комиссия
1. Апелляциялық комиссия алқалы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Апелляциялық комиссияның құрамы уәкілетті органның, салалық уәкілетті органдардың, ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның ғалым болып табылатын мүшелерінің қатарынан қалыптастырылады.
Апелляциялық комиссияның төрағасы апелляциялық комиссия мүшелерінің қатарынан сайланады.
3. Конкурстарға қатысушылардың жолданымдары мен уәкілетті органның ұсынымдарын, оның ішінде ғылыми әдеп қағидаларын сақтау мәселелерін қарау тәртібі апелляциялық комиссия туралы ережеде белгіленеді.
4. Апелляциялық комиссияның шешімдерін ұлттық ғылыми кеңестер, уәкілетті орган және (немесе) салалық уәкілетті органдар не уәкілетті орган айқындаған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыратын заңды тұлғалар міндетті түрде орындауға тиіс.
5. Апелляциялық комиссияның жұмыс органын уәкілетті орган айқындайды.
22-бап. Ұлттық ғылыми кеңестер
1. Ұлттық ғылыми кеңестер уәкілетті органның жанынан ғылым бағыттары бойынша құрылған алқалы органдар болып табылады.
2. Ұлттық ғылыми кеңестердің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру;
2) ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бөлінетін қаржыландыру нысандары мен көлемдерін айқындау;
3) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындыларын ескере отырып, ұсынылып отырған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективалылығын, әзірлену дәрежесін, технологиясының әзірлік деңгейін, олардың арнаулы бағыттарға немесе техникалық тапсырмаларға сәйкестігін, сұралатын қаржыландыру көлемінің экономикалық тұрғыдан негізділігін бағалау;
4) Қазақстан Республикасының жаңа ғылыми бағыттардағы қажеттіліктерін бағалау;
5) бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын конкурстық іріктеуді жүзеге асыру;
6) Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы ұсынатын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы аралық және қорытынды есептерді, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының іске асырылуын мониторингтеу қорытындыларын қарау, осындай есептер мен мониторингтеу қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау.
3. Уәкілетті орган ұлттық ғылыми кеңестердің құрамдарын салалық уәкілетті органдардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының және ғылыми қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары мен ұсынымдары бойынша мемлекеттік органдар өкілдерінің, құзыретті қазақстандық және шетелдік ғалымдардың қатарынан, бұл ретте әрбір ұлттық ғылыми кеңес құрамының кемінде үштен бірін мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатарынан қалыптастырады.
4. Ұлттық ғылыми кеңестер ашық дауыс беру арқылы:
ғылыми-зерттеу жұмыстарының, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларын;
ғылыми-зерттеу жұмыстары, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар бөлігіндегі басқа да бағдарламаларды;
Қазақстан Республикасының ғылыми мекемелерінің, ұйымдары мен кәсіпорындарының қатысуымен іске асырылатын мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың жобаларын;
ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын уәкілетті орган айқындаған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыратын заңды тұлғалардың немесе тиісті қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберіндегі бюджет қаражаты есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату), іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешімдер қабылдайды.
5. Ұлттық ғылыми кеңестер ашық дауыс беру арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру (сатып алу) туралы техникалық тапсырма (шарт) және есеп, кәсіпкерлік субъектілерінің қаражаты есебінен ғылыми орталықтар үшін сатып алынған жабдықты пайдалануға беру актісі бар техникалық тапсырма (шарт) және есеп бойынша шешім қабылдайды.
6. Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар міндетті түрде орындауға тиіс.
7. Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері нақты мәселелерді қарау кезінде өздеріне мәлім болған мүдделер қақтығысы туралы кеңесті хабардар етуге міндетті және кеңес қабылдайтын шешімдердің объективтілігі мен негізділігі үшін жауапты болады.
8. Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы аралық және қорытынды есептерді қабылдайды.
9. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері болып табылатын қазақстандық және шетелдік ғалымдардың іссапар шығыстарын қоса алғанда, ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін ұйымдастыруды бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.
10. Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереженің құрылымына ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің ғылыми әдеп қағидалары кіреді.
Ұлттық ғылыми кеңес мүшесінің ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің ғылыми әдеп қағидаларының талаптары мен ережелерін бұзуы оны ұлттық ғылыми кеңестің құрамынан шығаруға негіз болып табылады.
23-бап. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары сараптамасын әкімшілендірудің бірыңғайлығын, оның тәуелсіздігін, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады.
2. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы:
1) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері іске асыратын, бюджет қаражаты және (немесе) кәсіпкерлік субъектілерінің, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асырады;
2) ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын ұйымдастыруды және ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері туралы ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастыруды жүзеге асырады;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың (есептердің), сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамасы нәтижелерінің қорытындыларын және сараланған тізімдерін ұлттық ғылыми кеңестерге жібереді;
4) орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың (есептердің), сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін бағалайды;
5) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын орындау және аяқтау сатыларында олардың іске асырылуын мониторингтеуді және оның қорытындыларын ұлттық ғылыми кеңестерге жіберуді жүзеге асырады;
6) қазақстандық және шетелдік сарапшылардың құрамын сапалы іріктеуді қамтамасыз етеді;
7) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қазақстандық ғалымдар қатарынан сарапшылар құрамын іріктеуді жүзеге асырады;
8) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы әдістемелік және ұйымдастырушылық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
9) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының деректер банктерін қалыптастырады, сондай-ақ ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;
10) өз қызметін жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді;
11) бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алуды жүзеге асырады.
3. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардан, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінен функцияларды жүзеге асыру және өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
3) ғылыми зерттеулерге сараптама жүргізу және мониторингті жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен өзге де ұйымдарды, қазақстандық және (немесе) шетелдік ғалымдарды тартуға;
4) белгіленген тәртіппен шетелдік ғылыми ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
5) ғылыми-техникалық қызмет саласында консультативтік-кеңесші органдар құруға;
6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамыту мәселелері жөніндегі іс-шараларды өткізуге;
7) баспа қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
4. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
24-бап. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау