Осы тармақта көрсетілген амортизацияланатын активтерге:
1) блоктарда (полигондарда) салынған сору, айдау және технологиялық байқау ұңғымалары, пайдалану-барлау ұңғымалары, оның ішінде олар бойынша геофизикалық зерттеулер жөніндегі шығындар;
2) пайдалану блоктарынан (полигондарынан) бастап өнімдік ерітінділерді қайта өңдеу учаскесінің өнеркәсіптік алаңындағы құм тоғанға дейін салынған технологиялық құбыржолдар, оның ішінде блоктардағы (полигондардағы) айдау және сору коллекторлары;
3) блоктар (полигон учаскелері) арасына салынған технологиялық құбыржолдар;
4) блоктарда (полигондарда) салынған технологиялық құбыржолдар;
5) блоктарда (полигондарда) салынған қышқылданудың технологиялық тораптары;
6) блоктарда (полигондарда) салынған өнімдік ерітінділерді тарату тораптары;
7) блоктарда (полигондарда) салынған техникалық ерітінділерді қабылдау тораптары;
8) блоктарда (полигондарда) салынған қышқылды қабылдау тораптары және сұйық реагенттер қоймасы, сондай-ақ қышқылқұбыржолдары;
9) блоктарда (полигондарда) орнатылған, жабдық пен бақылау-өлшеу аппаратурасы бар технологиялық сорғы станциялары;
10) тау-кен дайындық жұмыстары кезеңінде блоктарда (полигондарда) орнатылған, жабдық пен бақылау-өлшеу аппаратурасы бар ерітінділерді айдауға арналған сорғылар;
11) тау-кен дайындық жұмыстары кезеңінде салынған ұңғымаларда орнатылған, басқару шкафтары бар батырып соратын сорғылар;
12) блоктарда (полигондарда) орнатылған немесе салынған энергетикалық жабдықтау объектілері: трансформаторлық кіші станциялар, компрессорлық станциялар, әуе электр желілері, кәбілдік желілер;
13) блоктарда (полигондарда) орнатылатын процестерді бақылау және автоматтандыру аппаратурасы;
14) блоктардағы (полигондардағы) ауа құбыржолдары;
15) блоктарға (полигондарға) апаратын және блоктар ішіндегі технологиялық кірме автожолдар;
16) блоктардағы (полигондардағы) құм тоғандар немесе өнімдік ерітінділер және сілтілендіру ерітінділері құйылатын ыдыстар;
17) блоктардағы (полигондардағы) құмның ұшырылып әкетілуіне қарсы қорғаныш жатады.
Осы тармақта көрсетілген амортизацияланатын активтер құнына активтерді сатып алуға және (немесе) құруға арналған шығындар (шығыстар), сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай активтердің құнына қосуға жататын басқа да шығындар (шығыстар) қосылады.
Бұл ретте осы Кодексте көзделген жағдайларда, осы тармақта көрсетілген, амортизацияланатын активтердің жеке тобына жатқызылатын шығыстардың мөлшері осындай шығыстарды корпоративтік табыс салығының мақсаттарында шегерімге жатқызу үшін белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шығындар (шығыстар) пайдалы қазбаларды коммерциялық табудан кейiн өндiру басталған кезден бастап амортизациялық аударымдар түрінде жылдық жиынтық кірістен шегерiледi.
Бұл ретте осы бапқа сәйкес есептелген амортизациялық аударымдар сомасы салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есепке алуының деректері бойынша есептелген активтердің осындай тобының амортизациялық аударымдар сомасы шегінде шегерімге жатқызылады.
Амортизациялық аударымдар сомасы амортизацияланатын активтердің осы баптың 1-тармағына сәйкес түзілген тобын блоктар немесе тұтас кен орны (полигон) бойынша есепке алу әдісіне сәйкес мына формула бойынша айқындалады:
С1 + С2 + С3
S = -------------------- х V4, мұнда:
V1 + V2 + V3
S - амортизациялық аударымдар сомасы;
С1 - амортизацияланатын активтердің жеке тобының салықтық кезеңнің басындағы құны;
C2 - осы баптың 1-тармағында көрсетілген, өндіруге дайындық жұмыстарына арналған, ағымдағы салықтық кезеңде жүргізілген шығындар (шығыстар);
С3 - жер қойнауын пайдалану құқығын иемденуге байланысты үшінші тұлғалардан сатып алынған немесе жарғылық капиталға салым ретiнде алынған, осы баптың 3-тармағында көрсетілген амортизацияланатын активтердің жеке тобының құны;
V1 - уран запастарының салықтық кезеңнің басындағы өндіруге дайын физикалық көлемі;
V2 - салықтық кезеңде өзі бойынша өндіруге дайындық жұмыстарының бүкіл көлемі аяқталған уран запастарының өндіруге дайын физикалық көлемі;
V3 - жер қойнауын пайдалану құқығын иемденуге байланысты үшінші тұлғалардан сатып алынған немесе жарғылық капиталға салым ретiнде алынған уран запастарының өндіруге дайын физикалық көлемі;
V4 - салықтық кезеңде жер қойнауындағы нормаланатын ысыраптар ескеріле отырып, уранның өтелген запастарының физикалық көлемі.
2009 жылғы салықтық кезең үшін амортизацияланатын активтердің жеке тобының салықтық кезеңнің басындағы құны деп уран өндіруге дайындық бойынша жинақталған шығындардың (шығыстардың) 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалатын сомасы танылады.
2009 жылдан кейінгі келесі салықтық кезеңдерде амортизацияланатын активтердің жеке тобының салықтық кезеңнің басындағы құны көрсетілген активтер тобының алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы құны болып табылады, ол мынадай тәртіппен айқындалады:
амортизацияланатын активтердің жеке тобының салықтық кезеңнің басындағы құны
қосу
өндіруге дайындық жұмыстарына арналған, осы баптың 1-тармағында көрсетілген, ағымдағы салықтық кезеңде жүргізілген шығындар (шығыстар),
қосу
осы баптың 3-тармағында көрсетілген, амортизацияланатын активтер тобын үшінші тұлғалардан сатып алу жөніндегі шығындар,
қосу
осы баптың 3-тармағында көрсетілген, жарғылық капиталға салым ретінде алынған амортизацияланатын активтер тобының құны,
алу
салықтық кезеңдегі амортизациялық аударымдар сомасы.
2009 жылғы салықтық кезең үшін уран запастарының салықтық кезеңнің басындағы өндіруге дайын физикалық көлемі деп 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша уран запастарының өндіруге дайын физикалық көлемі танылады.
2009 жылдан кейінгі келесі салықтық кезеңдерде уран запастарының салықтық кезеңнің басындағы өндіруге дайын көлемі запастардың алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы өндіруге дайын физикалық көлемі болып табылады, ол мынадай тәртіппен айқындалады:
уран запастарының салықтық кезеңнің басындағы өндіруге дайын физикалық көлемі
қосу
салықтық кезеңде өздері бойынша өндіруге дайындық жұмыстарының бүкіл көлемі аяқталған уран запастарының физикалық көлемі,
қосу
жер қойнауын пайдалану құқығын иемденуге байланысты үшінші тұлғалардан сатып алынған немесе жарғылық капиталға салым ретiнде алынған уран запастарының өндіруге дайын физикалық көлемі,
алу
салықтық кезең ішінде жер қойнауындағы нормаланатын ысыраптар ескеріле отырып, уранның өтелген запастарының көлемі.
Егер пайдалану блогы жұмысының бүкіл кезеңінде уранның өтелген запастарының іс жүзіндегі көлемінің саны осы пайдалану блогының уран запастарының өндіруге дайын іс жүзіндегі көлемінің санынан аз болған жағдайда, осы пайдалану блогы активтерінің амортизацияланатын тобы құнының қалған бөлігі ол салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алуында өндірудің және бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) өндірістік өзіндік құны есебінен шығарылатын салықтық кезеңде шегерімге жатқызылады.
Өндіруге немесе бірлескен барлауға және өндіруге арналған жеке келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызмет аяқталған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіруді бастаған соң жер қойнауын пайдалану қызметін аяқтаған жағдайда, амортизацияланатын активтердің жеке тобының салықтық кезеңнің соңындағы құны осындай қызмет аяқталған салықтық кезеңде шегерімге жатады.
3. Осы бапта белгiленген тәртiп жер қойнауын пайдалану құқығын иемденуге байланысты үшінші тұлғалардан сатып алынған және (немесе) жарғылық капиталға салым ретiнде алынған, осы баптың 1-тармағында көрсетілген амортизацияланатын активтердің жеке тобына да қолданылады.
Үшінші тұлғалардан сатып алуға байланысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген амортизацияланатын активтердің жеке тобы келіп түскен кезде, оның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын сатып алу құны осындай активтер тобының құны болып табылады. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген амортизацияланатын активтердің жеке тобы жарғылық капиталға салым ретінде алынған кезде, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салымның құны осындай активтер тобының құны болып табылады.
261-бап. Жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды оқытуға және өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға арналған шығыстары бойынша шегерім
1. Жер қойнауын пайдаланушының өзінің жұмыскерлері болып табылмайтын қазақстандық кадрларды оқытуға, сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға іс жүзінде шеккен шығыстары шығыстары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген сомалар шегінде шегерімге жатқызылады.
Жер қойнауын пайдаланушының жұмыскерді жер қойнауын пайдаланушының өндіріс қызметімен байланысты мамандық бойынша оқытуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға бағытталған шығыстары осы Кодекстің 257-бабына сәйкес шегерімге жатқызылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіру басталғанға дейін іс жүзінде шеккен шығыстар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген сомалар шегінде, осы Кодекстің 258-бабында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызылады.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының:
1) қазақстандық кадрларды оқытуға іс жүзінде шеккен шығыстары деп:
Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған ақша;
Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арнап мемлекеттік бюджетке аударылған ақша;
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының міндеттерін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жер қойнауын пайдалану саласымен тікелей байланысты мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған және құзыретті органмен келісілген тізбе бойынша сатып алу түрінде Қазақстан Республикасының азаматтарын даярлау мен қайта даярлауды қаржыландыру бөлігінде орындау мақсаттарында салық төлеуші шеккен іс жүзіндегі шығыстар танылады;
2) өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға шеккен іс жүзіндегі шығыстары деп - өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстар, сондай-ақ осы мақсатқа арнап мемлекеттік бюджетке аударылған ақша танылады.
262-бап. Теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуін шегеру
Егер теріс бағамдық айырманың сомасы оң бағамдық айырма сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кету шамасы шегерімге жатады.
263-бап. Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің шегерімі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және бюджетке төленетiн төлемдер:
1) есепті салықтық кезеңде - есепті салықтық кезең және (немесе) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдер үшін есепке жазылған және (немесе) есептелген шекте;
2) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде - есепті салықтық кезең үшін есепке жазылған және (немесе) есептелген шекте шегерімге жатады.
Бұл ретте салықтардың және бюджетке төленетiн төлемдердің төленген сомасы осы Кодекстiң 102 және 103-баптарында айқындалған тәртiппен есепке жатқызу жүргiзілгені ескеріле отырып айқындалады.
Салықтарды және бюджетке төленетiн төлемдерді есептеу және есепке жазу Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің (өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және төлемдер үшін) салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Қарыз шартын жасасу кезінде жарғылық капиталына шет мемлекет қатысқан бейрезидент-банктен алынған қарыз бойынша осындай қарыз шартына сәйкес төлем көзінен алынатын корпоративтік табыс салығы қарыз алушының меншікті қаражаты есебінен бейрезидент-банкке төленуге жататын сыйақы сомасынан төленсе, егер мұндай қарыздың сомасы республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген, тиісті салықтық кезеңнің 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 000 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда, төлем көзінен алынатын көрсетілген салық шегерімге жатқызылады.
3. Мыналар:
1) жылдық жиынтық кіріс айқындалғанға дейін алып тасталатын салықтар;
2) корпоративтік табыс салығы және Қазақстан Республикасының аумағында және басқа мемлекеттерде төленген, заңды тұлғалардың кірістеріне (пайдасына) салынатын, корпоративтік табыс салығына ұқсас салықтар;
3) жеңiлдiктi салық салынатын мемлекеттерде төленген салықтар;
4) үстеме пайда салығы;
5) жер қойнауын пайдалануға балама салықтар шегерімге жатпайды.
264-бап. Шегерімге жатпайтын шығындар
Мыналар:
1) кіріс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар;
2) сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар;
3) осы Кодекстің 91-бабында айқындалған тәртіппен әрекет етпейтін деп танылған салық төлеушіні әрекет етпейтін деп тану туралы бұйрық шығарылған күннен бастап онымен жасалған операциялар бойынша шығыстар;
4) заңды күшіне енген сот актісімен танылған, жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған шот-фактура немесе өзге құжат жазып беру жөніндегі әрекет (әрекеттер) бойынша шығыстар;
5) соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жарамсыз деп танылған мәміле бойынша шығыстар;
6) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптарын (айыппұлдарды, өсімпұлды) қоспағанда, бюджетке енгізілуге жататын (енгізілген) тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл);
7) осы Кодексте өздері үшін шегерімге жатқызу нормалары белгіленген шығыстардың көрсетілген нормалар қолданыла отырып есептелген шегерімнің шекті сомасынан асып кету сомасы;
8) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің (өзге мемлекеттің бюджетіне төленген салықтар және төлемдер үшін) заңнамасында белгіленген мөлшерлерден артық есептелген (есепке жазылған) және төленген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомасы;
9) осы Кодекстің 239-бабында көзделген әлеуметтік сала объектілерінің құнына енгізілетін сатып алу, өндіру, салу, монтаждау, орнату жөніндегі шығындар және басқа да шығындар, сондай-ақ оларды пайдалану жөніндегі шығыстар;
10) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеуші өтеусіз негізде берген мүліктің құны шегерімге жатпайды. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты шегілген шығыстар мөлшерінде айқындалады;
11) осы Кодекстің 411-бабын қолданатын салық төлеушіде туындаған, есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығы сомасының салықтық кезеңде есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуі;
12) осы Кодекстің 250, 252 және 253-баптарында көзделген шегерімдерді қоспағанда, резервтік қорларға аударымдар;
13) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша берілетін запастардың баланстық құны;
14) өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының төленген қосымша төлемінің сомасы;
15) салық төлеушінің осы Кодекстің 228-бабына сәйкес амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына қосылатын шығындары;
16) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстар;
17) мемлекет атынан алушыда - жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
18) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға берілетін активтердің баланстық құны;
19) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар көлемінің құны;
20) тармақша 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
20) бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының:
осы ұйым Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес алған және бас банкке аударылған ақша түріндегі;
Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруға байланысты емес шығыстары;
21) коммерциялық емес ұйымдардың осы Кодекстің 289-бабының 2-тармағында көрсетілген кірістер есебінен жүргізілген шығыстары шегерімге жатпайды.
3-параграф. Тіркелген активтер бойынша шегерімдер
265-бап. Тіркелген активтер бойынша шегерімдер
Шегерімге:
1) осы Кодекстің 271-бабына сәйкес есептелген амортизациялық аударымдар;
2) осы Кодекстің 273-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес кіші топтың (топтың) салықтық кезеңнің соңындағы құндық балансы;
3) осы Кодекстің 272-бабына сәйкес келесі шығыстар жатады.
266-бап. Тіркелген активтер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, мыналар тіркелген активтерге жатады:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген активтерді қоспағанда, келіп түскен кезде салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есепке алуында халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынған және есепті және (немесе) алдағы кезеңдерде кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалануға арналған негiзгi құралдар, жылжымайтын мүлiкке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер;
2) концессия шарты шеңберiнде концедент концессионердің (құқық мирасқорының немесе концессия шартын iске асыру үшiн тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлғаның) иеленуіне және пайдалануына берген, қызмет мерзiмi бiр жылдан асатын активтер;
3) кіріс алуға бағытталған қызметте бір жылдан астам уақыт бойы пайдалануға арналған, сенімгерлік басқарушы сенімгерлік басқаруға алған, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер;
4) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған және бухгалтерлік есепке алуда ұзақ мерзімді актив ретінде танылған мүлікке қатысты шегілген келесі шығыстар;
5) жалға берушіде - лизинг шарты бойынша берілген мүліктен басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген, осындай шарт бойынша берілгеннен кейін бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде есепке алынбайтын мүлік.
2. Мыналар тіркелген активтерге жатпайды:
1) жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін пайдалануға енгізетін және осы Кодекстің 258-бабына сәйкес салық салу мақсаттарында есепке алынатын негізгі құралдар және материалдық емес активтер;
2) мыналарды:
осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген активтерді;
осындай активтерді халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әділ құны бойынша есепке алуға байланысты өздері бойынша амортизациялық аударымдарды есептеу жүргізілмейтін биологиялық активтерді, жылжымайтын мүлікке инвестицияларды қоспағанда, өздері бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес амортизациялық аударымдарды есептеу жүргізілмейтін активтер;
3) жер;
4) музей құндылықтары;
5) сәулет және өнер ескерткіштері;
6) ортақ пайдаланымдағы құрылысжайлар: концессия шарты шеңберінде концессионер құрған және (немесе) алған, концессия объектілері болып табылатын автомобиль жолдарын қоспағанда, автомобиль жолдары, тротуарлар, бульварлар, гүлзарлар;
7) аяқталмаған күрделі құрылыс;
8) фильм қорына жататын объектілер;
9) Қазақстан Республикасы шама бірліктерінің мемлекеттік эталондары;
10) Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес бұрын құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;
11) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушінің бухгалтерлік балансында пайдалы қызмет мерзімі айқындалмаған деп танылған және солай деп ескерілетін, пайдалы қызмет мерзімі айқындалмаған материалдық емес активтер;
12) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес жылдық жиынтық кірістен қосымша шегерімдер құқығы беріле отырып, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген активтер;
13) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерімге жатқызылған құн бөлігінде Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес корпоративтік табыс салығын төлеуден босату ұсыныла отырып, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген активтер;
14) осы Кодекстің 268-бабының 14-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, осындай объектілер пайдалануға енгізілген салықтық кезеңнен кейінгі үш салықтық кезең ішіндегі преференциялар объектілері;
15) осы Кодекстің 239-бабында көзделген әлеуметтік сала объектілері болып табылатын, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер;
16) осы Кодекстің 260-бабында көрсетілген активтер;
17) жалға алушыда - лизинг шарты бойынша алынған активтерден басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға алынған, осындай шарт бойынша алынғаннан кейін бухгалтерлік есепке алуда негізгі құралдар, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, материалдық емес және биологиялық активтер ретінде есепке алынатын активтер.
267-бап. Құндық балансты айқындау
1. Тіркелген активтерді есепке алу техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес қалыптастырылатын топтар бойынша мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
| Р/с № | Топтың № | Тіркелген активтердің атауы |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | І | Мұнай, газ ұңғымаларын және беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылысжайлар |
| 2. | ІІ | Мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдық |
| 3. | ІІІ | Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер, бағдарламалық қамтылым және жабдық |
| 4. | ІV | Басқа топтарға енгізілмеген тіркелген активтер, оның ішінде мұнай, газ ұңғымалары, беру құрылғылары, мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдығы |
І топтың әрбір объектісі кіші топқа теңестіріледі.
2. Әрбір кіші топ (І топтың), топ бойынша салықтық кезеңнің басында және аяғында кіші топтың (І топтың), топтың құндық балансы деп аталатын қорытынды сомалар айқындалады.
І топтың құндық балансы негізгі құралдардың әрбір объектісі бойынша кіші топтардың құндық баланстарынан және осы Кодекстің 272-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қалыптастырылған кіші топтың құндық балансынан тұрады.
3. Кіші топтардың салықтық кезеңнің басындағы осы Кодекстің 272-бабына сәйкес салықтық кезеңде жүргізілген түзетулер ескерілетін құндық балансы I топтың тіркелген активтерінің қалдық құны болып табылады.
4. Тіркелген активтер:
1) І топ бойынша - әрқайсысы топтың құндық балансының жеке кіші тобын түзетін тіркелген активтер объектілері бөлінісінде;
2) ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша - топтардың құндық баланстары бөлінісінде есепке алынады.
5. Келіп түскен тіркелген активтер кіші топтардың (І топ бойынша), топтардың (қалған топтар бойынша) тиісті баланстарын осы бапта айқындалған тәртіппен, осы Кодекстің 268-бабына сәйкес айқындалатын құнға ұлғайтады.
6. Шығып қалған тіркелген активтер кіші топтардың (І топ бойынша), топтардың (қалған топтар бойынша) тиісті баланстарын осы бапта айқындалған тәртіппен, осы Кодекстің 270-бабына сәйкес айқындалатын құнға азайтады.