1. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу, олардың бейімделу әлеуетін бағалау және оларды өнеркәсіп салалары, өнеркәсіп субъектілері бөлінісінде озық технологиялармен және ғылыми ұйымдардың технологиялық әзірлік деңгейімен сәйкестендіру үшін жүзеге асырылады.
2. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау мынадай мақсаттарда іске асырылады:
1) ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді мемлекеттік ынталандыру шараларын жүйелі және ұзақ мерзімді жоспарлауды қамтамасыз ету;
2) ғылымды мемлекеттік ынталандыру шараларының қосылған құны жоғары тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру технологияларын әзірлеуге бағытталуы;
3) өнеркәсіптік өндірістердің технологиялылығын арттыру үшін ғылыми-практикалық шешімдер іздестіру;
4) экономика секторларының ғылыми-технологиялық және сынақ базасын орнықты дамыту;
5) отандық технологияларды жасау және өндіріске ендіру және нарыққа шығару бойынша ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге әлеуетті тапсырыс берушіні айқындау;
6) тәжірибелік-конструкторлық, ғылыми-технологиялық және сынақ базасын дамыту үшін ғылыми инфрақұрылымды қолдау;
7) қосылған құны жоғары отандық тауарлар мен көрсететілетін қызметтердің экспорттық әлеуетін дамыту жағдайларын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау.
3. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау мыналарды қамтиды:
1) ғылыми жетістіктер, ноу-хау, инновациялар және зияткерлік меншік объектілері туралы ғылыми-техникалық ақпаратты жинауды, өңдеуді және талдауды жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері арасында ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың (есептердің), сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының іске асырылуына және олардың нәтижелеріне кешенді талдау жүргізу;
4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру нәтижелерінің деректер банктерін қалыптастыру;
5) ғылыми-техникалық ақпаратты талдауды әдістемелік және ұйымдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету.
4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі немесе Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» арқылы ғылыми-техникалық ақпаратты алуына құқығы бар.
5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулері мен әзірлемелерінің жоспарлары ғылыми жетістіктер мен инновациялар жөніндегі өзекті ақпарат ескеріле отырып іске асырылады.
25-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
1. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын талдамалық бағалауды дайындау мақсатында сараптама қорытындыларының тәуелсіздігі, объективтілігі, құзыреттілігі, кешенділігі, анықтығы, толықтығы мен негізділігі қағидаттары бойынша жүзеге асырылады.
2. Бюджет қаражаты және (немесе) кәсіпкерлік субъектілерінің, жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен қаржыландыруға жататын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы құзыретті қазақстандық және шетелдік сарапшылар жүргізеді, олардың негізгі міндеттері ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-зерттеу қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын, ұсынылатын ғылыми-техникалық деңгейін, өзектілігін, перспективалығын, әзірлену дәрежесін, технологияларының әзірлік деңгейін және сұралатын қаржыландыру көлемінің экономикалық негізділігін ескере отырып, объектілерді сараптамалық бағалау болып табылады.
Қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшыларды іріктеу олардың мамандануына және қаралатын өтінімге үлестес болмаған кезде ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми метрикалық көрсеткіштер негізінде үш жылға жүргізіледі.
3. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге сарапшыларды тарту үшін шетелдік сарапшылардың дерекқоры жасалады, олардың кандидатураларын шетелдік жетекші университеттер, ғылыми-зерттеу мекемелері, ғылым академиялары мен ғылыми қоғамдастықтар ұсынады.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын бағалауға тартылған ғалымдар, сарапшылар, оның ішінде шетелдік ғалымдар, сарапшылар сараптамаға ұсынылған материалдардың құпиялылығын сақтауға және коммерциялық құпиясының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
26-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есептерді мемлекеттік есепке алу
1. Іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есептерді мемлекеттік есепке алу ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетінің серпінін мониторингтеу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері бюджет қаражаты есебінен және (немесе) жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алуға ұсынуға міндетті.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылардың ғылым саласындағы міндеттемелері шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары және олардың орындалуы жөніндегі есептер құпия ақпаратты және коммерциялық құпияны ашпайтын нысанда ұсынылады.
3. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін комерцияландыру жобаларын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есептерді мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз етеді және уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органды хабардар етеді.
4. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды орындау жөніндегі есептерді қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды орындау жөніндегі есептер уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдардың интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.
27-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ерікті аккредиттеу рәсіміне жатады. Мемлекеттік қаржыландыруға қатысатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері міндетті аккредиттеу рәсіміне жатады.
2. Уәкілетті орган ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеуді олардың технологиялық әзірлік деңгейін ескере отырып, олардың қаражаты есебінен жүзеге асырады.
28-бап. Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеу
1. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
2. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыру және қаржыландыру шеңберінде немесе гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша бекітілген сомалар шегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын ғылыми қызметкерлерге тиісті дипломы немесе білім туралы құжатты тану туралы куәлігі болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:
философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;
философия докторы дәрежесі (PhD) және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы, бейіні бойынша доктор дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде;
ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде;
ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін айлық есептік көрсеткіштің 42 еселенген мөлшерінде;
философия докторы (PhD) дәрежесі және профессор ғылыми атағы, бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде;
ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы белгіленеді.
3. Ғылыми зерттеулерді аккредиттелген ғылыми ұйымдармен немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағында орындайтын шетелдік ғалымдарға, сондай-ақ өз қызметін шетелде жүзеге асыратын қазақстандық ғалымдарға еңбекақы төлеу олардың біліктілігі ескеріле отырып, шарт негізінде жүргізіледі.
29-бап. Ғылыми қызметкерлердің демалысы
1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге арналған өздеріндегі қолда бар қаражат шегінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ғылым докторларына ұзақтығы күнтізбелік елу алты күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға күнтізбелік қырық екі күн, өзге ғылыми қызметкерлерге күнтізбелік отыз бес күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
2. Ұжымдық шартта белгіленген жағдайларда, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге арналған өздеріндегі қолда бар қаражат шегінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленіп, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлеріне жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі жетекші білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтар мен зертханаларда, оның ішінде шетелде біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өту мақсатында бір жылға дейінгі мерзімге демалыс беріледі. Бұл ретте демалыс уақытында бұл адамның жалақысы сақталмай жұмыс орны мен лауазымы сақталады.
4. Демалыс беру тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында белгіленеді.
5. Уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рецензияланатын баспаларда (журналдарда) ғылыми еңбектерді дайындау мен жариялауды қоса алғанда, ғылыми және ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың осы ұйымда кемінде бес жылды құрайтын үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған кезде ұйымның өз қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыс алуға құқығы бар. Шығармашылық демалыс он жылда бір реттен көп берілмейді. Шығармашылық демалыс аяқталғаннан кейін жетекші ғалым осы ұйымда үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.
Жетекші ғалым шығармашылық демалыс кезеңінде өзге жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмысын жүзеге асырған жағдайда, шығармашылық демалыс күшін жояды.
6. Шығармашылық демалыс беру, сондай-ақ жұмыспен өтеу немесе шығыстардың орнын толтыру тәртібі мен шарттары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында белгіленеді.
30-бап. Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары
1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық және (немесе) ғылыми-зерттеу жұмысында кемінде бес жыл еңбек өтілі бар ғылыми қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тұрғын үй сатып ала алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.
2. Негізгі жұмыс орны ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері болып табылатын, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмысында кемінде үш жыл еңбек өтілі бар қырық жастағы ғалымдарды қоса алғандағы жас ғалымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тұрғын үй сатып ала алады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері денсаулық сақтау ұйымдарында белгіленген тәртіппен медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Ғылыми қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
31-бап. Ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалымдарын, ғылыми қызметкерлерін көтермелеу шаралары
1. Көтермелеу мақсатында ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалымдары, ғылыми қызметкерлері:
1) Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылуы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы;
3) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;
4) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы;
5) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерінде «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын алуға ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік ғылыми стипендиялар:
мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;
ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, қырық жастағы ғалымдарды қоса алғандағы жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.
2. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреттері шегінде уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.
3. Білім алушыларды, ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді, қырық жастағы ғалымдарды қоса алғандағы жас ғалымдарды көтермелеу шарасы ретінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің эндаумент-қорының инвестициялық кірісі қаражатынан стипендия төленуі мүмкін.
32-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу
1. Жоғары білікті кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өздері үшін басым бағыттар бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және тағылымдамадан өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен отандықта, сол сияқты шетелдік те ғылыми ұйымдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
33-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне құқықтар
1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауы шеңберінде жасалған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар, егер олардың арасындағы шартта өзгеше айтылмаса, оларға ортақ түрде тиесілі болады.
2. Егер шартта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне тиесілі екені көзделсе, онда жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектісінің бұл нәтижелерді өз өндірісінде пайдалануға өтеусіз айрықша емес лицензияға құқығы сақталады.
3. Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері алған зияткерлік меншік объектілеріне құқық ғылыми ұйымдарға, егер олардың және зияткерлік меншік объектісінің авторы (авторлары) арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тиесілі болады.
4. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар не мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қамтитын зияткерлік меншік объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, шектерде және тәртіппен жол беріледі.
6-тарау. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
34-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) базалық қаржыландыру;
2) гранттық қаржыландыру;
3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру;
4) іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру.
3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін қаржыландыру ғылымды қаржыландыру қағидаларында белгіленген тәртіппен және шарттарда бір мезгілде әртүрлі қаржыландыру нысандары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға арналған шарт ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектісі немесе дербес білім беру ұйымы мен уәкілетті орган және (немесе) салалық уәкілетті орган не уәкілетті орган айқындаған, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыратын заңды тұлғалар арасында оны іске асырудың бүкіл мерзіміне жасалады, бірақ ол бес жылдан аспауға тиіс.
35-бап. Базалық қаржыландыру
1. Базалық қаржыландыру уәкілетті органда аккредиттелген және салалық уәкілетті орган айқындаған, олар үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы және (немесе) мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдарға және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына бөлінеді.
2. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың уәкілетті орган бекіткен тізбесіне енгізілген ғылыми ұйымдарға базалық қаржыландыру бөлінбейді.
Базалық қаржыландыру субъектілерін қаржыландыруды уәкілетті орган, салалық уәкілетті органдар бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберінде жүзеге асырады.
Базалық қаржыландыру бойынша бөлінген бюджет қаражатын пайдалану туралы есепті базалық қаржыландыру субъектілері уәкілетті органға немесе салалық уәкілетті органға ұсынады.
Базалық қаржыландыру субъектісі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін базалық қаржыландыру бойынша бөлінген бюджет қаражатын пайдалану туралы есепте көрсетілетін ақпараттың анықтығы мен құқыққа сыйымды болуын қамтамасыз етеді.
Салалық уәкілетті органдар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін базалық қаржыландырудың бюджет қаражатын пайдалану туралы жиынтық есепті уәкілетті органға ұсынады.
3. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылымды және мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, жетекші ғалымдарға, әкімшілік және қызмет көрсету персоналына еңбекақы төлеуге, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғағаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық қолдап отыруға арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.